Қалас жамалов философия


XVIII ғасырдағы ағартушылық заман философиясы



бет40/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.

XVIII ғасырдағы ағартушылық заман философиясы. XVII ғасырдың көтерген алдыңғы қатарлы ой-пікірлерін дамытқан, жоғары дәрежеге көтерген XVIII ғасырдың француз ағартушылары болды. Олар философиялық мәселелер зерттеулерін әр түрлі діни қосымшалардан және схоластикалық терминдерден тазартып, оларды таза ақылмен шешуге қарсы шықты. Тарихи дәуірде философияның ең танымал болған өкілдері - Ламетри (1709-1751 ж.ж.), Д. Дидро (1713-17840 ж.ж.), Гельвеций (1715-1771 ж.ж.), Гольбах (1723-1789 ж.ж.).
Бұл кезеңдегі француз материализмі - метафизикалық материализмнің механикалық деп аталатын классикалық бір түрі. Механика заңдылықтары жалпы деңгейге көтерілуін жалғастырып, әлі де болса дүниетанымдық көзқарастың негізі болып қала берді. Француз ойшылдары механикалық материализм шеңберінде табиғат, қоғам, адам туралы ілімдерді жетілдірді. Олар материя мен қозғалыстың уақыт тынысына сай келетін толық және байсалды негіздемесін беріп, материяны - бізден тыс өмір сүретін және сезім шақыратындар деп басып айтады. Осылайша материяның объективтік өмір сүретіні және біздің сезім мүшелерімізге әсер ететін объективтік шындық ретіндегі философиялық түсінігін жасауға жақын келді. Олар қозғалысты материяның ең басты, маңызды атрибуты деп қарастырды.
Материя мен қозғалыс туралы ілім, замандастары материализмнің «Інжілі» деп атаған Гольбахтың «Табиғат құрылымы» жұмысында толық берілді. Материя барлығына және өз-өзіне себеп болады. Оның өмір сүруін қозғалыстан тыс пайымдау мүмкін емес. Гольбах жиынтығы мәңгі өмір сүретін объективті дүниені құрайтын, табиғаттың барлық құбылыстарын материалдық бөлшектер қозғалысының көптеген түріне саяды: «Ғалам, бұл барлық өмір сүрушілердің зор күрделі қосылысы, барлық жерде біздің алдымызға себеп пен салдардың ұшы қиыры жоқ үздіксіз тізбегін алып келеді. Табиғат идеясы қозғалысты қажеттілік ретінде өзіне қосады. Бірақ табиғат өз қозғалысын қайдан алғанынын бізден сұрайды. Біз өзі-өзінен алады, өйткені ол ұлы бүтін болады, одан тыс еш нәрсе де өмір сүрмейді деп жауап береміз» [25. 66,75 б.]. Гольбах деистердің (әлемді Құдай жаратқан, бірақ күнделікті қоғам өмірі мен табиғатқа Құдай әсерінің қатысы жоқ дейтін философиялық ағым) негізгі кемшілігі – «табиғаттың өзіне тән энергиясын» терістеуінде деп есептеді.
Ламетри өз кезегінде, қозғалысқа келтіру материяның ажырамас қабілеті (атрибуты) екеніне ерекше көңіл аударды. Кезкелген дененің, керек десеңіз тыныштық жағдайында болса да, барлық уақытта ішкі қозғаушы қуаты болады. Ламетридің айтуынша, қозғалыстың бастауы материяның, субстанцияның өз ішінде, оның барлық бөліктерінің өз бетінше қозғалатын қабілетке иелігінде. Материя қозғалысының негізі болатын күш немесе субстанцияның одан айырмашылығы болады және одан тысқары жатады. Бірақ, «оған (материяға) әсер ететін ешқандай басқа субстанцияны көзге елестетуге де, дәлелдеуге де болмайды». Сондықтан «сірә, материя өз ішінде жандандыратын және қозғаушы күшті ұстайды». «Материяны белгісіз бір материалдық емес қозғалыска келтірді дегенді дәріптеу қисынға келмейді».
Дидро, қозғалысты материяның маңызды қасиеті, абсолютті тыныштықты табиғатта болмайтын абстракттілі түсінік ретінде қарастырады. Қозғалыс - ұзындық, ендік, тереңдік тәрізді ақиқат қасиет.
Қозғалыс пен материяның ажырамас байланысы идеясы XVIII ғасыр материализміне толық тиесілі, онда табиғаттың қатаң механикалық түсінігіне сыймайтын диалектикалық элемент те кездеседі.
Материяның ішкі белсенді қасиетінің қозғалыспен тығыз байланысын қарастыра отырып, француз материалистері қозғалыс түрлерінің сапалық айырмашылықтары түсінігіне көтеріле алған жоқ. Олар қозғалыстың барлық түрін қарапайым түрге, механикалық қозғалысқа апарып теліді, сапалық ауысуларды, секіріс түрлерін теріске шығарды, үздіксіздікті барлык ғалам қозғалысының заңы деп пайымдады. Олардың ойынша, адам тек физикалық, басқа денелерден ойлау қабілетімен ғана айырмашылығы болатын жан иесі. Мысалы, Дидро адамды сезімталдық пен жадыға ие болған құрал, сайманға ұқсастырса, Ламетри «Адам-машина» кітабында адам мен машина арасына аналогия жүргізді.
Француз материалистері материя түсінігін зат түсінігімен теңестіреді. Барлық материалдық денелер өзгермейтін және бөлінбейтін атомдар мен молекулалардан тұрады. Материя қасиеттері - салмақ, ұзындық, қозғалысты т.б. Қозғалыс деп, олар кеңістіктегі материалдық дененің орын ауыстыруын және дене құрамындағы кішкене бөлшектердің қозғалысын қарастырды.
Тартылыс пен тебу, сонымен қатар себепті байланыстан табиғаттың жалпыға ортақ, барлық уақытта өзгеріссіз әрекет жасайтын заңын көрді. Табиғатта тек тартылыс себебі мен салдар бар. Барлық себеп пен әрекет тізбегі қатаң қажеттілік болып көрінеді, онда кездейсоққа орын жоқ. Қажеттілік пен кездейсоқтық байланысын механикалық тұрғыдан түсінген, оны қоғамда адамның мінез-құлқына да таңған француз материалистері, адам өзінің іс-әрекетінде ерікті емес, ол табиғат күштері мен заңдарының алдында шарасыз, өйткені бәрінде және барлығында тек қажеттілік үстемдік етеді деп есептейді. Мұндай қорытынды оларды тарихи тәжірибенің фаталистік түсінігіне алып келеді.
Таным туралы ілімдерінде француз материалистері сенсуализмді дәйекті дамытты. Адамның сезім мүшелеріне сыртқы материалдық денелер әсерінің нәтижесінде пайда болатын түйсікті білім бастауы деп есептейді. Рухани белсенділік-елестету, ықылас, ой әдетте, түйсіктен шығарылады. Гельвеций ақыл адам түйсігінің жиынтығы деп, ойлау қызметін, түйсіктерді бір-бірімен салыстыру үдерісіне саюға талпынды. Дегенмен, Дидро мұндай шешімді бір жақты деп есептеп, сезімдік пен логикалық танымдардың қатынасы туралы сұрақты қояды. Әрине, адамның барлық психикалық әрекетін тек түйсікке саю мүмкін емес, адам санасы-бұл тек түйсік емес, ол парасат деп пайымдайды. Француз материалистерінің тарихи дәуір тұрғысынан түйсік пен абстрактілі ой арасындағы сапалық айырмашылықты көре алмағанын айтуға болады.
Сенсуализм тұрғысынан француз материалистері туа біткен идеялардың мүмкіндігін жоққа шығарды, Декарт ілімімен үзілді-кесілді келіспейтіндігін көрсетті.
Танымды адам миындағы сыртқы әлем бейнесі ретінде түсініп, ақиқат туралы ілімді жете зерттеді. «Ақиқат-заттар байланысына сәйкес келетін біздің идеяларымыз бен түсініктеріміздің жиынтығы», деп көрсеткендерімен, таным табиғатын зерттеу бағытында талпыныстар жасағандарымен, оның тарихи дамуын аша алмады.
Француз материалистері таным туралы ілімдерінде сыртқы әлемнің, объективті өмір сүретін денелердің адамға, таным объектісінің субъектіге әсеріне баса назар аударып, адамның объектіге тигізетін әсерін қарастырмады, назарларынан тыс қалдырды. Олардың адамы енжар, пайымдаушы ретінде көзге түседі. Сондықтан француз материализмі пайымдаушы, енжар түр-сипатқа ие болады.
Қоғам туралы ілімдерінде француз материалистері адам сұраныстары мен мақсат-мүдделері тіршілік әрекеттерінің негізі болатын «адам табиғаты» және «табиғи адам» түсініктеріне сүйенді. Алғашқы сұраныстары-ас ішу, киім, баспана т.б., екіншісі-мақтаныш, қызғаныш, атаққұмарлық, сараңдық т.б. болып келетін мақсат заңы «парасатты өзімшілдіктен» (вразумном эгоизме) өз көрінісін табады. Гольбах үйреткендей, адамның өзіндік мақсаты немесе «өзін-өзі парасатты сүюі» әлеуметтік рахымшылдық негізіне қызмет етеді.
Бақытқа ұмтылу адамның өнегелі сезімі оянуының бастауы. Гелвецийдің ойынша, жеке мақсат-адамның мінез-құлқының және іс-әрекетінің басты себебі. Жеке адамдар арасындағы мақсаттың бір-бірімен қайшылықты болатынын есепке алған ол, жеке мүддені қоғамдық мақсатпен сәйкестендірудің қажеттігі туралы ойын білдіреді. Дегенмен, мәселенің мұндай қойылымы абстрактілі болды.
Адамды өзгерту үшін, оның тұрмыс жағдайларын өзгерту, яғни қоршаған ортасын өзгерту керек. Қойылған мәселелер шешімін табуға ұмтылған француз материалистері әлеуметтік орта өзгерісі қоғамдық пікірге, адам парасатының прогресті жетілуіне тәуелді деп қорытынды жасады. Нәтижеде олар «пікір әлемнің билеушісі» деп, қоғамдық өмір түсіндірмесінде идеалистік тұрғыда қалды.
Адам-әлеуметтік орта жемісі. Гольбах адамды зұлымдыққа итермелейтін табиғат емес, керісінше, әлеуметтік жағдайлардың оларды зұлым болуға итермелейтінін, мәжбүр ететінін көрсетеді. Мысал үшін қатал әкімшілдік (деспотизм) азаматты емес, бұл әлемнің күштілері алдында бауырымен құрдай жорғалаушы жағымпазды және өзінің шынжырын мақтан тұтатын құлдарды туындатады.
Француз материалистері түсіндірмесіндегі «орта» дегеніміз-бәрінен бұрын саяси орта, тек осы қоғамда ғана жұмыс істейтін құқық заңдары. «Егер заңдар жақсы болса, онда әдет-ғұрып та жақсы, егер заңдар жаман болса, онда әдет-ғұрып та жаман», дейді Дидро.
Гельвеций пікірінше, заңдар бәрін жүзеге асырады. Ал заңдарды кім жасайды? Әрине, халық емес, билеуші монархтар. Бұл жерде әділетті заңдарымен өзінің қол астына қарайтын азаматтарын мақсатына жеткізетін сауатты және гуманист билеушінің таққа келетініне үміттеніп, бақытты жағдайды күтуге тура келеді. Француз материалистері Еуропадан мұндай монархты белсенді түрде босқа іздеді. Олардың неміс королі II-Фридрихке және орыстың әйел патшасы II Екатеринаға тікелей әсер етуге ұмтылысы сәтсіздікке ұшырады.
Ламетри, Гольбах, Дидро, Гельвеций дүниетанымының, философиялық көзқарастарының құрамдас бөлігі еркін ойшылдық пен жауынгер атеизм болды. Соңғы жағдай тарихи қалыптасқан революцияның алдындағы Франция өмірінің анықтауышы болды. Католик шіркеуі феодалдық қоғам құрылысының идеологиялық, саяси қорғаушысы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, үлкен жер иесі де еді. Өзінің айрықша құқығын католик шіркеуі күрестің ешқандай құралынан жиіркенбей, агрессивті түрде қорғады. Оның есесіне, ағартушы-еркін ойшылдар да қарыздар болып қалмады. Вольтер католик шіркеуін, яғни «жексұрынды жаншуға» шақырды.
Француз материалистері бәрінен бұрын атеизм ілімін философиялық негіздеуге ұмтылды. Егер әлемде үздіксіз қозғалыста болатын материядан басқа еш нәрсе жоқ болса, онда жанның өлмейтініне де, құдайға да орын қалмайтынын дәріптеді, алайдадіннің қоғамдағы әлеуметтік және психологиялық қызметтерінің жан-жақты ғылыми талдауын бере алмады. Діннің мәні, қоғамдағы алатын орны, оны игеру туралы көрсеткен жолдары қияли болып шықты. Дегенмен, XVIII ғасырдағы француз материализмі мен атеизмі адамзаттың философиялық ойы дәуірлеуіндегі маңызды саты болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет