Əбіш Кекілбайұлы
АҚЫРҒЫ АЯЛДАМА
Əңгімелер жинағы
АШ БӨРІ
Таң атқалы жорытқаны жұртсыз жон. Тек жаңа ғана тастақ сайдың
басындағы жалғыз құдыққа тап болып, ат суарып алды. Көптен бері бұл
маңайға ел жуымапты. Құдық маңайының құмалағы қуаң. Астауы да
қақсуға айналыпты. Дегенмен көлденең керуен, бейсаубат жолаушылар көп
соғады екен, астаудың астына тыққан көн қауға бар боп шықты.
Құдықтың түстігі тырбық тікенек бұталы қатқыл, терістігі біраз жерге
дейін ұры жыраланып барып құздата құлайтын аңғар сай. Жаңа сол аңғар
сайдың қалтарыс-қалтарысын тінтіп жүріп, қолқат түбінен өрге тырмысқан
жіңішке соқпақ көріп еді, осы құдықтан шығарды. Сайдың ұры мен бөріні
қапы қалдырмас қатқабаты мол сияқты. Бірақ, көзіне ештеңе шалынбады.
Қою жал, жуан тілерсек жатаған қара атқа дөңкие жайғасқан қара
сақалды жолаушы атын сауырлата сипаған қамшысына ілесіп артына
бұрылды. Құдық басы құлазыған қалпы. Қиығы қанталай қызарған үлкен
ала көздерін айырмай біраз қадала қарады. Өңге жерден гөрі əнтек
қарауытқан тебін ортасындағы ағарған тас əйкел барған сайын бұлдырай
түсті. Жолаушы жүзін аударып əкетті.
Қара аттың сол баяғы бүлкек жүрісі. Осынша көл-көсір даланың жолы
неткен құрдым. Құдықтан шыққан жіп-жіңішке көмескі буалдыр қалың
боздың ішіне сіңген соң зым-қайым жоғалып, адастырып кетті. Көптен
салауатты шеру көрмеген мына қырдан арнасы бар жол тауып болмайды.
Азғантай тұяқтың ізі əр көденің түбіне шашырай түсіп, бүгінде түгел өшіп
бітіпті.
Жақында жаңбыр өтіпті. Жаздай шаң тұтып, күн жеп, сарала етек боп
қалған далаға сыздықтап көгіс тарапты. Жер тістеп қалған кесіртке өң
тарамыс жусан қайтадан бауыр көтеріп келеді. Ындыны əбден қанған
қылтанақ кешелі-берлі күн ашылып, өңденіп қапты.
Жолаушы атынан түсіп ауыздығын алды. Ерінің артындағы қара
домбыраны шешіп, былайырақ апарып шөп үстіне тастады. Күн көзі қазір
мейірлі. Қарашаның қара суығының алдында аз күн күле қарап иман
жимақ. Жолаушы домбырасының қасына барып, шалқасынан жата кетті.
Қара ат анда-санда бір пысқырып күрт-күрт шөп үзеді. Жолаушы күректей
қолын иегіне апарып, тізгін қажап ісіне қызарып тұрған етті, ұзын салалы
саусақтарымен самайдан алқымға дейін ұйысып біткен тып-тығыз қара
сақалын көсіп-көсіп алды. Сосын ніл көк аспанның бір пұшпағында
мүжіліп таусылуға айналған қаймыжық ақша бұлтқа көзі түсіп кетті. Қазір
бар дүниені бауырына əкеп тыққан алдамшы сағым жоқ. Көкжиек көл-
көсір шалқып, қашықтап кеткен. Тар қамаудан мынандай бостанға шыққан
кісінің көңілі өсіп шыға келеді екен.
Боз бетеге мол далаға аяғы жеткен соң шиырыққан жүйкесі жазылып,
терісі кеңіп сала берген. Жүрісі де өнікті сияқты. Қиырдағы еліне, ел
шетіне үркесоқ паналаған үш қанат күркесіне асықты. Баяғыда ат үсті
аласапыран жүрісте жүргенде сол үйде не бар, не жоғын да байқамапты.
Алыста айдауда жүріп, аңсары ауып ойлағанда Азғырдың айнатаз ақ
шағылдары, Еділ мен Қиғаш екі араның желіндеп тұрған көк желең өлең
шөбі, Үстірт үстінің қара жусанды қатқылы — бəр-бəрі қаз қалпында көз
алдына келеді. Бірақ өз үйінің бау-шуы, жамылғы-төсеніші, ыдыс-аяғы —
ештеңесі елес бермейді. Бала-шағасымен күбірсіп-күңірсіп отырған бірде
бір күні болмаған сияқты.
Сібірге айдаларда қоштасуға келген ағайын-туманың ішінен шекелігі
шығыңқы, бадырақ көз қара баланы көргенде өзінің Қазиы екенін таныды.
Оның осынша өсіп кеткеніне қайран қалды. Бақса бұл, жұрт құсап,
баласының қай уақытта жүріп, қай уақытта тілі шыққанын да байқамапты.
Талай айлап-жылдап шет жүріп, сағынтып келгенде, алдына алып
маңдайынан сипамаған да екен.
Осыны ойлағанда əншейіндегі қаттылығынан айырылып, бойын
əлдеғайып əлсіздік билейді. Ең бір жұмсақ етіне ащы тырнақ тигендей іші
дуылдайтын долы ашуы да емес. Еңсесі түсіп, жанары жасып, көзге ұрып
тұрсын деп елден ерек жаратылған кесек тұлғасы да көмескі тартып, шөгіп
қалады. Шарасы зор ала көзі оқыс кішірейіп, сонау жер түбіндегі желбегей
күркені осы қазір көріп отырғандай тесіле қарайды. Ештеңе есіне түспейді.
Құлағын тосады. Сібірдің тымырсық аязы жарық жалғанның бар дыбысын
жұтып жібергендей. Елеңдетер бірдеңесі болсайшы. Қарқ-қарқ еткен
қарғасы да жоқ. Ағаш барақтың қабырғаларындағы шұрқ тесік саңылаулар
да сарнамайды. Жел жоқ. Шəңкілдеген жандармдар таңның атысы, күннің
батысы ауыз жаппайды. Бірақ, мұндағы жұрттың оған да еті өліп болған.
Не айтып жатыр деп ешкім елең етпейді.
Осында келген соң жасап алған қарағай домбырасы бұрышта тұр.
Қолына көп алмайды. Бірақ, оған қараса, сыбыс-сыбдыры жоқ мына өлі
дүние былай серпіліп, көкірегінде үн қоздайды, көмескі тартқан көп
елестер қайта тіріледі. Ондайда бұның етіне көк тырнағын шанши сала жан
тəсілім болған өлі аязға да жан бітеді. Жаңа ғана аяғының астында тыныш
жатқан ақ ұнтақ кенет шаңытып, жапалақ-жапалақ боп бетін осқылайды.
Құлағында суыл оянады. Жапан түзде жел өтінде қалған шіліктің суылы.
Қапталдағы қабақ астынан шыққан аш қасқырдың ұлығаны... Кіжіне тиген
сойылдың дік-дік дыбысы... Жылқы шұрқыры... Ию-қию көп дыбыс. Бұл
соның бəрін құныға тыңдайды. Аппақ қар, мүлгіп тұрған қалың самырсын,
қарағай да біресе көкті жауып, сел себелеген жабағы бұлтқа, біресе қара
түнде жау тиіп опыр-топыр жөңкіген қара құрым жылқыға ұқсап кетеді.
Селтеңдеген құрықты, селтиген қыраулы мұртты, алара қараған ашулы
көзді де көріп отырғандай. Əлгі дыбыстар біресе жаппай жабыр-жүбыр
араласып, біресе жұлына бөлініп шыққан оқшау əуез, оқшау ызың
құлағына келеді. Мүлгіп көзін жұма түседі. Көзін жұмған сайын əлгі шым-
шытырық елес, қым-қуыт ызың айқындала, саралана түседі.
Бұл оңаша қалса-ақ осындай əр тарапқа алып қашқан ойға беріледі. Ал,
енді көп тұтқын ағаш кесіп орманнан қайтып, кешкілік бараққа жиылғанда
бұдан аруақты ешкім жоқ. Иығы қайқайып, көмір қара сақалы шоңтай
жылтырап, қарқ-қарқ күліп қалжың айтатын да сол. Бұрышта аяз қармап,
үні қарлығып тұрған қарағай домбырасын біраз уақ қойнына тығып
отырады. Сосын ауыз ашпай өзімен өзі боп домбырасының күйін келтіреді.
Бөрене барақтың төбесіне қарап үнсіз жатқан көп тұтқын домбыраның
даусы шыққанда бəрі де аунап түседі. Бұл əуелі домбыраны күмп-күмп
сабап алады. Қара шанақтың көмейі əуезге толып күмпіп шыққан соң
барып, ұзын мойнын қыжырта бұрып, дауыс кенейді. Домбырасының
мойнын бірер ырғап қойып, əлгі күмбірлеген мол дыбысты кілт іркіп, қос
ішекті саусағының ұшымен шеки қағып, безеп-безеп алады. Мынадай
тұлғалы кісінің ересен үлкен саусақтары тигендей қара домбыра белі
майысқандай қайқаңдап кетеді. Дірдектеп үн төгіледі. Домбыра көмейінен
шыққан жақсы əуезді үркітіп алармын дегендей күйші баяулата əн
бастайды. Толқына шыққан осы бір майда дауысты естігенде тыңдап
отырғандарға алдарындағы алапат алып кісі еріп, мүжіліп кеткендей
көрінеді. «Əй, Арқаның қызыл изені-ай!» Əншінің не айтып отырғанына
біреу түсініп, біреу түсінбесе де қабақтар тұнжырап, көздерді күңгірт
кіреуке шалады. Ащы махорканың иісі аңқыған суық барақта сес жоқ.
Əнші əлі сілтеп отыр. Бір уақытта əншінің өзі тынып, домбырасы
сөйлейді.
Мұндайда ол əуелі көзін жұмып, онсыз да одырайып оқшау біткен
жалбыр қабағын түйіп ап, қос ішекті баппен қағады. Бір күрсініс сазды
сонау түптен тартып, күңіренте толғайды. Толғаған сайын түйілген қабақ
жазыла түседі. Кірпік əлі жұмық. Дөң маңдайдағы күн санап көбейіп келе
жатқан шұбыртпа əжім, самайдағы көк қылтанақ, екі ұртының суалғаны
көзге енді түседі. Саусақтарын самарқау сілтейді. Тамыры адырайып, терісі
қалталанған ұзын тұра қолы əбден əлі кетіп, тап қазір сылқ құлайтындай
сылбыр. Кенет күйші жұмулы көзін сығырайтып ашады. Мұртының
қиығына қуақылық ілігеді. Сүлесоқ саусақтарға да серпін бітіп, қос ішектің
бойын қунақ қуалайды. Мойнын жұлқына бұрғанда өндіршегі сорайып,
тамағының астындағы күре тамырдың бəрі күдірейіп шыға келеді. Аумақты
ала көзі шоқтана түскен. Үн ширап, жалбыр қабағы желк-желк етеді.
Шекесінен қарап, көзіне не іліксе де жанарымен өртеп жіберердей жеп
барады. Күмпиген-күмпиген нəн саусақтар долы дыбысты көсіп-көсіп төгіп
жатыр, төгіп жатыр. Бір уақта жын қаққандай дедектеген жылдам
саусақтың аяғына тағы да жем түседі. Самайдың қырауы мен маңдайдың
əжімі тағы да көзге ілігеді. Күйші домбырасын ішіне жаңқа толтырған
төсегінің үстіне сылқ еткізіп тастай береді. Күйге құлақтарын төсеп
отырған көп тұтқынның дəл жүректерінің басына бармақтай-бармақтай бір-
бір тамшы құлап-құлап түскендей болады.
Күйші сығырайма май шамның қасында сүлесоқ отырып қалады. Қолына
домбыраны желпінейінші деп алып еді, бай-бай күй ойсыратып кетті.
Шытына ширатқан қою бұйра сақалы шытыр-шытыр етеді, əлгі бір есірік
дəме күй оятқан ашу-ызадан сытыр-сытыр күйреп жатқан сияқты.
Анада осындай бір кештен кейін түс көріпті. Өзінің үйінің көлеңке беті.
Анасы айран құйып беріп отыр. Айран ашытқан қос құлақты емен күбі
шелектің өңез исі аңқиды. Қасына Қазиы келіпті. Маңдайындағы
жалбыраған кішкене кекілін тұмсығына апарып еді. Ыңғай жалаң бас
жүретін баланың басы күн иістеніп күңсіп кетіпті. «Құлыным-ай»,— деп
бауырына қыспақ боп, ұмтылып еді, үстіне жамылып жатқан қара тоны
сусып барып түсті. Тұла бойы оқыс шіміргіп, көзін ашты. Түсіп кеткен
тонын ап, қайта жамылды. Қара тонның сауыс-сауыс жағасынан күңірсік
тер исі шығады екен.
Содан соң көкірегіне сағыныш ұйып, ылғи мең-зең күйде жүрді. Одан
осы бостанға шыққан соң ғана айықты. Даланың көзге қанық қоңырқай
күйі бұрын таусылтып тастайтын. Қоңыр дала, одан да қоңыр отар-отар
қой, қапелімде қой ішінен қоңырайып көзіңе түсе қоймайтын момын
қойшы. Сергімейтін, серпілмейтін сартап тіршілік. Қоңыр далада құлақ
елеңдетер үн мен əуез сарқылғандай. Анда-санда бір есетін қыр самалы да
талықсып, таусылып есетін. Сонда бұның көкірегін ашу бұлыққан арсы-
күрсі күй буатын. Елден осынша іргесін шеттетіп, ізіне аңдушы түсірген де
сол күйлер еді.
Түрмеден шыққалы көкірегі желденіп келеді. Бірақ баяғыдай алабұртып
алып бара жатқан жоқ. Күзгі даланың селеуінің суылын да, ат тұяғынан
күрт-күрт күйрген қураған қау шөптің күтірін де, ақырғы шуақтар арқасын
қыздырған дала тышқандарының шық-шық үнін де ап-анық естіп келеді.
Сұлқ қырдың індігешіне дейін сықылықтаған үн шығарады екен. Дала
тірлігінде əлі де мол үн, мол əуез барын жаңа аңғарғандай болды. Бұған
дейін соны өз көкірегіндегі сарын тұншықтырып естіртпей келіпті. Суға
шұбырып өткен жылқыда да, баурайға бытырай жайылған қойда да, қой
шетінде қаздиып тұрған жалғыз атты қойшыда да бұрын бұл байқамаған
кербез қимыл, қозғалыс бар. Жап-жазық даланың жатысы да кербез. Тіс
тимеген дала шөбінін басындағы толқымалы қыбыр да қылықты.
Жолға шыққалы төңірегінен көз алған жоқ. Кеше түс ауа бұрын бұл
естіп, бұл тебіренбеген бір тосын əуен түледі. Бұрынғы саздарындай
шапшаң шарықтап, шарт өзгеретін тепсінген үн емес. Делебеңді
қоздырмайтын ашу тырнап тастаған ащы өзекті баппен сипаған байсалды
əуез. Ақтарыла-төгіле салмай, шым-шымдап шымырлап өнеді. Құбыла
жағына көз салып еді, күн бойы буалдырланып тұрған көк мұнар күн
кештете сейілейін депті. Сол селдір буалдырдың арасынан əлдене
ағараңдады. Біреу-екеу емес. Кейбірі ойдым-ойдым үзік-үзік болса, кейбірі
тым аумақтылау. Ағарғандардың астындағы көкшіл мұнар тұп-тұтас. «Е,
мынау тау болды-ау. Алатау осы болды-ау,— деп ойлады ол. Ішінде
«Əзіретінің Алатауы» айтылатын көне дастандарды жастайынан көп
естіген. Сонау қалың мұнар арасында басына мұнар да шығартпаған асқақ
тауға көзі буланып ентелей қарады. Көкірегінде енді-енді өрби бастаған
əлгі бір əуез де үзіліп қалды. Қапталынан көз алмады.
Сол күйде біраз жер жүріп тастапты. Бір уақытта бойын жиса көл-көсір
көкжиек бауырын жиып келеді екен. Тау жақтың мұнары қалыңдай түсіпті.
Ағараңдаған ақ бас шыңдар да ғайып болған. Күн ұясына əлдеқашан
қоныпты. Қапталдап келе жатқан қалың мұнар қараңғылыққа ұласа
бастады. Күйші күрсініп қойды. Қаумалаған ойды үркіткісі келмей, жүрісі
өнбей қойған атына да қамшы сілтеген жоқ. Қас қарайып кеткен соң қара ат
өз-өзінен жүрісін ширатты. Кешкі салқыннын лебі де білінді. Суыл шықты.
Бағанағы үзіліп қалған ызың көкірегіне қайта оралды. Дəл манағысындай
жаймашуақ емес, бұл жолы сəл-сəл күрсіне шығатын тəрізді. Бірақ бəрібір
бұрынғысындай екі иығын жұлып жеп кіжінген əуез емес, ақжарма үн.
Бұрылып, ерінің артына бектерген домбырасына қарады. Қолына алуға
асықты. Бірақ, қоналқы түскен жерімде тартармын деп ойлады. Күн
батарда осы маңның бір жерінен бір отар қой көрінгендей болып еді. Осы
төңіректе ауыл болса керек.
Алдындағы жалдың басына асыға шығып, айналаға көз салды. Қара ат та
қайта-қайта пысқырып елеңдей береді. Ештеңе көрінбейді. Үрген иттің де
дыбысы жоқ сияқты. Қазір далаға өртеп от та жақпайтын кез. Түтін исі
келер ме екен деп жел жаққа мұрнын тосып еді. Ондай да ештеңе сезілмеді.
Кенет қара ат қаттырақ пысқырып қалды. Алдынан əлдене қараңдағандай
болды. Қара аттың сескеніп жалтақтай бергеніне қарамастан жақындай
түсті. Түйе. Мойнын бұрып бұған қарап тұр. Жақын келіп үн шығарды,
жануар үңіле бір қарады да жүріп кетті. Соңынан бұ да ерді. Күңіреніп
барады. Сауын түйе екен.
Үш-төрт үйлі кішкене ауыл қара жалдың күнгей бауырына шуақтай
қоныпты. Кез өркеш аруана ортадағы бүйірлі боз үйдің қасына барып
талтайып тұра қалды. Бұ да сол үйдің ту сыртынан кеп:
— Е, хабарласқандай кім бар? — деп дауыстады.
Үйде күңгір-күңгір дауыс бар. Соның арасынша сықырлауық сылдырап,
үйден біреу шықты. Колында шелегі. Аруананың бауырына бара беріп,
жолаушыдан барыс сұрады. Жолаушы құдайы қонақ екенін айтты. Əйел:
— Онда түсіңіз, қоныңыз,— деді.
Киізі құрымдана қоймаған боз үйдің іші күмбіреп кең көрінеді. Қақ
ортадағы үш бұт ошақтың оты бықсып, қапелімде ештеңе көре алмай есік
алдында тұрып қалды. Сəлеміне төр жақтан бір-екі адам жарыса жауап
берген соң, қамшысын босағаға қыстыра салып, төрге озды. Домбырасын
өзінің тұсына іргеге сүйеп қойды. Белін шешіп, жайланып отырғанша, үй
ішіндегі ашқылтым буалдырға көзі де үйренді. Төңірегін шола қарады.
Жоғарғы жағында артына құс жастық қойып тағы біреу шалқалап жатыр.
Одан əрі барқыт тақиялы ақсақал адам бұған барлай қарап қапты. Біреу
қазанның астындағы кешегі жауыннан əлі кебе қоймаған су бұта бықсып
болмаған соң жалпылдақ тастап еді, жалыны қазанның қақпағын шарпып,
айнала жарқ ете қалды. Қазан-аяқ жақтан жаулығы қарқарадай бəйбішені
көрді. Ол ар жағындағы əбден тозып əшекейінің бəрі өшіп, сұп-сұр сұлбасы
қалған кебежеге қарап, тұқшыңдап кетті. Ошақтың оң жақ бұтында, бүйірін
отқа тыққан қара шəйнектің қасында он бір-он екілер шамасындағы бала
отыр. Балағын тізесінен асырып, ширата қайырып алыпты. Босағаға
нығыздап үйген отынды шетінен отқа сүйрейді. Бəйбіше кебежеден басын
көтеріп, қазанның қақпағын ап, лап көтерілген буды үріп жасқап, əлім-
берім қоныр топатай толы бірдеңені шылп еткізіп тастап жіберді.
Қария қозғалақтап:
— Е, жолаушым, жөніңді айта отыр, — деді.
Сырттан түйе сауып қайтқан əйел кірді. Шелегін бəйбішенің қасына қойып,
құман ап, шылапшын əкеп қолға су құйды. Жолаушы алдына келген
шылапшынға тізерлеп беті-қолын жуды. Сүртініп жатып жөнін айтты.
Алдарына дастархан келді. Қарияның қалған сауалына шай іше отырып
жауап берді. Шалдың бергі жағындағы қара мұрт бұның əңгімесіне үнсіз
құлақ тігіпті. Шайын анда-санда бір ұрттап, қарап қояды. Ашық омырау,
қынама бел қара мауыт бешпет, шашақты тақия ауыл арасының қазағы
емесін танытады. Бұл келгелі жақ ашқан жоқ. Отырысы мығым. Көз
тастасы да кербез. Жолаушы тұтқыннан келе жатқанын айтқанда, кесесінен
бас көтермей отырған сары бəйбіше елең ете қалды. Көзіне түсе берген
кимешегін кейін бір ысырып, бұның жүзіне бажырая қарады. Елім сонау
күн батыста дегенде ернін бір сылп еткізіп қойды. Жаңа қолға су құйған
əйел осы үйдің келіні екен. От жағып отырған баланың орнын ап, шай
құйып отыр. Жүзін қырын салып, əңгімеден қалыс қалған жаңғыз сол. Бала
бəйбіше жаққа шығып кетіпті. Үюлі отыннан бір бұтаны ошаққа сүйреп
келе жатып о да бұған таңырқай қарап қояды. Өне бойына сары кенеп
киген бұндай жолаушыны бұрын-соңды көрмеген сияқты. Ала көзін
аудармай қарап отырады да, пыс-пыс етіп жанбай жатқан отына енкейіп, су
бұтамен жарыса пысылдап жата қалып үрлейді.
— Өздеріңізден де жөн біле отыралық— деді жолаушы.
— Е, біз де осы елдің бір шалы,— деп мырс етті шал, дастарханнан сарсу
ап тістеп жатып.
Мұртты қара сөзге енді араласты.
— Бұл кісінің есімі — Дөңбай. Біздің еліміз Дөңбай би дейді. Еліңіз алыс
екен, сіз естімеген шығарсыз,— деді.
Шал тағы да мырс етті. Басын қолындағы кесесінен көтеріп ап:
— Бір кезде ауыл арасының жаяу жанжалында ағайыншылық айтқанымыз
бар. Ол кезде түз кісісі едік, бүгінде көсеумен жолдас, қатынмен мұңдас үй
кісісі болдық,— деп күлді.
Жолаушы шалға көзін тоқтата қарады. Кезінде келбетсіз болмаған ақсұр
шал. Көк буырыл қабағы, селдір мұрт, ұзынша сұйқылт сақалы беталдын
буалдырландырып жіберген. Көзінің астындағы бірер қыртыс болмаса,
жүзін əжім алып жарымапты. Ылғи назарын тіктемей бейтарап қарайтын
қоңырқай көзі ештеңе аңғартпайды. Анда-санда өзінен-өзі бір мырс етіп
қояды. Өңінде ұзақ уақыт ел үстінде жүріп, енді тұғырдан танып
шетқақпай қалған кісіге тəн салқын қабақ салғырттық бар. Қимылының
бəрі керенау. Кесесін де ерніне енжар апарады. Бірақ, осқырынбайды. Зілді
отырыс. Қасындағы мұртты қара қайта-қайта қозғалақтап, ту сыртындағы
құс жастыққа қарай ығыса берді. Ал, ақ сұр шал отырған орынынан қыбыр
еткен жоқ. Келіні ұсынған кесеге де тіп-тік бойын имей қол созады.
— Мына жігіт...— деп жолаушы тағы бір сауалдың шетін шығарып еді,
аржағын шал өзі іліп əкетті.
— Е, бұ да бір ағайын. Ныспысы — Əурен. Осы елдің ат үстіндегі
азаматтарының бірі. Қалада қызмет атқарады. Еліне демалысқа келіп жатыр
екен, маған көрісе келіпті,— деді.
Сыртта ит үрді. Ат дүрсілі шықты. Тап іргеге кеп тоқтады.
— Мынау Қойбағар ғой. Тамақтанып кетейін деп соққаны шығар, — деді
бəйбіше.
Келін ақ құманға үстеме шай салды. Есіктен түйе жүн шекпенді, түлкі
тымақты біреу кірді. Ерінін болар-болмас жыбырлатты. Онысы
сəлемдескені болса керек. Босағада тұрып белін шешті. Белбеуін күрс
еткізіп шай құйып отырған əйелдің сыртына тастай салды. Түлкі тымақты
босағаға іліп, шекпенін шешіп отынның үстіне тастады. Табалдырықтың
алдына қолын жуды. Сосын шай құйып отырған əйелден жоғарырақ кеп
отырды. Шашын тықырлатып алған жылтыр басын сипап, аузын ашып
есінеп алды. Шанаш құлағынан күн көрінгендей. Қонақтармен ісі болған
жоқ. Шайға бас қойды. Шүңкиген кішкене беті кесе көлегейлеп көрінбей
қалды.
— Аманшылық па?— деді бəйбіше, бұл келгелі орнай қалған тыныштықты
бұзып.
Шанаш сары кесесін сарқып, қайта ұсынып жатып:
— Аманшылық,— деді естілер-естілмес қып. Сосын сонау түптен
сығалаған індігеш көзін қара мұрт пен бұған бір-бір салып өтті. Тағы да
алдына кесе келді. Шүңкиген беті тағы да ғайып болды.
Қара мұртты ішіп болдым дегенді ишаралап, кесесінің аузын басты.
Шайға бұ да онша құмар емес еді. Кесесінің ернеуінен бұ да қақты.
Шал ішіп отырған кесесін сарқып:
— Болдым, — деп дастарқанның шетін қайырды.
Шай құйып отырған əйел құманын толтырып ап, шəйнегін оттан
шығарды. Дастарқанның күйеуі жақ бұрышын ғана қалдырып, қалғанын
жиып алды. Ақ сұр шал: «Я, алла»,— деді де біраз уақ үнсіз қалды. Мұртты
қара да қолын тарақтап, құс жастығына шалқайды. Оттағы шырт-шырт
жанған бұтадан ба, əлде қазанның əбден ыстанған қақпағынан ба — бір
күлімсі иіс бар. Қазанның ауызынан ұшқан бозамық буалдыр түндіктің
саңылауына дейін барып, аржағында қап-қара түнге сіңіп, зымқайым
жоғалады. Шай құйған əйел босаған кеселерді сүртіп, жия бастады. Үй-
ішінде үн жоқ. Көк ала кесенің аржағынан Шанаш сарының жұтқыншағы
ғана қылқ-қылқ етеді.
— Жолаушым, мынаны босқа арқалап жүрмеген шығарсың,— деді ақсақал,
іргеге сүйеулі домбыраны меңзеп.
— Құдай айдап тап болдың, өнеріңді көріп қалалық, шерте отыр.
Жолаушы домбырасының қабын сыпырды. Қалтасынан тиек ап,
қондырды. Құлағын бұрап, жол соқты боп шылдырлап қалған домбыраның
күйін келтірді. Əр шекті жеке-жеке шертіп, құлағына тосып, ыңын
байқады. Бірте-бірте түзеліп келеді. Жолаушы астындағы төсек көрпенің
бұрышын түріп жіберіп, көнетоз тақыр кілемге əуелі оң қолын сосын перне
басатын сол қолын үйкеп-үйкеп алды. Дыбыс қуалап, пернелерді бойлап,
жоғары-төмен бір-екі рет сырғытып өтті. Таң атқалы тізгін ұстап ісініп
алған саусақтары икемге əлі келмей жатыр. Үй-іші енді домбыраға
қарапты. Мұртты қара шалқалап жатқан жерінең құс жастығын шынтақтап
қырын аударылып түсті. Бəйбіше дастарқан жинала бере, қолына қоңыр
топатайын алып, шəйнекте қалған жылы судан құйып, тұз салып, нан
илеуге оңтайланып еді. Кебеженің төр жағындағы тырсиған ала қапқа
бұрыла бере, домбыраның үнін естіп, табағын былай қоя салды. От жағып
отырған бала қолына көсеу алған күйі ауызы ашылып аңырайыпты да
қалыпты. Шай құйған келіншек алдына түскен жаулығының ұшын кейін
серіпкен болып, аласы мол нұрлы жанарымен күйшінің жүзін бір шарпып
өтті. Тек Шанаш сары ғана мұздаңқырап қалған қанжылым шайын дүрс-
дүрс жұтады, маңдайына опыр-топыр шыға келген көп тамшыны қарымен
бір сыпырып алды. Манадан бері маңдайшадан көз алмай отырған ақ сұр
шал да жүзін бұрды.
Нəн ошаққа нығыздана жайғасқан тай қазаннан бір исі əдемі бу ұшады.
