4. МЕКТЕПТЕ ТАРТҚАН ҚАСІРЕТІ
Қыс түсе әлді адамдардың балалары мектепке бара бастады. Антек шешесіне қолғабыс қылмақ түгіл қолын байлады. Аңдрей досымен жесір катын ақылдасып Антекті мектепке жібересі болды.
- Мектепте маған диірмен салуды үйрете ме?- деп Антек шешесінен сұрады.
- Ай, шіркін-ай, жалғыз құмарың сол, о түгіл кенседе хат жазуды да үйретеді.
Тұл қатын кір шүберегіне 40 тиін түйіп алып бір қолына ұстап, екінші қолымен Антекті жетектеп қорғаныңқырап оқытушыға қарай жүрді.
Кіріп келсе, оқытушы тонын жамап отыр екен. Құлдай иіліп сәлем етіп ақшасын беріп:
- Оқытушы мырза, бас иіп марқаматыңыздан қатты өтінемін, мынау бір тағыны шәкірттеріңіздің есебіне алып, әр түрлі білім білгізіп, туған әкесінше сабап, жазасын тартқызып үйретсеңіз екен,- деді.
Ол мырзамыздың етегінің жыртықтарынан шөп шығып тұр. Антектің иегінен көтеріп, көзіне қадалып, алақанымен бетіне қағып:
- Сұлушам не білуші едің?-деді.
Қуанған қатын оқытушының сөзін қошаметтеп:
- Сұлу екені рас, сұлу, иә, рас, неменені біледі деп айтарымды білмеймін,- деді.
- Бұл қалай, өзіңіз анасы бола тұра, балаңыздың не оқып білгенін білмейсіз бе?- деді.
- Әй, мырза-ай, мен оқымаған әйелмін, менің ақылым жете ме. Мен білгенде, менің Антегім кой баға, отын жара, құдықтан су ала біледі. Онан басқасы жок шығар,- деді.
Осымен Антек мектепке түсті. Бірнеше күн өткен соң Антекті мектепке жіберді.
Мектеп көзіне аса кең сықылды көрініп, дәл қастілдегідей бірінің артынан бірі қаз-қатар тізілген орындықтарына таңырқады. Пеші жарылған, есігі жабылмайды, сонан болса керек, ішіне жел соғып тұр. Балалардың беті қызарып, қолдарын калталарына тығыпты. Оқытушының үстінде тоны, басында сенсең бөрік.
Антекті де әліппені білмейтін балалардың ішіне отырғызды да сабақ бастады. Шешесінің тапсыруы бойынша, Антек ішінен озып бәйге алуға серт етіп отыр.
Оқытушы тоңып мұздаған қолына борды алып сызылған қара тақтайға бір белгі салып:
- Қараңдар балалар, мына әріпті есіңе түсіру оңай, қолын бұлғап иіліп билеген кісіге ұқсайды да, айтылғанда «А» деп айтылады. Тыныш отырыңдар, ақымақтар! Айтыңдаршы: А-А-А - деді.
Сабағы кейінгі балалар А-А-А — деп шуылдады. Антектің даусы бәрін басып кетті. Бірақ оқытушы абайламағандай болды. Антек жүдеп қалды. Оқытушы тағы бір шимай салды.
- Мынау қарыпты еске алу тіпті оңай,- деді де - дөңгелекке, сақинаға ұқсайды. Сақинаны көріп пе едіңдер?- деп сұрады.
Бір бала тұрып:
- Бүйек көріпті, басқамыз көрмесек керек,- деді.
- Олай болса, кұлаққа сырға, сақина ана әріпке ұқсайды, мұның аты - Б, айтыңдаршы «бе-бе» - деді. Бәрі шу етіп бе-бе дескенде, Антек қолын қалқалап аузына ұстап, бақырғанда, бір жылға толған торпақтай мөңіреп еді, даусы өзгеше анық шықты. Мектеп (балалары) күліп жіберіп, оқытушыны ашуландырды.
- Бүл не?- деп Антекке ақырып, - а, сен мектепті бұзау қора кылатын мырза екемсің! Әкеліңдер мына жергс біз жылдам жылыталық...
Бала қалта қарап калды. Есін жиғанша, екі жолдасы мектептің ортасына әкеліп жатқызды. Не қылғалы жүргендерін, шып-шып етіп етіне шыбық тиіп ауыртып, мына сөзді:
- Мөңіреме, ант ұрған! Мөңіреме, ант ұрған! — деп айтқаңдарында ғана білді. Босатып жіберген соң Антек судан шыққан иттей сілкініп, орнына барып отырды. Оқытушы үшінші, төртінші әріптерді сызып, балаларға ән қостырып айтқызып болған соң қайтадан бір-бірлеп тексерді. Алдымен кезек Антекке келді.
Оқытушы:
- Мына әріпті қалай айтады?-деді. Бала: - А, - деді.
- Мына екіншіні? Антек үндемей қалды.
- Бұл әріптің аты - бе, айт ақымақ менің айтқанымды, бе...
Антек әлі де үндемей тұрып алды.
- Мөңіреуден тиылған мектепте мөңіреп мен ақымақ па?- деп мыңқылдады.
- А, сен ақымақ басыңмен жаман сөз сөйлейді екенсің, ұстаңдар, тағы да келістіріңкіреп жылыталық,- деді.
Жолдастары тағы да жатқызып салды. Оқытушы сыбағасын келістіріп алғашқыдай беріп жатып:
- Қарсы келесің бе?! Қияңқылық қыласың ба?!- дейді.
ІІІерік сағаттан соң үлкен балалардың сабағы басталып жас балалар оқытушының ас үйіне кетті. Бәйбішенің нұсқауы бойынша, бірі қартопия тазалап, бірі су әкеліп, бірі сиырға шөп әкеліп салып, осы ретті қызметпен түске жетті.
Антек үйге келгенде анасы сұрады.
- Е, оқыдың ба?
- Оқыдым.
- Сыбаға тиді ме?
- Не деп айтайын, екі рет.
- Сабақ үшін бе?
- Жоқ, бейне жылыту үшін секілді.
- Бұл әлі алды ғой, жүре сабағың үшін де жерсің.
Антек ойланып қалды.
- Жаман жұмыс,- деді де өзіне-өзі, -мейлі ұрса - ұрсын, аз да болса диірменнің жөнін үйретсе болады,- деді.
Күнде жас балалар, алғашқы алған үш-төрт әріпті оқыған соң, ас үйге барып оқытушының қатынының шаруасына болысады. Диірмен туралы бір ауыз сөз жоқ.
Бір күн «жылынған» күні күнмен бірге оқытушының да жүрегі ерігендей болып, жас балаларға жазудың әдісін түсіндірмек болып:
- Қараңдаршы, балалар! — деп тақтайға «үй» деген сөзді сызып, — жазу, қандайлық тамаша жұмыс. Мына кішкене екі әріп үйді көрсетеді. Көзіңнің қырын салсаң, үй, үй алдымен, терезесі, кәрнезі, пеші бәрін көресің.
Антек көзін уқалап, мойнын созып, үй деген жазуды шыр айнала қарап, үйді көре алмады. Аяғында қасындағы жолдасын шынтағымен түртіп:
- Анау айтқандай, үй, сенің көзіңе көріне ме?- деп сұрады.
- Түк те көргенім жоқ,-деді. Антек:
- Бұл өтірік екен ғой,- деді.
Окытушы Антектің соңғы сөзін естіп калып:
- Не қылған өтірік? Қандай өтірік?- деп ақырды. Антек жай қоңыр калыппен:
- Тақтайдағы да үй ме? Тақтайда аз ғана жұққан бор ғана бар, үйді көргеніміз жоқ,- деді. Оқытушы шап беріп құлағынан алды да, мектептің ортасына әкеліп:
- Соқ мынаған?- деп ақырып, тағы да дүреледі.
Антек қып-қызыл болып жылаған көзімен үйіне келіп, не отыра, не тұра алмай тұрған соң, шешесі:
- Тағы да берген бе, Антегім?- деп сұрады.
- Көрмей тұрсың ба, апатай-ау?- деп өксіді.
- Сабақ үшін бе?
- Жоқ, әншейін ашу. Сабақ қыздыру.
Шешесі қолын сілтей салды.
- Тұра тұр, шыда: сабағың үшін де жерсің, — деді. Сонымен, пештегі отын үстеп жатып, мұрнынан мігірлеп:
- Жстім мен жесірдің күні осы дағы. Ал 40 тиін орнына 50 тиін берген болсам, әлде бүйтіп босқа жылатпақ түгіл алақанына салар едің-ау! Ал енді ойын қылып, ермек үшін жылатады.
Бұл сөзді Антек естіп: ал ермек қылып жүргені мынау болса, шындағаны не болар екен?- деп ойлады.
Баланың бағына ма, сорына ма, әйтеуір қауыптанғаны болмай қалды.
Антекті мектепке бергеннен кейін екі ай өткен соң оқытушы жесір қатындікіне келіп әдетті қошеметті өткізіп:
- Бәйбіше, сіздің баламен қалай боламыз? Сіз баланы берген жерде 40 тиін бердіңіз, онан соң қайтып кейін көргенім жок. Бұлайша жүре беруге болмайды. Мейлі 40 тиін-ақ болса - болсын, бірақ ай сайын беріп тұруыңыз керек,-деді.
Қатында Антектің оқуына беріп тұрарлық ақшасы жоқ болған соң Антекті мектептен шығарып алды. Антектің мектептен оқығаны осымен тамамданды.
Достарыңызбен бөлісу: |