Қазақстанның ұлт театры туралы Қаңтардың 13 күні Қызылорданың ойын үйінде Қазақстанның мемлекеттік қазақ труппасы жасаған сауық кешінде болдық. Бұл күнгі сауық труппаның бір жылдық тойына арналған екен.
Бір жылдық өмір театр сияқты негізді жұмысқа көп уақыт емес, әйтсе де, сауық кешінен қазақ труппасының осы аз уақыттың ішінде, көп тәжірибе алып, ысылып, бойы өсіп, бұғанасы қату жолында түзу бет алғаны көрініп отыр.
Мұнан бір жыл бұрын Қазақстанда бірыңғай театр өнеріне арналған ешбір ұйым болған емес. Семей, Қызылжар сияқты қалаларда анда-санда қойылып отыратын сауық кештері көбінесе шәкірттер, мұғалімдер сияқты талапкерлерден құралушы еді де, олардың жасалу, өркендеу себептері театр негізінен шет, түрлі өзгерме шарттарға байланысты болатын. Сондықтан, ұлттық театр труппасын жасап шығару Қазақстан Оқу Қомиссариатының көптен келе жатқан борышы болушы еді. Қазір ол труппа жасалып, бір жастан екіншіге аяқ басқан шағында өзінің «қаз тұруға» жарап қалғандығын қойған соңғы сауық кешінде толық көрсетті деуге болады.
Сауықтың алғашқы бөлімінде «Малқамбай» дейтін үш перделік күлдіргі қойылды. Аз-маз кемшілігін сөз қылмай, жалпы алғанда, ойнаушылардың сахнаға үйреніп бойын саспай, кең ұстауға бет алғандығы сезіледі.
Соңғы екі бөлім концертке арналган. Мұнда: ән, хор, декламация айтылды.
Әміре бұл жолы «Қанапия», «Жанбота» сияқты шырқалып, шалқып салынатын қазақтың ескі, ескекті әндеріне молырақ көңіл бөлгендігін көрсетті. Бұл, әрине, сүйсінерлік нәрсе. Мұнан былай да Әміре сияқты әншілер осы бағыттан таймауы дұрыс болар еді. Өйткені: «Қанапия», «Жанбота», «Сырымбет», «Алты басар», «Топайкөк», «Шама» сияқты ескі әндер қазақ елінің саф әуе, сайын дала, сары қымызға емін-еркін өрістеп жүрген дәуіріндегі шығарған сарындары. Сондықтан, олардың нақысында іншілік, еркелік, өжеттік сезімдер күшті. Бұл жөнінде көрсетерлік аз кемшілік Әміренің «Қанапияның» аяғын тым шолағырақ қайыратындығы.
Қанапия өткен ғасырдың 60-шы жылдарында шыққан қазақтың ең соңғы батырларының бірі. Оның әкесі қыпшақ Басықара батыр бір көтерілісте «патша әскерінің құмалақтай қорғасыны кісі өлтіруші ме еді» деп, қамалға шауып, оққа ұшқан. Ол кезде Қанапия да әкесінің жолын куып, қолжиып, батырлық істеген. Біржағы Омбы мен Қызылжар, екінші жағы Сыр мен Шу өлкесінің арасындағы байтақ жерде Қанапия өз заманында ат ойнатқан. Бірақ кейінірек ел реңкі де, жер реңкі де өзгеріп, ауданы тарылған уақытта бір соғыста қуып жүрген патша отряды кездесіп, Қанапияның 16 жігітін ұстап, көгендей тізіп, Қара өткелдің абақтысына жабады. Тұтқындағы жолдастарын басқа жолмен босата алмайтындығына көзі жеткен соң, Қанапия өз еркімен келіп қолға түсіп, абақтыдағы жолдастарын шығарып, тұтқында өзі қалады.
Артынан елдегі қатын-баласы мен жолдастары амандасуға келгенде, абақты бастығы оларға Қанапияны жолықтырмайды. Сол кезде абақты терезесінің темір торына сүйеніп тұрып, ішін кернеген ыза мен шерін (Қанапия) жақындарына осы әнмен білдірген екен дейді. Сондықтан, бұл әннің сарыны да алғашқы шенінде қанбаған құшыр, сөнбеген құмарлықтың зарлы өксігі, соңына таман әсіресе кенет көтеріп әкелетін ащы айқайынан гөрі, арыстанның күрілі сияқты, өзгеше күшті долдану мен уытты, күшті зығырдың шалқыған жалыны елестейді. «Қанапияны» өз аузынан естідік деп салатын Арқадағы кәрі әншілер (әсіресе Баянауылы тауындағы Сапарбек дейтін шал) «Қанапияның» сарынын жоғарғы бейнеге дәл келтіруші еді.
Әміреде кейінгі айтуларында «Қанапияның» нақысын солардан түзеп алар деп сенеміз.
Иса туралы сөзді көп ұзартуға болмайды. Өйткені, оның бойындағы ақындық, толғану, қасиеттері өзі мен өзі болмаса, басқа «сыртқы» күштерге бас июге көп көне бермейтіндігі айқын көрініп тұр. Жалғыз-ақ айтатынымыз: 1) Иса қазақ труппасының ең көрнекті күштерінің бірі, 2) Исаның «Толғауларынан» сахна жүзінде көпшіліктің көзіне баяғы Асаңқайғы, Бұқар сияқты жыраудың бейнесін елестетуге мүмкін.
Дүйсенғалидың бастапқы айтқан «Қойшының қиялы» қандай көркем, көрнекті болса, артынан шақырғанда шығып айтқан «Шиқылдағы» соншама сиықсыз, сәйкессіз болып өтті.
Тегінде декламация, не әнмен айтылатын мело-декламация сияқты сахна көріністерінде әуелгі номер мен кейінгі шақырулардың арасында пішін мен мазмұн үйлесімдері (гармония) сақталуы керек. Сонда ғана көрушінің алатын әсері болмақшы, әрі күшеймекші.
Қонцерт бөліміндегі нашар шыққан Құрманбектің хоры. Ол шынында хор емес. Өйткені, шын хор тенор, альт, бас сияқты әр дауыстың үндестігінен құралуы керек. Құрманбектің хорына келсек, олай емес, бір-ақ дауыстан құралған (унисон). Бұған шынында Құрманбек кінәлі емес, Қазақстанның қазіргі мәдениеті, театр күштерінің лебіз жүйесіндегі жалпы жастығы кінәлі. Хор мен оркестр құру үшін алдымен лебіз жүйесінің жалпы зандарын жете білу керек, бұл гармония зандары. Бұл қазақ әншілерінің әуелі Европа музыкасының жалпы жүйе, техникасымен таныс болуын шарт қылмақшы.
Қалибектің мысқылдары мен Мұқамедидің биі айрықша көз салып, көңіл бөлерлік нәрселер, өткір, орынды, улы мысқыл көпшіліктің міндерін түзеу жолында ең күшті құралдың бірі екендігі дауыссыз. Өйткені, жабайы сөздер тек сүйектен өтетін болса, улы мысқыл оның аржағында бүйректен детесіп өтуі мүмкін. Қазақ елі мысқылды, кулықты бағалайды. Сондықтан, қазақ ұлт театрында келешекте осы күлдіргі сөз (Мысқыл бөлімі), жоғары сатыға қойылар деп сенуге болады.
Қазақ елінде билеу деген жоқ. Билеу бұрын бар болса да, қазірде ұмыт болған. Сондықтан зерттеу, байқау жөніне болса да, Мұқамедидің жасап келе жатқан «қазақша балетіне» айрықша назар салу керек. Оның өзіне бірер жыл болса да, Москвадагы балет студиясына жіберіп, үлгі көрсетсе, тіпті жақсы болар еді.
Қазақ труппасының жалпы бір кемшілігі ішінде күйшілердің, музыкаға шебер күштердің мүлде жоқтығы. Бұл зор кемшілік. Европаша болмаса да, қазақша домбыра мен мандолинаны қосып отырса, не скрипкаға қазақ әндері сахна жүзінде шебер ойналып отырса, тындаушыға көп әсер беруінде дау жоқ.
Қорытып келгенде, қазақ ұлт театрының келешектегі жолына төменгі 3 бағыт негіз болуы керек деп білеміз.
1.Театр ел өмірінің түзу айнасы.
2. Театр ел міндерінің құрлы тезі, төреші ұстазы.
3. Театр қазақтың салт-сана, күйі, сарындары сияқты мәдениет өнер кендерінің терең ошағы, ұйтқысы.
Бұл негіздерді жүзеге асыру жолында ұлт театрына әлі де болса келешекте көп қайрат, қажыр, қазына керек болады. Соңғы шарттар бірыңғай ұлт труппасындағы ойыншылардың ғана қолында емес, әлеуметтің түзу сыны мен Қазақстанның Оқу Комиссариатының көмегінде (әсіресе жалпы бағыт, үлгі, қаражат жақтарынан). Бұл жөніндегі кезекті мәселе труппаның ішіндегі шебер ойыншыларды іріктеп, Москвадағы түрлі сахна студияларына жіберіп, өнегелендіру жүйесі (қазіргі ең қажеті музыка, сурет, декорация мен драма студияларының үлгісі болуға керек).
Қазірде ұлт труппасының басында Жұмат сияқты театр жұмысын шын сүйетін, қалам өнеріне де шебер, қажырлы азаматымыз отыр. Бұл да ұлт театрының келешекте түзу жолмен жүріп, тез өркендеуіне сенім болуға жарайды.