Алғашқы геральдистердің бірі Ансельм жасаған кесте бойынша, ол-адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны, әрі осы реңдес ту көтерген елдің саясатына ерекше сенім көрсетуге болады деген ойға жетелейді.
Қазақ жерінде ту қашан пайда болды?
Ту көтерген батыр бабалар бейнесі сонау ерте замандарда жартаста сызылған суреттерде айқын бейнеленген. Көне ұғымдарды былай қойғанда, аттары бүгінге дейін жеткен Мөде, Бумын және Елтеріс, Жәнібек пен Керей, Қасым мен Есім хан, Тәуекел мен Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай сынды ел билеушілеріміздің, қол бастаған баһадүрлеріміздің қай-қайсысының да өз байрағы болғаны мәлім. Байрақтың түсіне келер болсақ, «Көк асаба» аталған көне байрақ түсі исі түркі халықтарының түп атасы кие тұтқан Көк аспан әміршісінің белгісіне баланса, түркілердің тағы бір табынары-көк бөрі бейнесі де тудағы таңбаға айналған.
Қазақ даласында көтерілген байрақ, тулар да бір тектес болмаған, әрине. Ұзақ уақыт бойы арнайы сөз етіліп, қасиетті жәдігер ретінде құнтталмағандықтан да, ел ішінде көбіне Абылайдың ақ туы ғана ауызға алынады. Дегенмен, тек төрелер ұстаған тулардың өзі әр алуан болған. Мысалы, араб, парсы, түркі және қытай жазбаларына сүйене отырып, олардың қызыл, көк, ақ, ала тулы болғанын білеміз.