Сол иіс, таңатқалғы жаққан оттың табы жайылып, үй-іші бір түрлі көңілді
көрінді. Күбірсіген тыныш тірліктің иіс-лебі. Жолаушының есіне жаңағы
жол үстінде туған жаймақоңыр əуез түсті. Ұзын-ұзын салалы саусақтары
перне бойын қармалап жүріп, ақыры тапты. Əншейіндегідей қыжыртып
қаққан жоқ. Үн былқып шықты. Баппен басталған бала майсаң əуез баппен
өрлеп келеді. Ұйықтай қоймаған тентек немереге кəрі əже айтатын
көйгөйдей жаныңды жайбарақаттыққа шақыратын қоңыр əуез. Құлағыңды
құнықтырып, көкірегіңді күмбірлетіп барады. Аспан ашық, маңайың
құлпырып гүл-гүл жайнаған əсем күнде алыс жолға шыққандайсың. Қунақ
жортып, жайсаң жаратылысқа, əдемі əуенге, астыңдағы аршынды атыңа
қуана қарайсың. Төңірегіңнен тек рахат көріп, тек лəззат табасың. Мынау
да сондай сергек күй. Біраз жүргеннен соң айналаңа алақтап қарай беруге
де жалығып, рахат ортасында келе жатқаныңа онсыз да кəміл сеніп, көзіңді
жұмып ап, бір тұңғиық бейжай ойға шомбаймысың? Есіңе қайдағы-
жайдағы түседі. Өткеннің өкінішті өксігі де қылаң береді. Бірақ бəрі артта.
Бəрі өткен. Соның бəрін көріп, бəріне төзіп, бəрін өткерген бұл бас. Бəрінің
де қыжылы өткен, өшкен. Енді, міне, тағы да рахат ортасындасың. Мына
өмір деген жарықтық жауың түгіл, сенің өзіңнен де пейілді екен, кең екен.
Оның сарқылар, таусылар күні жоқ. Рахаты мен лəззатын қашан да таба
алады екен. Ендеше емешегі үзіліп елжіреп тұрған өмірді қайтып
сүймессің, қайтып талақ етпексің.
Өне бойыңа шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тəтті əуез сорғалап-
сорғалап келіп, ақыры там-тұмдап, тамшылап таусылды. Қара домбыра
күйшінің тізесіне сылқ құлады. Ешкімде үн жоқ. Манадан бері оттың
табында тұрып кеуіп қалған құсқанбас қана сытыр-сытыр жанады. Кенет
күлдің шеті шырт ете қалды. Жұрт басын көтерді. Иегі бұлт- бұлт еткен
Шанаш сары алақанындағы насыбай жұғынын тізесіне сүйкеп, жантая
кетті.
— Күйім-ақ екен, — деді сүйқылт сақалының ұшын саусағына орап ап,
тапжылмай тыңдаған ақ сұр шал.
— Құлағыңды қыдықтайды,— деп мұртты қара ұйып қалған оң шынтағын
ұстап, құс жастыққа шалқалай ауып түсті.
От жағып отырған бала қолындағы көсеуге көзі енді түсіп, қазанның
астына əрлі-берлі сүңгітіп-сүңгітіп алды.
Келіншек екі қолын тізесіне салып, домбыраға қараған боп, бір қырын
бұрылып, бар ыждаһатымен тыңдаған екен. Ақ сұр шал көрпесінің астынан
мүйіз шақшасын алып:
— Келін, отыңда изеннің, жапақтың күлі жоқ па?— дегенде ғана бойын
шұғыл жиып, отқа бұрылды. Атасының дауысын естігенде-ақ шай көйлегі
дір ете қалды. Жалма-жан шымшуырдың ұшына іліп бірер шөкім күл алды,
оны төңкерулі кесенің түбіне салып, атасына ұсынды. Ақсары жүзіне қан
ойнапты. Мол пішілген сусыма көйлектің жеңі күл ұсынғанда аппақ білегін
жалтыратып, шынтағынан аса кейін сырғып кетті. Борықтай жұп-жұмыр
білектен көзі жақұт күміс білезік жарқ етті. Күйші жалма-жан
домбырасына жабысты.
— Жаңағы күйдің аты не?— деген ақ сүр шалдың сауалына:
— Алатау,— деп асыға жауап берді, домбырасының құлағын қайта бұрап
жатып.
Есіне елде жүргенде бір қызға тартқан күйі түсті. О да тап мына
келіншектей ақсары еді, о да бұған шай ұсынып жатып, шəйі көйлектің
жеңі сусып, жұмыр білегі жалаңаш қалғанда, жүзі ду ете қалған. Соңына
сөз еріп, шетқақпай жүргенде түскен бейтаныс үйдің сұлу қызы құйған
шайға көңілі өсіп, күй шығарып еді. Адал көңіл, тəтті шайға шыққан күй де
тəтті болсын деп атын «Балқаймақ» қойған. Мына келіншек елден кеткелі
жадына түспей, ұмыт бола жаздаған сол күйді есіне сап еткізді. Көрікті
келіншекке көз жүгірте беруге именіп, мойнын төрге қарай бұрып алды.
Балқаймақ десе балқаймақ дейтіндей тағы бір тəтті əуез төгіле жөнелді.
Жұрт тағы да бұған құлақ тосқан. Күйшінің көзі өзінен жоғары құс
жастықта шалқайып жатқан қара мұрттыға түсті. Екі қолын тарақтап апты.
Кішкентай қозы қарыны тырсиып, арқасындағы құс жастықты рахаттана
жаншиды. Əдемі иілген қара қасын сəнмен керіп, ұзын кірпігі көлегейлеген
дөңгелекше қой көзін келіншек жаққа тігіпті. Əлі əукелене қоймаған бір
тілім бұғағында білінер-білінбес бүлкіл бар. Маңдайы да торсық
шекеленген жып-жылтыр. Қара торы беті тепсініп, ісініп тұр. Сызданған
сырбаз неме? Құдай-ау, кім еді? Иə, о да тап осы құсап, қақ төрде құс
жастықта шалқайып жатқан. Оның мұрты мынандай келте қайтқан емес,
шалғылылау. Талай ат шаптыртып алдыра алмай қойған тентек күйші өзі
кіріп келгенде, үй-ішіндегілер жапырыла сəлемдесіп, төрден орын қаузаған.
Қозғалмаған тек сол. Қарнының үстіне қолын тарақтап салып, тырп етпей
жатып алды. бұлтиған-бұлтиған етті еріндері де қыбыр еткен жоқ. Тек
тырсиған бетіндегі зілді ашу тарап, езуінде масаттанған күлкі тұрды.
Ашынып келген күйші еркек шора мырзаның мына нығыздығына қаны
қайнап, домбырасына жармасты. Жолдағының бəрін кие жарып, шалжиған
төренің тап қасына барды. Қара домбыраны шалып-шалып жіберіп, бір күй
бастады. Мына қара мұрт та тап сол Ақбайдың ұлы Əубəкірден аумайды.
Күйші тартып отырған күйімнен жаңылармын деп тістеніп алды. Екі
самайынан тер бұрқ етті. Əдемі күйдің аяғы қату шықты. Күйші
домбырасын тағы да тізесіне тастап, сүлгі алып, терін сүртті. Жұрт тəтті
əуезден əлі айыға алмай отыр. Шанаш сарының да насыбайы бір ұртында
бұлтиып қапты.
— Есіміңіз кім?— деп сұрады ақ сұр шал.
— Құрманғазы.
Қара мұрт ондай да күйші бар ма еді дегендей, ақ сұр шалдың ауызына
елеңдей қарады. Шал онысын байқамаған боп, күйшіге ұмсынған қалпын
бұзбады.
Күйші домбырасын қайтадан қолына алды. Жоғарғы екі пернені басып
еді, жаңағы жайбарақат маңдайы қыртыс-қыртыс боп, жиырылып кетті.
Қолындағы домбырасын емес, сырттан тың тыңдап отырған кісіше мойнын
іргеге салып, теріс айналып еді, шықшытының астынан білем-білем тамыр
ойнап шықты. Желп еткізіп көтеріп алған жалбыр қабақ та енді жығылмай,
тікірейіп-тікірейіп тұрып алды. Бет алдының бəрі шиыршық атып тұр. Тек
ішекті қаққан ұзын саусақтар ғана керенау. Аспай-саспай зілмен ұрады.
Мұң шаққан əуез. Бірақ, егіліп төгілмейді. Бір түрлі өрекпіген өр күңіреніс.
Ақ сұр шалдың сол сұғына тыңдаған қалпы. Күйдің осы арасын баяғыда
Əубəкір біраз жерге дейін тыңдап ап, тісін ақситып сылқ-сылқ күлген. Қара
мұрт шаңыраққа қарап енжар жатыр. Бəйбіше нан илеуге кірісіпті.
Келіншек қолына көсеу ап, қазанның астынадғы отты түзеді. Шанаш сары
маңдайын отқа төсеп жығылған екен, бетін келіншегіне беріп бұқшиып
апты. Тыңдап жатқаны, ұйықтап жатқаны белгісіз. Бала күйшіден көзін
алмайды. Төрдегі еңгезердей қара сақалды адам бетін көлегейлеп жылап
отырған сияқты. Қабырғаңды қайыстыра бебеулеген əуез. Бай-байлап
ыңыранады. Ойыңды ойрандап, кекірегіңді тіліп-тіліп барып, тіс
қайрағандай кіжініп қайтады. Ақ сұр шалдың тіп-тік мойыны да иіліпті.
Көзін қазан астындағы отқа тігіп, сақалын уыстап, иегін уқалай береді.
Əуелі шағынып шыққан назалы саз барған сайын зығырданы қайнап төне
түседі. Дəу саусақтар домбыраның сағағына шүйліккенде ызалы əуен
ышқына буырқанады. Жүректі шымырлатып оянған ащы жас ыршып көзді
теуіп, алқымға кері лықсығандай. Күйші жалт бұрылып еді, көзінде жас
жоқ. Ұп-ұзын қайқы кірпіктері қадала шаншылыпты. Көзі қып-қызыл.
Кенет оң жағынан біреу қор ете түсті. Шанаш сарының жылтыр басы
білегіне сылқ құлапты. Екі аяғын бауырына тартып, бір шөкім боп ұйықтап
кетіпті. Бəйбіше келініне қақпақ көтертіп, қазанына нан салып жатыр. Қара
мұрттың көзі əлі шаңырақта.
Күйші домбырасын жеделдете ұрды. Əлгі ызың дедектеп кетті.
Саусақтары перне бойын жөңки қуалады. Əубəкір осы жерге келгенде
басын жастығынан жулып ап, қанын ішіне тартып, сұрланып алған.
Жаңағы қабырға қайыстырар əуезге қайрат біткен. Делебе қоздырып дік-дік
етеді. Желпініп барады. Ақсұр шал көкірегіне түсіп кеткен басын көтеріп
алды. Жүзін домбырыға бұрып бір мырс етті. Құптады ма, мошқады ма —
аңғартқан жоқ. Қайтадан бойын тіктеді. Əлгі бір күрсініс саз қайта естілді.
Күйшінің саусақтары тағы да сүлесоқ. Күй бітті. Бұл жолы ешкім үндемеді.
Атын да сұрамады. Ақ сұр шал маңдайшаға қарап ойға шомған. Тек
отынның шетінде отырған ақсары бала күйшіге бір, қалғандарға бір
жалтақ-жалтақ қарай береді.
Күйші домбырасын қаптап, іргеге сүйеді. Бəйбіше қазанын түсірді.
Келіншек шылапшын əкеп қолға су құйды. Қара мұрт тұрып отырды.
Шанаш сары да басын көтерді. Ортаға үйме табақ кеп тұрды. Шанаш сары
белбеуіндегі қыннан пышақ ап, құманның шүмегіне тосып шайып, табаққа
ұмтылды. Жұрттың көзі енді соның қолында.
Еттен кейін Шанаш сары қайтадан түйе жүн шекпенін, түлкі тымағын
киді. Босағада тұрып белбеуін буынды.
Бəйбіше:
— Түнекке барасың ба? Мə, қойшыларға ала бар,— деп, табақтан алып
қалған бірер омыртқа, қабырғаны шүберекке түйіп, баласына ұсынды.
