МІНЕ, КЕРЕМЕТ!
Əлгі бір арифметика оқулықтарында жазылатын еді ғой. Дəл сондай. Бір
үлкен тораптық станцияға екі жақтан екі поезд келе жатты. Екеуі де аттары
əлемге əйгілі екі үлкен қаланың арасына күнбе-күн қатынап тұратын
ұшқыр поезд. Екеуінің де келе жатқан жылдамдығы бірдей. Екеуі де əлгі
тораптық станцияға бір шамада барады. Екеуінің радиосы да қазір елімізде
гастрольде жүрген шетелдік атақты джаз-оркестрінің концертін беріп
жатты. Бүкіл планета түгел білетін сазға екі поездағы үлкен-кіші жаппай
қосылып келеді. Жастар жағы темір еденді добалдай бəтіңкелерімен дүрс-
дүрс тепкілеп, «емін беріп бағуда». Əйелдер жағы нəзік танауларын лүп-
лүп желбіретіп ыңырси əндетеді. Етжеңді еркектердің үрген доптай жуан
қарындары да бүлкілдеп қояды. Екі поездың да вагон-ресторанға таяу орта
тұсындағы бір кезде «халықаралық» деп дабырайтып аталатын, қазір,
кейбір қужақтар «көшпелі казино» деп күлетін купелер екі орындық
жұмсақ вагонында есікке жапсырылған көлдей айнаның алдында сақа
жігіттерден «гөрі, ересектеу», «жігіт ағасыларынан» гөрі «балаңдау»
жұмыр мойын, қозы қарын екі еркек электр ұстарамен қырынып тұр. Екеуі
де ойнақы əуенге елігіп, піскен помидордай томпақ ұрттарын қайта-қайта
бұлтыңдата береді.
— Пам-пам, па-па-па... Күн кешегіден де ыстық білем,— дейді шығыстан
батысқа қарай бара жатқан поездың жолаушысы.
— Там-там та-та-та... Құдайдың күні шыжиын деп-ақ тұр екен,— дейді
батыстан шығысқа қарай бара жатқан поездың жолаушысы.
Екеуі де қылтанақтан айырылып көктағанақтанып қалған тақыр
иектеріне əуелі атақты болгар кремін жағып ысқылады, сосын құтыға
құйған қияр суымен беті-қолдарын, мойындарын сүртіп шықты. Осы бір
сиқырлы қимылдардан əп-сəтте жасарып-жаңғырып қоя бергендей көрінген
жылмағай беттерінде көздеріне түспей қалған безеу-мезеу жоқ па екен деп
тінткілей қарады. Əйтеуір, қазекемнің доғал шықшыт, дөңгелек жүз екі
шара беті корольдың қабылдауына барса да, ешкім мін таға алмастай боп
қапысыз ысқыланды, майланды, сыланды-сипанды. Сосын екеуі де өткен
олимпиялық ойындарға қатысқан спортшыларға арнап тігілген пішімдегі
еті мен ет сыптима көкшіл шалбардың үстіне қобажақтай үнді шытынан
тігілген шытыра өрнекті жейдені желең іле салды. Екеуі де қазір станцияда
сыртқа шығып «ауа жұтпақ». Егер базар жақын болса, осы кезде исі
бұрқырап, бауырынан жарылып жататын əйгілі түстік қауынын алмақ.
Поездар станция шетіне ілігіп те қалды. Терезеден шлагбаумды сүзе
тоқтаған машиналар, арбалар, салт аттылар, есек мінгендер, велосипед
мінгендер, мотоцикл мінгендер, жалауша көтеріп қаздиып-қаздиып тұрған
стрелочниктер, жүкті составтар, бос составтар, су мұнарасы, үйлер жылт-
жылт қалып жатыр.
Екеуі де ентелеген жұрттың алдымен де емес, соңынан да емес жуан
ортасында перронға түсті. Екеуі де қарсы лап берген шелек-шелек жеміс,
теңкиген-теңкиген қауын-қарбыз, ағаш, қалайы, шыны, пластмасса
ыдыстармен айран, қымыз, шалап, қымыран көтерген қалың нөпірден зорға
жылысып вокзал үйінің сыртындағы шаңдақ базарға беттеді.
Осы кезде пісетін «көкөніске» толып тұрған ұзын шұбақ жаймаларды
екеуі екі жақтан жағалап келеді. Екеуінің де жігіт боп қалған жалбыр балақ,
дудар шаш балалары қапталдарына жалт-жалт қарап домаланып жатқан
тарғыл, сары қауындарға қайта-қайта жүгіріп барып:
— Папа, мынау қалай?— деп қояды.
Екеуінің əйелдері де еріндерін шүйіріп, қолдарын сілтейді.
Екі еркек тағатсыз балаларын арқадан қағып сабырға шақырады.
Екеуі ұзыншұбақ жайманың дəл қақ ортасына жете бергенде бірін-бірі
көздері шалып қалды.
— Оһо!— деді екеуі де қос қолдарын жоғары көтеріп.
— Міне, керемет!— деді құшақтарын жайып.
— Ал, халің қалай?— деді екеуі де, бірін-бірі күресетін адамдай айқара
құшақтап ап, арқадан қағып жатып.
— Жақсы,— деп бір-біріне жарыса жауап берді, енді қол алысып тұрып.
Екеуінің əйелі де əуелі қастарын керіп қайран қалысты. Сосын көздерін
ұшқындатып, тістерін ақситып, наздана езу тартысты. Екі бала жігіт
бұртиып, аш бүйірлерін таяна қапты.
Екі еркек езулері екі құлақтарында, бəйбішелерінің қастарына келді.
— Танысып қой, менің бірге оқыған жолдасым,— деді екеуі де уəделесіп
қойғандай бір уақытта, бірін-бірі кеудеден нұқып.
Шаштарын төбелеріне қоқайтып сəндеп түйген «шөмеле» прическалы,
жастарын паспорттарына ғана қарап ажыратуға болатын, өңдері тая
қоймаған қос келіншек тістерін ақситып қолдарын ұсынды.
Екі еркек тізелерін тіктеп, бастарын иіп, біреуінікі қоңыр, екіншісінікі
аппақ — сүйрік саусақтарға еріндерін тигізді.
— Менің зайыбым,— деді екі еркек енді əйелдерін меңзеп.
Еркектер бас изесті. Əйелдер өздері қол алысып, аттарын атасты.
— Апырай, зымырап бара жатқан уақыт-ай!— десті екі еркек талайды
көріп, талайды түсінген кейуана кəрінің ролін ойнап тұрған артистердей
тақпақтай сөйлеп, күңірене күрсініп.— Біз институт бітіргелі де он жеті
жыл бопты!
Екі еркек қолтықтасып алға түсті. Қос келіншек соңдарына ілесті.
Анадай-анадайда одырая қарап тұрған екі бала ілбіп басып арттарынан
жүрді.
Екі еркек қауқылдасып жағдай сұрасып келеді.
—Аудандағы азғантай бастықтың біреуімін,— дейді шалғай облыс жақтан
келе жатқан поездан түскен жолаушы.
—Тресте орынбасармын,— дейді астана жақтан келе жатқан поездан
түскен жолаушы.
— Əйелім дəрігер,— дейді алыс ауданның азғантай бастықтарының бірі.
— Менің зайыбым оқытушы, институтте сабақ береді,— дейді астанадағы
трест бастығының орынбасары.
—Екі ұл, бір қызымыз бар,— деді дəрігер келіншектің күйеуі.
—Бізде екі қыз, бір ұл,— деді оқытушы келіншектің күйеуі.
—Демалысқа келеміз,— деді астанаға келе жатқан жігіт.
—Біз де солай,— деді астанадан кетіп бара жатқан жігіт.
—Кейінгі жылдары жүрегі құрғыр шортан балықтың құйрығындай
шошаңдай беретінді шығарып жүр. Оның үстіне қан қысымы жоғары. Осы
тұрғанның өзінде қос құлағым айран толы местің пұшпағындай кілкіп тұр,
— дейді ылғи алдымен сөз бастап, ақтарыла сөйлейтін ауданнан келе
жатқан жігіт.
—Мен де солай. Екі жылдан бері емделіп жүрмін, — деді аңысын аңдап,
əңгіменің соңын алып сөйлейтін астанадан келе жатқан жігіт.
—Қасымыздағы баламыздың үлкені,— деді алдымен сөйлейтін жігіт.
—Ендеше, біздің бала екеуі құрдас екен,— деді соңынан сейлейтін жігіт.
—Осы ай ыстық болатын рай танытып тұр-ау,— деді ауданнан келе жатқан
жігіт аспанға көз тастап.
—Газеттер солай жазды ғой,— деді астананың жігіті мəжілістесінің жүзіне
үңіліп.
Сол екі ортада репродукторлар самбырлай жөнелді. Вокзал дикторларына
тəн біртүрлі қалғып отырған кісідей күмілжіп сөйлейтін күлгін дауыс көп
ұзамай поездың аттанатынын хабарлады.
Ойда жоқ жерде жолығысып қалған екі семья бір-біріне қабаттаса
тоқтаған ұзын составтардың ортан беліне жете беріп кідірді.
—Ал, сау тұрыңыз. Жақсы дем алып қайтыңыз, — деді ауданда тұратын
жігіт.— Келер жолы біздің жаққа келіңіз. Теңізге шығамыз. Құс атамыз. Өз
алдымызға кең үй-жайымыз бар. Аунап-қунап қайтасыздар.
—Біз оралғанша қайтып кетпесеңіз, үйге соғыңыз. Тауға қарай көтерілетін
үлкен көшедегі биік үйдің бесінші қабатында. Қырық бірінші пəтер. Дачаға
барып алма тереміз. Зайыбымның өзі қайнатқан қарақаттың вареньесімен
шай ішесіздер,— деді астанада тұратын жігіт.
Екі еркек қол алысты. Екі əйел сүйісті. Екі бала бірінін қолын бірі үнсіз
сілкіледі. Екі поезд аңыраған гудок беріп, бірі батысқа қарай, бірі шығысқа
қарай жөнеп кетті. Көкшіл вокзал, қауын базар, шелек-шелек жеміс-жидек
көтерген қатын-қалаш, бала-шаға, сорайған су мұнарасы, шлагбаумды сүзе
тоқтаған жүк машиналары, арбалар, аттылы-есекті, мотоциклді-
велосипедті жолаушылар көзден бір-бір ұшып артта қалып жатыр.
Вагондарына оралған екі еркек купелеріне кірмей, коридорда терезеге
қарап тұр. Бетон бағандардан басқа ештеңе көзге шалынбайтын жылмиған
жазық басталды. Аялдама кезінде сөйлемей қалған радио қайтадан
қырылдады. Радистің қыдырма саусағы əр əуе толқынынан бір-бір
дыбысты үзіп-жұлып, күллі əлемді шарлап жүр. Біресе сырнайын
сызылтып, даңғыра қаққан шығыстың зарлы сазын безілдеген балалайка
үні басып кетеді. Біресе қолына жазып берген қағазды зорға жүргізіп оқып
тұрған біреудің жүрексінген даусы Латын Америкасындағы бір елде болған
таяудағы төңкерістің егжей-тегжейін сарнатқан заржақ коментатордың
тақылдақ дауысымен алмасады. Радист соның ешқайсысына місе тұтпай,
қабылдағыш байғұстың құлағын өші бардай өршелене бұрайды.
«Өзі баяғысындай емес, тым сырбаз боп кеткен екен»,— дейді екі
еркектің екеуі де кенет үнсіз ойға шомып.
«Аудандағы азғантай бастықтардың бірімін дейді. Жаман емес. Енді бір
секірсе бірінші бастықтың өзі боп кетуі де мүмкін. О баста-ақ аузымен орақ
орған неме еді. Біраз жерге бармай қоймас»,— дейді астанада тұратын
лауазымды жігіт.
«Бұл өзі жымиып жүріп-ақ шаруасын бітіретін жымысқы неме еді. Белді
треске орынбасар болып апты. Аман болса астанадағы талай-талай жұмсақ
креслоға бір-бір отырып шығатын шығар»,— деді ауданда тұратын
лауазымды жігіт.
«Осы неме баяғыда сауда техникумында оқитын қызбен жүрмейтін бе
еді. Əйелі бір керік. Төркіні де осал болмас. Шапшаң сөйлеп, шапшаң
қимылдайтын ұрыншақ неме орта жолда ши шығарып алмай, мұнша
өскеніне қарағанда, қолтығында бір тегеурінді алақан жүрсе керек» деп
кесіп-пішеді астанадағы араластық жөніне жетік орынбасар жігіт.
«Баяғыда студент кезінде қызымның əке-шешесі белгілі адамдар, анау-
мынау жерлерге жібермейді деп, отырмақтарға ылғи соқа басы сорайып
жалғыз келуші еді. Мұны өрге сүйреп жүрген көк өгіз сол дуалы ауыз
қайын жұрты болды ғой. Əйтпесе, асып бара жатқан ештеңесі жоқ көп құла
төбелдің бірі емес пе еді?»— деп топшылайды ауылдағы араластықтың
жөніне жетік аудан азаматы.
Сосын екеуі де мүдіріп қалады. Енді екеуі де теңдеудің түбірін таба
алмай отырған студенттер құсап, көзілдіріктерінің мүйіз сабын кеміріп
кетеді. Лауазымның логорифм кестесіне сап, бастарындағы бақ пен
дəрежені салмақтайды, қайсысының ұлық, қайсысының кішік екенін
білгілері келеді. Сөйтсе, əр қайсысының қызметінің өзіндік «плюс»,
«минустерін» былай қойғанда, бағалы кадрлардың есебінде екеуі де бір
деңгей, бір топта жүретін боп шықты. Енді өздерін қоя қойып əйелдерін
салыстырады.
«Аузының салымдысын қарашы. Қараторының əдемісіне тап бопты. Көзі
жайнаңдап тұр. Əй-пəйіңе қаратпай тізгінді өз қолына алып алатын нағыз
қатын патшаның сойы ғой. Кейде сондай əйелің тегеурінді болмаса, бұл
еркек деген немелердің кежегелері кейін тартып, құдайдың берген
бақытынан айырылып қалып жатқандары аз емес»,— дейді астанадан келе
жатқан аққұба келіншектің күйеуі.
«Əйелінің тəрбиелі семьяда өскені айтпай-ақ көрініп тұр. Маңдайына
шаң тиіп көрмеген ақ сұқсырдың өзі. Он сегіздегі қыздай. Тамағы үлбіреп
тұр. Мұндай əйел анау-мынау еркекке аспаннан түскен ырыс қой! Қазіргі
басшылардың я өзіңе, я əйеліңе көңілі бітуі керек. Əйтпесе бұрынғы
дастарқан тұзақ, курорт пұл, картадан жорта ұтылу дегендерің бүгінде
пішту болмай қалды деп жүр ғой кейбір білгіштер. Алтын басты əйелдің
арқасында бағы жанып жүрген бақа басты еркектер де баршылық емес пе»,
— дейді ауданнан келе жатқан қара торы келіншектің күйеуі.
«Екі ұл, бір қызым бар дейді. Ертең-ақ екі ұлын ортан қолдай екі азамат
қып, қатарға қосады. Сосын ол неменің мұртын балта шаба ма?»— деп
қояды ішінен қалада тұратын екі қыз, бір ұлы бар əке.
«Екі қыз, бір ұлым бар дейді. Ертең анадай көрерге көз керек шешеге
тартып туған екі сұлу қыз бой жеткен соң, ең бір құрығы ұзын, ең бір
аузымен құс тістеген екі іргелі əулетпен құдандал болып алғасын, ол
құтырмай мен құтырам ба! Жымысқы сығыр ондайдың есебін оңқа
асықтай-ақ үйіріп əкетер-ау»,— деп қояды ішінен ауданда тұратын екі ұл,
бір қызы бар əке. «Өзі де қу екен,—деп мырс етті екеуі де ақырында.—
Қасындағы əлгі бір ит талаған дəруіштей жалбыр балақ, дударбас немені
дөкей қаладағы институтке апара жатып, демалатын едік деп көлгірсиді.
Осы күнгі жұрт арам боп кеткен!».
Бұл кезде купеде жұмсақ диванда шалқалай түсіп, модалар журналын
ақтарып жатқан екі бəйбіше де қалың ойда еді.
«Астананың қақ ортасында мынау деген пəтері бар. Тауда дача тағы тұр.
Өмірден сыбағасын ойып тұрып алды деп, əне соларды айт», деп
тамсанады даладағы «мұңлық».
«Өз алдына особняк. Теңізге шығамыз, құс атамыз дейді. Шіркіндерің
шолпып-ақ отыр екен»,— деп тамсанады қаладағы «мұңлық».
«Институтке сабақ берсе, əлгі замандасымыз нағыз сауын сиырдың өзі
боп шықты ғой. Арақ ішіп барып, топалаң асып, экзаменді əке-көкелеп
жүріп қайта тапсыратын студенттердің өздері-ақ аузыңды ақ май қылатын
көрінеді ғой»,— деп кесіп-пішеді аудандағы «көріпкел».
«Ауылдық жердегі дəрігер дегенің өкіметтің қалтасын теспей сорады.
Өтірік-шынды екі-үш ставкамен істейді. Олар табыс жағынан анау-мынау
доцент-профессорларды шаңына ертпей кетеді»,— дейді қаланың
«көріпкелі».
«Əлгінің туфлиін айтсайшы. Шіркін, қалада қалағаның табылады-ау.
Оның үстіне біз байғұс көп ретте бардың өзін ұқсата алмай сорлаймыз
ғой»,— дейді даланың сұлуы, əлденеге өкпесі қышып.
«Жаңағының үстіндегі асыл матаны астанада еш дүкеннен таба
алмайсың. Ауданда өздері би, өздері қожа. Қоймаға түскен тəуір нəрсені
қаймағын қалқып отырып, алдымен өздері пышақ үстінен үлестіріп
алады»,— дейді қаланың сұлу, əлденеге иығы дуылдап.
Сол екі ортада коридорда тұрған екі еркек купелеріне кірді. Сол екі
ортада манадан бері қырылдап-сырылдап келе жатқан радио сайрап қоя
берді. Атақты бір əнші: «Кел шырқайық, осындайда, қайдасыңдар,
достарым?!»— деп назды қоңыр даусын зарлана созып тұрып алды.
— Апырай, мына біреу біздердің баяғы студент кезімізде айтылатын əн еді.
Осы артист деген ағайындарды қанша төбемізге көтергенімізбен баяғы
«əлəулəйлерімен» əлі келеді. Репертуарларын жаңартса, іштері кебе ме
екен,— дейді екі еркек те радионың тиегін сырт еткізіп жауып жатып.
Өйтетіні екеуінің де қабырғалас көршілері жұртқа белгілі үлкен кісі еді.
Кешелі-берлі үш-төрт жолаушы сол кісімен «қол көріп, уақыт өткізіп» келе
жатқан-ды. Қазір: «Ау, сызып жібермейміз бе!»— деп қабырғаны
тоқылдатса, əлгі боздаған немені тыңдаймыз деп отырып, естімей қалулары
ғажап емес қой.
Екі еркек те əлгі бір күтпеген кездесудің көкіректеріне желімше
жабысып алған ыңғайсыз əсерінен тез құтылғылары кеп:
—Дүниеде мұндай керемет те бола береді екен-ау. «Тау тауға жолықпайды,
адам адамға жолығады» деген осы ғой. Аттай он бес жылдан соң бірінші
рет көрісіп тұрмыз!— дейді əйелдеріне қарап бастарын шайқап.
—Шынында да, таңғаларлык, нəрсе,— дейді əйелдері де.
Зымырап қалып жатқан құба далаға қарап отырған екі бала лəм-мим
ештеңе деген жоқ. Екеуінің де сөрелерде теңкиіп-теңкиіп жатқан əлгі бір
тəтті қауыннан, ең болмаса ауыз тимегендеріне іштері удай ашып келеді.
«Керемет! Керемет? Несі керемет? Құшақтасты, сүйісті, қол алысты.
Жымиысты, жылтырасты, Сонда тұрған не керемет бар?». Əлгінде ғана
радиодан құлақтары шалып қалған беймағлұм сазды ысқыра қайталап
қояды.
Өз көлеңкесін өзі таптап тауыса алмай келе жатқан ұзын поездың
доңғалақтары орысша ойлайтын екі бала жігіттің көңіліне қашқан əлгі
күмəнді растағандай: «так, так»,— деп үсті-үстіне тақылдап бақты.
|