КӨЛДЕНЕҢ КӨК АТТЫ
Ол əуелі қалаға келіпті. Қалаға келетіні қасында теңіз бар. Теңіз болмаса
ол біздің жаққа келер ме еді, келмес пе еді — кім білсін. Жоға, бəрібір
келер еді. Келетіні — Ахат көкемнің оқ тиген партбилетін саяси бөлімге өз
қолымен апарып тапсырыпты. Ал билетте əлгі қасында теңізі бар қаланың
аты жазылыпты. Қасында теңізі бар қалада ол кемеден түсе салып, əскер
комиссариатына барыпты. Əскер комиссариатынан біздің ауылға қалай
баратынын сұрап біліпті.
Көлік күтіп бір күн жатыпты — кезікпепті. Екі күн жатыпты —
кезікпепті. Үш күн жатыпты — кезікпепті. Төртінші күні — жаяулатып
тартып кетіпті. Қаланың шет жағынан асхана кездесіпті. Асханада украин
борщының бір тарелкасын ішіпті — тоймапты. Екі тарелкасын ішіпті —
тоймапты. Үш тарелкасын ішіпті — тойыпты. «Содан кейін аузыма борщ
тиіп көрген жоқ»,— дейді ол. Соны айтқанда ол міндетті түрде бір
тамсанып қояды. Соны айтқанда мен де міндетті түрде бір тамсанып
қоямын. Өйткені — ол борщты ішіп көрген. Өйтетінім — ол кезде мен ішіп
көрмек түгілі, борщтың əлі атын да естіген
емеспін.
Тамаққа тойып алғасын асхананың көлеңкесіне барып отырыпты. Етігін
шешіп, шұлғауын қайта орап жатса, қоқыс төгетін шұқырды шырқ айнала
тіміскілеп жүрген қабырғасы арса-арса қызыл қаншыққа көлеңкеде тісімен
шыбын қағып жатқан желкесі күдірейген жалбыр құлақ қара ала тебет
дүрсе қоя беріпті. Байғұсты алқымнан алып, бүріп жатыр дейді. «Кəншай,
бəдлес» деп бір рет айқайлапты — қыңбапты, екі рет айқайлапты —
қыңбапты, үш рет айқайлапты — қыңбапты. Жұдырықтай жез тоғалы
қайыс белбеуді алып жіберіп, қара ала төбетті қақ маңдайдан қондырсын
кеп. Əлгі нақұрыс басымен қайғы боп, қыңсылап тайып тұрыпты.
Ол қапшығын жауырынға таңып ап, қасқа жолға түсіп ап, біздің ауыл
қайдасың деп жөнеп береді. Күн бата бергенде айдалада жолдың езуіндегі
оқшау төбенің басына шығып, етігін шешіп, темекісін тартып, аяқ суытып
отырады. Сырт жағынан бірдеңе қыңсылайды. Қасында жатқан белдікті ала
сап, артына жалт бұрылса — анадай жерде шоқиып манағы қызыл қаншық
отыр.
Содан бір адам, бір ит боп бір күн жүреді — біздің ауылға жете
алмайды, екі күн жүреді — жете алмайды, үш күн жүреді — жете алмайды.
Төртінші күні іңірде айдалада лапылдап жанып жатқан отты көреді. Келсе
— асулы қазан. Анадай жерде — киіз үй. Бас сұғып қараса — ешкім жоқ.
Табалдырықтан аттауға бата алмай, маңдайшаны жұдырығымен нұқып:
«Бола ма?»— деп бір рет сұрайды — тым-тырыс, екінші рет сұрайды —
тым-тырыс, үшінші рет сұрайды — тым-тырыс. Болмайды екен деп, кері
бұрылып, кетейін деп жатса, үй сыртынан түйе ыңырсиды.
Ол гимнастеркасының етегін түзеп, пилоткасын шекелете сипап, бойын
тіктеп тұра қалады. Əуелі қоп-қою қараңғының қойнынан жер-ошақтағы
оттың жарығына шағылысып жалтырап келе жатқан темір шелекті
байқайды, одан кейін үсті-үстіне шиыршықтап орай берген қарқарадай
үйме жаулық ағараңдайды, ең соңында барып, етегіне сүріне жаздап,
емпеңдеп жүгіріп келе жатқан кемпірді көреді. Ол бұны көзі шалып қалт
тоқтай қалады. Кемпірдің қалшиып тұрып қалғанын көріп, бұл
бұрынғысынан бетер сіресе түседі. Екеуі екі босағада міз бақпай қатып
қалған екі адамға айран-асыр қап анадайда шоқиып қызыл қаншық
отырады.
Сол екі ортада, өрістегі жылқыны көздеп қайтқан Дайыр нағашым
үстерінен шығады.
Шалын көріп кемпір есін жинайды. Кемпірдің есін жинағанын көріп,
бейсауат жолаушы да есін жинайды.
Үшеуі үйге кіреді. Ол оң босағада тұрған келінің үстіне сылқ отыра
кетеді. Дайыр нағашым шешініп жатып төрге шақырады — шықпайды,
кемпірі дастарқан жайып жатып төрге шақырады — шықпайды. Тіпті
шайды да сол келінің үстінде отырып ішеді.
Бір уақытта үй сыртынан дүсір естіледі, артынан əлдекім:
— Хабарласқандай кім бар?— деп дауыстайды.
— Кім болса да кіре бер!— дейді Дайыр нағашым шайын сораптаған
қалпы.
Сол-ақ екен есіктен иығы жарқыраған бір капитан кіріп келе жатады.
Бейтаныс қонақ келінің үстінде отырған жерінен атып түрегеліп сымша
тартылып, тұра қалады. Қолын шекесіне апарып:
—Жолдас капитан, əскерден босаған гвардия ефрейторы - Қазиев Самат
майданда ерлікпен қаза тапқан командирі гвардия аға лейтенанты Ахат
Бекбаевтың ата-анасын іздеп келе жатыр,— дейді саңқ-саңқ етіп.
Шай ішіп отырған Дайыр нағашым мен кемпір таң-тамаша.
— Отыра бер,— дейді капитан.
Ол майданнан қайтып келе жатқан осы күнгі бухгалтер Бекен екен.
Сонымен Дайыр нағашым, Бекен үшеуі отырып жай-жапсарды түгел
кеңеседі.
Ертеңіне түс ауа біздің ауылға төбеден түскендей боп Дайыр нағашым
келе қалды. Қасында əрі арық, əрі аласа шілмиген жылтыр қарасы бар.
Басындағы бір жапырақ пилоткасын əрлі-берлі қақпайлап, белдігін түзей
береді.
Дайыр нағашымнан естір сөзін əбден естіп алса керек біздің үйде келіге
мініп, келсап таянған жоқ. Оң жаққа етігін шешіп, қақ төрдегі Дайыр
нағашымнан сəл төменірек, екі аяғын астына басып, томпиып отыр. Төрге
малшынып, тосап қонақтап қалған пилоткасын оң тізесінің астына
тығыпты. Қазан жуатын қылдай ұйпаланып қалған қап-қатты шашын төс
қалтасынан темір тарақ ап тарады. Жаңағы ұйысып жатқан бір уыс шаш
тарақ тиген соң əр талы əр жаққа айбат шегіп аңдап-аңдап əре түрегелді.
Сол ербиген шаштың астында бір елідей маңдайдың мезіреті байқалады.
Маңдай жүрген жерде көз жүретіні сірə белгілі. Бейтаныс қонақтың екі көзі
қаз-қатар қадаған екі кішкене мүйіз түйме секілді еді. Ағы да көрінбейді,
қызылы да көрінбейді, майлап қойғандай, бірқалыпты жылтырайды.
Кішкене бетке зорлық жасамай-ақ қояйын деп ұяла біткен тəмпіш
мұрынның астында айналасы оншақты қылтанақтан аспайтын кішкене
мұрт едірейеді.
Аяқ астынан жинала қалған ауыл-үйдің адамдары Дайыр нағашымның
қасындағы бейтаныс кісінің бет-əлпетіне қанша тесіліп қараса да бар
көргені осы болды.
Дайыр нағашым есіктің қыр көзінде отырған менен құман алдырып,
асықпай отырып қолын жуды, асықпай отырып екі танауына кезек-кезек су
атты, асықпай отырып бетін шылады. Сосын ақ орамалға асықпай отырып
сүртінді. Асықпай отырып көрші-көлемнің амандығын сұрады. Асықпай
отырып шаруа бағытын сұрады. Асықпай отырып шай ішті. Дастарқан
жиналған соң, қара құманды қайта алдырып, асықпай отырып аузын
шайды.
Ол асықпанған сайын қасындағы бейтаныс қонақ бір аяғынан бір аяғына
кезек мініп қипақтай береді. Кішкене түйме көздерін нағашымның қызара
бөрткен ұланбайтақ жүзіне əлденеше мəрте жүгіртіп, əлденеше мəрте
аударып əкетті. Мұның бəрін үй-ішіндегілердің қалай түсінгенін қайдан
білейін, мен өзім əйтеуір бірдеңеге жорып, күліп жібере жаздап қысылып
отырдым.
Қасындағы серігінің жайы кетіп отырғанын сезгендей Дайыр нағашым
сөз бастады. Сөзді əріден бастады. Дайыр нағашым əңгімені де асықпай
айтады. Дайыр нағашым жалпы асықтырғанды жақсы көрмейді. Алда-
жалда дызақтап асықтырып жатқан адам табылса, бетің бар, жүзің бар екен
демейді, басыңнан батпанмен соққандай қып, жалпитып тұрып бір
боқтайды. Сондықтан да Дайыр нағашымды ешкім асықтырмайды. Сөйтіп,
жүріп Дайыр нағашымның баптаған аты жүйрік. Сөйтіп жүріп Дайыр
нағашымның жүгірткен иті жүйрік. Сөйтіп жүріп Дайыр нағашымның
кемпіріне қамшысы жүйрік.
Дайыр нағашым қос тізерлеп алған. Көзі адырайып кеткен. Əр қияға бір-
бір кісіні ұрып жыққандай тоқпақ мұрты едірейіп тұр. Сөзі де енді
төкпектей шықты. Қайқы жирен кірпігін қағып-қағып қойып айтып жатыр,
қолындағы қамшымен қос тізесін нұқып-нұқып қойып айтып жатыр,
қасындағы сүлгімен кең маңдайынан жарыса құлап келе жатқан көк терді
жапыра сүртіп қойып айтып жатыр, алдындағы алашаға қонған шыбынды
сабаудай сұқ саусақпен шертіп қойып айтып жатыр... Айтып жатыр... айтып
жатыр. Дайыр нағашым бірауық көзіне көрінбейтін, сонау алты қат
аспанның əлде бір қиырындағы не жеті қат жердің əлде бір тұңғиығындағы
беймағлұм біреумен дауласқандай сабалақ-сабалақ қос уыс қабағын
тікірейтіп, тұздай көкпеңбек көзі ежірейіп едірең-едірең етеді. Сол
құбыжық неме қазір қолына түссе, түтіп жіберердей тістенеді.
Дайыр нағашым сосын бір сəт қимас адамымен бақылдасқандай
тұншыға күңіренеді. Көзін жұмып ап, басын шайқап-шайқап қояды.
Қолындағы сүлгімен енді терін сүртпей, көзін сүртеді. Дайыр нағашым бір
уақыттарда барып қып-қызыл көзін лап еткізіп ашып алып, жан-жағына
жүгірткен соң, мен де төңірегіме қарасам — жұрттың бəрі мырс-мырс...
жылап отыр. Төрдегі бейсауат қонақ жермен-жексен боп шөгіп қалыпты.
Басы омырауына түсіп кеткен.
Дайыр нағашымның əңгімесін аяқтауы-ақ мұң екең біздің үйдің іші
күңірене жөнелді. Кебеженің алдында үш жағына үш жастық қойып, қалт-
құлт етіп əзер отырған əжем əкемнің иығына жармасты. Қазан-аяқ жаққа
бір өзі əрең сыйып отырған анам жалма-жан Дайыр нағашымды құшақтай
алды. Оң жақта менің қасымда бір тізерлеп сызылып отырған Жазира
жеңешемнің білезікті білегі менің мойныма оратыла кетті. Ызы- қиқы
жылау. Ал мен болсам, ештеңеге түсінбей бұлқынып жатырмын.
Өліп-талып жеңешемнің қолтығынан басымды шығарып, төрдегі
бейтаныс қонаққа қарасам, пилоткасымен көзін тас қып бүркеп алыпты. Екі
иығы селк-селк етеді.
Дайыр нағашымның мойнын əжем босатқан соң, анам енді қонаққа
жабысты. Бір шөкім ғана кісі алпамса анамның омырауына кіріп ғайып
болды. Əлденелерді зарлана əндеткен анамның даусына бейтаныс қонақтың
кеңк-кеңк жылағаны қосылды.
Енді оны біздің үйдің адамдары бірінен соң бірі барып құшақтай
бастады. Сол арада ауыл үйдің адамдары да жиналып қалды. Олар да біздің
үйдің бір-бір адамын құшақтап ап өкіріп жатыр.
Сыртқа сытылып шығып, ауылдың желкесіндегі тастақ төбенің
тасасында мен де жыладым. Өзімнен өзім жұбана алмай ұзақ жыладым.
Басқа балалар көріп қап мазақ ете ме деп, жүлгеден-жүлгеге бұқпантайлап
жасырынып жүріп жыладым. Бірақ, неге жылайтынымды өзім түсінбеймін.
Əйтеуір қашан күн батып, қас қарайғанша төбенің тасасында отырдым да
қойдым.
Бір уақытта қасымнан бірдеңе пыс еткендей болды. Орнымнан ұшып
тұрсам, басын жерге салып құйрығын екі бұтының арасына қысып алған
арса-арса арық қызыл ит аяғымды жалап жатыр.
Итті ертіп ауылға беттедім. Жылау тиылыпты. Біздің үйдің алдындағы
жер ошақта от жалпылдайды. Ауыл үйдің əйелдері сол төңіректе, еркектері
— үйдің ішінде. Енді Дайыр нағашымды емес, бейтаныс қонақты ортаға
апты. Дайыр нағашым басын төмен салып тыңдап отыр, əлдене сұрап,
əңгімені бұзған кісіге жалт бұрылып жанарын тіктеп, тежеп тастайды.
Есіктен мен кіріп келгенде де ежірейе бір қарап еді, сып беріп əжемнің
жадағайына қалай кіріп кеткенімді білмей қалдым.
Бейтаныс қонақтың шіңкілдек даусының тынатын түрі көрінбейді.
Отырғандардың тыңдаудан жалығатын түрі көрінбейді. Көзімді ашпай
жатып, əжемнің қасында хисса тыңдап қалған мен əңгімеге құлақ тостым.
Біріне түсінсем, біріне түсінбеймін. Сонда да жалықпаймын. Əуелі əжемнің
құшағында отырып тыңдадым, сосын иығына сүйеніп отырып тыңдадым,
біраздан соң тізесіне басымды қойып, жатып ап тыңдадым. Əйтеуір тыңдай
бердім. Көзім тарс жұмық. Сонда да құлағым түрік. Əжем тізесі ұйыған соң
басымды қасындағы жастыққа аударып салды. Онда да оянбадым. Бірақ
бəрін естіп жатырмын. Менің түсінгенім, мына біздің қонақ батыр. Менің
түсінгенім, біздің Ахат көкем де батыр. Батыр болғанда, кəдімгі
Қобыландыдай, кəдімгі Алпамыстай, кəдімгі Тарғындай, кəдімгі
Қамбардай батыр. Ахат көкем мен біздің қонақ жауды мына көк теңіздің ар
жағындағы Сталинградтан бастап қуғаннан қуып отырып, сонау жеті қат
жердің ең түбіндегі Берлин деген жерге дейін дүркіретіп қуып барған. Сол
арада жетібасты аждаһаны өз апанына апарып тұрып, əкесін танытып, тас-
талқан еткен. Қас дұшпан қашан өле-өлгенінше қарсыласқан. Ақырғы
арпалысында Ахат көкемді мерт қылыпты. Бірақ бəрібір бұлар жеңіпті.
Əнеукүнгі ат жарыстырып, жамбы атып мəре-сəре болған үлкен той
осылардың жеңгеніне арналыпты.
Соны естіп жатып манағы жылағанымды да ұмыттым. Соны естім жатып
маужырап ұйықтап кетіппін.
Ертеңіне елең-алаңнан тұрдым. Қаз-қатар салынған төсектегі жұрттың
беттеріне үңілем. Дайыр нағашым мен кешегі бейтаныс қонақ көрінбейді.
Жүгіріп сыртқа шықтым. Дайыр нағашымның ер тұрманы жым-жылас.
Үйдің көлеңкесіне барсам өре текеметтің үстінде, аймақы сəтен көрпенің
астында бір уыс бірдеңе томпияды. Аяқ жақтағы шөп тырнап ақ жем боп
қалған керзі етік көзіме шоқтай басылды. Мына жатқан — кешегі қонақ. Ол
оянғанша шырқ айналып жүрдім де қойдым.
Күн түсау бойы көтеріле ұйқыдан оянды. Бас жағында отырған менімен:
— Батыр, хал қалай?— деп қол алысып амандасты.
Су алғызып жуынды, оң балтыры — айғыз тыртық, сол қары
шұқырайып ойылып кетіпті, бұғанада тағы бір ай тыртық тағы тұр.
Мұздай суды құйған сайын «пай-пайлап» рахаттанып қояды.
Ахат көкемнің қаза тапқанын естіген жұрт пəлен күн қатарынан бата
оқуға шұбырып келді де жатты. Пəлен күн қатарынан жұрт біздің қонақтың
аузына қарайды.
Сөйтіп бір ай өтті. Сөйтіп екі айдың жүзі ауды. Бір күні қонақ таңертең
шайдан кейін əкеммен ұзақ əңгімелесті. Əңгіме əкемнің бас изеуімен
аяқталды. Екеуі екі ат ерттеп колхоз орталығына кетті. Ертесіне кешкі
сауыннан соң қозы айырғанда өріске қойды əкем емес, қонақ айдап əкетті.
Құдық басына барып қой суардық. Қауғаны əкем тартты. Қойды қонақ
екеуміз бөлдік. Енді мен одан бір елі қалмайтын болдым. Ол соғыс бітерден
аз-ақ бұрын жараланып қайтқан Жанас ағамдай емес, бірдеңе сұрасаң:
«аулаққа ойна» деп қуып тастамайды.
Жанас — біздің жақын ағайынымыз. Бірақ алдынан жүгіріп шықсаң
атына мінгізбейді, қалпағы түгілі қамшысын ұстатпайды. Құшақтайын
десең — үстімді лас қыласың деп зыр-зыр қашады. Үйге келгенде
қамшысын, қалпағын, ақшаңқан кителін, сөмкесін тек Жазира жеңешеме
ғана ұстатады. Жазира жеңешем оның қамшысын, қалпағын, кителін,
сөмкесін ең төрге апарып, керегенің басына іледі. Жанас кебеженің
алдында отырған əжеме барып маңдайынан сүйгізеді: анама бүйірінен бір
түртіп қойып айран құйғызып ішеді, сосын біздің үйдің тап іргесіне
тігілген Ахат көкемнің отауына барып, түймешік бас кішкене қара
домбыраны дыңылдатып жатып алады. Маған құдды бір біздің үйдің
кенжесі мен емес, өзі құсап осы бір талтаңдағаны-ақ ұнамайды.
Мойнынан түспейтін қара сөмкесін ашып қалсаң-ақ қызыл, көк сары,
жасыл, күрең қарындаштар. Бірінен-бірі өтіп тізіледі де тұрады. Шіркін,
қарындаш жасаған ағаштардың исі-ай! Танауыңды жарады. Оған жып-
жылтыр тап-таза қағаздардың исі қосылғанда басым зеңіп, көзім бұлдырап
кетеді. Мен үшін дүниеде осы қарындаштың ағашы мен қағаздың иісінен
асқан əдемі иіс жоқ. Бірақ не керек, оның бəрі қараң дүние... Жанас бермек
түгілі қолыңа ұстатпайды.
Ол Ахат көкемнің отауына кеткенде мен керегенің басындағы сумканы
жайлап барып ашамын да, ішіндегі қарындаштар мен қағаздардың бірінен
соң бірін көре бастаймын. Біздің қоңыр үйдің ішінде пейіштен шыққандай
бір əдемі иіс бұрқ ете қалады. Сырттан сəл тысыр шықса болды, жалма-жан
қара сумканы орнына апарып ілем. Мен Жанасты маңына жуытпай,
қашқақтағанына қарамастан, осы бір қарындаштары мен қағаздарына бола
жағалайтынмын. Енді ол сығыр жолатпаса жолатпай-ақ қойсын. Ол неме
енді біздің үй түгілі біздің ауылда, біздің ауыл түгілі əжем айта беретін
алты қат көктің астында, жеті қат жердің үстінде көзіме неге көрінеді!
Артына бір уыс топырақ! Енді Самат ағам бар!
Біздің қонақтың, Ахат көкемнің жолдасының аты Самат. Жанастай аталас
ағайын емес, көлденең көк атты бөтен біреу болса да, ол кенеп
қапшығынан жалтылдақ дəптер, жылтырақ бояу қарындаштар ап берді.
Олардың иісінің қасында Жанастың қарындаштары мен қағаздарының иісі
жəй əншейін күйген құрым киіздің иісіндей. Күңірсік бірдеңе. Ол аз десең
Самат ағам маған баспалы тіл сырнай əкеп берді. Немістердің жасағаны
дейді. Ерніңе апарып, үрлеп қалсаң болды, сай сүйегіңді сырқыратып,
сарнап қоя береді. Ондай сырнайды Жанастың өзі түгілі жеті ата — тұқым-
тұяны түп-түгел көрген де, білген де емес.
Самат ағам екеуміз үлкен үйдің көлеңкесіне өре киіз жайып бірге
жатамыз. Қашан көзім ұйқыға кеткенше жер-жиһанның сұрағын жаудыра
берем, ол ешқашан бетіңнен қақпайды.
Ертеңіне таңертең суатқа мал айдасып бара жатып та əңгімелесеміз.
Суатымыз — аласа таудың тар қолатына ұйлыға өскен қалың шидің
ішіндегі жалғыз құдық. Біз қара жалдан аппақ шаң көтеріп енді құлай
бергенде жалғыз құдықтың аузына өріп салған тас əйкелдің үстінде əкем
тұрады. Əйкелден сəл төменірек орнатылған сопақша тас астауда күмістей
жылтырап су жатады. Өкпелерін шаң қауып қалған кешеден бері шөл
қойлар құдық маңындағы тепсеңнің күңірсік исі шыққаннан-ақ ентелей
жөнеледі. Сол-ақ екен Самат ағам екеуміз қойдың алдынан шығып, кесек
атып, қайырмалай бастаймыз. Таң атқалы бытырай жайылып келе жатқан
отар етек-жеңі дөңгеленіп бір жерге кеп ұйлыға қалады. Самат ағам екеуміз
қалтамызға кесек, тас толтырып аламыз да, суға асығып, арпалысып тұрған
қойларды он-он бестен бөліп жібере бастаймыз. Əйтпесе əкем су құйып
үлгере алмайды. Əйтпесе, көп қой астау басында бірін-бірі тапап тастайды.
Мұндайда көзіңе қарап, сақ тұрмасаң болмайды. Жаудай жағаласқан шөл
қойлар сəл көзің тайды-ақ құдыққа қарай жапатармағайлап қоя береді...
Самат ағам екеуіміздің қой бөліп тұрғанда да аузымыз жабылмайды.
Шаңқай түсте қой түгел су ішіп шығады. Шөлі қанған отар құдықтың
қасындағы қалың шидің ішінде байыздап жатады. Əкем, Самат ағам
үшеуміз астаудағы суға беті-қолымызды жуып, əйкелдің көлеңкесіне
тамақтануға отырамыз. Тамағымыз қойыртпақ. Кешеден бері ердің артында
жүрген қозы қарын жұмырдың ішіндегі ақырып тұрған ащы айранға мен
сыз тепсеңде жатқан саулықтарды тұрғызып ап сауып, сүт əкеп құям.
Сосын астаудағы мұздай суға малып қойсаң, жұмырдың ішіндегі бал
қойыртпақ жазғытұрымның уызындай тəп-тəтті боп шыға келеді. Содан бір
саптыаяқты салып алсаң — манаурап ұйқың келеді, ал біреуді қомсынып,
екеу-үшеуін тастап-тастап жіберсең ішіңе біреу кеп пеш қыздырғандай өне
бойың тыз-тыз қайнап дөңбекши бастайсың. Ондайда əкем құдықтан тай
терісінен жасалған бір қауға су тартып алады да, тас төбеңнен лақ еткізіп
құйып жібереді, тісің тісіңе тимей, əлгі бір қызыл шоқтай өн бойыңды
өртеп бара жатқан қызудың қайда кеткенін білмей де қаласың.
Қойшекеңнің кейде қойыртпақты місе тұтпай, көңілінің құртқа
шабатыны бар. Мен, əсіресе, далада сүт пісіріп ішкенді жақсы көрем. Оның
талай-талай тəсілін де білем. Ол үшін қазан-аяқтың да қажеті шамалы.
Кəдімгі қозының қарны табылса жетіп жатыр. Жаз болса табаныңды шоқ
боп жалап жүргізбейтін кебір топыраққа не ыстық құмға көме сал, күз
болса сүт құюлы қарынды кішкене шұқыр қазып көм де, үстіне тезек қа-
лап, не томар жағып, от өрте. Бір айналып соқсаң — сүйек-сүйегіңді
шымырлататын бұйра сүт пісіп тұрады. Əлгі аузының суы құрып айта
беретін борщының қандай екенін қайдам, əйтеуір Сталинградтан Берлинге
дейін борбайлап барып, талай жұрттың дəмін татып қайтқан Самат
ағамның жұмырдың асын ішіме жақпайтын еді деп қайтарып беріп
жатқанын көрген емеспін.
Шаңқай түсте құдық басында қойыртпаққа тойып алған соң, əкем
шақшасына бас қояды, Самат ағам шылым орайды, ал мен таусылмайтын
да сарқылмайтын көп сұрағыма қайта кірісем.
— Ау, мылжың бала, қойсаңшы енді. Ағаңның басын ауырттың ғой, түге!—
дейді əкем.
— Ештеңе етпейді, сұрай берсін, — дейді Самат ағам.
Қой десе де қоятын бəрібір мен жоқ. Түс қыза үстімізге бір-бір қауға су
құйып ап, орнымыздан түрегеліп, суат басында байыздап жатқан қойды
қайтадан өргізіп жүріп те аузым тыным таппайды.
Таңның атуы, күннің батуы менің аузым жабылмайды. Таңның атуы,
күннің батуы Самат ағамның аузы жабылмайды. Жалп-жалп сөйлесеміз де
жүреміз. Əкем екеуі күн аралатып қой күзетіседі. Ол күзетке кеткен күні
мен таң атқанша дөңбекшіп шығам.
Түнекке бармайтын күні:
— Самат аға, осы біздің аспанға ғой жұлдыздар шығады, ал Германияның
аспанына не шығады, крест пе?— деймін төсекке құлай беріп.
— Біз барғанда Германияның аспанында да жұлдыз быжынап тұрды,—
дейді Самат ағам.
— Ол қалай? Фашистер крест тақпай ма?
— Фашистерді біз құртып жібердік қой,— дейді Самат ағам.
— Самат аға, Ахат көкем екеуіңіз неше фашист өлтірдіңіздер?— деймін
мен.
— Көп қой.
— Аттарын білмейсің бе?
— Білгенде қандай?..
— Айтшы онда...
— Гитлер, Геринг, Геббельс, Робинтроп, Кейтель, Иодль, Гесс...
— Бар болғаны жетеу-ақ па?
— Жоқ, өте көп. Бұл тек аттарын білетінім. Жұлдызы быжынаған аспанға
қарап біраз жатам да, тағы сұраймын.
— Самат аға, осы мың көп пе, миллион көп пе?
— Миллион көп те.
— Миллионнан не көп?
— Миллиард.
— Ал миллиардтан не көп болады?
— Триллион дейді ғой.
— Триллионнан ба... Триллионнан кейін сан жетпес шығар.
— Сан жетпестен не көп болады?
— Топырақ жетпес.
— Сонда мынау жұлдыздар топырақ жетпестен көп пе, аз ба?
— Топырақ жетпестен қайдан көп болсын.
— Егер бізге топырақ жетпес жау жабылса жеңер ме едік?—деймін мен.
— Жеңеміз ғой,— дейді Самат ағам.
—Əрине,— деймін мен өзіме-өзім жауап беріп.
— Бізде батыр көп. Александр Невский, Минин мен Пожарский, Суворов
пен Кутузов, Ушаков пен Нахимов, Фрунзе мен Щорс, Лазо мен
Пархоменко, Чапаев пен Буденный, Ворошилов пен Жуков, Конев пен
Рокоссовский, Бауыржан мен Мəлік, Төлеген мен Қайырғали, Мəншүк пен
Əлия, сосын Ахат көкем екеуіңіз.
— Иə, бізде батыр көп қой,— деді Самат ағам.
— Самат аға,— деймін тағы да.
— Иə, айта бер.
— Осы Суворов пен Кутузовтың қайсысы күшті?
— Екеуі де күшті.
— Екеуі жекпе-жекке шықса қайсысы жеңер еді?
— Қобыланды мен Алпамыс жекпе-жекке шығар ма еді?
Жоңғарлар мен қызылбастар тұрғанда жекпе-жекке шығып ол екеуіне не
қара көрініпті?
Ендеше, Суворов пен Кутузов та жекпе-жекке шықпайды.
— Айтпақшы, солай екен-ау,— деймін мен кешірек ақыл кіріп. Ұялғаннан
қапелімде үндемей қаламын. Бірақ, көп ұзамай ойыма тағы бір сұрақ
оралады да, көмекейді қытықтап жатқызбайды. Қипақтап əрі жатам, бері
жатам, шыдай алмай тағы сұраймын.
— Самат аға, қазір социализм ғой.
— Иə.
— Социализмнен кейін не болады?
— Коммунизм.
— Ал, коммунизмнен кейін не болады? Самат ағам көпке дейін ойланып
қалады.
— Рахатизм.
— Рахатизм... Енді мен жатып ап қиялдай бастаймын. Шіркін-ай, сол
рахатизмғе тез жетсек. Жер бетін жайлаған əлгі триллион жоқ сан жетпес,
тіпті топырақ жетпес адамдардың бəрі бізбен дос болса, əр қайсысында
Жанастың сөмкесіндегідей он шақты қарындаш, екі-үш дəптер емес,
топырақ жетпес исі аңқыған əдемі қарындаш пен исі аңқыған əдемі қағаз
болса. Менде де болса... Тек Жанаста ғана болмаса. Алақанын жайып
əркімнен барып қағаз сұраса, қарындаш сұраса, ешқайсысы бермесе, «əрі
жүр, аулақ кет, үстімізді былғайсың» деп маңдарына жолатпаса. Тіпті
Жазира жеңешем де жуытпай қойса. Көз алдыма ылғи тырсиып жүретін
сөмкесі қабысып, ылғи шіреніп жүретін иығы солпиып, мөлиіп тұрған
Жанас елестегенде барып, кірпігім айқасады.
Ондайда біздің үйдің адамдары мені таңертең жұлқылап жүріп зорға
оятады. Көзімді тырнап ашып, қою айранды дүрс-дүрс жұтып, елең-
алаңнан қойға кеткен Самат ағаға тартам.
Самат ағамның сағатына қарайтынына біздің үйде ешкім күлмейді. Тек
Жазира жеңешемнің ғана бір-екі жерде мырс ете түсіп, ернін тістей
қойғанын байқап қалғаным бар.
Ал айдалада жападан-жалғыз қойдың шетінде сағатына қарап тұрғанын
көріп былайғы жұрт: «Осы пақырдың есі дұрыс болса жарар еді.
Қаршадайынан Басқұншақтың көк тұзын кешіп, көк бақа боп қалған қара
шекпен неме қойды сағатқа қарап өргізіп, сағатқа қарап иіргенді қай
бабасынан көрді екен!» — деп күледі деседі.
— Қалай, батыр, ұйқы қанды ма?— дейді ол қасына барғанымда.
Басымды бір бұлғаң еткізем. Оным «қанды» дегенім. Сосын манадан бері
ойымда келе жатқан көп сұрақты ұмытып қалатындай-ақ аптығып сөйлей
жөнелем:
— Самат аға... Самат аға, осы Ахат көкем үлкен бе, сіз үлкенсіз бе?
— Ахат үлкен еді,— дейді ол. — Мен оны ылғи «аға» дейтінмін.
— Ахат көкемнің бойы ұзын ба?— деймін мен.
— Ұзын, — дейді Самат ағам. — Біздің батальондағы ең ұзын офицер сол
болатын.
Бұны айтқанда Самат ағам əңгіме Ахат көкем туралы емес, өзі туралы
болып тұрғандай иығын бір керіп қояды.
— Ахат көкем əдемі ме еді?
— Мен өзім көрген жігіттердің ішінде ондай сұлу жігіт көрген емеспін.
Енді мен масаттанып қаламын. Соны сезгендей Самат аға əңгімесін қайта
жалғайды.
—Шашы, мына сенің шашың секілді мөлт қара. Əрі бұйра. Маңдайы да
сенің маңдайыңдай жап-жазық. Сендей тəмпіш емес, қыр мұрын. Дөңгелек
көз. Несін айтасың, сабазың кісі-ақ еді ғой.
Самат ағам күрсініп қояды. Мен де қосыла күрсінем. Əңгіме үзіліп қалады.
Самат ағам кішкене көзі одан сайын кішірейіп, ту-ту алысқа, менің
жанарым жетпейтін шамасы кеше ғана өзі оралған алыс қиырларға қарап
тұрғандай ұзақ тесіледі. Солай тұрады, тұрады да, бір уақыттарда барып
қоңырлықта бас көтерместен қадала жайылып жатқан көп қойға бір
«шəйт!» — деп қояды.
Ондай кезде Самат ағамнан бірдеңе сұрауға батылым бармай мүдіріп
қалам. Сонымды сезе ме Самат:
— Ау, батыр, неге үндемей қалдың,— дейді.
— Менің Жазира жеңешем де əдемі ғой, — деймін мен. — Беті қандай
аппақ-ау, аппақ, көзі қандай қап-қара... Шашы қандай ұп-ұзын!
Жеңешемді одан əрі мақтауға сөзім таусылып, Самат ағама қараймын.
Самат ағам құдды бір ақ көйлегі желбіреп, шашбау таққан қос бұрымы
бұлғаңдап, нұры мол дөңгелек көзінің астымен білдірер-білдірмес қып бір
жымиып қойып, бұралаңдай басып Жазира жеңешемнің өзі келе жатқандай
ауыл жақтағы төбеге қарап тұр екен.
— Иə, Жазира, жеңешең де сұлу... Біздің Ахат аға тегін кісіге ғашық
болмайды ғой,— дейді Самат ағам.
«Ғашық» деген сөзді естігенде құлағым елең ете түседі. Əлденеге екі бетім
дуылдап, тамағым құрғақсығандай.
— Аға, осы ғашықтық деген не? — деймін міңгірлеп.
Самат ағамның да екі беті ду ете түседі. Қапелімде сөз таба алмай абдырап
қалады.
— Қалай десем екен... Əлгі өзің айта беретін Қыз Жібек пен Төлеген,
Қамбар мен Назым, Қобыланды мен Құртқалар бар емес пе? Так... Солар
бір-біріне ғашық қой... Бірін-бірі өліп-өшіп жақсы көреді. Бірінсіз бірі өмір
сүре алмайды.
Самат ағам кенет əлденеге тыйылып қалады. Осы бір түсініксіз əңгімені
одан əрі созбақтағым келмей мен де үнсіз қалам. Көз алдымда қайдағы бір
елестер тіріледі. Мынау Самат ағам екеуміз қой жайып жүрген кішкене тар
қолат аяқ астынан айдын шалқар көлге айналады. Көл жағалап бір қара
қасқа атты жолаушы келе жатады. Қанжығасы толы қаз-үйрек. Тоқсан үйлі
тобырға азық қылайын деп атып əкеле жатыр екен деймін. Тоқсан үйлі
тобыр ауылдың бір шетінде. Самат ағам екеуміз де қара қасқа атты
жолаушыдан көз айырмай қарап тұр екенбіз деймін. Кенет айдын шалқар
көлдің құбыла бетіндегі ақ жұмыртқа ауылдан сылаңдап бір қыз шыға кеп,
қара қасқа атты жолаушының үзеңгісіне жармасқан екен деймін. Қара қасқа
атты қызға бұрылып қарап еді — Ахат көкем секілденіп кетті. Самат ағам
айтқандай, ұзын бойлы, қыр мұрынды, томаға көз сұлу жігіт. Ал, қыз —
аумаған өзіміздің Жазира жеңешем. Үстінде — ақ шыт көйлек, жеңсіз
бешпент, омырауында комсомол значогі. Айтпақшы, Қамбар, Назым
комсомолда жоқ екен ғой...
— Марқұм Жазираны жанындай жақсы көретін. Одан хат алған күні төбесі
көкке жетіп қалушы еді. Мен де почта келген сайын Жазирадан хат бар ма
екен деп тінткілеп бағам. Оның əр əрпі баданадай əдемі жазуын бірден
танитынмын. Көрсем алдымен жармасамын. Сып еткізіп төс қалтама салып
алам. Содан Ахат ағам келгенше, қойныма ыстық күлше тыққан кісіше,
тыпыршып отыра алмаймын. Ахат ағайдың қарасы көрінгеннен-ақ қабақты
тас қып түйемің ерінді дүрдитіп, өз-өзімнен бүліне бастаймын. Айта алмай
жүрген өкпе-ренішімді де сол күні судай сапырып бағам. Ахат ағай менің
ол мінезіме əбден қанық болып алған. Біразға дейін тыңдап-тыңдап
отырады да:
— Арам бала, табан астынан Асан Қайғы бола қалғаныңа қарағанда,
шамасы, Жазирадан хат келген ғой, əкел бері, — дейді.
Мен күліп жіберем. Ахат ағай хат оқып отырғанда мен билікті өз қолыма
алып алам. Старшинаның жылы жұмсағын əлдеқашан былқытып асып
қойғам. Ақаңның да көзін табам. Ендігі командир — өзім. Екі стаканға
сықылдатып құя бастаймын.
Самат ағамның бетіне нұр жүгіріп жадырап сала береді. Көзінің қиығына
қуақы күлкі үйіріледі. Сұйық мұрты əлдекім маймен сылап кеткендей
жылтылдап шыға келеді. Мен оның осы бір бал-бұл жанған жүзінен көз ала
алмай қарап қалам.
Ол қой шетіндегі көк майсаға шынтақтай құлап, төс қалтасынан шылым
суырады. Сіріңке іздеп жатып, əлде неге өз-өзінен мырс ете түседі.
Мен оны полктегі қыз-қырқындардан қызғыштай қоритынмын. Өзім əлі
жүзін көрмеген айдаладағы Жазираға бола қызғанатынмын. Соғыс
аяқталғасын Ахат ағамды бір шағындау неміс қаласына комендант қойды,
Ахат ағам мені тіріде қасынан тастасын ба, комендатураға орналастырды.
Қаламыз шағын болғанмен шаруасы шаш-етектен. Біресе анау жетпейді,
біресе мынау жетпейді. Ахат ағам екеуміз аядай қаланың о шеті мен бұ
шетіне күніне қырық барып, қырық келіп шапқылаймыз да жүреміз. Ара-
тұра комендатураға соқсақ, онда да құлағымызға тыныштық жоқ. Сары ала
таңнан күн батқанша шұбырып келіп жатқан бір жұрт. Бəрінің де тілегін
орындау керек. Біреулерді жоқтық айдап əкеледі, енді біреулері қызмет
сұрап келеді, кей біреулеріне қызық керек — жаңа өкіметтің бет-жүзін
көргісі келеді. Бір күні жасы егдеріп кеткенмен ажары таймаған неміс əйелі
есік қақты. Қасында үріп ауызға салғандай сұлу бойжеткен. Жүріс-
тұрыстарынаң киім-киістерінен тап онша қардарлықтың сыңайы
байқалмайды.
Ахат ағам отырған төргі бөлмеге бастарын бір сұғып еді, шықпай қойды.
Жарты сағат күттім — есік қылп етпейді, бір сағат күттім — есік қылп
етпейді. Əуелі сызылып сыпайы басталған əңгіме енді емін еркінси
бастаған түрі бар. Оқтын-оқтын сылқ-сылқ күлкі естіліп қалады. «Қап,
мына фраудың құдды бір Ахат ағайдың қайын енесіндей шіренуін-ай», —
деймін ішімнен кіжініп, Сағат жарым болды. Екі сағатқа айналды. Енді
шыдап отыра алмадым. Жағаны бір сипап, белдікті бір жұлқып, сарт-сарт
басып кіріп бардым.
—Жолдас аға лейтенант, автомобиль шаруашылығында жұмыс тоқтап
қалыпты, жанар май таусылыпты. Сізді шақыртып жатыр,— дедім бетім
бүлк етпей.
Ахат ағамның шыдамсыздығын білем, орнынан атып тұрды. Сафиян сəкіде
шалқалай құлаған фрау мен фрейлейн де атып тұрды. Ахат ағам олардан
кешірім сұрай бастады. Екі əйел аппақ білектерін қосарлана созып,
көздерімен Ахат ағамды ішіп-жеп барады. Əсіресе, бойжеткен қылмың-
қылмың етеді. Сары шашты сайтан есікке жеткенше артына
қарағыштаумен болды.
Екі əйел есіктен шыға бере:
— Ал, не тұрыс? Машина қайда?— деді Ахат ағам.
— Машина жоқ. Оның да бензині таусылып қалыпты.
— Апырай, енді қайттық.
— Ахат ағам жалма-жан телефонға қол созды.
— Əуре болмаңыз. Автомобиль шаруашылығынан ешкім телефон соққан
жоқ.
Ахат ағам қапелімде түк түсінбей аңырып тұрып қалды. Біраздан соң ғана:
«Ай, арам бала! Бұл фрау осындағы музыка салонының иесі көрінеді.
Салонымды қайта ашсам орыстар қалай қарайды екен деп рұқсат сұрай
келіпті»,— деп қарқылдап күліп жіберді.
Мен де күліп жібердім. Бірақ Самат ағамның ойда жоқта томсырая
қалғанын көріп, аңтарылып қалдым. Самат ағам сағым шалып,
толқынданып жатқан дөңбек-дөңбек бұйраттарға телміріп біраз тұрды.
Сосын төс қалтасынан сағатын алып қарады.
— Қой суаратын уақыт боп қалыпты, — деп буырылға қарай беттеді.
Əншейінде ағыл-тегіл ақтарылып жататын көп сұрақтың ешқайсысы
көмейіме оралмай соңында ілби басып мен келе жатамын.
Кейінгі кезде Самат ағам осылай аяқ астынан мұңайып қалады. Анау күні
ұйқыдан көзінің алды ісіп тұрды. Ол күні таңертең шай үстінде күндегідей
ашылып сөйлеген де жоқ. Сағатты да əжемнің өзі сұрағанда барып айтты.
Басқаларды қайдам, өзім əйтеуір бұнысына түсіне алмай-ақ қойдым.
Əншейінде көзін ешкімге тіктемей, самауыр мен ақ құманға қарап отырып
шай құятын Жазира жеңешем де сол күні жанарымен тым жер шұқып
кеткен сияқты көрінді. Самат ағамның шыны аяғын алдына апарып, бір
түрлі дастарқанды нұқып қалғандай қып, сұлық қоя салды.
Байқаймын, Жазира жеңешем өз-өзінен тұйықтанып барады. Бұрын күні
бойы күйбең-күйбең, үлкен үйден шықпайтын-ды. Енді қазан-аяқтан сəл
қолы босаса, зып беріп отауына кіріп кететінді шығарыпты.
Самат ағадан сұрайтын сұрақтарымның да шетіне шығуға айналдым.
Жаздың жұлдыз самсаған салқын түнінде шалқасынан түсіп екі қолын
тарақтап басына жастанып ап, ойға батқан оны алаңдатпайын деп тым-
тырс жатам да қоям. Анадай жерде, аяқ жағымызда қызыл қаншық
бозараңдайды. Екеумізді əлденеден қорығандай, оқтын-оқтын құлағын
едірейтіп жан-жақтан тың тыңдайды. Секем алардай ештеңе сезілмеген соң
бір уақыттарда басын бауырына тығып ұйқыға кетеді. Самсаған жұлдыз,
білінер-білінбес қып бетіңнен сипаған майда самал, ауыл желкесіндегі ши
арасындағы жайылып жүрген малдың тұяқ сыбдыры, үй іргесінде шөгіп
жатқан боталы-түйенің күрт-күрт күйіс қайырғаны, үй ішінде əжемнің
оқтын-оқтын «О, құдайлап» күбірлегені өн бойымды балбыратып, көзіме
ұйқы үйіріледі. Содан кейін қашан күн шыққанша дүниеде не болып, не
қойып жатқанынан мен бейхабармын.
Бір күні түн ортасында оянып кеттім. Ауылдың желке жағында əлдене
дүрсілдегендей еді. Құлағымды түріп тыңдаймын кеп. Аяқ жағымдағы
қызыл қаншық та басын көтеріп апты.
—Айдаладан қаңғып келген тентіренді неме, көлденең көк атты бөтен
біреу, саған не жорық. Кімді кімнен қорып жүрсің? — дейді əлдекім кіжіне
қырылдап.
— Басы-көзіңнің аманында қараңды жоғалт... Əйтпесе көкеңе көрістірем.
Кəне, бір... екі... үш... Ендеше өз обалың өзіңе...
Сыбырлап шыққан соңғы дауыс таныс сияқты.
Сол екі ортада əлдене ұмар-жұмар болды да қалды. Тек алқынған,
ырсылдаған дауыстар естіледі. Қызыл қаншық үн-түнсіз, сып беріп солай
қарай жүгіріп кетті. Мен де тұрдым.
Ши арасында шөкелеп Самат ағам отыр. Алдында анадай жерде қызыл
қаншық жатыр. Самат ағам мұрнын басып алыпты.
— Не болды, Самат аға,— деймін мен қасына барып.
— Ой, бір доңыз,— деп қолын сілтеді ол, жүзін əрі бұрып. Сосын орнынан
тұрып қалың шидің ішіне беттеді. Қызыл қаншық соңынан ерді. Мен
қалтиып əрі тұрдым, бері тұрдым. Тұла бойым мұздап кеткесін төсегіме
қайттым. Көп ұзамай Самат ағам да кеп, теріс қарап жатып қалды.
Ши арасы тым-тырс. Үйдегі əжем де күбірлегенін қойған. Жазира
жеңешемнің ақ отауы да селт етпейді. Бір сəтке əлдеқайда безіп кеткен
ұйқы көзіме қайта оралды. Ертеңіне таңертең Самат ағам күндегі əдетімен
мен тұрмай тұрып қойға кетіп қалыпты.
Араға бір-екі күн түспей жатып, көптен көрінбей кеткен Жанас келе қалды.
Сол баяғы қалпы. Атына жапқаны — ақ жабу. Үстінде — ақ шалбар, ақ
көйлек, ақ бешпет, ақ кепка. Атын біздің үйдің іргесіне тұсады. Əжеме
келіп қол берді. Апамды жеңге қып, бүйірден бір нұқып қойып ағарған
сұрады. Бір зерең шұбатты басына бір-ақ көтергесін:
— Жазира қайда?— деді.
— Отауында.
— Бала! Бар шақырып кел,— деді маған.
Мен Жазира жеңешемнің отауына беттей бергенде, түнектен əкем де
оралды. Есіктен Жазира кіре бере, Жанас сөз бастады.
— Жазираға кеңседен бір жұмыс тауып келдім. Сіздер рұхсат етсеңіздер,
күніне атпен барып-келіп тұрады, — деді.
Үй-ішіндегілер үнсіз бас изесті. Ертеңіне таңертең Жанас бір жирен атты
жетектеп кеп, Жазира жеңешемді мінгізіп, кеңсеге алып кетті.
Бір құла, бір жирен боп қыр асып бара жатқан қос салт аттының соңынан
көз алмай Самат ағам екеуміз сұлық тұрып қалдық.
Жазира жеңешем күнде сəске түсте атына мініп қызметіне кетеді, күнде күн
ұясына бата қызметінен қайтады. Енді оны таңертеңгі шай мен кешкі астың
тұсында ғана көреміз. Бұрынғысынан гөрі де тараңданып, бұрынғысынан
гөрі де сұңғақ тартып əдеміленіп бара жатқан сияқты. Ұяң жанарында бір
батыл ұшқын тірілгендей. Енді қазан-аяқтың шаруасына көп араласпайды.
Дастарқан жиналар-жиналмаста отауына барып, шыны шамның аядай
жарығына үңіліп сытыр-сытыр қағаз жазады, сырт-сырт шот қағады.
Қасына барған маған бір парақ қағаз бен бір қарындашты ұстата салады да,
тым-тырс жұмысын істей береді. Оның сүйріктей саусағының арасынан
маржандай төгіліп жатқан əріптер мен сандарға телміре қарап ұзақ отырам
да, өз үйімізге кетем. Көлеңке бетке салынған төсекке жатып ап, жеңгем
ұстатқан қағаз бен қарындашты қызықтаймын. Бірақ олардың исі
бұрынғыдай емес, бір түрлі күмілжілеу сияқты.
Самат ағам түнекті өз мойнына алған. Түн бойы қой шетінде. Үйге мал
суарып болғасын бір соғып шай ішіп, ыстық басады да, күн еңкейе
қайтадан атқа қонады. Түні бойы төсекте қатар жатып, əңгіме сапыратын
баяғы əдет қалған. Суат басында да, үйге келгенде де — сөзге сараң. Бұл
күнде менен гөрі — əкеме үйір. Белінің құяңы бар, оқтын-оқтын бөксесін
ұстап жатып қала беретін-ді, оны аяп, қауғаны өзі тартатын боп жүр.
Əкемнің бешпенті тозып, иіні жүдеп бара жатқанына арланатын түрі бар.
Оны өзгелерге, тіпті біздің үйдің адамдарына айтуға да бір түрлі
ыңғайсызданатын сияқты.
Бір күні ол əкеме: «Аға, мен колхоз орталығына барып жарақатыма
берілетін жəрдем ақшамды алып келейін», — деді.
Атына мінгесіп мен де кеттім. Көптен əңгімелеспеген менің тілім қышып
келеді. Аласа бұйраттардың ара-арасымен ирелеңдеп жатқан жымысқы
жолдан іш пысты. Самат ағам қайта-қайта жөткірініп қояды.
Мен одан əрі шыдамым жетпей баяғы сұрақтарыма кірістім. Самат ағам
əуелі жауапты келте қайырып отырды. Бірте-бірте өзі де еліге бастады.
Əңгіме Ахат көкем жайына ауысқанда тіліне көптен орнап қалған тиек
ағытылайын деді.
— Ахат көкем, қаза тапқанда қасында болдыңыз ба? — деймін мен қарап
отырмай.
Самат ағам бізге ере шыққан қызыл қаншық пен орауыз қой төбеттің кенет
жолдан бұрылып əлдеқайда шапқылай жөнелгеніне қарап біраз отырды да,
олардың бір бұтаның түбіндегі індігештің аузын бағып жатып-жатып,
жалыққан соң жолға қарай қайта жүгіргендерін көріп көңілін бірлегенде
сөзін бастады.
— Сол күні мен Берлинге барғым келмеді. Ахат ағам ашуланатын болғасын
əзер кеттім. Біздің қалада жетім балаларға ашылған приюттен ауру шықты.
Дəрігер дəрі жетіспей жатыр деп қайта-қайта телефон соғады. Ахат ағай
қасыма дəрігерді ертіп мені аттандырды. Берлинде де кідіріп жарығам жоқ,
керекті дəрі-дəрмекті алып, ізімше кері қайттым. Комендатураға келсем
Ахат ағай жоқ. «Мана балалар үйі сүт алмағанымызға үш күн болды деп
телефон соғып, шофер екеуі қаланың сыртындағы фермаға кетті», — дейді.
«Енді келіп қалар, отыра тұр»,— дегенге стол басына сəл тізе бүгіп ем,
жүрек тұсы құрғыр бүлкілдеп алып барады. Жүгіріп балалар үйіне соқтым.
«Сүт келді ме? Жоқ!». «Комендантты көрдіңдер ме?» «Мана келіп-кеткен»,
«Одан қайта айналып соқпады ма?» «Жоқ». Комендатураның жалғыз
машинасын Ахат ағай мініп кетті. Жаяулатып фермаға тарттым. Тым-
тырыс. Төңірек көк майса. Үйлері құлап, терезелері үңірейген құбыжық
қала артта қалды. Анадай-анадай жерде оқшау-оқшау тоғайлық. Жалғыз
өзім жүріп келем. Ешкім, ештеңе көрінбейді. Ең болмаса, көк майса шөптің
арасында ұшып жүрген не көбелек, не шегіртке көзге түссейші. Дүниедегі
тіршілік атаулының бəрі əлдеқашан əлдебір жаққа безіп кеткендей. Тек
жүрегім ғана аттай тулап алып ұшып барады. Аяңдағанды місе тұтпай
жүгіріп-жүгіріп қоям. Бір оқшау шоқ ағаштың шетіне іліге беріп ем,
күңірсіген күйік иіс шыққандай болды. Иіс шыққан жаққа қарай ентелеп
келем. Ағаш арасындағы ашық алаңқайда лаулап жанып жатқан отты
көрдім. Жүгіріп қасына барсам — біздің комендатураның машинасы. Жан-
жақта шашылып жатқан кіл темір. Анадай жердегі сыңар доңғалақ пен қол
насос қана аман қалыпты. Басқасын от жалмапты. Айналаға қараймың
ештеңе көрінбеді. Жолдың сілеміне түсіп, ілгері қарай қайта жүгіре
бергенімде əлдене аяғымды іліп қап мұрттай ұштым. Тұрегеп қарасам —
жолдың бойында қағулы шеге тұр. Үстін жапырақпен бастырып қойыпты.
Алдыңғы жақта жол бойында тағы да төрт-бес жерде алақандай-алақандай
көк жапырақтар жатыр. «Сүттің келмеуі алдын-ала ұйымдастырылған
қастандық болды. Мына шегелерді машина жүрмесін деп əдейі қаққан.
Ахат ағайлар доңғалақтары жарылғасын амалсыз тоқтаған. Машиналарын
диверсанттар өртеген болсын ал өздері қайда?» Төңіректе ештеңе
көрінбейді. Ағаш-ағаштың тасасынан əлдекімдер сығалап тұрғандай.
Мойнымдағы автоматты алдым да жан-жағыма шырқ айналдыра оқ
жаудырдым. Ту сыртымнан ағаш басынан бірдеңе секіріп түскендей болды.
Фуражка. Біздің шофер Мишаның фуражкасы. Жалт қарасам — Мишаның
қолы. Былқ-сылқ. Аяғыма оратылады. Екі аяғынан ағашқа асыпты да,
фуражкасын етігінің басына кигізіп кетіпті. Төс қалтасында бірдеңе
ағараңдайды. Бір парақ қағазға орысша: «Жеңістеріңізбен құттықтаймыз»,
— деп жазылыпты.
Тұла бойымдағы барлық қан ойнап басыма шықты. Тісім шықыр ете
қалды. Қолымдағы автоматты сығымдай түстім. Қасқа жолдың бойымен
аяңдамай да, жүгірмей де, алшаңдай басып, ілгері тарттым.
Ағаш арасынан қайтер екен деп сығалап тұрғандар болса, табаламасын деп
аяғымды нық басам. Енді бес жүз қадымдай жүргенде ферма керінді. Тап-
тұйнақтай тап-таза ферманы, мөңіреген сиырларды, ауланың ішінде
қалпақтарын қолдарына ұстап, қаздиып-қаздиып тұра қалған төрт еркекті,
олардың қарсы алдында состиып тізілісе қалған ақ желеңді сауыншы
əйелдерді түп-түгел құртып жіберетіндей боп, қаным қарайып келем. Əр
адымымды санап басып жақындай түстім. Көзім бұлдырап барады. Əлгі
қақшиып тұрған төрт еркек пен сауыншы əйелдер қолдарын созып жан-
жақтан қаумалап келе жатқандай. Қақ орталарына барып тұра қалдым. Бəрі
де қолдарын көтеріп тұр. Қолдарын көтермек түгілі, жата қалып
табанымды жаласа да, шеттерінен баудай түсірейін деп, автоматтың
шүріппесін басайын десем, екі қолым бірдей қарысып қатып қалыпты.
Айқайлауға, ақыруға даусым шықпайды. Тек көзім ғана алдымда
тұрғандардың өңмендерінен өтіп барады. Бəрі мүлəйімсіп қалған.
Қалтаңдаған кəрі біреуі қолын төбесіне көтерген күйі бір қадым ілгері
шықты. Əуелі оның ернінің жыбырлағанын көріп тұрдым да, бірақ не
айтып тұрғанына түсінбедім. Бірте-бірте құлағыма ызың келе бастады.
«Диверсанттар ферманы қамауға алғанына үш күн. Үш күн бойы қалаға сүт
жіберткізбей қойды. Жаңа комендант мырза жақындап келе бергенде оған
тасадан оқ атты. Құлап түсіп еді, сүйрелеп сүт қоймасына алып кетті. Бізді
осылай қимылдатпай қойды. Осы қазірге дейін ту сыртымыздан автомат
кезеп тұрды. Тек жаңа сіз көрінгенде ғана тайып кетті», — деді. Мен оған
алдыма түс деп иегімді меңзедім. Ол алдыма түсті. Қалғандары соңымнан
шұбап келеді. Абажадай үлкен сүт қоймасына кірдік. Ортада үлкен
цистерна. Цистернаның үстіндегі қақпағы ашық. Қалтиып екі етік көрінеді.
Таңертең ғана өзім жалтыратып тазалап берген Ахат ағамның етігі...
Самат ағамның даусы дірілдеп кетті. Менің де көзімнен жас шұбыра
бастады. Алдымда отырған Самат ағамның желке тұсы төрт-бес рет бүлк-
бүлк еткендей болды.
Екеуміз де үнсіз қалдық. Бурыл аттың сол баяғы еріншек бүлкілі. Біраздан
соң ғана барып Самат ағам:
— Ахат ағайды бүкіл гарнизон болып ақ жауып, арулап көмдік. Сосын мен
ол қалада жер басып жүргім келмеді. Командование рапортымды қабыл
алып, əскерден босатты, — деді жеңінің ұшымен көзін сүртіп.
Менің көзімді жас көміп, төңірек бұлдырап кетті. Жан-жақта дөңкие сұлап
жатқан дөңес бұйраттар біресе алыстап кетеді де, біресе дəл көз алдыма
көлкештеп тұрып алады. Қанша уақыт өткенің қанша жер жүргенімізді
біліп келе жатқан мен жоқ. Бір уақыттарда көз алдымда тұман арасында
тұрғандай ерең-серең екі бірдеңе бұлдырағандай болды. Самат ағам əлдене
деп міңгірлеген сияқты. Естіген жоқпын. Əлгі бұлаңдаған екеуге бірте-
бірте жақындап келеміз. Міне, тұсынан өтіп барамыз. Міне, артымызда
қалды. Бірте-бірте алыстай түсті. Самат ағам қайта-қайта артына бұрылып
жалтақ-жалтақ қарағандай болады. Көзімді жеңіме сүйкей сап қарап едім,
жаңа ғана өзіміз тұсынан өткен жүлгенің бойында қосақтаулы екі ат тұр.
Екеуі де ерттеулі. Біреуі — құла, біреуі — жирен. Құла жиреннің жалына
тұмсығын тығып апты.
Тағы да бір жал астық. Қосақтаулы екі ат тасада қалды. Оларды енді
таныдым. Құла — Жанастың аты, жирен — Жазираның аты.
— Бұлардың мұнда неғып жүргені? Аузымнан абайсыз шығып кеткен бұл
сұрақты Самат ағам естімеген болды. Бурыл сол бүлкегімен тарта берді.
Көз ұшынан қылаңытып колхоз орталығы да көрінеді.
Самат ағам қызыл қаншықтың сирағын иіскеп жолды кес-кестеп əрлі-берлі
тызалақтап жүрген ораусыз төбетке қамшысын қайта-қайта үйіріп:
—Қап, мына найсаптарды-ай! — деп кіжініп қойды.
Екеуміз енді қайтып тіл қатыспастан колхоз орталығына жеттік. Самат ағам
ауыл советтің кеңсесіне кіріп, тиесілі ақшасын алды. Сосын анадайда
оқшау ақшиып тұрған дүкенге кірдік. Самат ағам өзіне бешпент, əкеме
бешпент, маған бір көйлек, бір дорбаны толтырып шай мен қант алды.
Буыншақ-түйіншек заттарымызды құшақтап сыртқа шыға беріп-ек
көлеңкеде екі-үш кісі əңгіме соғып отыр екен. Мен танитыннан — ыржық
ауыз Зайыр бар. Соғысқа барғанына бес-алты ай болмай жатып үстіңгі
ерніне оқ тиіп жараланып қайтты. Дайыр нағашым оны: «Қашан көрсең де
жаман қатынның балағындай жалбаңдайтын да жүретін ыржық аузыңды
қалай тауып көздеген. Сені бір ақылды неміс атқан екен» — деп
əжуалайтын-ды. Сол Зайыр: «Соғыста қан төгіп келдім, не істеймін десем
де қақым бар», — деп ел үстінде біраз шолжаңдап, қоймашы болды,
дүкенші болды, қорықшы болды, ендігі кəсібі — осы дүкенге кірген-
шыққанды тору. Міне:
— Əй, шөлмегіңді ұмытып кеттің ғой! — деп Самат ағама жармасты.
— Қайдағы шөлмек?
— Жер түбінен келгенде бір шөлмектің аузын ашпай кетіп бара жатсың, ə?
Əй, бірақ сен тентіренді кəрі төбет құсап, күні-түні іргеде жатып, Жазира
келіннің етегін күзеткеннен басқа не білем дейсің?
Көлеңкеде отырғандар ду күлді. Менің құлағым дыз ете қалды. Самат ағам
түтігіп кетті. Ыржық ауыз Зайырдың жағасынан ала түсті.
—Жұдырықтай болып мынаны қара! — деп, таңданғандары екені де,
шамданғандары екені де белгісіз көлеңкедегілер өре түрегелді.
— Жоқ, қайталап айтшы, кəне... бол... бір... екі... үш... — деп Самат ағам да
кенедей қадалып апты.
— Мынау қайтеді-ай, мынау қайтеді-ай, — деп екі жаққа кезек алақтағаны
болмаса, Зайыр да еш дəрмен қыла алмады.
—Ендеше, үніңді өшір, — деп Самат ағам иығынан бір сілкіп жағасын
босатты.
Атымызға мінгенше ешкім ештеңе деген жоқ. Біз анадай жерге ұзап
кеткен соң ғана қайтадан кеу-кеу күлкі естілді.
Қайтар жол тіпті ұзарып кетті. Ауылға қараңғы түсе зорға жеттік. Кешкі ас
үнсіз ішілді. Жазира көлеңке құсап есіктен үнсіз кіріп, үнсіз шығып жүр.
Мен ол күні атсоқты болып қалсам керек, жастыққа басым тие сала
ұйықтап кетіппін. Түнде біреу маңдайымнан сипағандай болып еді, оны да
жөнді аңғармаппын. Таңертең тұрсам қасымдағы төсек бос жатыр. Бетімді
шала-пұла шылай салып, қойға тарттым. Бір жалдан астым — ештеңе
көрінбеді, екінші жалдан астым — ештеңе көрінбейді. Үшінші жалдың
басында əлдене қызараңдағандай болды. Емпеңдеп қасына жетіп келсем —
қураған адыраспан. Ар жағындағы тар қолатта шашырай жайылып қой
жатыр. Қойдың арғы шетінде басын жерден көтермей тұқшыңдап бурыл ат
тұр. Бурыл аттың көлеңкесінде алдына ақ орамалды жайып тастап,
құбылаға қарап, құмалақ ашып əкем отыр. Оның кімге бал ашып
отырғанын білмеймін. Менің білгенім — Самат ағам бізді тастап кетіп
қалған болды. Ізімше зулап отырып ауылға қайттым. Үй арасында қызыл
қаншық жүрген жоқ па екен деп қарап келем — көзіме түспейді. Жиреніне
мініп ауылдан ұзап шығып бара жатқан Жазирадан басқа келген-кеткен
жүргінші де көрінбейді.
Самат ағамның мінезін жақсы білем. Не айтса да, ер кезегі үш деп үш рет
кезек беретін. Бір күн күттім — келмеді. Екі күн күттім — келмеді. Үшінші
күні ауылға сыйып отыра алмадым. Жан-жағыма қараймын — келе жатқан
ешкім көрінбейді. Ең болмаса қызыл қаншық та жоқ. Ол болғанда, ауыл
айналып тызақтап жүрген мені бүйтіп құлазытып жалғыз тастамас еді.
Құйрығын екі бұтының арасына қысып, басын төмен салып ап, өкшемді
иіскеп қасымда жүрер еді. Аяғымды жалар еді. Қашан қабағым
жазылғанша жалбақтап бағар еді. Ал, біздің ауылдың иттерінің менімен
шаруасы жоқ. Əрқайсысы шоқиып-шоқиып бір-бір төбенің басына шығып
апты. Бүгін байқадым — олардың шетінен құлақтары тік, құйрықтары
қайқы екен.
Көкжиекте көзге шалынардай ештеңе жоқ. Менің далбаса үмітімді
тəлкек қылғандай күн көзі мысқылдай күлімдеп ұясына батып бара жатты.
ЕСБОЛАЙ
Тфу... Уа, тфу!.. Қап, мына енесін ұрайынды-ай! Қашатын шыбыштың
құйрығындай шыжбыңдап тұрмауын. Көптен қолына алған жоқ-ты.
Пернелерін де анада бір келгенінде марқұм Ораз дұрыстап беріп еді. Содан
бері кемпірдің төсек қабында тұрып-тұрып, шегі кеуіп, шыңғырлап
қалыпты. Тфу... Е, Бəсе, сөйтсе керек еді ғой. Бергенше-е-е... «Ау, кемпір...»
Бұ найсап керең боп қалған ба? Əлде əлгі Дүйімбай құсап, о да мұны
шауып алам деп, тұлынын тұтып жүр ме... «Ау, кемпір-ай...» Уай, ең
болмаса, əу десе қайтеді екен. Қап, мына қатынды ма? Қақпыш неме,
бұлданғанда нені қырам дейді екен. Уай, бұл доңызды жер жұтып кеткен
бе түге! Жастық алып бермегенін қарашы. «Бергенше-е-е үш-төрт ешкі-ай
қы-ы-ы-ы-ы ш-ынды-ы-ы-р-ы-ып-ай... Ау, берсейші-ай... бір тар-т-ы-ы-м
күй... е-е-е... ұ-шы-ын-ды-ы-ы-ы-ы...» Мына малғұн не деп күңкілдейді-ай.
Бұған бұ қақпастың да көңілі бітпейді. Иə, иə, баяғыдан бері басын
кіндігіне тығып алып мыңқылдағанша, е осылай, естіртіп айтпай ма?
«Ішіңді не жарып барады!» — дейді. Иə, жұрттың ішін не жарып барады
екен! Олардың ішкен грузин шайын, олардың жеген бидай нанын, олар
жұтқан жүз грамды бұл ішпей, бұл жемей, бұл жұтпай жүр ме екен?
Жұрттың ішкен грузин шайы, жұрттың жеген бидай наны, жұрттың жұтқан
жүз грамм арағы іштерін жарып бара жатқанда, ау, ау, сонда, бұның ішін
неге жармайды екен! Жұрттың қарны қарын да, бұның қарны, немене,
брезент пе? Жарылады. Жарып келді. Ақ-сарысын ақтарып, алдарына
салып келді. Ақ деген жоқ, кек деген жоқ, түк қалдырмай түгел айтып
келді. Қырындысына дейін қырып берді, түге... Бүның іші жұрттың ішіндей
ар жағында не жатса да көрінбейтін құрым киіз емес. Дəл анау кемпірдің
асадалында тұрған арақ ішетін қырлы стакандай мөп-мөлдір. Көре берсін,
біле берсін, ести берсін. Неге жасырынады? Нені жасырады? Жасырынса,
ішіп қалған, жеп қалған ұрлығы барлар жасырынсын. Жалбаңдаса
жағынып қалған жалбаңбайлар жалбаңдасын! Бұл сонша неден қорқып,
неден қорғалайды. Құдайға шүкір қара шал мен қара кемпірдің бұлтарма-
жалтармасы жоқ ақ адал пейілінен жаратылған. Əкесі кім, шешесі кім,
түскен топырағы, шомылған суы қайсы көзі бар кісіге өзінен өзі көрініп
тұр. Кісінің малын малданған, ықыласына жармасқан, абырой-атағына
мінгескен жері жоқ, немесе «ойбай сіз бен біз пəлен жерден шатақ едік,
пəлен жерден бұтақ едік» деп өткен-кеткен кемпір-шалдардың кіндік
араласын бұлдап тағы көрген жоқ. Ау, сонда бұл не деп жалтақтайды.
Жұрттың атасы баққан қойды бұның да атасы бақты. Жұрттың шешесі
илеген пұшпақты бұның да шешесі иледі. Елдің қаны төгілген жерге бұның
да қаны төгілді. Елдің тері төгілген жерге бұның да тері төгілді. Сонда одан
не деп қорғақтайды? Бұл не деп бүгежектеуі керек сонда? Сен кеңсе бағып
отырсаң, мен бақша бағып жүрмін деп пе? Жоқ, сені шешең бір шағылдың
ық бетінде туса, мені шешем дəл сол шағылдың жел бетінде туыпты деп
пе? Не үшін. Өңшең былшылбай «Ішің неге жарылады?» дейді. Жұрттың
іші жарылып жүргенде, бұның басы жарылып жүруі міндет пе екен! Бағың
жанса ашыған айранның бетіндей лепір де жүр, бағың кідірсе қарап жүріп
қан қатып іш мерезденіп, өз буыңа өзің тұншық та жүр деген қай құдайдың
ойлап тапқан заңы. Ол заңын дəрі болса, құдай ез маңдайына шайнап
жақсын... «Қартайғанда түлен түртіп». Сөз болғаныңа! Жас кезімде ертең
алдымнан шығады деп айтпайды, қартайғанда артыма сөз ертіп қайтем деп
айтпайды, онда мұның бəрін қашан айтады. Көрге кіргесін көр тышқанмен
мұңдаса ма? Айтады. Ішектері үзіліп кетсе де айтады. Мен тасып жүргенде
өзгелер жасып жүрсін деген де адамшылық болып па? Жұлқынсам мен
ғана жұлқынайын қалғандарың тұншығып қалыңдар деген де адамшылық
болып па? Онысына, бірақ, ит екеш ит көніп пе! Таласады, шайнасады.
Таласқанды-шайнасқанды қаламайтын ит күдірейгенін қойсын. Осы күні
жұрт аузын ашса «бірлік-тірлік» деп қақсайды да, іс істесе, барлығын
тентек балалардың ойынындағыдай «шілдік-білдік» қылып жіберуге шебер
боп апты. Бұл айтса соны айтады. «Бұл қалай?» дегенді теріс, «Лəббай!»
дегенді дұрыс көретін қай заманда да көр соқырлардың ісі. Бұл айтса соны
айтады. Естіп отырған сөзді тергемей, айтып отырған ауызды тергеу
əуелден ақырға дейінгі барша қиянаттың басы. Бұл айтса соны айтады.
«Сөз болғаныңа!» дей ме-ей мына найсап! Бұрысты дұрыс деп тұрған
бұл жоқ. Өтірікті шын деп тұрған бұл жоқ. Өзгенікін өзімдікі деп тұрған
бұл жоқ. Өзінікін өзгенікі деп тұрған бұл жоқ. Сонда бұның сөзінің аузы
қисық па, мұрны қисық па! Бұл айтса пысықтықты айтты. Пысықтықтың
бұғып жүрмей иығы иығып жүргенін айтты. Айтса, əлгі дүкенші
Дүйімбайдың қатынының ірге жағына жатып ап қағатын шотының
қаралықтарын айтты. Құдайдың жетіп тұрған нəрсесін жеткізбей, өтіп
тұрған нəрсесін өткізбей қоятынын айтты. Ту найсап қатынға сөз қонушы
ма еді. «Тағы да түлен түртіп» дейді. Қайдағы түлен...
Кеше түс қыза бір шаруасы шығып, кеңсенің қасына барып еді, əлгі
Көшен көсе көлеңкеде насыбай атып отыр екен. Шақшасынан бір иіскеп əрі
өтіп кетті. Кеңседен қайта шықса Кəшен кəсе бір дударбас баламен сөйлесе
қапты. «Мына ақсақалға сəлем бер!» деді əлгі дударбасына.
«Əссалаумағалайкүм!» деді əлгі дударбасы қолын беріп. «Əликісалам»,
деді бұл қолын алып. Көсенің көк мүйіз шақшасынан бір иіскеді де
почтаға тартты. Оқудағы жаман қараға аздаған тиын-тебен салып, қайта
шықса, əлгі жылпос көсе шашын дудыратып тағы бір қисық аяқты тауып
апты. «Мынау жалбыр балақ, жалба төсің кім?» — деді бұл. «Қаладағы
жиенім еді», — дейді көсе. «Жиенің болса тап үсіген картоптай
жапырайған мұрнын ұрайын!» — деді бұл. Жапырық мұрын бажырайып
қарай беріп еді. «Ол шалдың мінезі солай. Нағашыңның нағашысы!» деді
көсе сылқ-сылқ күліп. Бұл арқар мүйіз шақшаға бас бармағын тағы да бір
иіскетіп, бас инженерде бір шаруасы болып, кеңсеге қайта кіреді. Барған
шаруасын бітіріп қайта шықса, Көшен көсе отырған көлеңкеге бір шоғыр
адам жиналып қалыпты. «Елдің алдымен емпеңдеп үйге тартатындай сол
қара кемпір мені сағынып қала қойды дейсің бе, онан да былшылбай
көсенің мылжыңын тыңдайын», — деп қастарына барып еді, жылпыс көсе
жылмаңдай жөнелгені.
«Ойбай, Ес-ағасы, үйі құрғыр ысып кеткесін мына көлеңкеге келе қалып
ем, соным осы ауылдың бір ор марқасының басына көрініп тұр екен»,—
дейді ол. «Иə... марқаның басына көрінетіндей сен немене əлгі мал доктор
Матай ине тығып аластайтын түйнеме індет пе едің?» — дейді бұл. «Жоқ,
ойбай... Қаланың мына екі қыл борбайына қай үйге ертіп апарып ағарған
ішкізем деп шақшадай басым шарадай боп отыр еді, тақымдарын тақтай
тескен мына үш сығыр тағы қосылды. Апыр-ау, сонда Ес-аға-сы-ау, жеті
бірдей қазақтың басы қосылып отырып, бір тіс шұқыртатпай, қажаң-
құжаңдаспай, үйді-үйімізге тарап кеткеніміз естір құлаққа ерсі емес пе?
Сөйтсем, мына бухгалтер бала айтады: — Анау ауылдың алдындағы қара
жалда отырған Баламан қойшы өткен тоқсанның сыйлығы деп күре табан
көк қағаздарды күреп-күреп алып кетіпті. Əнеукүнгі ауылдың арасын
шаңдатып көп жүретін екі газик қатынына баланы көп тапқаныңның
байғазысы деп медаль тағып кетіпті. Оның үстіне əлгі ортаншы баласы
жақсы оқығанына мақтау қағазды тағы алыпты. Үшеуіне үш қой сойғандай
осынша қуанышты ол неме бір төбенің басында бір өзі оңаша қызықтап
отырысы анау. Міне, бір тоқтылық адам жиналдық. Қазір дүкенге барамыз
да бір жəшік арақ, бір жəшік кəмпит, бір қап қанты, бір қап ұнымен
Дүйімбайды машинаға отырғызып аламыз да, Баламанға тартамыз. Ор
марқаның басын мүжіп, сорпа-суын ішіп, ыстық басып қайтамыз.
Алдымызға ала қағаз жайып, шық бермес Шығайбай неменің ауыс-түйіс
тиын-тебенін қағып аламыз. Теңде ішіріп жатқан көп ақшаны жарыққа
қайта шығарғанымыз сауап болады. Соның бəр ретін келтіргенмен,
Баламанның есігінен «Ассалаумағалакүм!» деп алдымен аттайтын бір көк
бет шал таба алмай отыр ек. Өзіңіздің келе қалғаныңыз мұнша жақсы болар
ма?» — деп көсе елпілдетіп барады. Бай Баламанды аясын ба, бұл
немелердің құрып отырған құлқындарын бір бітеп келейін деді де:
«Бопты», — дей салды.
Шақшасынан тағы бір иіскеп... «Мұрныңа құрт кіріп кетті ме сонша», —
дей ме, өй мына қатын. Ау, сонда не дегісі келеді. Ал пайғамбар жасынан
астым екен деп, жиын-тойда жұрттың кеу-кеуіне елігіп жүз грамдатқанын
қояды екен. Ал үйде отырғанда насыбай атпай, түзде біреудің шақшасын
көргенде, кеңірдегінің жыбырлап қоя беретінін тидырады екен... Ал, тағы
не дер екен? Қойдыратын, тыйдыратын тағы несі бар екен? Ау, сонда бұған
бұ дүниеде не қалды. Қара күркенің қақ төрінде қақпыш кемпірдің құяң
белін уқалап жатып алу ма! Баяғыда атқа мініп, айқай салып, белсенді боп
жүріп, қартайғанда аса ұстап, таспиық санайтын Қоштай сияқты дүмше
молдалығы да жоқ. Сонда бұл не бітірмек. Сол қу жақ Қоштай-ақ екі
дүниенің қамын бірдей қамдасын. Азғантай тірлікте өңешін бітеп
тастағанда, көзін бітеп тастағанда, тілін кесіп тастағанда, ертең о дүниеге
барғанда құдайдың орнына тұра ма бұл? Құдайға орынбасар керегіп жатса,
ол орынды əлдеқашан əлгі Ораз иемденіп қойған шығар. Елден бұрын
асығып кеткен түрі жаман еді. Бірдеңені біліп жүрген шығар. Аузына
«алладан» басқа сөз түспеген, арақ түгілі ащы шалап ішпеген, жаман
қатынынан басқа ұрғашының өңі түгілі атын білмейтін сол немені-ақ
жарылқап алсын жасағаның!
Əнеугүні бақшадан келе жатып, байғұсқа дұға қыла кетейінші деп,
зиратқа соқса, басында əлгі баласы жүр. «Ау, мұнда неге келдің? Əкең
орнынан тұрып қыдырып кетпеді ме екен деп, шешең жіберген жоқ па?
Тірісінде құрыс күркесінен екі елі аттап шығып көрмеген бұл пақыр өлген
соң қайдан жел аяқ бола қалсын. Жатыр ғой əне, жаман қатынның
бөксесіндей жапырайып», — дейді бұл. «Басын қарайтамыз ба деп келіп
жүр едім», — дейді жігіт. «Осы немеге тас шығындап қайтесің, онан да ана
шешеңе бұзау қамайтын шошала салып бер. Бес күн тірлікте кісінің көзіне
түсіп көрмеген əкең өлгесін атын шығарып кімді қырар дейсің!», — десе,
əлгі жаман неме ыржиып күледі. Марқұм Ораз кісінің бетіне жел боп
келмеуші еді. «Ажал екеш ажал шақырса да, алдынан туралап бармай,
көлденеңдеп бар», — деуші еді. Көлденеңдеп барды ғой, атасының бір
шекесін. Көлденеңдегеніне түкірсін бе өлімекең! Ажал деген ақ берен
мылтық. Атпасың атса мүлт кетуші ме еді. «Жолыңнан қалма» дей ме ей
мына қақбас. Сонда құтыла алмай жүргені бұл екен де. Бұдан құтылғанда
орнына анау əлгі моторист өзгеге огород салдыра ма, доңыз! Е, бұның əлгі
əңгімесін айтады екен ғой. Иə, сонымен сумақай көсенің қасындағы көп
шұбырындыны соңына ертіп алды да, дүкенге барды. Адам дегенің аузы-
мұрнынан шығады. Шаң-шүң. Əсіресе, Бибатпа кемпірдің бажылы құлақ
жарып барады. Дүйімбайдың мұрнынан ақсары бас құрт ыршиды. «Айттым
ғой, кезегің келсін!»— деп шіренеді. «Қарағым-ау, сен де мендей кемпірден
туған жоқ па едің. Түсінсең қайтеді, — деп Бибатпа да шабалаңдап тұр.
— Жалғыз қызымды ұзатқанымды өзің білесің. Артынан баратын ем.
Қолыма ұстай барайын. Бір кілемінді қи, шырақ». «Қайтсын, бұл
сорлыныкі де дұрыс-ау!» — дейді ол ішінен, Бибатпаның бажылын тыңдап
тұрып. «Апыр-май, алпысқа келгенше, сөз түсінбейтін не қылған кісі
едіңіз... Айттым ғой қазақша, алушысы бар», — деп Дүйімбай міз
бақпайды. «Шырағым-ау, сен де бір тоңмойын екенсің, жағдайымды айтып
тұрсам, құлағыңа ілмей қойдың ғой», — деп қанша дегенмен қатын емес
пе, қашанғы шыдасын, Бибатпа кемпір балпылдап жылай бастады. Бұны
сол арада қай құдайдың итермелегенін қайдам, кеуделеп ілгері озды.
«Ойбай, Ес-ағасы, сөзге араласпа. Жолымыздан қаламыз. Əлгі Баламанның
марқасынан қағыламыз», — дейді Көшен көсе шынтағынан түртіп. Бұл
сумақай немені Баламанның ор марқасының басымен қоса-моса бір
жалпайтайын деп тұрды да, дүкендегі келін-кепшіктерден иба сақтап, тілін
тістей қойды. «Ал, сонда алатын кім?» — деді бұл Дүйімбайға иегін
көтеріп. «Бар дегесін жетпей ме...», — деді Дүйімбай, астына насыбай
басқан тілі мен ұртын бұлтылдатып. «Ал, ендеше, алушың бар болса, сол
алушың менмін», — деді бұл, жаймада жатқан ала кілемге кеуделей
тоқтап. «Ол ненің ақысы?» — деді Дүйімбай кергіп. «Мынаның ақысы» —
деді бұл Бибатпа кемпірдің шүберекке түйген ақшасын санап тастап.
«Қойыңыз, жайыңызға жүріңіз», — дейді Дүйімбай. «Қоймаймын, — дейді
бұл.— Бұрын бұл кемпірге неше кілем беріп едің?» «Бір де кілем бергем
жоқ», — дейді Дүйімбай шалқайып. «Ендеше мен де осы жасқа келгенше
бұл дүкеннен бір кілем алмаппын. Мына кемпір екеуіміздің де бір-бір
кілем сыбағамыз бар шығар. Соны біз алдық дейік. Сен бердім де!» — деді
де, жаймадағы кілемді сыпырып ап, төрт бүктеп, Бибатпаға ұстатты.
Дүкен толы жұртта үн жоқ. Оларға кілем ғана емес қызық та керек қой.
Қайтер екен дегендей бұны мен Дүйімбайға қарайды. «Мына шал қайтеді-
ай», — деп Дүйімбай Бибатпаның қолына жармасты. «Мына шал бүйтеді-
ай», — деп бұл Бибатпаға ұмтылған қолын шап беріп ұстап алды да, аузы
ашық тұрған қаптағы ұнға тығып, мытып-мытып жіберді. «Қап, мына есер
атаңа нəлет-ай!» — деді Дүйімбай, ауырып қалған оң қолының ұнын сүртіп
жатып. «Тарт тіліңді, — дейді бұл.— Əйтпесе, анау сүйреңдеп тұрған тілің
мен бұлтылдап тұрған қос ұртыңды жұлып ап, шонданайыңа
жапсырармын».
Одан арғы мылжыңын несіне тыңдасын, шығып кетті. Сөйтсе, Бибатпа
сорлы күйбеңдеп, дүкеннің маңынан кете алмай жүр. «Апырай, біреудің
сілесіне қалған жоқпыз ба? Бұл пəлені балаларым игілігіне ұстай алса
жарар еді», — дейді. «Сен кемпір де қайдағыны оттайды екенсің! — деді
бұл.— Жұрттың сілесі бар да, сенің сілең жоқ па? Елдің сілесіне қалған кісі
құрып кететін болса, алдымен мына Дүйімбай құрысын, артынан біз
екеуміз де көрсететінін көре жатармыз». Бибатпа сонда барып көңілі
орнынан түсіп, үйіне кетті. Бұл бұлақ басына тартты. Көшен көсе
сүмеңдеп соңынан еріп келеді екен: «Қап, əлгі Баламан сығырдың ор
марқасының басы...», — деп міңгірлей беріп еді, бұл: «Əй, басың
мұжылғыр, қақсамай қалшы əрі», — деп жекіп тастады. Қақсауық көсе
қалшиып тұрып қалды. Бұл бұлақ басына жетті. Дүйімбайдың əлгі
былшылына күйініп тұр еді, мотоциклі дырылдап инженер баланың келе
қалғаны. Қарап тұрмай: «Шаруа қалай?» дегені. «Майға піскен нандай», —
дейді бұл. «Бірдеңеге ренжіп тұрсыз ғой», — дейді ол. «Жоқ ой-бай, күле-
күле ішегім түйіліп тұр»,— дейді бұл. «Сізге кішірек насос берерміз, мына
үлкен насостың басқа жерге керек боп тұрғаны», — дегені бір кезде. Бұған
да керегі сол еді. Тасқа түскен қарбыздай қақ айырылды. «Ал, — дейді. —
Ал. Анау жылымшылап ағып жатқан кішкене бұлақ пен мына ескі екі
шығырдың орнындағы азғантай суды қатын балаларыңды ертіп кеп, сорып
алыңдар. Ана қылтиып-қылтиып келе жатқан көк өскінді ешкілеріңе
берерсіңдер, тістеріңмен жұламысыңдар, жоқ, шалғы саламысыңдар, оны
да құртыңдар. Атамнан қалғанда менен қалмас деп пе едіңдер, алыңдар.
Атам Ожырай алты баласынан айырылып, жерге шөгіп қалғанда да, осы екі
шығырды айналдырып, мынау тулақтай жерді тырналағанын қоймап еді.
Айдаладағы жалғыз үй, шешем мені тапқанда, кіндігімді өзі орақпен кесіп,
шапанына орап ап, осы араға əкелген екен. Ана жатқан қара тастың үстіне
шығып, құлағыма: «Əй, құлағыңды ұрайын күшік! Мына адыра қала
жаздаған екі шығырға енді өзің ие бол. Анау екі-үш бұлаққа ие бол. Мына
тоқымдай жерге ие бол. Жазда қойға еріп, қырға шұбырып кететін еліңнің
мына қаңырап бос жататын қара жұртына ес бол. Əй, ұмытпа, ес бол-ай!
Сенің атың — Есболай!» — деп айқайлапты. Сол шалдың айтқанын
орындаймын деп, міне жетпіс жыл ғұмырымды осы ауылдың егінге түсетін
ешкі-лағына əзірейіл көріндім, бақшаға түсетін бала-шағасына да
жаманатты болдым. Айқайлай-айқайлай даусым қарлықты. Əкемнен қалған
екі шығыр, үш бұлақ кешегі қиын жылдары азғантай ел-жұртыңа қалжау
болды. Енді тойындыңдар. Алманы Алматыдан, қауын-қарбызды Сырдан,
ұнды қаптап дүкеннен таситын болдыңдар. Қияндыға енді егін не керек, су
неге керек, жан-жақтан келген тамақты жалмап, жұта беретін кер ауыз, кең
құрсақ болса жетпей ме! Шалдан қалған ескі шығыр күні кешеге дейін
тұрушы еді. Əлгі бастығыңның үйіндегі келіннің бөксесі тоңған шығар,
заманы өтті деп, қиратып ап отын қылды. Мына үш-төрт бұлақтың
иесіндей жарықтық бір сары үйек жылан бар еді. Осы ауылдың балалары,
əкелерінің өші бардай, қуалап жүріп оны өлтірді. Енді мына менің бір уыс
сақалымды қырқып алып, қатындарыңа қазан жуғыш жасап берсеңдер,
сонда дүниені бір жола өзгертіп шыға келесіндер! Бастарыңды ұрайың
өңшең көк ми!», — деді де тайып тұрды. Инженер бала не дейтін еді,
сілейіп бұлақ басында қалды да барды.
Жə, жə, жетер енді. Тілінің ащысын мұның! «Жұрттың аузы-басына
шабынғаныңды қашан қоясың, кəрі азбан. Айғырлығың асып бара жатса,
үйіңе тоқал əкеліп кіргіз!» — деуін. Бұл ақылы басына баяғыда неге
келмеді екен. Қартайғанда бұ да қылжақ қылайын дейді. Болса бопты.
Өйтіп қолтықтан тістегенін қойсын бұл дозақы. Əйтпесе осы балпылдап
отырған жерінде барар да тісін қағып ала қояр.
Содан мана таңертең бұл инженер бала бастыққа қағаз апарып берді
дегенді есітті. Оқыған итке дауа бар ма! Аузымен айтпайтынын қағазымен
айтады. Қолымен істей алмайтынын қағазымен істеп тынады. Бүгінде
алақандай ала қағаздын қолынан келмейтіні бар ма! Шауып та алатын сол,
жойып та жіберетін сол. Дырылдақ мінген сұрша бала кеше бетпе-бет
келгенде ең болмаса, жаман Дүйімбай құсап «атаңа нəлет» те дей алмай,
сазарып тұрып қалып еді. Арам неме түні бойы келіннің қасына да жатпай,
бар зəр, бар уын ақ қағазға түсіріп баққан болды ғой деп ойлады.
Кеңсенің көлеңкесінен шықпайтын сумақай көсе бұны көре-сала
сұңқылдап қоя берді. Кеше бұлар кеткен соң іле-шала дүкенін жауып,
үйіне тайып тұрған Дүйімбай бүгін инженер баланың ізін ала бастыққа,
ағасы Жиынбайға кіріпті. «Аға-еке, мына инженердің қағазын пайдаланып,
əлгі есер шалды бір тұқыртып алмай болмайды. Басқа шығып барады.
Кеше дүкен толы жұрттың көзінше маған айтпаған сөзі жоқ. Аузынан ақ ит
кіріп, көк ит шығады. Өзінізді де сыртыңыздан сілейтіп салды. Сол неменің
құлаш-құлаш шығатын тілін тышқақ бұзаудың құйрығындай қылтасынан
қырқып бермей құлағымыздан қиқу кетпейді», — депті. Жаман неме
қолының қаптағы ұнға қалай сүңгіп шыққанын айтпапты. Қанша дегенмен
бастықтың бауыры ғой. Қаусаған кəрі шалдан таяқ жедім деуге арланған
болар, тілі тиді депті.
Сонымен Жиынбай бұны жиналысқа шақырыпты. Алдындағы көл көсір
стол көл түскен айдын тақырдай жалтырап жатыр. Оны шырқ айнала
жайғасқан орындықтары да шетінен былқылдақ, шетінен жылтырақ.
Орындықтарға отырғандар да шетінен былқылдақ, шетінен жылтырақ
көрініп кетті бұған. «Бала таппайтын қатынның бетіндей боп, бірінен бірі
өтіп, жылтылдауларын бұл зəнталақтардың», — деп қойды ішінен.
Кеңсенің аты кеңсе ғой. Баяғыда ұрыста жүргенде командирлерге
барғандағыдай бас киімін қолына алып жалаңбас кірді. Ол тек жарықтық
кеңсені сыйлағаны. Əйтпесе əлгі отырғандарға: «Ал, кəрі Есболайдың
құрысқан құлағының қақпыш шеміршегі ауруларыңа дəрі болса, кесіп
алыңдар!» — дегісі келіп-ақ тұр.
Сөзді ыңырсып Жиынбай бастады. Ана жылдары аяқ-қолы жеңілдеу,
ұшып-қонып тұратын сияқты еді. Енді шаруа түзелгесін жас босанған
əйелдей ыңырсып сөйлейтінді шығарыпты. Əуелі ыңыранып отырып
дүкендегі кешегі оқиғаны айтты. Көпшілік орнында тəртіп бұзады, қызмет
бабындағы адамға тіл тигізеді деді. Не үшін тіл тигізіпті, не деп тіл
тигізіпті — оны айтпады. Ақсақал басыңызбен бұл қылығыңыз
жарамайды, жасыңызды талай жерде сыйладық, енді кешіре алмаймыз деді.
Заң алдында кəрі де бір жас та бір. Кім болса да адам. Адамның арын
қорлауға жол бере алмаймыз деді. Бұл: «Жарықтық жайсаң сөздер-ай,
мынандай ыңыраншақ ауыздарға қор болған!» — деп қояды ішінен.
Жиынбай сол ыңырсып отырып-ақ, заң жарықтықтың заңғар доңғалағын
бұның үстіне қарай жайлап жылжытып əкеле жатыр. Ретін келтіріп,
шығырдың астына абайсыз түсіп кеткен кəрі текедей бір бақыруға ғана
мұрша беріп, жапыра салмақ. Оның ойынша заң деген мына жұмыр жерді
қатар басып жүргендердің бəріне бірдей ортақ талап, ортақ туралық емес,
бұл құсаған айқайшы аңғалақтар ылғи үйде ұмыт қалдырып, ал өзі құсаған
зілман бөксе зəнталақтар белінен бір тастамайтын, жаны қысылған жерде,
міне өстіп, қарсы келгенге жылт еткізіп қынынан шығарып ала қоятын
қанды ауыз қара кездік сияқты. Мінеки, жылт еткізіп қынынан суырды,
жалт еткізіп бұған көрсетті, бақырауық қораздың өндіршегіндей сорайған
кəрі кеңірдегіне сүп-сүйір ұшын тиер-тимес қып тақап тұр. Қасындағы
мына бір жалбақбайлар ақырзаманның ақыретіне куə болғандай үн-түнсіз
үрпиісе қалыпты.
Ыңыранған неме бұны заңмен қорқытып, жаман Дүйімбайдың алдында
жығып бермек. Сол арқылы өзінің де табанына салып таптамақ. Сосын
кеше ғана күркіреп жүрген көк үлекті салақтаған қызыл өңешін жұлып ап,
қотыр тайлақтай қуып тастамақ.
Бұны əуелі алдына жауырын тосып, жамбас ұстатып алдарқатып, оған
көнбесе жеңінің ұшынан қылтитып қамшы көрсетіп жасқайтын ескі
ауылдың теке сақал бақырауық шалы деп ойлай ма екен. Қазіргідей аспаны
ашық, алды кең мамыра заманда мына сығырлардың халық алып берген
абыройды айбатқа, ел көрсеткен сенімді ел үркітер құқайға, баршамыз
болып жүктеген жауапкершілікті баршамыздың басымыздан секіретін ас-
тамшылыққа айналдырып ала қойғыштарың сірə. Астындағы жұмсақ
орындық бұлардың талай-талай тас төсеніп, мұз жастанғаның
төңірегіндегі ұшқан шыбынның ызыңы білінбейтін тылсым тыныштық
бұлардың жарғақ құлағын талай жарған дүркір мен дүсірді үмыттырайын
деген ғой өзіне. Қияндыдан Варшаваға дейінгі талай жотаның басында сыз
бен оқ қатар жалаған кəрі кеудесін аяқтарына қайдан жыға салсын. Айтып
бол деп ақырын тосып тұр.
Жиынбай сырттан Көшен көсені шақыртты.
— Мені, мына кісілер өз көздерімен көріпті, айтсын, — деді. Ыңыранып
болған соң, ырғалып барып сафиян орындығына отырды. Бұл: «Сен найсап,
қашқанға да жақ, қуғанға да жақ па едің?» дегендей Көшенғе көзін алартып
бір қарап қойды.
Ылғи кенсенің ығында отырып, ылғи осындай бір қуды-кетті дау-
дамайда куəлікте жүретін су аяқ көсе саулай жөнелді. «Иə, кеше Ес-
ағаңның інім ғой, көтереді ғой деді ме екең Дүйімбайға аздап артық кеткені
рас. Бірақ енді ағаның ініге батып сөйлейтіні ата-бабаның қашаннан
дəстүрі. Кəрі кісі болған соң, Ес-ағаң да сол бір ескі салт бойынша...», —
дей бергенде, бұл қашанғы шыдап тұрсын, киіп кетті. «Иə, сумақай, осы
күні көрінген жерде атам-заманғы ата-бабаны көрінен суырып ап көлденең
тартатын əдет шыққан екен. Ит жылы сүйектері қурап қалған о
байғұстардың құлақтарын шулатып қайтеміз. Бір Дүйімбай үшін манадан
бергі менің құлағымның шулағаны да жетер», — деді.
«Міне, енді бұ кісі сөйтеді», — деп көсе мүдіріп қалды.
Əй, сосын бұл айтты-ай кеп. «Ау, бастық бала, сенің əлгі айтқан заңың
мен дегенде орнынан шыға келеді де, ал Дүйімбайға келгенде ит арқасы
қиянға командировкаға кетіп қала ма осы», — деп бастады.
«Дүйімбайға кешегі менің істегенім, дұрысына келгенде, əлдеқашан
сенің істейтін ісің емес пе еді. Оны сен істегенде мына жұртың «міне,
əділдік» деп таңдайларын қағар еді, мен істегесін тəртіпсіздік болып тұр.
Сонда Бибатпа бейбақ тулақтай кілем таба алмайтын елдің қоры ма еді?»
— деді. «Кезек бар емес пе еді, алдын-ала жасалған тізім бар емес пе?» —
деді бастық. «Ол кезек Дүйімбайдың жамағайындарын адалап шыққанша,
Бибатпаның ұзатқан қызы, аман болса, қара домалақтарды қозыдай өргізіп
қалай еді əлгі, батыр қатын атанып отыратын шығар», — дейді бұл. Стол
басындағылар күлерін де, күлмесін де біле алмай шаққа отыр.
Дүйімбай шыдай алмай ұшып тұрды.
«Бұл шалдың əңгімесі ылғи осылай келеді. «Ағайының», «тұқым-
теберің» деп келеді», — деді. «Дүйімбай бала, шыдай тұр, айналаңдағы
азғантай ағайыныңнан басқа да жалпақ жұртың бар екенін ұмытпасаң,
сенің тұқым-тұяғыңда менің ала алмай жүрген өшім бар деп пе едің.
Аруақтарыңнан айналайын, ата-бабаң жақсы болса жақсы шығар. Ата-
бабаның жаманы болушы ма еді, тəйірі. Қайсымыздың ата-бабамыз
қағанақты жарып шықпай, қара жерді тесіп шықты деп ең. Бірақ, тек
ағайынның аузы бір, ел ұйтқысының бүтін болуы үшін жер басып жүрген
бəріміздің бір кемпірдің етегінен өрбуіміз тиіс пе еді! Дүйімбай бала-ау,
атам деді, анам деді деп, əркімге бір шаптыққанша, соны неге
ойламайсың?» — дейді бұл.
Сыздаған Жиынбай қызараңдап тақтайды тақылдатты: «Отағасы,
абайлаңыз, бұл не сөз? Бес қазақты онға бөлетін осындай жікшіл əңгіме
неге керек осы?» — деп кемеңгерсіді. Манадан бері əңгіменің қалай
бұлтаратынын біле алмай пұшайман боп отырған стол басындағылар
көнілдене бас изесті. Əлгіндей əдемі сөзден, қапелімде бұ да сасайын деді.
«Бəсе, сүйдесеңізші»,— деді Дүйімбай қопаңдап. «Бастық бала, — деді
бұл да безеріп,— Дүйімбайыңды қойып, осы столыңның басына қарашы
өзің. Немене, мұнда я жерлейтін əкеңнің шаруасына, я ұзататын қызыңның
шаруасына ақылдасуға шақырдың ба мына ағайындарыңды? Бұл сіздің
үйдегі келіннің дастарқаны ма, жоқ бəрімізге бірдей ортақ колхоздың
басқарма жиналысы ма? Біле алмай тұрмын, өзің айтшы».
Жиынбайдың беті желіндеп алды. Алдындағы жып-жылтыр ақ қағазға
қарап біраз отырды. Сосын: «Ал, не дейсіңдер?» — дегендей төңірегіне
қарады. Ол қараған жұрттың бетіне бұ да үңілді.
Стол басындағылар кібіртіктеп қалыпты. Біраз күттіріп барып,
Жиынбайдың оң қолындағы зоотехник орнынан көтерілді. «Иə, бұл жасы
үлкен кісіге жараспайтын қылық. Мінезім осылай деп, бас жоқ, көз жоқ,
көрінген жерде ауызға келгенді айта беруге бола ма екен. Егер Ожыраев
жолдас соншалықты шыншыл, соншалықты адал болса, Дүйімбай
жолдастың кемшілігін осында кеп айтпай ма? Не жиналыста сөйлемей ме?
Меніңше, бұл кісі кешегі ерсі қылығын ақтау үшін бəрімізге тиісіп отыр»,
— дей беріп еді: «Қарағым-ай, Дүйімбайларыңның бабын табу қиын боп
тұр ғой. Бетіне айтқандай бұзақы боп отырмыз, сыртынан айтсақ жалақор
атанатын шығармыз. Жиналыста сөйлейтіндей мен соның орнына таласып
жүр дейсің бе? Кемшілігін көрген жерде айтпай, жан-жаққа хабарлап
даңғыра қағуға өздеріңіз секілді қағаз күйелей де білмейміз», — деп бұл
қыстырылды.
Манадан бері шеткі орындықта қаршығадай түйіліп үнсіз отырған қара
сұр инженер сөзге енді араласты. «Біз осы қарияның əлгі əңгімені қайда
айтқаның қалай айтқанын қайта-қайта қаузай бергенше, бұл кісінің не
айтып отырғанын неге талқыламаймыз», — деп салғаны. «Айтпақшы,
Ожыраев кеше бас инженерге де тіл тигізіпті. Ол турасында бұл кісінің
түсірген арнайы документі бар», — деді Жиынбай. Жаңағы əңгімеден
еңсесін тіктеп алған бұл мына сөздің тұсында қызарып кетті. «Мен
ақсақалдың ол сөздеріне шамданғаным жоқ. Қайта солай батырып айтқаны
мен секілді жас маманға жақсы сабақ болады деп білем. Ол үшін осы арада
бұл кісіге рахмет айтқым келеді», — деді бастық сыздап. «Қалай айтса да
дұрыс мəселені айтқасын бəрі бір емес пе?» — деді бес инженер міз
бақпай. «Ендеше, мына қағазды не үшін жазып отырсыз?» — деді
Жиынбай суырмасынан төрт-бес парақ қағазды стол үстіне сарт еткізіп
тастай салып. «Қағаз болса, арыз боп шығуы міндетті емес шығар. Мен ол
қағазда кешегі Ожыраев жолдастың айтқан əңгімесінен кейін көңіліме
оралған ойларым мен ұсыныстарымды жаздым. Бірақ, ол мəселені бүгінгі
əңгімемен араластырмауыңызды өтінемін. Кейін Есболай қарияны, басқа да
көне көз кісілерді қатыстыра отырып талқылағанды дұрыс деп білем», —
деді инженер.
Қара сұр баланың мына сөзі бұның қақпыш денесінің бар құрысқан-
тырысқанын бірден жазып жібергендей. Төменде жүргенде ылғи періште
боп көрініп, төбеге шығып алғасын нағыз перінің өзі боп шыға келетін сөзі
жақсы, көзі жылы жылмаңтөстер болмағай. Əзірге бас қондырысы дұрыс
сияқты. Соның сөзі түрткі болды ма, былайғы жұрт түгілі басыбайлы
əйеліне жұмған аузын ашпайтын Баламанның өзі: «Ағайын болсаң да
айтайын, Дүйімбай. Сен де бір қарап жүре алмайтын соқтықпа сорлысың.
Асарын асап, жасарын жасап болған Есболайдың тілін күзеймін дегенше,
өз жөніңді түземейсің бе?» — деп дүңк еткені.
Жиынбай қанша дегенмен талайды көрген жырынды неме ғой, əңгімені
одан əрі созғысы келмеді. Тəртіп жағын баса айтты. Дұрыс сөз, дұрыс істің
əзінде де тəртіптен аспау керек екендігін ескертті. Жиналысқа шақырғасын
құр жіберу қиын ғой. Ауызша сөгіс берді, бұ да оларды аз сөккен жоқ.
Немене, немене... Не дейді-ай мына сорлы. «Ақ тауды айырып, қара
тауды қайырып келген екенсің ғой», — дей ме-ей! «Бір кілемге бола сонша
айтпасты айтып...» Пəш-ту... əңгіме кілемде ме екен! Орайы келгенде
айтылмаған сөздің атасы өледі. Əншейінде көлеңкеде отырып пыш-
пыштағанда жұрттың бəрі де мəтіби. Ал, бетке айтуға келгенде бас көтерер
жан табылмай қалады. Бəрі де құдайдың ең бір пəтуалы əңгімесін
сыбырлап айтады да, қайдағы бір алары жоқ, қосыра жоқ қысыр сөзге
келгенде айдай жұрттың алдына шығып ап сампылдайды-ай кеп. Олар
сүйтіп жыбырлап-сыбырлап жүргенде жаман Дүйімбайлардың бөркі
дағарадай боп, бетіне қаратпай кетеді... «Айтып таусып аларсың» дей ме
ей... Осылар құсаған бұқпантайлар құрымай бұрыстық құритын ба еді...
«Осындай ақкөкірек адыраңбайлығыңнан ер атыңды есер атандырдың»...
Пəшту, тұтақ. Ер Есболай деп жүрген де өздері, есер Есболай деп жүрген де
өздері. Өздері өзгермесе Есболай өзгерген жоқ... Иə, иə, тап солай.
Дүниенің бəрін дұрыстау бұған қалған... «Денсаулығын күтіп жөніне
жүрмей...» Өйткен денсаулықты шайына қатық қыла ма, əлде жетпіске
келгенде космонавт боп көкке ұшам дей ме... Қатын ит те былшылдай
береді-ау. «Басыңның қадірін кетіріп», — сонда бұның көрсе де көрмеген,
білсе де білмеген боп қадірлі болған басың бұл бейбақ, ертең алтынмен
аптап, күміспен күптеп төрге іліп қояйын деп жүр ме екен-ай! «Жөніңе
өлмей!». Əй, бұл сендерден өлсе де артық болады. Сендер тірілей өліп,
іштеріңнен тынып жүргенде бұл ол заңғарлардың «бұл Есболай баяғыда
бізге бүйткен» деп өлген сон да жүйкелеріңде ойнап жатады əлі... Қазір
«жынды Есболай» дегендеріңмең ертең «жарықтық Есболай!» дерсіңдер
əлі... Бұ қатын да сандала береді екен!.. Құдадан не деп қорқады? Ол
неменің бұл қазанын тегіп пе, сабасын тесіп пе? Ол шал сорлатқанда
көзіне көрінбейді ғой. Көрінсе оған да айтатын көптен көкейінде жүрген
бір-екі ауыз сөзі бар еді... Жə, жə... пəскектемей болды енді...
Бергенше-е-е-е-й үш-төрт ешкі-ай қышындырып-ау!
Берсейші-а-а-а-й бір тартым күй ұшынды-р-ы-ып-ай... О несі-ай!
|