Ибн-Халдун (1332-1406жж.) - тарихшы, мемлекет қайраткері, шығыс философиясы жұлдыздарының бірі.
Солтүстік Африкада елбасы құзыр иелерін тәрбиелеп, елде мемлекеттік қызмет атқарған. Ибн-Халдун философ-елбасы басшылығымен «әділетті қоғам» орнату жоспарларын жасаған, бірақ сәтсіздікке ұшыраған.
Негізгі еңбегі - көптомды «Араб, парсы, берберлердің тарихынан алынған өнеге болатын мысалдар кітабы». Ғұлама мұнда қоғамға деген әлеуметтік философиялық көзқарастарын көрсетіп, бұл еңбегіне арнайы «Кіріспе» (Аль-Муккадима) де жазады.
Енді Ибн-Халдун философиялық көзқарастарында: «Дүние ретке келтірілген, жетілген, бір-бірімен үйлесімге келген заттардан тұрады. Барлық заттардың негізінде алғашқы 4 элемент жатыр (су, от, ауа, жер). Олар әртүрлі бөлшектік өлшемде бір-бірімен қосылғаныменен, біреуі басым болуы қажет, әйтпесе зат өмір сүре алмайды. Заттың өмір сүруінде шешуші орынды «туа біткен жылу» алады, ал оның қайнар көзі - отта» - деп, табиғатта болып жатқан үдерістердің адамға тәуелсіз екенін білдіреді. Табиғатта шыңдалу, даму бар ма? - деген сұраққа: «Дүниедегі күрделі субстанцияларға қараңызшы - ол минералдардан басталып, одан кейін өсімдіктер, жануарлар бірінің артынан бірі Дүниеге келеді. Ең күрделі минералдар ең тұрпайы өсімдіктерге - мүктерге, ұрықсыздарға айналады. Ең жоғарғы дәрежедегі өсімдіктер, мысалы, жүзім, пальма сияқтылар, тұрпайы жануарларға, мысалы молюскілерге, айналады. Жануарлар әлемі көбейіп және көптүрлі болып, ақырында ойлау қабілеті бар адамға әкеледі. Маймылдың түйсіктері мен қабылдау қасиеттері бар, ал ойлау және түсіну мүмкіндіктері жоқ» - деп жауап береді. XIX ғ. еуропа топырағында дүниеге келген Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы түп-тамырының, негізінің қарапайым түрде Шығыста, араб философиясында пайда болғанын тұжырымдауға болады.
Ибн-Халдун адам және қоғам мәселесін шешуді мақсат қылып қояды. Оның ойынша, адамдар ең алдымен азық-түлік табу үшін бірігеді. Екіншіден, бұл бірігуге қоршаған ортадағы қауіпсіздікті сақтау қажеттігі себеп болады. Ғұлама пікірінше адамға екі түрлі қауіп төнеді: бірінші, тағы жыртқыштан, екінші, адамның өздерінен. Егер бірінші қауіптен адамдар бірігу арқылы, неше түрлі құрал, саймандарды жасап, пайдалануы арқылы қорғанса, екінші қауіпті жеңу үшін әлеуметтік ұйымдарға бірігіп, қоғамдық өмірде тәртіп орнатуға мәжбүр болады. Демек, адам табиғаттан шыққанымен уақыт өте, әлеуметтікке көтеріледі, бірақ, «табиғаттың туғызған пендесі» ретінде қоршаған ортадан толық тәуелсіз бола алмайды.
Табиғаттың ауа райын (ик-лим) қоғамға әсерін тигізетін негіз ретінде қарастырған ғұлама, жер бетін ауа райына байланысты 7 аймаққа бөледі. Ең салқыны (7-6), ең ыстығы (1,2) және қоңыржай (4) жерлер. 3-ші және 5-ші өтпелі, қоңыр-жайға жақын аймақтар. Ең суық және ең ыстық аймақ тұрғындарының мінез-құлқында шеттен шығулар болады, өйткені тіршілікке қиын ортада өмір сүреді. Олардың дене құрылысы мен түсі де осыған байланысты. Африка адамының қаралығы ыстықпен, солтүстікі адамының ақтығы, суықпен байланысты деген пікірге келеді.
Табиғат халықтың мінез-құлқының қалыптасуына, ал тағамы - дене-құрылысына әсерін тигізеді. Қазіргі қолданылатын ұғыммен айтқанда, мұндай көзқарас «Географиялық себептік» (детерминизм) деп аталады.
Ғұлама қоғам дамуының негізгі екі сатысын көрсетіп, келесі ұғымдар арқылы береді: біріншісі - «Бидави», екіншісі - «Хидари». Бұл сөздердің этимологиясы (алғашқы берілген мағынасы) бойынша: Бидави көшіп-қону, ауылдық, алғашқы деген мағына білдірсе, Хидари - қалалык, астаналық деген мағнада қолданылады, мұнда қолөнері, сауда, ғылым мен өнер қалыптасады.
Ибн-Халдун әр мемлекеттің өмір сүретін белгілі уақыты бар. Оның ұзақтығы орташа алғанда үш ұрпақтың өміріне тең деп көрсетеді. (Кеңес мемлекетінің пайда болып, күйреуі үш ұрпақ өміріне тең болды). Бірінші буын мемлекеттің негізін қалап, өзінен гөрі жалпы мемлекет қамын ойлайды. Екінші буын жаңа пайда болып жетілген мемлекеттің жинаған байлығын пайдаланып, рақатқа батуға тырысады, үшінші буын сол мемлекетті әлсіретіп, оны титықтауға жеткізеді.
«Қайсыбір мемлекет пен цивилизацияның әлсіреп құруының алғышарты - ел басқарған адамдардың аса қымбат заттарға ие болуға ұмтылуы, өмірден барынша ләззат алуға тырысуы, қымбатшылықты туғызып, салықты өсіріп, экономиқаны күйретеді. Мемлекеттің соңғы сатыларында мораль саласында азғындаушылық ашық көрінеді. Адамдар бұзылып, бір-бірін алдайды, бір-біріне жау саяқты қарайды, құлық-сұмдық кең етек алады. Соның бәрі тек байлыққа жетуі үшін жасалады... Егер адамдар үйлерінің алдына жеміс ағашын отырғызбай, кипарис отырғызса, онда - ол болашақ күйреудің нышаны. Өйткені кипаристің жемісі де, жақсы иісі де жоқ, оның тек әсем түрі ғана бар», - деп ой салады Ибн-Халдун.
Х ғасырдың екінші жартысында Басра қаласында «Таза ағайындылар» құпия діни философиялық қоғамы пайда болады. Олар дін, философия және жаратылыстану ғылымдары туралы елуге тарта еңбек жазып, ислам дінін эллин философиясымен қосуға ұмтылды. Бұл жерде «әлем Құдайдан бастауын алады және оған қайта келеді» деген жаңа платоншылдық пікірлер басшылыққа алынды. «Таза ағайындылар» ілімі бір-біріне қарама-қарсы, қосылмайтын көзқарастардың тізбегі ретінде көзге түседі. Олар логика мен физикада–Аристотельге, медицина мен психологияда Галенге сүйенсе, жалпы философиялық сұрақтар шешімінде жаңа платоншыл және жаңа пифагоршыл көзқарастарды ұстанды. «Таза ағайындылар» ілімінше, адам танымы үш түрлі тәсілмен: сезім мүшелерінің көмегімен, парасатпен және интуициямен жүзеге асады. «Таза ағайындылар» барлық діндердің және философиялық ілімдердің бірігуін жақтады. Мұндай бірігушіліктің негізі–дінді адасудан құтқаратын ғылыми және философиялық білім. Олар мейлінше жетілу үшін грек философиясы мен шариғатты (Құранға негізделген ислам дінінің заңдары) қосудың қажеттігін ұсынды.
Достарыңызбен бөлісу: |