Алаштың арысы, қазақтың намысы Әлихан Бөкейханов



Дата29.03.2022
өлшемі25,23 Kb.
#137168
Байланысты:
Алаштың арысы Әлкей Бөкейханов docx


Алаштың арысы, қазақтың намысы Әлихан Бөкейханов

ХХ ғасырдың бас кезінде ортағасырлық ұйқыда жатқан алаш қауымы арасынан ат төбеліндей азаматтар суырылып шығып, болашағы бұлдыр көшпелі қазаққа бағдаршам болды. Қазақ халқының өз мемлекеттігін құру жолындағы қозғалысын ұлттық интелегенция басқарды. Ол топтың басында ұлт зиялысы, публицист әрі саясаткер, патшалық Ресей Мемлекеттік Думасының мүшесі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов тұрған еді. Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында өмірге келген. Қазіргі әкімшілік - аймақтық бөлініс бойынша бұл елдімекен Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қаратал совхозына қарайды. Әлиханның үлкен атасы - Бөкей, атақты көкжал Барақ сұлтанның ұлы.


Әлиханның есімі ұзақ жылдар бойы сирек аталып, «буржуазиялық ұлтшылдықтың» синонимі ретінде қаралып келсе, кейінгі ұрпаққа қалдырған орасан мол аманат - мұрасы бір кісінің ғұмырындай уақыт шаң басып жатты. Көрнекті қоғам қайраткері - Ресейдегі жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің депутаты, Ресейдің І мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік думасының мұсылман фракциясының Бюро мүшесі, Санкт - Петербор масоны, қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт - азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партисының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы: ғұлама ғалым - ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист - міне, ардақты азаматымыздың халқы үшін соңғы демі біткенше атқарып өткен сан - қилы қызметінің бұл болар болмас көрінісі ғана.
Отаршылықты құруды көксеген, ұлт мерейін көтеруге асығып, арпалысқан «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан еді. Алаш қозғалысы саяси ұйым ретінде 1917 жылғы шілдеде өткен І жалпықазақ съезінде құрылған «Алаш» партиясы болды. Осы жалпыұлттық, саяси ұйымды құру үшін ХХ ғасыр басындағы ұлттық - демократиялық қазақ интеллигенциясының жұрт таныған жетекшелерінің бірі Әлихан Бөкейханов. Партияның бағдарламалық мақсат - міндеттеріне сай 1917 жылғы желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезі Алаш автономиясының немесе қазақ мемлекеттігінің құрылғандығын жариялап, оның өкіметі - Алашорданы сайлап, жаңадан құрылған мемлекеттіктің қарулы күштерінің негізі болуға тиісті халық милициясын жасақтау туралы шешім қабылдады.

Патша тақтан құлап, дүние бүгілген бұлғақ жылдары қазақ халқының еңсе көтеріп кетеріне сенген Әлихан Бөкейхан: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұл күн теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкірлік!» деп толғанды. Бұл сөзді өз мұратының шамшырағы етті. Бірақ бұл арман арада 70 жыл өткеннен кейін орындалды. Шүкір!


Сол сияқты Әлихан Бөкейханның: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» дегенін көрегендік демей не дейміз.


Бөкейхан – саяси қайраткер ғана емес, ұлт руханиятының жоқшысы болған тұлға. Расын айтқанда, ұлы Абайды қазаққа алғаш таныстырған осы – Әлекең. Абайтанушы Төкен Ибрагимов өзінің естелігінде: «Абайдың шығармасын қолжазба күйінде өзімен бірге алып жүріп халыққа насихаттаған да – Ә.Бөкейханов. Мысалы, Павлодардан 100 шақырым жерде «Тұз қала» дейтін кент бар. Өткен ғасырдың басында осы жерде Әлиханды патша шенеуніктері тұтқындаған. Тұтқынға алынған адамды түрмеге жаппай тұрып, алып жүрген дүние-мүлкін тексеріп хаттама жасайтын тәртіп болған. Ол қазір де бар. Сондағы Әлиханды тұтқындау барысында толтырылған хаттамада: «Абайдың өлеңдер жинағы – 1, бағасы –100 теңге» деп жазыпты» десе, дәл осы оқиға жайлы Алаш арда­гері (Ә.Бөкейхан) өзінің естелігінде: «1906 жылдың январь (қаңтар) айында Керекуден Семейге қарай шыққан мені «ұстайды» деген хабар Семейге келеді. Омарбек пен Кәкітай мені қашыртпақ болып үш атпен бір адам жіберіпті. Тұз қалаға бір көш жетпей ұсталғанымды естіп кейін қайтты. Бірақ мен ана адамдарға жолықсам да қашпақ емеспін. Мен қашсам, іздеп отряд шығып қырдағы қазақты қор қылмай ма. Абақты да бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы емес пе» дейді. Қараңыз, «халқы үшін жан қию» деген осы емес пе?! «Түрмеден қашып, қырдағы момын жұртты қырғызғанша, қара басым садаға!» дейді қайран арыс.


Енді мынаны қараңыз, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров 1918 жылы жазылған «Таныстыру» атты поэмасында:


«Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын», дейді. Не деген керемет баға, не деген керемет теңеу.
Сол сияқты «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа», 1917. 30 қазан, 13 қараша) атты мақаласында Сұлтанмахмұт ел «еңбегі сіңген ерін» күтіп алғанын суреттей келіп: «Ол ері – елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кер кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын бақ жұлдызына көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді» деп жазады. Осы сөздерден Әлиханның кім болғаны тайға таңба басқандай айтылып тұрған жоқ па?!

Алаш арыстарының бірі Қошке Кемеңгерұлы замандасы Әлихан жайлы: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Басқа жұрттардың басшылары тым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел» деп жазады. Расында, теңіз шайқалып, орман өртенген, аққа қара жағылған жылдары Әлихан бастаған қазақ қайраткерлері қыл мойындарына қылыш тіреліп тұрса да, қаймана қазағын тастап кетпеді. Бұдан артық мұрат болуы мүмкін бе?!




Әлихан бастаған Алаш арыстары аңсаған азаттықтың да міне биыл ордалы 30 жылдық тойын атап өткелі отырмыз. Бұл – біздің бүгінгі ұрпаққа бұйырған баға жетпес ұлы бақыт. Ендеше сол бақытымыз баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы жолында баршамыз қызмет ете берейік.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет