Қонақ күту әдебі Қонақтың орны қашанда үйдің төрі. Қонақтар үйге сәлем беріп (шаңыраққа сәлем беріп) кіргеннен кейін қамшысы мен сырт киімін кереге басына іліп, аяқ киімін оң жақ босағаға шешіп, төрдегі жаюлы тұрған сырмақ үстіндегі көрпеге барып отыруға тиіс. Өзін таныстыруға асықпайды, үй ішіндегілер де оның аты-жөнін, жұмысын тергеп сұрамауға тиісті. Өйткені ол – көргенсіздік болып саналады. Келген қонақ аты-жөнін айтқанымен, жұмысын айтқысы келмесе, оны ешкім де жазғырмауға міндетті. Осы қонақтың үстіне сырттан тағы да қонақтар келіп қалса, жасы кішісі жасы үлкенге ығысып орын береді. Қонақ шөлдеп келсе, оған ең әуелі қымыз ұсынылады, сосын барып шәй, ас береді. Бойжеткендер шыны аяқты салдырлатпай өте әдептілікпен шай құйып береді, қонақтардың әңгімесіне араласпайды, оларға тіктеп қарамайды, орынсыз ыржалақтап күлмейді. Мұның бәрі ежелгі заманнан бері қонақ шақырып күткенде бұлжытпай орындалатын әдептер. Қазақтар ұл-қыздарына қонақ күту әдебін жас кезінен бастап үйреткендіктен қонақжайлылық балалардың сана-сезіміне сіңіп, жүрегінен орын алған. Келген қай қонақты болмасын ақ жарқын жүздерімен қарсы алып, дастарқандарын жайып, оған барын салып сыйлайды. Қонағы үйіне кіре бере, үй иелері амандасып болған соң келіндері мен қыздарына «төрге көрпеше жайыңдар» деп, конақтың төрге шығуын өтінеді. «Қонағын сыйлаған төрге шық дейді» деген мақал да осыдан шықса керек. Жолы үлкен сыйлы қонақтарына аса ізгі ниетпен қарап, қой сойып, қазан асып, баптап күтеді. Әдетте қақ төрге жолы үлкен бас қонақ отырады. Жолы мен жасына қарай қалған қонақтар төр ағасының оңы мен солынан орын алады. Қонақ үстіне қонақ келсе жасы кіші қонақ, жасы үлкенге ығысып орын береді. «Бұрынғы қонақтың соңғы қонаққа орын беруі» содан қалған дәстүр.
Қорытынды: Қонақтарды сыйлау қазақ халқында шай құйып беруінен көрінеді. Шай құю жас келіндерге жүктеледі. Олар кеселерін ауыстырмай, сапырмай, қою ғана етіп құяды. Шай кұюдың әр елде әр түрлі дәстүрі бар. Қазақ халқынын қонақ күту дәстүрі ел-жұрт арасындағы ізгі қарым-қатынастарды нығайтады. Ағайын-туысқандардың арасындағы туысқандықтың мықты болуында, көрші-қолаңдардың алыс-берісіне, үлкенді-кішілі болып сыйласуына, өскелең ұрпақтын жастайынан көпшіл, мейірімді, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқоршы болуды үйретудегі тәрбиелік мәні зор.
Үйге тапсырма:Әркім өзінің қонақжайлылығы туралы ой-толғау жазып келсін