ЕҢ БАҚЫТТЫ КҮН
Көзін ашса таң əлі атпапты. Түндік тырсылдайды. Ық жақтағы боталы
қоңыр інген жауыннан мазасы кетіп ыңырси береді. Осы оң жақ үзікті бір
қалт еткенде жамап алатын. Шұрқ-шұрқ. Жауын жауса-ақ тамшы ағады.
Астындағы текеметтің шеті дымданып қалыпты.
Атасы байғұс əлі қайратты. Демін қарашы. Өзінің дəу қара көрігіндей
гүс-гүс етеді. Анау пысылдап ұйықтап жатқан енесі. Шүйкедей боп
шалының жастығының қасына қисая салыпты. Ғұмыры ел құсап салған
төсекке жатқанды білмейді. Түннін бір уағына дейін ұршық созып отырады
да, əбден ұйқы меңдеген соң құлай кетеді. Шалының жанына барып та
жатпайды. Я жастығының маңында, я аяқ жағында бүрісіп томпиып
жатқаны. Таң ағарар-ағармастан тұрады. Қара құманын ұстап, үй сыртында
əлденелерді айтып күбірлеп жүргені. Сосын үйге кіріп қолын қайта шайып,
қараша інгеннің бауырына барады. Кішкентай жатаған інгеннің бауырынан
жаулығы ағараңдап біразға дейін інгенімен жарыса күңіреніп тұрады.
Сосын сыбдырсыз үйге кіреді. Одан кейін де қыбыр-қыбыр... Не істеп, не
қойып жүргенін адам білмейді.
— Ене, жата беріңіз, мен тұрайын, — деген Торғынды:
— Жата бер, қалқам! Жұмысқа дейін бір ұйықтап оян, — деп
қозғалтпайды.
Енесінің оянбағанына қарағанда таңның əлі алыс болғаны. Тағы аунап
түсті. Ұйқысы құрғыр қайда кеткен. Кеше кештен бері көңілінде бір күбің
бар... Мына жауынның ашылатын түрі жоқ. Су шағыр орақ дарытпай
сорлатады ғой енді. Таң атқанша күн ашылмаса ертең жұмыс болар дейсің
бе? Көмейіне шоқ құйылғырдың қақылдауын-ай! «Қақиық», «қақиық»,
«қақиық!» Жылап шақырып тұр ма, күліп шақырып тұр ма? Осы үйдің
үзігіне қонған-ау! «Қақиық», «қақиық», «қақиық!» Мынау күліп шақырып
тұр ғой. Басыла қалды. Ұшып кетті. Байғыздың күліп шақырғанын
жақсылыққа жорып жатушы еді. Дəулеттен көптен бері хат жоқ. Əлгі
бұжыр Сағит почтаға барып жүр дейсің бе? Почта торыны əкесінен қалған
малдай Қызылтамның желкесіндегі жүлгеге тұсап жіберіп, бес-алты
ешкісін кіш-кіштеп жүрген шығар. Елдің екі көзінің төрт болғанын не
қылсын...
Қанша тың дегенмен, атасын да үлкендік жеңіп жүр. Тағы да
бастығырылып жатыр. Кемпірі оянып кетті. «Шал-ай!», «Əй... шал...»
«Уһ...», «уһ»... Алқынып қалыпты. Бəрі шаршағанның қырсығы.
Шаршамай қайтсын, күні-түні тық-тық. Сексеуіл сап қара балға мен қара
шалда мігір жоқ. Бұл күнде жөні тузу темір табыла ма, өңшең бір тот
басқан ит жегір. Шағыр шап бергенде күрт-күрт сынып жатқаны. Орақ
құтаймайды.
Қазан-аяқ жақ сылдырлады. Енесі тұрыпты. «Ишшеке-ай!» Көйлекшең
шыққаны несі? Иығына жадағайын іліп шықса қайтеді екен? Есік сарт ете
қалды. Торғын жастығына түсіп қалған жаулығын түзеп тартты.
—Келін менің кебісімді көрмедің бе?
—Кебеженің астында.
Енесі кебісін киіп қайта шығып кетті.
—Түу, қыл арқаны құрғыр су тисе өйістіп сіресіп қалады енді.
—Ене, тұра тұрыңыз, мен ашайын. Жауын басылып па?
—Жата бер. Сəл сіркіреп тұр.
Су түндік көне шаңырақтың кулдіреуіштерін сықырлата ауыр серпілді.
Күлгін аспанның бір үзігі қылт етті. Таңның да атып қалғаны-ау. Салқын
ауа төсекке лап қойды. Көрпесін қымтанып алды.
«Айналайын, жарығымның малы-ай!» Қоңыр інген орнынан күңірене
көтерілді. Көрші үйлердің сауын түйелері де ыңырана бастады.
«Біссіміллə!» Қоңыр інгеннің желінінен шыққан алғашқы тамшылар темір
шелектің түбіне тыз-тыз тамып жатыр.
Торғын төсегінен тұрды. Енді ұйықтап көктетпес. Тысқа шықты.
Ауылдың алдында дөңкиіп-дөңкиіп жатқан қызыл шағылдар қонырайып
көрінеді. Жауын басылыпты. Ауада аздаған дымқыл қалыпты. Көк те
аршылып, қараңғыдан қалған күңгірт кірбің шегіністеп барады. Желке
тұстағы аппақ шыңдар жауыннан əрі қашып, таңғы буалдырдың арасынан
еміс-еміс бозарады. Ауыл енді-енді оянып келеді. Кемпір жағы тұрып, түйе
саууға кірісіпті. Жұмысқа шығатындар əлі ұйқыда. Торғын жамылып
шыққан бешпетінің өңірін қымқыра ұстап ауылдың сыртындағы қалың
шиге беттеді. Шиде де, ауылдан анадай жердегі қалың құрақта да үн жоқ.
Бəрі іштен тынып тұр. Бригадир Берденнін қаракер аты əлі шидің ішінде
жайылып жүр. Тым ерте тұрыпты. Күнде желімше жабысып алатын таң
ұйқысы бүгін оңай серпілді. Құмақ топырақ су тиіп жентектеліп қалған.
Əлі пісе қоймаған көк балауса ши түнгі жаңбырда тозаңынан арылып,
ақжем ашылыпты. Ауадағы ақырғы тамшыларды ықтыра ескен баяу лепке
сақалын тарайды.
Торғын үйге қайтып кірсе, атасы да тұрған екен. Қазір атқа қонып бір
жаққа жүріп кететіндей қонышы қара санына жететін саптама етігін киіп
жатыр. Шық-шыламды жақтырмайды. Отты үйге жағу керек шығар.
Түйенің жабуының астындағы тезекке су өтпепті. Шырақтай маздайды.
Атасы енді қылаулана бастаған бұйра сақалын қышырлата уыстап төрде
отыр. Енесі əлі қазан-аяқ жақта күйбеңдеп жүр. Қайың күбі шелектің
қақпағын ашып қалып еді, қымыран боп ашып тұрған шүбат иісі мұрын
жара аңқып кетті. Үстіне жаңа сауылған сүтті құя салды да, аяқ қаптан
сырлы ожауды алып, былғап-былғап қойып, о да отырды. Үшеуінде де үн
жоқ. Атасы ойланып отыр, сақалының ұшын көп салалап кетіпті. Құйрығы
қызарып тұрған ала көзін мосының астындағы отқа тігіпті. Өзі жасаған
бүйірлі қара шəйнек енді-енді пысылдап келеді. Түбін қайта түптейтін.
Кемпірі қазанның да түбі жұқарды деп жүр. Осы үйдің ыдыс-аяғынан
тесілмегені, кетілмегені қалды ма екен? Тозбай қайтсын, бес жылға
айналып барады, жаңадан қосылған ештеңе жоқ. Қашанғы шыдасын!
Енесі оттың бір шетіне бөксесін тығып тұрған қара құманды суырып
алды да қолын жуа бастады. Нені ұстаса да алдында бір, артынан бір қолын
шайып алмаса, көңілі көншімейді.
— Келін, шəйнегің тасып кетті.
Дүкенге соқпағалы да біраз болыпты. Шай салатын көк қалтаның тек
түбі ғана бұлтияды. Шай сандықтан атауыз алып сарсу сындырды. Оны екі
шөкім қып үйіп, біреуін атасының екіншісін енесінің алдына қойды.
Шəй үсті де үнсіз. Құла судың қылқ-қылқ құлағанынан басқа дыбыс
жоқ.
Бұл үйдің есігін бүгін ең бірінші аттаған Сақан болды. Сақан қоңқақ
мұрын қара бала. Беті-ауызы ылғи сортаң жердей жалақ-жалақ болады да
жүреді.
— Əй, қатын, əрі отыршы,— деп жер жетпегендей қыстырыла отырды.
Сосын шайын үнсіз сораптап отырған атасына тіл қатты.
— Көке, жасап берем деп алып, əлі жүрсіз бе?
Өзі осы үйдің бес-алты атадан қосылатын жамағайыны. Сонысын
бұлдап шолжың сөйлейді. Атасы ауызына енді апара берген шыны аяғын
ерініне жеткізе бере іркіп қалды.
— Бүгін түзетіп берсем, ертен бүлдіріп əкелесің. Саған не түтетін еді.
Сақан кіржіңдеп, алдына барған шыны аяқты еріне көтерді. Атасы онша
шайқұмар емес. Шай аяғын ерте төңкерді. Енесі уақ сарсудың шетінен
шекіп тістеп қойып, əлі ішіп отыр. Түнде сүр жеп жатып, шөл шыққан
кісіше көзінің маңайы дымдана бастапты. Сақан сарсу салған қалтаның
түбіндегі ірімшіктің уағын шеңгелін толтыра көсіп алып, шай табақтың
бетіне шашып жіберді. Пырт-пырт күйсеп ол да отыр. Мыс құрсаулы
дүмше құманның шайы сұйылып барады. Атасы кемпірі мен Сақанның
шамалы уақытта шыны аяқтан бас көтеретін сыңайлары жоғын байқап, бір
өзі ғана қол жайып бата қылды да тысқа шығып кетті. Сақанның иығынан
тартып:
— Шайыңды ішіп болған соң маған кел, — деп кетті.
Сақан əлі қыртыстанып отырған. Үндемеді.
Ұстахана жақтан бригадир Берденнің даусы шықты.
— Шал, бүгін шөп кепкенше жұрттың орағын бір-бір қарап шығарсың.
Ұстахана — қасында арбаның қаусап қалған бірер доңғалағы жатқан
жермешел үй. Маңына қараң-құраң адам жиылып қалса керек, сəлемдескен
дауыстар шығады.
Дастархан жинала бастағанда енесі шаңыраққа қарады. Көптен қайта
тігілмеген үйдің уығы бұратылып, шаңырағы маңдайша жаққа қисайып,
итініп кетіпті. Жұмыс түс қайтқанға қалса, қайта тігіп алатын. Құрымын
сыпырған жалғыз бұлар ғана емес екен. Біраз үйдің қаңқасы
жалаңаштанып қалыпты. Қайтсын, осындай бір орайы келгенде болмаса,
үйге қарауға мұрша бар ма?
Сүйегі тоза бастаған үйдің ағашына қайдағы бір құрт-құмырсқаның бəрі
үйір. Енесі соларды бездірмек болып, керолин бе, у дəрі ме — құя беріпті.
Көзді ашытып барады. Қоқыр-соқырдың көбі-ай. Қазір ештеңе емес қой.
Көшкенде қайда сиғызарыңды білмейсің. Мына бір шөп машинасының тіс-
тіс темірінің не керегі болды екен? Енесі ғой, ұстахананың маңында жатқан
темір болса, үйге тасиды. Атасы осыларды таба алмай маңайын түгел қорс
қылып, шай іше үйге келгенде, босағада жатқан темірді көріп, кемпіріне
алая бір қарап қояды. Үндемейді. Ұстаханасына кетерде қолтығына қыса
кетеді. Мына темірді де таба алмай басы қатқан шығар.
Атасы шикі кірпіштен салынған ескі үйдің жанында əлденені тықытып
жатыр. Ауылдың аз ғана еркегі соның қасында. Біреуі орақ қайрап, біреуі
косогон жөндеп, шалға қолғабыс етуде. Əлгі Сақан кетіп қалған жоқ па?
Шаңырақ көтертіп алатын еді. Ə, əне өзі де келеді. Темір флягалар арқан
қоя ма? Тағы да жіп сұрайтын болар.
—Шырақ, мына шаңырақты көтерісіп жіберші. Сақанда не күш болсын.
Бақанды бұралаңдатып зорға ұстап тұр. Шаңырақ шайқалақтай береді.
Уықтың қаламынан қалам қалмайтыны осындайдан ғой.
Жүктің астына керегеге шырматылып күн көрмеген ақ тамыр шөп өсіпті.
Жұрт ескіре бастаған.
—Бар, жүре бер, шырақ. Жолыңнан қалма. Ендігісін өзіміз де бірдеңе
қылармыз.
Ұстахананың қасында тұрғандар ду күлді. Сақанға күліп жатыр. Жырық
мұрын сары атан бақ-бақ етіп, маңына жолатпайды.
Сақан құлағына дейін қызарып, түтігіп кетіпті. Шықпыртып жүр. Жұрт
та қызық-ау. Сəл қолдары босап кетсе, іштері пысып, кеу-кеулеп желіге
жөнеледі. Несіне күледі екен? Байғұс бала ашушаң. Енді осыдан сонау асу
кезеңге дейін зар желдіреді.
Даусы оқшау шығып тұрған Берден бригадир. Сол-ақ жетіседі де жүреді.
Жанына жуып кеткенді кекеп-мұқап тұрмаса басы ауырады. Соғыстан
бұрын май тасып жүргенінде екі ауылдың арасында түйесі ауып, еңкілдеп
жылап тұрады деуші еді.
Енді міне, қаршадай Сақанға:
— Жатқан түйеге міне алмайтын шажырқай атаңның аузын!— деп кеңк-
кеңк етеді.
Бір кішкене баланікі болу керек, тылтиған құрақ телпекті маңдайына
шоқитып қойыпты. Томпақ көзінен жас ағады. Быртық алақанымен тізесін
шапақтайды. Бері қарады. Көзі бір түссе, қадала қалатыны бар. Атасынан
ұятты.
Торғын туырлықтың бауын тартқылап үйді айналып кетті. Жауыннан
кейінгі ащы күн айбатын енді шығарып келеді. Жауырынын күйдіріп
барады. Көк желкесіне тер құйылды. Үйдің киізін тез жауып алмаса, мына
күн қазір-ақ қуырып жіберетін. Енесі байғұс та пыс-пыс етеді. Томашадай
болып ап, шаршамайды өзі.
— Əй, қатын бол, тездет күн ысып барады. Берден үй тігіп жатқан əйеліне
анадайдан айқайлап əмір беріп тұр. Оған орақ тұмсық қара қатын қайдан
қыңа қойсын.
— Қу шешек шыққар, сені сол жерге тұсап қойған шығар,— деп бір баж
етті. Шылапшын ба бірдеңе құлап қаңғырлай жөнелді.
Торғын мырс етіп күліп қойды. Берден ақсақ аяғы құмақ топыраққа
батып-шығып, батып-шығып, үйіне беттеді. Қара қатын оны қуырар əлі.
Ұстахананың маңындағы тық-тық əлі тиылған жоқ. Туырлық пен үзік
тегіс салынып болды. Түндік байғұс та іріп тұр екен ғой. Кенеп пе, ескі
жабудың жұрнағы ма — жапсыра-жапсыра, зіл батпан боп қалыпты. Зорға
көтертті. Үйдің іші тозаңытып кетті. Қазір құдықтан мұздай су əкеліп
шашпаса, бас сауғалатар емес, қапырық.
Метейді арқалап, шелегін қарына іліп суға беттеді. Топыраққа түскен
түнгі ылғал кеуіп те үлгерген. Ауада тынысыңды ауырлатқан бір күңірсік
бу бар. Құрақтың желбірек мұрттары сарғайып қалыпты. Бұдан əрі қатып
кетсе қайран жоқ. Бүгін шөп машинасын осы қалың құраққа салатын
шығар.
Түні бойы емін-еркін жайылған аттар, түйелер құдық басына енді-енді
келе бастапты.
— Ə, жамалдатқыр! Ə, құлағыңды...
Əлдекім шаңқ-шанқ етеді. Берденнің дауысы. Анау қызыл мая сол
үйдікі. Орақ тұмсық қатын түйе суарып келуге жұмсаған ғой. Əбден қара
терге түсіпті. Кеңсірігі шегіп кеткен батық мұрыны шу-шу етеді.
— Ə, құрдас, сенбісің? Кел толтырып берейін... Қауғаны астауға сырғытып
жіберіп, əйкелде талтайып тұрып алды. Көзі күлің-күлің. Мұрынының
астындағы суағар маңы мақұрым қалып, езулете біткен төрт-бес талдың
бəрі тікірейіп кеткен.
Торғын ығы-жығы түйе мен аттың арасынан зорға өтіп, əйкелдің түбіне
барып, арқасындағы метейін түсірді.
Берден астауға ентелеген жылқы мен түйеге шаңқ етіп ақырып қойып,
қауғасын астауға сарықпай, қалғанын Торғынның шелегіне құяды. Торғын
метейін толтырып болғанша жалпып сөйлеп тұр.
— Əй, құрдас-ай, маңайлатпайсың-ау.
— Менің маңайлатпағаным ештеңе емес, бұл пиғылыңды білсе сіздің
үйдегі құрдас есіктен қаратпай қояр.
Торғын метейге үңілген ңалпы үнсіз жымиды. Берден зірк-зірк күледі.
— Ішіңді ұрайын, қатын жолатпаса, езің құсаған құрдас бар, жерде
қалмаспыз... Əй, тəйіт... О, бұ жайрағырларын суармай иелері қайда жүр?
Торғын метейі толған соң тығындап жатыр еді. Сауырына сарт ете
қалды. Қараса - Берден əйкелден түсіпті. Бұның сауырын сипалай береді.
Ыржың-ыржың.
— Тек əрі.
Торғын зілдене жымиды да, метейін арқасына салып жүріп кетті.
— Ой, жайрағыр, о аусыл келгір! Берденнің даусына бір ызалы діріл
кіріпті.
Осы біреудің осындайы бар енді. Шөп басында да маңайынан кетпейді.
Қара қатын байғұс қанша шабалаңдаса да қояр емес. Енесінің де естіміші
бар білем. Берденнің дауысын естігеннен-ақ тыржыңдап қалады. Əсіресе,
Сақанның күйіп-піскені қызық. Əне бір жолы ат тырмамен шөп жинап
жүріп, шөлдеген соң шөмелеші əйелдерге келген. Сол араға Берден де дік
ете қалды. Келген бойда Торғыннан шалап ішіп отырған Сақанға тиісе
кетті.
— Əй, балшыққа батқыр, бар шөпті күнге қуратып, мұнда не ғып
отырсың?
Сақан сырлы зереңнің бір пұшпағынан сыңар көзін алартты. Ішіп
болғанша үндеген жоқ. Ауызының айналасындағы шалаптан қалған ақ
тандақ ізді жеңіне сүртті. Берденнің бетіне сосын барып қарады. Зілдене
қарады.
— Əй, атаңның аузын, сүзетін бұқадай...
— Тарт тіліңді.
— Мына жаманды қара.
Құмақта талтайып отырған Сақанның қалай атып тұрғанын ешкім байқай
да алмай қалды.
Бала Берденнің омырауына жабысып, қадалыпты да қалыпты. Қапелімде
не істерін білмей сасқалақтап қалған Берден əйелдердің тұрғанын көріп,
намыстанып кетті. Қолындағы шолақ қамшымен Сақанның иығынан
тартып өтті. Бала бақырып жіберді. Торғын шыдай алмады. Жүгіріп барып,
Берденнің қамшысын жұлып алды. Əйелдер де шу ете қалды.
— Сын тимеске сын тиіп құтыруын.
— Жетім-жесірді сабасын деп қалдырған шығар сені мұнда.
— Доңыз...
Берден атына ырғып мінді де, шөп маялап жатқандар жаққа шаба жөнелді.
Сақан да қырсық. Сол күні, ертесіне жұмысқа шықпай жатып алды.
Атасынан қорқып Берден де соқпады. Сақаннан құтылмақ боп, аттырманы
басқа біреуге беріп, оны сиыр ауыл мен жылқы ауылдан айран, қымыз
тасуға бөлді. Сақан сиыр ауылға кетіп бара жатып та шөмелеші əйелдерге
бір соғып өтеді. Ол маңайдан Берден көрінбесе жымың ете қалады.
Торғын қайнысының шыж-быж боп бұны қызғанғанын қызық көреді.
Апырай, мына күннің күюін-ай. Бүгін пішенші байғұстың тілі ауызына
симайды ғой. Топырақ қайнап кетіпті. Бас сауғалатар көлеңке де болмас.
Аспан ашқарақтың алдынан қайтқан табақтай тап-таза. Бір жағы тау, бір
жағы шағыл құм тар қамашау түтеп тұр. Енесі белдеу арқан ширатып алам
деп отыр еді, анау тізіліп тұрғандар арқан ширатып тұрған қатындар-ау.
Есіктін алды абыр-сабыр. Беу, біріне-бірі мінгескен берекесіз пішенші
ауыл-ай. Бірінің іргесінен бірі қарап отыратындай боп ретсіз қоныпты. Əне
бір үйдің қалқалап көрсетпеуін. Еркектер де жүр ме өзі?
— Жеңеше, сүйінші, сүйінші.
— Мына бала не дейді. Қызылтанау боп жүгіріп келеді ғой өзі. Дəулет
келіп жүрмесін...
Ə, əне екі-үш атты кеп түсті.
Өкпесі өшіп бұ да жетті-ау. Арқасын метей соғып тастапты. Енесінің
мойнынан құшақтап ап, жабысып айырылмай жүрген əне біреуі кім? Ауыл
советтің хатшысы Баламан ба? Ол немене айтты екен?
— Əй, балаң мында...
Атасының дауысы. Жалт қарады. Атасы мойнына асылған Дəулетті
көкірегінен ажыратып жатыр.
— Бар, бар. Шешеңе бар. О байғұс əне адасып кетті. Бара сала Баламанды
құшақтай алғаны несі доңыздың!
Байғұс кемпір жасты көзбен баласының қайсысы екенін де ажырата
алмапты. Дəулеттің кеудесіне барып сылқ құлады. Дауысы да шықпай
қалыпты. Енесіне ілескен осы ауылдын қатын-қалашы да тегіс көзін
сулапты. Азғантай еркектің ортасында состиып атасы тұр. Кемпірі мен
баласы жаққа қадала қалғаны болмаса, тұрысы мығым.
Дəулет анасын сүйеп үйге беттеді. Есік алдында тұрған жұрт та
топырласып кіріп жатыр. Кіре алмай қалғаны есіктен ентелейді. Торғын
үйдің оң жағына барып, белдеу арқаннан ұстап тұрып, үнсіз көзін сығып
алды. Сосын жаулығының ұшымен жасын сүртіп, ошақ басына кетті.
Өне бойын күйе басып қарайып кеткен үш бұт мосы, енді-енді
шоқтана бастаған оттағы тезек — бəрі де су астындағы дүниедей бұлдырап
көрінеді. Шəйнегін таба алмай жүр еді, көрші əйел ішіне су толтырып,
үйден алып шығып келеді екен. Қалған қатындар да қолғабыс жасамақ боп,
ошақ басына беттеді. Не істеп, не қойып жүргеннін өзі де білмейді.
Əлдекім оң қарынан тартты.
— Торғын, үйге бар. Шайды өзің құйып берсейші.
Бұл кіргенде үйдің іші ығы-жығы. Төрде, атасының төңірегінде осы
ауылдың шалдары. Қалған еркек олардан төмен, Дəулеттің маңында. Екі-
үш кемпір ошақ жақтағы кебеженің алдында əлі есін жия алмай отырған
енесін ортаға алыпты. Екі-үш əйел дастарқан жайып, пішенші ауылдың
кебежелерінде қалған ірімшік-құртты табаққа сап əкеліп, ортаға төгіп
жатыр.
Торғын шай сандығының қасына барып отырды. Дастарқанға шай
аяқтар да құрылып үлгеріпті. Бір əйел шылапшын тола шоқ алып кірді.
Əлдекімдер бұл шай құйған шыны аяқтарды төр жаққа жып-жып алып
беріп жатыр. Торғын төңірегіне көз салған жоқ. Шыны аяқтардың қалай
келіп, қалай кетіп жатқанынан басқа ештеңе көріп те отырған жоқ.
Жабыр-жұбыр əңгіме бар. Жұрттың ауызы бір сəт тыйылған емес. Бірақ,
мынау құрымы шыққан бес қанат үйдің ішінде не айтылса да, ешқайсысы
Торғынның құлағына дарымай ауада қалқып жүр.
Торғын жұрттың шайды қанша ішкенінен де бейхабар. Əйтеуір бір
уақытта алдына төңкерулі аяқтар келе бастады. Оларды дастарқанның
екінші басындағы бір əйел шайып, сүртіп жиып жатыр. Дастарқан да
жиылды. Бірақ, ешкім сыртқа шыққан жоқ. Торғын шоқ салынған
шылапшынды алып сыртқа шықты. Табалдырыққа жете бере төрдегі
шалдардан төмен көзін салып еді, көк сұр киінген Дəулетті байқады, бет-
алды темекінің түтіні басып буалдырланып тұр екен. Жүзін де дұрыс көре
алмады.
Сыртқа шығып, шылапшындағы күлді төкті. Ошақ басында қараң-құраң
əйел көп. Бір кемпір бояуы түскен қожалақ табаққа кебеженің түбінде көп
жатып серейіп қалған төрт-бес жілікті суға малшып отыр. Жаңа ғана бұл
арқалап келген метей босап қапты. Бір əйел соны арқасына салып құдыққа
барғалы жатыр. Ошақ басындағы үйінді тезектің де бүйірі суалып, жермен-
жексен боп қапты. Торғын қолына қап алды. Ауылдың сыртына беттеді.
Қалың шиді қақ жарып, ентелей басады. Əлі уыз иісі кетіп, буыны қата
қоймаған көк ши күлте шашағымен біресе омырауын сипап, біресе жеңін
жалап қалады. Аяғының астында кеберсіп жатқан сортаң топырақ, басқан
сайын күрт-күрт күйрейді. Тұсаулы аттар да сирей бастады. Ойдым-ойдым
ашық көбейді. Алдына да, артына да жөнді көз тастап келе жатқан Торғын
жоқ. Қолы талған соң, қапты екінші иығына аударып салды. Ши бітті. Əр
жерде біріне-бірі басын тығып, ұйлыға өскен жыңғылдарды көрді.
Ауылдың сыртындағы айдын сорға келіп тіреліпті. Сорда тезек қайдан
болсын. Сортаң мен ши астасқан жиекті жағалап, күн батыс жақтағы
сəңкиген ақ тұмсыққа беттеді. Ақ тұмсықтың іргесі құмақ. Жайылыс. Тезек
болса сонда болады. Шамалы жердегі тезекті қызыл шағылды етектей бір
жұрттан бір жұртқа жылжып қонып келе жатқан пішенші ауылдың
балашағасы əлдеқашан теріп алған.
Ақ тұмсықтың өкпе түсі ақ шаңдақ. Пішенші ауылдың бір топ түйесі
осында келіпті. Ерен-серең төрт аяғын қапталына созып, көлбеп жатқан бір
түйе. Əне біреуі үйелеп қала жаздады. Аяғын əрі сереңдетіп, бері се-
реңдетіп, зорға тұрды. Торғын иығынан қабын алды. Осы жердін өзінен-ақ
толатын болды.
Ақ шаңдақта аунап жатқан көп түйе орындарынан тұрып, сортаңға
беттеді. Ыстық та қайтып қалған екен. Күннің көзі біраз жерге барыпты.
Торғын ауыл жаққа қарады. Үй-үйдің алдынан атып-атып түйелер тұра
бастапты. Екеу-екеуден мінгесіп алған пішеншілер. Ауылдың қасындағы
қалың құраққа қарай аяңдасты. Жұмысқа шығатын уақыттың болып
қалғаны ғой. Торғын жерге асыға еңкейді.
Құмаққа жете бергенде таудың үңгірінде жатып-жатып, салқын түсе
өріске шыққан бір үйір қара құйрық бұның алдын кесіп өтті. Текесі селтиіп
тұра қалды. Соңындағы үйірі де елең етті. Анадай жерде екі атты кетіп
барады екен. Біреуі — Баламан. Қасындағы Берден мініп жүрген қара кер
ат. Үстіндегісі кім болғаны? Сақан ба? Дəулеттің келгені енді есіне түсті.
Атасы Сақанды колхоз орталығына жұмсап жіберген ғой.
Торғын қабын иығына салып ауылға беттеді. Біраз жерге ұзап кетіпті.
Ыстық қайтқанмен құмақ қайнап тұр. Атасы əр жерінен таспамен
шандыған жеңіл шарығының арасынан ып-ыстық құм кіріп, күйдіріп
барады. Анау қалың шидің пұшпағына іліксе бір...
Шидің іші құмақтай емес, салқың. Тау жақтан леп бар. Шилердің күлте
мұрты жабыр-жабыр етеді. Тал түсте күшін жойып алатын көк исі де енді-
енді қайта тіріле бастапты. Аспанның манағы əлем тапырық түсі қайтып,
əңі түзеліп келеді. Терістік жиегінен басталған ніл көк ағын бірте-бірте мол
жайылып, түстікке беттеп барады.
Торғын асығып келеді. Жұрт болса жұмысқа кетті. Үйі енді босаған
шығар. Дəулеттің өңін дұрыстап көріп, тілдесетін шақ та осы. Осыдан
барған соң, иығындағы қапты ошақтың басына итере салып, үйге кіріп
барады. Бірақ, атасы мен енесі үйде боп шығады ғой. Олар əрине үйде.
Жаңғыз балаларын өліп-талып бүгін көріп отырғанда қайда шықсын. Сөзге
сараң атасы сол баяғы бұйра сақалын қышыр-қышыр ширатқан қалпы. Есін
енді жиған енесі шалынан ығып, кебеженің алдында үнсіз егіліп отыр.
Əкесі мен шешесінің мінездеріне қанық Дəулет те ештеңе деместен
темекісін сораптай береді. Əзі жоқта ауылда болған жаңалықтарды ойша
сауалдап, шаңыраққа қарап ойланған қалпы. Үшеуі де айтылар, сұралардың
бəрін көмейге қамап, айтпай ұғысып, осылай үн-түнсіз бір ай отырса да
пейіл.
Бұл барғанда атасы үйде болмағай да. Онда Дəулет Торғынның ең
болмаса хал-жағдайын сұрар еді. Бұл жылап жіберіп жүрмес пе екен. Ана
жылы майданға шығарып салғанда, атасынан қаймығып жылай да алмаған.
Тамағына тығылған ащы жас көкірегін кеулеп, үш-төрт күнге дейін аузын
ашса, өксіп-өксіп қалып жүрді.
Дəулет қазір қандай болды екен? Соғысқа аттандырған күні колхоз
орталығы ығы-жығы адам. Бір шетте бұл төртеуі. Ат үстіндегі Дəулет
бұларға жалтақ-жалтақ қарай береді. Əншейінде арсы-күрсі жігіт монтиған
да қалған. Жүретіндер қалаға қарай бет алғанда, қалың нөпірге о да ілесті.
Көп аттыға жете беріп, кеңсенің қасында қалқиып-қалқиып қала берген
бұл үшеуіне қарап еді, бағанадан бері зорға шыдап тұрған анасының
дауысы шығып кетті. Дəулет мойнын бұрып ап, атын тартып қалып, қалың
аттыны кеуделей, ілгері озды...
Ауылға келіп қалыпты. Ұстахананың қасында қара-құраң бар. Атасы
үйде емес екен.
Торғын арқасындағы қапты ошақ басына тастай салды. Қаппен бірге
иығына сусып түскен орамалын қағып қайта тартты. Жаулығының ұшын
бір қолымен кеудесіне қысып, сықырлауық есікті ашты.
Үйде енесі жалғыз. Табаққа бидай салып ап, тасын тазартып отыр.
Бағанағы жайылған төсек жиылмаған. Керегеге ілген қамшы, бас киім
көрінбейді. Жұрттың бəрі тарағанға ұқсайды.
— Келін диірмен тартпасақ, өлілерге иіс қылатын үн де қалмапты.
Диірменін ауық-ауық кідіртіп, ұстахана жаққа құлағын тосады. Əне бір
жуан дауыс — Дəулет. Не айтып отырғаны анық естілмейді. Əкесіне
жəрдемдеспекші боп ұстаханаға барған екен, ауылда қалған шал-шабыр,
бала-шаға ілесе барып, əр нəрсені бір сұрап жатыр.
Сырттан бота көздеп жүрген енесі кірді. Диірменін безілдете жөнелді.
Екі тастың арасынан ақтарылған ақ ұнтақ молая түсті...
Диірменін қағып, түскен ұнды қалтаға салып жатыр еді, енесі кілтін
сыңғыратып абажадай темір сандығын ашты. Ішінен Торғынға көйлек ап
тастады. Былтыр атасы ұзатқан қызына барғанда беріп жіберген көйлегі.
Өрнегі ұсақ ақ шыт кейлек. Енесі сандығына үңіліп жатқанда, жинаулы
көрпелердің астына тығып қойған айнаның сынығын ап үңілді. Өңі жаңа
көйлек киген соң жасарып, жұмсарып кеткен.
Сыртқа шықса күн кешкіріп қалыпты. Ошақ басына барып өртеп от
жақты. Жер ошаққа қазан асып, үйге қайтып келе жатып, ұстахана жаққа
қарап еді, Дəулеттің аузына аңырған бала-шаға, бір-екі шал, кесек үйге
арқасын тіреп, ұршық иіріп отырған төрт-бес кемпір — бəрі де көлеңдеп
шыға келген бұны көздері жеп барады.
Енесі майға нан пісірді. Торғын нан иледі, шелпек жазды. Ымырт түсе
пішеншілер жұмыстан қайтты. Енесі үй-үйге кіріп, құдайы нан таратты.
Жұрт шайларын ішіп болған соң, тағы да бұл үйге келіп, біраз уақ
Дəулетпен сөйлесіп отырды. Түн орталай олар да тарасты.
Қазан аяқ жақтағы мұржасыз шамның сығырайған күңгірт жарығында
төртеуден-төртеу өздері қалды. Ешқайсысында үн жоқ. Тек енесі ғана
кебежесін бір ашып, бір жауып күйбең-күйбең. Төрде мізбақпай тіп-тік
отырған атасы кенет есінеп, маңдайын сипап:
— Шүкір алла, бергеніңе,— деп қойды.
Үйдің іші тым күңгірт болғандықтан ба Дəулеттің өңі қарауытып
көрінеді. Баяғы монтиған толықша бала жігіт емес. Сүйек бітімі анық
білініп, ысылып, тартылып кеткен. Шықшыттанып, бет алды да бұрынғы
ұяңдықтан арылған.
— Торғын, құманыңда жылы су бар ма? Аяғымды жуып алайын,— деді
солдаттың сыптима шалбарының белтірлігін шешіп.
— Бар...
Торғынның даусы бəсең шықты. Тіпті өзіне еріні күбірлегенмен дауысы
шықпағандай боп көрінді. Дəулеттің ауызынан өзінің атын төрт жылдан
бері бірінші рет естіп отыр. Шайы əлі сарқылмаған қара шəйнекті буын-
буыны қалтырап зорға көтерді. Күлдің арғы басындағы қара құманды ап,
орта жерін толтырды.
Үйдің оң жақ босағасында астына келі қойып Дəулет отыр. Тізесіне
дейін түрген оң жақ балтырынан есіктен түскен шамның қызғылт сəулесі
бір қарыстай ұзынша тыртықты ап-айқын көрсетті. Торғынның көкірегі
сыздап кеткендей болды. Оқ ізі.
Дəулет байсалды қалпы. Қара құманнан шүмектей құйылған жылы
судың астына аяғын рахаттана тосады.
Төсек кемпір-шалға үйге, Дəулет екеуіне үйдің көлеңке бетіне сыртқа
салынды.
Торғын түндік жауып жүріп, атасы мен енесінің əңгімелесіп жатқанын
естіді.
— Сақанның сұрағанына бере қойса жарар еді. Ел-жұртқа хабар айту да
керек,— дейді енесі.
Сақан колхоз орталығына той жабдығымен кеткен болды-ау.
— Қойшы енді, кемпір. Құдай жеткізді деген осы,— дейді атасы.
Торғын төсегіне келіп жатты. Бүгін аспан тым быжынап тұр. Оқтын-
оқтын от саулатып жұлдыз ағады.
Тау жақта əлдеқандай бір құс үсті-үстіне шықылықтай береді. Жайылып
жүрген мал болу керек, үй іргесіндегі шидің арасында тым-тырыс түнде
анық естілетін сыбдыр-сыбыс көп.
Торғын көрпесін қымтана түсті. Дір-дір еткен жасқаншақ қол иығын
сипады. Торғынның алқымына жас тығылды. Орнынан аударылып түсті.
Сол бір солдат махоркасы мен ащы тер иісі аңқыған ыстық көкірекке сіңіп
барады.
Шаңдақтағы қараша інген бырт-бырт күйсегенін қоя қойып, ботасына
еміренді. Көрші үйлерде жұмыстан шаршап қайтқан пішеншілер
қорылдайды.
Ауыл алаңсыз ұйқыға кетті.
|