Томас Гоббстың (1588-1679 ж.ж.) философиялық ілімдері - Бэкон философиясынан бастау алатын дәйекті материализм. Негізгі еңбектері: «Азамат жөнінде», «Левиафан, Материя, шіркеу мен азаматтық мемлекеттің билігі мен бітімі» т.б. Ол «Левиафан» атты еңбегінде философия ғылымының негізгі зерттеу тақырыбы табиғат пен адам деп есептейді. Философияның бастауы - парасат, ал діннің бастауы - шіркеу беделі. Құдайдың өмір сүретінін дәлелдеу мүмкін емес, бірақ оған сенуге болады.
Гоббстың ойынша, әлем дара материалдық субстанция, барлық өмір сүрушілер осы субстанцияның көптеген түрін құрайды, онда ешқандай басқа, өз бетінше өмір сүретін рухани субстанциялар жоқ. Қарама-қарсыны мойындау денесіз жанның өмір сүретінін мойындаумен тең. Материя - мәңгі, ол пайда болатын және жоғалатын жеке денелерден тұрады. Кез келген ұзындық және түрге ие болған дененің ұзындық, ендік және биіктік өлшемдері бар деген Гоббс, табиғат туралы ілімінде денелердің мөлшерлік өлшемдерін тек геометрия тұрғысынан қарастырды. Әлем материалдық денелерден, денелер жазықтықтардан, жазықтықтар сызықтардан, ал сызықтар материалдық нүктелердің жиынтығынан құралады. Сонымен, материя Гоббстың түсінігінше, сапалық қасиеттерінен айрылған, тек мөлшерлік қатынастарда ғана айырмашылығы көрінетін біртектілер. Материя қозғалысын механикалық түрде түсінген Гоббс, оның әр түрлі сапалық деңгейлерін, түрлерін және қозғалысты өздігінен қозғалу есебінде түсінудің себебін тарихи жағдайларға байланысты көрсете алған жоқ.
Гоббстың таным теориясы оның материалистік көзқарасын да көрсетеді. Әлемнің танымдылығын мойындаған түсінігінде объективтік дүние - адам білімінің бастауы, танымның негізі – «идея». Бұл жерде «идея» сезімдік түйсік негізінде пайда болатын нақты түсінік есебінде қарастырылады. Объективтік дүниені сезімдік қабылдаулар, идеялардың бастауы ретінде санаған Гоббс туа біткен идеялар туралы білімге қарсы шығып: «кез келген идея туа біткен бола алмайды, өйткені тек идеялардың емес, барлық танымның бастауы - сезімдік қабылдаулар туындысы болады. Нәтижеде, қоршаған әлем денелерінің адамға әсерінен ең алғашқы идеялар өмірге келеді. Таным түйсіктен басталып, парасатпен аяқталады. Алғаш пайда болған идеялар алдағы уақытта парасаттың белсенді қызметінің үш түрлі тәсілдерімен қайта өңделеді, олар: салыстыру, үйлестіру, идея бөлінісі», - дейді.
Адам, тұлға ретіндегі ілімінде Гоббс оның қоғамға қатынасын қарастырды. Адамның табиғатынан туындайтын моральдық қасиеттері өзімшілдікке негізделген. «Адам табиғатынан қомағай, тойымсыз, қорқақ, долы... хайуандыққа толы. Қоғамдық пенде ретінде «пайда мен мансап» іздейді, тек өздерін ғана сүйеді», -дейді. «Жақсылық пен жамандық, игілік пен залымдық дегендеріміз не?» деген сұраққа: «жақсылық, игілік» деген сөздермен бізге ұнайтын, пайдасы барды айтамыз, ал залымдық деп оған қарама-қарсы жатқан нәрселерді көрсетеміз», - дейді. Мұндай мораль саласындағы көзқарас утилитаризм деп аталады.
Адамның еркі мәселесіне де үлкен көңіл бөлінеді. Бұл күрделі проблема, өйткені ол өмір жолында мыңдаған басқа адамдармен қарым-қатынасқа түседі. Сондықтан, бір жағынан, ерікті болса, екінші жағынан, қоғамдық қажеттіліктен аттап кете алмайды. «Өзендегі судың ағысы ерікті де қажетті, дегенмен ол арнасынан шығып кете алмайды. Адам да сол сияқты», - деп қорытады ойшыл.
Мемлекет туралы сұраққа назар аударған Гоббс, мемлекет – «жасанды дене», ол адамдар жасаған келісім-шарт негізінде пайда болады. Алғашқы табиғи сатыда мемлекет те, жекеменшік те, мораль да жоқ, тек адамдардың табиғи құқы ғана болады. Ол өзінің өмірін сақтау үшін қандай әрекет жасаса да, шектеу қойылмайды. Осындай жағдайда «бәрінің бәріне қарсы соғысы» басталады. Адамдар бір-біріне қасқыр тәрізді өмір сүреді. Адамдардың өз-өздерін құрту қаупі туып, табиғи жағдайдан азаматтық мемлекеттік деңгейге көшу қажеттілігі туындайды. Сондықтан олар өздерінің құқының белгілі бір бөлігінен ерікті түрде бас тартып, бір орталыққа бағынған билікке береді. Мемлекеттің пайда болуымен адамдар табиғи қалыпта пайдаланған құқықтарынан өз еркімен бас тартып, «жаратылыстық қалпынан» шығып, келісім бойынша, оның орнына өздерінің қауіпсіздігіне кепілдік алады. Осындай қоғамдық келісім-шарттың негізінде мемлекет дүниеге келеді.