Ақырғы аялдама(әңгімелер жинағы)



Pdf көрінісі
бет9/13
Дата06.02.2022
өлшемі1,1 Mb.
#79589
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
ақырғы аялдама әбіш кекілбайұлы

ТАСБАҚАНЫҢ ШӨБІ
Сəті түсейін десе, бəрі оңынан орала кетеді екен. Əншейінде өз етегіне
өзі сүрініп қапылып жүргенімен шайы қайнағанша еру ел көшін жөнелтіп,
көшкен ел үйін тігіп үлгеретін борпы аяқ Сақыптың қара шайнегі сол күні ə
дегенше бұрқ ете түсті. Таң атқанша ит арқасы қияннан бір-ақ шығатын
зыр-зыбыл құла біреу əдейі қазықтап қойғандай ауылдың көк желкесіндегі
қарағанды жүлгеге қадала қапты. «Асылы, жолым болады білем», — деп
ойлады Қарабала, аяғын үзеңгіге салып жатып. Артынша қыл тізгіннен енді
ұстай бергенде көңіліне: «Апырай, əлгі ойым күпірлік боп жүрмегей!» —
деген күман қашқаны. Ішінен үш рет қайталап кəлима қайырды. Сосын:
«Иə, алла, өзің жар бол!» — деп құланы бір тебініп қойды. 
Міне екі-үш күн болды, көрер таңды көзінен атқызды. Дүниеде ол үшін
біреуден бірдеңе сұрағаннан қиямет ештеңе жоқ. Бетіңнің суын бес
төккенде ала алсаң жақсы. Ал, алда-жалда талтаңдап кірген есігіңнен
сүмпиіп құр қол шықсаң, одан асқан өлім бар ма? Құдайға шүкір, қара төс,
қара балғаның арқасында өзіне жұрттың ісі түскенмен, өзінің жұртқа ісі
түсіп жарымапты. Таң атқаннан күн батқанша ауылдың шетіндегі
ұстаханадан шықпайды. Былайғы шалдар құсап, той-садақа жағаламайды
да. Ара-тұра шақырушының көңілін жықпай, қаралы жерлерге баратыны
рас. Ондайда оң жаққа өлік салып қойып, қайдағы-жайдағыны қозғап,
сампылдап отырған көкімелерді көргенде қараптан-қарап зығырданы
қайнайды. 
Сөйткен, үйден шықпас, үндемес Қарабала енді міне, атқа қонды. Анау-
мынау емес тура ауданның өзіне бармақ. Кеңсе жағаламақ... 
Аза бойы қаза тұратын осы бір іске салып отырған əлгі ұрыншақ неме.
Сорлы жиналыс болса тақтайға мініп тақылдап, қол қоятын ала қағаз болса
алақанына түкіріп алдымен жүгіретін еді. Ауылға қанша бастық сайлансын
мейлі, бəрімен елден бұрын Оңбай ұстасады. Кеңсенің маңында шаң-шұң
шықса, ортасында Оңбай жүреді. Қанша көрсең де — əлдекімді жеті атадан
бермен қарай сыбап келе жатқаны. Ол жағына келгенде ешкімге дес
бермейді. Қазақшасының да, орысшасының да түбін түсіреді. Тігінші корей


шал, осы ауылға келгелі бір жыл болған жоқ. Анада қоңыр күзде дүкеннің
қасында Оңбай сонымен шүлдірлеп корейше боқтасып тұр. 
Жуырда бұған баласын жүгіртіп жіберіпті. Табалдырығынан аттамай
жатып шап еткені:
— Тумай кеткірлер, ағайын боп, амандығымызды да білмейсіңдер.
Оңбайдың керегі айқайласып араларында жүргенде екен ғой. Омалып
жатып қалғаныма жарты жыл болды. Ешқайсысың есіктен бас
сұқпадыңдар. Қызын ұрайын мына бір қу таяққа асылып шойнақтап жүруге
бұдан əрі қауқар қалмай барады. Өкімет біздерге машина беруге тиісті.
Ауданға барып, сол шаруамды тиянақтап кел. Кеңседен кеңсе қоймай
қырық қайтара кіріп, жарапазан айтып шықпасаң, бүгінде іс бітпейді. Олай
етуге, өз бөксем өзіме жүк боп отырысым мынау. Аталарымыз бір
кемпірдің көкірегін сорғанда сенен не көрем? Қу темірді бір күн
тықытпағаннан ештеңең құрып кетпес, барып қайт. Егер осы айтқанымды
істемейді екенсің, ертең мен өлгенде «Өй, бауырымдап» қоңқақ танауыңды
қорсылдатып маңыма келдің бар ғой, қақ маңдайыңнан тарс еткізіп мына
балдақпен бір қоям! 
Қарабаланың қияқ мұрты бүлк ете қалды. Шіркіннің дəмесін қара, өліп
жатып та жұрттың жағасына жармаспақ. Бірақ өзін аяп та отыр. Сылдырап
сүйегі қапты. Аталастығына да сөз жоқ. Қыз алыспайтын жерлері. Оның
үстіне бір жылы туған төл. Кішкентайынан ұрыншақ еді. Он беске келер-
келеместе-ақ қызы бар үйлерге түнде тайлақ боп сүйкенетінді шығарған.
Талай-талай ақ шұнақ шалдың таяғын да жеген. Соның бəрінен мертікпей
аман қалып еді. Майданнан, міне, он аяқты қыл түбінен қырқып беріп
қайтты. Сыңар аяқтың өзімен-ақ ауылдың ол шетінен бұл шетіне
сыдырады да жүреді. Үйіндегі алты жаман қараны былай қойғанда,
осындағы үш-төрт жесір қатынның көлденеңнен тапқан балалары өңкей
төстері қайқайып Оңбайдың аузынан түскендей. 
Бала кезінде күрескенде жығыльш қалса: 
— Бəрібір Оңбайдың есебі түзу,— дейтін ол шалбарына жұққан топырақты
қағып жатып. 
Сол айтқанындай, азғантай шаруасы күні кешеге дейін шайқалмай-ақ
келіп еді. Биыл қыс түсер-түспесте үйінен аттап шыға алмай жатып алғаны.


Жасы ұлғайған соң ескі жара аруағына мінген сияқты. Оңбай төсек
тартқалы кеңсенің маңы тыныш. Бірақ сөйлеп қалған ауыз үйде де қарап
отырмайды. Əйтеуір «Оңбай өй депті», «Оңбай бұй депті» дүңк-дүңк жетіп
жатады. Біреулер: «Өле алмай жатып сол ақсаққа не керек», — деп
тыжырынса, біреулер: «Байғұс босқа жаманатты боп қайтеді», — деп
мүсіркейді. Тыжырынатындар көп те, мүсіркейтіндер аз. Алысып-жұлысып
əзер ер қара боп жүрген неме жарақатымен жағаласқалы азғантай күйінен
көрер көзге айырылып барады. Балалары қақшаңдаған əкесіне тартпай,
балағын жинай алмай жүрген шешесіне тартып туған. Өңшең бір аузынан
сөзі түскен бозым. Үлкен ұлы шофер еді. Аяқ астынан айырылып қалды.
«Бəрі менің мына жатысымнан. Балдағыма мініп, кеуде сүйретер дəрменім
болса, ол бастықсымақтың өлген əкесін көкшірейтіп тұрып көзіне көрсетер
ем ғой», — деп кіжінеді Оңбай. Өй демедің бе, бүй демедің бе деп баласын
боқтайды. Онысы тұмсығының астынан естілер-естілмес қып: «Көке,
қойшы!» — деп міңгірлейді. Қазір салпаңдап алыстағы отарға сақманшы
боп кетті. 
Ол бозымбайдан ештеңе шықпайтын болғасын бұны шақыртқан ғой.
Ылғи құрдас қып иықтайды да жүреді. «Маңдай теріңді қанша ағызсаң да,
анау ауыл қыдырып, карта ойнаған Қалиға жете алмайсың. Қойды қатын-
баласына бақтырады да, абырой-атақты өзі иемденеді. Танауын кертитіп,
қай жерін көрініске қоятынын, Алматыға, Москваға көрмеге ылғи сол
барады. Барған сайын кілем арқалап, үнді шайын үйіп қайтады. Өңшең игі
жақсылардың сөзін сол естиді. Сен болсаң күні бойы қара тас пен қара
балғаның атысын тыңдайсың». 
Осы жасында Қарабала ауданға осымен екінші рет ат ізін салып отыр.
Баяғыда соғыс басталған жылы жігіттермен бірге военкоматқа барған.
Тізең шығып кеткен деді ме, тобығың қисық біткен деді ме, əйтеуір əскерге
жарамай қалды. Оның бер жағында көрші ауылдағы қайын-жұртына екі-үш
рет соқты. Содан басқа ауылынан аттап шығып отырғаны осы. Шыққан
құрлы да жүрегінің басы май ішкен кісідей кілкіп келеді. Оңбайдың аузына
іліккен кісінің оңды сөз естуі қиын еді, содан ба, əлде өздері де айтса айта
қалғандай ма, бара жатқан кеңселерінің қожайындары да өңшең бірінен-
бірі өткен белгілі бегейлер көрінеді. Біреуі — қақпан торыған қара тазыдай
жемсауы бүлкілдеп тұратын жылмаңтөс жұтыр дейді. Екіншісі — туған
əкесі келсе де, есігінің алдында екі сағат мөлитпей, табалдырықтан
аттатпайтын аспандаған төре дейді. Үшіншісі — аузын қу шөппен сүрткен,
бардың өзін жеті қат жердің астына жасырып қойып, қолыңа ұстап барған


қағазыңның əр əрпіне сығалап қарайтын заң сапырған залым дейді.
Оңбайға айтқызсаң, ауданның басында көзіңді қысып, саусағының арасына
бір сарқұлақты қыстырып жіберсең тамақты алдыңа тау қылып үйіп, тентек
суды кеңірдегіңнен келтіретін дарылдақ шайханашы қатыннан басқа іліп-
алар адам жоқ секілді. Сөйте тұра, əлгіндей зымыстаннан көлеңдетіп мініп
жүретін машина əкеп бер дейді. Ақ тауды айырып, қара тауды қайырып,
жұрттың бермесін тартып əкелетін ондай құдіретті бұған кім беріпті!
Ағайын ғой, ең болмаса, атыңның бір ащы терін қимадың деп өкпесі қара
қазандай болады ғой деп, атқа амалсыз қонды. 
Кісі мінсе кібіртік, бос жіберсең су аяқ құла жусан санатар мыжың
жүрісіне сап, мимырт басады. Сала құлаш резіңке шыбыртқы Қарабаланың
малынған ұзын жеңінің ішінде. 
Ауылдың алдындағы қара жал қақырай сөгіліпті. Қайда қарасаң қарс
айырылып жатқан жарық. Қайда қарасаң — шөп арасында əлдеқайда
бөксесін сүйретіп тоңқаңдап бара жатқан тасбақа. Кешегі бір айқайдың ала
шаңыты тасбақаның дауылы болды. Тұқшаңдаған немелер тұяқ дыбысын
естігенде мойындарын іштеріне тығып бұға қалады да, сəл ұзасаң қайтадан
тарбаңдай жөнеледі. Міне, керемет! Табаның орнындай бір үлкен жарықтан
енді шыға берген тасбақа аспаннан кеп үйелеп қапты. Қыртыс-қыртыс
қысқа мойнын əнтек созып, жан дəрмен тырбаң-тырбаң етеді. Аузында бір
тал шөп. Бидайдың дəніндей екі шегір көз бетіңе бедірейе қарайды. Талай
ғасырды басынан өткізген кəрі мыстан ат үстінде қорбиып отырған осы бір
жалба тымақ қазақ қайтер екен деп сынап жатқандай. 
Қарабала шыбын жаны көзіне көрініп азапқа түскен бейшараны
етпетінен аударып салайын деп, шыбыртқысын созып еңкейе берді де,
тасбақаның жазғытұрым жер астынан тістеп шыққан шөбін алған адамның
қай қалауы да орындалады дейтін əңгіме ойына оралып атынан түсті.
Қасына барды. «Біссімілə!» — деп шөпті алды. Инедей ғана бір тал шөп.
Құмақтарда көп өсетін көсіктің сабағына келіңкірейді. Алақанына сап
сипап көрді. Сосын көзі бақырайып үйелеп жатқан тасбақаны етпетінен
аударды. Атына мінді. Анадай жерге барып артына бұрылды. Киелі тасбақа
əлі бауыр көтере қоймаған қу жусандардың арасына қарай тырмыса
жорғалап барады. «Апыр-ай, ə... Сенейін бе, сенбейін бе? Жаратқан иемнің
сүйген құлы болғаным-ау! Қай қылығыммен жақтым екен!..» Тосын күпті
ойдан жүрегі алып ұшып барады. Манадан бері қинап келе жатқан.
«Ауданға барып, ештеңе бітірмей қайтсам, Онбай төбемнен құдық қазады-


ау» деген күмəн да жадынан шығып кетті. Алақанындағы жатқан бір тал
шөпті əйелі: «Ауданға барасың ғой, ала қайт!» — деп тапсырған дəрінің
қағазының арасына орап, қойын қалтасына салып қойды. Ұзын жеңнің
ішінде тым-тырс жатқан резіңке-шыбыртқының китің құланың
сауырынына қалай шып ете қалғаның қапелімде, өзі де аңғарған жоқ.
Мимырт құла бүлкілдейін деді.
Қызыл азбан... Қыз бен жігіт бірігіп көмір қазған... Қарабаланың қара бұйра
мұртын осы бір ызың сəл жыбырлатқандай болды. Көңілденгенде ылғи
осылай. Оңбайдан естіген əлгі бір əрпіл-тəрпіл өлең жолы аузынан шығып
кетеді. Жиын-тойда Оңбай əуелі жоқ жерден ілік шығарып, жанындағы
біреумен керілдесіп алады. Сосын көйлектің жеңін шынтақтан асыра
шиыршықтап түріп жіберіп, сілтейді-ай кеп. Жаңа ғана мəймеңдеп толып
тұрған рюмка Оңбайдың қияқ мұртын бір сүзіп, түбі ағарып қайтып
жатады. Біраздан соң əлгі дауда сөзден жеңілген болса, Оңбайдың көзі
шытынап, шықшыты ойнап шыға келеді. Ал егер жеңіп шықса маңдайынан
тер шығып бусанған соң, орнынан сыңар балдаққа сүйеніп қарғып тұрады
да, шүпілдей арақ толы стакан ұстаған сом қолын бір сермеп қап, ащы
дауыспен шырқап қоя береді:
—Қызыл азбан!..
Дастарқан басындағы əйел жағы жырқ-жырқ күле бастайды. Қара бала сол
не қылған қызыл азбан екеніне, оның қайдағы бір қыз бен жігітке қандай
қатысы бар екеніне, ал əлгі екі мұндарға заманның тынышында бірігіп
көмір қазатындай не күн туып жүргеніне — түгіне түсінбейді. Мұнда
осынша жырқылдап күлетіндей не тұрғаны тіпті миына кірмейді. Əйтеуір,
осы бір еш қисыны келіп жатпаған екі-үш ауыз сөз жадында мықтап
орнығыпты. Əлдеқалай бірдеңеге көңілденсе, Оңбай айтқандағыдай,
жұрттың шек-сілесін қатыратындай боп ойнақтап шыға келмейді, кесір
құланың мына бір ұйқыңды келтіретін сылбыр бүлкегіндей тым ынжық
естіледі. Өзі бірақ соған да мəз. Əн жарықтықтың шыжыған шілдеде
кенезең кеуіп келгенде тартып жіберген бір зерең мұздай шалаптай өн
бойындағы барша зілді құлан таза қуып шығатын бір қасиеті бар-ау... 
Қарабаланың əкесі ылғи жалғыз үй отыратын түйеші еді. Бұл да жұртты
көрсе əке-шешесінің артына тығылып, ұялшақ боп өсті. Айдалада жападан-
жалғыз ыңылдап келе жатқанын біреу-міреу естіп қап, ертең: «Білмейді
екенбіз, Қарабала да оңашада қара өлеңді қайқайтады екен», — деп əжуа


қып жүре ме деп төңірегіне жалтақ-жалтақ қарап қояды. 
Көктемгі боз қылшық дала құлазып тұр. Төбеде қыста нілі тарқап, əлі өңі
кіре қоймаған жадау аспан. Осынау ұлан-асыр кеңістікте қыбырлаған төрт
аяқты бір өзі ғана екеніне масаттанғандай шілтік құла үсті-үстіне
пысқырына береді.
Қарабала қараптан-қарап жымияды. Есіне қайдағы-жайдағы түсіп күледі.
Ауыл советтің қақшаңдап қалған пысықай хатшысы əкесінің қолынан
тартып алғандай қып, мұны мектепке ап кеткен-ді. Мектеп бұрын бір
пірəдар кісінің бала оқытқан мешіті. Ақ бор тастан қиып салынған төрт
құлақ кішкене үйдің ескі «ақ мешіт» атын өзгертіп, бүгінде «ақ мектеп»
атандырған. Бірақ жұрт «ақ мешіт» те, «ақ мектеп» те демей, «ақ шкөл»
дейді. «Ақ шкөлге» ойдан-қырдан жиырма шақты баланың басы
құралыпты. Ішіндегі үлкендері он екідегі Оңбай мен Қарабала. Оңбай
сабаққа жүйрік те, Қарабаланың онша маңдытып жатқаны шамалы. Есеп
сабағында түйенің, жылқының, қойдың, ешкінің санын алып-қосқаңда еш
мүдірмейді, ал əлгі кітапта жазылатын сымға қонып отырған торғайларды,
баудан үзіліп əкелінген жəшік-жəшік алмаларды, екі қаладан бір-біріне
қарама-қарсы шыққан велосипедшілердің жылдамдығын есептеуге
келгенде миы зеңіп жүре береді. Ал, Оңбай көк соққан көзін ашқаннан
велосипед мініп, баудан алма теріп, ерінбей-жалықпай бағандардың
сымына қонған торғайларды санап өскендей, «ал» десең де, «қос» десең де,
«бөл» десең де, «көбейт» десең де аузы-аузына жұқпайды. «Ақ шкөлдің»
білімін бір-ақ қақшып, көрші колхоздан жетінші класты бітірді. Қарабала
көрші колхозға барып оқымақ түгілі «Ақ шкөлдің» азғантай оқуының өзін
тауыса алмай, білімге күпті боп қалды. Оңбай кекілін бір жағына сұлата
қайырып, мөлттей қара бешпент-шалбар, қайырма жаға ақ көйлек киіп
қатқан жігіт боп шыға келді. Сулап тарайтын шашы да, ақсиған тісі де,
күлімдеп тұратын көзі де, күнде бір тазалап қоятын былғары бəтіңкесі де
қашан көрсең енесі жалап тастаған жас қозыдай жылтырап тұрғаны.
Қарабала баяғы салпы етеқ жайдақ жаға. Ауылдағы кісі үрікпес қыз
біткеннің Оңбайдан өлеңдетіп жазған хат алмағаны кемде кем. Ал,
Оңбайдың қалтасы тола қыздар берген кестелі орамал. Алқалы жиын көрсе
арқасы қызып кетеді. Көзі шоқша жайнап, екі беті бал-бұл жанып шыға
келеді. Жиналыс атаулыдан сөйлемей қалмайды. Мерекелік жиналыс па,
есеп беруге, қой қырқуға, шөп шабуға, мал төлдетуге, күйек алуға арналған
жиналыс па — оған бəрібір. Басқарушы баяндамадан кейін-ақ соның атын
атайды. Жұрт дуылдап қол соғады. Сол ду-ду бір ду-ду. Залда отырғандар


да, төрде отырғандар да бастарын шайқап, таңдайларын тақылдатады.
Жоғары жақтан келген өкілдер болайын деп тұрған өткір жас жігіттің
қолын қысып, арқасынан қағады. Соғыс кеп қыстырылмағанда Оңбай
болса болып та кетер еді. Соны ойлағанда Қарабаланың осы кезге дейін іші
жидіп жүре береді. Құрдасы жұрттың аузына ілігіп жатқанда ешқашан
іштарлық жасап көрген емес. «Оңбайды мақтамағанда кімді мақтайды,
ондай жігіт қайда?» — деп ойлайтын ол. Бала кезінде əкесінің артына
тығылатын Қарабала жігіт кезінде Оңбайдың қасынан бір елі ұзап
шықпайды. Досына ел аузын ашып, көзін жұмып жатқанда анадайда екі
езуі құлағына жетіп ыржия күліп тұрғаны. Дəрігерлер майданға
жарамайсың деп қалдырып кеткенде де саптың алдында маңдайы сұп-сұр
боп қалшиып қатқан да қалған Оңбаймен қоштасып жатқанда көзінің жасы
бұршақ-бұршақ атып кетті. Оңбай ернінің ұшын ғана жыбырлатып, бұның
қолын сілке қысып, состиып қала берген. Қарабала содан ауылға сүлдері
құрып зорға жеткен. Көз алдынан Оңбайдың əлгі көгіс тартқан кең
маңдайы кетпей қойған. Сүйектен қашап жасағандай сол бір сымбатты
жігітті, он бойында өртеніп тұрған от пен өнерді жауған оқтың астына
жібере салу соншалықты обал көрінген оған. Əуелден-ақ былайғы өзекті
жанды бір бөлек те, құрдасын бір бөлек санап өскен Қарабала қаз-қатар
тізіліп тұрған қылқандай жастың ішінде тек жалғыз Оңбайды ғана аяған.
Оңбай өлімге кеткенде, өзінің ауылда жүргеніне қатты ұялған. Жұрт:
«Талай боздақ қан кешіп жүргенде мына жаман неменің озғанын-ай!» —
деп мошқайды-ау деп, жан баласының көзіне түспейтін. 
Содан төрт жыл бойы қызыл шоқ пен қара төстің қасынан бір елі ұзаған
емес. Соғыс бітерден бір жыл бұрын Оңбай келді. Қарабала күйе-күйе
ұстаханасынан сол күні ғана жарық барында шықты. Төрдің алдында құс
жастыққа жантая сұлаған досың іргеге сүйеуді қос балдақты, босағадағы
қисық табан сыңар етікті көргенде бойын билей алмай қалды. Əскер киімін
киген соң тіптен көксұрланып алған досының қолынан ұстай бере абдырап
отыра кетті. 
— Иə, амансың ғой,— деді Оңбай əдемі қара мұртының бір қияғын
саусағымен сипап.
Былайғы жұртқа ол сөз: «Ауылда жүрген сені қандай жау алсын»
дегендей боп естілді ме, бір түрлі қозғалақтап қалды. Қарабала мəн берген
жоқ. Құрдасының шытынған қабағын өзінше ұқты. Кешегі елді аузына
қаратқан ерке Оңбайға сыңараяқ боп шойнақтап қайтқан оңай ғой дейсің


бе? Тостағандай қос жанарында маздап тұратын бұрынғы батылдық қазір
бір еткір сұсқа, қаталдыққа айналғандай. Кім сөйлесе де тікесінен шорт
кесіп тастап отыр. 
Сол жылғы күзде Оңбай басқармалыққа сайланды. Бір аяғы үзеңгіде, екі
балдағы ердің артында еңгерулі. Шолақ аяқ басқарма ойда жоқта төбеден
түсе қалды. Жұрттың кермесін керіп, білмесін біліп отырады. Ол дегенде
бұрын аузын ашып, көзін жұматын ел енді жағаларын ұстайды. Орақшы
əйелдер басқарма үстімізден шығып қала ма деп, бұрынғыдай шөмеле
түбінде бірінің бірі басын қарап беретінді қойды. Қырманшы шалдар астық
бастырып біткен күні қырман түп деп ырым қып жұрттың етегіне бір-бір
уыс бидай түйіп жіберетінді тоқтатты. Кеңседегілер де аяқтарының
ұшынан басады. Ауданда заемды бірінші боп орындайтын Оңбайдың
колхозы. Еттің жоспарын бірінші боп орындайтын Оңбайдың колхозы.
Тіпті бойдақ салық екеш бойдақ салық та Оңбай келгелі бірінші боп
орындалады. Оңбайдың тұсында жыл он екі ай бос жататын ала қырға мал
жайылды. Оңбайдың тұсында арқар мен киіктен басқа аяқ баспаған бөрілі
түздерге орақ түсті. Оңбайдың түсында сай-сайдың аяғына тоған
тұрғызылып, арпа, бидай, тары егілді. Оңбайдың тұсында бұл ауылдан
алдына ат салдырмаған бəйге жирен шықты. Оңбайдың тұсында
еңбеккүнге ақша беріле бастады. Оңбайдың тұсында қабырға газет екеш
қабырға газет те уақытылы шығып тұрушы еді. Оңбайдың тұсында
Қарабала екеш Қарабала да жиналысшыл болып алып еді. Басқарманың
мүшесісің дейді ме, əйтеуір, күнара кеңсеге шақырып жатыр деп бір қара
сирақ шауып келеді де тұрады. Бірақ ауыл түгілі бүкіл ауданды дүбірлеткен
«шолақ аяқ басқарманың» дəурені бəрібір келте болды. 
«Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру керек!»— деп алдымен айқайлап
шыққандардың біреуі осы Оңбай еді. Бірақ көрші жатқан үш колхоз
біріккенде басқармалыққа Оңбай емес, көрші колхоздың бастығы
сайланды. Оңбайға орынбасарлық тиді. Екі бастық жиналыстарда бірін-бірі
көзбен атысып отырады. Сосын қит етсе бірінің үстінен бірі жоғарыға қағаз
жаудыра бастайды. Ең соңында бұқпантайды екеуі де қойып, ашықтан-
ашық дауласатынды шығарды. Үлкен басқарма көрші колхозға жіберілді де,
орынбасар фермаға жұмсалды. Оңбай қолды бір сілтеп жатып алды. Арада
ай өткен соң ауданға шақыртылып, ет жинайтын қызмет ұсынылды:
«Таразы бағып тұрар жайым жоқ»,— деп бармады, екінші жолы салық
жинатын қызмет үсынылды: «Тиын санап отырар жайым жоқ»,— деп
бармады. Сосын қайтып оны ешкім іздемеді. Əрі жатты, бері жатты.


Налыды, күйінді, ызаланды, жоғарыдағы ақсақалдарға дұғай сəлем
жолдауды бір ойлады. Ақыр аяғында Оңбай қызметті өзі іздеп шықты. Сол
кезде құдай айдап, осы ауылға мұнай қарап жүрген бе, су қарап жүрген бе
бір экспедиция келе қалғаны. Қай қылығымен жаққанын бір алладан басқа
жан білмейді, Оңбайдың əлгілерге ұнағаны. Қоймашы болғаны. Ол тұстағы
колхоз бензинге жарығын ба, резенге жарыған ба, машинаға керек темір-
терсекке жарыған ба? Бензин де Оңбайда, резен де Оңбайда, машинаға
керек темір-терсек те Оңбайда. Ал Оңбай көкең көңілі түссе сылқитып
тұрып орысша бір боқтайды да құя салады, ұстата салады, жыны келсе бір
түкіреді де, «су мұрын бастығыңа айта бар»,— деп құлағыңа қайдағы бір
қитұрқы əңгімені қыстырып жібереді. Не де болса, шоферлар мен
тракторшылардың жандары қысылғанда ауыздарына құдай емес, Оңбай
түсетін болды. Сүйткен Оңбайдың сөзін қайдан жерге тастасың айт дегенді
аудармай-төңкермей айтып келеді. Бұл ауылға «Оңбай өй депті, Оңбай бүй
депті» əуелі солай тараған. Бұрын «біздің бала айтса қатырып айтады» кеу-
кеу, сосын «біздің шолақ аяқ басқарма айтса, біліп айтады» кеу-кеу, енді
«Оңбай айтса, оңдырмай айтады» кеу-кеуге айналды. Экспедицияның
қоймасынан шыққан бір шелек бензиннің колхоз байғұстың қаңсып тұрған
тракторы мен машинасына не істейтінін өзі білсін, ал ауылда бір бұралқы
əңгімені гу еткізеді. Оңбай айтты бір ауыз сөз бастықтардың соңынан өрт
боп түсіп алады. 
Басқарма қайтуші еді. Бейпіл ауыз шоферлер аудармай-төңкермей айтып
келген сөздерді естігенде сексеуілдің шоғын жұтып қойғандай бір ыршып
кетеді. Қызарады, сұрланады, күйінеді, «қап, бəлем, сеніме» деп кіжінеді.
Кіжінгенде қайтеді... Алғашқы бір қызыл көз басқарма: «бұл ақсақтың ана
сау аяғының өзін қанды қақпанға бір түсірейін деп, ауыл дүкенінің бір
жəшік арағының қасына ауданнан бір жəшік коньяк алдырып, ақ сары бас
марқа сойып, экспедицияның бастығын ауылдың активтеріне қосып үйіне
шақырады. О да бір қу мүйіз боп шығыпты. Басқарманың үйінін
«маржасын» мақтайды, «баранчуктерін» мақтайды, қуырдағын мақтайды,
«бес бармағын» мақтайды, қалай жайғауды білмей отырып, алдына құлағы
қалқиып бара қалған қолың тісі ырсиған құйқалы басын мақтайды, жұмсақ
екен, тұщы екен деп қымыранын мақтайды, қышқыл екең ащы екен деп
қымызын мақтайды, арақ-шараптың да көңілін қалдырмайды, түн
ортасында үй иесінің арқасынан қағып, есіктің алдында жатқан қара
төбеттің маңдайынан сипап, үйтолы əйел-еркекті сылпылдатып бір-бір
сүйіп, көзіне жас алардай боп, əзер қоштасады. Бірақ, «кладовщик казах
Бисенов» мəселесіне келгенде кеңкілдеп күле бергеннен басқа, таңдайын


қағып тамсанғаннан басқа ештеңе айтпады. Бастық астарлап жамандап
көреді, ол неме күледі, тұспалдап жамандап көреді, ол неме күледі,
сардитып ашықтан-ашық жамандап көреді, ол неме басын шайқап мəз
болады, қалай айтса да сөзі өтпеген соң, бастық қонағының тұп-тура өзіне
бас салып, тап енесінен сылқитып бір боқтайды — ол неме «маладес»,
«маладес» деп шексілесі қатып, құшақтап ап бетінен сүйеді. Қашан кете-
кеткенше Оңбай туралы əңгіме болса, «Бисенов умный шалабек» деп
сылқылдап жөнеледі. Онысы «сіздің ауылдың керкуі біздің ауылға
жүрмейді» дегені болса керек. Сөйтіп, Оңбайдың қолындағы май шелпекті
тартып алудың еш реті келмейді. Бастықтың аты бастық. Шөп шабылу
керек, егін орылу керек, жем қораға тасылу керек... Қысқасы, жоспарды
орындамай болмайды. Ол үшін машина зуылдап тұруға тиісті, трактор
гурілдеп тұруға тиісті. Ол үшін бензин қажет, резина қажет, толып жатқан
темір-терсек тағы қажет. «Қазіргі техника Қарабаланың жанына жамандық
бермесін» дейтін баяғы шалғы, орақ, баяғы соқа, ең болмаса, шөп
машинасы, тырма лабогрейка емес... Қанша тулағаныңмен, қанша жек
көргеніңмен баяғы Оңбайға тағы да қол жаясың. Өйткені, тіпті құдай екеш
құдайдың өзінің қолында бар-жоғы неғайбыл техниканың мұқтажы
Оңбайдың қолында. Оңбай да шалқаяр жерін біледі. Айдың аяғы,
тоқсанның аяғы, жылдың аяғы тұсында шоферің түгілі бригадиріңмен,
бригадир түгілі механигіңмен, механигің түгілі инженеріңмен сөйлеспейді.
Қашан жығылып-сүрініп бастықтың өзі сүмірейіп алдына келгенше аспанға
түкіріп отырып алады. Экспедиция бастығының мəмлесі: «Бисенов сам
знает». Содан амалы қайсы бастық барады, ауылдың барлық атқа
мінерлерін қасына қаптатып ертіп апарады. Оңбай ондайда сөзге келмейді,
ұстата салады, бере салады, құя салады, тіпті сұрағаныңнан да көп қылып
төге салады. Бетіне күле қараса, «Өңке» десе, «Сіз білесіз ғой» десе, бензин
түгілі, темір-терсек түгілі қораны қай жерден салу керек екендігің құдықты
қай жерден қазу керек екендігін, шөпті қайдан шабу керек екендігін,
жылқыны қайда, түйені қайда, қойды қайда ұстаған дұрыс екендігіне дейін
айтып, құлақтарына құйып жібереді. Бастықтар рақметтерін аямай
жаудырып, қарық боп қайтып оралады. Бірақ ол қуаныштары көпке
бармайды. Өліп-талып жоспар орындалғанда, «Уһ» деп көңілдері енді
орнына түскенде, ауылдың ішінен «Оңбай болмағанда сазға отыратын едік»
деген күңкіл мүңкіп қоя береді. Кешегі жарылқаушыға «қап, бəлем» деп
қайта тістенуге тура келеді. 
Не керек, «аспаннан түскен батпан құйрық» экспедиция үш-төрт жыл
тұрып, келген жағына қайтып кеткенде біраз кісінің қыбы қанды.


Қыршаңқы Оңбайдың қолы да, тілі де кесілді деп қуанды. Бірақ, Оңбайдың
қолы кесілгенмен тілі кесілген жоқ еді. Оңбай байғұсқа, шынында да, жай
болмады. Əуелі «білімді бастықтар» керек болды, сосын «жігерлі жас»
бастықтар керек болды. Оңбайға санамаймын деген тиынын санауға,
бақпаймын деген қалтаң-құлтаң таразыны бағуға тура келді. Ол ол ма,
бұрын құйқаның иісіне мұрнын басатын төре жігіт шуаш иісін күңірсітіп
жүн-жұрқа, тері-терсек жинады. Салқын қоймада шойын таразының
қасында балдағына сүйеніп, шотын қағып тұрғаны. Осы күні халықта не
көп, тері-терсек көп. Оның үстіне насыбайдың не ащысы Оңбайдың
қалтасында. Қара көлеңке абажадай қойманың қуыстарының бірінде
бөксесін сызға тығып тұрған ақ, қызыл, күрең бөтелкелер де табылады.
Артынан жұрт жиналған жерлерде кеу-кеулеп айта жүретіндей қитұрқы
əңгіме де жеткілікті. Сөйтіп Оңбайдың қоймасының келім-кетімі тіпті кеп.
Оңбай жұмыстан үйге қисалақтап зорға қайтады. Жолда қара-құра
жиналған жерге соқпай кетпейді. Қара-құра жиналған жерде қарап тағы
тұра алмайды. Бір кездегі «ділмар, шешен» аты енді, «қыршаңқы»,
«ұрыншақ», «дəукеске» айналады. Бұрын оны көрсе қаумалай түсетін жұрт,
енді қашқақтайтынды шығарды. Оңбай бейшара ен көшеде балдағын көкке
сермеп жападан-жалғыз бақырып-шақырып келе жатады. Ондайда міндетті
түрде бұның үйіне бұрылады. Төрге секіріп шығып, екі балдақты екі
босағаға жітіріп жіберіп, жантая кетеді. Сақып Оңбай келгенде көрпесінің
жақсысын төсеп, жастығының жақсысын ұсынып бəйек болады. Шаршы
төрге шалжия құлаған Оңбай қызыл қуырдақ жеп, шай ішіп кебежеден
көзін мөлтектетіп жартылық суыртып, бас жазады. Бұған да құяды.
Қарабала ішімдік жағына қырсыздау. Қырлы стаканды аузына бір апарса
болды, қараптан-қарап кеңкілдеп күле бастайды. Енді бір-екі қолқаласа,
қорылдап ұйықтап кетеді. Оңбай өйтіп əңгімесін тыңдайтын жалғыз
құлақтан айырылғысы келмейді. Сондықтан жан дегенде жалғыз
құрдасына тек бір рет қана тамызады да, кеңк-кеңк күлдіріп қойып, өзі
ішіп, өзі сөйлейді.
—Өй, қасқа-ай,— дейді ол бүгін көріп отырғандай оның бетіне сұқтана
қарап.
Бір өзі бір колхозға отгон болғандай ана маңдайың ашылмай жүр-ау.
Əйтпесе, қайратың кімнен кем, келбетің кімнен кем. Қыр мұрын, қияқ мұрт,
деңгелек жүз, еңгезердей қазақтың суреті қай газеттің көркін келтірмейді.
«Жұлдызымыз, міне» деп сендейлерді керсетудің орнына қайдағы бір
мүжілген тобықтай қиқы-жиқы Қалиларды шығарады. Бұл бақ дегенді


қойсайшы. Бақыт деген де жалғыз көзді дəу көрінеді ғой. Қашан
тастөбесіндегі көзіне түскенше кімді көтеріп келе жатқанын білмейді екен.
Көзіне түскен соң көтеріп ұрып бір-ақ лақтыратын болса керек. Жаман
Қалилардың да топалаң асатын күні алыс емес шығар.
Соны айтады да, тартып жібереді. Ішіндегі қыжылдап жатқан қызыл өртті
арақ та, ащы пияз бен қызыл қуырдақ та, сүт қосқан бұйра шай да баса
алмастай, бірдеңе айтса, сөйлесе басылардай.
Оңбай ащы пиязды мұрнына апарып отырады-отырады да: 
— Баяғы дəурен болғанда бағыңды жандыратын едім-ау,— дейді. 
— Иə, құрдас, оған сөз бар ма? 
Шай құйып отырған Сақып та бір қомпаңдап қалады.
— Ай несін айтасың, өзімнен де болды,— дейді біруақытта. Оңбай
қолтығындағы жастықты өші бардай нығыздай жаншып. — Колхоз
іріленгенде мені қоймақшы екен. Қарап жүрмей хатшыға тіл тигіздім ғой.
Аудандық активте қайдағы бір «қағаз бастылыққа» шүйілем деп, таяқтың
бір ұшының тап бірінші бастықтың қақ маңдайынан қалай сарт еткенін
өзім де аңғармай қаппын, содан-ақ суық көздің сұғынына іліктім. Сол-ақ
екен бір іріген біздің айран қайта ұйымай қойды ғой. Пəтшағар сонша
пысықсынып нем бар еді! Қазір орынсыз момын болуға да, орынсыз пысық
болуға да, орынсыз алғыр болуға да, орынсыз ақылды болуға да болмайды,
қасқа. Артық дəулет көз шығармаса шығармас, ал артық ақылдың көз
шығаратыны ыпрас. Өз бағыңды өзің байлайсың. Дүниеде құдайдың
бергені де ештеңе емес, бергенін қайтып алғаны да ештеңе емес, бəрінен де
берейін деп тұрып бермей қалғаны жаман екен. Өлгенше өмірі есіңнен
кетпейді. Солай, құрдас... 
Оңбай бұл жаққа құрағыта бір қарап қойып, сылқылдатып құйып
алады. Сосын стаканды қолына ұстап, бұның иығына сүйеніп, отырған
орнынан атып тұрады. Сақып босағада жатқан балдақты əкеп жалма-жан
қолтығына қыстырады. Оңбай əй бір аңыратып əн бастайды дейсің. Əуелі
міндетті түрде орысша бастайды. Көкіректі қарс айырар қыжыл əн. Сөзіне
түсінбесе де, бұлардың жүйе-жүйесін босатып барады. Əн салған сайын
Оңбай айдындана түседі. Бүгінде екі езуіне жамбастай құлап, жүні
жығылып жапырайып жататын жуас мұрт дікең ете қалады. Көбіне


тұманданып, тұнжырап жүретін сұрғылт жанарда жылтырап шоқ тіріледі.
Əлгінде ғана ащы арақ қуырып, əзер қиысып отырған солған өкпедей ерні
күреңітіп қоя береді. Оңбай қолтығында балдақ емес, екі аяғынан бірдей
басып тік тұрған кісіше кеудесін кере шалқаяды. Орысша əн қазақшаға
ауысқанда манадан бері балқып тұрған Сақыптың көзіне жас жүгіреді.
Қарабаланың да көзі дымданып қоя береді. Бұлардың көңілі босағанын
көргенде Оңбай тіпті қайратына мінеді. Осы бір иі жұмсақ екі адамның
көзіндегі жас өз көкірегіндегі удай ащы өкінішті, өзегін өртеп бара жатқан
ащы арақты, манадан бері бойындағы əлді сорып ап жатқан мең-зең
мастықты қуып шыққандай, өзінен-өзі тұтап, өзінен-өзі бықсып жүрген
тымырсық көкіректі бір өкпек жел құлан таза аршып алғандай. Екеуінің
иығына қолын салып:
— Əй, байғұстарым-ай! Бізге қараған оншақты үйде менен басқа еті пысық
ешкім жоқ. Ертең мен анау-мынау боп кетіп жүрсем, бел буып шығатын
қайсың болар екен, — дейді.
Қарабала онан сайын егіле түседі. Тамағы құрғап, кемсеңдеп: 
— Асқар тауым-ау,— деп кеңкілдейді.
Ет жүрегі езіліп, таусылып айтады. Бұлардың көңілін босатқан Оңбай
балдағын тық-тық басып, ширақ аттап үйден шығып кетеді. Жатаған үйдің
терезесінен осы бір қара жерді шегелеп басқан тық-тық дыбыс ұзаққа дейін
естіліп тұрады.
Қарабала ол күні көз жұма алмайды. Өмірде көп нəрсеге зер сала
бермейтін осы бір еңгезердей еркек көп онша ренжи қоймаушы еді.
Құдайға шүкір, қолы бос отырмайды. Құдайға шүкір, Сақып борпы аяқтау
болғанмен, бетіңе жел боп келмейтін бір бар болғыр. Бір ұл, бір қыз тауып
берді. Ұлы бөлек үй шыққан, жылқышы. Қызы көрші ауылда тұрмыста. Ел
қатарлы мəпахасы бар. «Қарабала, істеп берші» дегенді істеп береді.
«Қарабала, барып келші» дегенге барып келеді. Құдайға шүкір, осы
жасында ешкім бұған «мынаны бұлай істемепсің» деп көрген жоқ. Содан
ба, өз басы көп нали бермейді. Тек анда-санда осылай Оңбай соғып
кеткенде ғана аяғының астындағы мыңқ етпей жатқан мығым дүние кенет
теңселіп жүре бергендей болады. Бұл түсінбейтін көп мəселе көңіліне бір
түрлі үрей қашырады. Өзі құдайдай көретін құрдасының итінің нағып
мұнша қырын жүгіріп кеткені ақылына сыймайды. Соған қарағанда Оңбай


айта беретін əлгі бір ырың-жырың өмірде бар болса бар шығар деп
ойлайды. Осы ауылда «Əй, кəпір» дей қоятындай ешкім жоқ сияқты. Бəрі
де өздері құсаған жұмыр басты пенде. Сөйте тұрып, Оңбайдың көріп
жүрген күні əлгі. Мүмкін, өмір дегең шынында да, бұл білетін қайқы бел
қара төс пен қара балға емес шығар. Оның илеуіне түскеннің бəрі мұның
қолынан шыққан нəрселердей əйтеуір бір кəдеге жарай бермейтін шығар.
Олай болса, Оңбай осылай боп жүрер ме еді. Шіркіннің бойында қанша
жігер, қанша білік, қанша өнер құрдымға құрып зая кетіп жатыр?..
«Өзімнен болды. Кезінде өйтпедім-бүйтпедім»,— дейді. Мүмкін ол да рас
шығар. Бірақ өз басы құрдасының басындағы қырсықты əлгі атаңа нəлет
Гитлер атқан қаңғыма қорғасын оқтан көреді. Сол тек сыңар аяғын емес,
болам-толам деп тұрған періште көңілдің қанатын да қоса жұлып
кеткендей. Əйтпесе елден ала-бөтен зерек Оңбай оқымас па еді. Оқыса осы
күндері қайда, кім боп жүретінін кім біліпті? Қаңғыма оқ қағындыдан тиді
де, жігіттің сұлтанын мына Қарабала секілді өңшең можантопайдың
ортасына омалтып тастады. Енді жер-көкке симай жүрісі мынау. Соны
ойлағанда өне бойын өрт жалап жүре береді. 
Өз басы осы жасқа келгенше тигенін киіп, бұйырғанын ішіп, ештеңеден
уайым жемепті. Əкесі байғұс та бұл туғанда онша көп басын қатырып
жатпаған сияқты. Кітап та аштыртпапты, азан да шақыртпапты. Қара
болғасын атын Қарабала қоя сапты. Міне, сүйткен Қарабала қара шал
болғанша бұл ауылда əлі оны ешкім «Қарекең» деп керген жоқ.
«Қарабаланың соққаны», «Қарабаланың істегені», «Қарабалаға жасату
керек»... Алда-жалда өзге ауылдардан шаруасы түсіп келген біреу-міреу
«Қареке» дей қалса тура көк желкесі шылп-шылп терлеп, удай ашып қоя
береді. Жиынтойда да қақырайып төрге шықпай, есік жаққа елеусіз жантая
кетеді. Əр нəрсенің өз жөні, өз сəні бар емес пе! Мəселенки, қаңылтырдан
түрең шар болаттан түкіргіш соққан кімді көрдің? Оңбайдың қазіргі
жағдайы да бұған дəл сондай бір қисынсыз нəрсе сияқтайады да тұрады. 
«Құдай да қызық-ау!»— деп бір ойлады да, артынша «Тəубе, тəубе!» деп
қойды. Басы жұмыр пенденің кез келгенінің қолына түсе бермейтін
тасбақаның шөбінің жер бетінде дені дұрыс кісі құрығандай бұған осыдан
қырық жыл бұрын үш класты зорға тауысқан, бүгінде ақша беретін
табельге өз фамилиясының тұсына əкесінің атының бастапқы төрт əрпін
жазып, сосын имектеп бір қисық таяқпен сойдақтата қайырып тастауға ғана
сауаты жететін жаман ұстаға тап келуін қарашы. Онанда ана аузымен құс
тістейтін Оңбайларға бұйырсайшы... Оған бұйырса — баяғы от ауыз


жастық шағына қайта оралмас па еді. Көргеннің көзінде, тыңдағанның
көңілінде қалатын сұңғыла сұлу жігіт көрші колхоз түгілі ауданның, аудан
түгілі облыстың, облыс түгілі əлгі Алматы мен Мəскеуіңнің оқуын
тауыспас па еді? Осы күнде сонау орталықтардың біреуінде ай маңдай
оқымыстылардың біреуі болып маңқиып отырмас па еді! Исі осы ауылдан
барған балалардың бəрін шыртытып оқуға кіргізбес пе еді! Осы ауылдан
ауру боп, істі боп барғандардың бəрі соның үйіне түспес пе еді! Тіпті бұл
Оңбайдың əлгі тек радиодан ғана сөйлеп, кинодан ғана көрінетін үлкен
басшылардың бірі боп кету де қолынан келетін еді ғой. Онда мынау ата
қонысын түйе аунаған шаңдақтай құлазытып қоймай, жер түбіндегі үлкен
өзендердің біреуін əлгі кəзитте жазып жүргендей қып, мұрнынан жетектеп
осында бұрып əкелер еді ғой. Онда бұл барған адамнан: «Əй, ит, дəу
бастық боп, құлынтайдай тебісіп бірге өскен бізді ұмытып кетпе. Сенің
қолыңа право тигенде не көреміз? Менің балам Қуатбек мынау деген
жылқышы. Соның теңінде біраз қызыл қағаз, көк қағаз босқа жатыр. Өзі
маған тартқан шикі өкпелеу неме. Машина алғысы келе ме қалай? Оған
əлгі жыл он екі ай шіретте тұру керек көрінеді. Жұрттың айтуынша,
ақшаңның үстіне бетіңнің аз-маз ажары, қысқасы, таныстық керек дейді.
Əйтеуір, шырғалаңы жеткілікті дейді. Не де болса, өзің білесің, баламыз
екеуміздің қолымыздан келмейтін шаруа. Соған жəрдемдес. Баяғыда өзің
көрген кішкене Жаңыл бүгінде тұрмыста. Балалы-шағалы. Ел қатарлы үйі
жоқ. Соған қол ұшын беруге қалайсың? Басқа ауылдар ауыл сияқты. Біздің
ауылда əлі терезесі іннің аузындай тоқал үй көп. Соны да ескер. Біз үшін
бұның бəрі қарлы Қаратау. Саған не, телефоныңды бір сыңғыратсаң бітіп
жатыр»,— деп айтып жібереді ғой. Қой, құдай мəңгінің қиялы дағы. Онсыз
да көштен қалып жатқаны шамалы. Əйтеуір, бастық болып жатса,
Оңбайдың өзіне жақсы ғой. Кездескен адамнан: «Қарабала деген ұста
құрдасым еді. Бұ дүниеде бар ма?»— деп сұрап жатса да мəртебе емес пе.
Бəрін айт та бірін айт, əйтеуір қазіргідей ине жұтқан иттей боп тызаяқтап
жүрмес еді... 
Сол ойына түскенде, осыдан үш күн бұрын көрген Оңбайдың сүйегі
салдырап қалған құп-қу кескіні көз алдына келді. Бір кездегі аққұба бидай
өңі бүгінде боп-боз, қыртыс-қыртыс. Қиылған қиғаш қасы сиреген, үйте-
түйте. Жарқабақтанып кеткен көз аңғалағына шөлмек қыстырып
қойғандай. Шатынай қарайды. Тек қыршаңқы тілі ғана ескі көрпені иығына
іліп қалқиып отырған ебіл-себіл қаңқаның баяғы Оңбай екенін еске
түсіреді. 


Қарабала құланы тебініп қалды. Жолы болар. Əлгі тасбақаның шөбі тегін
емес шығар. Сүйегін сүйретіп жатқан сорлы аңсары ауған шаруасы
оңғарылғанын көріп, кім біліпті, аяғына мініп кетер. 
Сəске ауа ауданның да төбесі көрінді. Сұрастыра жүріп, Оңбайдың
алдымен кір деген кеңсесін тауып алды. Алдыңғы бөлмеде отырған созыла
қимылдап, сыңси сөйлейтін кермиық керік келіншек бастығына басын
сұғып еді. «Кірсін» депті. Қақ төрдегі қарағай столда пальтосын иығына
іліп алған шандыр бет қапсағай қара отыр. Ақ темірден салған жалтырақ
тісін бір жалт еткізіп жай сұрады. Əңгіме тыңдап отырып, анадай жерде
тұрған тор-тор қағаз салғыштың ішіндегі газетті қайта-қата тысырлатып
əуелей түкіріп қояды. Бұл келген шаруасын енді аяқтай бергенде, жалтыр
тіс өзінің өндіршегі сорайған ұзын мойнын сонау үнжырғасынан бұрап
жұлып алғысы келгендей, иіре бұрып, бұның иегінен маңдайына қарай,
маңдайынан иегіне қарай ерсілі-қарсылы екі рет тінте шолып шықты.
Сосынтемір тісті ақситып, бір күліп қойды. «Өзі де айтса айтқандай,
қақпан торыған жұтыр тазыға келеді екен»,— деп ойлап отыр Қарабала. 
— Білем, ағайын,— деп бастады шандыр бет.— Оның əлгі дəукес Бисенов
қой. Осында жеті ата, жетпіс жеті шешемізге тіл тигізіп, шетімізден қырып
боқтап жазған хаты бар. Со қағазы үшін де біраз сенделте тұруға болар еді.
Бірақ сіз келе қапсыз. Оған төрт доңғалақ беру туралы қағаз алынған. Бірақ
соны биылғы жылдың ортасына іліктіру басқа мекеменің қолында. Олар
«болсын» десе, лəббай деуге біз қашанда əзірміз. Сіздін əлгі дəукестей
емес, бетіңіздің иманы бар, жаңағы мен əлгі айтқан мекемеге кіріп
шыққаныңыз дұрыс. 
Бұным қалай дегендей. Қарабалаға көзінің астынан сүзіле қарады.
Қарабала қорбаңдап орнынан тұрды.
— «Ұшқын» биыл қыстан жақсы шықты ма? Төл қалай?— деді шандыр
бет.
—Шүкір, жаман емес.
Қарабала осы бір мойны қалқиған шандыр бетті бір жерде көрген секілді.
Есікті жауып жатып, көзін тағы бір салып еді, есіне түсіре алмады. 
Екінші мекемеде əлгіндей емес, адам көп боп шықты. Ұзынша бөлменің
екі қабырғасына жағалай тізіп орындық қойыпты. Сол орындықтарда қаз-


қатар тізіліп отырған бір адам. Көпшілігі мұндай құр қол емес, алдарына
томпитып-томпитып бір-бір папка өңгеріп апты. Бастық əлі кешігіп жатса
керек, қағаз басып отырған үлбіреген ақ құба қыз үсті-үстіне тызылдап
жатқан телефонға: 
—Келе қойған жоқ. Кісі көп, деп жып-жып жауап береді. Телефонға
бұрылған сайын бөлмені көзінің астымен бір сүзіп шығады. Папка
құшақтап сыздиып отырған жас немелер хатшы қызға құрағыта қарап
қояды. Бір уақытта есіктен бастық көрінді. Шытына қарайтын жіңішке
жылтыр қара екен. Жағына пышақ жанығандай. Бірақ, денесін көтере
алмай келе жатқан кісідей, кердең басады. Сол жан-жағына көз салмаған
күйі төрдегі қара былғары есікке аяңдады. Есікті аша бере хатшы қызға
бұрылды. Хатшы қызға бірдеңе деп жатып босаға жақтағы бұны көзі
шалып қалды. Сұйық қасын керіп, біраз таңырқап тұрды. Сосын өңін
жылытып, бас изеді.
— Бар бол, шырақ,— деді бұл орындығын сықырлата қозғап.
Деуін дегенмен екі беті ду қызарды. Жұрттың бəрі бұған жалт бұрылды.
Бастық кеңсесіне кіріп кетті. Көп ұзамай қоңырау дызылдады. Хатшы қыз
бастықтың есігін ашты. Сосын артына бұрылып, бұған:
— Ақсақал, сізге кірсін деп жатыр,— деді. Қарабала қасындағылардан
кешірім сұрағандай екі жағына жалтақ-жалтақ көз тастап бастыққа беттеді.
Өңшең жылтыр ағашқа толы ат шаптырым кең бөлме. Қақ төрдегі сала
құлаш күрең столдан қаршығадай қара жігіт шапшаң көтеріліп, қарсы
жүрді. Келіп қолын алды. Қолтықтап апарып сала құлаш күрең столдың
алдындағы кішкене жіңішке столдың екі жағында тұрған екі сəкінің
біреуіне отырғызды. Тықылдақ орындықтан басқаға жамбасы тиіп
көрмеген Қарабала жұмсақ сəкіге күмп беріп, үйелеп қалды. Жалма-жан
басындағы тымағын жұлып ап, алдындағы кішкене столға тастады.
Қаршығадай қара сүр жігіт үн-түнсіз. Алдындағы қағазға əлденелерді
түртіп қояды. Бұл сөйлеп болғасын қасындағы жылтыркөк түймені басып
еді, есіктен хатшы қыз көрінді.
—Маған əуелі Есенқұловты, сосын Жүзбаевты қос.
—Мақұл.


Хатшы қыз есікті қайта жапқан бойда, қоңырау зың ете қалды. Қара сұр
бастық телефонға қол созды. 
— Саламат па. Иə, солай ма еді. Ендеше қағаздарын əзірлей беріңіз. Бір
ретін қарастырармыз. Жарайды. 
Жағында бір шайнам еті жоқ қара сұр жігіттің аузынан шыққан сөзі де
тақ-тұқ. Қолын енді босата бергенде, телефон тағы дызылдады. 
— Ə, саламатсыз ба? Анадағы үш машина əлі бар ғой. Дұрыс бопты.
Соның біреуін инвалидке береміз. Қаулы дейсіз бе... Ештеңе етпес.
Озаттарды да құр қол тастамаспыз. Оған сіз қам жемей-ақ қойыңыз. 
Аржағындағысы да өжеңдеген неме екең қара сұр жігіттің маңдайына
əжім ойнап шыға келді. 
— Бірінші қазір жоқ. Келген соң өзім сөйлесем. Мен бұйырды дерсіз. 
Бастық бедірейіп алды. Дегенін істетпей қоймайтын қу сияқты.
Саусағымен күрең столды салып-салып жібереді. Үстінде ақ құйрық
шылымның тұқылы жатқан күл салғыш селк-селк шоршыған сайың мұның
айызы қана түсті. Оңбайдың төрешіл деп жүргені қара сұр жігіттің бетін
бар, жүзің бар демейтін осы тікшілдігі болса керек. Əңгімесін бітіріп, жүзін
бұған бұрды.
—Ақсақал, əлгінде болған кеңсеңізге барып қағаздарыңызды алыңыз.
Сосын Жүзбаев жолдасқа барасыз. Шаруаңызды сол кісі бітіреді. Басқа
айтатыныңыз бар ма еді?
—Жоқ, айналайын. Көп-көп рақмет. Жаныңа жамандық бермесін.
—Сізге де рақмет. Былтыр біздің тапсырмамызды ойдағыдай
орындадыңыз. Майдангерлерге ескерткіш орнату мəселесіне бас-көздік ету
маған жүктелгенді. Сіз қолғабыс жасамағанда ұятқа қала жаздап ек.
Қарабала енді түсінді. Былтыр көктемде парторг тызақтап жүріп бұған бір
көп жылтырақ темірді соқтырып еді. Айтып тұрғаны сол болды-ау!
Қарасұр бастық орнынан тұрып кеп, қол алысып қоштасты. 
Жүзбаев сауданың бастығы боп шықты. Бұл сауданың төңірегінде


өңшең бір жүзіктің көзінен ететін жылмаң төстер істейтін шығар деп
ойлайтын. Мынауы бір нар түйедей маңқиған неме. Таңқы танау, бұйра
шаш. Шынашағын оқ жұлып кеткен шолақ қолымен столын ерсілі-қарсылы
үйкелеп отырып сөйлеседі. 
— Сонымен, ақсақал, бұл машина өзіңізге керек пе еді? 
— Жоға. Бір мүгедек ағайыным бар еді. Сол жұмсап жіберді.
—Апырай, ə? —Жаңа председательде болдыңыз ғой.
—Болдым.
—Бізге биылдыққа əлі мүгедектерге берілетін фондыдан машина келген
жоқ еді. Базада бір үш доңғалақтың тұрғаны рас. Оны анада райкомның
бюросы болып биыл төлді кім көп алса, соларға береміз, оған дейін
тұмсығын қанатушы болмаңдар деп қаулы шығарып қойған. Енді міне,
мүгедекке бер дейді. Ертең бірінші хатшы келеді де, менің екі аяғымды бір
етікке тығады. Оның əрине, сізге қатысы шамалы. Апырай, ə?
—Қайдан білейін, əлгі балалар болады деген секілді еді.
—Жақсылық жасаған жақсы, əрине. Бірақ заңның да обалы бар емес пе.
Заң жарықтықты сыйламай болмайды. Апырай-ə?
—Заңға обал болса...
—Жоқ, жоқ. Бұл арада сіздің ешқандай жазығыңыз жоқ?
—А...
— Апырай, ə?
Жүзбаев күйзеліп отыр. Стол үстін бір қопарып шығып, суырманы
ақтарды. Тасқа басылған бір қағазды тауып алды. Шаңырақтай көзілдірігін
киіп, оқып шықты. Сосын добалдай сұқ саусағымен столды тарсылдатты.
—Заңға сиюын сыяды екен. Бірақ анадағы бюроның қаулысы жəне бар? Сіз
сонда «Ұшқыннансыз ба?»


—Иə.
—Мал бағасыз ба?
—Ұстамын.
—Апырай, ə? —Атыңыз кім?
—Қарабала.
—Апырай, ə? Қашаннан ұстасыз?
—Мен өзім сонда туғам. Жұмысқа жарағалы темір соғам.
—Елу үштің жұты есіңізде ме?
—Əлбетте.
—Март айында сіздің ауылдың алдындағы дөңде қатып қалатын көп
машинаны білесіз ғой.
—Білгенде қандай! Тоң жібігенше жатты емес пе? Талайының бел темірі
омырылып, маған бір ай бойы жұмыс табылған.
— Апырай, ə! «Ұшқында» бір қолы алтын ұста бар деуші еді. Сол сіз
екенсіз ғой. 
Қарабала қызарып кетті. Оның қысылғанына Жүзбаев та қипақтап
қалды.
—Сол былағайда мен де жүргем. Машинадағылар жүктің бəрін түсіріп ап,
сіздің ауылдағы түйелерді жиып, соларға артып, қойы қырылып жатқан
көрші колхоздарға жем тасығанбыз.
—Е, сіз ауатком Жүзбаев жолдас екенсіз ғой.
—Со кезде ауаткомде істейтінмін.
Екеуі де үнсіз қалды. Осы бір күйгелек қара кісі Қарабаланың есіне енді
түсті. Со жылы қыс қатты болды. Көктем əне шығады, міне шығады деп
отырғанда, қарды үйіп салды. Тəлтіректеп тұрған мал қырыла бастады.


Аудандағы бар машинаны адамдарға азық, малға жем артып, Жүзбаев
жолдастың өзі келе жатқан көрінеді деп бүкіл ауыл шу еткенді. Бір күні
құбыла беттегі қара жал гүрілге толып кетті. Жан-жағында қалқа жоқ айдай
дөңде машиналар қарға батты. Керуенді бастап келе жатқан Жүзбаев
жолдас Оңбайға кеп ауылдағы барлық көлікті жидырды. Үй-үйді аралап
қом іздеді. Екі күн бойы бір шабдар атқа мініп ап қара жал мен ауылдың
арасында ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Өзі де тыным тапқан жоқ, жұртқа
да тыным берген жоқ. Бір қара ала шидемді киіп ап, белін тұсаумен буып
ап, ақ тер-көк тер жүк артысады. Сосын аспандаған бір қара нарға мініп,
керуенді өзі бастап кеткен-ді. Ауылдың үлкен-кішісі əкім басымен екі
білегін түріп тастап жұртпен бірге жұмыс жасаған осы бір шыдамсыз
бастықты көпке дейін ауыздарынан тастамай жүрген-ді. Сол жолы ол
Оңбайға: «Өз шаруаңа мығым болғаныңмең көршілерге қайырымың жоқ,
қарау екенсің»,— деп қатты ренжіпті деген. 
Қатал тəртіпті сүйетін, іске де, сөзге де тым шұғыл осы кісі туралы ел
арасында сөз көп. Кейін төмендеп кетті деп еді. Келген кеңсесі осы екен
ғой. 
Бурыл шаш, алпам төс, таңқы танау қара кісі терезеге қарап ойланып
қапты.
—Апырай, ə? Жарайды енді. Сіз келгесін болмас. Ол машинаны жүргізіп
алып кететін адамыңыз бар ма еді?
—Əлгі мүгедек адамның баласы шофер.
—Ендеше келсін де, алып кетсін.
Екеуі орындарынан атып тұрып, қол алысты.
— «Ұшқын» биыл қалай?
—Қыста қар жаман түскен жоқ.
— Апырай, ə? Онда биыл шаруа оңғарылады екен! Кеңседегі шаруаларын
бітірген Қарабала поселке шетіне тастап кеткен атына келе жатқан-ды. Бір
шақыр-шұқыр ыдыс-аяқ дыбысы шығып жатқан үйден өте бергенде
тамақтанбағаны есіне түсті. Е, əлгі Оңбай мақтайтын шайхана осы болды.
Есігін жұлқып қап еді, арғы жағынан əйел баж ете қалды.


—Уақыт бітті. Үзіліс. Бесте келіңіз.
—Беске дейін ауылдың да қарасын көріп қалармын.
—Жібере ғой. Жолаушы екен,— деді аржағынан тағы бір дауыс.
Бұл ішке өтті. Есік жақтағы оңаша столға отыра салды. Бір шілмиген құс
төс əйел қасына келді.
—Қайынаға, не ішесіз?
—Жүрек жалғар бірдеңе болса...
—Бəлкім, тəбет шақыратын бірдеңе алдырарсыз.
—Оның айналайын, əлгі шөлмек пе? Ол жағына үйір емес ем.
Құс төс келіншектің оң жақ езуі бір бүлк етті. Көп ұзамай алдына қалайы
табақ капуста көже мен бір уыс күріштің үстіне бүрісе қонжиған өкпе,
бауыр ма қарауытқан бірдеңе əкеп қойды. Сосын тайтаңдап басып түп
жақта тамақ ішіп отырған бір топ ақ халатты əйелдерге барып қосылды.
Сыпсыңдары өрши түсті. Төр жақтағы бұжыр əйел аузындағысын
айналасына бүркіп-шашып мырс етіп еді, əрі қарап отырғандарынын
бүйірлері бүлкілдей жөнелді. 
Қарабала тұрып кеткенше асығып апыл-құпыл қарбытып жатыр.
Əлдеқашан суып қалған тамақты ішіп отырса да, терлеп кетті. Көк желкесі
удай ашып барады. «Ау, сонша неге жанығасың»,— дегендей, табақ жалап
тойынған бір-екі бордақы шыбын екі құлағына кезек мініп, ызыңдап
шықпай қойғаны. 
Қарабала дүниеде осы шыбынды жақтырмайды. Сосын еркек кісінің
көзінше жыртақтап көп күлетін əйелдерді жақтырмайды. Баяғыда
военкоматқа келгенде де көресіні бір жүн сирақ көк қасқа шыбын мен
дəрігер келіншектен көріп еді. Айналайын военкомат деген мекеменің бəрі
жақсы-ау, тек мауыздай-мауыздай еркектерді жиып ап, енеден туғандай қып
тыр жалаңаш шешіндіретіні жаман. Жұрт бір-бірінен қысылып, кірерге жер
таппай тұрғанда сол бір қолаңса сасыған қапырық бөлмеге тық-тық басып
ақ халатты əйелдер жетіп келетінін қайтерсің. Бұлардың үстіне де үріп
ауызға салғандай құлын мүсінді əдемі келшшек кіріп кеп, анадай жердегі


қисаңдаған ағаш столдың бір бұрышына барып монтиып отырып алғаны. 
Бұл ішінен: «Құдай-ай, үлбіреген ақ періштенің алдында өңкиіп
тыржалаңаш тұрғызғанша, əлгі оқ бораған окопына айдап апарып бір-ақ
тоғытқаны жақсы еді ғой»,— деп тұр.
Жұрт бірінен соң бірі барып жатыр. Бұл кезегі жақындаған сайын дір-
дір етеді. Кенет өз фамилиясы аталғанда төбесінен жай түскендей болды.
Ілби басып жақындады.
— Аға, қолыңызды алыңыз,— деді келіншек тісін жарқыратып.
Бұл тамағы құрғап:
— Айналайын-ай, ұят емес пе,— дей беріп еді, келіншек қабағын
шытынды.
Қайдан сап ете қалғаның терезенің көзінен бір көк қанат шыбын кірді
де, мұның дəл желкесіне қонып ап, бүлкілдете жөнелгені. Мойнын олай
қисайтады — ұшатын шыбын жоқ, былай қисайтады — ұшатын шыбын
жоқ. Күйініп кетті де, жалма-жан қолын жұлып ап өз желкесін анау-мынау
емес шапалақпен сарт еткізіп тартып қалды.
Қу келіншек сол екі ортада үңіле қапты. Желкесін көріп тұр. Бүлк-бүлк
етеді. Содан столға отырып ап — ал күл. Қолындағы бір парақ қағазға
бірдеңе жазып жатып — ал күл. Оның күлгенін көріп, бұдан кейін тұрған
жігіттердің де құдайы берсін кеп.
Сонда Қарабалаға əлгінде ғана ақ қанатты періштедей үлбіреп отырған
əдемі келіншектің əзірейілдей боп көрініп кеткені.
Мына бір қараптан-қарап өзді-өзі қыстыға күлген бір топ əйелдің
арасында со да отырған сияқтанды.
Алдындағы асты апыл-құпыл жайғап боп, орнынан көтерілді. Асығып
басып киім ілгішке жетті. Тымақты бір қолтыққа, қара тонды бір қолтыққа
қыстыра салып, есікке ұмтылды. Тақтай есіктің жақтауға тақ ете қалуы-ақ
мұң екен, ар жағындағылардың жарыла күлгендері.
Гулеген шыбын мен əйел үніне мекен болған сол бір құбыжық үйден


алыстаған сайын көңілі жайлана түсті. «Заготскоттың» ауласында қалған
құлаға қарғып мінді. Аудан орталығы дөңкиген қара жотаның тасасына
түскенде барып, көмейіне əн оралды.
—Е-е-е-й, қызыл азбан.
Қызбен жігіт бірігіп көмір...— дей бергенде, аузын алақанымен басып,
жағы жыртыла бір есінеп «иə, алла» деп қойды. 
Алда ауыл болғасын ба, шабан құла емпеңдейін деді. Қарабала жадақ қас
қазына ерде шалқайып отыр. «Бұл шаруа оңынан оралды!»— деп қояды.
Əлгі үшеуі анау айтқанда бедірейген безер көрінбеді. Сөзін ықылас қойып
тыңдады. Қолқасын бітіріп берді. Екеуі өзін білетін боп шықты. Əлгі темір
тіс те бір жерде көрген адамы. Қоя тұр... Соны қайдан көрді осы? Қайын
енесінің жаназасында ондай кісі көзіне түспеген секілді. Қайын атасы
тоқал түсірген тойда да, əй, ұшыраспапты-ау. Əлде əлгі ат құрғатпай келіп
жататын көп өкілдің бірі ме екен. Оларыңның бұл қайсысын біліп жатыр.
Машинасына бірдеме керек еткен біреу-міреулері болмаса, мұнда олардың
шаруасы шамалы. Тоқта... тоқта... Бұрнағы жылы күзде брезент жамылған
бір-екеу түнделетіп соқпаппа еді. Төрге озбай «Рессорымыз сынып қалды.
Ағатай, қол ұшын бер!»— деп қиылғаны қайда! Іңір қараңғыда келген.
Бозала таңда кеткен. Кенет машина. Аңнан келе жатса керек кенебіне қан
жұғып, үстін көк шөппен сүртіпті. Сонда бір ырсаңдаған кетік тіс асты-
үстіне түсіп, қасынан шықпай қойған. Манағы сол болды-ау, шамасы. Тіс
салдырып алған ғой. Не де болса, Оңбай байғұстың баяғыдан бері діңкесін
құртқан шаруаның сəті түсті ақыры. Ат сабылтып талай барып,
əлдекімдердің ішін кептіре боқтап, талай құр қол қайтқан орақ ауыз Оңбай
бітіре алмай жүрген шаруа екі ауыз сөздің басын құраған құрлы көйлегінің
арқасы малмандай боп шыға келетін Қарабалаға пішту болмай қалды. Бəрі,
манағы тасбақаның аузында қылтиған тебен иненің тұқылындай көк
шөптің киесі ғой. Ата-баба білмей айтты дейсің бе! Шарапаты алдымен
Оңбайға тиді. Қазір барып рұқсат қағазды ұстата салғанда жүрегі жарылып
қуанатын шығар.
— Əй, қасқа-ай, сенің қолыңнан да бірдеңе келеді екен ғой,— деп кеңк-
кеңк күлер.
Күлсе, күле берсін. Алты ай қыс ұрынарға қара таппай іш құса боп
жатқан бейшараның дені бір жайылып қалсын. Есіктен ол кіріп барғанда,


 бұлдырап тұрған бұлыңғыр бөлмеде үн жоқ екен. Қақ төрге екі жағына екі
жастық қойып қарқарадай боп Оңбай жайғасыпты. Ол үйдің қалған
адамдары кеудесінде жаны бар тірі пенде емес ебіл-себіл көлеңке сияқты,
дымдары іштерінде боп, аяқтарының ұшынан басып ілбіп жүр.
Қалт-қалт шай сораптап отырған Оңбайдың көзіне бір қуақы ұшқын
жүгірді. «Төрге шық» деп қасындағы бос орынды меңзеді. Тізесін енді
бүгіп, аузын енді аша бергенде, Оңбай жымсиып:
—Айтпасаң да білем, əуелі шайыңды ішіп ал,— деді. Сосын мұрты
жыбырлап, шайын сораптады. Қарабаланың ұрттаған шайы тамағында
тұрып қалды.
Оңбай ыдысын төңкеріп, иығындағы төмен сусып бара жатқан көк ала
сəтен көрпені көтере жамылды.
—Ал, иə, қалай барып қайттың? Бастықтар аман ба екен?— деді жүзі
жадырап.
—Аман көрінеді.
—Құшақ жайып қарсы алған шығар.
—Шүкір.
Бармағындағы насыбайы тұмсығына тие беріп кері қайтты.
—Əлгі темір тіс ұры тазы не деді?
—Қағазды дайындап қойыпты.
Оңбайдың көзіндегі жымысқы күлкі кілт сөнді. Дегенмен көрме қастың
қияғындағы екі ұдай таңданыс əлі тұр.
—Кербез бастықта да болдың ба?
—Иə.
—Толғатқан саулықтай ыңыранды ма?
—Жоқ.


Енді Оңбай бойын тіктеп: «Сең осы, өзің не айтып отырсың?»— дегендей
өңменінен өткізе алая қарады.
—Нарқоспақ қайтті? Аузын қу шөппен сүртті ме?
—Базада үш машина бар екен. Соның біреуін айдап əкетсін деді. Қағазы
міне.
Оңбай қолындағы қағазды жайлап ашты. Жастығының астынан көзілдірігін
алып, асықпай оқып шықты. Əрі аударды, бері аударды. Басын шайқады.
Осқырынды. Ақыр аяғында езуіне қайтадан күлкі жүгірді. 
— Шық бермес Шығайбай немелердің сен барғанда мырза бола
қалғандарын-ай! 
Қарабаланың иығынан да бір зіл батпан түскендей. Арқасы жіпсіп,
манағы тасбақаның шөбін айтайын деп, аузын енді аша беріп еді,
Оңбайдың онсыз да көк сүр бетінің бір түрлі қалақай шағып алғандай
күлбіреп бара жатқанын көзі шалып кідіріп қалды.
Үйдегі жанның ешқайсысының бұл əкелген жақсылық хабармен
шаруасы жоқ, төрге қарап, көздері атыздай боп барады.
Оңбай кенет бүйірінен шаншу қадалғандай бұғанасын ұстай алды. Ту
сыртындағы ала жастыққа шалқалай берді. Бүкіл бет алдын мұп-мүздай көк
шөлмекпен қаптап қойғандай. Шатынап кеткен. Біраздан кейін: 
— Жарайды. Рақмет. Үйіңе бара бер,— деді.
Қарабала орнынан тұрды. Тымағын киді. Қамшысын ұстады. Есікке
жете беріп төрге көз тастады. Оңбайдың сол баяғы сұп-сұр қалпы. Оң жақ
езуіне бір зіп-зілдей кекесін ілігіпті. 
Сыртқа шыққасын тасбақаның шөбі орнында ма екен деп қойнына қол
жүгіртіп еді. Дəрінің қағазы сонда барып есіне түсті. Құласын жетегіне
алып, ауыл шетіне қарай аяңдады. «Қараңғыда жер ұзап кетеді деген рас
білем. Əншейінде тиіп тұрған үйі құрғыр жеткізіп болмады ғой». 
Қарабала аптығып жүріп əйеліне дəрі алуды ұмытып кеткеніне өкініп
келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет