П. Васильев атындағы орталық қалалық кітапханасы
Ақпараттық-библиографиялық бөлім
Центральная городская библиотека им. П. Васильева
Информационно-библиографический отдел
Алаш идеясының жаршысы
П. Васильев атындағы орталық қалалық кітапханасы
Ақпараттық-библиографиялық бөлім
Центральная городская библиотека им. П. Васильева
Информационно-библиографический отдел
«Бір ел – бір кітап 2017» акциясы
Алаш идеясының жаршысы
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
Рекомендательный список литературы
Павлодар
2017
«Алаш идеясының жаршысы». Ұсынылатын әдебиеттер тізімі / П. Васильев атындағы орталық қалалық кітапханасы. Ақпараттық- библиографиялық бөлім. - Павлодар, 2017. - 25 б.
«Алаш идеясының жаршысы». Рекомендательный список литературы / Центральная городская библиотека им. П. Васильева. Информационно-библиографический отдел. - Павлодар, 2017. - 25 с.
Құрастырушылар: Р. К. Ахметова
Г. Р. Сафарова
Редактор : Б. Е. Әлімғазинова
Оқырманға арналған сөз!
Ұлттық академиялық кітапханасы адамның тұлға болуы мен қалыптасуында маңызды функцияны орындайтынын, кітап оқудың адамға көп қырлы және белсенді әсер ететінін ескеріп, қоғам дамуының басымдылықтарының бірі ретінде кітап оқуды қолдауды қарастыра отырып, Қазақстанда жыл сайын «Бір ел – бір кітап» акциясын жүзеге асыруды ұсынған болатын.
Акцияның мақсаты: оқырман мәдениетін қолдау және дамыту, тарихи-мәдени және рухани мұраны сақтау, ана тіліне құрметпен қарау.
Міндеттері:
-ұлттық әдебиетке деген оқырмандардың қызығушылықтарын қолдау және дамыту;
-кітап оқу проблемаларына ғалымдардың, мамандардың, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің назарын аударту;
-әлеуетті оқырмандарды тарту;
-баспахана ұйымдарының қазақстандық авторлардың кітаптарын шығаруға қызығушылықтарын арттыру;
-әлемдік әдеби үдерісте қазақстандық авторлардың шоғырлануы.
Акцияның мазмұны: бүкіл ел болып бір уақытта бір кітапты оқып шығу және талқылау, осы кітапқа арналған түрлі шараларды өткізу.
Акцияны өткізу үшін кітапты таңдау азаматтардың қалауларын анықтау жолымен, мекемелерде, ұйымдарда, оқу орындарында сауалнамаларды жүргізу арқылы, телефон арқылы сұрау, ауызша сұрау арқылы жүргізіледі.
Акция кезінде іс-шара өткізу формасы әртүрлі болуы мүмкін. Олар: сынып сағаттары, әдеби кештер, талқылаулар, кітап бойынша фильмдерді тамашалау және талқылау, жазушылармен, әртістермен кездесу кештері, телемарафондар, клуб отырыстары, қойылымдар.
Акция бойынша 2017 жылы бүкіл ел Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларын оқиды.
Электрондық мекенжай:
Pavlodar.cbs@mail.ru
Біздің мекенжай: cbs.pvl.kz
Павлодар қ. С.Торайғыров көш., 44 / 1
П.Васильев атындағы Орталық қалалық кітапханасы
Ақпараттық-библиографиялық бөлім
Тел.: 53-38-80
«Бір ел – бір кітап 2017» акциясы
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел - бір кітап» акциясы қорытындысында бір ауыздан «Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына» орай «Жыл кітабы – 2017» таңдауына ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқу ұсынылды.
Ұлт үшін күрескен қайраткер. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы елімізді, ең алдымен, мәдени мұрамызбен, шығармашылық әлеуетімізбен ілгерілетуге үндейді. Сұлтанмахмұт Торайғыров ұлттық идеяның жыршысы. Қай кезді алып қарасаң да, қоғамның қозғаушы күші жастар болып табылады. Сұлтанмахмұт жастық жігерімен, патриоттық жырларымен жастарға үлгі болады. Өлеңдерінде жастарды оқу-білімге шақырды. Демек, бүгін де һәм болашақта да елеулі өзгерістердің орын алуы – жастардың қолында. Оқырман ұрпақ - Қазақстанның болашағы.
* * *
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?
* * *
Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек қана оқуменен өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық, ар-намысты
Жоятын надандық қой емсіз індет.
(С.Торайғыров)
Сұлтанмахмұт Торайғыров
(1893-1920)
Абайдан кейінгі ірі тұлға. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің тақырып ауқымының кеңейіп, идеялық тұрғысының биіктеп, көркемдік жоғарылауына ерекше үлес қосқан ақын, ағартушы-демократ. 1893 жылы Көкшетау облысы, Қызылту ауданында туған. Әкесі Шоқпыт (Әбубәкір) кедей шаруа болған. Екі жасында отбасымен Баянауылға көшіп келеді. Торайғыров әкесінен алғаш ескіше хат танып, 13 жасында молдадан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптаусына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған. 1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманкұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зарда- бынан оқудан шығып қалады. Ол халқын оқуға, білімге үндеген ағартушы. Адамдық табиғаты жағынан алғанда күрескер, дүниеге көзқарасы жағынан алғанда, гуманист, демократ, философия, әдебиет тұрғысынан алғанда сыншыл, реалист жазушы. Торайғыров қазақ поэзиясындағы дәстүрлі философиялық бағытты дамытқан жаңашыл адам.
1912 жылы ақындыққа ден қойған. 1912-1913 жж. «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге», «Окудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Жарлау», «Досыма хат», «Мағынасыз мешіт», «Шығамын тірі болсам адам болып», т. б. өлеңдерін және «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады.
1914 жылығы революциядан кейінгі кезеңнің ең үздік туындысы «Қамар сұлу» романы жарық көрді. «Қамар сұлу» романы қазақ әдебиетінде мәні зор туындылардың бірі.
Жазушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу” романын басшылыққа ала отырып басқада ақын–жазушылардың шығармаларымен салыстыра отырып, кейіпкерлер портретін, мінез–қылығын сол сияқты тағы басқа қырынан ашуды жөн көріп отырмыз. С.Торайғыровтың осы тұста жазған алғашқы эпикалық туындысы «Қамар сұлудың» да негізгі тақырыбы. Бұл тұрғыдан оны әлеуметтік роман есебінде қарауға әбден болады. Автор роман сюжетін қазақ әйелінің теңсіздіктегі күйін көрсетуге құрғанмен, сол оқиғаға байланысты бүкіл қазақ қоғамының тіршілігін, ұғым-нанымын терең бейнелейді, ескі ауылды құрт аурудай жайлап есеңгіреткен, тоздырып бара жатқан әдет–ғұрыптың кертартпа жақтарын әшкерелейді.
1913-1914 жж. «Айқапта» хатшылық қызмет істеп, жазғандарының бірқатарын журналға жариялады. Шығармаларының аздап болсада баспасөз бетін көруі, жұртшылыққа ақын ретінде біраз танылуы Торайғыровтың ақындыққа сенімін арттырып, болашақ өмірін сол жолға бағыттай түседі.
1914 жылы Баянауылда өзі сияқты өнер іздеген жастардың оқуына қаражат жинамак болып «Шоң серіктігі» атты ағартушылық ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы тұста «Ендігі беталыс», «Тұрмысқа», «Бір адамға», «Туған еліме», «Сымбатты сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Ләнет бұлты шатырлап», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам», «Гүл» т.б. өлеңдерін жазады.
Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді.
1917 жылдың ақпанында Ресейде буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жеңіп, патшаның тақтан түскені мәлім. Патша отаршылдығы мен қоғамдык әділетсіздікке қарсы күрескен Сұлтанмахмұт «Мұндай заманда қазақ оқығандарынын қазақ ішінде болмауы иттік» деп, 1917 жылдың 10 наурызында Семейге келеді. Семейде ұйымдасқан Қазақ комитетінің жұмысына қатысады. 1917 жылдың жазында Алаш партиясының құрылуын, Ұлттық автономия ұйымдастыру талабын қолдап «Алаш ұраны», «Таныстыру» сияқты шығармалар жазады.
ХХ ғасыр басындағы ұлттың ояну кезеңінің жалынды жаршысы, Сұлтанмахмұт Торайғыров Алаштың ардақты азаматтарына жан даусымен Алаш деп ұран салады. Ол барлық ерлерді бостандық, еркіндік, ел қамы үшін күресуге, бірігіп тізе қосуға, бір тудың астына бірігуге шақырады. Ақынның бұрыннан бері ішінде қайнап жүрген бүкіл арманы осылай ұран болып шығады. Ол Алаш партиясының ұранын құптап, бостандық жолындағы алдағы күнге жасаған жоспарына шаттана қосылады. Алаш ісіне адалдықты, оны қолдауды уағыздайды, бірлікке, ел тұтастығы үшін күреске шақырады.
АЛАШ ҰРАНЫ
Алаш туы астында,
Біз алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді,
Сарыарқаның даласы.
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған.
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы.
Жасасын, алаш, жасасын!
Алаш туы астында,
Қолдайтын алаш бабамыз.
"Туысқандық", "теңдік" деп,
Туын қолға ап шабамыз.
Берілгенде тілектер,
Жарылмай ма жүректер?!
Заң жасайтын орынға,
Жұртпен бірге барамыз!
Қатардан орын аламыз!
Жасасын, алаш, жасасын!
Алаш туы астында,
Куә болсын арымыз.
Көркейтуге алашты,
Құрбандық біздің жанымыз!
Былай тұрсын малымыз,
Алаш деген ел үшін
Сарыарқаның жері үшін,
Бостандық берген ер үшін,
Төгілсін біздің қанымыз!
Аялмасын жанымыз!
Жасасын, алаш, жасасын!
Алаш туы астында,
Өлсек бірге өлдік біз.
Не жақсылық, не қайғы,
Көрсек бірге көрдік біз!
Ішкі жанжал таласты,
Күншілдікпен қарасты,
Мына жерге көмдік біз!
Жасасын, алаш, жасасын!
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!
Адамдықтың жолына,
Бастаған ерлер соңыңда,
Басқаға көңіл бөлмейміз,
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды алаш, өлмейміз!
Жасасын, алаш, жасасын!
«Сарыарқа» газетінде өлеңдер мен мақалалар жариялайды. 1917 жылдың қазанында Семейге келген Әлихан Бөкейхановты қарсы алушылар ішінде болып, «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа», 1917, 30 қазан, 13 қараша) атты мақаласын бастырады. Онда ұлт көсемінің халықтық еңбегі мен оны қарсы алушылардың сезімі көтеріңкі күйде суреттеледі. Осындай қарбаласта жүріп Сұлтанмахмұг денсаулығын нашарлатып алады. Қыс бойы Тобықты ішіне барып, қысыр сауғызып қымыз ішіп емделеді. Бірақ мендеген ауру бой бермейді. Қайтып келіп көрінген Семей дәрігерлері де жарытымды кеңес бере алмайды. Содан ол туған еліне - Баянауылға кетуге мәжбүр болады. Бұл кезде жаңа құрылған кеңес өкіметінін ықпалы ел ішінде тарай бастаған еді. Ол Керекудегі революциялық комитет жұмысына қатысып, елдің кедей шаруаларына ара түседі, дау-жанжалдарды әділ шешуге араласады. Елде ол қоғам дамуының жолы, таптар тартысы мен күресі жайында көп ойланады. Саяси-философиялық әдебиетке көбірек көңіл бөліп, К.Маркстің, Г.В.Плехановтың, Н.Г.Чернышевскийдің, В.И.Лениннің шығармаларын оқиды. «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» сияқты поэмалар мен «Осы да әділдік пе?», «Өң бе, түс пе?», «Дауылдағы әбігер», «Ғайса кім?» деген өлеңдер жазады. 1920 жылы 21 мамыр күні ұзаққа созылған аурудан Сұлтанмахмұт қайтыс болады.
С. Торайғыров қоғамдық өмір мұқтаж боп отырған мәселелерді өткірлікпен жырлады. Ақын лирикалық кейіпкер арқылы халықтың жаңа қоғамдағы арман-тілегін, адамгершілік мұраттарын шебер бейнеледі. Поэма жанрын жаңа арнада дамытты. Оның поэмалары дәстүрлі дастандар мен қисса-хиқаядан, өлең-жырлардан мүлдем өзгеше. «Адасқан өмір» поэмасы-ақын шығармашылығының үлкен табысы болды.
Жазушы проза жанрында да шығармашылықпен еңбек етті. «Қамар сұлу» романында қазақ әйелдерінің аянышты тағдырын суреттей отырып, қоғамдық өмір шындығын тереңдей ашады. «Кім жазықты?» - қазақ әдебиетінде өлеңмен жазылған тұңғыш роман.
С. Торайғыров әңгіме, очерк жанрында да қалам тербеді. Өзіне дейінгі әдебиеттің халықтық, озык қасиеттерін жаңа кезеңде одан әрі дамытып, тың көркемдік ойлармен, идеялармен байытты.
С. Торайғыров аз жасаса да, артына қазақ сөз өнерін жаңа белеске көтерген, қоғами мәнді, әдеби кемел туындылар қалдырды. Ол қазақ әдеби сынының негізін салушылардың бірі. Озат идеялы, озык сапалы шығармалар туғызған Сұлтанмахмұт мұрасы жаңа дәуірге дейінгі қазақ әдебиетінің ұзақ жолын лайықты қорытындылайтын үздік үлгі.
Павлодар Ертіс өңірінің жергілікті ақынының есімі мекендерге, мәдениет үйіне, оқу орындарына, көшелерге берілді.
1965 жылы Баянауыл ауданында ақынның әдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған тарихи-мәдени мекеме ашылды. 1996 ж. облыстық кітапхананың 100 жылдық мерейтойына орай С. Торайғыров есімі берілді. Павлодар қаласындағы 1993 жылы Куйбышев көшесіне С. Торайғыровтың туғанына 100 жыл толуына орай есімі берілді. 2000 жылы 25 қазан күні Павлодар қаласындағы облыстық көркемөнер мұражай ғимаратының жанында ақын С. Торайғыровқа арналған ескерткіш ашылды. 2003 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдындағы алаңда қоладан бюст-ескерткіш орнатылды».