Ақжан: Желтоқсан көтерілісі туралы көркем дүниелер көп деп айта алмайсыз. Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Желтоқсан туралы түсірілген көркем фильмдер дегенде «Қызғыш құс» пен «Аллажар» еске түседі
Ақжан: Желтоқсан көтерілісі туралы көркем дүниелер көп деп айта алмайсыз. Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Желтоқсан туралы түсірілген көркем фильмдер дегенде «Қызғыш құс» пен «Аллажар» еске түседі. Ал, көркем әдебиетте біраз дүниелер баршылық. Солардың бірі қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» деген әңгімесі.
Дильназ: Әңгімеде оқиға желісі бұрынғы Брежнев алаңында емес, тас еден түрмеде де, қуғын-сүргінде де емес, қарапайым қазақ ауылында өтеді. Алматыдағы Желтоқсанның жаңғырығы Қазығұрттың баурайындағы алақандай ауылға теңіздің толқынындай болып соғылады. Ауылдағы ағайын оқиғаға әрқалай баға береді. Желтоқсан талайлардың тағдырын тәлкекке салады.
Жансая: Көлемі жағынан онша ауқымды емес, бірақ көтерген жүгі ауыр дүниені селт етпей оқымау мүмкін емес. Қазақы мінез-құлықты, қым-қуыт тіршілікті керемет кескіндей білетін Мархабат Байғұт оқырманын үнсіз егілтеді, сол кездегі мектеп оқушысының көзімен Желтоқсан қасіретін жүрегімен сезіндіреді.
Ақжан : Жұрнақ әке шешесінің үмітін ақтаған, жүздеген мың талапкерден біреуінің қолы бәлкім жетіп, бәлкім жетпес Мәскеудегі аса ірі, атақты оқу орнына түскен жалынды жас жігіт. Оқуын аяқтауға 5- 6 ай уақыт қалғанда Желтоқсан айында Алматыдағы Алма атты сүйген қызына жол тартады. Бір құшақ гүлімен Жұрнақ Алманы туған күнімен құттықтауға келеді. Қанша жыл бір бірінен жырақта жүрген екі жас қуаныша табысады.
Екі жұлдыз - екі бақыт көктегі,
Төбемізде тұрып алды, кетпеді.
Бар аспаннан екі жұлдыз көрдік біз,
Біздер де екеу едік сәулем өйткені.
Дильназ : Желтоқсандаѓы жарқырап тұрған айдың он бесінде толып, алайда айналасы табан астынан тозғындана торланып, тозаңыта қораланып тұрғанын байқатпаған балтәтті жолығыстың жалғасы тірсегінен қиылып түсер деп кім ойлаған. Өзінің елінен шыққан жас ұрпақты жау тұтатын да жаһаннам жүйелі қорқау қоғам бола берерін біз қайдан білейік ол кезде. Әйтеуір Жұрнақ Қонақбайұлы сынды мәскеулік студенттің де “бүлікшілерді” бастаушылардың бірі екенін естідік. Жұрнақ көкені соттағалы жатыр екен десті. Қонақбайұлы Жұрнақ өзі оқып жүрген Мәскеуге аяқ-қолы кісенделіп әкетіліпті десті.
Даланы мен де
Сүйемін сендей,
Бауырмал, құсым!
Назыңнан әсем
Сазыңнан әсем
Жаңылма, құсым!
Тіршілікте айнымасқа тағдыр қосқан
Құс едің ғой кең далаға бауыр басқан.
Аяздарда тоңбайсың ба, бозторғайым?
Жылы ұяңа қонбайсың ба, бозторғайым?
Жансая: Міне, сексен сегізінші жылдың көктемгі каникулында Жұрнақ көке жынданып кетіпті деген қан жоса хабар да келіп жетті. Жаз шығып Текемет кентінің орталық көшесінде Жұрнақ көке пайда болды.Текеметтің тұп-тура ортасындағы кеңшар кеңсесінің алдында таксиден түсті. Жанындағы жамағайын екі кісі оның үсті-басын сәл-пәл жөндеген болды. Жұрт жиналып қалды. Ішінде біз де бармыз. Алғашқыда жапырлай қолын ала бастағандарға Жұрнақ көке жып-жылы жымиғандай қараған. Жынданғанынан жазылған екен ғой, жақсы бопты ғой деп ойлағандар аз болмаѓан. Біреулері айналып-толғанып, арқасынан қағып жатты. Екіншілері әкесіне көңіл айтуды да ұмытпады. “Қонақбай, Қонақбай ағай” деген сөздерді естігенде Жұрнақ көке дөрекілеу кейіпте ыржалаңдап күлген секілденді. Сәлем берушілер сәл-пәл состиыңқырап, шошыңқырап, шегіншектеңкіреп, шеттеңкіреп тұрысты. Соншама жұрттың ішінен Сағындықовтың шешесі ғана Жұрнақ көкенің бетінен сүйген еді сонда.
Ақжан: Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды жарылқайды-мыс дегенді естіп, іздеп шыққан, жынданып кеткеніне қарамастан, Текемет кентіне алып қайтқан ағайындарына мың да бір рахмет деп алғыс айтқандар аз емес-ті. Алайда, жынды Жұрнақты жамағайындарының ешқайсысы да жақындата қоймады, үй-жайларына кіргізбеді. Қара жұмысты жапырып істейтін жігіттің күшін пайдаланып-пайдаланып алады да, арзымас қана ақша беріп, қалған-құтқан тамақпен алдаусыратып, арқасынан қағып, аулаларынан шығарып жібереді.
Бірде кезінде бетінен сүйген Сағындықовтың анасы Жұрнақтың басын сипап әбден жылап оған әке шешесі, достары туралы айта бастағанда Жұрнақ оның сөздерін құлағына да ілмеді. Өзі түнейтін, тұрақты мекен ететін Қамбар ата әулиеге қарай аяңдайды. Артынан мектеп директоры Сағындықовтың шешесі біразға дейін ілесіп, бірталай әңгіме айтып үлгермекке тырысқан. Осы тұста жынды Жұрнақ кенет кідіріп, кілт тоқтасын да, жөнделіп жатқан мешіт маңындағы жұмсақ топырақтан бір ұшы көрініп жатқан темір таяқты суырып кеп алсын. Қамшының сабынан аумайтын қоңыр бұжыр арматура кесіндісін бір қолымен суырып кеп-кеп алсын-дағы, екінші қолының алақанына салсын. Ары да қарасын, бері де қарасын. Қарап-қарап тұрсын-дағы, айқайға бассын-ай кеп-кеп.