Шанаш сары шешесі берген түйіншекті бұлтитып қойнына тығып, шығып
кетті.
Төсек салынып жатқанда күйші атының ерін алды. Ауылдан былайырақ
жетелеп барып отқа жіберді. Сосын атын жағдайлап жүрген боп, далада
ұзақ тұрды. Көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы. Тек ортадағы боз үйдің
шаңырағында ғана саңылау бар. Тұрып-тұрып көнілі қоңылтақсып үйге
аяңдады. Төсек салыныпты. Келіншек оң жақтағы төсекті мегзеп, аяқ
жағына көрпе тастады. Шығап бара жатып, сықырлауықты жаба бере, көзін
бұған тағы да бір тастап өтті. Сырттағы шолпы үні күн шығыс жақтағы
үйге беттеді. Отауы сол болғаны ғой.
Күйші ертеңіне ерте оянды. Қара ат ауылдан онша ұзай қоймапты. Алып
келіп ерттеп, үйдің сыртына қаңтарып қойды. Бəйбіше тұрып, келініне шай
қайнаттырыпты. Шай үстінде келіншек бұл жаққа бір рет те мойын бұрған
жоқ. Дастархан жиылып, қоштасарда да күл төккен боп, сыртқа шығып
кетті.
Ауылдан былай шыға бере күйшінің көңілі қайта бұзылды. Түрмеден
құтылғалы жағасы жайлау боп келе жатып, бүгін тағы құлазып қалды.
Төңірегіне қарап еді, тұлдыр дала. Бір жалдан аса бере алдынан қоян
қашты. Ту қоян ырғыған сайын таңы жарқылдайды.
«Əттең осындайда бөрі де жолықпайды-ау»,—деп ойлады күйші. Есіне
елде жүргенде жігіттерге қосылып бөрі қуғаны түсті. Əуелі қиқарланып
қиялай шапқан көк жұлын қиқу көбейгенде бытпылға тартады. Сатырлаған
көп тұяқтан құлағы түнып, қарсы желден көзі жасаурап, бұ да еміне
шабады. Басқалардан ала бөтен қызынып, қуғынның алдын бермей
өзеурейді. Қырдың қиқар аңы даланың жайбасар тірлігі бір жолата өшіре
жаздаған қайдағы бір қалғып кеткен кəрі аруақты қоздыратын. Арланды
ақыры сойылға жығып, атқа өңгергендегі жігіттердің қау-қауы бұның
құлағын қыдықтайды. Əншейінде қалай болса солай ашылып-шашылып
жүре беретін жайбарақат жандардың тас түйін түрлерінен көзін ала
алмайтын. Тап қазір мына топ нені болса да тапап кететіндей. Бұларды
осынша желпінткен кек бөріге разы боп, қасқыр өңгерген жігітпен
қатарласып, ер артындағы ауызы ырсиған арланның селтиген серек
құлағын құшырлана бұрайтын. Көмейі үнге тұншығып, кеу-кеулеген көп
сойылдың алдына шығып, өзінің «Аш бөрісін» бастайтын.
Аш бөрі, жүрген жерім қанды майдан,
Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.
Қазақта талай қатын ұл туғанмен,
Дəл мендей ұл табатын қатын қайдан!
Бөрінің дуылы бірер күнге созылып, о да басылатын. Жігіттер
сойылдарын тастап, таяғын, қауғасын арқалап, малын қаузайды, шаруасын
жайлайды. Күйші тағат тауып жата алмай, атына мініп, ел аралап кетеді.
Айдалада жаңғыз келе жатып, анда-санда қотанына тиіп, бөрліктіріп
тұратын бөрі болмаса мына даланың селт ететін түрі жоқ-ау деп ойлайтын.
Күйші бұл жолы да өз-өзінен ширығып, алабұртып келеді. Тып-тыныш
күн. Ең болмаса шөп басын қозғар леп те жоқ. Түске таман сонадайдан
аран сай көрінді. Бұрылып барып, бір құйрығынан бұ да құлады. Шегі,
шеті жоқ шектей шұбалған қарнау. Қолқат-қолқат, ұшпа-ұшпасын
тіміскілеп шықты — ештеңе жоқ. Бұл даланың бөрі екеш бөрісі де құрып
кеткен. Иə, бəрі жойылып кеткен. Иə, мына жайбарақат түздің аңына дейін
тойынып, жортудан қалған.
Күйшінің есіне бүгінгі қонып шыққан үйі түсті. Қазір түндегі қара мұрт
тағы бір жалдың астындағы ауылға түсіп, қонағасы жеп жатыр. Шанаш
сары қойдың шетінде күзгі отқа жалмаңдай шүйілген бір қоңыр саулықтың
ауызына қарап мəз-мəйрам. Ақ сұр шал қақ төрде қазық жұтқандай
қақшиып, көзін маңдайшадан алмайды. Ойында — баяғыда өзі төрелік
айтқан бір сарт-сұрт салғылас. Анда-санда өз-өзінен бір мырс етіп қояды.
Бəйбіше үйдің күншуақ бетінде ұршығын тоқтата қойып, ауық-ауық
ауызын ашып: «Я, алла, бергеніңе шүкір»,— деп есінеп алады. Ақсары бала
соңына күшік ертіп төбенің басында жүр. Айналаға ауалана қарайды.
Келіншек отауында қыбыр-қыбыр шаруадан жалығып, қос тізесін
құшақтап апты.
Күйші аунап түсті. Төңірекке бүгіндікке құлағын енді салды. Анадай
жерде індігеш бар екен. Шөп басындағы дəннің бəрін ін түбіне сықап алған
дала тышқандары ақырғы шуаққа арқасын төсеп, бір-біріне масаттана үн
қосады.
Күйші көзі боталап көкжиекке қарап еді, даланы қан-жоса қып батып
бара жатқан күнді көрді. Орнынан тұрып, қолына домбырасын алып, атына
барды. Қоңырлыққа құныға тиіскен қара ат басын керенау көтерді.
Күйшінің көкірегінде тағы бір тосын саз қордаланып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |