ОР ТЕКЕ
Əр жылғы əңгімелерден
Теріскейдің ызғырық желі қатарынан пəлен күн қадалып тұрып
алатынды шығарды. Биылғыдай қоңыр салқын жайлы жаздың арты бүйтіп
аяқ астынан шиырығып кетеді ғой деп кім ойлаған?!
Тірсектерін ызғар тістелеп күнгейге қарай жөңкіліп келе жатқан бір үйір
киік екі жағынан екі дария ағып кеп, бір-біріне құяр тұстағы аша түбек
ықтасын ойға енді еңкейе бере, едірейіп-едірейіп тоқтай қалысты.
Естерінен шығып кетіпті...
Жылда шілде түсе жол бойындағы шашыранды құмақтарға малтыға-
малтыға əбден қаталап біткен жүріс соқты саяқ үйір осы бір саялы ойға
жеткенде рақаттанып жатушы еді. Тізеден асқанша жүзіп барып, тұнықтан
қанып ішіп, анадай жердегі жалғыз қыраңның күн батыс бөктеріндегі көне
молаға кідіріп, бесін ауғанша көлеңкелеп, тыраңдай аунап-қунайтын. Биыл
да олар түстіктен теріскейге шұбырып келе жатып, əлгі аша түбектің
құбыла бетіндегі айқай қара жалдың басына андыздап шыға келгенді.
Сөйтсе... Анадайдан ақсиып «мен мұндалап» жататын бұлардың суатқа
құлайтын үйреншікті сүрлеуі жым-жылас жоғалған. Жер түбінен оқшау
қарауытып тұратын көне мола бір жылдың ішінде осынша көл-көсір боп
өсіп кеткендей дарияға дейін қараң-қараң жалғасып жатыр.
Алыстан аптығып жеткен арда үйір сілейіп тұрды да қалды. Өз
көздеріне өздері сенбей тесіле қарайды. Осының өзі бұлардың бауыр басып
кеткен үйреншікті аша түбектері болса жарар еді... Төңіректі тұтас
көмкеріп тұрған ұзыншұбақ жатаған жалдар сол баяғыша сағымға
малынып маңқиып-маңқиып жатыр. Екі жақтан да доға жасап алыстан
орағыта ағып келген екі өзен сол баяғысынша сағымға ұласып жермен-
көкті телегей теңіз етіп қалқытып жіберген. Тек анау теңкиіп-теңкиіп
жатқан ығы-жығы қарайғандар ғана көзге тосын. Тек анау бұлар суатқа
құлайтын қасқа сүрлеуді айғыш-ұйқыш тілгілеп тастаған қара-бұйра жал-
жал топырақтар ғана көзге тосын. Бұл екі аяқтыларға не көрінген? Қанша
жерден қырық жыл қырғын аштық келсе де, бүйтіп ата-баба зиратының
түбін қорс қып астын үстіне шығарып, аш ішектей шұбалтып, тап бүйтіп
қолдың саласындай бір-бірімен жабыстыра аран қазбайтын еді ғой! Аран
деуге тым тайыз сияқты. Əлде анау ербең-ербең қимылдап жүргендер
қабыр қазып жатқандар ма екен? Бірақ, бүкіл бір түбекті осынша тілгілеп
тастайтындай бұл елге тап биыл, тап бұндай төтен індет келмеген секілді
еді ғой. Кеше жолдағы елдің қозы айырып, қой сауып улап-шулап
жайбарақат отырғандары қайда! Ендеше, ата зиратының басынан осынша
далитып қабыр қазып бұл немелерді не қара басып жүр? Қабырды бүйтіп
жер қайысқан қара-құрым жиын боп келіп қазушы ма еді бірақ? Жəне
осылай аяқ басар жер қалдырмай тілім-тілім қорс-қорс қып қазушы ма еді?
Əне бір бөксесі күнге шағылысып жалт-жұлт етіп шөккен түйедей
дөңкигендері немене? Өздері жатыр ма? Тірі ме? Жоқ, қозғалып бара ма?
Не де болса, бұлары бұрын-соңды көре қоймаған құбыжықтар. Не де болса,
бұлары бұрын-соңды біле қоймаған гəп! Бəрінен де мына қолқаңды атып
бара жатқан нені айтсайшы. Егінжайдан түтін көрінбейді. Бірақ жер-көктің
бəрін өрт жалап кеткендей. Күңірсіп тұр-ау, күңірсіп тұр, Бұрын-соңды
бұндай иісті білсе не істейсің! Ендеше, сырын білмес істің сыртынан
жүрмеген абзал... Тағы үйір қара жолдың басымен шығысқа бет бұрып, екі
өзенді былайырақтан, жоғарырақтан барып кесіп өтті. Сосын ала жаздай не
шыбын, не бөгелек, не сəйгел кезікпейтін кереметтей самиян жазықта
рахаттанып жайылып шықты. Биылғы жаздың жайлы болғаны сонша, əлгі
бір жүрек дірілдетер тосын жəйт естерінен тарс шығып кетіпті.
Жуықта жел теріске аунап, ауадағы ызғар бірте-бірте шымырыға
түскесін күнгейге бет түзегенде жылда-жылда жүріп қалған үйреншікті
сүрлеулеріне түскен-ді.
Енді, міне, тағы да кеп тығырыққа тіреліп тұр. Аша түбектен анада
көздері шалған жал-жал топырақ қазір бұрынғысынан да ұлғайған. Қазір
кең алқапты ауызы-мұрынынан шыққанша түгел толтырыпты. Анадай-
анадайдан дөңкиіп-дөңкиіп тұратын қара жалдардын ақ селеулі
сауырларынан да саутамтық жоқ. Қамшының таспасындай тілім-тілім. Əр
жер-əр жерден дөңкиіп-дөңкиіп тұрған жалтыр табан темір шоқылары
бұрынғыларынан да үрейлі. Жан-жағына жал-жал топыраққа
келіңкіремейтін əлде бір қалқалармен қоршаған шаршы алаңқайдың ішіне
самсатып киіз үйлер мен делдиме шатырлар тігіліпті. Киіз үй мен
шатырлардан да басқа бірдеңелер қарауытады. Ұлы түздің жалба тымақ
тұрғындарының ата-бабаларының басына тұрғызатын тас молаларына
ұқсайды. Бірақ, олардан гөрі биігірек сияқты, қабырғасына сығырайтып
тесік қалдырыпты. Төбесіне шошайтып əлдене шаншып қойыпты.
Онысынан бұрқырап түтін шығып жатыр. Мынау бейтаныс екі аяқтылар
əлгі тас мүсін молаларына бір кіріп, бір шығып тыным табар емес.
Бұларға бірдеңе көрінген шығар. Мынау ұланғайыр сахараны қанша
шарлап жүргендерімен айдаладағы тас моланы түтіндетіп, паналап отырған
екі аяқтыларды ұшырастырып тұрғандары осы. Мынандай сауырыңды
шағар ызғырық суықта бұл жақта ел қалмайтын секілді еді. Мыналар нағып
қалып қойған? Бұлардың қора-қора қойлары қайда, үйір-үйір жылқылары
қайда? Мына жол-жөнекей өткен жерлердің ақ оты мен қара отына тіс
тимепті. Дін аман тұр. Сонда мал келмегені ме... Жаңа көшкен жұрттың
орыны да байқалмайды. Биылдыққа ел жоламағаны ма?! Ендеше, мында не
бітіріп жүр? Жердің астын тап бұлайша тілгілеп тастағандары қалай?
Мынау боз дөңдерді аспан астын тақ толтыра киік айдап өтсең де, тап
бүйтіп қорс қылып кетпес еді-ау? Ендеше мыналардың ел үркітер бір
сиқырлары болғаны ғой. Екі аяқты ел безінгенге мына құбыжықтардан төрт
аяқты бұлар қайтып сескенбесін...
Қара жалдың басына қаптай көтерілген тағы үйірді көріп, қызыл жал
топырақ қоршаудың ішіндегі құжынама қуыстардан екі аяқтылар қаптап
өріп шыға келді. Жазда айдалада арқайын жайылып жүрген бұлармен істері
болмап еді. Бұл жолы ауыздарын ашып анталай қарап қапты. Мына
тұрыстары тегін тұрыс дейсің бе? Абырой болғанда, белдеулерінде
байлаулы тұрған аттары көрінбейді. Қастарында құлақтары ербиіп тұрған
иттері көрінбейді. Маңайдағы бұта-бұталардың түбіндегі топырағы қопсып
жатқан ешқайсысы жоқ. Əлгі бір тірсегінен шап беріп шыбын жанынды
шырқыратып көзіңе əкелетін қанды ауыз темір тұзақтарын құрып тастаған
жердің шөбі сиреп, топырағы қопсып тұратын еді...
Бірақ, бұлардың айласын кім таусып біліп болған? Не де болса мынау
жылда соғып, емін-еркін аунап-қунап қалатын бостан мекендері енді
көздерінен бір-бір ұшқалы тұр.
Үйреншікті суат, үйреншікті сүрлеу, үйреншікті сая мұншалықты ыстық
болар ма... Қара жалдың басына қаз-қатар өріп шыға келген тағы үйірдің
ересектеу жағы лақтарын тазы ит қуып жетіп қарнап кеткендей, төл жағы
енелері қақпанға түсіп қалғандай қараптан-қарап көңілдері құлазып тұр.
Алдыңғы жақта, анадайдағы алда төмпектің басында алшайып оқшау
тұрған ор теке шырқ айналдыра қоршап қойған көп молаға ұқсас үйіктердің
бір пұшпағындағы қаққан қазықтай қадалып екі аяқтың көзінің алдынан
бірдеңе күнге шағылысып жарқ-жұрқ ете қалғанда ытқып ата жөнелді.
Қалған үйір де, сол-ақ екен, көш басшыларының соңынан салып берді.
Тағы бір үйір бұл жолы да қара жалды өрнектеп шығысқа тартты. Далиған
ықтасын ойдың шығыс жақ құйрығындағы қабыршақтанып тасы шығып
жатқан қырпық жүлгеге сіңді де кетті.
Пəлен күннен бері мігір көрмей жөңкіліспен келе жатқан су аяқ үйір осы
арада аял жасамақ. Мынау біраздан бері алашабырланып тұрған аспанның,
тірсектерін жалап, сүйектерін шағып бара жатқан суық ызғардың ойнақтай
басқан одыран текеге ұқтырып келе жатқан өз пəрмені бар.
Қалған үйір қарадай қалтырап-дірілдеп, тек суыт жүріс, жөңкіліспен
қана бой жылытып келе жатса, ор текенің шабының арасына от түсіп
кеткендей, бүкіл бауыр түс күйдіріп-жандырып шыдатпай барады. Əлде бір
құдірет: «Сол қызуыңды мынау соңындағы бүрсеңдеген көп тобырға бөліп
тарат... Сен салған шоқ келесі көктемге дейін олардың да бойын
балбыратып, алдағы қыстан аман алып шықсын», — дейтіндей. Көкірек
тұсынан сонау жұқа шабына дейінгі екі аралықты тызылдатып алып бара
жатқан сол пəледен тезірек құтылмаса, бірте-бірте буын-буынын діріл
алып, қарап тұрып құлап қалар түрі бар. Көзінің алды қайта-қайта
қарауытып кетеді. Бірақ, мынау қарақұрым үйірге екі жылдан бері өзі ие
болып келе жатқан жас теке ондай шаруаның ызғыған ала дөңде жүзеге
аспайтынын, оған да жайлы мекен, ықтасын керек екеніне қанығып болған.
Əдетте ашық аспанды жамылып, айдаланы төсеніп, емін-еркін түнеп, емін-
еркін өріп жүрген тағы үйірдің көсемі мұндай киелі істі аяқ асты құла дүзге
қор қылмайтын-ды. Олар да белгілі бір жерде күйт басып, белгілі бір жерде
төл өргізетін. Бұл үйір де бір кезде сонау күнгей жақтағы сеңгір-сеңгір қара
қошқыл таудың теріскейіндегі көк тасты көп аңғар, көп қолтықтың
біреуінде матау алып, жылмиып жатқан сары барқын жазықтың салқын
беліне кеп құралай өргізетін. Одан бері де талай зобалаң өтті. Екі аяқтылар
сеңгір-сеңгір қара қошқыл таудың екі бөктерін де қасқыр тиген қотандай
бөрліктіріп бірдеңелерді қазды, бірдеңелерді үйді. Күнде дүрсіл, күнде
тарсыл өлкеге аяқ басу түз тағысына да қауып болмай қалған жоқ. Сөйтіп
жүріп осы бір төрт аяқты шағын жабайы қауым сұр жазықты аяқтай
жығылған қалың құмнан əлгі қара қошқыл тау жаққа беттемей, бірден
теріскейге қарай шұбыруға үйренді. Матау алатын да, төл өргізетін де
жерлері өзгерді. Мынау ұланғайыр кеңістікте бұлыңдаған бұлдыр боздың
арасынан сауырын оннан бір, мұннан бір көрсетіп соңына ерткен кəнігі
көш басшылары да əбден қартайды, бойынан əл кеткендіктен бе, жоқ төтен
келген ажал ма, алдыңғы жылғы қатты қыста айдаладағы жыланшық
өзеннің бойындағы бір оппа қарға түсіп кетіп, қайта шыға алмай малтығып
өлді. Бассыз үйірдің алдына осы бала теке түсті.
Бала текке балалығын жасады. Былтыр да осы қара суыққа жолда
ұрынып, сонау жыланшық өзеннің бойындағы үйреншікті қара аңғарға
жете алмай, жаңағы аш түбектегі жаңғыз қыранның ығында матау алғанды.
Содан өрген төл, қаралай қутыңдап, міне, соңындағы үйірдің ішінде келеді.
Биыл да байқамай ұзақ жайылып қалыпты. Биыл да əлгі ықтасын ойды жер
түбінен аңсап көзі қарауытып зорға жеткен-ді. Өздерінен өздері бұтқа
толып кердеңдеп жүретін екі аяқтылар сенің ұзақ жылда бір келетін
күйтіңді қайтсын! Тірілей жүріп, тас мола салып, тұнық ауаны түтінге
бөктіріп тұмандатып отыр. Сол бір жексұрын иіс танауын желге қанша
тосса да, кетпей қойғаны...
Мына бір жақ қапталы жақпар тасты жымысқы жүлгені анада жазда
терістікке бет алып бара жатқанда көзі шалып қалған-ды. Жақпар тастың
бір жақ сілеміндегі қабыршақтанып түсіп жатқан көк тасты көргенде көзі
шоқтай жайнап қоя берген-ді. Бала теке кезінде сонау жыланшық өзеннің
бағында кəрі теке жалайтын тұяқтың көлеміндей ғана тығырық көк тасты
абайсыз жалап қалып, тұла бойына шоқ түсіп кеткендей тызақтап, жер-
көкке сия алмағаны бар. Сонда байқамай жалап қойған сілекей-сілекей көк
тастың қоңырсық исі қолқасын атып кетпей қойғаны. Қанша жата қалып
шөпке аунаса да, танауын желге төсеп, тасырлай шапқыласа да, əлгі бір
əлем-тапрық иіс ыдырамай қойғаны. Бұрын мұндай иісті кəрі текеден ғана
байқап, оның маңайынан жүргенде бір түрлі тұла бойы түршігіп кеткендей
болатын. Енді, міне, кəрі теке үйірдің алдында, бұл үйірдің артында жер
түбінде келе жатса да, сол бір əзəзіл иіс аңқиды да тұрады. Тіпті ара-тұра
үйірден бөлініп саяқ кетіп те көрді, əлгі иіс бəрі бір танауын жарып бара
жатады. Сол бір сұмпайы иістің басқадан емес, өзінен өз бауырынан
шығып жүргенін сонда барып аңғарды. Енді езінен өзі жиіркеніп жұртқа
жоламай оқшау жүруге тырысты. Үйірдің жел жағына шықпай, ыққа қарай
ығыса беруге əдеттенді. Бірақ, жұрт бұдан жиіркенеді ғой десе, кейбір жас
тушалар əдейі осылай қарай ойыса жайылғанды жақсы көреді екен.
Бірдеңеден үркіп, бүкіл үйір боп үрпиісе қалған тұста олар бұның бүйіріне
сүйкеніп, бауырына тығыла түседі. Бұдан бұрқырап жүрген бұзақы иістің
біреулердің танауларына майдай жағатынын бұл сонда барып аңғарды. Енді
ол иістен өзі де жиіркенбейтінді шығарды. Қайта мақтан тұтатындай. Енді
үйірдің жел жақ бүйірінде ылғи сол жүргені. Əлгі бір сиқыр иіс күннен
күнге күшейе түсті. Күшейген сайын бұл үйірдің алдындағы кəрі текеге
көзі қанталап, едірейе қарайтынды шығарды. Бұрын қасындағы серіктеріне
дұрыстап көз тоқтатпаушы еді. Енді күндіз түгілі түнде жусап жатқанда көз
алдынан қайдағы бір бұлтыңдаған жұмыр жондар мен жылтыраған
жылмағай сауырлар кетпей тұрып алатынды көбейтті. Жас тушалардың
көбінің иісін айқын ажыратып алуға жетілді. Бөксесі арбаңдаған кəрі
ешкілер бұған əлі онша үйір емес. Ал ойнақтаған жас тушалар кəрі теке
қанша мекіреніп қайырмалағанмен, оған қарай беттемей, ылғи зып беріп,
бұл жүрген жаққа қарай жылысып кетеді.
Құм арасындағы ала қарды қуалай жайылған тағы үйірдің жел жақ
бетінде келе жатып, жас теке мына қыстан аман шықса, анау тұқайы
сыртылдаған кəрі текенің түбіне жетпей тынбайтынына бірте-бірте сене
бастады.
Одан тіпті қыңбайтын, қысылмайтын болып алды. Жел жақтағы бұны
көргенде кəрі текені де бір тосын діріл билеп кететіні байқалып жүр.
Бұрынғыдай одыраңдап, ойқастай баспай, үйірдің жел жақ қапталына
қайта-қайта жалтақ-жалтақ қарағыштайтынды шығарыпты. Бұған алаң
болам деп жүріп, сүрлеуден адасып қалатынды жиілетті. Суатқа бірнеше
рет бұрын жүріп көрмеген бөтен жақтан құлаймын деп, талай лақты
жардан ұшырып ала жаздады. Талай рет бөрінің жымының үстінен өтіп,
қырылып қала жаздады. Қапталдан қосылған тазыны көрмей қап, бірнеше
лақ қанжығада кетті. Əлгі ажалына жетіп тынған қатты қыста да жел
жақтағы бұған ерегесіп, желдей-желдей, сай тұйығындағы жентек қарға
түсіп кетіп, шықпай қалды. Алдарындағы омбы қарға белшесінен батып,
бақырып жатқан көшбасшыларын көріп, тағы үйір кілт тоқтады. Кəрі
текенің жан дауысы шығып бақырғанынан ешқайсысы көмекке шақырғаны
деп түсінбей, «мынау ажалды жүнгеге жоламаңдар!» деп ескерткені деп
ұқты. Бəрі де тығырық сайды айналып өтіп, өзеннің ықтасын аңғарына
барып құлап, жарқабақ тастың астындағы тар қуысқа тығылып, бүрсеңдеп
тұрып бойларын жылытты. Күртікке батып шыға алмай, қылғына бақырған
кəрі текенің дауысы бəрінің де құлағына жетіп жатты. Бірақ, суықтаң
өлімнен қорыққан үйір мынау төбелерінен өкпеттей төнген жақпар тас
қазір жапырыла құлап астында қалса да, аттап шықпастай боп, дір-дір етіп
тұрды да қойды. Кəрі текенің дауысы əлсірей-əлсірей біржолата семіп
тынды. Содан олар боран басылғанша əлгі қоныстан кетпеді. Боран ішін
тарта жас қарды жасқана басып, буы бұрқырап жатқан қара судың бойын
бойлап, еріске шыққан үйірдің алдында одыраңдай басып, жас теке келе
жатты.
Көш бастаған көсемдікке де бірте-бірте еті үйренейін деді. Жер басқан
төрт аяқтының көк желкесінен шыққан көп дүсірден сескенбейтіні жоқ.
Сескенбейтіндер тек көсемдер ғана. Көк желкеден шығар дүсір неғұрлым
көбейе түскен сайын олардың жандарына майдай жаға түседі. Аяқ
басқандары алшаңдап, бастары да кекжие түседі. Көсем теке соңына үйір
еріп, алдына матау байланғанда ғана мүйізі қарағайдай боп, аяқ-қолы
жуандап, көзінің аласы көбейіп, айбынданып алады. Оған былтыр күзден
бері көзі жетіп жүр. Былтыр күзде соңындағы үйірді манағы аша түбекке
айдап əкеп қамағанда, біразға дейін тілерсегі дірілдеп, өзіне-өзі келе
алмады. Баяғыдағы кəрі текеден көргенін жасап, үйірді шырқ көбелек иіріп,
ақыра мөкіреніп, жерді тарпып-тарпып қалып еді, сақа ешкілер қайқаңдап
бір жаққа ойысып, əлде бір көзге көрінбес құдірет құрып кеткен сиқыр
көгенге көгенделіп қалғандай, тізіліп-тізіліп тұра қалды. Олардың қатарына
құйрықтарын шошаңдатып жас тушалар да барып тұрды. Қыбыр еткен
ешқайсысы жоқ. Құла түздің барша дыбысы өше қалған. Мынау жым-жырт
тыныштықты бұзуға өзінен басқа ештеңенің тəуекелі тұрмастай. Тамағын
кенеп мекіреніп қойып еді, кəрі текенің дауысынан гөрі жіңішкерек шықты
ма, қалай... Жіңішкелік жүрген жерде қаншалықты қауқар болады дейсің!
Жіңішке дыбыс ― əлжуаздықтың белгісі. Мынау алдында қаз-қатар тізіліп
тұрған көп сауыр мұның шіңкілдеп шыққан жарқыншақ дауысын місе
тұтпай, мүсіркеп тұрмасын. Көзінің алды қарауытып барады. Бар салмақты
кеңсірігіне салып, ышқына мекіренді. Жерді тарпып-тарпып жіберіп, тап
алдындағы жоны дір-дір етіп, тағат таба алмай тұрған жас тушаның
сауырына бір-ақ ытқыды. Көзінің алдының қара тұманы қалыңдап, сүлдері
құрып бара жатты. Мына тіршілікке келгелі бүйтіп діңкелеп көрмепті.
Дəрмені сарқылып, қазір үгіліп кетейін деп тұрса да, тап мынандай рахат
халді де бұған дейін көре қоймаған екен.
Содан бұл суытқан арғымақтай жеңілденіп жүре берді. Бауырына
қоламта байлап қойғандай, күйдіріп-жандырып шыдатпай бара жатқан
төтен ыстықтан құтылғасын аяқ қолы жерге тимей сонау ұлы құмдарға құс
болып ұшып жеткендей. Қыс бойы қалың үйірін қызғыштай қорып, бір
тыным таппады. Шөпті, желді, иісті айыруға əбден жетілді. Жер түбінен
шыққан иіс əуелі соның танауына, жер түбінен шыққан тықыр əуелі соның
құлағына жетіп келеді. Сейтіп жүріп өзі де əбден пісіп, сақалы сапсиған
сақа текеге айналды.
Анада көктемде үйірін бастап қара суға енді бас қоя бергенде байқады ―
алдында мойыны жұп-жуан, көзі қып-қызыл, сақалы салбыраған бір бөтен
теке тұр. Бұны мұқатқысы келгендей, тұмсығын шүйіріп керенау көз
тастады. Мынау қолтығы сасыған қаңғырма неме қайдан жүр? ― деп
жалма-жан ытқи шегініп, мүйізін оңтайлап беріп еді, үйіріндегі іші
бұлтиған шошақай тушалардың біреуінің селтеңдеп əлгінің қасына барып
сүйкене кеткені. Əлдекім бұның да бүйірінен түртіп қалды. Жақтырмай
жалт бұрылып еді ― əлгі шошақай бөтен текенің емес, өзінің қасында тұр
екен. Сөйтсе, судағы сурет ― бөтен теке емес, өзі екен.
Жаздай ың-шыңсыз жайбарақат жайылып, қазір тіптен күдірейіп алды.
Былтыр күзде бауырына қоламта салып күйек қап байлап қойғандай
тызалақтап жүре алмаса, биыл маздаған қызыл шоқтың өзің салып
жібергендей. Мынау жымысқа жүлгеге өртеніп кетпей əзер жетті. Жеткен
бойда алдыңғы аяғымен жерді тарпып-тарпып жіберіп, тұмсығын шүйіріп,
мекіреніп қалып еді, кеңсірігі дар-дар етіп жыртылып кеткендей болды.
Жас тушалар тугілі сақа ешкілердің өздерінің сауырлары дір-дір ете
қалысты. Əлгі бір көзге көрінбес жұмбақ көгеннің тағы да құрыла кеткені.
Көнбіс үйір тағы да соған байланып тізіле кеткені. Өн бойын жайлаған өрт
енді рық берер емес. Лапылдай түсті. Қазір-ақ былтырғы рахатқа батады.
Мынау тырсиып-тырсиып тұрған семіз ешкілердің күні ертең-ақ тағы да
бүйірлері бұлтиып-бұлтиып шыға келеді. Сосын мынау омырауын өрт боп
жалап жатқан дүлей күш сағыммен араласып, самсай шапқылайтын көп
құралайға айналады. Сүйтіп мынау кенересі жоқ көкжиекті шірей теуіп
жатқан көлкөсір кеңістік бұның аядай бауырынан өрбіген төлге толады.
Олар көбейген сайын бұның да құдіреті арта түседі. Көз жетер жердегі су
аяқ тағылар мұның тұяғының тысыры мен пысқырғанын бағып, қасы мен
қабағын аңдиды. Сонда мынау сауыры бүлкілдеген көнбіс көп ешкі ғана
емес, мынау ұшан дала мен ұлан аспанның өзі бір мұныкі боп шыға келмей
ме!
Бұл дүниеде бұның қазіргі істегелі тұрған шаруасынан пəтуалы, одан
қасиетті қандай қаракет табылмақ! Көңіліндегі желігін ғана басып қоймай,
алдын ұрпаққа толтыратын бұл шаруадан басқа шаруаның мына дүниеге,
мынау ұланғайыр дала мен жарқыраған аспанға, жайқала өскен шөп пен
көлкіп тұрған кəусар ауаға, бəріне жайлы ұя, таусылмас азық боп келе
жатқан жарықтық жаратылысқа қажеті қанша! Жарық дүниенің жалғыз
қожалары өздері құсап əлгі бір екі аяқтылар-ақ бұтқа толады да жүреді.
Жуып кетсең ― атын тебініп, қолын ербеңдетіп қуалай жөнеледі. Дауысы
қарлыққанша қи-қулап ит қосады. Құдайдың тегін суаты мен тегін өрісін
қимай қалтарыс-қалтарысқа кек темірден тұзақ құрады. Өздері бұларға
ұқсап ақпейіл жаратылыстың жан қинатпай алдына тосқан азын-ауық
нəпахасына қанағат қып, ешкімге тимей, бөтеннің ырзығына көз алартпай
жайбарақат тіршілік кешіп, жарығың жанған күні дүниеге келіп, жарығың
сөнген күні дүниеден кете беруге парасаттары жетпей жүріп, төрт
аяқтылардың бəрінен кемел, бəрінен ақылды жер құдіретпіз деп ойлайды.
Сондағы көрсетіп жатқан кереметтері қайсы? Əлгі бір аша түбектегідей
жонын күнге төсеп жайбарақат жатқан ту жердің қоңына қол салып, таңын
ашып, тіршілікті асырап жатқан киелі топырағын қопарып үстіне шығарып,
өскелі-өнгелі тұрған талай шөптің тамырын қырқып, аш ішектей шұбалтып
қиыр-шиыр ор қазғандары ма! Шетсіз-шексіз кең дүниені қолдан тарылтып
шырқ айналдыра қалқитып қоршау тұрғызғандары ма! Əз-əзіл екі аяқтылар
əлдеқайдан сап ете қалады. Көсеудей бірдеңелерін кезеніп соңдарынан
салып береді. Қасқырдың орнына қасқыр боп тиіп, елден-жерден бездіре
қуғандарына мəз бола ма, қолдарын ербеңдетіп мəре-сəре болады да
қалады. Оларының бəрі өзгенің жарығы мен рахатына жасалған қиянаттан
басқа қандай қасиет, тəйірі?! Сонда олардың арамдықты ақыл, қиянатты
құдірет ― деп ұққандары ма! Күшті болса, өз сіңірлерін созып, жүйрік
болса, өз шаптарын жыртпай ма? Біреудің күшін малданып көрген ол не
дəурен?!. Жаратылыстың ғана айтқанын істеп, жұмсағанына жүрмес пе?!
Төрт аяқтылар ғана ылғи сөйтеді ғой... Қазір де, міне, соның пəрменіне
мойын ұсынып тұр. Түпсіз тұңғиықта жатқан бар-жоғы бұған дейін
беймəлім боп келген мыңсан жаңа ғұмырдың көшін бастап, жарығын
жандырып бермек. Өзгенің тынышын қашырмайды. Өз төлім, өз үйірім, өз
қауымым көбейсін деп іс қылады. Қара жердің үстіндегі тіршілік думаны
бұдан да қыза түссін деп іс қылады. Сосын да мынау құйынмен жарысқан
жүйрік тағылар бет-бетіне безіп кетпей, бұның алдында өз еріктерімен
жіпсіз маталып тұр. Бұның белін ауырлатып бебеулетіп бара жатқан
тегеурін қазір осылардың қас-қағым рахатына, ертең дүниеге келер жас
қауым, жаңа ұрпақтың көрер жарығына айналмақшы.
Ор теке жан-жағына орағыта көз тастайды. Маңайында мынау бітіргелі
тұрған киелі шаруасына кедергі келтіретіндей бейсаубат қимылдап-
қыбырлап жүрген-тұрған ештеңе жоқ.
Кең даланы əлдебір əзəзіл иіс жайлап барады. Оны өз бойынан тарап
жатқандай көріп, балқып тұр. Құлағына əлде бір ызың келгендей. Оны
алабұртып тұрған өз жүрегінің дүрсілі деп ұқты.
Көз алдында тағаттары таусылып көл бетіндей дірілдеп көлбей тізіліп
тұрған көп сауырды шолып өтті. Тағы да бір мекіреніп алды. Үні
былтырғыдай емес. Ширақ, əрі қою. Сонда да сақа ешкілерге бас салуға
батылы бармай, ойқастап, жас тушалар жағына шықты.
Жұқа шап тұсынан əлдене лып ете қалды. Алдыңғы екі аяғын аспандата
көтеріп, алға ұмтылды.
Əлгінде ғана ойнақшып бір орында тұра алмай тыпыршып тұрған жас
тушаның жылмағай сауыры үгіліп кетердей боп, бүгіліп барады. Одан
сайын құтырынып алған ор теке сусып түсіп, анадай жердегі жақпар
тастың шетіне барып, көк қабыршақ тасты кірш тістеп алатындай,
қайзалап-қайзалап қояды. Жаздай күнге қақталып жатқан көктарғыл тас
алабұртып тұрған айғыр хайуанның езуіндегі бұрқылдақ көбікті жым-
жылас сорып алады.
Шабытына мінген дүлей күш шапшытпай тұрғызар емес. Мұндай дүлей
тегеурінге алғаш тап боп тұрған тұмса тушалар қайқиған бөкселері
қақырай сөгіліп бара жатқандай, бүктетіліп сала береді. Ор теке одан сайын
желіге түседі. Ауызы сілекейге толып кетіп, тағы да барып əлгі тарғыл
тасқа бас қояды. Өз иісінен өзі еліріп алған. Енді сақа ешкілерге тап бергелі
тұрып, жан-жағына тағы бір рет көз жүгіртіп еді ― сол баяғы лүп еткен
жел жоқ, тылсым дүние. Тек құлақ тұсында бір тосын зуыл бар. Еліре
шапшыған өз қанының сарыны болса керек.
Масаттанған ор теке сақалын көкке төсеп, шет жақтағы үн-түнсіз күйсеп
тұрған сақа ешкінің дөңкиген биік сауырын көздей атылды. Жылт-жылт
еткен масаты түкке танауын көме түсіп, əлдененің оқыс сырт ете қалғанын
байқады. Сол-ақ екен тып-тыныш тұрған ешкілер құлақтарын түріп елең
ете қалысты. Құлақ шекесін кеміріп түсердей оқыс күрсіл-тарсыл оғаш
дауыс күшейіп барады. Бұрын бұл қанша елірсе де, тап мынадай боп,
маңайында тау құлап жатса да, елең етпестей боп, еліріп көрген жоқ еді.
Ор теке анадай жерге ытқып түсіп, зеки мекіреніп еді, үйірі қайтадан
жым болысты. Тағы да бір тығыншықтай болып семіріп алған сақа ешкінің
жұп-жұмыр сауырын бауырға енді ала бергенде, бірдеңе сырт ете қалды да,
шет жақтағы тушаның жалп етіп құлап түскенін көзі шалды. Еліріп алған
теке сонда да мəн бермеді. Жерді тарпып-тарпып жіберіп тағы атылды.
Тағы да бір ешкінің жалп етіп құлап түскенін көрді. Апырай бұған не
болған? Мұның салмағын осынша көтере алмайтындай мына сақа
ешкілерге не көрінген? Бірақ, өн бойын балбырата ерітіп бара жатқан тəтті
рахат төңірегінде не болып, не қойып жатқанын жөндеп аңғаруға мұрша
бермеді.
Манадан бері жіпсіз маталып тұрған момын үйір аяқ астынан бұрқан-
талқан болып, бет-бетіне безе жөнелді. Бұның мекіренгеніне де,
бақылдағанына да қарамады. Бауырындағы ешкі де қаралай дір-дір етіп,
əлденеге құлағын қайшылап, тыпыршып бақты. Бұл да одан сайын
ерегесіп, езгілей түседі. Сол-ақ екен, əлде бір шоқ əлдеқайдан ұшып кеп, оң
санына тыз етіп қадала кеткені. Əлгінде ғана тұла бойын жидіте ерітіп,
бауырын қыз-қыз қайнатып тұрған жылмағай сауыр сыр беріп, сусып
алыстай берді.
Тағы үйір əлгі бір əз-əзіл шоқтарды шақырған жымысқы жүлгеден
ытқып- ытқып шықты. Боз селеулі құба жазыққа қарай жұлдыздай ақты.
Алды-арттарына қарайтын емес. Ор теке бақылдап дыбыс берді. Оны
еститін де, қайырлатын да түрлері көрінбейді. Құлақтарын жымып ап,
зытып барады. Сөйтіп бара жатып та, бірнешеуі жалп-жалп құлап түсті.
Ор теке, қапелімде, не болғанына түсінбей, жер тарпып көрмекші еді ―
оң аяғының қан қақсап қоя бергені. Сонда да шоқырақтап, үйірінің
соңынан салды. Танауындағы бір күңірсік күйік иіс күшейе түсті. Өз исі
екенін, бөгде иіс екенін айыра алар емес. Басына шапшыған асау қан
құлағын тұмшалап ап, құлдырай ұшып бара жатқан киіктердің қарасын
көргенмен, тұяқтарының дүсірін ести алмай келеді. Жақ жаппай бақылдап
келеді. Оған бола қайырылатын үйір жоқ. Бұларға не болған түге? Есіне
алдыңғы жылғы қыс түсті. Омбы қарға батып кетіп, жан ұшыра бақырып
жатқан кəрі теке түсті. Сонда да қалың үйірдің еш қайсысы қайырылмап
еді-ау. Оның қасына баруға, өзіміз де қарға батып, əлгінің киген кебін өзіміз
де киерміз деп қорқып еді-ау. Ал бұған неге қайырылмайды? Бұдан сонша
күдер үзетіндей не болып еді? Аяғының қан қақсағанына қарамай,
шоқытып соңдарынан салып келе жатқан жоқ па! Əзір жығыла қоятын түрі
көрінбейді. Бұдан бүйтіп күдер үзгендері қалай? Сонда əлгінде ғана
айдағанына көніп келе жатқан тіл алғыш үйірге бұған не тап болса да,
бəрібір болғаны ма? Осы быт-шыт боп кеткендері кеткені ме? Мынау
ұланғайыр дүниеде бұның соңына еріп, бастары бірігіп, ұйтқылы қауым
боп келе жатқанда сол дəурендердің көздерінен бір-бір ұшқаны ма? Жоқ...
Былайырақ ұзап шыққасын аялдап, арқыраған көш бастар иесін тосатын
шығар... Жоқ... Жоқ... Мыналардың тоқтайтын, тосатын түрлері көрінбейді.
Бастан құлақ садаға деп, мына пəледен шыбын жаным қайткенде аман
қалады деп, безіп барады. Шыбын жан алдарындағы көсемдерінен де,
қастарындағы қауымдарынан да қымбат екен? Шыбын жандарын сауғалап,
баяғыда талай жыл алдарында жүрген тарлан басшыларын ажалға тастап,
бұның алдында кетпеп пе еді? Бұл жолы да сүйтетін шығар. Бұл жолы
бірақ бастары біріге қоймас. Тым бытырап кетіпті. Бастары біріккенде де,
қапелімде, алға түсер серкені қайдан табады? Соңдарындағы теке
лақтардан көшелі көсем теке өсіп шыққанша қай заман?! Оның үстіне
тумай жатып қуғын көріп, қос үрей болып ескен су жүрек немелер үйір
бастап қай бір көктете қояды дейсің? Сонда əр қайсысы бас-басына жан
бағып əр текенің сүргінінде кеткені ме?!.
Ор текенің оң саны ғана емес көкірегі де қыз-қыз қайнап келеді. Апырай,
бұл шашырағандары шашыраған ба... Қара жердің бетінде қаптай
жайылып өз төлдерім жүреді ғой деп еді... Оны да көп көргендері ме!
Жақсы үміттің адымы неткен қысқа еді! Неткен қызық, неткен келте дəурен
еді!.. Тіпті алдындағы үйірін жаңа бауырына түгелдей қысып шығып та
үлгере алмапты... Үлгергендері де аяқ астынан жалп-жалп тыраң асты.
Аман қалғандары да басымен қайғы болып безіп бара жатып, қай бір
құрсақ тұрақтатып қарқ қылар дейсің! Енді оларға бастарын қосып бір
үйір, бір қауым боп бірге өріп, бірге түнеп жүрер дəурен қайда!
Не де болса, өліспей беріспейді. Не де болса, кеудесіндегі шыбын жан
қашан шырқырап шығып кеткенше осылай шоқақтай береді. Кім біледі,
мынау аяқ астынан тап болған түсініксіз пəледен көп ұзамай құтылар. Қара
санын шыжғыра қадалған сұрқия жара ештеңе етпес. Кеңге бір шықса
екен... Жапан түзде не көп, шипа шөп көп... Соны тауып ап, сүйкеніп,
үстіне барып аунап-аунап ақыры жазып алар еді. Аяғы салбырап көтертпей
келеді. Жан дəрмен ілгері тырмыса бермей болмайды. Осыдан төрт аяғына
түгендеп мінер күн туса, ұлы түзде қым-қуыт тозып кеткен үйірін іздер еді.
Ең болмаса, бір жұрнағы табылмас дейсің бе...
Көзінің алдына кіреуке үйіріле береді. Сонда да ышқынып салып келеді.
Неден қашып келе жатқанын, кімнен қашып келе жатқанын өзі де білмейді.
Қиқулаған айқай мен тасырлаған ат дүсірі естілмейді. Орағыта қармайтын
əлгі бір қайқы құйрық төрт аяқтының да исі шықпайды. Сонда бұлардың
бұл безгені қай безген? Сонда бұл көзге көрінбей, төбеден түскен қандай
тажал?
Екі өкпесі алқымына тығылып, тынысы бітіп барады. Қайда қашып
келеді, ― оны да білмейді. Əйтеуір, тоқтағысы жоқ. Сол жақ саны да
манағыдай тыз ете қалды. Енді бөксесін сүйрете алар емес. Еңсесі жерге
кетіп барады. Апырай, бұл неткен тажал. Көзге көрінбей күйдіріп бара
жатқан бұл қандай өрт? Көзге көрінбей кірш-кірш қадалып жатқан бұл
қандай азу?
Бір жақ қапталынан манағы бір оқыс дыбыс кенет күшейе шыққандай
болды. Қарауыта түксиген қара жотаның тасасынан сопаң етіп бірдеңе
шыға келді. Зулаған жүрісіне қарап, бөрі екен деп қалып еді. Жон
арқасында қонжиып бір екі аяқты отыр. Бəсе, тап мынандай кесепат болар
да, оған екі аяқтылар араласпай жүре ме?! Олар тұрғанда мұндай пəлекет
кімнен келуші еді! Анау мойындарындағы, қолдарындағы салаңдағандары
немене? Сайтан алғырлар, сап етіп қайдан шыға келіп еді. Екі санындағы
егіз жараның əсері ме, жоқ манағы өн бойын балбыратып бара жатқан
сиқыр лəззатты сарқып тауыса алмағанының əсері ме ― бөксе жағы
қараптан қарап батпандай ауырлап, жерге тартып бара жатыр. Мынау екі
аяқты еміншектер жүрген жерде дүрлікпе, бөрлікпесіз тыныш дəурен
бұйырушы ма еді? Осылардың жайбарақат жайларына жайылып жүрген
жабайы үйірдегі шаруалары қанша екен?.. Кең дүниені қарадай тарылтып,
қарадай қараң суға алдыртатын да жүретін бұл неткен кесір нəсіл еді?!
Дəрмені құрыған ор теке əбден қансырап, тұмсығымен жер сүзе құлады.
Топырақ исі сезілгендей болып еді. Артынан қайта мүңкіп қоя берді. Өз
бауырынан шығатын иіске де келмейді. Басқа бір теке маңайлап жүр ме
екен дейін десе, өртенген мүйіздей күйік иіс... Аспан астын түгел кернеп
алып барады. Қолқасы отқа түскен құрым киіздей қоңырсып жүре берді.
Шарасынан шыға бадырайған, дымға түсінбеген бейкүнə қос жанар
айнала тосқан тажалдан басқа ештеңе ұсынбаған жарық жалғанды
қимағандай тесірейіп жатыр...
1978 жыл.
АУЫЗ
Ол əуелі əйелдер босанатын үй деген мекеменің журналына тіркеледі де,
«Жаңа туған» дейтін атақ алады. Қаз-қатар қағылған жан-жағы тор-тор
қорапшалардан «күтуші» деп аталатын өңкей ақ киген əйелдер оларды
білегіне жазылған цифрларға қарап жүріп тауып алатын да, қолдарына
көтеріп, ұзын-ұзын коридорларды бойлап, бірнеше əйел терезеге асылып,
сыртқа үңіліп тұратын айлапат бөлмеге апаратын. Есіктен олар кіргенде
терезеге қарап тұрған əйелдердің біреуі жалт бұрылып, бұған қарай
жүгіретін. Оны «күтуші» деп аталатын əйел «ана» дейтін.
― Анасы, мына бөбегіңізді емізе қойыңыз.
Ол əйелдер босанатын үй деген мекемеден «бөбек» деген атақ алып
шықты. Есік алдында оларға қолына бір шоқ гүл ұстаған еркек жолықты.
Ол еркектің «əке» деп аталатынын кейін білді. «Анасы» əлденеге қолы
тимей асып-сасып жүргенде, бұл жатқан арбаны əлгі «əкесі» тербететін.
Бұл көңілінің хошы келгенде тек «анасына» ғана емес «əкесіне» қарап та
ыржаңдайтынды шығарды. Оған анау мəз-мейрам болатын.
Бұл былдырлап сөйлей бастағанда анасы оған:
― Бар, көкеңе бара қойшы, ― дейтін болды.
Сөйтіп бұл «əкесін» енді «көке» дей бастады. Көкесі енді оны күнде
таңертен «балалар бақшасы» дейтін мекемеге апарып, кешқұрым үйге алып
қайтып жүрді. Сөйтіп ол мектепке баратын жасқа да жетті. Қара тақтаның
алдында талай кептің басын шалып қақылдап тұратын əйелдер мен
еркектер бұған енді «оқушы» деген атақ тақты. Ол мектептен «оқушы»
дегеннен басқа да талай-талай сөз үйренді. Ол мектепте жүргенде сөзді өте
көп білуші еді. Қазір көбін ұмытып қалыпты. Өйткені, ол мектепте
жүргенде өте көп сөйлейтін. Өзі тектес екі аяқтыны көрсе болды, қайдағы
жоқты сапырып, қауқылдаса жөнелетін.
Мектепті бітіріп фабрикаға жұмысқа келгенде естіген ең алғашқы сөзі:
― Жə, сөйлеме, көзіңе қара! ― болды.
Қасындағы серіктеріне бірдеңе айтайын десе, ала көздерімен қарап,
əлгідей дейді. Оқта-текте бір соғып кететін бастықтарына бірдеңе дейін
деп, ернін қимылдата беруі-ақ мұң, олар да төрт сөзді айтып зекіп
тастайды. Бұл бірте-бірте сөйлеу дейтін шаруаға əбден зауқы соқпайтын
болып алды. Шынында да сөйлеудің не қажеті бар? Алдыңдағы станокты
көріп тұрсың. Онымен не істеу керек екенін біліп тұрсың. Бар жұмысты
тындыратын екі қолың бар. Бастықтардың не бұйырып, не тапсырғанын
естіп алатын екі құлағың бар. Ол аз десең, таңертең жұмысқа алып келетің
кешке жұмыстан үйге алып қайттын екі аяғың бар. Бір басыңа бұдан артық
тағы не қажет!
Ол жұмыс түгілі үйде де тырыс етіп үндемейтінді шығарды. Үйде де
үндейтіндей не қалып тұр. Тарелкадағы көже мен қасыңдағы қасықты
көріп отырсың. Ал, анда-санда əйеліңнің пейілі түсіп дастарқанға рюмка
мен бөтелке қойып жатса, оны қайтып кадеге асыру қажет екенін айтпай-ақ
біліп отырсың. Əйел деген жұрт та бастықтар секілді дымыңның ішіңде
болғанын жақсы көреді. Олар да қит етсең: «Басымды ауыртпашы», ―
дейді, тіпті «Жə, үніңді өшір!» ― деп аузыңа да ұрады.
Сол үннің өшсе өше қойғаны-ақ дұрыс. Ондайда кірпідей жиырылып
жүретін əйеліңе аяқ астынан мейірім біте қап, арқаңнан қағып, о жер бұ
жеріңді түрткілей бастайды.
Үндемесең үйдей пəледен құтылып қана қоймай, үйдей олжа
табатынына да көзі əбден жетіп жүр. Бұның қасындағы балпылдақ қара
фабрикаға келгеніне бір жыл болмай жатып «мылжың» атанып жұмыстан
қуылып кетті. Ал, бұл екі жыл істеген соң аяқ астынан тасы өрге домалап,
кеңсеге ауысты.
Бастық:
— Бізге өзің секілді ісін білетін, босқа мылжыңдап, уақытын текке сарп
етпейтін кісілер керек, ― деді.
Содан бері бұл кеңседе. Содан бері бұл бұрынғы көз таныстарын көре
қалса: «Сəлем!» деп қалпағын көтеретін əдетін де тастап, тек бас изейтін
болды. Оның он саусағы алдындағы пианино клавиштарындай көп
кнопканы ұршықтай үйіреді. Оның бір кездегі күсінен айырылып, қайтадан
сүйрік тартқан салалы саусақтары тиіп кетсе болды, көмір жұтып, алтын
тезектеп тұрған алып кəсіпорынның қай цехы, қай бөлімі де аяғынан тік
тұрып, дедек қағып қоя береді. Ол енді сол кнопкаларды бес саусағындай
жетік біліп алды. Ол енді өзі отыратын айдала бөлменің есігіндегі үш цифр
мен бес əріпті бес саусағындай жақсы біліп алды. Сол бес əріптің нені
білдіретініне, қандай мағынасы бар екендігіне назар аударып жатқан бұл
жоқ. Ол бес əріп мұның паспортына да, осы кəсіпорынға кіретін куəлігіне
де жазылған. Ол бес əріпті ауызбен айтып жатудың ешқандай қажеті жоқ.
Қақпа алдындағы күзетшілерге сол бес əріпті қанша рет қақсап айтсаң да,
қашан сол бес əріп жазылған қағазды көрсетпейінше, сені бəрібір
босағадан аттатпайды. Ол бес əріп не қалтаңдағы қаусырма қағаздын
ішінде, не мынадай қызмет істейтін бөлмеңнің маңдайшасында жазулы
тұрғанда ғана мағынаға ие болады. Əйтпесе, ішіңдегі барлық тынысты
алқымыңа жиып, бар даусыңмен қанша бақырсаң да, бəрібір бос ызың, бос
айқай. Ол бес əріптің бұған осылай көзіңе шоқтай басылып жазулы
тұрғанда ғана тікелей қатысы бар, əйтпесе, ауыз-екі айтылғанда итке «кə,
кə!» дегендей, құлағыңа ызыңы келген жаққа жалт еткізіп бір қаратуға ғана
құдіреті жетеді.
Сонымен осы бір бес əріптін осы бір есікке қарап басылғанына да төрт-
бес жылдың жүзі болып барады. Күнде тəңертең жұмысқа келгенде оған
бір қарап қояды. Өйткені, осы бес əріп дəл осы тұрған ретімен жазылып
орнында тұрғанда ғана, оның мына табалдырықтан аттап өтуге қақысы бар.
Ал, кенеттен мынау бес əріптің орнына басқа бір алты əріп, не жеті əріп,
əлде осы əріптің өзі орындарын алмастырып, басқа бір ретпен жазулы
тұрса, онда бұған: «бар, далаға ойна, жөніңді тап!» ― деп тұрғаны.
Осы бес əріп қалтасындағы куəлікте, есігіндегі шыны тақтада жəне
жалақысын салып əкелетін пакеттің сыртында жазулы тұрғанда ол аузына,
ешқандай салмақ салып көрген емес. Тіпті ондай дене мүшесі бар екендігі
естен шығып та кетіп еді, бəрін бүлдірген үш жасар баласы болды. Ол
баласынан ылғи қашқақтап жүретін. Қасына жолап кетсең қайдағы-
жайдағыны сұрап басын қатыратын. Оған жуымайтын болғалы бері ол
сөйлеу дегенді атымен ұмытып та еді. Бір күні əйелі машинасымен кір
жуып жатып, қасына жүгіріп барған баласына:
― Бар, əкеңнен сұрап ал! ― дегені.
Бұл баласының сұрағын естімеген боп, үндемей отыра беріп еді, əйелі
айқайлады.
― Бишара баланы сонша қиналтпай жауап берсеңші! Бұл амалсыз баласы
көрсеткен суретке үңілді. Баласы уда-дуда көп сызықты көрсетті:
― Шаш, ― деді бұл.
Баласы есік алдында тұратын домалақ түкіргіш құтыдай бірдеңені
көрсетті.
― Бас, ― деді бұл.
Баласы сол дөңгелектің бетіндегі бірінен бірін аударып алғысыз екі
үлкен ноқатты көрсетті.
― Көз, ― деді бұл.
Баласы оның астындағы əлгіден гөрі кішкенелеу екі ноқатты көрсетті.
― Мұрын, ― деді бұл.
Ал, баласы оның астындағы əбден піскен помдиродың жарылып кеткен
жыртығындай ырсиған бірдеңені көрсеткенде, бұл көмейіне ыссы қоламта
құйылып кеткендей үнсіз қалды. Шақшадай басын шарадай қылып қанша
ойланса да, есіне түспеді. Баласы құрғыр «бол, болдың» астына алып,
əбігерлеп тұр. Жадынан күдер үзген соң жалма-жан кітап шкафында көптен
шаң басып тұрған түсіндірме сөздікті алып қарады. «Дене мүшелері» деген
тарауға көз жүгіртіп еді, көптен ойына келіп көрмеген «ауыз» деген сөзді
байқап қалды.
―Ауыз, ― деді бұл.
― Ол неге қажет? ― деп қитықтанды бала.
Ол түсіндірме сөздіктегі құмырсқаның илеуіндей быжынап жатқан көп
əріптер тіркесінің мағынасына ой жүгіртіп көрді. Сөйтсе, ауыз барша жан-
жануарларға қоректенуге қажет екен, ол сол сияқты қосалқы тыныс жолы
болып та есептеледі екен, тіпті, ондағы өткір тістер керек жерінде қорғаныс
құралының қызметін де атқара алады екен. Ол мұның бəріне жақсы түсінді.
Ал, түсіндірме сөздіктегі «ауыз жан-жануарлардың ең жетілген түрі
адамдар үшін бір-біріне ойын, пікірін жеткізетін қатынас құралы болып
табылады» деген ең соңғы түсініктеме миына еш кірмей қойды. Алдымен
адам деген мұның еш жерде көрмеген мақұлығы сияқты. Қаланың
жануарлар паркіндегі темір тақтайшаларындағы жазуларды ойына түсіріп
көріп еді, олардың арасынан мұндай жазуды көрмеген тəрізді. Шамасы, ол
көк мұхиттың тереңінде жүретін бұл білмейтін көп мақлұқтардың бірі
болса керек. Əйтпесе, аз ғана ғұмырыңда ұшырасып жүрген екі аяқты, төрт
аяқты жан иелерінің арасынан ондай пəлені ешқашан көрген де, естіген де
емес. Əлде, осы мына өзі тектес екі аяқ, екі қолды тік жүретіндердің белгілі
бір түріне берілетін атау ма екен? Мына алдында қылқылдап тұрған
боқмұрынның «бала» деген балшыққа батқыр екенін біледі, анау ванна
бөлмесінде қазір кір жуып жатқанда төрт аяқтап тұрғанмен, енді сəлден
кейін екі аяғына мініп, мықынына таянып, зіркілдеп жетіп келетін
қызылкөз пəленің сыпайылығында «əйел», ал, шын мəнінде, «қатын»
екенін біледі; ал бұл үйдің сыртында кеше бойында сенделіп жүргендердің
«жұрт» екенін біледі, қызмет бабында өзінен жоғары тұрғандардың
«мырзалар мен тақсырлар», ал езінен төмен түрғандардың еңшең «қырт»
екенін біледі.
Ал, өзіне келетін болсақ, «бөбек», «бала», «оқушы», «жұмысшы»,
«күйеу», «ақымақ», «маман» дегендерді ес-туі бар, бір рет «азамат» деген
тосын сөзді де қүлағы шалған. Онда да қараңғыда езіне жабылған
бүзақылар-мен төбелесем деп жүріп, түрмеге түсіп қала жаздағанда
тергеушінің аузынан естіген. Ал, адам деген сөз əлі құлағына тиген емес.
Шамасы, қолданылса да, баяғыдағы динозавр, ихтинозавр тұстарындағы
мұз дəуірі екі аяқтыларына болмаса, бұл заманның екі аяқтыларына
байланысты ешқандай қолданылмайтын архаизм болса керек.
Ендеше, мұндай кұманды түсініктемені əлі ақыл-есін түгел жинап
болмаған жас балаға несіне үйретем, ауыздың тамақ жеуге, тыныс алуға,
екі қолыңнан қайран кетіп бара жатқанда, басынған дұшпанның мұрны,
құлағы сияқты бөлек-салақ тұрған жерлері болса, қыршып алуға қажеті
барын білсе біле берсін, ал осы жасқа жеткенде өзі де түсінбеген, тіпті
қашан «кісі жерлейтін бюро» дейтін мекеменің журналына тіркеліп,
қабірінің номері жазылған темір талон мен «марқұм» деген атақ алатын
мынау жер үстіндегі ақтық күніне дейін еш түсінгісі де келмейтін «адам»,
«ой», «пікір» деген пəлелерді бейшара бала білмесе білмей-ақ қойсын деп
ойлады.
3.1.1976 жыл.
|