«АЛА» СӨЗІНІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ
Изтаева Балкис -
5В020500 – «Филология» мамандығының 2-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., профессор Б.Қасым
Халықтың асыл мұраларын жеткізуші ана тілімізді ардақтай отырып, оның даму, толығу үдерістерін жан-жақты зерттеу, танып-білу арқылы түр-түс атауларының термин ретінде қалыптастыру мүмкіндіктерін ашу – бүгінгі күн талаптарының бірі деп қарауға болады. Түр-түстердің табиғатын білу, құрамын анықтау, қолданыс аясын кеңейту – өмірдің барлық саласына да қажетті және маңызы зор мәселе. Адамзат мəдениетіде түр-түс қоғамдық санада қалыптасқан тұрақты ассоциациялардың нəтижесінде нақты бір заттық ұғыммен сəйкестендірілгенде символ бола алады. Қазіргі таңда әлемдік тіл білімінде түс атауларының зерттелуіне айрықша мән беріліп келеді. Қазақ тілінде түр-түске байланысты қолданылатын сөздер тек түсті ғана білдіріп қоймайды, сонымен қатар ұлттық мәдениет, тарих, дүниетаным, қазақы түсінікпен де сабақтасып жатады, яғни, белгілі бір шеңбер аясында қолданылып, тура, ауыспалы, шартты, символдық т.б. мағыналарды білдіреді. Түр-түс атауларының қолданысын лингвистикалық тұрғыдан сөз еткенде олардың тіліміздегі жан-жақты қыры ашыла түседі. Лингвистикада түр-түс атаулары американдық ғалымдар Л.Уорф, Э.Сепир еңбектерінде тікелей зерттеу нысанына айнала отырып, көптеген жекелеген тіл білімдерінде түс атауларының концептуалдық, символикалық т.б. сипаттары туралы зерттеулердің туындауына түрткі болды. Ал, қазақ тіл білімінде түр-түс атауларын осы тұрғыдан зерттеу нысанына айналдырған еңбектер қатарында Ә. Қайдар, Б. Қасым, Г.Зайсанбаева, Н. Аитова, Р.Лауланбекова, З. Ахтамбердиева, Ш. Жарқынбекованың зерттеулерін атауға болады.
Қазақ тілінде «ала» сөзі көптеген фразеологизмдердің құрамында, жер-су аттарында, түрлі этнографизмдер мен тарихи сөздердің құрамында, мақал-мəтелдер мен жұмбақтарда кездеседі. Əсіресе, «ала» сын есімімен келетін тұрақты сөз тіркестері көп. Оларды он томдық «Түсіндірме сөздіктен» жəне академик І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінен» көптеп кездестіреміз.
Ала сөзінің пайда болу табиғаты түркі тілдерінің осы күнгі сөздіктерінде ала сөзінің «ат, жылқы» мағынасы көп көрсетілмейді, өзге де сындық мағыналарымен қатар, жылқының түсін білдіретіндігі айтылады. Қазақ тілінің екі томдық түсімдірме сөздігінде де, қазақша-орысша сөздіктерінде де ала дегеннің «ат» мағынасы көрсетілмейді. Тек 10 томдық түсіндірме сөздіктің I томында ала сөзінің 2-мағынасы көне, ол «жылқы ішінде көрнекті, жүйрік ат» деген мағынасын танытады. Шынында да қазақтың эпостық жырлары мен өткен ғасырлардағы ақын-жырауларының мұраларында ала сөзі ат оның ішінде азбан ұғымында жиі кездеседі. Мысалы, «Алпамыс», «Қобыланды» жырларында:
Ерлер мінер алаға,
Көңілім толды санаға,...
Мінген аты ала еді,
Қылшық жүнді қара еді...
Махамбетте:
Міне алмаған алаға-ай...
Ала – көпмағыналы сөз. Ала – сын. 1. Ақ түстің өзге түспен араласып келгендегі түрі. Ала құрдың бір шетін күрмеп,ілмек қылып, шандырлап тұрып тартты (Ж.Аймауытов, Шығ.). Түркі тілдер сөзідігінде де ала сөзі денесіндегі ағы бар адам ретінде суреттелген [4,120].
2. Ала – мал, хайуанат, құс денесінің немесе денесінің бір бөлігі ақшыл түсіне басқа да түстердің араласып келгендегі түрі.
– Кет, ей! Шық! – десіп, ала мойнақ итті шығарып жіберді.(Сейфуллин әңгімесінен).
3. Ала – сын. Бірлігі жоқ, берекесіз, қиюлы, қашқан, араз, алауыз. Ала сөзінің үшінші бір мағынасы бірқатар түркі тілдерінде «келіспеушілік, араздасу, бөліну» екені көрсетіледі. Қырғыз тілінде ала «келіспеушілік, араздық, бөлінушілік» (Юдахин, 45). Көне түркі тілдерінде де ала сөзінің бір мағыласы «келіспеушілік, қастандық» екенін М. Қашқари көрсетеді. Қарғаның қарасын кім білер, кісінің аласын кім табар». Қазірде қолданылатын «Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген мақал XI ғасырда да дәл осы түрінде болғанын көреміз. Ала сауысқанның жүні ала болған сияқты, өзі де ала, бірлігі жоқ (Аяз би). Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі кетеді. Ала жаздай – жаз бойы. Қайтсін, қолы тимепті, Өлеңші, әнші есіл ер! Ала жаздай ән салсаң, Селкілде де, билей бер! Ала жылан, аш баққа – ақын бұл жерде елді аздырушы деген мағынада қолданып отыр. Естілер де ісіне қуанбай жүр, Ел азды деп, надандар мұңаймай жүр. Ала жылан, аш баққа күпілдектер кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр . Ала көрмеу — алаламау, бірдей көру . Мұңды шерлі, – жоқ-жітік, Аңсап алдын кернепті. Бәрінің көңілін тындырып, Біреуін ала көрмепті [5,38].
4. Ала – зат.көне. Жылқы ішіндегі көрнекті, жүйрік ат, азбан. Жылқы ішінде ала жүр, Ұсай алмай бала жүр (Халық әні). Ала сөзі, біздіңше, бұл мысалдарда жалпы «ат» (мейлі «көрнекті, жүйрік болсын) дегенді емес, «азбан» дегенді білдіреді. Кейбір түркі тілдері сөздіктері алаша (ала) деген сөзді орысша мерин деп көрсетеді. Ал орыс тіліндегі мерин сөзі, Ушаков сөздігінің беруіне қарағанда, қалмақтың мөрін сөзінен алынған: мерин – ақтатылған айғыр.
5. Ала – сын.көне. Ерекше белгісі бар. Бәйгенің керешісі қойған сайлап, Ат мінді Көбеген би ала байрақ (Н. Мыңжани).
6. Ала – зат. Көз алмасының ақ түсті қабығы. Қақтаған ақ күмістейкең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
7. Ала – Бірдей емес, бір жері олай, бір жері бұлай. Өңдеу заттары ала төгілсе, егін де ала шығады (Ғ. Мұстафин, Жиырма бес). // Ауыс. Адамды бірдей көрмеу, бөлу [2,333].
Жаһанда жойылмаса қанау мүлде,
Түзелмес әділетсіз ала дүние.
Әлемде ақиқат сол – жояр күш бар,
Капитал қожалығын таяу күнде (Қ.Бекхожин, Дала).
8. Ала – сын. Арам пиғыл, ниеті бөлек. Мұндай ала ниет өзімшілдік адам баласын аздырып, бір-бірімен жауластырғаннан басқа ешнәрсеге де жеткізбейді (С. Сейфуллин, Таңд.) [1,179].
Сонымен қатар «Древнетюркский словарь» еңбегінде де [3,33], М.Қашқаридің «Түркі тілдер сөздігінде де» [4,120] ала сөзін «саспай, әбдіремей» деген мағынаны білдіретін жәрдемші сөз ретінде көрсетеді. «Ала – ала – Тыйыш-тыйыш» дейді.Бұл сөзге «к» мен «л» әріптері қосылып «Alakil» деп те айтылады.
Қазіргі уақытта ала сөзінің мағыналары көмескіленіп кеткен. Оның бірқатар мағынасы бұл күнде өте көмескіленіп кеткенге ұқсайды.Соның бірі – ала сөзі қатысқан жерде (тіркесте, біріккен сөзде, қос сөзде) «өлтіру, қырып-жою» және «бүліншілік» ұғымының болуы. Батырлар жырларында соғыс қаруының бір түрі – айбалта (орысша секира) атауы кездеседі. Ал ХV – XVI ғасырлардан қалған деп жүрген нұсқаларда бұл қару ала балта болып келеді. Егер айбалта сөзіндегі ай компоненті сол қарудың пішініне, жарты ай тәрізді иілген түріне байланысты айтылса, ала балта тіркесіндегі ала нені білдіреді? Әрине, бұл балтаның түсін (бояуын) білдіріп тұрған сөз емес.
Ала сөзін мағынасы ұрыс-соғысқа, бсйберекеттікке, бүліншілікке қатысты біраз сөздер мен тұрақты тіркестерден ұшыратамыз. Олар: қазақ тіліндегі алапат, аламан, алай-гүлей, ала сапыран, ала топалаң, ала қырғын, алау, алаулау, ала топыр бәле, түрікмен тіліндегі аламан, алаговурды, қырғыз тіліндегі аламан, ала топалаң. Л. Будагов сөздігінде берілген алақ, алақмақ, аламан, аламанчы, алама, алай, қазіргі түрік тіліндегі алашы, алатаран, алау, қарақалпақ тіліндегі аласат сөздері.
Л. Будагов джағатай (шағатай) тіліндегі алау сөзінің мағынасы «талау, талап-таражға салу, бүлдіру» деп көрсетеді, осымен түбірлес алақты, алақмақ, яғни алақу сөзі «таланды, тоналды, талан-таражға түсті, бүлінді» деген мағынаны, алақышмақ – «бірін-бірі тонамақ» дсген мәнді білдіреді дейді.
Қазақ тілінің не бұрынғы, не қазіргі сөздіктерінде көрсетілмегенімен, алаулау сөзі қазақ тілінде де болған. «Қобыланды» жырындағы:"
Алаулаған қалмақтан
Кегімді барып алармын, - деген жолдарға және Махамбеттегі:
Алты күндей алаулап,
Он екі күндей ой ойлап,- деген жолдарға қарағанда, алаулау «шабуылдау, ұрысу» мағынасын береді: Махамбет өлеңдерінде берілген түсінікте бұл сөзді "жалындап, күйіп жанып" деп ұғындырыпты (Махамбет). Əрине, бұл түсіндірме – жаңсақ.
Қазіргі түрік тіліндегі "жаналғыш (орысша палач)" мағынасындағы алашы сөз де, XVIII-XIX ғасырлардағы қарақалпақ шайырларының тілінде кездесетін "жаугершілік, қиыншылық" мəніндегі аласат сөзі де , қазақ тілінің жергілікті сөз ретінде келетін "аласапыран бүлік, бүлдіру" мағынасындағы аласат, аласат салу сөздері де, Түрікменстан қазақтары мен Сыр бойы қазақтары "алай-түлей, аласапыран, дүрлігу" мағынасында қолданылатын алағай-бұлағай сөздері де бір төркіндес. Алақырғын, аласапыран, алатопалаң сөздеріндегі "бүліншілік " ұғымын бұлардағы ала компоненті айқындай түседі.
Демек, ертеректегі қазақ тілінде кездесетін ала балта – жай балта емес, соғыс құралы, ұрыс балтасы, "кісі өлтіретін балта". Ала сөзінің "соғыс, ұрыс" мағынасына қатысты қолданылған жəне бір тұсы, біздіңше , ала берен, ала ту тіркестерінде келген. Берен – сауыт, ала берен – ұрыс киімі. Сəкен Сейфуллин Құлет ақынның Қарқаралымен қоштасқан бір толғауынан келтірген тексте:
Əкем күйеу болған жер,
Шешем бір келін болған жер,
Ақ бүркеншік салынып,
Ала берен киген жер, –
деген жолдар бар (С.Сейфуллин ).Мұндағы ақ бүркеншік салынған –шешесі, ала берен киген – əкесі. Бұл жердегі ала, сөз жоқ, түс атауы емес. Сол сияқты ала ту деген тіркес о баста тудың түсіне қатысты емес, "ұрыста ұстайтын ту" деген ұғымда туған тәрізді.Ол ала тудың түсі жасыл, ақ, көк т.б. болуы мүмкін.
Сонымен қатар, ала сөзіне аламан сөзінің сөзінің түп негізі. Бұл түбірде "талдау, тонау" мəніндегі деп тануға болады. Өйткені көптеген түркі тілдерінде аламан сөзінің екі мағынасы бар: бірі жəне негізгісі – "талау, тонау, шабу мақсатымен жиналған топ, отряд". Л.Будагов аламан, аламанчы сөздері түрікмен, əзірбайжан, шағатай тілдерінде "тонау, талау, тонаушы, талаушы отряд"деген мəнде деп көрсетеді (Булагов). Ұйғыр тілінде аламан 1) топ, көпшілік, 2) талау, тонау. Қазіргі түрікмен тілінің түсіндірме сөздігі аламан сөзінің, біріншіден, көне сөз екендігін, екіншіден, мағынасы "шабуыл мақсатымен жиналған топ" екендігін көрсетеді. Бұл сөз сонау XI ғасырдың өзінде түркі тілдерінде бар екен, мағынасын Махмұт Қашқари "тонау үшін жасалған шапқын" деп көрсетеді. Қырғыз тілінде аламан сөзінің бір мəні "бейберекет жасалған шабуыл" жəне бір мағынасы "соғыста түскен олжа (орысша трофей)". Мұны қазақ тіліндегі "ұрыс- соғыста түскен олжа" мағынасындағы (кейін жалпы "олжа, пайда, табыс") алапа сөзімен салыстыруға болады.
Қазақтың батырлар жырларында: Аламанға дем берген... Ноғайлының аламан, Махамбетте: Аламанға жел беріп ... деп келеді. Бұндағы аламан – «көпшілік қауым». Бірақ, сірә, жай көпшілік емес, атқа мінген (демек, шабуылшы болу мүмкіндігі бар) көпшілік болар. Қазіргі Атырау, Маңғыстау тұрғындары тілінде аламан – «сарбаз шапқыншы қол». Осығын қарағанда аламан сөзінің о бастағы мағынасы "шапқыншылар" болған болу керек, одан "сарбаздар, қол əскер" мағынасына ауысуы оңай.
Жəне бір қызық жайт, аламан сөзі – жинақтау ұғымы бар сөз. Аламан жеке сарбаз, жеке шапқыншы емес, олардың жинақы атауы (сондықтан да өткен ғасырдағы сөздіктер аламан "шапқыншылар тобы, тонаушы, талаушылар, тобыр") деп көрсетілген.
Аламан сөзінің төркінін біраз зерттеушілер түркінің ал – (алу, алмақ) етістігінен шығарады: ал+а+ман. Бұл сөздің этимологиясы жайында арнайы пікір айтқан. А.Махмұтов ал~ ала тұлғалары чуваш тілінде"қол" дегенді білдіреді, ал қол сөзінің "əскер" ұғымы қоса бар, сондықтан алама сөзі ал~ ала/ қол, əскер+ ман (адам) деген екі түбірден құралған күрделі сөз деп топшалайды.
Қазақтың ауыз әдебеті тілінде, әсіресе, жырларда, сонымен қатар өткен ғасырлардағы ақын-жыраулар тілінде, тіпті күні кешегі Бұхар, Махамбет, Шернияздарда, Абайдың шығармаларында жиі қолданылған тағы бір сөз – алаш. Бұл сөздің екі-үш мағынада жұмсалғаны байқалады. Бірі – ел, жұрт, байтақ сөздсрінің синонимі ретінде. Мысалы, «Қамбар батырды» жырлаушы қызыма күйеу таңдатам дсгенді:
Бұл хабарды Әзімбай
Алашқа тегіс жүргізді - деп суреттейді.
Махамбет ақын:
Алаштың байлығынан не пайда,
Тарығып келген ерлергс
Қайыры оның болмаса, - дегенде алаш деп тұрғаны жалпы «ел-жұрт, халық». Шернияз ақын Исатайдың ел қамын жейтін жақсылығын айтқанда:
Исатай ел еркесі, ел серкесі,
Бір мен емес, алашқа жайылым еді, - десе, мұнда да алаш – «қалың көпшілік, ел, халық» деген мәнде қолданылып тұр.
Сөздің ішкі семантикалық байланысы оның мағынасы мен ұғымының арақатынасынан көрінеді. Сөз мағынасы зат, құбылыс, әрекет жайында түсінік, ұғым пайда болғаннан кейін қалыптасады. Егер белгілі бір зат туралы үғымымыз болмаса, оның мағынасын да білмейміз. Ұғым бар жерде мағына бар. Демек, ұғымның болуы сөз мағынасының ең маңызды шарты болып табылады. Бірақ сөз мағынасының қалыптасуына ұғымнан басқа да себеп болатын жайттар бар. Сөз мағынасы заттық-логикалық ұғымнан басқа айтушының ақиқат дүниеге көзқарасын, әр түрлі көңіл-күйін, сезімін және сөздің грамматикалық сипатын да білдіре алады. Бұдан сөз мағынасының ұғымнан кең екені көрінеді. Мысалы: Тәй, тәй, тәй!... Қаз! Қаз! Қарағым!... апыл-тапыл басқанға мәз (Б.Майлин). Тату боп жүрсең нетті қағынғыр-ау, Қоймайсың Боранбаймен төбелесті (Б.Майлин). Түу! Ойбай-ай! Құдай-ай! Обал-ай! (І.Жансүгіров). Осындағы тәй-тәй, қаз-қаз, қарағым, түу, қағынғыр-ау, ойбай-ай, обал-ай тәрізді сөздер қалыптасқан арнаулы мағыналарының үстіне адамның қуаныш, сүйініш, күйініш, таңырқау, таңғалу сезімдерін білдіріп, эмоциялық мән беріп тұр. Сөйтіп, сөз мағынасы ойды ғана білдірмейді, сонымен бірге сезім мен ерікті, көңіл күйін білдіру үшін де жұмсалатындығын аңғарамыз. Мұңдай қасиет ұғымда кездеспейтіні белгілі.
Сонымен қатар, тілдегі ала сөзі өзге сөздермен тіркесіп көмескілеу мағыналар береді. Тілде «таң атар-атпас, алагеуім» және «ымырт жабыла, қараңғы түсе» сияқты екі мағынада қолданылады. «Ала көбеңнен оянып, дереу қағаз-қарындаштарына жармасты» (Б. Тоғысбаев, Алдыңғы.). «Кешкі ала көбең уақыт еді» (А. Лекеров, Тұз гүлі). «Ала көбең» тіркесі – «алагеуім» сөзімен синонимдес. Соңғы сөздің (алагеуім) төркіні жөнінде ...
Қазіргі тілде «ала» сөзі жеке тұрып та жиі қолданылса, ал «көбеңде» ондай қасиет жоқ. Алайда, кейбір түркі тілдерінде, дәлірек көрсетсек, хакас тілінде «кебең» жеке қолданылып та, өзіне меншікті мағынасын сақтайды көбең — қара, көк . Кейде бұл тілде – сағым, бұлдыр мағынасына да ие. Ойлап қараған адамға, түн мен таң немесе күн бату мен ымырт аралығындағы кез осы түстес (қара көк) болатынын байқау қиын емес. Осы түстін алдына «ала» қосылып, белгілі бір мезгілді көрсететін болып қалыптасқан сияқты. «Ала» жәрдемімен жасалған тілімізде бұл сияқты түр, түсті білдіретін тіркестер аз емес (ала көлеңке, ала шабыр, ала шұбар т. б.). Біздіңше, «геуім», «көбең» сөздерінің алғашқы түбірі бәріне түсінікті – «көк» сөзі болуы ықтимал. Мұны біз түркі тілдеріндегі дыбыс сәйкестіктеріне сүйене айтылған болжам. Тілде «к», «у», «п» т.б. дыбыстар бірінің орнын бірі алмастырып отыратын жағдай тілде бар құбылыс (елік – елу, жау – жап, егек – егеу және көптеген мысалдар табуға болады).
Алажіп аттамау. Қазақ дүниетанымында ала жіп туралы әр түрлі ұғымдар мен түсініктер бар. Мысалы, баланың тұсауын кескенде, адамдар қатты ренжіскенде тағы басқа әдет-ғұрып қағидаларында « Ала жіп» бейнесі қолданылады. Соның бірі – Ала жіп аттамау деп аталады және ол адалдыққа, адамгершілікке сай қолданылатын теңеудің бір саласы десе де болады. Бұл теңеу «ешкімге қиянат жасама, біреудің мал-мүлкін ұрлама» деген терең мағынаны білдіреді. Біреудің «мен ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын» деген сөзі оның ақ-адалдығын білдіреді.
Қорытындылай келгенде,соңғы кезеңдерде түр-түс атаулары тақырыбы көптеген зерттеушілердің назарын аударып отыр. Өйткені түр-түс атаулары – әрбір халықтың өз игілігі. Түр-түстердің өзіндік сипаты, зерттелу тарихы, семантикасы, қолданылуы т.б. мәселелер төнірегіндегі зерттеуді Ә. Қайдар, 3. Ахтамбердиева, Б. Өмірбековтердің «Сырға толы түр мен түс», «Түр-түстердің тілдегі көрінісі» еңбектерінен көруге болады. Бұл еңбектерде түр-түстің символдык мәні туралы қарастырылған: «Түр-түске байланысты» әр дәрежедегі, әр алуан, әр тектес символдардын пайда болуына о баста себеп болған не?» деген сұраққа: ең алдымен, жеке адамдардьщ өзін қоршаған табиғи түрлі түстер мен реңктерге көзқарасы, оларды сезінуі мен кабылдауы», - деп жауап береді. Шын мәнінде түр-түс атауларын білдіретін сөздер әр тілде де болсын, күрделі және көпдеңгейлі түс символикасын білдіретін ауқымды ақпараттық әлеуетке ие болып табылады. Көптеген еңбектерде әлемнің тілдік бейнесіне қатысты концептілерге, ұлттың этноәлемінің бейнеленуі, менталды кеңістіктегі түр-түс атауларының көрінісі, қоршаған ортаны қабылдаудан туған түр-түс атауларын талдау мәселелеріне көбірек мән беріледі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақ тілінің түсіндірмес сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1974. – 968 б.
2.Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық (Құраст. Т.Жанұзақов, Омарбеков С., Жүнісбек Ә. және т.б.) 1-том. – А – А. – Алматы: Арыс, 2006. – 744 б.
3. Древнетюркский словарь. – Л.: Наука, 1969. – С. 677.
4. Қашқари М. Түркі тілінің сөздігі (Дивани лұғат-ит-түрік). ІІІ томдық шығармалар жинағы /Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А. Егеубай/. 1-том. – Алматы: Хант, 2006. – 600 б.
5. Абай тілі сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1968. – 734 б.
ЖАСТАР ТІЛІНДЕГІ ФОНЕТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Жұман Назерке – 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2 курс студенті
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Назира Амиржанова
Қазақ тіл білімінде жастар тілі сөз мәдениеті тұрғысынан қарастырылды. Оған дәлел ретінде «Жастар қалай сөйлейді? немесе бүгінгі сөздік қордың мәдениеті» тақырыбы аясында біршама профессор ғалымдардың зерттеу еңбектерінің бар екендігін айта аламыз. Мысалы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Шалабаев бұл тақырыпқа былай деп пікір айтады: « Жастардың өскен ортасы, әлеуметтік мәртебесі, оқу-білім деңгейі мен сана-сезімі сияқты тілдік емес факторлар жастар тілінің сөз мәдениетіне тікелей байланысты деп көрсетеді. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ тілінің стилистикасы және сөйлеу мәдениеті» пәнінің оқытушысы Дина Әлкебаева « Қазір ақпарат заманы, сондықтан білімнің көптеген салаларына ден қойылуда. Мәдениет және коммуникация салалары бойынша немесе ресми орталарда қарым-қатынас жасаған кезде, жастар өзінің сөйлеу мәдениетін алғы шепке қоюда. Әрине, соған қарамастан сөйлеу мәдениеті аясында жастар арасында «стильдік мода» термині және күнделікті өмірде қосып сөйлейтін «паразит» сөздері бар. Міне, осы факторлар жастардың сөз мәдениетіне өз залалын тигізіп отыр» деп өз ойын білдіреді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Өтеғали Шеденов «Жамандайын дегенім емес, қазақ тілінің экономикалық сөздік қоры жұтаңдау» деп қорытындылайды.[1,3-11] Осы айылған пікірлерден жастардың сөз мәдениетінің жұтаңдығын айқын аңғарамыз.
Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова «Қазақтілді ұрпақ келе жатыр» атты мақаласында қазақша ойлайтын әрі сөйлейтін тілдік тұлғалар өсіп келе жатқанын айтады. Ғалым бүгінгі қазақ жастарының тілге шорқақ, тілдері шолақ екені рас, бірақ бұл арада тіпті лексика-фрразеологиялық нормадан, синтаксистік нормадан ауытқу деген әңгіме жоқ екендігін айқын дәлелдеп берді. Ол өз сөзінде: «Қазақтілді ұрпақ келеді, ағайын. Ол ұрпақ бүгін 18-де. Олар қазақ тілінің өміршеңдігіне нық сеніммен келе жатыр. Орысша ойлап, қазақша сөйлесе де, әдеби тілдің нормасын жетік меңгере қоймаса да, әдеби тілді жоғары деңгейде пайдалануға тырысып, жалтақтамай сөйлейді. Иә, ең бастысы, жалтақтамай сөйлейді. Тілімізді өшірмейміз десек, әдеби тілдің өміршеңдігін ойласақ, қазіргі жастарымыздың тіліне бей-жай қарамауымыз керек. Тілдің өміршеңдігі әдеби тіл лексикасын, нормаларын жалпы халықтық қолданысқа айналдырумен байланысты. «Сөзден сөз туады, сөйлемесең неден туады», «Сөйлей сөйлей шешен боларсың» дейміз тағы. Әдеби тілді жалпы қолданысқа түсіруді баланың сөзіне шек қоймаудан бастау керек. Кішкентай кезінде қарапайым сөйлеу тілін, ауызекі, бейтарап сөйлеу тілін жетік меңгеріп алған бала ересектеу шағында өзі-ақ тіліне, сөз саптауына жоғарылау талап қоя біледі. Иә, рас, қазақтілді ұрпақ келеді, ағайын. Олардың тіліне қамқор болайық, бас-көз болайық » деп сөзін аяқтайды. [2,4] Бұл орайда ғалымдар арасындағы жастарға, жастар тіліне деген түрлі пікірлерді аңғарамыз. Енді жастар тілінің фонетикалық ерекшелігіне тоқталайық. Жастар тілінің фонетикалық ерекшелігі арнайы зерттеу нысаны ретінде әлі зерттелген жоқ. Мақаламызда жастар тілінің фонетикалық ерекшелігін атап айтар болсақ, жастар тіліндегі екпін, орфоэпия, ерін үндестігі, интонация сияқты просодикалық элементтер сараланады.
Жастар тіліндегі орфоэпия. Тілдегі сөздердің айтылуы мен жазылуы әрдайым сәйкес келе бермейді. Өйткені сөздің жазылу ережесі (орфография) бар да, айтылу ережесі (орфоэпия) бар.. Әдеби тілдегі сөздердің, сөз тіркесі мен қосымшаның белгілі бір ережеге сәйкес бірізді дыбысталуын қамтамасыз ететін жалпыға бірдей қалыпты айтылу нормасын, екінші сөзбен айтқанда, дұрыс сөйлеу үлгісін орфоэпия дейміз. Сондықтан да орфоэпияны тіл мәдениетінің өзекті мәселесіне жатқыза отырып, жастар тіліндегі кемшін тұстарына талдау жасап көрейік. Жастар деген кім? Ол мына біз бен сіз! Олай болса, орфоэпиялық варианттарға жазуда еленбейтін, сөйлеу тіліне тән түрлері: мысалы, шай/шәй/чай, жай/жәй/джай. Олар дауысты дыбыстың алмасуынан да (несібе/нәсібе), дауыссыз дыбыстың өзгеруінен де (елпелең/емпелең, өңкей/өңшей, түгендеу/түгелдеу, нәрсе/нәсте, менменсінген/ менменсіген) түзіле береді. Осы секілді сөйлеу тілінде сөздің ықшам тұлғаға ауысуы орфоэпиялық варианттардың басқа тобын құрайды. Мысалы, сонымен/сомен, жоқ-жо, сондай-ақ көп буынды сөздердегі қайталанып келетін дыбыстар мен буындардың ықшамдалуы: балалар-баллар, әрекет-әркет, т.б. . Сөйлеу тіліндегі тұлғаларға элизия құбылысы да жатады. Басқаша айтқанда, сөз тіркестерінде екі дауысты дыбыс қатар келгенде ішкі паузасыз (кідіріссіз) айтылатындықтан, ықшамдалып қолдануы мүмкін: осы екен /осекен, таба алмау/ табалмау/табамау, қара ала/ қарала, т.б. Түбір мен қосымшаның немесе сөз тіркесі аралығындағы көршілес дыбыстардың үндесуінен орфоэпиялық варианттар түзіліп келген. Оған ілгерінді ықпал (ашса/ашша, бұл қалай/ бұл ғалай), кейінді ықпал (сенбі/сембі, жазса/жасса, ақ лақ/ ағ лақ), тоғыспалы ықпалы (бес жыл/ бешшыл, аман келді / аман гелді) жатады. Осы аталған орфоэпиялық варианттардан не аңғардық? Біз, жастар орфография мен орфоэпияның ара жігін шынымен де ажырата алады ма екенбіз?! Осы сұраққа жауап іздеп, сол жастардың өзіне бірнеше сөздерді оқытып көрдім.
Олар: отын / [отұн], жұлын / [жұлұн], үшін / [үшүн], өркен / [өркөн],
құмыра / [құмұра], өлке / [өлкө], көтер / [көтөр], өлең / [өлөң],
осы / [осұ], көзі / [көзү], бөрік / [бөрүк], дөңгелек / [дөңгөлөк],
сәуле / [сәулө], әуе / [әуө], бүлдірген / [бүлдүргөн], сөзсіз / [сөзсүз],
құрық / [құрұқ], қосшы / [қошшұ], шұжық / [шұжұқ], көген / [көгөн],
көркем / [көркөм], көрген / [көргөн], құлын / [құлұн], жұлын /[жұлұн]
Осы сөздерді студенттерге оқыту барысында 80 % студент ерін үндестігін сақтамайтындығы анық байқалды. Ерін үндестігі туралы пікір айтушылардың еңбектерімен дәлел келтірер болсақ, С. Ақымбектің «Ерін үндестігінің табиғаты» атты мақаласында қазіргі қазақ тіліндегі ерін үндестігі туралы пікір айтушылар академик І. Кеңесбаевтың тұжырымын негізге алады, «Қазақтың ауызекі тілінде аздап болса да ерін үндестігі байқалады. Ерін үндестігі қазақ тілінде : а) тек қосалқы роль атқарады; ерін үндестігі бойынша сөздің жуан я жіңішке болып келуі – тілімізде – басты қағида; ә) буындардың саны жағынан ерін үндестігінің күші үш буыннан аспайды: әсіресе екі буынды сөзде ерін дауыстысымен келген алғашқы буынның еркіндік ықпалы анық сезіліп тұрады; үшінші буында солғындау сезіледі» [3, 284] деп, о, ұ, ү дыбыстарының ерін жағынан игеруін мысалдар арқылы екінші буыннан асырмай көрсетеді. Дегенмен бұған шек келтіру мүмкін емес. Ғ. Әбуханов өз еңбегінде «Қазақ тілінде өзге түркі халықтарының тілдеріндегі сияқты еріндік дауысты дыбыстар үндестігі жоқ» дей келе: «құлұн, жұлұн, бұрұн, күңгүрт, орұн, тоғұз, күрөк, жүрөк, бөлмө, төсө сияқтанып естіліп тұрса да» - деп мойындайды. [4,55]
Сөздің басындағы немесе бірінші ашық буындағы ұ, ү, ө, о дыбыстары және екі дауыстының ортасында келген у дыбысы (тауық, бауыр сияқты сөздерде) келесі буындағы ы, і дыбыстарын өзгертіп ұ, ү-лерге жуықтатып естіртеді... Мысалы: құлұн, бүгүн, орұн, күлүп болып айтылады. Еріндік дыбыстардың ықпалы үшінші, төртінші буындарда біртіндеп әлсірей береді. Мысалы: күмістің деген сөздің екінші буыны ү-ге ұқсап, соған жуық айтылса, үшінші буында і-ге жуықтап айтылады: күмүстің. Қазіргі кезде бұл сияқты ерін үндестігі байқалатын сөздерді, жазылуы бойынша оқу орын алған, әсіресе екінші буындағы е әрпін анық айтуға тырысқаннан э етіп, өнэр, үлэс, өрэн түрінде айтушылық байқалып жүр. Бұл, әрине, қате деп Р. Сыздықова сөздердің айтылу нормаларын қарастырған еңбегінде ерін үндестігіне осылай сақтықпен қарайды. Осы секілді ауызекі сөйлеу тілімізге арнайы еңбек жазған С. Омарбеков пен Н. Жүнісов еріндіктің құлашын сәл болса да ұзартқан болатын: сөздің бірінші буынында ерін дауыстылары келген жерде екінші буындағы, тіпті үшінші буындағы қысаң және жартылай қысаң дауыстылардың еріндік сипатқа ие болуы – тілімізге тән заңдылық. Мысалы: дөңгөлөк, бөдөнө, жұмұр, үндөмө т.б. Ал үшінші буындағы дауыстының ерін ықпалына шалдығуы оншалық емес. Бұдан арғы буындарда ерін үндестігі ықпалының кездесуі тілімізде байқалмайды десек те болады. Мысалы көбөлөктің [5,30].
Еріндіктер мен езуліктерді сөздің өне бойында осылайша игеріп отыруын байқаған Ж.Аралбаев : Қазақ тілінде сөздің бірінші буынында ерін дауыстысының (о, ө, ұ, ү) біреуі келетін болса, одан соңғы екінші кейде үшінші (өте сирек) буындағы езу «е, ы, і» дауыстылары кейде сөйлеуде «ө, ұ, ү» ерін дауыстыларымен үндеседі- комбинаторлық түрде алмасып айтылады: жүрек (жүрөк), бүйрек (бүйрөк), бөдене (бөдөнө/бөдөнө), түндегіден (түндөгүден/түндөгіден) [6,91]-деген оймен бұл құбылысты дыбыс алмасуы деп қарайды.
Р. Сыздықованың ауызша сөйлеу мәдениетінің басты талабы- тілдің фонетикалық заңдылығын сақтап, сөзді дұрыс дыбыстау деп атап өткеніндей, сөз тіркесіндегі сөздерді өзара үндестіріп, ритмикалық ырғағын үйлестіріп айту қазақ тілінің басты орфоэпиялық ерекшелігі екені белгілі [7, 3-4]. Дей тұрсақ та орфоэпиялық өлшемге жататын тіліміздегі фонетикалық құбылыстың бәрін бірдей еш өзгеріссіз қалуға тиіс деуге келмейді. С-ш, л-ң, н-м, н-ң дыбыстарының үндесуінен түзілген варианттар да өз әсерін жоғалтуы мүмкін: орысша/ орышша, қосшы/қошшы, жауынгер/ жауыңгер, күнгей/күңгей, сөзшең-сөшшең, түнгі/түңгі, бұрынғы/бұрыңғы, ішсем- ішшем, жұмысшы/жұмышшы, жалғыз- жаңғыз, сенбе/ сембе, т.б. Рас, таяу уақытқа дейін бұл негізгі орфоэпиялық заңдылыққа жатқызылып келді. Алайда, бүгінгі күннің өзінде ұшырасып жүрген «қосшы», «түнгі», «сенбі» деп жазу өлшеміне лайықтап айту дағдысы онан әрі дами түссе, бұл процесс сөздің айтылу техникасын жетілдіретін ұнасымды өзгерісті танытпақ.
Достарыңызбен бөлісу: |