Информатика сабағында жеті модульді пайдаланып оқыту
Алинова Карлыгаш Бахтияровна
Шығыс Қазақстан облысы
Күршім ауданы
«Қайнарлы негізгі орта мектебі» КММ мұғалімі
Баршамызды бүгінгі таңда алаңдататын мәселе – жас ұрпақтың қазіргі заманға сай сапалы білім мен саналы тәрбие алуы. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Білімді, сауатты адамдар – бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші» деуінің өзі – үлкен көрегендіктің белгісі.
Мектеп жұмысын жандандырып, оқушыларды алға жетелеп, жетістіктерге жеткізетін басты тұлға – ұстаз десем, сол ұстаздар қауымының алдында егеменді еліміздің алғышарттары өркениетті елдер қатарына қосылу, өркениетке жету үшін жан – жақты дамыған, рухани бай тұлғаны өсіру сияқты көптеген жаңа міндеттер қойылып отыр.
Қазіргі кездегі оқыту үрдісі жаңа әдіс - тәсілдерді, жаңаша идеяларды қолдануды талап етеді. Әр мұғалім өз іс - тәжірибесінде көптеген қызықтармен қатар қиындық – кедергілермен де кездеседі. Мұғалім сабақ жүргізуде күнделікті бір жаңаша идеяны алға тартып, сабақты қызықты да мәнді, мазмұнды етіп өткізулері керек. Сонымен қатар ол қиындықтарды жеңу үшін білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет.
Ұстаз бола отырып, мен де оқушыларға жаңаша сабақ беруде заманауи әдіс-тәсілдерді пайдаланып, өз тәжірибемде жетістіктерге жету жолдарын іздестірудемін.
Қазіргі кезде оқушылар өз пікір - көзқарастарын еркін түрде білдіріп, пікірлерін дәлелдей алатын және оны іс жүзінде іске асыра алатын, тіл байлығы дамыған, жеке шығармашыл тұлға болып қалыптаса алса, сонда мұғалім мақсатының жүзеге асқаны.
Білім беру репродуктивтік және констркутивтік болып екіге бөлінеді. Репродуктивтік (дәстүрлі) білім беруде оқушы сабақтың тақырыбынан бейхабар, мақсатын мұғалім қояды және сабақ барысында мұғалім ғана жұмыс жасайды. Ал оқушылар болса, сабаққа деген қызығушылықтары жоқ, сабаққа келіп кетіп жүргені.
Ал конструктивтік (сындарлы) білім беруде оқушылар өтетін тақырыптың 30 % -н біліп келеді. Яғни оқушы сабаққа дайындалып келіп, шығармашылықпен жұмыс жасайды. Мұғалім – ұйымдастырушы, бағалаушы, реттеуші, бақылаушы, бағыттаушы қызметін атқарады.
Қазақ халқының дүниетанымында жеті санының айрықша қасиеті бар. Жетіні ата – бабаларымыз киелі сан деп ұғынған. Мен үшін де осы қазақтағы киелі санға негізделіп жасалған бағдарлама мазмұнындағы жеті модульдің қасиеті ерекше болып табылады. Білім берудегі Кембридждік әдістің теориялық негізін оқып, оқытудың жаңаша әдіс - тәсілдері – жеті модульді іс - тәжірибемде қолдану арқылы оның артықшылықтарына көз жеткізіп отырмын. Бірақта, бұрынғы дәстүрлі әдістерді де жоққа шығаруға болмайды, әр әдіс - тәсілдің өзіндік артықшылықтары бар.
Біз қолданып отырған бағдарламаның түрлі тәсілдерді жинақтағанына қарамастан, сындарлы оқыту негіздері қамтылған. Бұл жеті модульдің барлығы да барлық пән сабақтарында қолдануға ыңғайлы әрі тиімді. Информатика сабағында бұл бағдарламаның негізгі идеяларын пайдалана отырып көптеген тиімді жақтарын көруге болады.
Бағдарламаның жеті модульдерін бір сабақтың бойында пайдаланып өткізсек, бұл сабақты жаңа форматтағы сабақ деп атауға болады. Жеті модульге қысқаша тоқталсам, оқыту мен оқудағы жаң тәсілдер модулі топтық, жұптық жұмыс арқылы іске асырылады. Яғни, оқушылар арасында өзара диалог орнату арқылы білім беру деп түсінемін. Диалогтік оқыту білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді. Диалогтік оқыту баланың білімін жетілдіруде көбірек қолданылады. Біз көбінесе диалогтік оқытуды сұрақ – жауап ретінде қолданамыз. Диалогтік оқыту тек қана информатика саласында емес барлық пәндер үшін тиімді оқыту түрі болып табылады. Әсіресе тіл дамыту кезінде немесе басқа тілді үйрену барысында көп көмегі тиеді. Өз пәніме қатысты айта кетер болсам, бізде көбінесе теориямен практиканы ұштастырып оқытамыз. Ы. Алтынсарин: «Балаға айтып түсіндіргеннен гөрі, қолымен ұстап, көзімен көріп, мұрнымен иіскеп түсіндірген сабақ ұғымды» деген. Яғни бала теорияны меңгерумен қатар тәжірибе жүзінде де қалай жасау қажеттігін ұғынуы керек. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында көптеген сұрақтар туындайды. Оқушылар өзара пікірлері мен болжамдар айта отырып, бірлесе жұмыс жасайды.
Бұл таңда «Тыңдап отырған үштік», «Жұптық әңгіме», «Қар үйіндісі», «Әңгіме - дебат» сияқты әдіс - тәсілдерді пайдалану тиімді.
Сыни тұрғыдан ойлау – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты, ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім екенін білеміз. Ол оқушылардың ойлана білуіне, өз оқуына таңдау жасау, басқалардың идеяларына күмәнмен қарау қабілеті ретінде түсіндіріледі. Сыни тұрғыдан ойлау әдісі оқушының ойын дамытуға көп көмегін тигізеді. Сын тұрғысынан ойлауға дамыту модулінде мен келесідей: «Қос жазба күнделігі», «Fishbone», «Автор орындығы», «Блум түймедағы», «Екі жұлдыз, бір тілек», «Жіңішке - жуан сұрақтар», «Білемін. Білдім. Білгім келеді», «+», «-» «Қызықты», «Венн диаграммасы», «Ашық хат» және т. б. әдіс - тәсілдерді қолдандым.
Бағалау оқыту барысында ілгерілеу қадамдарын айқындау мен қолдау көрсету үшін қажет. Бағалау – одан арғы, білім алу туралы нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин деп нұсқаулықта көрсеткен. Бағалау оқыту мен білім берудің ажырамас бөлігі екенін білеміз. Сондықтан біз оқытуды бағалау білім беруді жетілдіру болып табылатынын түсінуіміз қажет. Бағалаудың үш түрі қарастырылған: формативті бағалау, жиынтық бағалау және критериалды бағалау. Формативті бағалау оқыту үшін бағалау болып табылады да, ал жиынтық бағалау оқытуды бағалау болып табылады. Суммативтік ( қорытынды бақылау) – Егер балаларды гүл деп есептесек, гүлдің бойы, түсі толықтығын, бірі–бірімен салыстыру.
Формативтік бағалау- бұл гүлді күту, су құю, тыңайтқыш беру және өсуіне қолайлы жағдай туғызу.
Жиынтық бағалауды оқудың қорытындысын шығаруда, оқудың алға ілгерілеуін тіркеу мақсатында қолданылады. Оқыту үшін бағалауда оқушы өзін - өзі реттеу арқылы өз білім деңгейін бағалайды, білімін жақсартады, сабаққа деген белсенділігі артып, қызығушылығы оянады, өзін - өзі, бірін - бірі бағалауды үйренеді. Әр сабақта оқушыларды өзін - өзі, бірін - бірі бағалауына баса назар аудардым. Өйткені оқушы өзін - өзі реттей отырып, өз білім деңгейін анықтайды, өз білімін басқалармен салыстыруды үйренеді. Қате кеткен жерлерін түсініп, әділ бағалауды үйренеді, дағдыланады.
Критериалдық бағалау - бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс.
Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты:
Мектепте оқыту
жоғарлату
Мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру.
Критериалды бағалаудың міндеттері:
Сабақтың әр бөліктеріндегі әр оқушының дайындық деңгейін анықтауға;
Бағдарламаға сәйкес оқу мақсаттарын орындау қабілеті;
Жеке оқушының даму жетістігін бақылауға;
Оқушының білім алу барысындағы қателіктері мен олқылықтарын айқындауға;
Әртүрлі жұмыс барысындағы алған өз бағасының әділдігіне көзін жеткізуге;
Оқу бағдарламасының тиімділігін саралауға;
Сабақ үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету.
Бағалау оқушылардың өзі - өзінің, басқалардың ойлары мен жұмыс жасауын бақылау болып табылатындықтан оқушы өзінің ойлауын, түсінуін, тәртібін қадағалап отыруды үйренеді, дағды қалыптасады.
Қазіргі уақытта білім беру үдерісінде ақпараттық – коммуникациялық технологияларды қолдану қажеттілігі туып отыр. Осыған байланысты білім берудегі әдіс - тәсілдер жаңарып отырады. Ақпараттық - коммуникациялық технологияларды пайдалану қазіргі кездегі заман талабы болғандықтан оған басты назар аударуымыз қажет. Жаңа ақпараттық технологияларды білім беру үдерісінде қолдану біршама жетістіктерге апаратын жол. АКТ - ны қолдану мұғалімге де оқушыға да қолайлы. Біз информатика сабағында теория мен практиканы ұштастырамыз. Бұл екеуі бір - бірімен өзара тығыз байланыста болады. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында бала теориялық білімін шыңдайды. Конфуций: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтаймын, өзіме жасатсаң - үйренемін» деген. Конфуций айтпақшы бала қолымен жасағанда ғана жақсы түсінеді, есте сақтайды. Сондықтан да сабақта АКТ пайдалану қажеттілігі туындайды. АКТ - ні тек қана сабақ кезінде ғана емес, сабақтан тыс уақытта да қолданамыз. Өйткені кез келген деректерді интернеттен алуымызға мүмкіншілігіміз бар. АКТ - ны сабақта қолдану оқушылардың белсенділігін, қызығушылығын арттырады, сыни ойлауға, басқалармен ой бөлісуге, өз тәжірибесін шыңдауға көмектеседі. Сабағымда АКТ - ны қолдану міндетім, өйткені күнделікті өтетін сабағымыз АКТ - мен байланысты. Сабақта АКТ - ны қолдану арқылы оқушылардың ақпараттық құзіреттілігін қалыптастыру бірінші орынға қойылған. АКТ - ны қолдану нәтижесінде оқушылардың өз бетімен ізденісі, қызығушылығы, белсенділігі, сенімділігі артады. Дарынды және талантты оқушылардың да білімін шыңдауда осы АКТ - ның қосар үлесі мол. Оқуды тиімді бағалау білім беру үдерісіндегі жаңа тәсілдердің барлығымен байланысты.
Дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастырудағы басты міндет - балалардың қабілеттері мен таланттарын жан - жақты аша түсу үшін дарындылықтың ерекшеліктерін анықтау болып табылады. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес. Бір қарағанда, балалардың барлығы біркелкі болып көрінеді. Дарынды оқушының дарындылығын айқындау үшін баланы ұзақ зерттеу қажет. Дарындылықты зерттеген Дж. Рензуллидің пікірінше, дарындылық адамға мінез - құлықтың үш негізгі "кластерінің" өзара байланысы арқылы беріледі Дж. Рензулли - дарындылықтың үш компоненті
Дарынды бала - бұл жақсы оқитын оқушы ма? деген сұрақ туындайды. Дарынды бала дегеніміз: өз қатарынан әлде қайда дамыған, ерекше зейіні бар, белгілі бір іс - әрекет бойынша асқан қабілеттілік танытып, жоғары жетістіктермен дараланатын бала! Бұл пікірді белгілі ағылшын психологі П. Торранс зерттеп, шындығында бұл пікірдің ұстаздар қауымы арасында жиі кездесетінін дәлелдеді.
Еліміздің ертеңгі тізгінін қолына алып, елін, жерін көркейте алатын ұрпақ - қазіргі мектеп партасында отырған қабілеті ерекше, талантты немесе дарынды ұрпақ. Алдымен өткізген сауалнама нәтижесі арқылы, өзге адамдармен сөйлесу арқылы сыныпта шығармашылық қабілеті жоғары оқушылардың бар екендігін анықтап, әр сабағымда шығармашылық тапсырмалар беруге тырыстым. Мәселен, 5 жолды өлең, реферат жазу, эссе жазу, сөзжұмбақ құрастыру және т. б.
Шығармашылық тапсырмаларды сыныпқа жаппай бере отырып, әр топтан тек қабілетті оқушылар орындап отырды. Бұл дарынды оқушыны анықтап алу үшін оңтайлы болды. Тапсырманы жеке орындаған оқушы да өз жұмысын топтың атынан қорғап, өз тобын алға сүйреуге ұмтылғандары. Бұл жерден ынтымақтастықтың белгісін анық байқауға болады. Оқушылар топқа әр түрлі тренингтер арқылы бөлінген кезде ешқандай қарсылық білдірмей, бірден іске кірісіп кетіп жатты. Бір - біріне деген жанашырлықтары, өзара татулықтары, ұйымшылдықтары үнемі байқалып тұрды.
Өз тәжірибемнің барысында келесідей оқушының дарындылығын анықтаудың кешенді әдіс - тәсілдерін қолданған болатынмын.
Оқушының дарындылығын анықтаудың кешенді әдіс - тәсілдері
сауалнамалар, психодиагностикалық тренингтерге ерекше қабілетті оқушыларды анықтау, дарынды оқушының білімін диагностикалау, дарынды оқушы деңгейін анықтауға бағытталған сауалнамалар алынды. Бұл көбінесе мектеп психологымен тығыз байланыста жұмыс жасауға бағытталды. Бұл оқушыларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту модулімен ықпалдастырылып өткізіледі. Себебі, сабақ басында сыныптың психологиялық ахуалын орнатудағы психологиялық тренинг - жаттығулар, сергіту сәттері қолданылады. Мен тәжірибенің бас кезінде сыныптағы дарынды оқушыларды анықтауға бағытталған сауалнамаларды алдым. Солардың кейбіреулеріне тоқталып өтсем, «Ерекше қабілетті оқушыны анықтау» сауалнамасының мониторингісі бойынша сыныптағы оқушылардың қаншалықты дарынды екенін анықтаған болатынмын.
Оқыту әдістерінде проблемалық оқыту әдісі, көп деңгейлі тапсырма беру әдісі, тірек - сызбалар, ойын элементтері және т. б. көптеген әдіс - тәсілдер пайданылды. Бұл тек дарынды және талантты баланы оқыту модулі арқылы ғана іске аспайды, сонымен қатар бағдарламаның басқа да модульдерімен тығыз байланысты. Атап айтқанда, оқудағы жаңа тәсілдер, оқытуды бағалау мен оқыту үшін бағалау модульдері. Себебі, оқудағы жаңа тәсілдер модуліне сәйкес оқушыларға сабақтың өң бойында берілетін, мысалы, «Тыңдап отырған үштік» әдісін қолданғанда, қабілетті оқушы диалогты дұрыс ұйымдастыра алады. Проблемалық сұрақтар арқылы оқушының одан шығудың тиімді, әрі ұтымды жауаптарын беруі де дарындылықтың бір сатысы деп есептеймін.
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін анықтау тәсілдері кластер жасау, «Синквейн» бес жолды өлең жазу, шағын эссе жазу, логикалық есептерді шешу, реферат, сөзжұмбақ және т. с. с әдіс - тәсілдер қолданылуда. Бұл әдіс - тәсіл бағдарламаның сын тұрғысынан ойлауды дамыту, ақпараттық - коммуникациялық технологияларды қолдану және оқудағы басқару мен көшбасшылық модульдерімен байланысты. Себебі оқушының шығармашылық деңгейін дамыту үшін сын тұрғысынан ойлаудың «Синквейн» бес жолды өлең жазу, шағын эссе жазу (3 - сурет), «Мозайка» кластер жасау, «Автор орындығы» стратегиялары қолданылса, реферат, сөзжұмбақ құру, компьютерде деңгейлік тапсырма орындау және т. б. АКТ модулі арқылы іске асырылады.
Оқушыларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту модулі оқушының танымдық дамуына негізделген. Танымдық даму – баланың оқу және проблемаларды шешу қабілеті. Тәжірибе кезінде оқушылардың физиологиялық, психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес тақырыптар бере отырып, олардың сол тақырыпты қабылдауы, түсінуі, есте сақтауына мән бердім. Бұл жерде байқағаным әр бала ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдайды екен. Сондықтан да сабақ жоспарын жасауда тапсырмаларды құру барысында әр оқушының деңгейін ескеру керектігін түсіндім. Мысалы, сыныптағы оқушылардың деңгейге байланысты топтастыруға немесе жұптастыруға болады, жоғары деңгейлі оқушыларға күрделі тапсырма, орта деңгейге орташа және төмен деңгейлі оқушыларға төмендеу тапсырмалар дайындап отыру керек.
Оқытудағы басқару және көшбасшылық модулі педагогикалық жетілудің пайдаланылмаған әлеуеті, мұғалімдерге қолдау көрсетілген жағдайда, кәсіби өсу мен бірлескен білім беруде іске асырылады деген сенімге негізделген. Яғни, мұғалім сабақ бойы оқушыларды дұрыс басқарып, көшбасшылық жасай алған жағдайда, жақсы нәтижеге қол жеткізгені деп түсінемін. Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық - ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс - қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогты атаймыз. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманында ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан - жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізуге болады. ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан - жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |