Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны



бет1/2
Дата05.11.2016
өлшемі0,51 Mb.
#864
түріДиссертация
  1   2
ӘОЖ 929:327.33-09 (574) Қолжазба құқығында
ҚАЙРҒАЛИЕВА ГУЛФАЙРУЗ

Батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны

(Бөкенбай батыр әулетінің негізінде)

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты

Қазақстан Республикасы

Орал, 2010

Жұмыс Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ә.Қ. Мұқтар


Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор С.Ж. Жолдасов,

тарих ғылымдарының кандидаты

С.Б.Құрманалин
Жетекші ұйым: Еуразия гуманитарлық институты

Диссертация 30 сәуір 2010 жылы сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Достық даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасынан танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы 31 наурызда таратылды


Диссертациялық Кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Ә.С. Тасмағамбетов


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық зерттеу жұмысында дәстүрлі қазақ қоғамындағы «батырлар институты» әлеуметтік құрылымының қалыптасуы мен дамуы, қоғамда атқарған рөлі арнайы қарастырылған. Аталған тақырып XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстан тарихында өзіндік орны бар батырлар, бір әулеттің өкілдері Бөкенбай Қараұлы, Тіленші Бөкенбайұлы, Жоламан Тіленшіұлының тарихы негізінде сараланады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Әр халықтың тарихында оның даму ерекшелігін сипаттайтын құрылымдар болады. Қазақ халқының ұлттық болмысын айқындайтын ерекшеліктердің бірі – батырлар институты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Біздің сан ғасырлық тарихымыздағы биліктің дәстүрлі институттарына баға бергенде, біз селдіреген ағаштың арғы жағындағы қара орманды да көре білуіміз керек», - деп дәстүрлі институттарды зерттеу мәселесіне мән берген болатын [1, 227-228 бб.]. Батырлар әр халықта және әр тарихи кезеңде ерлік пен елдіктің басында тұрғандығы сөзсіз. Қазақтың ұлт ретінде қалыптасып, мемлекеттілігін дамытып, оны сақтап қалуда олардың қосқан үлесі, жанкешті іс-әрекеттері ел алдында болды. Қазақстандық тарихнамада батырлардың әлеуметтік категория ретіндегі орны біршама қарастырылғанымен олардың қазақ қоғамындағы айрықша құрылым болып қалыптасуы мен дамуына арналған арнайы зерттеулер жоқ. Егемендік жылдарында ел тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ батырлары жайында көптеген еңбектер жарық көрді. Дегенмен де олар жекелеген батырлар тарихына арналуына байланысты батырлар институтын кешенді зерттеуді жүзеге асыра алмады. Оған тұтастай батырлар әулетін құраған Бөкенбай Қараұлы мен оның ұрпақтарының тарихы куә. Бөкенбай батыр XVIII ғасырдағы қазақ халқының басына түскен ауыр кезеңде елімен бірге Еділ қалмақтарына, жоңғарларға, түрікмендерге қарсы тұрды, сонымен қатар қазақ мемлекеттілігіне сын болған осы тұста Әбілқайыр ханның жанынан табылып, елдің болашақ саяси дамуына үлесін қосты. Оның ұрпақтары Тіленші мен Жоламан батырлар патшалық Ресейдің отарлауына қарсы көтерілістердің басшысы ретінде қол бастап, азаттық күресі тарихында маңызды рөл атқарды. Міне, осындай ұрпақтар сабақтастығы толыққанды зерттеліп, бүгінгі ұрпаққа сезіндіру күн тәртібінде тұр.

Жалпы, «Батыр» атауы еуразиялық халықтардың көпшілігінде, атап айтқанда, алтайлықтар, монғолдар, қырғыздар, башқұрттар мен қазақтар арасында бар. Алайда қазақ халқының дамуында батырлар айрықша әлеуметтік категория ретінде қалыптасты деуімізге болады. Ал оның кешенді түрде зерттеліп, тың деректермен толықтырылып қазіргі таңда көпшілікке жетпеуі тақырыптың өзектілігін дәлелдейді.



Мәселенің зерттелу деңгейі. Батырлар институтының қалыптасуы және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны мәселесі арнайы зерттеу нысаны ретінде зерделенбегенімен еліміздің саяси-әлеуметтік даму тарихын, жекелеген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін саралауға арналған ізденістерде көрініс тапқан. Ол зерттеу жұмыстарын Батыс Еуропа және Ресей тарихшылары мен саяхатшыларының, ресейлік басқару жүйесі шенеуніктерінің еңбектері, XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық зиялыларының еңбектері, кеңес дәуірі кезеңіндегі зерттеулер және еліміз егемендігін алғаннан кейін жарияланған қазақстандық тарихшылар еңбектері деп бөліп қарастырған жөн. Батыстық тарихнамада түркі халықтарындағы «батыр» атауын славяндардан естіп, оның ержүрек адам ретіндегі сипаттамасын алғаш жазған XVI ғасырда Московия жеріне елшілікке келген австриялық дипломат барон Сигизмунд (Зигмунд) фон Герберштейн болатын [2].

XVIII-XIX ғасырлардағы Батыс Еуропалық және ресейлік зерттеушілердің қазақ даласына қатысты еңбектерінде қазақ батырлары, соның ішінде Бөкенбай, Тіленші, Жоламан батырлар туралы нақты мәліметтер кездеседі. XVIII ғасырдың 30-шы жылдарында Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның ордасында болған ағылшын суретшісі әрі саяхатшысы Джон Кэстльдің Әбілқайыр ханға қатысты жазбаларында Жәнібек батыр, Бөкенбай батыр, Баймұрат батыр, Бүберек батыр, Асан батыр, Ақмолай батырлар есімдері аталады. Автор өзі куә болған тарихи кезеңдегі қазақ қоғамының ерекшеліктерін жаза келе ханнан басқа старщындар, мырзалар, билер, батырлардың да жарлық беруге құқылы болғанын атап өтеді [3, С.110].

XVIII ғасырдың II жартысында жарық көрген П.И.Рычковтың «Орынбор губерниясының топографиясы», «Орынбор тарихы» атты еңбектерінде қазақ батырлары Арғын Жәнібек пен Тама Есет, олардың қазақ-орыс қатынастарындағы елшілік қызметтері [4], И.Г.Андреевтің жазбасында патша үкіметінің бекініс маңындағы халықтарды өз саясаттарын қолдауға пайдалану үшін кейбір батырларға 100 рубльге дейін ақшалай сыйақы беріп тұрғандығы анық көрініс тапқан [5].

Бөкенбай батыр жайында нақты деректер қалдырғандар қатарында Я.Гавердовский жазбасының маңызы зор [6]. Бөкенбай батырдың тарихтағы орнын анықтау турасында көптеген тарихшылар арасында жаңсақ пікірлердің ақ-қарасын анықтауда осы жазбаның алар орны ерекше болды.

Ал тарихшы Е.К.Мейендорф 1820 жылғы Бұхараға сапары нәтижесінде жазған «Орынбордан Бұхараға саяхат» атты еңбегінде: «Қырғыздар (қазақтар) рубасылары ақсақалдар, билер, батырлар, сұлтандар арқылы басқарылады. Батырлар деп батыл, әділ, алғыр адамдарды айтады, жорықтар кезінде олар керемет шабандоздар»,- деп батырларға өз анықтамасын береді [7]. Сонымен бірге Е.К.Мейендорфтың жинаған материалдары Жоламан Тіленшіұлы, Жәнібек тарханның немересі Мұса Дәуітбайұлы сияқты батырлар қолдаған Арынғазы сұлтанның қызметіне қатысы бар деректердің боуымен маңызды болып табылады.

Одан кейінгі Бөкенбай батыр мен оның әулеті жайында мол мағлұматтар А.И.Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» [8] атты еңбегінде кездеседі. Атап айтқанда, Қазақстанның «Ресейге қосылуы» туралы жаза келе, А.Левшин өз еңбегінің «1730 жылдан бастап қазіргі кезге дейінгі Орта және Кіші қырғыз-қазақ ордаларына тарихи шолу» деп аталатын бесінші тарауында Бөкенбай батырға қатысты мәліметтер келтіреді.

Ал И.Ф.Бларамберг Жоламан Тіленшіұлының күресі жайында: «Елек өзені бойындағы шұрайлы жерлерге ие болған казактар өтемін қанмен берді. Қазақ батыр-тархандары бастаған көтерілісшілер бірнеше рет үлкен қол жинап, ата қоныс үшін соғысып қан төкті» [9], – деп жазады.

XIX ғасырдың II жартысында патша үкіметі өзінің отарлық саясатын Қазақстанда белсенді жүргізу үшін аймақты нақты зерттеудің қажеттілігін түсінді. Патша әкімшілігі енді өз шенеуніктері мен әскерилеріне арнайы тапсырмамен өлке тарихын жаздыра бастады. Л.Мейер, И.И.Крафт, В.Н.Витевский, М.А.Терентьев, А.И.Добросмыслов, А.Харузин, А.Алекторов және басқаларының зерттеулері осындай саясаттың негізінде жарыққа шықты [10]. Бұл еңбектерде батырлар институты, Бөкенбай батыр және оның әулеті туралы кейбір деректер, қазақ батырлары, олардың есімдері, қазақтардың дәстүрлі қоғамында белгілі дәрежеде үлкен орын алған барымта, оның реттелу мәселесіне қатысты мәліметтер кездеседі. Мысалы, А.Алекторовтың «Баранта» атты «Оренбургский листок» журналының 1890 жылғы 22-23 сандарындағы мақаласынан қазақтардағы барымтаның бұл күнде алғашқы мәнінен айырылып бара жатқандығын айта отырып, «енді біраз уақыттан соң ол өзінен-өзі жойылады», - деп ой қорытқанын көре аламыз [11,С.96].

Осы кезеңде қазақ тарихындағы батырлар немесе батырлық кезеңіне Шоқан Уәлиханов та назар аударды. Ол өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ қоғамы мен оның билеушілері жайында жазған еңбектерінде «батырлық» терминіне тоқталып «Батыр – ең маңызды және беделді тұлға, ол соғыста жолбарыстай айбарлы, арыстандай қайратты болуы тиіс. Ол - айтқан сөзі халыққа өтетін, елге ең сыйлы адам», - деп анықтады. «Абылай» атты мақаласында қазақ халқының Ресей мен Қытай секілді екі алып империяның арасындағы тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы қызметі мен ханның өмір сүрген уақытын «Абылай ғасыры қырғыздардың (қазақтардың) жауынгерлік (серілік) заманы болды», - деп қорытты [12, С.218]. Бұдан басқа ол XVIII ғасырдағы батырлар жайындағы ел арасында сақталған әңгімелерді де жинап, өз еңбектерінде қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресінде ерліктерімен танымал болған көптеген батырларды атайды.

Осынау ерекше құрылымның зерттелуіне алаш зиялылары да өз үлестерін қосты. Олардың қатарында XX ғасырда жазықсыз жапа шеккен алаш арыстарының бірі, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Х.Досмұхамедовтың батырлардың қазақ қоғамындағы, тарихындағы орнына қатысты мақалалары маңызды болып табылады. Оның «Қазақ батырлары. Исатай, Махамбет», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат», «Махамбет батыр», «Исатай кім?», «Родословная Жалантус-батыра, (Ялантуш-бахадура), строителя медресе тилля-кары и шир-дор в городе Самарканде», «Жалаңтөс батыр» атты еңбектерінде қазақ батырларының қызметі сараланады. Х.Досмұхамедов «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты көлемді еңбегінде көтерілістің басталуымен қатар XVIII ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы саяси ахуал, Әбілқайыр хан және оны қолдаған қазақ батырлары жайында жаза келе, 1738 жылы Әбілқайырмен бірге ант беріп, әр рудан қол қойған 56 адамның санын келтіреді. Олардың қатарында Қошқарұлы Жәнібек пен Бөкенбай батырдың болғандығына назар аударады. Осы зерттеуде Х.Досмұхамедов Әбілқайырдың орыс патшасына ант беруін өзінше талдап, «елдің билері екіге бөлініп кетті, бір бөлегі арғын Жәнібек пен табын Бөкембай (Бөкенбай – Г.Қ.) болып соңына ерген елдерімен хан жағына шығып кетті»,- деп жазады [13, 29 б.]. Жәнібек пен Бөкенбайдың Әбілқайыр ханды қолдауын Х.Досмұхамедұлы Арғын және Табын руларының Орта жүз бен Кіші жүздегі аса мәртебелі болмаған жағдайынан деп есептейді. Сол тұстағы Арғынның да, Жетірудағы Табынның да саяси биліктегі орны мен жайылымдық жер мәселесіндегі дағдарыс олардың аталған мәселелерді оңтайлы шешіп алу үшін Әбілқайырды қолдап, хан жағына шығуына әсер етті деп тұжырымдайды. Мұндай тұжырымдарға кезіндегі кеңестік биліктің ықпал еткендігі бүгінде жасырын емес.

Х.Досмұхамедовтен кейін жарық көрген М.Тынышпаев, С.Асфендияров еңбектерінде де қазақ елін қорғаудағы батырлар ерліктері, олардың әлеуметтік құрылымдағы рөлі жаңа мәліметтермен толықты [14].

Зерттеу тақырыбына қатысты біраз мәселелер осы тұста А.П.Чулошников, А.Ф.Рязанов, В.П.Шахматов еңбектерінде де көтерілді [15]. Мәселен, А.Ф.Рязанов Сырым Датұлынан бастап Кенесарыға дейін ұлт-азаттық күрестің ешқашан үзілмегендігін көрсетіп, оған Тіленші, Жоламан батырлардың өзіндік үлес қосқандығын дәлелдесе, В.П.Шахматов Исатай-Махамбет бастаған көтеріліске Жоламанның қатысқандығын дәлелдейтін құжаттарды ғылыми айналымға қосты.

XX ғасырдың бірінші жартысында көрнекті тарихшылар М.П.Вяткин, Е.Бекмаханов өз еңбектерімен жекелеген қазақ батырларының басшылығымен болған көтерілістер зерттеу арқылы тұлғалар тарихын зерттеудің іргетасын қалыптастырды [16]. Алайда Е.Бекмахановтың К.Қасымов бастаған көтеріліс тарихына арналған «XIX ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы Қазақстан» монографиясының кеңестік идеология тұрғысынан қатты сынға ұшырауынан кейін қазақ батырларының қоғамдық-саяси қызметіне таптық принциппен қарау күшейіп, зерттеу аумағынан ығыстырыла бастады. Ендігі жағдайда қазақ батырлары XVIII-XIX ғасырлардағы саяси, әлеуметтік- экономикалық мәселелер зерттелгенде ғана аталып, кейінгі қатарға жылжытылды.

XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары, Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған Н.Г.Аполлова, В.Я.Басин, Б.С.Сүлейменов, А.Сабырханов, А.Нүсіпбеков, С.З.Зиманов, С.Е.Толыбеков, Р.Б.Сулейменов, В.А.Моисеев, Н.Е.Бекмаханова, Т.Шойынбаев зерттеулерінде ұлт-азаттық қозғалыс мәселесіне қатысты көптеген жаңа деректер ғылыми айналымға қосылды [17].

Зерттеу тақырыбының жаңа белесі тәуелсіздігімізге байланысты басталды. Осы кезеңде жазылған М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, Ж.Қ.Қасымбаев, З.А.Алдамжар, К.Л.Есмағамбетов, Ә.Мұқтар, Ж.О.Артықбаев, С.М.Мәшімбаев, М.Абдиров, Ұ.Ахметова, И.Кенжалиев, И.В.Ерофеева, А.Ахметтердің зерттеулерінде қазақ-орыс қатынастары мен Қазақстанның Ресей империясының құрамында болған тұсындағы әлеуметтік мәселелер, отарлық езгіге қарсы күрестегі батырлар, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Әбілғазы және Қаратай сұлтандар тарихы ұлттық мүдде тұрғысынан зерделеніп, тың пікірлер тарихи оқулықтарға енді [18]. Мәселен, М.Қ.Қозыбаев Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстарға, олардың кезеңдеріне, К.Нұрпейіс тұлғалар тарихына, Ж.Қасымбаев Кіші жүздегі хандар әулетіне, З.Алдамжар тарихты зерттеу методологиясына ерекше назар аударды. Тарихшы К.Л.Есмағамбетов қазақ батырларының шетел зерттеушілерінің еңбектеріне енуі мәселесіне көңіл бөлді. Оның зерттеулерінде Бөкенбай, Жоламан, Исатай, Махамбет батырлар тарихына тың ұстанымдар ұсынылды. Ғалым Исатай-Махамбет батырлар бастаған көтеріліске қатысты «феодалдық көтеріліс», «бас көтерулер» деген пікірлерді сынға алды.

Қазақ тарихында батырлар институты мәселесі арнайы әр жылдары жарық көрген Е.Бекмахановтың [19], М.Бижановтың [20] мақалаларымен қатар кейінгі жылдары К.Есмағамбетовтың [21], Н.А.Абдуллаев пен Е.Сатыбалдының [22], М.Дауытбекованың [23] мақалаларында да көрініс тапты. Бұл мақалаларда батырлардың саяси, экономикалық функциялары, қоғамдағы рөліне қатысты мәселелер көтерілді. Е.Бекмаханов, М.Бижанов өз еңбектерінде таптық принциптерге негізделген кеңестік идеология тұрғысынан қазақ батырларының заманында ауқатты адамдар болуына байланысты оларды кедейлердің еңбегін пайдаланған, экономикалық мүмкіндіктерін өз пайдасына шешкен адамдар етіп сипаттады. Кейінгі жылдары жарық көрген мақалаларда батырларға рухани құндылықтар, ұлттық дамудың ерекшелігі, азаттық күресі тарихын жасаушылар деген баға беріледі.

Батырлар институтының дамуында өзіндік із қалдырған Бөкенбай батыр және оның әулеті тарихын зерттеу ісіне Т.З.Рысбеков, Ә.Қ.Мұқтар, З.Байдосов, Н.Ы.Жетпісбай өз зерттеулерімен үлес қосты [24]. Профессор Т.ЗРысбеков зерттеулерінде бұған дейін өзге ұлт-азаттық көтерілістер қатарынан өзіндік орнын алмай келген Жоламан Тіленшіұлының еліміздің отарлық езгіге қарсы күресіндегі рөлінің жоғары екендігі және Жоламан батыр Тіленшіұлының Арынғазы сұлтанның қозғалысымен тұстас келген күресі жайында «Жоламан Тіленшіұлы – XIX ғасырдағы патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы батыл қол бастаған қазақ халқының азаттық күресі тарихындағы тұғыры биік, ірі тұлға. Жоламан Тіленшіұлы сол тұста орыс отаршылдығына қарсы күрескен Исатай, Махамбет, Есет батырлармен, Кенесары, Қайыпқали сұлтандармен қарым-қатынаста болып, бір-біріне қолдау көрсетуі, қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың өзара сабақтастығымен тығыз байланыстылығын дәлелдейді»,- деген тұжырым жасады [25, 211 б.].

Қазақ батырларының халқымыздың азаттық жолындағы күресі, жекелеген ұлт-азаттық көтерілістер, жауынгерлік қасиет пен әскери-соғыс өнері мәселелері мен әлеуметтік құрылымдар кейінгі жылдардағы бірқатар зерттеу жұмыстарында көрініс тапты. А.Оразбаеваның [26], Ж.Жақсығалиевтің [27], Ж.Исмурзиннің [28], С.Құрманалиннің [29], Ж.Джампеисованың [30], Ө.И.Исеновтың [31] зерттеулерінде біз қарастырып отырған мәселе нақты болмағанымен жанама түрде қамтылып өтеді. Бұл еңбектерге ортақ пікірлер батырлардың қоғамда алған орнының жоғары болғандығы және Тәуке, Әбілқайыр, Абылай сынды қазақ хандарының өз заманында беделді батырлардың пікірімен санасып отырғандықтарын атап өту болып табылады. Сонымен қатар бұл жұмыстардың бірқатарында қазақтардағы әскери соғыс өнерінің қалыптасуы, қазақ руларының ұрандары, ру тулары мен таңбаларының ерлік рухты қалыптастырудағы маңызы жайы да көрініс табады.

Қазақ батырларының бейнесі әдеби туындыларда көрініс тапты. Ә.Кекілбайұлының «Үркер» тарихи романында Әбілқайыр ханмен қатар хан жанындағы ең беделді әрі ханға сенімді серік болған табын Бөкенбай батыр Қараұлының образы берілсе, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Кенесары батырмен бір мезгілде тағдырлары түйіскен Жоламан батырдың бейнесі қамтылған [32].

Дегенменде, тақырыптың зерттелу деңгейіне жасалған тарихнамалық шолу батырлар институтының, оның ішінде Бөкенбай батыр және әулеті тарихының әлі де арнаулы зерттеу нысанына айналмағанын байқатады. Нақты зерттеу жұмыстарының болмауы табын Бөкенбай Қараұлының қызметіне қатысты ақтаңдақтардың орын алуына алып келген. Сондықтан батырлар институтының дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны, қазақ билеушілерінің саяси қызметіндегі батырлардың ықпалы, билік пен мемлекеттілік мәселесіндегі батырлар қызметі, Бөкенбай батыр мен оның әулетінің тарихы әлі де терең зерттеуді талап ететін тақырыптар қатарынан саналады.



Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері таңдап алған тақырыптың өзектілігі және мәселенің зерттелу деңгейімен анықталады. Жұмысымыздың басты мақсаты – дәстүрлі қазақ қоғамының өзіндік ерекшеліктерінің бірін құрайтын батырлар институтының қалыптасуы мен дамуын еліміздің саяси дамуында айрықша орын алған Бөкенбай батыр әулетінің негізінде көрсету. Осыған орай төмендегідей міндеттер алға қойылды:

- Батырлар институтының қоғамдағы атқарған қызметі мен ерекшеліктерін қазақ халқының дамуындағы күрделі кезең - XVIII-XIX ғасырлардың тарихи оқиғалары негізінде анықтау;

- Батырлар институтының пайда болу, қалыптасу, даму эволюциясына талдау жасай отырып, батырлар институтының әлеуметтік табиғатын көрсету;

- Батырлар институтының қалыптасуы мен дамуының, жойылуының себептерін Бөкенбай батыр әулетінің тарихында нақтылау;

- Бөкенбай батырға және оның әулеті тарихына қатысты зерттеу жұмыстарына тарихнамалық талдау жүргізу арқылы Бөкенбай батыр мен оның ұрпақтарына арналған еңбектерді жүйеге келтіру;

- Батырлардың еліміздің саяси өміріндегі рөлі және қазіргі кездегі саяси тұрақтылықты сақтау мәселесіндегі батырлар тағылымының бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жастарына патриоттық бағыттағы тәрбиелік мәнін көрсету;

- қарастырылып отырған кезеңдегі еліміздегі саяси-әлеуметтік өзгерістердің Бөкенбай батыр әулеті тарихындағы ықпалын анықтау, Қазақстанның Ресейге қосылуы және қазақ халқының орыс бодандығынан босап шығуға дейінгі күрделі үдерісті бір әулеттің тарихы тәжірибесінде зерттеу;

- Батырлар институтын дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер, тархандар, старшындар институттарымен салыстыра отырып айырмашылығын, оның өзіне тән белгілерін анықтау;



Диссертацияның теориялық-әдіснамалық негізі ретінде отандық тарих ғылымындағы жаңа методологиялық бағыт-бағдар мен концепциялар басшылыққа алынды. Кеңестік тарихнамадағы қазақтардың дәстүрлі қоғамындағы батырлар институты туралы қалыптасқан сыңаржақты тұжырымдама жаңа уақыт талабы тұрғысынан қайта қарастырылды. Зерттеуде салыстырмалы тарихи талдау, жинақтау және қорыту әдістері пайдаланылды. Сонымен бірге мұрағат деректері, арнайы зерттеулер мен баспасөз бетінде жарық көрген материалдар сыни тұрғыдан қайта сұрыпталды. Кеңестік идеология таптық жіктеліс тұрғысынан бағалаған құрылымға жаңаша шынайылық көзқарастағы баға беріледі. Зерттеудің біржүйелілік, тарихи-салыстыру және проблемалық-хронологиялық әдістері тақырыпты тарихи жағдайлар негізінде толық қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы және жеке, жергілікті және жалпы отандық тарих ғылымындағы жетістіктерді салыстыру мәселенің барынша жан-жақты зерттелуіне маңызды үлес қосты.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері XVIII ғ.-XIX ғасырдың ортасына дейінгі кезеңді қамтиды. Зерттеу хронологиясын бұлай алудың себебі - аталған тарихи кезеңде батырлар институтының гүлденуі (XVIII ғ.) және құлдырап (XIX ғасырдың ортасынан бастап), қоғамның айрықша құрылымы ретіндегі маңызынан айырылуымен түсіндіріледі. Қазақ-жоңғар соғысы мен Қазақстанның Ресеймен одақтасуы, Қазақстанның саяси тәуелсіздігінен айырылуы осы аралықты қамтиды. Бұл тарихи мерзімде зерттеу жұмысының басты тұлғалары Бөкенбай Қараұлы және ұрпақтары Тіленші мен Жоламан батырлар өмір сүрді.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертация мұрағат құжаттары, қазақ-орыс қатынасына, ұлт-азаттық көтерілістер тарихына арналған құжаттар жинақтары, батырлар жырлары негізінде жазылды. Дегенмен, негізгі тірек мұрағат деректері болды

1 Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты (РФ ОрОММ) – «Орынбор экспедициясы» құжаттарынан (№ 1 қор, тізбе 1, 1, 2-іс) қырғыз-қайсақтармен қарым-қатынас туралы, хандар, батырлар тұрмысы жайына, соның ішінде Бөкенбай батырға қатысты деректер, № 19,21,32,32 қазақтар даласындағы толқулар турасындағы құжаттар; «Орынбор комиссиясы» деректері жинақталған № 2 қордан; «Орынбор генерал-губернаторы канцеляриясы» бойынша № 6 қордан 10 тізбеден «Дело об отбитии шайки хищних киргизов под предводительством разбойника Джуламана у таковых же» атты 4789-іс; Г.Ф.Генстің құжаттары жинақталған № 166 қордан 1 тізбе, 3 және 4-істер; С.Н.Севастьяновтың қолжазбалары сақталған № 169 қордың № 11, 21, 22, 45 істерінің құжаттары пайдаланылды.

2 Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚР ОММ) – 4 қордан 1 тізбе, 2 кітап, 4830, 4427, 4200, 4890-істердегі Жоламан Тіленшіұлына қатысты құжаттар алынды.

3 Ресей Федерациясы Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағаты (РФ АОММ) – «Астрахан губерниясы канцеляриясының» құжаттарына арналған № 394-қордан, «Астрахан азаматтық губернаторы канцеляриясының» № 1 қордан алынған құжаттар жұмысты жазуда қолданылды.

Зерттеу жұмысына XVIII-XIX ғғ. Қазақстан тарихына қатысты құжаттар топтамасы жарияланған «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.)» (1940); «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках», «Казахско-русские отношения в XVIII-ХІХ веках» (1961,1964); Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» атты көп томдық материалдар мен құжаттардың жинағындағы Бөкенбай Қараұлына, Тіленші Бөкенбайұлы, Жоламан Тіленшіұлына қатысты құжаттар пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. XVIII-XIX ғасырлар еліміздің тарихындағы аса күрделі кезең. Отарлық саясаттың күшеюінен дәстүрлі қазақ қоғамындағы құрылымдар да өзгеріске ұшырып, Ресейлік басқару жүйесінің әкімшілік талаптарын қанағаттандыратын құрылымдарға ауысты. Халықтың ертеден қалыптасқан дәстүрлі саяси жүйесін сақтап қалу жолындағы күресінің соңғы белгілері болып табылатын батырлар институты отарлық әкімшілік реформалар негізінде бірте-бірте жойылды. Зерттеу жұмысында осы жағдайлар Бөкенбай батыр мен оның әулеті негізінде жүйелі баяндалады. Зерттеу барысында төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді: біріншіден, батырлар институтының қазақ қоғамында атқарған рөлі жарияланған зерттеулерге талдау жасау барысында батырлар институтының даму эволюциясы анықталды; екіншіден, зерттеушілер арасында орын алған батырларды реакциялық бағыттағы қозғалыстардың басшысы, олар ескілікті көксеушілер, жаңашыл басқару жүйесіне қарсы шығушылар деген көзқарастың қателігі, керісінше олардың бірнеше ғасырлар бойы Отанымыздың өз тәуелсіздігін сыртқы жаулардың шапқыншылықтарынан, отарлық езгіліктен құтқару жолында жан аямай күрескен ерекше әлеуметтік топтың өкілдері болғандығы дәлелденді; үшіншіден, батырлардың XVIII-XIX ғасырларда қоғамдағы рөлінің артуының себептері түсіндірілді; төртіншіден, батырлар институты басқа дәстүрлі құрылымдар билер, тархандар, старшындар институтымен салыстырылып, оның ерекшеліктері көрсетілді; бесіншіден, Бөкенбай Қараұлы мен оның әулетіне қатысты зерттеулер жинақталып, бір жүйеге түсті; алтыншыдан, Бөкенбай батырдың қолбасшылық, елшілік қызметі сараланып, қазіргі көптеген оқулықтар мен арнайы зерттеу жұмыстарындағы басқа батырға танылып келген Қарақұм құрылтайындағы елді күреске шақырып, қол бастаған батырдың Табын Бөкенбай Қараұлы екендігі анықталды; жетіншіден, Бөкенбай батырдың ұрпақтары Тіленші мен Жоламан батырлар бастаған күрестің Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістермен өзара сабақтастығы дәлелденді.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: зерттеу жұмысының нәтижесінде мынадай тұжырымдар алдыңғы қатарға шығарылды:

- батырлар институты дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер, тархандар және басқа да институттар секілді халқымыздың тарихында маңызды орын алатын ерекші құрылым болды;

- батырлар институты ерте орта ғасырларда пайда болып, өзінің қалыптасу, гүлдену және құлдырап жойылу сатыларынан өтті. Батырлар өзінің қалыптасуының алғашқы кезінен бастап қызметі ел қорғау ісіне бағытталған кәсіби жауынгерлер категориясына дейін көтерілді;

- батырлар қоғамда бірнеше функцияларды атқарды: олар жауынгерлік, қолбасшылық, елшілік, бітімгершілік қызметтері. Батырлар зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері қамтыған кезеңде елдің ішкі және сыртқы саяси өміріне белсене араласты;

- Тәуке, Әбілқайыр, Абылай хандар тұсында батырлар мемлекеттік саясатқа араласса, Қазақстан Ресей бодандығына өтіп, отарлық саясаттың өршіген кезінде ел тәуелсіздігін сақтау, хандық басқару жүйесін қалпына келтіру үшін қарулы күрес жолына түсті;

- Бөкенбай Қараұлы еліміздегі танымал батырлардың қатарында елдің саяси мәселелеріне, қазақ хандығының сыртқы және ішкі саяси өміріне белсене араласуымен ерекшеленді. Ол қазақ елін жан-жақтан қоршаған сыртқы жаулардан аман алып қалудың балама жолы ретінде Қазақстанның Ресеймен одақтасуының оңтайлы әрекет болатынын түсінді. Сондықтан Кіші жүз ханы Әбілқайырмен осынау күрделі сынға бірге бел байлады;

- Бөкенбай батырдың ұлы Тіленші батыр Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының отарлық езгіге қарсы күресіне белсене қатысты. XVIII ғасырдың 90-жылдары Тіленші батыр жасының ұлғаюына және денсаулығына байланысты қарулы күреске қатыса алмады;

- Бөкенбай батыр әулетінің ішінде Ресейдің отарлық езгісіне қарсы өмірінің соңына дейін күрескен Жоламан Тіленшіұлы болды;



Зерттеудің теориялық және қолданбалы маңызы. Диссертация батырлар институты тарихына арналғанымен, халқымыздың XVIII-XIX ғасырлардағы күрделі кезеңін зерттеген еңбектер қатарын толықтырады. Осы зерттеу барысында жасалған тұжырымдамаларды Қазақстан тарихындағы дәстүрлі құрылымдарды, жеке тұлғалар, қазақ батырларының өмірбаянын, ұлт-азаттық күрес тарихын оқыту барысында, Қазақстан тарихынан арнаулы курстар мен факультативтер, семинар сабақтары ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелері тарих мәселелері бойынша өткен халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндалып, ғылыми журналдарда жарияланып, көпшілік назарына жетті. Жұмыс Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Тақырып аясында Атырау, Алматы, Ақтөбе қалаларында өткен халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар жасалып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің хабаршысында жарияланды.

Диссертацияның құрылымы және көлемі зерттеудің мақсаты мен міндетінен туындайды. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер мен қосымшалардан тұрады.


Жұмыстың негізгі мазмұны
Кіріспе бөлімінде зерттеу жұмысының өзектілігі көрсетіліп, мақсаты мен міндеттері белгіленді. Зерттеу жұмыстары талаптары бойынша жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі, ғылыми жаңалығы, қолданбалы маңызы, хронологиялық шеңбері анықталып, тақырыптың зерттелу деңгейі және дереккөздеріне сипаттама беріледі.

Бірінші тарау «Батырлар институты: функциялары, ерекшеліктері» аталып, батырлар институтының қазақ даласында қалыптасуына әсер еткен жағдайлар, дәстүрлі қазақ қоғамында алған орны, батырлардың әлеуметтік категория болып қалыптасуы, олардың әлеуметтік табиғаты, атқарған қызметі, басқа әлеуметтік құрылымдармен салыстырғандағы ерекшеліктері туралы мәселелер талданады.

Батыр атауы көшпелі халықтармен қатар, отырықшы халықтарда да кездеседі. Термин шығу тегі жағынан түркі-монғолдық топқа жататын халықтарда да, славян халықтарында да кездесуіне байланысты «батыр» сөзі ержүрек, батыл адамдарды сипаттауға арналған еуразиялық ортақ атау. Терминнің алғаш пайда болуы ерте орта ғасырларға жатады. Бұл кезеңде «батыр» термині әлеуметтік мәнге ие болмағанмен жеке тұлғалық ерекшеліктерді сипаттайтын термин ретінде қоғамда қолданысқа ие болды. Батырлар қазақ қоғамында ерекше әлеуметтік мәнге ие. Оған Қазақстанның Еуропа мен Азияның, яғни батыс пен шығыстың (отырықшы және көшпелі өркениеттер арасындағы) ортасындағы геосаяси орналасуы да әсер етті. Кейіннен түркі халықтары арқылы «батыр» атауы славян халықтарына таралған, оған шығыс славяндардағы «богатырь» (багатур) атауы дәлел. Дж. Кестль өз күнделігінде «батыр (батур) қырғыздарда (қазақтарда) «ер» («герой») деген мағына береді, - деп жазады [3, С. 119].

Батырлар институты мәселесін арнайы ұстаным ретінде зерттеуге бірнеше негіз бар. Біріншіден, батырлар институты тарихи ұзақ уақытты қамтиды. Екіншіден, батырлар қоғамда саяси, әлеуметтік, экономикалық рөл атқарды. Үшіншіден, батырлар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен сақталуына қызмет етті.

Қазақ батырларының шығу тегі мен қоғамдағы орнын зерттеген тарихшы Е.Бекмаханов батыр сөзінің шығу төркіні татардың «багадур», «бакхатур» сөздерінен деп есептейді [19, C. 62].

Батырлар институты өзінің дамуында өзгерістерге ұшырап отырды. Ерте орта ғасырлардағы, орта және кейінгі орта ғасырлардағы эволюциялық дамуды анық байқауға болады. Ерте орта ғасырларда көбінесе ертегі мен жырлардағы аңыздық батырлар бейнесін көрсек, кейінгі орта ғасырларда, жаңа заманда нақты тарихи тұлғаларға, тарихи істерге куә боламыз. Елдің саяси құрылымын, ел азаттығын сақтап қалу мүддесі батырларды бір мақсатқа жұмылдырды.

Батыр терминінің ерте ортағасырлардан келе жатырғандығын М.П.Вяткин көне гемандықтардағы дружиналардың пайда болуымен салыстырса [33,С.119], И.Ерофеева батырлардың XVIII ғасырда рулық басшылықтың беделді тобын құрап, батырлар институтының әлеуметтік категория ретінде пайда болуын әскери-феодалдық биліктің қалыптасуымен байланыстырады және «батыр» атауының түп-төркіні көне түркі-моңғол дәуірінде жатқанын атап өтеді [34,С.33].

Батырлықты тек жеке адамның қасиеті деп қарастырмай қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына ықпал еткен саяси-әлеуметтік үрдіс деп қарастыруымыз қажет. Кеңестік заманның идеологиясына сай батырлар институтын қазақ қоғамындағы алауыздықты тудырушы еш пайдасы жоқ, тек қана өз пайдасы үшін өзгенің мал-мүлкін талан-таражға салушылар деп баға беру де орын алды. Осыған орай К.Есмағамбетов: «Отандық тарих ғылымында қазақ батырларының елі мен жері үшін қан майданда жаулармен шайқасқан жанкешті күресін, оның халық тағдырындағы орнын көрсетуге әлі күнге дейін толық мән берілмей келеді. Бұл, ең алдымен, кеңес заманында батырларды «үстем тап өкілдеріне жатқызған» кеңестік идеология мен тарихнаманың салқыны болса, екіншіден, өзіміздің ұлттық идеологияны қалыптастырудағы салдыр-салақтығымыздың, «жайбасарлығымыздың» салдары екені анық», - деп жазады [21, 65-66 бб.].

М.Дауытбекова «батыр» сөзіне қатысты 1917 жылға дейінгі зерттеушілер еңбектерінде алғаш көңіл бөлініп, оның түркі-монғолдық «баһадур, batur, багадур, бак-хату» сөздерінен шыққан деген тұжырымдарын ұсынады [23,69 б.]. Батыр сөзінің қазақ тілінің түсіндірме сөздіктеріндегі мағынасы «ел қамы үшін жауымен сайысқан тарихи қаһарман, алып ер» екендігі жазылады [35, 152 б.].

Қазақтардың дәстүрлі қоғамындағы батырлар институтының көне түркі заманында қалыптасқандығы туралы ойымызды Білге, Күлтегін, Тоныкөктің өз заманындағы қызметтерімен нақтылауға болады. Мысалы, Білге – мемлекет басшысы, қолбасшы, Күлтегін – батыр, Тоныкөк - әрі батыр, әрі шешен, әрі данагөй. Бұлар қазақ хандары, билері, батырларының бойынан табылған қасиет. Х.Әбжанов: «өз әскерін ұстай алмаған ел басқаның әскерін асырайды екен. Бұл қағидаларды байырғы түркі қоғамы қапысыз ұққан. Өйткені байырғы түркі мемлекетінің дүниеге келуі, территориялық тұрғыдан ұлғаюы, табғаштармен күресте жеңіске жетуі, алыс-жақын көршілеріне өзін мойындатуы – бәрі, қарулы күштер арқасында жеңіспен аяқталған қақтығыстар, соғыстар нәтижесінде жүзеге асқан еді. Байырғы түркілер адамзат өркениетіне аз олжа салған жоқ. Солардың ішінде бір де болса бірегейі - әскери тактика, стратегия және соғыс өнері жайлы қалдырған мұрасы», - деп түйіндейді [36, 117 б.].

Замана ағымына сай батырлар институты даму сатысынан өтіп отырды. Ол көне түркілік көшпелі қоғамдағы жауынгерлер тобы, яғни мемлекеттің саяси құрылымындағы әскерилік жүйе, көшпелілердің күнделікті өмірінде жаугершіліктің үлкен рөл атқаруына орай әрбір ер-азамат-жауынгер тізбегімен сипаттауға сай келді. XIII-XY ғасырларда мемлекеттік шекараны жаңа жерлерді жаулап алу арқылы кеңейту, империялар құру дәуірінде Шыңғыс хан, Әмір Темір сияқты билеушілердің тұсында соғыс өнерінің шеберлері, жекелеген батырлардың ерліктерін көреміз. Осы кезде түркілік дәуірде қолданыста болған «эр» атауының орнына «бахадур» термині жиі айтыла бастайды.

Қазақ халқының тарихындағы үздіксіз әскери қақтығыстар мен соғыстардың жиі болған қазақ хандығы дәуірі, әсіресе оның ыдырау кезеңінде батырлар институтының нағыз гүлдену дәуірі болды. Батыр және бахадүр терминдеріне қатысты бахадүр негізінен ақсүйектерден, ел билеуші хандардың батырлық қасиеттеріне сай «бахадүр» деген атақ алып, ал қарапайым қазақ руларынан шыққандар «батыр» деген атаққа ие болды деген тұжырым жасауға болады. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, ханнан да, қарадан да жаужүрек батырлар шығып отырған. Бірақ бәрі бірдей «бахадүр» атала берген жоқ. Енді осы мәселеге талдау жасап қарағанда, батырлығымен әйгілі болған хандардың саяси титулдарымен қатар бахадүр деген де атақтары болғандығы анықталады. Атап айтқанда, тарихта батырлықтарымен Тәуке, Абылай, Әбілқайыр хандардың мысалының өзінен бәрінің де есімдері және лауазымдарымен қатар бахадүр атағы кездесетін заңдылықты байқаймыз. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мөрінде «Мұхаммед Қазы бахадүр Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлы» деген жазулар бар. Қазақ билеушілері Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан, Қайып хан, Нұралы хан, Қаратай сұлтан сияқты тұлғалардың ресми хат алмасуларда, мөрлерінде өздері жайындағы толық мағлұмат қатарында батыр (бахадүр) титулын бірге көрсетеді. И.Ерофеева XVII ғ. соңы-XVIII ғ. ортасында «бахадур» титулы қазақтардың шыңғыс тұқымдарына ірі әскери жеңістері үшін берілді, ол көшпелі қазақ қоғамының барлық топтарында беделді маңызға ие, сондықтан әрбір жаңа сайланған хан мен сұлтан өзінің мөрінде негізгі титулымен қатар міндетті түрде жаздырып отырды»,- деп есептейді [37, С. 29].

С.Е.Толыбеков қазақ хандары мен сұлтандары, ру басыларының көпшілігі батырлар болды, сондықтан олар қарапайым халықты қанаушылар еді деп тұжырымдаса [38,С.218-219], М.П.Вяткин «батыр» деген термин әлеуметтік-таптық мазмұны жоқ атау ретіндегі ұғым береді», - деп санаса [33, 118 б.], Н.Абдоллаев пен Е.Сатыбалды батырлардың әлеуметтік сипатына қатысты «Егер, бір ұлыс елді билеген рубасы-батыр бір жағынан экономикалық мүмкіншілігі мол болса онда көшпелі қоғамдағы билеуші хан мен сұлтандардан да ықпалды болды. Мәселен, орыс бодандығын қабылдаған Әбілқайыр ханды өлтірмекші болған ру басы билерді тоқтатқан Бөкенбай батыр мен Есет батырдың беделін атап өткен жөн»,- деп жазады [22, 12-13 б.].

«Қарасүйектер» категориясының маңызды тобының бірі батырлар XVIII және XIX ғасырларда тарихи қалыптасқан жағдайларға байланысты ел тарихында аса маңызды рөл атқарды. Батырлар институтының қалыптасуына қазақ қоғамының көшпелілік жағдайы, сыртқы жаулардан қорғанудың көкейкестілігі әсер етті, дәстүрлі қоғамдағы ерекше тұлғалар - батырлар институтын қалыптастырды. Сондықтан батырлар институтының басты қызметі - елді, мемлекетті, жер мен суды сыртқы жаулардан қорғау. Осыған орай қазақ халқының тарихындағы жаугершіліктің, сыртқы жаулардың шабуылдары күшейген кезеңдерде батырлардың да қоғамдағы орны арта түседі.

Е.Бекмахановтың пікірінше, батырлар институты әскери-феодалдық рубасылары ретінде қалыптасса, Н.Аполлова «XVII-XVIII ғасырларда батырлар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан күшейеді» [39,С.73-74], Т.Шойынбаев «батырлар, мырзалар, тархандар, ақсақалдар мен билер жаңадан қалыптасып келе жатқан мемлекеттік аппараттың өкілдері болды», - деп атап өтеді [40,С.31].

Қазақ батырлар институтының гүлдену кезеңіндегі батырларды олардың қоғамдық ықпалының артуына байланысты үш топқа бөлуге болады: біріншісі, қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі ел азаттығын сақтап қалу жолындағы азаттық күресінің батырлары, екіншісі, Қазақстанның мемлекеттік тұтастығына қауіп төндірген Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы азаттық күресін жүргізген батырлар, үшіншісі, Ресейдің отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті бастаған батырлар.

Батырлар институтының қалыптасу кезеңі тарихи даму үдерісіндегі бір-бірінен өзара айырмашылықтары бар кезеңдерді айқындайды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет