Қайтсем мен сендей бола алам



Дата05.11.2016
өлшемі252,74 Kb.
#845
Алғысөз
Қазақтың көркем сөзіне, әсіресе роман жанрына үлес қосып келе жатқан көрнекті жазушының ең сүбелі туындылары – оның романдары. Атап айтқанда «Соңғы көш», «Дарабоз» дилогиялары қазақ әдебиетінің ең көрнекті туындылары. «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары арқылы қазақ прозасының тақырыптық кеңеюіне үлес қосқан суреткер.

Оқырман қауым шетелде жүрген қазақтар тағдырымен бірінші рет осы «Соңғы көші» романы арқылы танысты. Бір ауыз сөзбен айтқанда, тарихтың сан тарау жолдары арқылы суреттей келіп, әдебиетімізге қазақи рухты, ұлттық ерекшеліктерді сіңіруде, ұлттық прозамыздың іргетасын нығайтуда Қ.Жұмаділовтың өзіндік орны бар деп білеміз.

Қазақ прозасының көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, М.Әуезов атындағы әдебиет сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов 2016 жылдың 25 сәуірінде 80 жасқа толуына орай Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Қара сөздің дарабозы» атты әдістемелік құрал ұсынып отыр. Бұл әдістемелік құралда «Тарихтың тереңінен маржан терген» атты кітап көрмесінің үлгісі, «Қара сөздің дарабозы» атты саяхат кеші, жазушыға арнау өлеңдер топтамасы беліген.

Халыққа рухани азық болар туындыларын жастар сүйіп оқиды, тарихқа тереңдей үңіліп дүние-танымын кеңейтеді деп сенеміз.

Осы әдістемелік құралды оқырмандарға ұсыну арқылы туған әдебиетімізді, ұлы жазушы еңбегін жастарға насихаттаймыз.

Қайтсем мен сендей бола алам,

Биікте тұрсың, ағажан.

Тұлпарымды ерттеп мінем де,

Өзіңе қарап жол алам.
Өткердің жауыз ғасырды,

Қар жапты аппақ басыңды.

Атағың кетті әлемге

Даңқыңды таудан асырды.


Тұлпардай ұзақ жол жүрдің,

Демейсің бірақ болдырдым.

Барқытбел асқан көшіңді,

Ата жұрт әкеп қондырдың.


Айықты бұлттан аспаның,

Жазылды жаңа дастаның.

Бас имей өттің жауыңа

Жауларың иді бастарын.


Барасың таудан тау асып

Атыңа затың жарасып.

Артыңда қалсын шаң қауып

Ажалдың өзі адасып.


Мұқаш Қожахметұлы

Өмірбаяндық деректеме
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылдың 25 сәуірінде Қытай Халық Республикасының Шыңжан өлкесі, Шәуешек ауданында, Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген.

Шәуешек гимназиясын бітіріп, 1956 жылы Қазақтың Ұлттық университетіне түседі. 1958 жылы Қабдеш Жұмаділовті Қытай үкіметі кері шақырып алады. 1962 жылы Бақты шекарасын бұзып өткен қазақ жастарымен Қазақстанға біржолата оралып, 1965 жылы университетті бітіреді. «Қазақ әдебиеті» газетінде 1965 - 1967 жылдар арасында еңбек етті. «Жазушы» баспасында 1967 жылдан 1976 жылға дейін, ал Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде 1976-1981 жылдар арасында қызмет етті. 1981 жылдан шығармашылық жұмыста. Алғашқы өлең, әңгімелері Шынжан өлкесіндегі «Шыңжан» газеті мен «Шұғыла» журналында жарияланған. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Жас дәурен» 1967 жылы жарық көрді. «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағы 1968 жылы, «Көкейкесті» 1969 жылы, «Сары жайлау» 1978 жылы, «Шарайна» 1981 жылы, «Сәйгүлектер» 1984 жылы әңгіме, повестері жарық көрді.

Шыңжан қазақтарының өміріне арналған «Соңғы көш» (1974-1981) роман-дилогиясы адам жанының иірімдеріне терең үңіліп, кейіпкер бейнесін жасауда ерекшелік танытқан дүние. «Соңғы көш» романы орыс, түрік тілдеріне аударылды.

1990 жылы «Тағдыр» романы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1998 жылы Қазақстан халық жазушысы атағы берілді. 1994 жылы «Дарабоз» атты тарихи романының 1-ші кітабы, 1996 жылы 2-ші кітабы, ал 1999 жылы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романы жарық көрді.

Негізгі еңбектері 2003-2004 жылдар арасында 12 томдық шығармалар жинағына топтастырылған.

Медальдармен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының, әдебиет саласындағы «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері.



«Тарихтың тереңінен маржан терген»

( кітап көрмесінің үлгісі)

1 бөлім: «Қара сөзден қамшы өрген...»

(Бұл бөлімде жазушының өмірі мен шығармалары, мақалалары қойылады)


Дәйексөз: Ат мініп, қыран ұстап желген қазақ

Сырласқан сардалада желмен қазақ.

Алматым, сағынышым, қайдасың деп

Ілесіп ««Соңғы көшке» келген қазақ.

Тұманбай Молдағалиев
П бөлім: «Сөз өнері дертпен тең»

(Бұл бөлімге Қ.Жұмаділовтің шығармаларының зерттелуі, әдеби-

сын мақалалар, әріптестер пікірлері қойылады)
Дәйексөз: Қабдеш Жұмаділов – біздің буында өмірбаяны аса бай жазушы. Енді міне, өмірден көрген, бастан кешкен сол ұлан ғайыр мол материал, жазушының сарқылмас творчестволық азығына айналып отыр.

Әкім Тарази



Қара сөздің дарабозы

( жазушы Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығына

сяхат кеші)
Безендірілуі: кітап көрмесі, жазушы туралы ой-пікірлер қойылады.

Сахнаның ортасында жазушының портреті «80 жас» деген гүлдермен жазылған және экранда слайдтар арқылы шығармалары көрсетіліп тұрады.

Музыкалық орталық, дауыс үндеткішпен қамтамасыз етіледі.
Қатысушылар: жүргізуші бозбала мен бойжеткен, кітапханашылар, оқырмандар.
Қонақтар: жазушының өзі, шығармашылығы туралы әңгімелейтін тұстастары, әдебиет зерттеушілер.
Ең негізгісі: жазушының өзі, ағайын туыстары қатысып отырса құба-құп.
(Әр кітапханашы осы өтетін шараны кітапхана мүмкіндіктеріне орай кітап көрмесінің, шығармашылық кешінің атын өзгертіп, түрлендіріп алуларына болады).
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, атақты жазушы

Қабдеш Жұмаділовтің 80 жасқа толуына байланысты өткізіліп отырған шығармашылығына саяхат кешіне қош келдіңіздер!

Әдебиет – ардың ісі. Алланың адам баласына тартқан сыйы. Әдебиеттің басты мақсаты – адам жүрегіне терең бойлап, жанына сұлулық нәрін себу, рухын асқақтату. Келешек ұрпақты отансүйгіштікке, елдікке, ерлікке тәрбиелеу, адамзатқа ортақ игіліктер мен құндылықтарды бағалауға, құрметтеуге үйрету. Өз тарихын, әдебиетін, мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп өсу жастарға міндет.

Осы тұрғыда көркем әдебиеттің берері мол. Сол ғибратты тағлымға адал болу кез келген суреткердің мұраты. Қабдеш Жұмаділовтің суреткерлік шалымы алуан түрлі, қаламынан шыққан туындылар оқырманға етене таныс, жұртшылықтың игілігіне қызмет етіп жүр, әдебиетімізді байытып жатыр. Әр бір шығармасында өмір шындығын көркемдік шындықпен ұстастырып, ешкімге көлгірсуді білмей, қанын шығарып тек қана шындықты айтып жүрген жазушы ағамыздың өмір жолы мен шығармашылығына тоқталайық!


Бірінші аялдама: өмірі мен шыққан тегі
Бозбала: Бас мынау – көтергендей мойын әрең,

Төрт мезгіл тотықпайтын мойыл рең

Қыр мұрын, құйма құлақ, күрең қабақ,

Шомбалдау будда бітім – шойын білем.


Шаш мынау – бір кездегі қара бұйра,

Жарасқан кең маңдайдың алабына,

Сұйылып барады екен қуаң тартып,

Түскен-ау тамам ойдың талабына – деп Аманжан Жақыпов ағамыз жырлағандай Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы сәуір айының 24 жұлдызында Қытай Халық Республикасының Шынжан ұйғыр автономиялы ауданында, Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласына қарасты Малдыбай бұлағының бойында дүниеге келген.. Жазушы 1944-1947 жылдары Сібеті ауылындағы бастауыш мектепте оқиды. 1949 жылы Шәуешек қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінде білімін жалғастырады, оны бітіргеннен кейін 1952-1959 жылдары Шәуешек гимназиясында білім алады. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1965 жылы бітірген. Өз басынан өткен өмірінің қилы кезеңдері туралы жазушы «Таңғажайып дүние» атты мемуарлық романында баяндайды. 1965-1967 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында қызмет істеді. Ал, 1967-1976 жылдары «Жазушы» баспасының проза бөлімінде аға редактор, 1976-1981 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік баспа, полиграфия және кітап саудасы комитетінде аға редактор болып қызмет атқарды.

Бойжеткен: 1981 жылдан бастап ширек ғасырдан астам өмірін тек шығармашылық, қаламгерлік жұмыстарға арнап келеді. Қабдеш Жұмаділовтің алғашқы өлеңі 1954 жылы Үрімжі қаласында шығатын «Шыңжан» газетінде жарық көрді. 1956 жылы «Щұғыла» журналының бірінші санында «Жамал» атты тұңғыш әңгімесі басылды. Қабдеш Жұмаділовтің прозалық шығармаларының ұнасымдық қасиеті – олардың көркемдігі мен шынайылығында. Жазушы өзі қозғаған қай тақырыпты да жеріне жеткізе, тартымды етіп жаза біледі. Мысалы, бір қарағанда сюжеттік тұрғыдан алып бара жатқан ештеңесі жоқ болып көрінетін «Адамның кейбір кездері» атты әңгімесінің мазмұны оқырманның санасына ұзақ уақыт есте қалып қойды. Жазушы бұл шағын шығармасында адам болмысының жекелеген қалтарыстарына көркемдік саяхат жасайды.
Бозбала: Қазақстандағы алғашқы шығармашылық қадамы өлеңмен басталған. 1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөлімін Мұзафар Әлімбаев басқарып отырған тұста бір топ өлеңі республикалық газетте жарық көріп студенттер мен әдеби ортаға таныстырды. Қабдеш Жұмаділовтің тұңғыш кітабы 1966 жылы «Жазушы» баспасынан «Жас дәурен» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Әдебиетке өлеңмен келген қаламгерлерге бұл үлкен мәртебе болды.
Достарым, жоқ сендерден бөлек сырым,

Туғалы көп қуандым, көп өксідім.

Өмірден талай рет сыйлық алып,

Кейде жүрем азды-көп төлеп шығын.


Құр сеніп жүре берсең оған сұлық,

Өмір түк татырмайды обалсынып.

Аласың үлесіңді өз күшіңмен

Сен үшін қойылмайды жол аршылып –

деген өлең жолдары суреткер жүрегінде атой салған сезімдері.
Бойжеткен: Бір елде туып өсіп, ес білгесін өзге елге келіп, сол ел өмірінен шығарма жазу қиынның қиыны. Бірақ Қабдеш Жұмаділов бұл сыннан сүрінбей өтті, екі түрлі өмірді, екі түрлі қоғамдық формацияны салыстыра зерттеуге мүмкіндігі болды. 1962 жылы бас-аяғы жиырма шақты күннің ішінде Шәуешек маңындағы қалың ел үдере көшіп бергі жаққа өтті. Осы көшпен Қабдеш Жұмаділов бір жолата елге оралды. Жазушыға екі елдің өмір салтын көріп біліп өсуі ой-өрісін кеңейтті. Осы кезеңді суреткер: «1962 жылы Қытай шекарасынан атамекенге өттім. Бекіре балық уылдырық шашатын сәтте өзенді өрлеп жоғары қарай жүзеді екен. Мен Қазақстанға шығармаларымды уылдырықтай шашу үшін оралдым» - деген еді. Сықақшы жерлесі Қажытай Ілиясұлы: «Мен Қабдешті шекароадан арқалап өттім, сен сонда зілдей ауыр едің, сөйсем бір қап роман арқалап өтіппін ғой» - дейтін.
Бозбала: Қабдеш Жұмаділов Найман ішінде «Төртуыл» тайпасының қара шаңырақ иесі. Арғы бабасы Ысмайыл Зәңгі деген адам болған. Қытайдың «болыс» дәрежелес лауазымды қызметі. Ысмайыл биден кейін Күдері би, Күдері биден Жұмаділ, Жұмаділден Қабдеш ағамыз тарайды. Атасы Ысмайыл ру көсемі. Жазушы осындай қасиетті шаңырақта туып өскен. Әкесі Жұмаділ 1935 жылы мектеп салдырған. Сол мектепте жазушы бастауыш сыныптарда оқыған. Қабдеш Жұмаділов біздің көзімізге үйреншікті болған құбылыстарға жаңаша көз қараспен қарады. Тұстасы Әкім Тарази: «Қабдеш біздің буында өмірбаяны аса бай жазушы. Енді міне өмірден көрген, бастан кешкен сол ұлан ғайыр мол материал, жазушының сарқылмас творчестволық азығына айналып отыр» - деген еді.

Алпысыншы жылдары шыққан «Қаздар қайтып барады» әңгімесін оқи отырып, ондағы Байтас шалдың тағдырына ойлана қарап, жазушының айтары көп, ұзақ шабатын сәйгөлек екеніне көз жеткізіп шамаладық.


Келесі аялдама «Романға барар жол»
Кітапханашы: Қазақтың көркем сөзіне, әсіресе роман жанрына елеулі үлес қосып келе жатқан көрнекті жазушының ең сүбелі туындылары – оның романдары. Атап айтқанда, «Соңғы көш», «Дарабоз» дилогиялары қазақ әдебиетінің ең көрнекті туындыларының біріне айналды. «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары әдебиетте бұрын сүрлеу салынбаған тың тақырып ала келіп, сол арқылы қазақ прозасының тақырыптық тұрғыдан кеңеюіне үлес қосқан суреткер. Оқырман қауымды шетелде жүрген қазақтар тағдырымен осы «Соңғы көш» романы арқылы танысты. Жазушының өзі: «Соңғы көш» дилогиясын менің пешенеме тағдырдың өзі әкеліп таңды, өмірің неғұрлым бай, неғұрлым бұралаң болса, соғұрлым пайдалы деседі ғой. Цивилизациядан шалғай жатқан елдің тұрлаусыз тағдыры, құландай үріккен көшпелі халықтың шекараларды көктей өтіп әрі-бері жөңкілуі, ұлттың езгі мен отаршылдық саясаттың небір түрі, қуғын-сүргін, атыс-шабыс, түрме, ашаршылық, ақыры қорлыққа шыдамаған момын халықтың тоз-тоз болып босқындыққа ұшырауы, бәрі-бәрі бастан кешкен, дәмін татқан жайларымыз» - деген.
Бозбала: «Соңғы көш» романының жазылуына осы оқиғалар арқау болды. Автордың алдына қойған мақсаты бүкіл бір халықтың басына түскен қасіретін жан-жақты ашып көрсету еді. Ал Қытайдағы ұсақ ұлттардың басындағы ауыр халді түсіндіру үшін, сол ел тарихындағы Маошылдардың марксизмге, халыққа жат арандатушылық бағытына соқпай өту әсте мүмкін емес еді. «Соңғы көш» дилогиясының бас қаһарманы туған жерден ауа көшкен еңбекші халық десе болады. Романның бірінші кітабында сол халықтың әлеуметтік құрамы, азаттық жолындағы күресі бейнеленді.

1941-1945 жылғы Қытайдағы ұлт-азаттық революциясы жеңіске жеткеннен кейін үш аймақ Шығыс Түркістан республикасын құрып өз алдына дербес өмір сүре бастағаны белгілі. Халықтың бұл әрекетінде коммунистерге дегшен сенім, социализмге құштарлық жатыр еді. Өйткені шекаралас отырған ел Кеңес Одағындағы болып жатқан артықшылықты көріп отырды. Осы бірінші кітапты оқи отырып халықтың орда басы кеңіп, кең тыныстаған сәтіне куә боласың.


Бойжеткен: Бірақ азаттықтан кейінгі жайма шуақ ұзаққа созылмады. Ұлт араздығы қайта қозды. Халық басына қара дауыл соғып өтті. Күштінің әлсізді жәбірлеуі. Жалмап жұтып белең алды. «Соңғы көштің» екінші кітабында, міне, осы тұстағы трагедиялық хал жан-жақты көрініс тапты. Романда басты кейіпкерлер Естай, Нұрбек, Жолбарыстар, жазықсыз мерт болған Тұрсын, Шәкен, Нартайлар, алуан тағдырлы Қанағат, Ұзақ, Жағыпарлар – сол халықтың типтік өкілдері. Романда баяндалатын оқиғалардың бәрі де осы адамдардың тағдыры, ара қатынасы арқылы өтіп жатыр. Романның екінші кітабы «Бұл күнде Шәуешек Шаһарындағы ел көзіне алдымен шалынатын ең айбынды да алып ғимарат – қалалық түрме еді» - деп басталады. Осы сөйлем шығарманың ең негізгі ойын беріп тұр. Қаладағы зиялылар өмірі осы түрмемен көп байланысты. Романда суреттелген ату-асу, сот жиналысы, түрме, лагерь көріністері – бәрі де өмірден алынған. Оның себебі – Шығыс Түркістандағы аз ұлттарды біржола құртып жіберуді көздегені.
Ендігі тоқтайтын аялдамамыз «Жүк ауырын нар көтереді»
Кітапханашы: Тәуелсіз Егемен ел болған шақта көкірегіне сөз құдіреті дарыған туындылар келе бастады, соның бірі Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясы. Біріншіден, бұл роман ойрат-қазақ жұртының арасындағы жан алып, жан беріскен қанды жорықтарды арқау етеді. Жоңғар қалмақтарының қазақ даласын қанға бөктіріп жаулап алуын болдырмау үшін күрес – роман негізгі ойы. Қалмақтардан қазақ жерін тазарту, шегірткедей қаптаған шүршіттерді туған жерге бастырмау, жау жағадан алғанда етектен тартқан қырғыздардан есе қайыру, алты Алаштың басын қосып, ұлттық бірлігін қалпына келтіру. «Дарабозда» қазақ халқы табиғатынан тым сенгіш, аңқылдақ, таза, кірпияз, көпшіл, қарапайым. «Дарабоздың» басты табысы – Абылайхан бейнесі. Қабдеш Жұмаділов дилогиясында Абылайхан бейнесін әр қырынан, әр қилы жағдайда жан-жақты көрсетуге еңбек сіңірген. Абылай – сөзі мен ісінде алшақтыққа жол бермейтін, дініне берік басшы. Біздің уысымызға толатын, төрт аяғын тең басқан дара тұлға – романдағы Қабанбай батыр.
Бойжеткен: Халық тарихының бет бұрыс кезеңі өз батырын туғызбай қоймайды. Туындының да себептері көп еді. 76 жыл ғұмырының 60 жылын Қабанбай көк найзаның ұшында, алмас қылыштың жалаңдаған жүзінде өткен қарт жауынгердің тұлғасында еш кіршік жоқ. Өз бейнесін, өз қимыл әрекетімен, ниет-пиғыл әрекетімен жасап кеткен. Тумай жатып атасы Мәмбет, 7 жасында әкесі Қожағұл, 16 жасында бірге туған Есенбайды ойраттар, шапқыншылықта өлтіріп, бір әулеттің бас көтерерлерін жалмап жұтқан. Еріксізден, нақақтан төгілген қан Ерасылдың жауға кегін тұтатып, намысын таптатпас ерлікке шақырады. 60 жыл бойы қылышын қынабына салмай, қас жауына қарсы шапқанда бәрі атақ, даңқ, байлық іздеуден тумаған, жерін жаудан тазартып елін Жиделібайсынға қондыру, тоналған арын емес, жүдеген жанын емдеу. Шын адал, шын пақизат адам – ол Қабанбай. Халық кегін ешкімге жібермейтін мәрт Қабанбайдың жау жақ бетте ақ туы желбіреп тұрса ғана былайғы жұрт көңілі орнығып, алаңсыз ұйықтайтыны сол Қабанбайдың халыққа, халық Қабанбайға айналғанының бір сипаты.
Бозбала: Романда жазушы өткен өмірдің бояуын, рухын мөлдіретіп эеткізген. Не жазса да тарихи шындыққа сайма-сай. Егер Абылайхан 1751-1753 жылдары қазақ жерін Жоңғар басқыншыларынан тазарту процесінде саясаттағы батылдығы, дипломатиялық алғырлығымен көрінбесе, оң қолы Қабанбай, сол қолы Бөгенбай батыр болып, ақыл-ойының тізгінін Бұхар жырау ұстап, ел тағдырын Төле би мен Қазыбек билердің кемеңгерлігіне жүгінбесе, тоз-тоз болар еді. Абылайдың шешімімен Дарабоз аталады. «Қазақта батыр туған жігіттер көп. Бірақ – дейді ол, Қабанбайдың орны бөлек!» Батыр, азамат, халық перзенті ретінде Қабанбай бірдің емес, мыңның орнын басқан, ел бірлігі үшін аманат жанын Абылайдың туының астында алуын тілеген. Өле-өлгенше халқына адал қызмет етті.
Кітапханашы: Міне өздеріңіз байқағандай, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясын оқып отырып батырлар еңбегі зор, тұзы сор адамдар екеніне көзің жетеді. Романда Қабанбай батыр парасат иесі, кісілігі кемеңгер екенін сезінеміз. Қазақтың көрнекті жазушысы 10 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгімелер, «Жас дәурен» өлеңдер жинағының, көптеген мақалалар, сұхбаттар, хиқаялар авторы Қабдеш Жұмаділовтің әлі жазары көп. Біз жазушының осы шығармаларының ішіндегі ең қомақтысын «Соңғы көш» дилогиясымен «Дарабоз» дилогиясына саяхат жасадық. Жазушының тарихтың тереңінен тартқан еңбектері оқырмандары үшін құнды дүниелер.
Бозбала: Қабдеш Жұмаділов менің маңдайыма жазылған екі миссиям бар екен дейді:

Біріншісі – 1962 жылы сәуір айының 10-ны мен 1 мамыр аралығында жиырма күннің ішінде 160 мың адам Шәуешектен ата жұртқа көштік. Соны ұйымдастырушылардың бірі мен болдым.

Екіншісі - әдеби шығармаларым. Сол елдің шежіресін жаздым. Арғы, бергі бетте жатқан қазақтың тарихын, ірі тұлғаларын түгел қағаз бетіне түсірдім. Таңдамалы шығармаларым 12 том болды. Мен тау қопарғам жоқ. Бар болғаны біздің шаңырақ, біздің әулет сақтап келе жатқан дәстүрді ары қарай жалғастырдым. Бұл халық алдында бабам істеген, атам атқарған, әкем өткерген миссиялардың жалғасы деп білемін»- деген.
Бойжеткен: Қабдеш ағаға

Иран-Ғайып


Бақыт безіп қашар ма, -

Толып іштен наласы?!

«Хан Тағында»

Қашанда –

Жұмаділдің баласы!
Шарболаттай шыңдалып,

Бейнет кешкен жұтай ма?!

Қордаланып,

Құнданып


Сыймай келген

Қытайға!
Мүшел-Тойы...

Арнайы...

Жан сырымды бүкпейін,

«Кере қарыс маңдайы»,-

Мұхтар Әуезовтейін»!


Рухани күтімі –

Толық қанды

Қоғамдай.

Туа бітті

«Білімі»

Қаракерей Қабанбай!


Тағдыр тезден... Қыруар –

Түскен талай Азапқа.

Қабдеш сынды ұлы бар,

Не қам керек...

Қазаққа?!
Кітапханашы: Мінеки, екі елдің мәдениетін терең сіңірген жазушының «Тағдыр», «Дарабоз», «Соңғы көш», «Таңғажайып дүние», «Прометей алауы», «Қыл көпір» сынды оннан астам романы ел игілігіне жарап оқырманын қуантты. Қабдеш Жұмаділов не жазса да ел тарихын, ондағы белгілі адам бейнесін жазады.
Құрметті оқырмандар!
Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 80 жас толуына арналған «Қара сөздің Дарабозы» атты әдістемелік ұсыныс сіздердің керектеріңе жарайтынына сенімдіміз. Жазушының романдарын оқуға, төл тарихымызбен танысып, дүние танымдарыңды кеңейтуге кеңес береміз.

Осымен саяхатымызды аяқтап сіздерге қатысқандарыңыз үшін рахмет айтып, сау-саламат болыңыздар дейміз!



Қағытпа қалжыңдар...
Аққұба жігіттер
Қабдеш Жұмаділов пен Рамазан Тоқтаров көп жыл бірге қызмет істеген, әрі әзіл-қалжыңдары жарасқан дос адамдар. Бұлардың үнемі бірге жүретінін байқаған аға жазушылардың бірі:

  • Осы сендер қашан көрсем жұптарың жазылмай қос қоңыр боп бірге жүресіңдер. Екеулерің егіз емессіңдер ме? – деп сұрап қалыпты. Сонда Қабдеш ағамыз:

  • Мына Рақаңның нендей ойы барын кім білсін. Ал мен Рамазанның қасында сәл де болса аққұбалау боп көріну үшін жүрмін, - деп жауап беріпті.

Ұлдарың аман болса


Қабдеш ағамыздың бес баласы бар. Алдыңғы төртеуі – ұлдар, кенжесі – қыз. Сәуле жеңгеміз алғашқы екі ұлдан кейін-ақ өзіне қолғанат болатын қыз күте бастаса керек. Әсіресе, төртінші құрсақ көтергенде тәуіпке бал ашқызып, қатты дәмеленіпті. Алайда, бұл жолы да тәуіптің айтқаны келмей, ұл келіпті дүниеге. Осы хабарды естігенде ағамыз перзентханада жатқан әйеліне мынадай хат жолдаған екен:

  • Бәйбіше, қыз таппадым деп қапаланба. Ұлдарың аман болса, түбі осы қазақтың біраз қызы біздің үйге келеді! – деп жеңгемізді жұбатыпты.

Пайдалы кеңес


Жастары құрбы бір топ жазушы жалғанды жалпағынан басып жүрген кездерінде, бір жылы Сайын Мұратбеков «Соқырішегін алдырып, біраз уақыт қатардан шығып қалады. Табиғатынан сырбаз Сайын әбден айыққаннан кейін де дастарқанға сұғынбай, ойбай-ау, менің соқырішегім бар ғой» - деп тартына беретін көрінеді. Сонда құрдасы Қабдеш:

  • Осы сенің соқырішегің нешеу? Біреу болса, одан құтылдың емес пе? Тегінде, темір екеш темірде «сваркілеген» жерден сынбайды. Қорықпа! – деп қорғанып қалған досын қатарға қосып алған екен.

Плебей болғым келмейді


Қабдеш Жұмаділов ұзақ жыл баспа саласында қызмет атқарған. «Жазушы» баспасында он жыл, мемлекеттік баспалар комитетінде бес жыл. Бірақ үш кісінің үстінен қарап көрмеген ағамыз «аға редактор» деген басқыштан ары аспапты. Содан бір күні жазушылық даңқына қызмет дәрежесі сай келмейтін болған соң, бастығына: «мені өз өтінішім бойынша жұмыстан босатсаңыз екен» деп арыз жазыпты.

Сол кездегі Баспалар комитетінің төрағасы Шерияздан Елеукенов арызға бірден қол қоя салмай, Қабдешті кабинетіне шақырып жөн сұрайды:



  • Қартайып тұрған жоқсың. Қызметтен кеткенің қалай? Әлде бізге өкпең бар ма? – десе керек.

Сонда қалайда қызметтен кетуді ойлаға Қабдеш сөз аяғын әзілге

айналдырып:



  • Маған бірегей қызмет бермедіңдер, плебей болып менің жүргім

келмейді. Сірә, мен осы аға редакторлықтан түсіп қалмай тұрғанда, қызметтегі карьерамды аяқтағаным жөн шығар, - депті. Сөйтіп, жазушы осыдан көп жыл бұрын кеңсе қызметімен қоштасып, өзінің жазу үстеліне біржола оралған екен.

Күдікке орын жоқ


Қабдеш ағамыздың әдебиеттегі қалам сілтесі ғана емес, сырт келбетінде де ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовті еске түсіретін белгілер аз емес. Осы ұқсастығы үшін Әуезов мүсінін жасаған Төлеш Досмағамбетовке талай рет «натурщик» болғаны бар. Бұл аз болғандай, көшеде кездескен кейбір бейтаныстар да жазушыны тоқтатып:

  • Кешіріңіз, Сіз Мұхтар Әуезовтің баласы, не туысы емессіз бе? – деп сұрай беретін көрінеді. Ондайларға Қабдеш:

  • Жоқ, біз туыс емеспіз, жай ғана жерлеспіз, - деп сыпайы жауап

береді екен. Бір күні жаңағыдай әуесқойлардың бірі «жерлеспіз» дегенді өзінше жорып:

  • Ауылдарыңыздың арасы тым жақын болған-ау, шамасы? – депті жүзіне жымысқы күлкі жүгіріп. Сонда жазушы:

  • Сіздің көмейіңізді түсіндім. Бірақ ондай күдікке орын жоқ. Мен осындай әңгіменің боларын біліп, әдейі үстінен құстан басқа ештеңе өте алмайтын шекараның ар жағында туып келгенмін! – депті.

Қисық шегелер


Баспа редакторларының кейде жоғарының нұсқауымен жоспарға кіріп қалған нашарлау қолжазбаны да ілдебайлап шығаратыны болады. Бұл жолы Қабдеш ағамызға да сондай бір шығарма тап болып, жұмысы ілгері баспай, әбден шаршап отырса керек. Сондай бір сәтте әжептәуір мансабы бар қолжазба авторы телефон соғыпты. Қысқаша аман-саулықтан кейін:

  • Қалай, менің кітабымды қарап болдыңыз ба?- депті лауазымды автор дауысын қоюлатып.

  • Сыдыртып оқып шығатын дүние болса әлдеқашан бітетін еді. Бірақ сіздікі ондай жеңіл шығарма емес қой, - дейді Қабдеш аға екі ұштылау жауап беріп.

  • Иә, қалай екен?- депті оның сөзін өзінше ұққан автор әлденеден дәмеленіп:

  • Сізхдің сөйлемдеріңіз сөйлем емес, ескі тақтайдан суырылған бір дорба қисық шеге секілді. Оны оқушы қажетіне жарату үшін, әр сөйлеміңізді төске салып түзету керек... Жұмыстың неге жүрмей жатқаны енді түсінікті болар, - депті Қ.Жұмаділов.

Пайғамбар күйеуін неге сыйлаған?


Жазушының елінен қыз алған бір күйеу әлдебір отырыста үлкендерден озып төрге шығып кетіпті. Онымен де қоймай, «бұл қалай» дегендерге:

  • Пайғамбар күйеуін сыйлаған ғой! – деп уәж айтатын көрінеді.

Пайғамбар аты шыққан соң, былайғы жұрт басылып қалады. Сол сәтте Қабдеш ағамыз әңгімені қайта тірілтіп:

  • Пайғамбар күйеуін сыйласа, күйеу баласы араб әскерінің бас сардары Әзірет Әлі болған соң сыйлаған шығар. Шырағым-ау, дәстүрді аттап, тойтаңдап төрге шығатындай сен кім едің? – депті әлгіге.


Ақындар жыр арнады...
Қабекең – менің ағекем
Жәркен Бөдешұлы
Қоңырайған қоңыр тау,

Күңіренген қобыз тау.

Күнгей Тарбағатайдың айтулы төл тумасы

Шығыста жатқан Алаштың айнымас бауыр-мұндасы.

Арғымақ ақын Олжастың,

Сырбаз сыршыл қаламгер,

Сайынның түйдей құрдасы

Төрт тағалы «Тағдырдың» таймас тарланы.

Қарауытып көрінген «Соңғы көштің» сұлбасы

Шаңырақ мүйіз. Ай маңдай – ауған елдің арқары.

Үзіліп қайта жалғанған қалған елдің арқаны

Жаралы қара сұңқардың қайырылмаған топшысы.

Зынданда жатқан есіл ер – Қажығұмырдың жоқшысы

Айырылғандардың қан аралас сорғалаған көз жасы.

Қауышқандардың қоспасыз сағыныш тасы сөз басы.

Өлең сөздің өрілген тобылғы сапты қамшысы.

Тама қалған таңдайға жырымның кермек тамшысы.

Көсем сөздің көсілген қойдай қоңыр жорғасы

Сәйгүліктердің дүбірлі тас уатқан тұяғы.

«Саржайлаудың» аңқылдап төсінен ескен самалы.

«Жамалдың» тәтті қиялы...

Алдына жайған ақ қағаз – толықсып аққан кең Жайық.

Қолына тұтқан қаламы- жнлпілдеп жүрген жел қайық.

Қаптаған қалың ойлары –Дарабоздың қолындай.

Келе жатқан шеп жайып,

Қабекем менің ағекем...


Бұл қазақ

Тұманбай Молдағалиев


Ежелгі қатар жатқан ел қосылмай,

Жүрсің-ау жүрегіңде шөл басылмай.

Дос таппай қиналғаның және мәлім

Досыңдай, бала күнгі жолдасыңдай.


Ішіңде, бәрі ішіңде, сенің жігіт,

Алдандың талайларға сеніп жүріп

Қашады қайран жастық қарайламай.

Босады қап-қара бір көңілді бұлт.


Өткенге қариялардай ой бөлдің көп,

Қамшыға айтпайды асау бой бердім деп.

Тойларға атқа мініп бармаған соң

Айтудың өзі қиын той көрдім деп...

... Бұл қазақ тілдің майын ағызатын,

Шыңдаса шыңға шығар нағыз ақын.

Құндаса бір кітабы миллион теңге

Бір томы бір Самарканд салғызатын.


Бұл қазақ жомарт, текті дара қазақ,

Қытайдың шаруасындай қара қазақ.

Бітпейтін өзі бітпей тіршілікте

Өзімен бірге кетіп барады азап.


...Жаныңды аялайды асқар сенім,

Төксе де тоқтамайсың аспан селін.

Терлеген омырауы қара тұлпар.

Көзінде мөлт-мөлт еткен жас бар сенің.


Мейрам боп жатқан шығар мекеніңде,

Көп сөз тұр айтылатын екі ерніңде.

Тұлпардың көзіндегі жасты сүртер,

Кеш білдік қолдың керек екенін де.


Қабдештің суретіне

Аманжан Жақыпов


Бас мынау – көтергендей мойын әрең,

Төрт мезгіл тотықпайтын мойыл рең.

Қыр мұрын, құйма құлақ, күрең қабақ,

Шомбалдау будда бітім – шойын білем.


Шаш мынау – бір кездегі қара бұйра,

Жарасқан кең маңдайдың алабына.

Сұйылып барады екен қуаң тартып,

Түскен-ау тамам ойдың талауына.

Па, шіркін, сабазыңның отырысын!

Мәңгіге қалатындай осы мүсін.

Келешек көп үңілер бұл суреттің,

Жүзінен жұмбақ сырды оқу үшін.


Қабдеш хақында

Қажытай Ілиясұлы


Ұлтыңды қолдап, басыңнан бір сөз асырмай,

Тік жүргендейсің кемінде екі ғасырдай.

Жердің шарын жұмыртқаша шайқадың

Құйының әлі, күйігің әлі басылмай.

Торғайдай тозған туыстарың жазылды-ау,

Кең маңдайыңа қазақы ердің қасындай.

Бәрін де соның қапысыз қашап үлгердің

Қасиетін де, қасіретін де жасырмай.


Арындап ойлап, қаның да қайнап қарадай.

Қамығушы едің ішкен ас бойға тарамай.

Жұртыңның жүгі қаншама ауыр болғанмен,

Қайыспай тарттың, майыспай тарттың, нар аға-ай!

Шеніңе келмей шелиетіндер толып жүр.

Шылауыңа да, қылауыңа да жарамай.

Кісіліктің жұлдызы жанып маңдайда,

Жосылып бердің кедергілерге қарамай!


Тындырған ісің керіні бері бұрғандай

Адалын ақтап, арамын басқа ұрғандай.

Атақтың бәрін сыпырып алдың қаламмен,

Сөз салмағы безбенге түссе құр қалмай.

Шын данышпан данышпанға тарта ма,

Айнымайтын мазмұн қандай, түр қандай?!

Есі барлардың елестейсің көзіне,

Мұхтар болып қайта туып тұрғандай!

Қабдешке

Алмас Ахметбекұлы


Сол қолмен жағын сүйеп отыр Қабаң,

Ойында кеткен есе

өткен бақыт.

Төнеді ақ қағазға қара қалам,

Саусақтың жақтауына кеткен батып.
Әредік самалы кеп келешектің,

Қозғайды сықырлатып сыр есігін.

Бау-бағы қандай еді Шәуешектің?

Өзені қандай еді Сібетінің.


Бізден де өтіп еді қандай заман,

Сенсіз де, кім бар еді тектегендей?

Мүлгиді Тарбағатай мұз құрсаған,

Бұл маңға ешкім келіп- кетпегендей.


Еңсеңді ғасырлардың жүгі басып,

Күрсінбей өткен күнің,

Бар ма, Ағатай?!

Беу, Қабдеш,

Айтты деме асып-тасып,

Сен таусың,

Сенің атың – Тарбағатай!
Дарабоз

Ермұрат Зейілхан

Жампоз ұлды Тәңірім –

Ілеуде бір жаратар еді...

Атасының мекені,

Шығыс Түркістанда.

Дауыл алдында шыр-пыр болған.

Мұзбалақтың балапаны еді...

Жолына жүк қалдырмас қара Атан еді...
... Дүние алмағайыбынан

Жүк қалдырмай көтеріп,

Дүние Таңғажайыбынан

Прометейдей от өріп.

Тағдырдың тарландарының

Аманаты өтеліп,

Соңғы көш арландарының

Армандарын әкеліп –


Нар кескен тілдің Қабанбайы сынды,

Қайқая шапқан Дарабоз.

Шырқаудан жеткен қыран дауысы

Санаға соны салады із.

Қайда жүрсе де қазағым деген

Әз кеуделердің тумасы.

Қайратты қайтпас, қажу білмеген

Қабырғалы елдің тұлғасы!....


Әдебиеттер тізімі
Жұмаділов Қ. Саржайлау: Повесть және әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1978.-270 б.

Жұмаділов Қ. Соңғы көш: Роман: 1 кітап.-Алматы: Жазушы, 1980.-

444 б.

Жұмаділов Қ. Соңғы көш: Роман: 2 кітап.- Алматы: Жазушы, 1981.-



472 б.

Жұмаділов Қ. Шарайна: Роман, повесть, әңгімелер.- Алматы: Жалын, 1982.-471 б.

Жұмаділов Қ. Сәйгүліктер: Повестер.- Алматы: Жазушы, 1984. –

384 б.


Жұмаділов Қ. Атамекен: Роман.- Алматы: Жалын, 1985.-334 б.

Жұмаділов Қ. Тағдыр: Роман.-Алматы: Жазушы, 1988.- 624 б.


Жұмаділов Қ. Екі томдық таңдамалы шығармалар.- Алматы: Жазушы, 1989.-432 б.

Жұмаділов Қ. Дарабоз: Қаракерей Қабанбай батыр туралы тарихи роман.- Алматы: Шабыт, 1994.-416 б.


Жұмаділов Қ. Таңғажайып дүние: Ғұмырнамалық роман.- Алматы: Тамыр, 1999.-624 б.
Жұмаділов Қ. Прометей алауы: Роман және әңгімелер.- Алматы: Атамұра, 2002.-352 б.
Жұмаділов Қ. Бір ғана ғұмыр: Әңгімелер.- Алматы: Атамұра, 2004.-

357 б.


Жұмаділов Қ. Мәңгілік майдан: Хиқаяттар, әңгімелер, сыр-сұхбаттар.- Алматы: Атамұра, 2008.-336 б.
Жұмаділов Қ. Дарабоз: Т.1.- Алматы: Ан-Арыс, 2009.-416 б.
Жұмаділов Қ. Дарабоз: Т.2.- Алматы: Ан-Арыс, 2009.-416 б.
Жұмаділов Қ. Тозақ оты: Хиқаяттар, әңгімелер, сыр-сұхбат, ой-толғамдар.- Алматы: Қазығұрт, 2010.-424 б.
Жұмаділов Қ. Әріп пен Сара: Хиқаяттар, әңгімелер, сыр-сұхбат, ой-толғамдар.- Алматы: Қазығұрт, 2013.-436 б.
Жұмаділов Қ. Аққуды атпас болар: Хиқаяттар, әңгімелер, сыр-сұхбат, ой-толғамдар.- Алматы: Мерей, 2014.- 442 б.
Х Х Х
Жұмаділов Қ. //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан даму институты, 1999.-229 б.
Жұмаділов Қ. // Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Аруна, 2005.-276 б.
Ақышев Н. // Қ.Жұмаділов: Қазақ көркем сөзінің шеберлері: анықтамалық.- Қарағанды: Экожан, 2010.- 394 б.
Мұқатай Б. // Қ.Жұмаділов: ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті 2001-2011: ұжымдық монография.- Алматы: Арда, 2011.- 287 б.
Ақатаев С. Ақыл мен айла айқасып: [Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы туралы] //Ақатаев С. Тереңнен тартқан тамырлар.- Алматы, 1988.- 118-124 б.

Х Х Х
Ілиясұлы Қ. Қаламгерге төнген қатерлер: [Қ.Жұмаділов туралы] //Жас Алаш.- 2011.- 26 сәуір.- 5 б.


Сағындықұлы Ә. Қазақ қара сөзінің дарабозы: [Қ.Жұмаділов туралы] //Қазақ әдебиеті.- 2011.- 22 сәуір.- 7 б.
Зайкенова Р. Қарасаз дарабозы: [Қ.Жұмаділов туралы] //Егемен Қазақстан.- 2011.- 23 сәуір.- 5 б.
Зайкенова Р. Зарлы шындық жыршысы: [Қ.Жұмаділов туралы] //Жұлдыз.- 2011.-№4.-145-153 б.

Мазмұны
Алғысөз 1 б.


Өмірбаяндық деректеме 3
«Тарихтың тереңінен маржан терген» -

кітап көрмесінің үлгісі 4


«Қара сөздің дарабозы» - шығармашылығына

саяхат 5


Қағытпа қалжыңдары.... 11
Ақындар жыр арнады 14
Әдебиеттер тізімі 18

Құрастырушы: Пазылова Р.Н. – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі
Редакторы: Дүйсебаева Ж.А. – кітап сақтау бөлімінің

меңгерушісі







Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет