Академик Ќ



бет26/31
Дата30.01.2023
өлшемі1,64 Mb.
#166761
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31
Байланысты:
b383 (1)
Бір шоқ гүл, Нургалиева Б.Н, 6 сабақ Жергілікті жердің жоспары, b3c17233-5860-4cf6-b34d-5c8bf697b395
Соңғы сапар
Сан салалы сыры, есепсіз қыры бар өмір жолын өткен кісіге баға бере сөйлеу жеке адам үшін тым ауыр борыш және ондай міндетті атқара қоямын деушілер әзірге бірен-саран болар. Сол себепті біз бұл жолы кұлақта қалған, есте сақталған әңгімелерінің кейбірін ғана қағаз бетіне түсірмекпіз. Бір ғана сапар баяндалмақ.
...Арқадағы ең сұлу да шұрайлы саналатын өңірдің бірі — Баянды аралауға шыққан сапарына ол кісі мені ерте кетті. Қарағанды облысының жер шегінен шыға бере, Баян тауының солтүстік батысындағы Ащы мен Тұщы өзендерінің қосылар құйылысына, Ақкелін деп аталатын төбешік таудың бауырына келіп тоқтадық. Бұл - «Шадыра» совхозының бөлімшесі. Қанекең бұл жерге азғана аялдап, бала кезінде бірге өскен құрбы-құрдастарымен құшақ жая сәлемдесті де, әудем жерде төбесі көрініп тұрған өз атасының қонысын көруге асықты. Дүниеге шыр етіп түскен, қаз тұрған, қыста сырғанақ теуіп, жазда асық ойнап, асыр салған Айырық тауының бауыры ол кісіге соншалық ыстық көрініп кеткенін аңғардық. Машина тізбегі жүйткіп келеді. «Победа» ішінде өзінің сәби шақтағы досы, құрдасы Жұмаш қартпен қатар отыр. Жұмекең Ащының бойьнда өткен әр оқиғаны еске алып, әңгіме шертіп келеді. Қанекең үнсіз. Өңі сұрғылт, қабағы қатыңқы, ойға батқан, салалы кірпік астынан төңірекке қыдыра қараған жанарына ылғал ілінгендей.
-Мынау төбе өзіміз асыр салатын Қарамұрын...
-...Жұмекең шөккен нардай қара тасты нұсқаған сәтте:
-Жұмеке, осы жерге түселік,— деді.
Төбе басына шықтық, шынында созыла сұлаған үлкен қара тас кісі мұрнына ұқсайды екен. Замандастар балалық шағын еске алып, Қарамұрынды ат қып мін-генін, осы төбе басынан сырғанаған итшананың устінде отырып, Ащы өзенінің мұз айдынынан бірақ шығатынын, бір күні екпіндей аққан шананың көршінің терезесіне еніп кеткенін айтысып, күлісті.
Қарамұрынның етегі — Қанекеңнің әкесі Имантай қыстауы. Шикі кірпіштен салынған үйлердің бірі де жоқ, төбешік-төмпешік болып орындары ғана жатыр. Аумақты үйдің орнына ойлана қарап тұрып, Қанекең сабырлы үнмен сөйлеп кетті.
- Мына бір шұңқыр менің бөлмем болатын. Бірінші рет мектепке барарда осы бөлмеден шықтым. Үлкен қалаларда оқып жүріп жазғы демалысқа елге оралғанда, жайлаудан арнай келіп өз бөлмеме кіріп шығатын әдетім болатын. Кейін бұл бөлме отау аталған, тұңғышымыз да осы бөлмеде шыр еткен...
Жұмекең де сөз жарастырып, неше қилы оқиғаны еске салды. Ойын баласының құмарын сарықпайтын, ашыған көжесін қыс бойы үзбейтін Мейіз әжей де еске алынды.
Біз Ащыдан өтіп, бір шақырымдай жердегі Айырық тауының ығындағы Сәтбай атаньщ аулына келдік. Мұнда да совхоз бөлімшесі. Малшылардың тұрғын үйлері жаңадан салынған. Бірінен бірі оқшау салынған ескі үйлердің орындары ғана жатыр. Кезінде әйгілі ағартушының бірі болған Әбікей қыстауын көргенде, бүгінгі астана дәрігерлері Райхан, Раушандар еске алынды. Совхоз қойшысы Шалабай қарт өз үйі жайында әңгіме қозғайды. Қайнағамыз Ғазали, Мағаз атайдың бүркіт бағатын бөлмесін іздеп жүр. Адалдығы мен кіршіксіз ақ көңілдігі осы төңірекке аңыз болған Нұрлан қарт кішкене немересін жетектеп, «қажы атаның орнын көріп келейінші» деп, Сәтекең үйіне қарай беттеді. Қанекең өзі дүниеге келген үйдің құрылысымен таныстырып, Имекеңнің алғашқы отауын төңіректеп жүр. Атасы жайында да талай әңгіме қозғады. Имантайды ата дейтін. Оның себебі ауыл атасы атанған Сәтбай қарт 1904 жылы Қаныштың бес жасында қажыға барған сапарында Меккеде қайтыс болады да, бір ауылдың ендігі үлкені, Сәтбайдың түңдғышы Имантай — ата атанады. Жұртпен бірге балалары да өз әкесін ата дейтін болған. Оның сыртында Қаныш — Имантайдың 56 жасында туған кенжесі. Өз шешесі Әлима 1901 жылы қайтыс болады да, Имантайдың бәйбішесі, бүкіл ауыл балалары «Қара әже» деп еркелейтін, өте мейірібанды, «түнерері бар да, жауары жоқ», тым балажан кісінің баурында өседі.
Сол күні түс ауа ауыл сыртындағы зират басында болдық. Ұзындығы елу, көлденеңі отыз метрлік, қалың дығы 80 сантиметр, есігі темір шарбақты қорған тұр. Қорғанның екі бұрышында екі құлпытас, бейіттің үстінде мәрмәр плита қойылған. Бұл екі бейіттің бірінде Қаныштың әкесі Имантай, екіншісінде анасы Әлима, құлпытастарда марқұмдардың аты, туған, өлген жылдары бүгінгіше жазылған. Ата-баба зиратын осы қалыпқа келтіру үшін Қанекең өз қаражатын беріп, арнаулы кісі жіберген болатьш. Бүгін ол өз ойының қалай орындалғанын көріп тұр. Ауыл ақсақалдары ескі ырымын жасап, дұғаға кірісті. Ала шапанды, ақ сақалды кісі ұзын сүреге түсіп кетті. Әлден уақытта аяқ талдырып бітті. Бір қалтарыста «бала, шаршаған жоқсың ба, біздің ауылдың қарттары дұғаны ұзақ оқиды»— деп жымиды Қанекең.
Отыз бес жылдан кейін оралған аулына қош айтысып, кейін оралуға ыңғай білдірді ол кісі. Ащыдан машинамен өттік те, Қарамұрынға келгенде машинадан түсіп, бөлімше орталығына шейін жаяу жүрдік. Қанекең, Жұмекең, қастарында мен, өзен бойын қуалай жүріп келеміз. Ол кісілер кезектесіп әңгіме шертеді, мен тыңдаушы. Қарамұрын мен алдымызда тұрған қыстаудың арасы үш шақырымдай. Жер ортасына келгенде, Қанекең мырс етіп күліп жіберіп, әңгіме бастады.
— Мына қыстау Шорманның немересі Зында дейтін кісінің мекені болатын. Малды кісі. Түйесі бірталай еді. Жүні тықыр, сирақтары ұзын, қатқан қара үлегі болатын. Тентек еді. Әсіресе көктемде, келеге түсер кезінде екі көзі от шашып, езуінен көбігі бұрқырап, құйрығын шабақтап, тірі жанды шайнап тастауға құлшы-натын. Әменде сол үлек бір жерде кісендеулі тұратын. Ұмытпасам 1908 жылы Зынданың осы үйінің бір бөлмесінде орыс тілінде оқытатын екі кластық мектеп ашылды. Алғашқы оқушылардың бірі менмін. Біздің ауыл балалары мектепке өзен бойындағы тура жолмен келуге қара үлектен қорқып, қыр астымеи қиғаш жүріп, кейде тайға мініп қатынайтын. Ауылға жарысып кайтуды ойлап, қу баланың бірі «Қара үлек!» дегенде шаба жөнелетінбіз. Мұғаліміміз Григорий Васильевич деген тамаша кісі еді. Қазақ тілінде өлең айтатын, қарттармен кеңес құратын, бірақ класқа кірісімен оның бәрін ұмытып, тек қана орыс тілінде сөйлейтін. Жайда да бізбен орысша сөйлесетін. Жұрт оны «Гриша» деп атап кетті.
Зында қыстауындамыз. Бұл қазір қой қора. Қойшы шалмен Қанекең кұшақ жайып амандасты. Қой өрісте. Бос қораны аралап келеміз. Жөндеу жүмысы басталмапты. Шаруа жайын сөйлесіп келе жатып, ескі үйдің бір бөлмесіне кірдік. Жаңа отыққан кенже козылар күйіс қайтарып маужырасып жатыр.
- Менің алғашқы көрген мектебім осы. Мына көк қозы жатқан жерде мен отыратын кішкене парта тұрушы еді.
Григорий Васильевич алғаш айтқан орысша сөзін де осы бөлмеде естігем...
Бір замандағы соқпаның бір бөлмесінде мұғаліміне қарап жаутаңдаған он бес баланың ішінен академик шығады екен деп кім ойлады екен... Бүгін қозы қора...— деген ойда түрып қалдым.
Қанекең бұл мектепте екі жыл оқып, Павлодардағы төрт жыл оқытатын екі класты мектепті 1914 жылы бітіргенін, онан кейін Семейдегі мұғалімдер семинариясында төрт жыл оқығанын әңгімеледі. Семинарияның төрт жылында Мұхтар Әуезовпен бір класс, бір партада отырғанын, Мұқаңның ол кезде өлең, шағын әңгімелер жазып жүретінін, алғашында өзінің де әдебиетке әуес болғанын, бірақ табиғат зерттейтін ғылымдарды көбірек сүйгендігін, Мұхтардың азғантай ағалығын жасап, әдебиетке жетелегенін сүйсіне сөйледі.
Келесі күні аты шулы Баянға бет алдық. Жолдағы Алексеевка селосына аялдап, бала кезінде сырлас болған орыс достарын тапты. Олар Қанекеңді қаума-лап, егде кісілердің бірі «қонақ бол», екіншісі «бізге бір күніңді сыйла» десіп, бірінің үйіне алып кірді. Жұмыс барлығын, жүрістің суыт екенін айтып, Қанекең кешірім сүрай берді. «Аттың жалы, түйенің қомында» дәм ауыз тиіп жолға шықтық.
Жаманаула, Жақсыаула атанатын таулардың баурайына кірдік.
- Енді Баян тауы басталды,— деп Қанекең шақшасын суырып әңгімеге кірісті. Баян — кәрі тау. Біздің геологтардың топшылауынша, тау екі жарым миллион жыл өседі де, соншалық уақыттың ішінде өшіп те болады. Баянның сексен мың жылдай өмірі қалды. Сонан кейін бұл жерден де тың көтеретін боламыз,— деп күлді. «Боламыз» дегеніне біз де күлдік. Кейін ойласам, ол кісі өзінің ғана атынан емес, алыс дүниені мәңгі өлмес халық атынан сөйлейді екен.
Баян тауының қойнындамыз. Тентек жел, долы дауыл, қара нөсер, қар суық, күн көзі мүжіген жақпар-жақпар шыңдар. Қанатын жайып ұшқалы тұрған қы-ран бүркітке ұқсайтын, болмаса дулығасын шешпей, тынығуға шалқасынан жатқан қас батыр кейіптес тастарды көресіз төбе бастарынан. Табиғаттан талантты суретші жоқ. Әр шың, әр төбе, әр тасқа үңіле қарасаңыз, ойға өмір көрінісінің нелер қилы елесі оралады. Қалың тастын қақ ортасына қолдан тесіп орнатқандай жасыл қарағайларды көріп:
-Қанеке, мына көріністің не сыры бар?—дестік.
-Қарағайдың жерден алар жемінің ең құнарлысы қальций. Таста сол кальций көп. Үлкен тастардың жақпарына, болмаса көтеріңкі тұрған бауырындағы қуысқа жел айдап тыққан қарағай ұрығы мол азыққа кенеледі де, өсе келе сол тастың өзін қорек етіп, жақпарды шағып шығып, жапырағын күн көзіне жаяды. Егін жайды тыңайтатын заттардың талайы осы тастардың бойында жатыр.
Баян қаласына кірдік. Машина жүре алатын көшесі санаулы ғана. Тау бектерін өрмелеп өскен кішкене қаланың көп көшесімен өрлегенде, табиғаттың өзі жасаған тас баспалдақпен жоғары шығасыз. Біріншіден, сырт көрушіге қызық та, екінші жағыйан, күнбе-кунгі шаруашылық тілегіне, баспалдақпен жүруді «білмей-тін» машина үшін қиянат екенін сезесін.
Ат басын тірер үйге жеттік. Қанекең келеді деген хабарға қала маңы құлақтанып қалыпты. Қақпа алды толған кемпір-шал, алыстан анталасқан жастар. Бәрінің қолын алып, амандығын біліскенше едәуір уақыт өтті. Бір сәт семинариядағы досы келіп, сүйісіп амандасты да, «Қонақ жолдан келді. Тыным алсын» деп, халыққа тарау ишаратын білдірді. Мен студент кездегі бір досымды тауып, Сабынды көлге кеттім, қарт достар өз әңгімесімен үйде қалды.
Теңіздей толқып, құлашын кеңге жайып жатқан шалқар көл. Тымырсық жел желпіген бетінен жағаға шыққан ұсақ толқынның өзі шашылған маржандай ақ көбікті ала келеді. Сабынды бізді сабынсыз қабылдады.
Күн еңкейе аудан басшылары Ахметов пен Чурин Қанекеңе қаланы аралатты. Мал жайы, егін жайы, қоныс жайы, Майқайын мен Екібастұз жайы кеңседе сөз болса керек, қазіргі әңгімелері жаңа үйлері жоқтың қасы, ескі әлпетінде қалған қала жайында больш келеді.
Мектеп үйінің жүдеу өңділігіне, жол түзеу жұмысының мардымсыздығына, жалпы мәдениет мәселесі кенжелеу екендігіне аудан басшылары қысылғандай. Сөз арасында Сұлтанмахмұт пен Жаяу Мұсаның басына белгі қою мәселесі көтерілгенде, олар шығарып салма жауаптап аса алмады. Осыны сезген болуы керек, жатағандау ағаш үйге қатарласа бергенде Қанекең тосын сұрақ қойды.
-Мынау үйде кім тұрады екен?
-Біле қоймадым,— дегенді екі басшы қатар айтты да,— неге сұрадыңыз?—деп қарсы сұрақ қойды.
-Бұл үйде бала кезімде көп болған едім. Иван Петрович дейтін аяулы кісі тұратын. Инабатты да өте білікті, көпке үлгі еді. Ұмытпасам, ішкі жақтан еріксіз келген. Орман бағатын. Әңгіме желісі өзгерген соң, қасындағылар да жадырай бастады.
Келер таңда тау арасынан жаңа салынған жолмен Майқайыңға бет алдық. Жолымызда аты шулы Жасыбай көлі. Иін тірескен қалың жыныс арасынан шыға келгенімізде, орман ортасын ойып алып, кісі қолымен қойып кеткендей болып Жасыбай жатыр екен. Мөп-мөлдір, жап-жасыл, бетінде толқын әжімінен белгі де жоқ. Шөкім бұлтсыз ашық аспанның, шын суретін қалтқысыз көрсету үшін орнатылған айна тәрізді Жан-жағын қаумалаған қалың қарағайдың көлге түскен сәулесіне көз жіберсең, сонау бір тереңде ұшар басын тұңғиық түбіне қарай созып, орман өсіп тұрғандай. Біз қатерге отырдық. Қанекең тіпті көңілді. Батысымыз — іркес-тіркес тау, шығысымыз — жұмысшылардың демалыс үйі, алдымыз — пионер лагері. Қатер ізінде толқынды көбік те жоқ, мұз айдынында сырғанаған спортшының конькиінің дыбысы ғана сезілгендей. Сымбатты сұлудын әжімсіз бетіне біткен меңдей боп көл ортасында дөп-дөңгелек арал тұр. Жағаға жуық етегіне жүзіп еткен жылқылар көл ортасында, аралдың бұйра шашындай ұйысқан қараған арасында емін-еркін үйездеп тұр. Табиғаттың осы көрінісіне сұқпаттана өскен Сұлтанмахмұттар қалайша ақын болмасын, Жаяу Мұсалар қалайша әнші болмасын, Қанекеңдер қалайша ерте оянбасын, жер сырын, табиғат тілін білуге қалайша қанат қақпасын дейсің іштей.
Жасыбай жағасындағы пионер лагеріне келіп түстік, машиналар көл айналып келіпті. Қанекең пионерлермен кездесіп, тәрбиешілермен әңгімелесті. Лагерь мұқтажына көмектесу жөнінде Майқайыңның басшыларына тілек білдірді. Лагерь асханасынан балалармен бірге отырып түстік іштік те, тағы да жолға шықтық.
Лагерьден шыға бере Баян да қол былғап қала берді. Сахараның жазығындамыз. Майқайың басшылары алда. Бізге жол қысқарсын деген болуы керек, Қанекең машина үстінде әңгіме бастады.
Томдағы технология институтында оқып жүрген кезім. Бір жылы академик Усов марқұм Бетпақ даладағы геологтар экспедициясында практика өтуге жолдама берді. Жолшыбай елге соғып, керек-жарағымды қоржынның екі басына тиеп алып, салт атпен сапарға шықтым. Жолшыбай ел қуалай отырып, бір жетіде экспедицияны таптым. Жөнімді айттым. Экспедиция бастығы маңдайы жарты қарыс, көзі тостағандай, сұңғақ бойлы, ақ сары жігіт қарсы келіп жөн сұрады. Мен ұстазым берген жолдаманы ұсындым. Қатты қуанып қалды. Сөйтсем, бұл да біздің ұстаздың шәкірті Михаил Петрович Русаков екен (Қазіргі Қазақстан Ғылым академиясының академигі). Ол кісімен біз сол сағаттан бастап ажырамас дос болып кеттік. Менің шын мәнінде Бетпақ даланы, әсіресе, Қарсақбай — Жезқазған ауданын зерттеу жұмысым да сол жылдан басталғанды. Майқайыңға да сол сапардан оралуда соғып танысқанмын.
Майқайың кақпасы да ашылды. Шағын ғана жұмысшы поселкесі. Ондаған жылдар бойы қазылып, жер бетіне тау-тау болып үйіліп калған тас пен топырақ кішкене каланың жер бетіне салынған қорғаны тәрізді. Келген сағаттан бастап Қанекең қалың қара дәптерін, калам-қарындашын алып, Майқайын басшыларымен өндіріс басына кетіп қалды. Екі кеш, бір күннің ішінде оңаша әңгімелері етті. Бізге мәлімсіз. Сөз арасында есітіп қалғандарым мұнда тек алтын, күміс қана емес, басқа да өте құнды шашыранды металдың көптігі, оны сонау үйілген топырақпен бірге жібермей, айырып алып, пайдаға асырудың жолдары. Өндіріс басшылары бас изесіп, кенесін қабылдап, тапсырмаларын екі етпеске, сұраған материалдарын Алматыға ала баруға уәде берісіп жатты.
Біз Екібастұзға жүріп кеттік. Тағы да жол әңгімесі басталды. Оған себеп болған машина приемнигінен естілген қазақтың халық әндері еді. Қанекең әнді сүйетін, өзі де әдемі қоңыр үнмен ән салатын. Әсіресе «Бүркітбай», «Әупілдек» тәрізді әндерді өте тамаша айтатын, домбыраға да әсем қосатын.
- Бородиннің «Князь Игоріндегі» қыпшақ қыздарынын хоры— қазақтын «Ғазиза» дейтін әні. Оны маған Александр Викторович Затаевич айтқанды. Ол кісімен бірнеше кездестім. Әнге әуес жас кезіміз ғой, мен де өзім білетін әндерді айтып едім, сонын біразын қуана жазып алды. Ән-әнге беретін түсінігінде, кей әннің сөзін, трактовкасын теріс баяндаған жерлері бар екен. Мен ез дәрежемде көмек көрсеттім. Маған ол кісі өзінің «Қазақтын 500 эні», «Қазақтың 1000 әні» деп аталатын кітаптарын өз қолымен сыйлады. Александр Викторович тамаша кісі болатын. Қазақ музыкасында алғаш тың көтеруші десе де болар еді...
Екібастұздамыз. Көшелері ұзыннан-ұзаққа созылған жаңа қала. Үйлері де егіз төлдей бірінен-бірі айнымайды. Көлденең көшелері қысқа. Жас каланың бой құмарлығы көрініп тұр. Қанекең өндіріс басшыларымен кеңеске кірісті. Бес метрден елу метрге шейін ғана тереңдікте жатқан көмір кенін ешбір шахтасыз, бетінде топырақ көрпесін сыпырып тастап, ашықтан-ашық экскаватормен күреп алып, вагондар тізбегіне төгіп жатыр. Біздің көргеніміз сол. Басқа терең сырлары ғалым мен өндіріс басшыларына аян.
Келер күн кештетіп Павлодарға шықтық. Қанекең бұл қалада төрт жыл оқып, 1914 жылы Семейге кеткенін, сонан бері 45 жылдың ішінде бір де келе алмағанын сөз етті:
-Ұмытпасам, 1917 жылдың күзі. Семейдің қара суығы. Үскірік жел ызың қағады да тұрады, өңменіңнен әтеді. Өкпе ауруына дәрігерлер еш көмек бере қоймаған соң, елге барып, халықтың қарапайым емімен — күшті аспен денсаулық түзеуді мақұл көрдім.
Күн еңкейіп қалған кез. Семинариядан елге ала кетуге қажет деп тапқан кітаптарымды алып, Әбікей ағайдікіне келемін. Бір айналмада бұрыла бергенімде, өңі сұрғылт, денесі ашаң, орта бойлы кісі қарсы кездесті де:
-Сәлемат па, інім. Сен Имекең баласы емеспісің?— деп оқыс сұрақ қойды. Бұрын бірер рет көрген кісім. Жыға тани алмай тұрмын.
-Имекең баласымын, Атым Қаныш.
-Мен Сұлтанмахмұтпын. Уақытың болса, бүгін кешке менін жатқан пәтеріме келіп кетші (адресін берді).
-Жарайды.
Өзіме таныс татар ағайынның үйі екен. Кештетіңкіреп келдім. Оңаша бөлме. Стол үсті десте қағаз, кітаптар. Ескі танысындай көріп, бөтен сөзге келген жоқ.
-Қаныш карағым, мен — көп оқуым жоқ кісі. Әсіресе орысшаға шорқақтаумын. Мына кітаптың мен көрсеткен жерін оқып шығып, кейбір жеке сездерін, жалпы сөйлемнің мәнін қазақша айтып көрші,— деді де, сырты сары қағазбен тысталған көлемді кітаптың бір бетін ашып маған ұсынды. Асты сызылған сөздері көп екен. Көз жүгіртіп көріп едім, алғашында өзім де мардымды ұға қоймадым. Екінші рет оқығанымда сол беттегі пікірдің жалпы сарынына түсінгендей болдым. Айта бастадым. Сұлтекең жазып отыр. Екі сағаттай отырдық. Шам түтіні екеумізді де жарыса жөтелтті. Мұңдасып та алдык.
Дәл осы көрініс бұдан кейін екі кеш қайталанды. Менің ертең елге жүретінімді білген Сұлтекең соңғы кеште ас дайындатып қойыпты. Ол кісі келесі үйге кеткенде жастық шақтың құмарлық сезімі билеп «Осы нендей кітап болды екен» деп, тысын ашып сыртына карасам: Капитал. Критика политической экономии. Сочинение Қарла Маркса, перевод с немецкого, том первый. Книга I. Процессь производства капитала. С -Петербургь, издание Н. П. Полякова. 1872.
Сұлтекеңмен соңғы рет Баянда, өз аулында, Торайғыр көлінің басында, 1919 жылы күзде кездестім. Науқас екен. Менің айыққаныма қатты қуанды...
Павлодарға түнделетіп жеттік. Қонақ үйдеміз. Қанекең ерте тұратын, қою шайды сүйетін. Шай баптау шеберлігі жөнінен талай ескерту алғанбыз. Қасындағы көмекшісі есік қағып: «Кетіп барамыз. кешке ораламыз» деп хабарлады да, ізін суытты. Қаланың жаңа құрылыстарын, заводтарын аралауға аттанса керек.
Мен де өз тіршілігімді істеп, қаланы араладым. Қаланың ортасында жермен-жексен бір қатарлы ескі ағаш үйлер иін тіресіп тұр. Ортасы иіліп, екі шеті Ертіске тірелетін 6-7-8-9 қатарлы зәулім үйлер ескі қаланы еңсесімен басып тұрғандай. Ескі Кереку, түбі сенің елесің де қалмайды-ау деп ойладым.
Жолаушылар қонақ үйде кешке ғана бас қостық. Бірер күннен кейін бетті қайтадан Қарағандыға бұрдық. Бұл жолы Баянның сыртымен жүріп, жолшыбай көмірі жер бетіне шығып жатқан Майкөбеңді көрдік. Бұл көмірге әлі ешкімнің қолы тимеген. Мәшһүр-Жүсіп бейітінің басында болдық. Ол кісінің кенже баласы Фазыл қартпен кездестік. Пенсионер мұғалім көптегеіі әнгіме шертті. Кештетіп «Шадыра» совхозының таныс бөлімшесіне жетіп қондық та, таңертең ертерек жүруге қамдандық. Совхоз орталығына да кідірмедік. Совхоз директоры Кенжебай Исин Қанекеңе берер қонақасьн орталықтан 10-15 километр жерге, жол жиегіне, ағаш арасына дайындапты.
Ағып жатқан су, жаздың ашық күні. Қапырық, ыссы да емес. Демалдық, рахаттандық. Суыт жол әбігерінің кебі сол жерде қалған тәрізді.
Машиналар жол бойына шықты. Жұртшылық та сол жаққа беттеді. Алып тұлғалы Қанекең өзгемізден оқшауырақ шығьш, Баян жаққа көз тастап тұрып қалды. Алыста сағымға оранып бұлдыр қаққан Жаманаула, Жақсыаула таулары тұр. Балалық дәуірді еске түсірген Айырық пен Жыланды таулары да қол былғап, оң сапар тілегендей. Қанекеннің жүзінде терең ой бар. Топқа оралды. Қош айтысып жолға шықтық. Бұдан кейін ол кісі кейінге бет бұрған жоқ. Бұл сапар Қанекеңнің туған жері, балалық шағын бірге өткізген тұрғыластарымен қоштасу сапары екенін енді ұққандаймы
Қ. Жармағамбетов




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет