Алматы экономика және статистика академиясы


ХУ - ХУIII ғғ қазақ жырауларының шығармашылығы



бет21/32
Дата18.03.2017
өлшемі7,39 Mb.
#11795
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   32

ХУ - ХУIII ғғ қазақ жырауларының шығармашылығы

ХУ ғ қарай тарихының тамыры көне заманға кететiн түркi тайпаларының өмiрiнде елеулi өзгерiстер басталады. Мыңдаған жылдар бойы лек-легiмен сонау Байкал көлi мен Алтайдан бастап Балқан тауларына шейiн ағылған, ерiктi өмiр сүрген, басқа белгiлi бiр жерлерде орын тепкен мемлекеттердiң аузы батпаған , керiсiнше, сол мемлекеттердi әрқашанда қорқынышта ұстаған көшпендiлер тарихының сарқылу кезеңi басталады__Өйткенi, осы кезде дүниежүзiлiк тарихта, нақтылай келе, Еуропа топырағында, Жаңа дәуiрге өту кезеңi - қайта ґрлеу заманы басталады. “Ұлы мәртебелi Табиғаттың» балалары - көшпендiлер - өзiнiң өмiр аясының сарқыла бастағанын iшкi көкей көзiмен болса да бiрте-бiрте сезiне бастайды - садақ пен найзаның, шоқпар мен бiлектiң күшiнiң мүмкiншiлiгi азая түседi. Батыс қоғамдарында машиналық өндiрiстiң негiздерi қалыптаса бастайды, зеңбiрiктер мен мылтық оқтары соғыс технологиясын күрт өзгертедi.

Еуразия топырағына келер болсақ, Алтын Орда мемлекетiне екi ғасыр бойы салық жинап келген Москва князьдығы, барлық Орыс жерлерiн қол астына бiрiктiрiп күшейiп, Шығысқа қарай қол сұға бастайды. Ежелгi түрiк бабаларымыз иемденген Едiл мен Жайықтың екi ортасындағы жайылымдарға үлкен қауып төнедi. Ал Шығыс жақты алар болсақ, Түркi тайпаларынан кейiнгi Азияның ұлы көшпендiлерi - ойраттар да қытай жағынан қысылып, берi қарай жылжи бастайды. Ал мұның өзi ХУIII ғасырда екi көшпендi халықтың бiр-бiрiмен маңдайларымен соқтығысуына, олардың тарихында болмаған қантөгiске, апатқа әкелiп соғады. әрине, бұл қақтығыс жаңа ғана күшiн алып, Шығыстағы жаңа жерлерге қолын сұға бастаған Ресей мемлекетi мен қытай әмiршiлерiнiң мүдделерiне сай келгенi сөзсiз едi. Ал ендi Орта Азиядағы жерге отырып, тұрақтанып, халықтық дәрежеге көтерiлген түбi бiр түркi ұлыстары да көшiп-қонған әлсiреп жатқан өз ағайындарына - көшпендiлерге - қысым жасай бастайды.

Сол себептi Жәнiбек пен Керей бастаған көшпендi тайпалары олардан үзiлдi-кесiлдi бөлiнiп, қазiргi қазақстан жерiнде өз мемлекеттiгiнiң туын тiгедi де өзiнiң жаңа этнонимiне - “қазақ»,- деген атқа ие болады. Алайда,“...елдiң басы қосылған соң да бұрыннан бар ру-тайпалық құрылым, сондай-ақ шаруашылық типi мен мәдениет дәстүрлер жүйесi негiзiнен сақталады». ( Н.Назарбаев. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра, 1999, 211б.) Оның себебi - көшпендiлiк өмiр формасының қайсыбiр өзгерiске ұшырамауында, оның консервативтiк табиғатында болса керек. Әскери-демократиялық деңгейде, одан асса - ерте феодалдық қатынастардың негiзiнде өмiр сүретiн көшпендiлер сол байырғы бытыраңқы жағдайда қала бердi. “Ал әр ұлысқа кiретiн әр тайпа, әр ру жалпақ елге ортақ күн туған кезде болмаса, өз ноқтасын өзi ұстап, ешкiмге билiк бере қоймайды. Бұл оғыз, тiптi қазақ хандығы тұсында да қала бердi» (Ә.Кекiлбаев. Түркiстан тағлымы. Егемен қазақстан. 12 сәуiр, 2000ж., 3б.). Жоғарыдағы көрсетiлген жаңа гео-саяси жағдайларға, жалпы алғанда, жер бетiнде қалыптаса бастаған Жаңа дәуiрдiң талаптарына сай жауап қайтару үшiн шынайы ел тұтастығы, халық бiрлiгi қажет едi. Бiрақ, ол iске аспады, тiптi Абылай ханның заманында, елге қатерлi қауып төнген кездiң өзiнде бұкiл қазақтың басы бiрiкпедi. Ұлы Шыңғыс-ханның өз уақытында құрған алып “Алтын Орда» империясының да түбiне жеткен әлсiз жерi - осы өзiне-өзi жеткiлiктi, бiр-бiрiне күнi түсе бермейтiн көшпендiлiк өмiр салты, соның негiзiнде қалыптасатын бiр орталық билiкке бағынбаушылық, оны керектi қылмаушылық едi. әрине, Сары-Арқа даласының ойшыл-даналарының балтырын сыздатқан негiзгi мәселе, мiне, осы болатын.

ХУ-ХУIII ғғ дүниеге келген философиялық ой-талғамдар негiзiнен алғанда жыраулық түрде таралып өмiр сүрдi. ґйткенi, көшпендiлердiң арасында сауаты ашылған, жазылған сөздi оқитын адамдардың саны көп болмай, олар көбiне ақсүйектерге ғана тән болатын. қарапайым сөзбен жеткiзiлген ой бiреуден-екiншiге тарау жолында өзгерiп алғашқы мән-мағнасын тез жоғалтатыны баршаға мәлiм. Тек қана өткiр де терең, нақышына келтiрiлген өлең шумақтары адамның ақыл-ойымен қатар оның сана-сезiмiне өзiнiң зор әсерiн тигiзiп, халықтың жадында сақталып, оның дүниеге деген көзқарасы мен iс-әрекетiне өзгертулер еңгiзе алды. Жалпы алғанда, бұл тек қана қазақ халқына ғана тән нәрсе емес. Қай заманда, қай халық өз поэзиясын жан-тәнiмен сүймеген, - ол әрқашанда адамның жан-дүниесiн билейтiн әмiршiсi емес пе ?! ХХ ғ өмiр сүрген немiс философы М.Хайдеггердiң өз өмiрiнiң соңына қарай поэзияға бетбұрыс жасап, болмыс жөнiндегi нағыз терең ойларды ұлы өлеңшiлердiң шығармаларынан iздегенi осыған байланысты болса керек. Сол себептi де бiз қазақ халқының қалыптасу жолындағы терең философиялық мәселелердi жыраулардың шығармашылық жолдарынан iздеуiмiз керек.

Қазақ халқының ақын-жырауларының iшiнен аса көрнектi тұлғалар ретiнде Сыпыра жырауды (ХIУ ғ), Асан Қайғы, Қазтуған Сүйiнiшұлын (ХУ ғ), Доспамбет пен Шалкиiз жырауларды (ХУI ғ), Жиембет пен Марғасқа жырауларды (ХУII ғ), Ақтамбердi мен Тәтiқара, Бұқар жырау мен Шал ақынды (ХУIII ғ) атап өтуге болады.

ХУ ғ аса көрнектi жыраулардың бiрi - Асан Қайғы. Оның аты ғасырлар бойы халықтың жадында сақталып, аңызға айналып кеткен. Жырау өмiр сүрген уақыт - Алтын Орда мемлекетiнiң ыдырап жаңа қазақ хандық мемлекеттiгiнiң қалыптаса бастау кезеңi болатын. Мiне, Асан қайғы осы күрделi де жауапты iске ат салысып, жаңа мемлекеттiң iрге тасын қаласқан ұлы тұлға. Халықтың қамын көп ойлап, сол кездегi ел басындағылардың кемшiлiктерiн, кейбiр тайыздықтарын көрсетiп, оларға ақыл берiп, дұрыс жол сiлтегенi үшiн оны халық Асан қайғы деп атап кеткен.

Әрине, мемлекеттi құру үшiн халықтың алып жатқан жерiн анықтап, оны қорғай бiлу керек,- оны жырау жақсы түсiнедi. Ал, “қымыз iшiп қызарыпү деген жолдары тiптi қазiргi заманға дейiн өзектi - бүгiнгi халық тарихының шешушi кезеңiнде - осындай ауқымды көлемде қазақ жерiнде тарихи алғашқы рет халықтың басы бiрiгiп, жаңа заманға сай мемлекеттiлiгiн орнатып жатқан кезде,- қаншама iрi-кiшi лауазым иелерi әлi де болса өз қалтасын мемлекеттiң қазынасымен шатыстырып, “мастанып, қызып», қызмет бабын өз мүддесiне жаратып, жаңа мемлекеттiң абыройына нұқсан келтiруде! Бұл да болса ұлы жыраудың даналығын көрсетедi.

Сонымен қатар, Асан қайғы қоғам өмiрiндегi моральдық қағидаларға да көп көңiл бөледi. Оның ойынша, әдiлдiк - өтiрiк-өсекпен, алдау-арбаумен қабыспайды; даналық - өткен күндегi шындықты iздеу; қорқақтық - жау мен жауыздың алдында қашқақтау; залымдық - әлсiзге жәбiр көрсету; ақмақтық - айтқан ақылға көнбеу; т.с.с.

Асан қайғы - қазақ жерiнен шыққан алғашқы утопист. Елдiң ауыр тұрмысы, табиғат қатаңдығы, оқтын-оқтын болатын жұт, аштық т.с.с. оны қатты кұйзелтедi. Табиғатқа қарсы тұру, оны өзгерту керектiгi сияқты Батыс қоғамдарында пайда болған идеялар көшпендiлерге тән нәрсе емес едi. Сондықтан, ұлы жыраудың назары “жерұйықтыұ iздеуге бағытталады. Оның суы - сұт, топырағы - май, тасы - алтын, онда халық зардабы, соғыс, тартыс-қырқыс дегендер жоқ, бай да, кедей де - жоқ, бәрi де - жеткiлiктi, бәрi де - бақытты. Ол мұндай “жұпар қорығынұ өмiр бойы iздедi. Ол, әрине, қай халық болмасын, бақытты өмiрдi аңсаған армандарының бiр көрiнiсi едi.

Жоғарыда көрсетiлген ой-толғаулар ХУI ғ өмiр сұрген жыраулардың шығармашылығында өз жалғасын тапты. Бұл кезеңнiң көрнектi өкiлi өмiрден жастай кеткен Доспамбет жырау болды ( 30 жасқа келгенде Астрахан маңындағы бiр шайқаста қаза табады). Оның толғауларынан өткен әскери-демократия кезеңiндегi көшпендiлердiң ерiк пен теңдiк, өз елiн қорғаудағы ержұректiк қасиеттерiн мадақтап мақтаныш еткенiн байқаймыз.

“...Айнала бұлақ басы тең,

Азаулының Стамбулдан несi кем ,- деген сұрақ қойып, олай болса, “...Ер Доспамбет ағаның Хан ұлына несi жоқ,

Би ұлынан несi кем! Тәңiрiнiң өзi берген күнiнде,

Хан ұлынан артық едi менiң несiбем!»,- деп өзiн ең жоғары тұрған тұлғалардан кем санамайды. Шiркiн, осы белгiлi бiр орталыққа бағынбауды мойындамайтын еркөкiректiк болашақта халықты қандай апатқа әкелетiнiн, әрине, ол сезiне алмады - жағалай қоршаған әлеуметтiк ақуал оны мүмкiн қылмады.

Ел жұрт ұшiн ерлiк жасағанын мақтаныш етiп өз өмiрiнiң әрбiр кұнiне қанағат етедi:

“Тоғай, тоғай, тоғай су. Тоғай қондым өкiнбен,

Толғамалы ала балта қолға алып,

Топ бастадым, өкiнбен. Бүгiн-соңды өкiнбен,

Ер Мамайдың алдында Шахид кештiм, өкiнбен».

Жыраудың ойынша, әңгiме бұл өтпелi фәниде ұзақ та солғын өмiр кешуде емес, оны мазмұнды өткiзуде. Яғни, ол қазiргi тiлмен айтсақ, өмiрде алу, иелену, байлыққа масаттану емес, керiсiнше, болуды аңсаған ержүрек батыр.

ХУI ғ көрнектi жырау Шалкиiз Тiленшiұлы болды. Жыраудың ой-толғаулары ел-жұртты қорғау, адамның қысқа өмiрiн той-думанмен өткiзу, әлсiзге қол ұшын беру т.с.с. әдеттегi тақырыптарға арналса да өзiнiң ерекшелiктерiмен сипатталады. Мысалы, халықтың белгiлi бiр орталық билiкке бағыну керектiгi. Темiр биге арналған толғауында жырау:

“Сен алтынсың - мен пұлмын,

Сен жiбексiң - мен жүнмiн,

Сен сұлтансың - мен құлмын»,- деп оның лауазымын мойындайды. Басқа жағдайда өзара қырылыс-тартыстың жойылмайтынына оның көзi жетедi. Жыраудың ойынша, халықтың бiрлiгiн арттыратын - жақсылық жолы, сондықтан ол “жығылғанды тұрғыз, жылағанды уат, қисағанды түзет» дейдi.

Көшпендi замандағы ер жiгiттiң аяулы да нәзiк қысқа өмiрiн толғай келе Шалкиiз дiни бейсаналық (иррационализм) бағытын ұстайды. Жыраудың ойынша, бәрi де Тәңiрдiң жазғанымен болады:

“Жапрағы жасыл жаутерек,

Жайқалмағы желден дүр.

Төренiң кежiгуi елден дүр.

Байлардың мақтанбағы малдан дүр...

Жалаңаш барып жауға ти,

Тәңiрi өзi бiледi,

Ажалымыз қайдан дүр».

Адамды аспанға көтеретiн де, құзға құлататын да - Тәңiр. “Тең атаның ұлы едiң, дәрежеңдi артық етсе - Тәңiрi еттi»,- дейдi жырау. Мұндай көзқарастың жұрнақтары осы кұнгi қазақтардың да бойында бары сөзсiз. Өмiрi толығынан қауып-қатерге толы, ертеңгi кұнi не болатынын бiлмейтiн көшпендiнiң дұниесезiмiне мұндай өмiр философиясы оған тiрек болып, оны батырлыққа итердi.



Табиғат және оның ажырамас бөлiгi - адам - Шалкиiздiң шығармашылығының өзектi тақырыбы. Қазiргi тiлмен айтсақ, жырау философиялық антропологизм бағытын ұстаған ойшыл. Адам - табиғаттың төл туындысы, сондықтан ол оның қасиеттерiн табиғатпен салыстырып қарайды.

Тарих сахнасына келген ХУII ғ әлi басы бiрiкпеген қазақ халқына жаңа қиындықтар әкелдi. Бiр жағынан кұннен-кұнгi кұшейiп келе жатқан Ресей мемлекетiнiң суық лебi бұрынғыдан да гөрi айқын сезiле басталса, екiншi жағынан осы ғасырдың бiрiншi жартысында Шығыста жатқан жоңғарлардың ру-тайпалары бастарын бiрiктiрiп, өз хандығын дүниеге келтiредi. Шығыста жатқан қытай мемлекетiне бата алмаған қалмақтар өз өрiсiн қазақ жерлерiн жаулап алу арқылы кеңейткiсi келдi. Осыдан қазақ халқының басына орасан-зор қауып туады. 1723 ж. ойраттар қазақ жерiне бас салып, бытырап жатқан қазақ руларын орасан зор күйзелiске ұшыратады - халықтың үштен-бiрi қырылып, қыруар мал жау қолына түседi. Халықтың санасында бұл апат “Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұлама»,- деген атпен тарихқа кiрдi.

Әрбiреуi өз жағына бұратын қазақ билерiнiң есi ендi ғана жыйналып, жоңғарларға төтеп беру үшiн бiрiге бастады. Мұндай қауып-қатер туған жағдайда халық өз iшiнен ұлы саясаткер-билердi - Төле, Қазыбек, Әйтеке т.с.с. - тудырды. Халық арасынан Отан үшiн өз жанын беруге даяр Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнiбек, Қарасай т.с.с. мыңдаған батырлар шығып, халықтың басын бiрiктiрдi. Шешушi кезең де келiп қалды. 1730 ж. Балхаш көлiнiң төңiрегiндегi шайқаста қазақтар жоңғарларға ойсырата соққы берiп, күйретiп өз жерiн жаулардан босатты. Халық бұл шайқасқа Аңырақай жеңiсi деген ат қойды.

Әлсiреген қазақ халқы екi жаққа бiрдей тойтарыс бере алмады. Сондықтан, осы кезден бастап, Ресей қазақ жерлерiн өзiне қоса бастады.

Мiне, жоғарыдағы көрсетiлген ауыр қайғы-зардапқа толы тарих кезеңдерi халықтың өзiндiк сана-сезiмiн жаңа деңгейге көтердi. Сол уақыттағы өмiр сүрген жыраулардың, ойшыл-билердiң де шығармаларындағы халық тарихы, тағдыры жөнiндегi ойлары пiсiп-жетiлiп, жаңа сапалық деңгейде көрiне басталды.

Осы кездегi жыраулардың iшiнен Ақтамбердi, Үмбетей, Қожаберген, Бұқар, Шал ақынды ерекше атауға болатын сияқты. Сол кездегi халықтың ауыр жағдайы, арманы мен мұңы бұл жыраулардың шығармаларында кеңiнен орын алды. Өкiнiшке орай, оқулықтың көлемi жыраулардың бәрiне де тоқтауға мұмкiншiлiк бермейдi.

Бұл Дүниеде ұзақ өмiр сүрiп ХУII ғ екiншi, ХУIII ғ бiрiншi жартысын қамтыған жыр алыбы Бұқар жырау болды. Жырау өмiрiнiң жас кезiнде Тәуке ханның жанында болса, өмiрiнiң соңында - Абылай ханның ақылшысы, кеңесшiсi. Сол кездегi сұрапыл заманды жырау былайша суреттейдi:

“Ай заман-ай, заман-ай,

Түстi мынау тұман-ай,

Iстiң бәрi кұмән-ай...

Арғымағын жоғалтып,

Тай жүгiрткен заман-ай»,- деген жолдардан сол кездегi халық тағдырындағы қайғылы да күнгiрт ахуалды көзге елестетуге болады.

Ендi Бұқар жыраудың әлеуметтiк-саяси көзқарастарынан өтiп оның болмыс, адам жөнiндегi ойларына келер болсақ, ол бұл Дүниенi өтпелi жалған ретiнде қарайды. Ешнәрсе бұл дұниеде мәңгi емес, сонымен қатар өмiрге келген құбылыс өзiнiң белгiлi бiр заңды сатыларынан өтiп барып дүниеден кешедi:

“Он екi айда жаз келер,

құс алдында қаз келер.

Айтып-айтпай немене,

Дәуренiңiз аз келер...».

Жыраудың ойынша, адам да басқа құбылыстар сияқты өз өмiрiнiң саты-сатыларынан өтедi. Оны ол ғажап шеберлiкпен, қазiргi тiлмен айтқанда, экзистенциалды түрде қарайды:

“Балалық он жасыңыз

Балғын өскен құрақтай.

Жиырма деген жасыңыз

Жарға ойнаған лақтай.

Отыз деген жасыңыз

Таудан аққан бұлақтай.

қырық деген жасыңыз

Ерттеулi тұрған құр аттай.

Алпыс деген жасыңыз

Кұзгi соққан жел екен.

Жетпiс деген жасыңыз

Жетiм қалған күн екен...».

Жырау дүниенiң қайшылықты екенiн, олардың бiр-бiрiне өтiп жататынын басып айтады:

“...Айнала iшсе таусылмас

Көл суалмас демеңiз.

Құрсағы құшақ байлардан

Дәулет таймас демеңiз...».

Жыраудың ойынша, бұл дүниеге келiп, уақыты келгенде бәрi де кетiп жатыр. Сонымен қатар өлместiк дәрежеге жететiн бiр-ақ нәрсе бар. Ол - адам:

“...Ай мен күннiң өлгенi -

Еңкейiп барып батқаны.

Айдын шалқар өлгенi -

Мұз болып тастай қатқаны.

Қара жердiң өлгенi -

Қар астында жатқаны.

Өлмегенде не өлмейдi ?

Жақсының аты өлмейдi,

Ғалымның хаты өлмейдi» ,-деп қорытады ұлы ойшыл. Тек адам ғана өзiнiң шығармашылығымен, жақсы iстерiмен, өмiрде өзiнiң iзiн қалдыра алады. Сонымен қатар, адам - өзiнiң өмiрiнiң соңы болатынын бiлетiн пәнде болғандықтан, ол өмiрге ешқашанда тоймайды, оның арман-қиялдары, үмiтi таусылмайды - ол шексiздiкке ұмтылған жан:

“Аруды таңдап сүйсе де,

Алтынды ұйге кiрсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мiнсе де,

Арманын қоймас адамзат !

...қапалы күнi қабарып,

қайғының күнi төнсе де,

үмiтiн жоймас адамзат !

Жақындап ажал тұрса да,

Жаныңа қылыш ұрса да,

...өмiрге тоймас адамзат ! ,- деп қорытады ойшыл. Бұқар жырау өзiнiң нақыл сөздерiмен, терең де әсем жырларымен “халық атасы» дәрежесiне көтерiлген ғұламалардың қатарында қала бермек.

ХУIII ғ қазақ халқының ой-өрiсiне жыраулармен қатар өзiнiң үлесiн қосқан дана “қара қылды қақ жарған» билер болды. Атақты Қазыбек, Әйтеке мен Төле билердi қазақ халқы өз жадында сақтап, олардың қазақ халқының мемлекеттiгiне қосқан үлесiн ешқашақ есiнен шығармаған. Сол заманда өмiр сүрген Жаңыл ақын:

“Төле би, ер Қазыбек, тiлдi Әйтеке

Асқартау - Қазықұрттай бiлiмдi едi,

Бiрi күн, бiрi туған айдай болып,

Заманға сәйкесiмен келiп едi»,- деген екен.

Қазiргi тiлмен айтсақ, бұл билердiң шешiмдерi адамдардың “табиғи құқтарына», олардың бiр-бiрiне деген теңдiгi мен ерiктiгiне негiзделген болатын. Сонымен қатар, олардың өмiр, адамдардың қарым-қатынастары жөнiнде айтқан талай-талай нақыл сөздерi осы күнге шейiн бiздi таңғалдырады, олардың әрбiреуi үлкен кiтапқа пара-пар. Мысалы, әйгiлi батыр Шақшақ Жәнiбек Төле биден ақыл сұрауға келгенде, соңғының айтқаны:

“ - Өгiздi өрге салма, қанатың талар,

Наданға көзiңдi салма, сағың сынар,

Досыңа өтiрiк айтпа, сенiмiң кетер,

Дұшпаныңа сырыңды айтпа, түбiңе жетер.

...Тұмау түбi құрт болар,

Тұман түбi жұт болар.

Ақылдың түбi құт болар.

Елге бай емес, би - құт...»,- деген екен. қандай асыл, әрбiр адамға керек сөздер! Төле бидiң мына айтқан ақылы қазiргi мемлекет басында жұргендердiң бiршамасына әдейi жазылған сияқты:

“Лауазымың өссе зорайып,

Адалдықты тұншықтырсаң сол айып,

Елдi билеп өскенiңнен не пайда,

Рахатыңды көрмесе,

Ағайын мен халайық!

Көпшiл болған ер дана,

Достары болар әр сала.

Өнерлiден ұлгi алып,

Салдырар сәндi мол қала...»

Ақтабан-шұбырындыдан кейiн халық тағдырын терең ойлаған Төле би көшпендiлiк өмiр салтының тарихи сарқылысқа түскенiн айқын сезiнедi. Сондықтан, ол халықты жерге тұрақтату саясатын алғашқы бастаған тұлға десек артық айтпаған болармыз:

“Шығарсам арық қазып Сырдан бойлап,

Ел болсақ отырысты болар едi-ау,

Қыстасақ Алатауды жазда жайлап,

Бiр жағымыз қалалы диқан болсақ,

Көшпелi, бiр жағымыз бие байлап,



Елдерден қатар жатқан үлгi алайық,

Болашақ келер ұрпақ қамын ойлап»,- деген даналық ойлар айтады. Алайда, әлсiреген халық көшпендiлiктiң шеңберiнен өз iшкi күшiмен шыға алмады - оған “ұлы мәртебелi Тарих» та уақыт бермедi - тек Ресей империясының құрамына кiрiп, сан-қилы қиындықтардан өтiп барып, оның бүгiнгi Егемендiкке қолы жеттi. Сондықтан, әрбiр саналы жас өзiн қазақ халқының бейбiт бақытты өмiрiн арман еткен бабаларының өсиетiн жадында сақтап, Елдi қорғауға, оның бiрлiгi мен iргетасын нығайтуға белсендi ат салысуы қажет. Ол үшiн ең алдымен терең де сапалы бiлiм алып, оны шынайы өмiрде пайдалану жолдарын игерген жөн сияқты.

3.XIX ғасыр аяғы – XX ғасыр басындағы қазақ зиялаларының ой – пікірлері, тұжырымдары.

ХIХ ғ ағартушылық философия

Қазақ халқының тарихындағы ХIХ ғ келер болсақ, Ресей империясының бодандығына өткен елде, сол алып мемлекеттiң шеңберiнде жаңаша, негiзiнен, жерде отырып өмiр сұру жолдарына икемделу, осы кұрделi де қиын жағдайда халықтың өзiн-өзi сақтап қалу мәселесi өмiрдiң алғышарттары ретiнде тарихи сахнаға шығады. Халықтың тарихында бұрынғы-соңды болмаған мұндай өткiр бетбұрыс философия саласында ағартушылық ағымды тудырады.

Бұл арада айтып кететiн нәрсе - әрбiр халық өзiнiң өмiрiнiң шешушi кезеңдерiнде Тарихтың қойған жаңа Талаптарына сәйкес Жауап қайтаруы керек. Ол үшiн ескi құндылықтар жұйесiн өзгертiп Дүниеге деген жаңа көзқарас еңгiзу қажет. Мұндай күрделi iстi зиялылар қауымының алдыңғы қатарлы өкiлдерi жасап, халықтың сана-сезiмiн өзгертуге тырысады - оны бiз ағартушылық саты деп атаймыз. Ондай кезең барлық елдерде уақытында болған.

Отандық ағартушылықтың негiзгi ерекшелiктерiнiң бiрi - рулық, одан әрi асса - ерте феодалдық қарым-қатынастағы, көшпендiлiк өмiр салтын ұстаған халықты жаңа әлеуметтiк-экономикалық, саяси-құқтық жағдайда, болуы мұмкiн апаттан аман сақтап қалып, оның сана сезiмiне жаңа құндылықтарды еңгiзу арқылы оны жерге тұрақтандыру болды. ґйткенi, көшпендiлiк өмiр салтының негiзгi факторы - жер көлемi - кедейленген орыс шаруаларын қазақ жерiне әкелiп отырғызу саясатының негiзiнде - жылдан жылға қысқара басталды. Ал мұның өзi кұйзелiсте тұрған көшпендiлiк мал шаруашылығын толығынан кұйретiп - елде аштық пен қатар мыңдаған жылдар бойы созылып келген өмiр салты, әдет-ғұрып құндылықтары адамдардың жан-дұниесiнен ажыратыла басталды. Бұл бiздiң ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдардағы тарихында болмаған “зар заманды» тудырып, адамдар өз өмiрiнiң мән-мағнасын жоғалтып, қазiргi тiлмен айтқанда, экзистенциалдық вакуумге келiп тiрелдi. Халықтың өзiн-өзi жоғалту қаупы туды. Мұндай ақуалда көп жыраулар бұрынғы өткен өмiрдi көкседi (қазiргi кеңес қоғамын көксеп жұрген кейбiр саясаткерлер сияқты).

Алайда, Тарих өткен жолдарын қайталамайды, сондықтан, өткендi көксеу - тарихи тұйықтыққа әкелiп тiрейдi. Мұны тұсiнген халық ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Кұнанбаев секiлдi ұлы тұлғалар халықты жаңа өмiрге баулып, оны сауаттықты ашуға, бiлiмге, еңбекқорлыққа, белсендi өмiр салтына, жасампаздыққа шақырды.

Қазақ даласындағы ағартушылық көшiн бастаған аса дарынды ұлы тұлға Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865 ж.ж.) болды. Өзiнiң қысқа өмiрiнiң шеңберiнде ол өте көп iстердi тындырып, тек қана қазақ халқының өткен тарихын, әдет-ғұрпын, жалпы руханиятын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар, сол кездегi нақтылы өмiршеңдi мәселерге ат салысып, қалың бұқараның мүдделерiн аса батылдықпен қорғап, соның жолында “аққан жұлдыздай», өкiнiшке орай, ерте жанып кеттi.

Шоқанның онтологиялық (болмыстық) көзқарастарына келер болсақ, ол күнбе-күнгi адамның тәжiрибесiнен шығатын, сол кездегi жаратылыстану ғылымдарына сүйенетiн материалистiк бағытта болды. Оның тiкелей болмыс жөнiндегi еңбектерi болмағанмен, оны бiз Шоқанның қазақтардың шамандық (бақсылық) өмiрсезiмiн талдауынан байқаймыз. Шамандықты көшпендiлердiң алғашқы көне дiнi ретiнде қарап, ойшыл Табиғаттың сиқырлы да үрейлi күштерiнiң осы дiнде бейнеленгенi жөнiнде айтады. Яғни, Табиғат бiрiншi де, адамның өзi сол табиғаттың төл туындысы болғаннан кейiн өзiнiң сана-сезiмiнде жағалай ортаны дұрыс, я болмаса қияли бейнелейдi.

Ендi ойшылдың әлеуметтiк болмыс жөнiндегi көзқарастарына келер болсақ, ол “географиялық детерминизм» бағытын ұстағанын байқаймыз. қоғамның дамуына жағалай қоршаған ортаның жазықтығы, я болмаса, тау-тастығы, ауа-райы, жер құнарлығы т.с.с. факторлары жатады. Сондықтан, шегi жоқ жазық дала мал баққан көшпендiнiң енжарлығын, ерiншектiгiн т.с.с. қасиеттерiн қалыптастырса, тау мен тасқа толы, сарқырап аққан каһарлы өзен-сулары бар, неше-түрлi қауыпқа толы аймақтар, керiсiнше, адамның жинақтылығын талап етедi. Мұндай көзқарас Батыс Еуропадағы француз ағартушыларының ойларына сай келедi - мұның өзi ойшылдың тек Орыс ғалымдарымен ғана емес, сонымен қатар Батыс философиясымен де таныс болғанын дәлелдей келе, оның өз заманының ой-өрiсiнен қалмағанын көрсетедi.

Олай болмақ түгiл, ол бүгiнгi таңдағы мәселелердi тереңiрек түсiнуге көмектеседi. Мысалы, реформалардың басында ауыл шаруашылығындағы iрi ұжымдық мекемелердi жойып, олардың орнына жеке шаруашылық қожалықтарын орнату саясаты жұргiзiлдi. әрине, мұндай саясатта елдiң географиялық ерекшелiктерi ескерiлген жоқ. қазақстан АқШ, я болмаса, Бразилия, немесе Франция емес. Ендi бұгiнгi таңда ғана бiз жiберген қателiктерiмiздi байқап талдап жатырмыз. Сонау көне заманнан бастап Жаңа дәуiрге дейiн елдiң сайын даласында тек қана көшпендi мал шаруашылығы ең тиiмдi шаруашылық формасы болғанын Шоқаннан кейiнгi бiзге де мойындауға тура келедi. Тек қана индустриалық-машиналық өндiрiс пайда болып, өндiргiш күштер зор даму қарқынын алған кезден бастап қана солтүстiк және орталық өңiрлерде жерге тұрақтану мүмкiншiлiгi пайда болып, сол кезден бастап қазақ жерлерiне басқа мемлекеттердiң “қызығушылығы» пайда бола бастады.

Шоқан Уәлихановтың әлеуметтiк-саяси, құқтық көзқарастарына келер болсақ, ойшыл жан-тәнiмен халықтың қамын ойлап, “әдiлеттi басқару» жүйесi арқылы “парасатты реформалардың» негiзiнде халықтың хал-ақуалын өзгертуге болатынына сендi және оны жақындату үшiн барлық күш-жiгерiн салды. Ол 1862 ж. Атбасар аймағының сұлтан-басқарушы лауазымын жеңiп алу үшiн сайлауға түсiп жеңгенмен, Патша үкiметi оны бұл орынға бекiтпей қойды. Одан кейiн Шоқан “Сот реформалары жөнiндегi жазбалар» атты өзiнiң ғылыми еңбегiн жазады. Осы кездегi Ресей мемлекетiнде буржуазиялық-демократиялық реформалар қомақты орын алып жүрiп жатқанымен “азиаттық деспотия», пара алу, заңды бұзу, қарапайым адамның ар-намысын аяққа басу т.с.с. кертартпалықтар бұрынғыдай болып жатты. Сондықтан, Шоқан Ресей мемлекетiнiң құқтығына зор күмән келтiредi. Құқтық мемлекетте заңдардың үстемдiгi әрқашанда сақталуы қажет - оны ешкiмнiң де аттап өтуiне құқы жоқ. Заңдар бұзылған жағдайда жаза әдiл сот арқылы берiлуi керек,- деп қорытады ойшыл.

Шоқан Патша үкiметiнiң Ресей сот институтын өзгертпеген, бейiмделмеген түрде қазақ қоғамының өмiрiне еңгiзуiне үзiлдi-кесiлдi қарсы шығып, оның негiзсiздiгiн көрсетедi. Ресей заңдары қазақ қоғамындағы әлеуметтiк қатынастардың ерекшелiктерiн, халықтың тарихи қалыптасқан құқтық көзқарастарын ескермейдi. Шоқанның ойынша, таяу болашақта қазақ даласында ұйреншiктi, халық алдында абыройы бар билер сотын қалдыра тұру қажет.

Ш.Уәлиханов қазақ халқының рухани өмiрiн зерттеуге де қомақты үлес қосты. Оның даналығы - болашақтағы халықтың рухани жаңаруындағы тарихи қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жыр-дастандардың, аңыздардың, т.с.с. халық туындыларының маңыздылығын ұғып, олардың әр-тұрлi тұп-нұсқаларын қағазға түсiрiп, болашақ ұрпақтарға қалдыру болды. Солардың iшiнде “Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», “Едiге», “Ер Қосай», “Ер Көкше» сияқты жырлар бар. Туысқан қырғыз халқының аса көрнектi туындысы - “Манасты» да алғаш рет қағазға түсiрiп, оны орыс мәдениет зерттеушiлерiне көрсеткен де Ш.Уәлиханов болды. Егер бiз орыс ұлы ойшылы А.Ф.Лосевтың - қайсы бiр халықтың мәдениетiнiң биiктiгi мен шоқтығы оның тарихи тудырған аңыздары мен жыр-дастандарының байлығына байланысты,- деген пiкiрiне құлақ түрсек, Шоқанның бұл еңбегiн асыра бағалау өте қиын жұмыс болар. Осы ойларға сәйкес, бiз қазақ халқының мәдениетiнiң әлi талай-талай шыңдарға жететiнiне күмәнiмiз жоқ, өйткенi оның iргетасы мықты - ғажап iнжу-маржандармен безенген, мыңдаған жылдарды артына тастап, бiздiң өмiрiмiзге дейiн жеткен - халық мифологиясы. Ол қазiргi қазақ тiлi мен мәдениетiне ерекше өзiндiк сипат беретiн сарқылмайтын бұлақ, рухани тiрек.

Ш.Уәлиханов халықтың дiни өмiрiн де терең зерттеп, оны ағарту жолында көп еңбек етедi. Ол шамандықты (бақсылықты) көшпендiлердiң Табиғатқа табыну жолында тудырған дүниесезiмi ретiнде қарайды. Бұл iзденiс жолында халық осы Дүниенi жаратқан “Тәңiрдi», адамдарды әрқашанда қолдап отыратын бабалардың рухы - “аруақты» табады. Ислам дiнiнiң Орта Азия мен қазақстанға тарауы көшпендiлердiң рухани өмiрiнiң өзгеруiне әкелгенiн айтады. Дегенмен де, қазақ дұниесезiмiнде ислам қағидалары шамандықпен араласып, бiр жағынан, Аллаға тағзым етумен қатар, екiншi жағынан отқа табынумен жалғасып жатты,- деп қорытады ойшыл.

Жалпы алғанда, ойшыл ислам дiнiне терiс көзбен қарайды - молдалар халықты қараңғылық пен надандықтың шырмауынан шығармайды, сол кездегi қазақ жерiндегi мешiттердiң көп салынуына алаңдаушылықпен қарап, оларды халықты бодандаудың бiр құралы ретiнде қарайды.

Мұмкiн, бұл жаңа бодандық жағдайдағы халықтың өзiн-өзi сақтап қалу шараларының бiрi болуы да ғажап емес - бiрақ, Шоқан ондай ойға келген жоқ-ты. Дегенмен, оның кейбiр терең ойлары бұгiнгi таңдағы дiни салада болып жатқан кұрделi өзгерiстердi, соның iшiнде мистицизм, дiни фанатизм және экстремизм сияқты келеңсiз құбылыстарды сараптауға көмектеседi.

Ағартушылық ағымының көрнектi өкiлi Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 ж.ж.) халықты аман сақтап қалудың, жаңа қалыптасып жатқан ақуалға сай келуiнiң бiрден-бiр жолы - оның сауаттығын арттыру, бiлiмiн жетiлдiру, орыс мәдениетi мен тiлiн игеру деп есептедi. Сондықтан, ол өзiнiң барлық күш-жiгерiн жаңа мектептер ашуға, балаларға арналған қызықты оқулықтар жазуға жұмсады.

Өзiнiң Дұниеге деген көзқарастарында ол дiни бағытта болып құдайды мойындағанымен, дiни фанатизмге қарсы шығып, шала-сауатты қазан мен Бухарадан келген молдалардың халыққа тигiзетiн терiс әсерлерiн әшкерлейдi. “Кел, балалар, оқылық !», «Жаз», “Өзен» т.с.с. оның өлеңдерi осы күнге дейiн өзiнiң эстетикалық әсемдiгi, гуманистiк идеялары, тәрбиелiк мүмкiндiктерiмен бiлiм беру саласындағы жас ұрпаққа оң әсерiн тигiзуде.

Ағартушылық философиясының аса алып тұлғасы Абай Құнанбайұлы (1845-1904 ж.ж.) - тек қазақ халқы емес, сонымен қатар бүкiл дұниежүзiлiк руханиятта өзiнiң өшпес iзiн қалдырған ұлы ғұлама. 1995 ж. ЮНЕСКО тарапынан ұлы ойшылдың 150 жылдығы бұкiл адамзат көлемiнде атап өтiлiп, қазақ халқының мерейiн биiк шыңға көтердi. Абайтану бүгiнгi таңда тек қана қазақ зиялыларының үлесiнде ғана емес, сонымен қатар, бүкiл дүниежүзiлiк құбылысқа айналды. Соңғы кезде бiрталай мәндi де терең зерттеулер жарық көрiп, қазақ халқының руханиятының дамуына өз үлесiн қосты. Бiздiң ойымызша, “Абайтану» саласының мерзiмдi түрде шығып тұратын өз журналының да шығуына көп уақыт қалмаған сияқты. Өйткенi, бiз әрi қарай дербес мемлекет ретiнде дамыған сайын Абайдың айтқан терең ойларымен сусындап, өз өмiрiмiзде дұрыс бағыт ұстауға мұмкiндiк аламыз.

Әрине, шағын оқулықта Абайдан қалған мұраны жан-жақты сараптау мұмкiн емес. Сондықтан, бiз Абайдың бүгiнгi күндегi көкейкестi мәселелермен байланысты ойларына көбiрек көңiл бөлсек деймiз. қосымша әдебиеттi талантты оқырман қиындық көрмей-ақ бұгiнгi кiтапханалардан табады. Осы орайда бiз белгiлi Абайтанушы проф. Ғ.Есiмнiң еңбектерiн ерекше ұсынар едiк.

Абай еуропалық мағнада айтылатын классикалық бiлiм алған жоқ (университеттерде оқыған жоқ). Бiрақ, өзiнiң iшкi жалыны, дұниенi, өмiрдi тануға деген зор iңкәрi мен шабытының арқасында, ол араб, парсы, орыс тiлдерi мен мәдениетiн терең игерiп, өзiнiң дұниеге деген көзқарасында олардың негiзгi нәтижелерiн қазақ руханиятымен бiрiктiре бiлдi. Абайдың шығармашылық еңбегi жан-жақты универсализмдiгiмен таңғалдырады : ол - ақын, сазгер, философ, аудармашы, құқтанушы, саясаткер. Уақытында М.Дулатов айтқандай “Зәредей шүбә етпеймiз, Абайдың өлген күнiнен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. үнемi бұл кұйде тұрмас, халық ағарар, өнер-бiлiмге қанар, сол күндерде Абай құрметi кұннен кұнге артыларұ. Мiне, бүгiн сол күндер келдi, ал жастарға қойылатын талап - ұлы Абайды мұқият зерттеп өз жан-дүниесiне сiңiру болмақ. Ол бiздiң хакiм-ата алдындағы парызымыз.

Абайдың онтологиялық (болмыстық) көзқарастарына келер болсақ, оны ғажап та терең, өзiнiң ерекшелiгi мен маңыздылығын ешқашанда жоймайтын дiннiң шеңберiндегi философиялық антропология деп бағалауға болатын сияқты. Жаратқан, Дұние, Адам - мiне, осы үш категория Абай философиясының iргетасын құрайды. Абай өз философиясының осы негiздерiн өзiнiң 38-шi қара сөзiнде егжей-тегжей талдайды. Дұние Жаратқанның құдiреттi күшi арқылы пайда болып өмiр сүрiп жатыр және онда белгiлi бiр заңдылықтар, мақсатқа лайықтылық бар - соңғылардың негiзi - Ғылымда. Жаратқанның үшiншi сипаты - Хаят, яғни Тiршiлiк (қараңыз: Абай. Алматы. Ел.,1993, 84 б.) . Мұның сыртында Абай тағы Алланың 5 сипатын көрсетедi, бiрақ олар жоғарыда көрсетiлген негiзгi 3 сипатты нақтылайтын, тұсiндiретiн құндылықтар. Олар: Басар (қырағылық), Сәмiг (сергектiк), Ирада (қалау), Кәлам (сөз), Тәкин (жасампаздық, барлыққа келтiрушi).

Ендi Абайдың Философиялық антропологиясына келер болсақ, жаратылған адамның ақыл-ойы, күш-қуаты бар, ал ол Алланың ғылыми-құдiреттiлiгiнен шығатын қасиеттер. Бұл арада ұлы Абай Рақымшылдыққа аса көп көңiл бөледi. Ол да Алланың 8 сипаттарына кiрмесе де Оның негiзгi қасиеттерiнiң бiрi, себебi оның аттары Рахман (Жарылқаушы), Рахим (Мейiрiмдi), Ғафур (Кешiрушi), Уадуд (Сұюшi), Хафиз (қорғаушы), Сәттар (Айыпты жабушы), Разақ (Ырыздық берушi), Нафиг (Пайда берушi), Уәкил (ґкiл), Латиф ( Iлтипатты) - бәрi де Рақымшылдықты көрсетедi (қараңыз: Абай. Алматы., Ел., 1993, 86 б.) .

Абай адамның ерекше пәнде ретiнде жаратылғанын ескертедi : “Адам баласынан махшарда (о дұниеде,- С.М.) сұрау беретұғын қылып, жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар» (аталған әдебиет, 87 б.). Дүниедегi өлi табиғат, тiршiлiк болсын - бәрi де адам үшiн жаратылған : “...Жер мақтасын, кендiрiн, жемiсiн, кенiн, гүлдер гүлiн, құстар жүнiн, етiн, жұмыртқасын; хайуандар: етiн, сүтiн, күшiн, көркiн, терiсiн; сулар: балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балаузын, құрт жiбегiн -һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбiрiнде, бұл менiкi дерлiк бiр нәрсе жоқ, бәрi - адам баласына таусылмас азық» (аталған әдебиет, 88 б.),- деп қорытады ұлы ойшыл. Ал мұның бәрi де Алла-тағаланың адамға деген сүйiспеншiлiгiн көрсетедi, олай болса, адам да Жаратқанды барлық жан-тәнiмен сүюi керек,- сонда ғана ол өз өмiрiнiң мән-мағнасын табады.

Сонымен, адам - Ғарыштың өзегi, ерекше пәнде. Бiрақ, соған қарамастан, ол шектеулi, өлшемдi, ал Алла-тағала өлшеусiз, шексiз. Сондықтан, “бiз Алла тағаланы өзiнiң бiлiнгенi қадар ғана бiлемiз, болмаса түгел бiлмекке мүмкiн емес... өлшеулi бiрлән өлшеусiздi бiлуге болмайды» (аталған әдебиет, 83 б.). Бiз бұл арада Абай ойының сол кездегi Еуропа топырағындағы ағартушылардан анағұрлым терең екенiн байқаймыз: әңгiме дүниенiң бәрiн қайта өзгертуде емес, ол тәкәппарлыққа, құдаймен теңесуге деген адам iңкәрiн туғызып, оны шайтан жолына түсiредi. Сондықтан, Абай:

“Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де - бiр кiрпiш дүниеге,

Тетiгiн тап та, бар қалан!,- деген ұран тастайды.

Абай - Жаңа дәуiрдiң перзентi. Сондықтан, ол Орта ғасырлардағы ойшылдардың аскеттiк философиясын қабылдамайды. Оның ойынша, егер барлық адамдар тариқат жолына түсiп, материалдық дүниеден бас тартса, онда “дүние ойран» болар едi. “Бұлай болғанда малды кiм бағады, дұшпанды кiм тоқтатады, киiмдi кiм тоқиды, астықты кiм егедi, дүниедегi Алланың пенделерi үшiн жаратқан қазыналарын кiм iздейдi (аталған әдебиет, 92 б.),- деген сұрақ қойып, ойшыл оны құдай алдындағы күнә ретiнде қарайды. Алла-тағала дұниенi адамға “рахатын көрмегiне бола жаратқан», қазiрет Ғосман, Ғабдурахман ибн Ғауф, Сагид ибн Абдукас сияқты Пайғамбардың жақындары да өз байлықтарымен даңқты болған.

Алайда, байлықтың да байлығы болады. Кейбiреулер мал жинау, мүлкiн көбейту арқылы басқалардан озып, өзiн биiкке көтерiп, дандайсып кетедi. Екiншiлер кем-тарларға көмектесу, өзiн өзгелерден тәуелдi еткiсi келмес үшiн баюға тырысады. Соңғы жолды құдай қалайды. Нағыз адамға тән биiктеу - ол рухани самғау. Адамның абыройы оның сыртқы әсем киiмi мен жұрiс-тұрысында емес, оның iшкi таза ниетiнде, сол арқылы ғана бiздi құдай таниды. Руханияты биiк адам өмiрде кездесетiн өрескел қиын жағдайлардың өзiнде өз абыройын жоғалтпайды. Адамның өз-өзiн мадақтауы, басқа адамдарды төмендетуге тырысуы - оның тайыздығын көрсетедi. Абайдың бұл ойлары қазiргi қоғамдағы болып жатқан өзгерiстердi дұрыс тұсiнуге мұмкiндiк бередi.

Бүгiнгi таңдағы нарықтық экономиканың негiздерiн қалыптастыруда Абайдың өз дәуiрiндегi айтқан ойлары өзiнiң өзектiгiмен таңғалдырады. Оның ойынша, бақытты өмiрге жету адам өз ақыл-ойын, ынтасы мен қабiлетiн, өмiрден алған оң тәжiрибесiн бiрiктiрiп алға қойған мақсатын жұзеге асыруға жұмылдырса ғана iске асады. әйгiлi “Сегiз аяқта»:

“Болмағын кекшiл,

Болсайшы көпшiл,

Жан аямай кәсiп қыл !

Орынсыз ыржың,

Болымсыз қылжаң

Бола ма дәулет, нәсiп бұл ?

Еңбек қылсаң ерiнбей -

Тояды қарның тiленбей.

Егiннiң ебiн,

Сауданың тегiн

Үйренiп, ойлап, мал iзде.

Адам бол - бай тап

Қуансаң, қуан сол кезде»,- деген ақыл-ойын халыққа тартады.

Халықтың бойына сiнген кертартпа қасиет - ол ерiншектiк. Оны Абай надандық пен зұлымдықтың қатарына қояды.

Абай өзiнiң 1886 ж. жарық көрген “Базарға қарап тұрсам, әркiм барар» деген шығармасында былай дейдi:

“Базарға, қарап тұрсам, әркiм барар,

Iздегенi не болса, сол табылар.

Бiреу астық алады, бiреу маржан,

Әркiмге бiрдей нәрсе бермес базар.

Әркiмнiң өзi iздеген нәрсесi бар,

Сомалап ақшасына сонан алар.

Бiреу ұқпас бұл сөздi, бiреу ұғар,

Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар.

Сөздi ұғар осы кұнде кiсi бар ма ?

Демеймiн жалпақ жұртқа бiрдей жағар.

Жазған соң жерде қалмас тесiк моншақ,

Бiреуден бiреу алып, елге тарар». Бұл шумақтан Абайдың нарықтық қатынастарды жақтап, оның ертелi-кеш елге келетiнiн, сонымен қатар, сол кездегi ақуалға көңiлi толмағанын байқаймыз. Абайдың ойынша, қайсыбiр iскер адам артық пайданы, табысты халық игiлiгiне, қайырымдылыққа, мұқтаждық құрсауынан жапа көргендерге, кемтар, мүгедектерге, мәдениет пен бiлiмдi дамытуға жұмсауы керек. Тек қана “өзiң үшiн еңбек қылсаң - өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың. Адамшылдықтың қарызына еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бiрi боласың»,- дейдi Абай өзiнiң 37 қара сөзiнде. Ешкiмге қол ұшын бермей, мерседес мәшине мiңгенiне, оқтын-оқтын шет елге барып сауық құрып келгенiне мәз кейбiр iскерсымақ адамдар бұл Абайдың ойын ұғар ма екен ?!

Абай өзiнiң әйгiлi 2 қарасөзiнде қазақты өзбек, ноғай, тәжiк, орыстармен салыстыра келе қазақтар сол халықтардан үлгi алып егiн егу, сауда, ғылым, қолөнермен айналысып, тазалық пен тәртiпке, әскери қызмет атқарып, құдайды құрметтеуге және маңдай терiн төгiп еңбек етуге шақырады. Сонда ғана елге молшылық келедi. Тек бүгiнгi таңда ғана халықтың көпшiлiгi осы ойдың даналығын мойындаған секiлдi. Сонымен қатар, енжарлық көрсетiп, осы уақытқа шейiн мемлекетке қарап, қол қусырып отырғандар да аз емес сияқты.

Абай “байлық» атты ұғымның адамгершiлiк жағына аса көп назар аударады. Әуелi, құдайдан мал тiлейсiңдер,- дейдi Абай. “Құдай тағала саған еңбек қылып, мал табарлық қуат бердi. Ол қуатты халал кәсiп қыларлық орынға жұмсаймысың ? Жұмсамайсың ...Сенiкi бiреуден қорқытып алсаң, бiреуден жалынып алсаң, бiреуден алдап алсаң болғаны, iздегенiң – сол»(аталған шығарма, 27 б.). ґз ойын әрi қарай жалғастырып, Абай сол жолмен тапқан малыңды ендi сарып қылып, ғылым табу керек дейдi. -Өзiңе табылмаса, балаң тапсын деген талап қояды. “Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбiр ғибадат орнына бармайды. Ешбiр қазақ көрмедiм, малды иттiкпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған» (атал. шығ, 28 б.),- деп қорытады ұлы ойшыл.

Қорыта келе, Абайдың нарықтық қатынастардың жетiк бiлгiрi болғанын айта келiп, оның көтерген мәселелерi осы кұнi де өзiнiң өзектiлiгiмен байқалады деуге болады.

Абайдың саяси-құқықтық көзқарастарына келер болсақ, онда да өнегелi көп терең ойларды табамыз. әрине, Абайдың еңбектерiнен “құқтық мемлекет» деген ұғымды iздеу бекер болар, адам қандай ұлы болса да өз заманының перзентi ғой. Бiрақ, Абайдың саяси-құқтық көзқарастары осы ұғыммен байланысты екенiн байқауға болады. Абай отарлық саясатты әшкерлей келе, “бөлiп ал да, билей бер» деген саясаттың негiзiнде халықтың iшiнде iрiткi пайда болып, жеке адамның құқтарының өрескел бұзылғанын әңгiме қылады. “Болыс болдым мiнеки»,-деген өлеңiнде Абай:

“Бұрынғыдай дәурен жоқ,

ұлық жолы тарайды,

өтiрiк берген қағаздың

Алды-артына қарайды.

Тауып алып жалғанын,

қылмысыңды санайды.

өзi залым зәкүншiк

Тонап алды талайды.

Көрмей тұрып құсамын

Темiр көздi сарайды»,- деп, Патшалық саяси тәртiптi әшкерлейдi.

Абайдың сот тәуелсiздiгi жөнiндегi ойларына келсек, ол да бүгiнгi күнгi талаптармен үндесiп жатыр. Бұл қағиданы iс жұзiнде өмiрге еңгiзу ұшiн сот қызметкерi сол жұмысқа өмiрлiк сайлануы қажет. “Әрбiр елден толымды-бiлiмдi кiсi билiкке жыл кесiлмей сайланса, олар түссе - жаманшылығы әшкере бiлiнгендiктен түссе - әйтпесе, түспесе»,- дейдi ұлы ойшыл. Егемен мемлекетiмiзде Абайдың айтқан бұл ойын iске асырдық, бiрақ етек жайып кеткен пара алатын “зәкүншiктер» осы уақытқа шейiн таусылар емес.

Абай бүкiл болмысымен, жан-тәнiмен өз халқын сүйген, сол себептi оның тарихи қалыптасқан кемшiлiктерiн әшкерлей бiлген. Өз кемшiлiгiн сезiну - одан жартылай құтылумен тең емес пе, қалған жартысын бiлiм алу, қажырлы еңбек ету жолында жоюға болады. Абай “Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалды талдай келе “Ардан кеткен соң, тiрi болып жүргенiң құрысын»(29 сөз.,аталған шығарма, 63 б.),- деп қынжылады. “қалауын тапса қар жанады», “Атың шықпаса, жер өрте», “Алтын көрсе, перiште жолдан таяды», “Ата-анадан мал тәттi, алтын үйден жан тәттi»,- деген мақал-мәтелдерге сындық көзбен қарап, қазақ дұниесезiмiнде қалыптасқан терiс кертартпа қылықтарды қатты сынға алып, оларды тұзеуге шақырады.

Бiз бұл мәселеге тоқталған себебiмiз - дербес мемлекет болып қалыптасып, жаңа өмiрге ұмтылып жатқан жағдайда, ұлттың өзiндiк сыны 100 жылдан аса уақыт өтсе де Абайдың деңгейiнен төмен болып тұрғандығы. Керiсiнше, қоғамдық санада “Жаманымызды жасырып, жақсымызды асырайық» деген сорақы пiкiр кең тараған. Сонда бiз халықтың терiс қылықтарынан қалай арыламыз ?! Я болмаса, бұгiнгi таңдағы қазақ халқының кемшiлiктерi жоқ па ? Олай болса, бiз неге басқа алға кеткен халықтарды озып кетпеймiз ? Бұл қойылған сұрақтарға қарсы “қазақ елi көпұлтты мемлекетке айналғаннан кейiн басқалардың алдында өз кемшiлiктерiмiздi әшкерлегеннiң жөнi болмас»,- деген пiкiрдi де естiп жұрмiз. Ал, басқалар сынаса, жатып алып долданамыз.

Әрине, көпұлтты елде бiрiн-бiрi сынау үлкен саяси қата болар едi. Сонымен қатар, “ауруын жасырған - өледi» дегендi еске алсақ, ұлттық сын керек сияқты, және оны жасайтын өз ұлтыңның зиялылары болу керек. Сонда ғана алға жылжулық орын алып, ұлттың сана-сезiмi өседi. Басқа жағдайда, орынсыз, Абай уақытында сынға алған, өркөкiректiкке келемiз. Ал жақсы жақтарымызға келер болсақ, оны басқа халықтар айтпай-ақ бiлiп, бiздiң ұлтымызды сыйлайды. Мiне, осындай ащы ойлар Абайды оқығанда еске келедi - ол да болса ойшылдың өсиеттерiн орындау парызынан шығады.

Келесi Абаймен ақылдасатын көкейкестi мәселе - Қазақстанның ғаламдасу (глобализация) үрдiсiне кеңiнен кiруi. Уақытында оның жолын ұлы Абай орыс мәдениетi мен тiлiн игеру керектiгi жөнiндегi ойларында терең көрсетiп кеттi. “Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрi орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тiлiн, оқуын, ғылымын бiлмек керек» (25 сөз., аталған әдебиет, 51 б.),- дейдi ұлы ағартушы. Яғни, жақсы жақтарын алып, жаман жақтарынан безу керек. Олай болса, бiз шет елдерден жаңа технологияларды алып, өндiрiсiмiздi дамытып, сонымен қатар, Батыс мәдениетiнiң тұрпайы да дөрекi - зорлық-зомбылық пен тыйымы жоқ нәпсiнi көрсететiн - түрлерiнен өз дiлiмiздi алшақ ұстауымыз қажет. Ал iс жүзiнде бiрiншiсiнен гөрi екiншiсi - елдi жаулап алып, руханиятымызды улап жатыр. Ертең-ақ соның салдарынан төл мәдениетiмiзден жаттанып ХХI ғ “жаңа мәңгүрттерiне» айналу қаупы төнiп тұрғандай.

Абайдың ойынша, Жаратқанның тудырған бұл Дүниесiнiң кiндiгi - адам. Олай болса, “Адам бол !,- дейдi бабамыз. Яғни, әрбiр кiсi әрқашанда өзiнiң тұлғасының адам ұғымына сәйкестiгiн өлшеп өмiр-бақи соған жетуге тырысуы қажет. Тек сонда ғана адам өзiн жан-жақты дамытып, бойындағы ашылмаған табиғи дарындарын сыртқа шығарып, гүлдетiп, бұл өмiрде ерекше орны бар тұлғаға айналып, өзiн бақыттымын деп сезiне алады.

Бiрақ адам идеясы, ұғымы мен тiрi өмiрдегi пенденiң арасын қанша жақындатсақ та, олар бiр-бiрiмен толық қосылмайды. Мұны терең түсiне бiлген Абай да, қазiргi тiлмен айтқанда, экзистенциалдық ой-өрiстiң шеңберiнен көрiнiп, ХХ ғ пайда болған осы Батыс ағымы қойған адам мәселерiн қамти бiлдi - оны бiз 1-шi қара сөзден-ақ байқаймыз. “...әйтеуiр бiрталай өмiрiмiздi өткiздiк: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық... Ендi жер ортасы жасқа келдiк: қажыдық, жалықтық,... бәрi қоршылық екенiн бiлдiк. Ал ендi қалған өмiрiмiздi қайтiп не қылып өткiземiз? Соны таба алмай өзiм де қайранмын»(аталған әдебиет, 7 б.) ,- деген ойшыл сөздерiнен өмiр философиясын көру қиын емес.

Дегенмен де, “Дүние - үлкен көл, заман - соққан жел», бәрi де өзгерiсте болғаннан кейiн, ұлы Абай нағыз адам болу ұшiн болашақ ұрпақтарына өсиет ретiнде “Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол»,- дейдi.

“Тiлеуiң, өмiрiң алдында,

Оған қайғы жесеңiз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет