Секция 2
Әдебиет және фольклор
Литература и фольклор
Обаған
Сегіз қанат ақ орда іші толы адамдар, оң жақта төсек алдында маңғаз ақ бәйбіше құлаштап қымыз сапырады. Оның жанында тізелес үй иесі Шман ақсақал отыр. Ол орысша киінген, сүйікті тәрбиелі, ол ауыл ішіне көсемшіл, сөз сөйлеп шешен, ескі сөзге шебер жайматоп кең алқаның мандай ақсақалы. Біз, қонақтар, төрде отырмыз. Алдымызда кесе-кесе қара сабаның қымызы, әбден бөртіп шекеміз қызып алған, жүрек лепірген, көзге от ұрынған. Қонақтардың уақыт хоштығын табу үшін босаға жақта бір әйел ән салып жатыр: жасқа толған кексе әйел, әйтсе де даусының ырғағы, толқыны аса майда, нәзік заманында талай бозбалалардың жүрегін жалмағаны көрініп отыр... Сарынынан кейде өксу, зарлар, үмітсіздік мұндары кейде шықпаған құшыр, қанбаған құмарлықтың қызулы зығырлары сорғалайды.
Дауыс мың түрге құбылады, құлпырады, бытырайды. Көз алдыңа Сарыарқа, сайран жер, нулы ел, сары қымыз, саф һауа, сайын еркіндіктің ұшқындары елестейді. «Қызықты, қайран дәурендер! Өттің, кеттің, қайрылар күнің болар ма» деген сияқты жүрекке бір түрлі тәтті уайым, майда сағыныш түскендей, жіңішке нәзік дауыс бір мезгілде тіпті солқылдайды, зарлайды:
Жарың биік, Обаған, суың тәтті,
Үшбу хасірет жаныма жаман батты..
Тобыл өтіп Обаған келгенімде
Алшаң кер мен аягөз арам қатты,
деп тұрып өксиді, күңіренеді, көз алдыңа жапан далада жүрегін кернеген шерді қайда көмерін білмей сандалып жүрген жалғыз адам елестегендей... Шыдай алмай бұл ән не? деп сұраймын. Әнші әйел, Пұшық ақсақал жауап береді. «Бұл, «Обаған» деген қазақтың ескі әні, осы уақытта мүлде ұмытылып бара жатыр, біздін, бала кезімізде «Обағанды» білмейтін әнші жоқ болушы еді. Біраздан кейін бұл әннің қалай шыққанын да білмейсіндер ғой?» - дейді. Біз бір ауыздан «естігеніміз жоқ», дейміз. Ақсақал көзін төмен салып біраз отырды да, саусағымен сақалын тарап қойып, бірер рет даусын кенеп алып сөзге кіріседі.
«Обаған» дейтін өзен аты. Сол Обаған өзенінің кең алқап, терең сай, биік жарында бұрынғы заманда Өсіп дейтін мырза болған екен, Өсіп мырзаның байлығы алты ру алашқа жайылып, төрт түлік малы Обаған өзенінің кең түбектерін қайыстырады дейді. Өсіптің бала дегенде Ахық дейтін жалғыз ғана қызы болыпты. Ең дәулеттің арқасында өрім талдай бұралып өскен Ахық сүлуға Құдыкейкі Ахмет Жантуриннің офицер әкесі ғашық болады. Жаңа өспірім, сымбатты жас офиңер Жантуринге Ахықтың да көңілі бұрылады. Сөйтіп, екі ғашық өлі денеге рух беретін, іш елжіреп, жүрек өртенетін, тас балқытып, тау соғатын жалынды махаббаттың бірінші толқынына әбден шомады.
Бұлар жазды күні, сәуір түні, аңқыған гүл, майда ескен жел, сайраған бұлбұл, сарқыраған су етегінде махаббаттың жемістерін теріп жүргенде, Өсіп мырза қызы Ахықты Көкшетаудағы атақты Шыңғыстың баласы Сұлтанмахмұт деген адамға бермекші болады. Уағда байлайды, құда түседі, сөз бітеді. Екі ғашықтың күні қараң болады. Гүлі солады, мергеннің оғына ұшқан жолбарыстай, құмары қайнап, қаны тасыған Ахық сұлудың қыпша белі, нәзік құшағы қызу қойнына есі шығып, бойы еріп, төзімі билеп, ақылы жасыған ғашық Жантурин Өсіп мырзаға кісі салады. «Ахықты сүйгеніне берсе маған берсін, болмаса Сұлтанмахмұтпен жеңісіп біріміз аламыз?» дейді.
Жантуринге беруге Шыңғыспен байласқан уәдесін бұза алмай, Сұлтанмахмұтқа беруге қызының көз жасын қия алмай Өсіп мырза сандалады. Сөйтіп жүргенде, Жантуринді әскер бастығы ұлық Орынборға шақырып әкетеді. Орынборға барып ашық кеуделі, нұрлы бет, құбылмалы қала әйелдерімен жүріп, баяма ғашықтықпен әбден танысып алған соң, Жантуриннің көңілі басылады. Махаббаты суый бастайды, Ахық ұмыт болады. Жалғыз-ақ жас махаббаттың қызулы жалыны жарынан айрылып жаны күйген жаралы Ахықтың жүрегіне орнайды, тұтанады, жанады, рақымсыз тағдыр болмайды. Екі жылдан соң, Шыңғыстың баласы Сұлтан келіп, күйеушілеп жатып, ырым-жырымы біткен соң, Ахықты ұзатып алып кетеді. Сүйгенінен айрылып, қанаты қайрылған құстай ұшуға дәрмен жоқ, есіл-дерті асыл Жантурин болып күндіз күлкі, түнгі ұйқыдан айрылып, сорлы Ахықтың жүрегі қайғы шермен бітеді. Келешектен үміт күтіп, өткенмен өмір сүріп, Обаған жиегіндегі сылдыр аққан өзен жанында, жылмың қаққан жұлдыз астындағы Жантуринмен байласқан серт, айтысқан ант, қызулы құшақ, құшырлы сүйіс, құмарлы түндерін еске алып, Жантуриннің шығарып берген әуелгі өлеңдерін үнемі әндетіп айтып отырады екен. Келіншегінің не шаруа, не әзіл, не қалжыңмен ісі болмай, тырмысып, керіп сарнап отыруы Сұлтанмахмұтты ойға салады, қапаландырады. Сырын сұрап, шерін қозғаған Сұлтанға Ахық бір күні шынын айтады, жүрегін ақтарады. Төре тұқымы текті Сұлтан бұл іске намыс қылады, зығырданады, қаны қайнайды, сорлы Ахықты масқаралап, төркініне әкеп тастайды. Сонымен не сүйгені Жантуринге бара алмай, не берген күйеуі Сұлтанмахмұтта тұра алмай, екі ортада дал болып Ахық сұлу қалған өмірін өз үйінде арылмас қайғы, ашылмас шерде өткізген екен. Сол уақыттағы Ахықтың әндетіп шырқап көңілін басатын Қ. И. Сәтбаев әні осы «Обаған» екен. Мұның ішіндегі сөздерін сүйген досы Жантурин шығарып берсе керек, ол сөздері мынау:
Суың тәтті, Обаған, жарың биік,
Қасіретінді мен тарттым жаным күйіп.
Ғашық болған арқада бір бала едің,
Кете алмадым жолыңа жаным қиып.
Бір саласы Жайықтың Ешкіқуған,
Түнде тұрып қолынды шомылдырған.
Қайғысын еркемнің ұмытпайын
Уағда қылған жерінде үш күн тұрған.
Жарыңбиік, Обаған, суың тәтті,
Ұшбу қасірет жаныма жаман батты.
Тобыл өтіп, Обаған келгенімде
Алшаң кер мен аягөз арам қатты.
Дайым менің мінгенім торы жорға,
Жорғалатып шығамын биік қырға.
Кел, деген Орынборға әмір шықты,
Одағы ойлап тұрсам бізді сорға.
Мәңгілік сеніменен айырылған соң
Кетемін қапа болып Орынборға.
Жаудырап екі көзің телміресің,
Ілініп қаршығадай түскен торға,
Бүйтіп күйік болғанша саған, еркем,
Жығылып өлсем нетті қазған орға.
Тағы да аяғы бар еді, ұмытып қалсам керек. Ескі сөз есте тұра ма? деді де тоқтады ақсақал. Біз де үндемедік. Үйдегі адамдардың бәрінің басы төмен иілген, бәрі ойланған, шыбын ұшса естілерлік... сол минутте кімнің не ойлағанын қайдан білейін, өзімнің ойлағаным, Ахық сияқты зарлы қазақ әйелі біреу емес, мың, бастағы шашты сана да оларды сана, күйігі бірдей шығар. Өткен күндерде, қазіргі күндерде, қазіргі заманда көпшіліктің ішінде мұратына жете алмай, ішінен тынып, түнеріп жүрген талай үнсіз, тілсіз, мұнды, шерлі Ахықтар, Жантуриндер жүрген шығар. Бірақ олардың ішін ақтарып, түпкі сырын кім көрген, кім білген?.
Достарыңызбен бөлісу: |