Қалас жамалов философия


Готфрид Вильгельм Лейбниц



бет39/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.

Готфрид Вильгельм Лейбниц (1646-1716 ж.ж.) ғылым дамуына үлкен үлес қосқан неміс ғалымы. Негізгі еңбектері: «Адам зердесі жөніндегі жаңа тәжірибелер», «Теодицея», «Монадология» т.б. Философиялық көзқарастары «Монадалогия» еңбегінде баяндалған. Оны Декарттың субстанциялар дуализмі де, Спинозаның дара субстанция ілімі де қанағаттандырмайды. Ол барлық Ғаламның сансыз көп субстанция монадалардан тұратынын көрсетеді, дәріптейді.
Монада - бүтін құрамның жеке бөлігі, қарапайым мән. Кез келген субстанция немесе күш монада - болмыстың «бөлігі» болады. Өз табиғатында рухани монадалардан Лейбниц барлық заттардың құрылымын, құрамдас элементтерін көреді. Монадалар туралы ілім келесі жағдайларға сүйеніп негізделеді: 1). Субстанция барлық өмір сүретіндердің бастауы, шексіз қарапайымдығы және бөлінбейтін қасиеттерімен ерекшеленеді; 2). Ол әрекетшілдік, дербестік, тәуелсіздік қабілеттеріне ие болған. Монада - адамның жаны тәрізді дербес рухани күштің орталығы. Монадалар мәңгі, жаратылыстық табиғи жолмен пайда болмайды, жоғалмайды да. Өйткені олардың табиғаты Құдайдың нұр шашуы, демек жаратылыстан тыс, сыртқы күштің әсерінен өзгере алмайды.
Лейбниц монадалардан барлық заттарды құрайтын элементтерді көреді. Өзінің мәнінде қарапайым рухани субстанция болатын монадалардан әр түрлі тастар, өсімдіктер, жануарлар, адамдар пайда болды. Кез келген күрделі субстанцияның өзіндік денесін құрайтын орталық келелі монадасы және көптеген шеткі, шалғайлық монадалары бар. Орталық монада күрделі субстанцияның мәні болып көрінеді және оған қабылдаудың айқындық деңгейі, елестету немесе ұғымның бар болуы мен жоқтығы тәуелді. Монадалар даму дәрежелеріне байланысты: а) қарапайым монадалар тек бұлдыр, бұлыңғыр елестерге; в) монада - жан, түйсік, елестету (жануарларға да тиесілі); с) монада - рухтар парасатқа (адамға тиесілі) тән ерекшеліктерімен ажыратылады.
Монадалар - өздеріне тиесілі денедегі жігерлі жандар. Олардың қабылдау (ұғыну) деңгейінің айқындығына, басқа да психикалық қасиеттеріне күрделі субстанциялардың материалдық, рухани жақтарының сәйкес келуі тәуелді болады. Лейбниц руханилық пен материалдықтың тығыз байланысына, монаданың материалдық негізге ие болатынына ерекше көңіл аударады. Бірақ, бұл көрініс олардың рухани мәнге қатысымен салыстырғанда кейінгі сатыда, екінші орында тұрады. Дененің иесі есебінде өмір сүретін монадалар жетілмеген, сондықтан шектеулі. Тек Құдай жоғарғы монада ретінде абсолютті жетілген және еркін, таза әрекет сапасында көрінісін табады. Лейбниц ілімінің тарихи құндылығы сол, ол диалектиканың белгілі бір элементтерін тауып, өзінен-өзі дамитын тұрақты өзгерістерге ұшырайтын монадалар идеясын алға тартады. Шексіз кішінің (монада) шексіз үлкенмен (Ғалам) байланысын көрсетіп, жеке мен жалпының байланысы идеясын ұсынады.
Лейбниц - таным теориясында рационалист, Декарттың бағытын ұстанушы, жалғастырушы. Бірақ ол Декарттың ақиқат белгісін (айқындық, анықтық) жеткіліксіз деп есептеген. Лейбниц мәнді өзгерістер мен элементтерді Декарттың туа біткен идеялар теориясына қосты. Оның ойынша, туа біткен идеялар ақылдағы дайын ұғымдар (түсініктер) емес, интеллектінің түпкі бастама, қалыптасу шағы, олар әлі белгісіз, жете түсінілмеген, тек толық белгілі болғанға, ұғынылғанға дейін баяу, бірізді дамиды.
Сонымен, Лейбницше білімнің екі бастауы бар, бұлар сезімдік мәліметтер мен парасат мәліметтері. Білім бастауларына байланысты ол ақиқаттың екі түрінің ерекшеліктерін ажыратады: қажетті ақиқаттар (немесе парасат ақиқаттары) және кездейсоқ ақиқаттар (фактіге негізделген ақиқаттар). Парасат ақиқаттары - мәңгілік ақиқаттар, оларға субстанция түсінігі, болмыс, логика мен математика принциптері және т.б. жатады. Бұл ақиқаттың бастауы парасат, адамның абстрактілі ойы. Ал сезімдік тәжірибенің парасат мазмұны үшін маңызы болмайды. Бір сөзбен айтқанда, адамның сезім мүшелері мәліметтерінің абстрактілі ой арқылы қол жеткізілетін ақиқаттың мазмұнына тигізетін әсері жоққа шығарылады. Сезімдік тәжірибенің терістелуі тек парасат ақиқатының мазмұнына қатысты. Сонымен қатар парасат ақиқатын түсіну үшін себепші, ынталандырушы ретінде көрінетін тәжірибенің, әсіресе оның факт ақиқаты танымындағы маңызы мойындалады. Лейбництің ойынша, егер адамдар еш нәрсе көрмесе, естімесе және т.б. онда олар өз парасатынан еш нәрсені таба алмайды, қажетті жалпы ақиқатты өмірге енгізбейді.
Факт ақиқаты мазмұнының парасат ақиқаты мазмұнынан айырмашылығы оның парасат тәрізді ақиқатты өзі-өзінен табуында емес, ақиқатқа адамның сезім мүшелері көрсеткіштері көмегі нәтижесінде қол жеткізуінде. Егер парасаттың қажетті ақиқаттарды аңдауында сезімдік мәліметтер ынталандырушы сапада, оның мазмұнына себеп болса, онда факт ақиқатын тануда, олар білім мазмұнының негізгі бастауы болып көрінеді.
Парасатқа ақиқатты мойындау үшін, оған қайшылыққа келетін қандай да бір мүмкіндіктің жоқтығын түсіну жеткілікті. Факт ақиқаттары керісінше, логикалық қорытындыларға сүйене алмайды, олар тәжірибе дәлелдеулерін керек етеді. Жеткілікті дәлелдер заңы (закон достаточного основания) - факт ақиқатының ең жоғарғы заңы. Мұнда фактінің өмір сүруінің жеткілікті дәлелдері болуы керек және бұл дәлел әрқашан басқа фактілерде де болады. Сонымен, Лейбницше, кездейсоқ, факт ақиқаты үшін қосымша заң, жеткілікті дәлелдер заңы қажет. Алғаш рет жеткілікті дәлелдер заңын, логика заңы есебінде дәлелдеу, тұжырымдау Лейбництің еңбегі. Факт ақиқаты туралы ілім табиғат құбылыстарыньң себепті байланысы заңының танымына өтуге мүмкіндік береді. Табиғат занының логика мен математика заңдарынан айырмашылығы - ой тұжырымы жолымен оның сырын ашуға болмауында, оларға логиканың қажетсіздігінде. Ойша алғанда олар кездейсоқ, өйткені заттың, дененің өзіндік анықтамасынан туындамайды, сондықтан айрықша дәлелдеуді қажет етеді.
Ағылшын философы Джон Локк (1632-1704 ж.ж.) философияның кең көлемді сұрақтарын зерттеп, білімнің сезімнен пайда болатынын дәлелдеуге талпынып, сенсуалистік (сезімдік қабылдауды таным үдерісінің негізгі формасы деп санайтын философиялық бағыт) таным теориясын жете зерттейді. Негізгі еңбектері: «Адамның зердесі жөніндегі тәжірибелер», «Мемлекетті басқару жөніндегі екі трактат», «Тәрбие жөніндегі кейбір ойлар» т.б. Адам парасатының тәжірибесі туралы еңбегі Декарттың туа біткен идеялар ілімін сынаудан басталады. «Егер біз қандай да болмасын білімнің пайда болған жолын көрсетсек, онда біз оның туа бітпегенін дәлелдейміз», - дейді Дж. Локк.
Бұл ілімді теріске шығарған ол, «идеялар мұраға қалмайды, парасатта туа біткен ешқандай идеялар жоқ, білімнің жалғыз бастауы болатын тек тәжірибе», дейді. Егер адамның жан дүниесінде ешқандай туа біткен идеялар болмаса оны «таза тақта» ретінде қарауға болады. Адам өмірге келіп, тәжірибе жинап, сол «таза тақтаға» жазады. Мұндай сырттан алынатын тәжірибені Дж.Локк «сезімдік тәжірибе» деп атады.
Адамның барлық идеялары мен түсініктері сезім мүшелерінен тәуелсіз, одан тысқары өмір сүретін заттардың әсерінен пайда болады. Қоршаған орта денелері мен заттары әлемі адам сезімінің мазмұнын анықтайды. Осыған байланысты Локк сезімде жоқ нәрсенің ақылда да болуы мүмкін еместігін ескертеді. Ол таным түрлерін зерттеп идея, түсініктердің пайда болу бастауларын анықтайды. Тәжірибені барлық идеялардың жалғыз бастауы деп көрсеткен Локк оны ішкі және сыртқы деп екіге бөледі. Сыртқы тәжірибенің объектісі - сыртқы әлем болса, ішкінің объектісі жанның өзіндік қызметі. Біріншісі сезімдік танымның негізі болып, сезу түрінде, екіншісі рефлексия (сананың өз-өзіне назарын аударып, өзінің психикалық күйіне ой жүгіртуі) түрінде көзге түседі. Сыртқы тәжірибе, сезім идеялары объективтік әлем туралы білім берсе, ішкі тәжірибе, рефлексия идеялары біздің жанымыздың қызметін және ішкі жағдайын ашады.
Ағылшын философы Джордж Беркли (1685-1753 ж.ж.) материалистік философияға ашық қарсы шықты. Өзінің негізгі еңбегі «Адам білімінің бастамасы туралы трактатта» материализмнің бастапқы түсінігі – материяны әлемнің заттық негізі деп қабылдануымен келіспейтіндігін білдірді. Локк адам ақылы барлық денелер үшін ортақ белгілерді көрсетуге қабілетті және белгілі тәсілмен өздігінше өмір сүретін абстрактілі материя туралы идеяға келетінін білдірсе, Беркли осындай абстракцияны біздің қабылдай да, елестете де алмайтынымызды мәлімдейді. Адам парасаты тек жеке, нақты заттарды түсінуге қабілетті. Қабылдау белгілі қосынды, ол кезкелген сезімдер жиынтығы (Берклише «идеялар жиынтығы»). Сондықтан қабылдауға болатындар ғана өмір сүреді, «болу», «түйсікте барды» білдіреді.
Өзіндік күйде қабылданатын абстрактілі материя идеясын қарастыратын болсақ, онда ол сезімдік таным үшін анық заттардың белгілі қасиеттеріне бір де бір қосымша қасиет қоспайды. Бұл сұрақта Локктың таным теориясының санадан тәуелсіз, сыртқы әлемнің сезінудің бастауы болатыны туралы ілімімен келіспеген Беркли, оны алып тастайды. Беркли үшін алғашқы бастау сезім, сезімдер (идеялар) қисындасуының сәйкес келуі. Нақтылық сапасында жалғыз сезім мәліметтері мойындалады. Ол белгілі бір жағдайларда Локкпен пікірлесіп, екінші сапалар (иіс, түс, дыбыстар т.б.) денелердің өзінде емес, адамның қабылдауға рухында өмір сүреді, алғашқы сапалықтар да субъективті, өйткені кез келген идея тек жанда ғана болатынын дәріптейді. Берклидің ойынша, идеялар сыртқы әлем заттарының көшірмесі бола алмайды, олар рухтың туындысы, сондықтан одан тысқары өмір сүрмейді. Идеяны тек идеямен салыстыруға болады, идея тек идеяға барабар, ұқсас.
Д. Юм (1711-1776 ж.ж.) ағылшын философы, агностик, негізгі философиялық еңбегі - «Адам парасаты туралы зерттеулер».
Юм іліміне сәйкес, дүние біздің көзімізге тікелей әсер ағымы есебінде елестейді, олар туралы біз көру, есту, сезу т.б. арқылы мәлімет аламыз. Бұл әсерлерді туындататын себептерді тануға болмайды, мүмкін емес. Юм әсерлерді сезімге байланысты, сыртқы тәжірибе және жанның ішкі қызметі, деп бөледі. Юм, Беркли сияқты, сезіну жиынтығынан тұратын тәжірибені танымның бастауы деп жариялайды. Сезім неден бастау алады деген сұрақка Юм жауап бермейді. Оның ойынша, біз өз парасатымыздың шеңберінен шыға алмай, тек рухани тәжірибе туралы ғана айта аламыз, ал осы тәжірибенің сыртында, оның шеңберінен тыс болатындар туралы бір нәрсе айту мүмкін емес.
Тәжірибе әсері (сезу) негізінде идеялар пайда болады. Олар адам өз әсері жайлы әңгімелей бастағанда қалыптасады. Идеялар - біздің алған әсеріміздің көшірмесінің мәні. Әсерсіз алдын ала ешқандай идеяның пайда болуы мүмкін емес. Идеялар сезім көшірмелері ретінде бір-бірімен үш қағида негізінде байланысқа түсе алады: 1) ұқсастық; 2) уақыт пен кеңістіктегі аралас-құраластық; 3) себептілік. Юм себепті байланысқа айрықша көңіл бөледі.
Себеп пен әрекет арасындағы қатынасты индуктивті талдау және дәлелдеу тәсілдерімен де анықтауға болмайды. Құбылыс басқа бір құбылыстан бұрын болса, онда біріншісі - себеп, ал екіншісі -әрекет деген қорытынды шықпайды. Себепті түсіндіруде әлем танымдылығының мүмкіндігін терістейтін агностицизм Юм философиясында ерекше көрінісін табады. Себептілік байланыс танымының ықтималдығын мойындамайды. Мысалы, «Бізге, тәжірибеде әр түрлі оқиғалардың тізбегі, жүйелі жүзеге асуы беріледі. Мұны бақылай отырып, бір құбылыстың пайда болуымен, оның келесі салдарын күтеміз... Бұлттың келуімен жауынның жаууын күтетін дағдыға ие боламыз. Мүмкін, осы екі оқиғаның біріншісі себеп, ал екіншісі - осы себептің нәтижесі болар. Бірақ бұл расында солай ма, әлде жалған ба, айыру мүмкін емес. Біз шарасызбыз, өйткені тәжірибеміз тек құбылыстар жүйесін бергенімен, ішкі құпия байланыстарды, бір-бірімен берік байланыстырушыны ашпайды. Біз денелердің, заттардың т.б. бір-біріне калай әсер ететінін білмейміз. Табиғат бізге тек үстірт білім беріп, өз құпияларынан белгілі бір қашықтықта ұстайды», деп тұжырымдайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет