Е. ҒАЛЫМОВ,
М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
2 курс PHD докторанты
Қазақстан, Алматы қ.,email: erkin.galymov.87@mail.ru
ҚАЙЫМ МҰХАМЕТХАНОВ ЖӘНЕ АБАЙ ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ТЕКСТОЛОГИЯСЫ
Түйін
Мақалада көрнекті абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедхановтың Абай текстологиясын зерттеу жайы қарастырылады. Қайым Мұхамедхановтың Абай өлеңдерінің жинағын, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын, ұлы ақын шығармаларының текстологиясын зерттеу ісіндегі жаңа ізденістері баяндалады. Сонымен қатар, аталмыш мақалада қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған текстология ғылымының қалыптасу, даму тарихы, теориялық-әдістемелік негіздері сөз болады. Қайым Мұхамедхановтың абайтанудағы ғылыми тұжырымдары мен пайымдаулары жайлы көрнекті қазақ ғалымдарының көзқарастары талданады.
Сондай-ақ автор мақалада абайтанудың білгірі Қ.Мұхамедхановтың ұстазы, ғұлама ғалым М. Әуезовпен рухани жақындығы, ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасына назар аударады. М. Әуезовтің абайтану ғылымының іргетасын қалаудағы ұстаздық бағыт-бағдары мен мақсат-міндеттері және Қ. Мұхамедхановтың ғалымдық парасат-пайымы жан-жақты баяндалады.
Кілт сөздер: Абай мұрасы, текстология, абайтану, автор, қолжазба, түпнұсқа, мәтін, қара сөз.
Кіріспе. Текстология – филология ғылымының бастауы мен негізі, өзіндік даму тарихы бар ғылым саласы. Сонау Х-ХVІІ ғасырларға көз жүгіртсек, орыс филологиясында да текстология теориялық, әдістемелік негізі қалыптасқан іргелі ғылым салаларының бірі болғанын аңғарамыз. Текстологияның аса көрнекті өкілдері ретінде орыс филологиясында Б.В. Томашевский, Б.М. Эйхенбаум, Д.С. Лихачев т.б. танылады. Олар көне орыс жазба мұралары мен классик ақын-жазушылардың шығармаларын зерттеу нәтижесінде көптеген теориялық еңбектер жариялады. Л.Д. Окульская, И.Г. Лорионова, М.В. Безрадный, В.А. Заподов сияқты зерттеушілер кандидаттық, докторлық диссертациялар жазды. Сондай-ақ, текстология ғылымы түркі халықтарында, атап айтсақ, өзбек, әзірбайжан, түркімен филологиясында да айтарлықтай жақсы дамыған. Бұл мақалада қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған текстология ғылымының қалыптасу, даму тарихы, теориялық-әдістемелік негіздері сөз болады.
Дереккөзі мен әдістері. Қазақ әдебиеттану ғылымында ежелгі дәуір әдебиеті мәтіндерін салыстыру ісі ертерек қолға алынып, арнайы зерттеу нысанына айналған. Бұған П. Шамсиев «Научно – критический текст Хамзановой» (Ташкент, 1970 ж.); «Научно-критический текст поэмы Низами «Хосрови шырын» (Баку, 1960 ж.); Додалишаев Д.Ж. «Поема «Хафт и Монзар» Хатыфы и ее научно-крити- ческий текст» (Душанбе, 1974 ж.); «Текстологические исследование Китабы- деде-Коркут» (Баку, 1985 ж.); және тағы басқа еңбектерде теориялық текстологияға байланысты көптеген тұжырымдар жасалған. Ал қазақ әдебиеті тарихында текстологиялық жұмыстар Абай шығармаларын жарыққа шығарып, халыққа тарату кезеңінен басталды деуге болады. Десек те, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғ. Әнес қазақ текстологиясының тарихын Шоқан Уәлиханов еңбектерінен бастау туралы ойын да алғаш ашып айтқан болатын. Қазақ әдебиеттану ғылымы соның ішінде қазақ әдебиетіндегі текстология мәселелерін Қ. Мұхамедханов еңбектерінсіз елестету әсте мүмкін емес. Бұл туралы белгілі әуезовтанушы ғалым Т. Жұртбай өзінің «Қайсар ғалым» (1989, «Жұлдыз») атты мақаласында: «Қ. Мұхамедханов – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына түсініктеме жазған библиограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек жазған теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерттеген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы өлең-жырды, әңгіме-аңызды қағазға түсірген фольклорист», – деп бағалайды. Біз Қайым Мұхамедхановты Алаштың алып перзенті, абайтанудың асқан білгірі, қазақ әдебиетін зерттеудің сұңғыласы, Абай мен Мұхтар Әуезовтың зерделі зерттеушісі деп білеміз. Абай өлеңдеріне қатысты текстологиялық зерттеулерінде де Қ. Мұхамедханов өзінің телегей білімі мен ғалымдық парасатын танытты.
Талдамалар. Арысы Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхаметханов, берісі Мекемтас Мырзахметовтер белсене ат салысқан Абайтану қазіргі таңда тарам-тарам тараулары бар іргелі ғылымға айналды. Абайтанудағы басты мәселе ақын мұраларының текстологиясы болып табылады десек те, Қайым Мұхаметханов салып кеткен сара жолдың алдында әлі де тындырылмақ шаруа баршылық екендігін де жоққа шығармаймыз. Осы орайда есте ұстайтын бір жайт кезінде Міржақып Дулатов айтқан: «Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадірлі халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», – деген асыл сөзі [1]. Осы сөзге адалдықты таныта білген ғалымдарымыздың бірі Қайым Мұхаметханов болды.
Ұлы ақын Абай шығармаларының ең соңғы 1957 жылғы басылуы шын мәнінде едәуір толық ғылыми текстологиялық жұмыстың жүргізілгенін және ол жұмыстың дұрыс бағыт алғанын көрсететін үлгі деп айта аламыз [2].
Абай және оның ақын шәкірттерінің әдеби мұраларын насихаттап отырудың маңызы зор. Сол арқылы қазіргі оқырман ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы заңғар қаламгерлеріміз артында қалдырған рухани байлығымен, мәдени тарихымен танысады. Әдеби мұраларды шынайы қалпында, бұрмаламай көрсетудің де қажеттілігін Қайым Мұхаметханов ғылыми ту етіп көтере білді. Өйткені, әр заманның өз шындығы бар.
Сөз кезегінде, қазақ әдебиетін зерттейтін ғылымның тарихында үлкен дау туғызған, саясаттың ықпалымен бұрмалауға жол берілген Абайдың ақын шәкірттері мәселесіне тоқтала кеткен жөн сияқты. Абайдың ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге Қайым Мұхамедханұлы тікелей М.О. Әуезовтың ақыл-кеңесімен келді. Ұстазының нұсқауымен Абайдың ақындық айналасы төңірегінде қыруар деректер жинақтады. Нәтижесінде, 1993-1997 жылдары баспа көрген «Абайдың ақын шәкірттері» төрт томдығы қолымызда, жариялануы жалғасып жатқан көптомдық шығармалар жинағының (әзірше 8 томы шықты) дені Абай мен оның ізбасарларына арналуы ғалым тындырған еңбектің ұлан-ғайыр екендігіне бұлтартпас дәлел[3].
«Көркем әдебиеттің текстологиясы – филологиялық ғылым. Ол әдебиеттану ғылымымен біте қайнасып, соған қызмет етеді. Тіпті, дәлдей түссек, текстология- әдебиеттану ғылымының негізі. Өйткені, белгілі бір шығарманың дәл тексін айқындап алмай тұрып, оның идеялық мазмұны мен әдеби көркемдігін сөз ету қиын болмақ», – деген болатын Р. Сыздықова [4]. Абай мұрасы – уақыт озған сайын көне тартпайтын мәңгі жас мұра, оны зерттеу, тану ісі үздіксіз жүргізіле бермек. Әр ұрпақ Абайды өзінің тұрғыласы санап, ол туралы өз сөзін айтпақ. Абайтанудың көп саласының ішінде күн тәртібінде бірінші болып тұрған - ақын шығармаларының текстіне айырықша жауапкершілікпен қарау болса керек [5].
Иә, Абайтану мектебінің негізгі қалаушылардың маңдай алдысы, Шәкәрім шығармаларына алғаш текстологиялық зерттеу жасаушы Қайым Мұхаметханұлы өз шығармашылық ғұмырында Абай шығармаларының тереңіне үңіліп, зерделей зерттеген нағыз ғалым бола алды. Кеңестік солақай саясаттың кесірінен жабылып қалған «Абай» журналының 70 жылдан соң қайта жарық көруіне Қайым Мұхаметханов зор еңбек сіңірді.
«Абайды таныту арқылы әлемге қазақ елін танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс» - деген Елбасы Н.Ә. Назарбаев. Олай болса, Абайды тану – елді тану, халықты тану болып табылады. Осы жолда ғалымның артында мол өшпес, өлмес еңбегі қалып отыр.
Абай Құнанбаевтың 1909 жылы басылып шыққан алғашқы өлеңдер жинағынан бастап, 1921 жылы, 1922 жылы, 1933 жылы, 1948 – 1954 жылдардағы жарияланған өлеңдер жинағындағы туындыларында берілген түсініктерде қайшылық, қателіктер көп кездеседі. Осыны түзеп бірізге салуда ғалым көп еңбек сіңіре білді. Қайым Мұхаметханұлы үшін ғылымдағы басты ұстанымы Абай шығармаларын жинау, оларды бастырудағы мәтін өзгешеліктерін зерттеу мен анықтаудың мәні үлкен болды. Ақын шығармаларының жазылу тарихы, қате басылып жүрген жеке сөздерді түпнұсқасына келтіру жұмысы Қайым Мұхаметханов үшін аса жауапты болып, осы мәселені шұқшия зерделеуі ұзақ жылдарға созылды. Ғалым тарапынан 1909 жылы жарық көрген Абай жинағынан бастау алған Абай өлеңдерінің мың сексен алты сөзіне түзету енгізілді.
Осы абайтанудағы ғалымның тұңғыш зерттеу жұмысы Көкбайдың он шақты өлеңін, «Сабалақ» атты Абылайхан туралы дастанының, Әріптің өлеңдерін жинаудан басталады.
Абайтану саласының солақай ұстанымдарға қарамай, Қайым Мұхаметханов 1939 жылы «Абайдың ақындық мектебі» деген еңбегін жариялады. Дәл осы аталған тақырыпта Әуезовтың жетекшелігімен 1951 жылы кандидаттық диссертация қорғады.
Ғалым Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сегіз аяқ», «Қансонарда», «Сап-сап көңілім», т.б. көптеген өлеңдерінің текстологиясымен қатар кімге арналғаны, қайда шыққанының тарихын да нақтылы, тың тұжырымдар арқылы дәлелдей білді.
Қ. Мұхаметхановтың Абай жайлы зерттеулері мен еңбектер жинағы турасында сөз ететін болсақ, онда «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» атты Алматыдан 1959 жыл шыққан жинақтың жарық көруіне атсалысты және әр кезде өз тарапынан «Абайға байланысты кейбір деректер» турасында мерзімді баспасөз беттерінде (Қазақ әдебиеті – 1955 жыл, 7 қараша, «Абай шығармаларының текстологиялық жайында» Жұлдыз – 1957 жыл, №10, «Абайдың кітабын тұңғыш басқан кім?» Қазақ әдебиеті – 1971 жыл, 2 маусым, «Түзетілгені қане?» «Түсініктері қайсы?» Қазақ әдебиеті – 1986 жыл, 10 қаңтар - «Абайдың бір өлеңі» Қазақ әдебиеті – 1986 жыл, 17 қаңтар, «Абайдың жарияланбаған өлеңдері» Қазақ әдебиеті – 1991 жыл, 10 желтоқсан, «Жаңадан табылған сегіз өлең жайында» Семей таңы – 1991 жыл, 3 желтоқсан. «Абай мұрасына абай болғанымыз жөн» Қазақ әдебиеті – 1991 жыл, 9 тамыз) сынды бірнеше мақалаларын жазды [6].
«Егер Абай ақындар арасында алғашқы болса, Қайым Мұхамедханов абайтанушылар арасында алғашқы ғалым»,- деп Алла Белякина айтқандай Қайым Мұхамедхановты жай ғана абайтанушы дегеннен гөрі абайтану ілімінің іргесін қалаған ғұламалардың бірі деген орынды. Қайым Мұхамедханұлы М.О. Әуезовтың қолдауымен 1939 жылдан бастап бүкіл ғұмырын Абай мұрасын, Абай мектебін, Абай шығармаларының текстологиясын зерттеуге арнаған ғалым. Оны келесі еңбектерден көруге болады: «Қазақ әдебиеті тарихындағы абайтану ғылымының келесі мәселесі», «Абайдың әдеби мектебі», Абайдың ұлы Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік – Кебек», Әубәкір мен Әріптің шығармашылық өміріне арналған шығармалары, Абай ақын шығармаларының текстологиясы, Абай шығармаларына ғылыми түсініктер, Абайдың жаңадан табылған өлеңдері, Абайдың ақын шәкірттерінің қатарына әдебиетші тұңғыш рет Ақылбай Абайұлы Құнанбаев, Мағауия Абайұлы Құнанбаев, Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатаевтарды, ал диссертацияға қосымша ретінде Халиолла Өскенбаев, Кәкітай Ысқақұлы, Мұқамеджан Майбасаров, Бейсембай Жәнібеков, Баймағамбет Мырзаханов, Мұқа Әділхановтарды енгізді. Қайым Мұхамедханов Абайдың бұрын белгісіз болып келген 6 өлеңін тауып, 1945 жылғы жинаққа енгізді [7].
1951 жылы алғы сөзін М.О. Әуезов жазған Қ. Мұхамедхановтың «Абайдың шәкірттері» кітабы баспадан шықпай жатып жойылады. Араға жеті жыл салып, 1958 жылы екінші рет «Абай төңірегіндегі ақындар» деген диссертациясын қайыра қорғады. 1959 жылы басылып шыққан «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбегі күні бүгінге дейін абайтанудағы сирек кітаптардың бірі болып саналады. Ғалым текстолог ұзақ шығармашылық ғұмырын сарып етіп, 1954 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жарық көрген жинақты М. Бікеұлы, О. Уақбаев Р. Жандыбаевтардың қолжазбаларымен салыстыра отырып, Абай өлеңдеріндегі бұрмаланған сөздерді нақты деректер арқылы дәлелдей білді.
Абайтанудағы мәтін бір ізге түспей, қалыпқа келмей зерттеулер жүргізу ғалымдарды түрлі қолайсыз жағдайларға қалдыруы ғажап емес екендігін Қайым Мұхаметханов үнемі есте ұстап отырады. Оның осы тақырыптағы ғылыми еңбектеріндегі байсалды талдау қалпына келген, салыстырылған, сұрыпталған мәтіннен басталып отырады.
Автордың өз қолжазбасы сақталмай, шығарма басқалардың қолжазбасы арқылы (не ауызша) жеткен болса, және шығарма автор тарапынан баспаға берілмей, көзі тірісінде басылмай, кейін әр түрлі дерек-жазба негізінде жарияланған болса, текстологиялық тексеру жұмысын жүргізу қиындай түсетіні түсінікті. Абай шығармаларын текстологиялық жағынан зерттеудің күрделілігі осындай жағдайларға байланысты. Ақын шығармалары басқа адамдардың қолжазбалары арқылы жеткені, шығармалар жинағы 1909 жылдан бастап жарық көргені, кейін ел арасынан, ауызша айтылып, не қағазға түсіп таралып жүрген калпында жазылып алынып бірте-бірте толықтырылғаны жайында жоғарыда айтқанбыз.
Нәтижелер. Абай шығармаларын жинау, бастыруда олардың мәтінін зерттеудің, ғылыми тұрғыдан анықтаудың мәні үлкен. Олай болатын себебі, Абай шығармаларының қолжазбасы түгелдей дерлік өзге адамдардың қолымен жазылғандықтан (тек «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген шығармасының қолжазбасы ғана Абайдың өзі жазған делініп жүр) әртүрлі қолжазбаларда, 1909 жылғы жинақта және кейбір онан кейінгі жинақтарда бірталай сөздер әрқалай оқылады. Мысалы, Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасында да бір өлеңдегі кейбір сөздер бірде былай, бірде олай жазылған. Оның үстіне алғашқы 1909 жылғы жинақта жоқ, кейінгі басылымдарға енгізілген шығармаларда да бар қолжазбаларды, бұрынғы жинақтарды салыстырып зерттеу негізінде кейінгі басылымдарда кейбір сөздер түзетіліп беріліп келеді. Әр жинақта бір сөздің әр түрлі нұсқасы болуы кейде пікір таласын туғызатыны, мынасы дұрыс емес, бұрынғы жинақтағы нұсқасы дұрыс деуге мүмкіндік беретіні де түсінікті. Абай шығармасы деп саналып, газет-журналдарда жарияланған, ғылыми жинақтарға кірмеген бірлі-жарым өлеңдер де жоқ емес [2].
Түгелдей алғанда Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерттеуде айтарлықтай табысқа қол жетті, академиялық толық жинақтағы шығармалардың текстері дәйекті түрде анықталды дей аламыз. Ал енді нақтылап айтсақ, колжазбалардың ең негізгісі, толығы – 1905, 1907, 1910 жылғы Мүрсейіт Бікеұлының жазбалары. 1909 жылы Санкт-Петербургта басылған Абай шығармаларының тұңғыш жинағындағы текстерді де түпнұсқа ретінде қараған орынды. Абай шығармаларының басым көпшілігі Мүрсейіт қолжазбалары арқылы жеткенін ескерсек, бұл тұңғыш жинақтың мәні зор екені айқын аңғарылады. Басқа жекелеген қолжазбалардың көлемі шағын, оларда Мүрсейіт қолжазбасында жоқ өлеңдер өте аз, сондықтан олар қосымша деректер ретінде бағалануы орынды. Алайда 1909 жылғы жинақта да, қолжазбаларда жаңылыс жазылған, қате басылған сөздер кездесіп отыратыны салыстыра тексеру, текстологиялық зерттеу негізінде Қайым Мұхаметханов тарыпынан анықталды. Бұл жинақтың алдында баспа жүзінде жарық көрген өлеңдер («мысалы, «Дала уалаяты» газетінде жарияланған «Жаз», «Болыс болдым, мінеки») үш-төрттен аспайтындығын зерделі ғалым дәлелдей білді.
«Абай шығармаларының қатарын қалайда молайтуға тырыспайды» дегенді Мұхтар Әуезов осындай орайда айтқан болатын. Мұхтар Әуезов «Абай жайын зерттеушілерге» деген мақаласында өз пікірін айрықша қадап айтқан: «Абай сөзі деген сөз бірақ сөз болса да, Абайша шықса, жарасар, Абайдың Абайлығы да сонда шығар. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше, бар сөзінің кенеуін кетірмейік деп көбірек ойланайық. Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық» деген аманатына Қайым адалдық таныта алды.
Қай ақын, жазушының болмасын әдеби мұрасын шынайы ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның ғылыми талапқа сай толық жинағын шығару үшін алдын ала істелетін бірталай жұмыстар болатыны мәлім. Ол – оның баспадан шыққан, қолжазба күйінде қалған, ел аузында сақталған шығармаларының толық тізімін жасау; оның жазған хаттарын, оған жазылған басқа адамдардың хаттарын толық жинау, ақын туралы барлық документтерді, өмірбаянына байланысты материалдар, шығармалары жайындағы әдеби-сын мақалаларды, тарихи-әдеби еңбектерді жинап зерттеу. Сөйтіп, библиографиялық мәні бар материалдарды тәртіптеп, зерттеп шығу – ақынның өмірі мен еңбегін әрі терең, әрі толық біліп, түсіну үшін қажет екені мәлім нәрсе. Бұл жөнінде Абайға байланысты біраз жұмыстар істелгенмен ол әлі жеткіліксіз. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілу керек [2].
1995 жылы шыққан Абайдың 2 томдық шығармаларының жинағындағы ақындардың өлеңдеріне қатысты түсініктерді Қ. Мұхамедханов жазды деген дерек бар.
Осы жайлы белгілі ғалым Арап Еспенбетов: «Абайтану» дәрістерінің кіріспе бөлімінде үш мәселені бөліп, қадағалап айтар еді.
Алдымен, Абай жөнінде әңгіме қозғаудан бұрын текстологиялық зерттеулер жүргізу қажет. Неге десеңіз, ақынның қолжазбалары бізге жетпеген. Ертеректе газет-журналдарда басылған өлеңдері мен 1919 жылы Санкт-Петербургте жарыққа шыққан тұңғыш жинағынан бастап барлық баспа көрген кітаптарының, Мүрсейіт бастаған көшірмелерінің арқасында айтарлықтай айырмашылықтар бар.
Сол себепті Мұхаңның тікелей тапсырысымен «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (1959) монографиясын жазғандығын сөз арасында мән беріп айтатын. Қайталап айта беруге, үнемі зерттеушілер көз ауласында болуға тиісті мәселе текстология, мәтінтану. Әбден тексеріліп, қалыпқа түскен мәтінсіз байсалды ғылыми тұжырымға келу қиын. Данышпан Абай қапысыз айтқан: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел». Ақынның биік идеялық-эстетикалық қағидаттары өрнектелген. Дей тұрғанмен, «сөз түзелді» дегенде бастапқы қалыптағы мәтін ұғымының да есепке алынғандығын жадымыздан шығармайық.
Қорытынды. Қайым Мұхамедханұлы өмір бойы Абай текстінің дәлдігін қадағалап, қолынан келгенше бір әріптің бұрмалануына жол бермеуге тырысты. Ал уақыт пен қоршаған орта өз таңбасын қалдырмай қойған жоқ.
Екі томдық шыққаннан соң да өзінің сөзінің өтпегеніне Қайым Мұхамедханов қынжылып, талай айтып еді. «Екі жүз елу сөзді түзеттім, жүз жиырма сөзге түсінік жаздым, бірақ баспаға берген кезде «өздерінше түзеткен», – деп қиналатын»[ 3],- дейді.
«Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы.Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге ,асқар тауларға, асуларға шақыра береді»,-деп Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, Абаймен мақтануға, Абаймен қуануға тиіспіз, ұлы ақын өз халқын басқа халықтармен терезесі тең, өркендеген, еркін халық ретінде көруді арман еткен еді.
Сөз жоқ, мұнда, әсіресе қара сөздерде қыруар текстологиялық жұмыстар жүргізілген, оның нәтижесінде қара сөздер бастапқы қалпына, бастапқы нұсқасына жақындаған. Ал ақынның өлендеріне келгенде, мұны айтуға болмайды. Ақын қолжазбасы сақталмай, көшірмелердегі ала-құлалық мол болғандықтың салдарынан күні бүгінге дейін оның бір сөзін әр саққа жүгіртіп, әркім әр түрлі оқып келеді. Көпшілік өлеңдерінің нұсқасы үзіп-жұлуға көнбестей болып қалыптасса да, бір көшірмеде не бір басылымда Абайдың бір сөзінің басқаша жазылғанын көрсек, қолма-қол құлағынан сүйреп әкеп, әлгі қалыптасқан мәтінге кіргізіп жіберуге әлі де әуестік бар [2].
Абайтану – қазақ әдебиетін зерттейтін ғылымның құнарлы саласы болып табылады. Сондықтан ол әдебиеттанудың қашан да көкейтесті тармағы ретінде қашанда ғалымдар назарында болмақ. Оларға қашанда Қайым Мұхамедханов мұрасы темірқазық болып өз құндылығын жоймайды.
Абай туындылары мен ақын шәкірттерінің мәтінін тануға шынайы бет бұрған зерттеуші өзіне сеніп тапсырылған Мұхтар Әуезов аманатын ақтады. Ұлы жазушы тапсырған аталған міндетті барлық ынта жігерін сала отырып, нағыз ғалым ретінде атқара білді.
Ғылыми ортадағы жас буын өзінің ұлттық мәдениетін жандандыру тұсында, Қайымның асыл шығармаларын оқып, оқып қана қоймай, терең сырлы құпиясын ашып, оның адалдық, азаматтық жайында жазған шығармаларында терең бойлау,өзіндік талдау жасау, ізденуді өздерінің басты міндеті санайтыны жасырын емес.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Дулатов М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1991.
2 Мұқаметқанұлы Қ. Абай шығармашылығының текстологиясы // «Халық әдебиеті үлгілері мен Абай шығармаларының текстологиясы»: М.О. Әуезов ат. Әдебиет және өнер институты «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы аясында жарық көрген. – Алматы, 2012.
3 Еспенбетов А. Абайтанудың көрнекті қайраткері // Абай. – 2011. – № 1. – 50-52-бб.
4 Сыздықова Р. Текстология мәселелері // Қазақ әдебиеті. – 1964. – 27 март
5 Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер / Құраст. филол.ғ.д., профес. Н. Ғабдуллин. – Алматы: Жазушы, 1986. – 364-372-бб.
6 Смағұлов А.Т. Қайым Мұхаметхановтың шығармашылық өмірбаяны: филол.ғ.д. ... диссер. aвторефераты. – Алматы, 2007.
7 Джаркынбаева М.Б. Қайым Мұхаметханов - абайтанушы ғалым // https://infourok.ru/ayim-mhamethanov-abaytanushi-alim-1073331.html
1 Dulatov M. Shygarmalary. – Almaty: ZHazushy, 1991.
2 Muqametqanuly Қ. Abaj shygarmashylygynyn tekstologiyasy // «Halyq adebietі ylgіlerі men Abaj shygarmalarynyn tekstologiyasy»: M.O. Auezov at. Adebiet zhane oner instituty «Gylymi Qazyna» maqsatty bagdarlamasy ayasynda zharyq korgen. – Almaty, 2012.
3 Espenbetov A. Abajtanudyn kornekti qajratkerі // Abaj. – 2011. – № 1. – 50-52-bb.
4 Syzdyqova R. Tekstologiya maselelerі // Qazaq adebietі. – 1964. – 27 mart
5 Abaj tagylymy. Adebi-syn maqalalar men zertteuler / Qurast. filol.q.d., profes. N. Gabdullin. – Almaty: ZHazushy, 1986. – 364-372-bb.
6 Smaғұlov A.T. Qajym Myhamethanovtyn shygarmashylyq omіrbayany: filol.g.d. ... disser. avtoreferaty. –Almaty, 2007.
7 Dzharkynbaeva M.B. Qajym Muhamethanov - abajtanushy galym // https://infourok.ru/ayim-mhamethanov-abaytanushi-alim-1073331.html
Е. ГАЛЫМОВ,
М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
2 курс PHD докторанты
Қазақстан, Алматы қ.,email: erkin.galymov.87@mail.ru
ҚАЙЫМ МҰХАМЕТХАНОВ ЖӘНЕ АБАЙ ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ТЕКСТОЛОГИЯСЫ
Түйін
Мақалада көрнекті абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедхановтың Абай текстологиясын зерттеу жайы қарастырылады. Қайым Мұхамедхановтың Абай өлеңдерінің жинағын, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын, ұлы ақын шығармаларының текстологиясын зерттеу ісіндегі жаңа ізденістері баяндалады. Сонымен қатар, аталмыш мақалада қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған текстология ғылымының қалыптасу, даму тарихы, теориялық-әдістемелік негіздері сөз болады. Қайым Мұхамедхановтың абайтанудағы ғылыми тұжырымдары мен пайымдаулары жайлы көрнекті қазақ ғалымдарының көзқарастары талданады.
Сондай-ақ автор мақалада абайтанудың білгірі Қ.Мұхамедхановтың ұстазы, ғұлама ғалым М. Әуезовпен рухани жақындығы, ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасына назар аударады. М. Әуезовтің абайтану ғылымының іргетасын қалаудағы ұстаздық бағыт-бағдары мен мақсат-міндеттері және Қ. Мұхамедхановтың ғалымдық парасат-пайымы жан-жақты баяндалады.
Кілт сөздер: Абай мұрасы, текстология, абайтану, автор, қолжазба, түпнұсқа, мәтін, қара сөз.
Е. ГАЛЫМОВ,
Институт Литературы и искусства им. М. Ауэзова,
Казахский Национальный университет им. Аль-Фараби
PHD докторант 2 курса
Казахстан, г. Алматы, email: erkin.galymov.87@mail.ru
КАЙЮМ МУХАМЕДХАНОВ И ТЕКСТОЛОГИЯ ПРОИЗВЕДЕНИИ АБАЯ
Резюме
В статье рассматриваются исследования текстологии Абая видного ученого-абаеведа Кайюм Мухамедханова. Описываются новые поиски в исследовании текстологии произведения великого поэта, истории издвания, написания наследия Абая, сборника песен Абая изданного Кайюм Мухамедхановым. Также в указанной статье затрагиваются формирование, история развития, теоретико-методические основы отстающей текстологии казахской литературы как науки. Анализируются научные выводы и суждения абаеведения Кайюм Мухамедханова о взглядах видных казахских ученых.
Также автор в статье обращает внимание на духовную близость знатока абаеведения К. Мухамедханова с учителем, великим ученым М. Ауэзовым, на отношение между учителем и учеником. Подробно описываются наставническое нарпавление, а также цели и задачи М. Ауэзова при основании абаеведения как науки и научное рассудительность К. Мухамедханова.
Ключевые слова: Наследие Абая, текстология, абаеведение, автор, рукопись, подлинник, текст, проза.
E. Galymov
2nd Year PHD Student of the M.Auezov Institute of Literature and Art
and the al-Farabi KazNU
Almaty, Kazakhstan
email: erkin.galymov.87@mail.ru
KAYUM MUHAMEDKHANOV AND THE TEXTOLOGY OF ABAI'S WORKS
Summary
The article deals with the studies of Abai’s textology by a prominent scholar and specialist in Abai studies Kayum Mukhamedkhanov. The paper describes new searches in the study of textual works of the great poet, the history of publishing, writing the heritage of Abai, a collection of songs by Abai published by Kayum Mukhamedkhanov. Also in this article the formation, the history of development, the theoretical and methodological foundations of the lagging textology of Kazakh literature as a science are touched upon. The scientific conclusions and judgments of Abai studies by Kayum Mukhamedkhanov about the views of prominent Kazakh scholars are analyzed.
The author also draws attention to the spiritual closeness of K. Mukhamedkhanov with his teacher, a great scholar M. Auezov, and the relationship between the teacher and student. The tutorial narrative is described in detail, as well as the goals and objectives of M. Auezov at the foundation of Abai studies as a science and the scientific reasoning of K. Mukhamedkhanov.
Keywords: Abai's legacy, textology, Abai studies, author, manuscript, original, text, prose.
Достарыңызбен бөлісу: |