Алматы облысы, Алакөл ауданы, №2 Қабанбай орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар мемлекеттік мекемесінің



бет3/6
Дата05.11.2016
өлшемі1 Mb.
1   2   3   4   5   6

Ғылыми жетекшісі: Кыяхметова Л.А.

Тақырыбы: АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЖҮРЕК «КУЛЬТІ» ПОЭТИКАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСЫ

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ .....................................................................................................

АБАЙ–ТАНЫМЫНДАҒЫ ЖҮРЕК ҰҒЫМЫНЫҢ ПӘЛСАФАЛЫҚ

НЕГІЗІ............................................................................................................

1.1 Абайдың толық адам тұжырымдамасы...............................................

І.2 Адамгершілік арналары.........................................................................

АБАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЖҮРЕК КУЛЬТІ .....................................

2.1. ЖҮРЕК - Абай дүниетанымының алтын арқауы ...........................

ҚОРЫТЫНДЫ............................................................................................

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР..........................................................



КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Абай танымындағы жүрек ұғымының пәлсапалық негізі-жүрек түкпірінен бастау алар сезім, сүйіспеншілік, мейірімге толы адамгершілік арналары әрі ақынның жүрек ұғымын поэтикалық тұрғыдан әр қырынан суреттеуі терең әрі талдай зерттеуді қажет ететін мәселе. Абай этикалық мәселені, мораль философиясын тереңдеп сөз еткен ойшыл ақын. М.Әуезовтың: «Ол адамгершілікті, моральдік философияны барлық жайдан жоғары қойды» (1) деген ойы ақын танымын терең танудан туған. Абай ақындық мұрат емес, оның ақындығы – адамгершілік танымының құралы ғана. Ол белгілі адамгершілік қасиеттерді іш тартып қана қоймай, сонымен бірге адамгершіліктің, адам болу мен кісіліктің өзі тапқан қалыбын, жүйесі мен жолын жасайды. Адам тану мен адамгершіліктің мәніне, сырына үңіле түседі. Қайтсем адам атын асқақ, асыл етем деп шарқ ұрады. Әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметов «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясында Абай шығармаларындағы таным жайын хауас арқылы, ізгілік сырын жүрек, жәуанмәртілік, үш сүю арқылы жан – жақты таратып айтқан. Абайдағы толық адам – тәнімен де, жанымен де жетілудің шыңына жетіп, кемеліне келген адам. Ақынның өмір бойғы ізденісінен туған адамгершілік таным, кісілік қалып осы.

Ақын адамгершілікті көркемдік тұрғыда суреттеумен шектелмей, оны ілім, таным, ойшылдық деңгейіне көтере жүрекпен байланыстыра жырлайды. Жүрек – алла-жар әмірін ет пен сүйектен жаралған адамзат кеудесіне ұялатушы. Жүрек әміріне құлақ аспау, ынсап пен қанағатты жоғалту, «бес дұшпанға» ырық беру, нәпсінің құлына айналу– адамдық қасиеттен азу. Ақынның: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла», «Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде». «Ынталы жүрек сезген сөз». «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа қол емес», «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі» – деген ойлары - ақиқатты тану жолын нұсқағаны. Адам жаны мен тәнінің сан алуан жан қуаттарының сыр-сипатын саралап, ақыл, сезім, қайратты біртұтас құбылыс деп түсіндіреді.

АБАЙ–ТАНЫМЫНДАҒЫ ЖҮРЕК ҰҒЫМЫНЫҢ ПӘЛСФАЛЫҚ

НЕГІЗІ.


Абайдың мәдени – философиялық таным теориясы танытуда ақынның жүрек ұғымына айрықша маңыз беруінің себебін ғылыми тұрғыда дәлелдеу үшін ақын өзі өлеңдерінде ауызға алған шығыс, батыс ғұламаларының еңбектерін білуіміз қажет. Абай Дауанидің мораль философиясын оқи отырып, оның философиясындағы адам жаны, жанның табиғатын ғылыми тұрғыдан білуге тырысады. Сөйтіп одан моральдік философияға сай өзінің 7, 38, 43 қара сөздерінде таным категорияларын жасайды:

Адам

Жан құмары Жан азығы Жан қуаты



Сана

Ғылым жолы

Біз Абай қара сөздеріндегі моральдық философияға сай келетін танымның бірінші категориясы жүрек деп қарастырамыз. Енді осы категорияға анықтама беріп кетелік. Кез – келген оқыған адамның бойында жаны бар. Ол жан – тәнімен бір нәрсені құмартады. Оның бойында жан құмары (білуге құштарлық), жан азығы (оқу, білім, іздену арқылы ғылымға ұмтылу), жан қуаты: (бойында шабыт, қайрат, ояну арқылы білімге тоймау). Міне осы қасиет адамды саналыққа, білімге, білім – ғылымға жетелейді.

Бұл Абай қара сөздеріндегі 1 – ші таным категориясы. Енді бұдан да ғажабы Абай көп ретте шығыс ойшылдарының әсіресе мораль философиясы саласында айтылған ой – пікірлерінде жиі ұшырасатын араб, парсы тіліндегі философиялық, психологиялық қалыптасқан термин сөздер қазақы қалыпқа түсіріп, исі қазаққа түсінікті табиғи баламасын тауып, қолданған. Мысалы:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі

«Мені» мен менікінің мағынасы – екі

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

Менікі өлсе өлсін, оған бекі. Енді осы жерде Абай адам жанын «мен» деп алған. «Ақыл мен жанды» қосарлап, жаңа таным жасамақ болады. Абай айтып тұрған «мен» мен «менікі» де «жан» мен «тән». Құранда, шығыстық исламдық философиясында «жан», рух өлмейді. Ал тәндегі тіршіліктегі жан ол «менікі» деп алып отыр. Үшінші шумақта «мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін оған бекі» дегені. Тән өледі. Сен оған сен, өзіңді өлемін деп тағдырыңды сендір деп тұр.

Абайдың ғылымды шын махаббатпен көксеп, оны меңгертуге ұмтылған саналы адам ғана адам атына лайықты деп білуінде үлкен мағына бар. Осы ойдың орайында Абай жас талапкерлердің теологиялық ғылымды, қоғамдық ғылымды, табиғи ғылымды меңгеруі қажеттілігіне 38 – қара сөзіне тоқталып өтеді. 19 – қара сөзінде «... Естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы мен жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деп Шығыс ғұламасы мен қазақтың данышпан ақынының арасында бұл мәселелер төңірегінде айқын пікірлестік, ой сабақтастығы болғандығына олардың көзқарас, танымдары мен тұжырымдарын салыстыра отырып көз жеткіздік.

Абайдың толық адам тұжырымдамасындағы

жүрек культі

Абайда толық адамның мәні мен негізіне үңілген белгілі бір жүйе бар. Сол жүйені мынадай күйде көруге болады:

а) толық адам: ақыл, қайрат, жүрек;

ә) ақыл, жүрек;

б) жәуанмәртілік: ақыл, рақым, әділет;

в) жүрек: әділет, рақым, т.б.

г) әділет;

д) сүю;


е) ізгілік.

«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ақынның бұған дейін айтылып келген адам болу жайындағы ойлары әжептәуір жүйеленіп, тиянақтала түседі. Ақын шығармашылығындағы осы өлеңнің ерекше орны туралы кезінде М.Әуезов өте жақсы айтқан. Әдебиетші ғалым М.Мырзахметов те бұл өлеңнің туу тарихы мен мән – мағынасын өзі де жете танып, жұртқа да нанымды насихаттап келеді. Ақынның кейінгі өлеңдерінде ерекше бөліп айтатын үш қасиеті осы өлеңінде – ақ елес беріп өтеді. Абай атаған бес асыл іс негізінен толықтықты танытатын үш қасиетті құрайды: талап пен еңбек қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рақым жүректен туатын қасиеттер. Сонда «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңіндегі:

Үш – ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек - деген ақындағы өзіне қатысты түйінді, қорытынды ойдың алғашқы нышаны ертеректе – ақ көріне бастаған екен. Адам бойындағы осы үш қасиеттің ерекше танып білуге тұратын таным екенін «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде өзгеше бөліп айтады. Ақынның «Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» деуі осыдан. «Жастықтың оты, қайдасың?» өлеңіндегі мына шумақ осы ойды дамыта, бекіте түседі:

Адамның тауып айласын,

Кісілікті ойламай.

Қаруын көңіл сайласын,

Қолға от түспес бойламай.

Абай өзінің бар саналы өмірін адамдық пен кісілік қасиеттің кемеліне келіп, көркеюіне жұмсайды. Оны өз танымын жүйелі жырлауымен байқатады. «Жастықтың оты жалындап» өлеңіндегі мына шумақтан да жаңағы үш қасиеттің бірлігі көрінеді:

Қайратпен кіріп жалынбай,

Ақылмен тауып айласын.

«Мен қалайға» салынбай,

Жылы жүзбен жайнасын.

«Жылы жүз» ішкі рақым, мейірім секілді қасиеттерден туады. Ал олардың ақын танымындағы шығар көзін еске алсақ, соңғы жолдан жүректің әрекетін көреміз. Ақын осы үш қасиеттің үнемі бірліктегі тірлігін тілейді. Осы орайда әсіресе, «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін ерекше атаған жөн. Әбдірахман өліміне байланысты өлеңдердегі асыл қасиеттердің негізінен жүректен туғаны көбірек болса да, ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің бірлігі оларда да бұзылмайды. Жүрегі жылы, бойы құрыш,

Туысы жаннан бөлек – ті.

Өнері оның жұрт асқан,

Ғылымға көңілі зерек – ті.

...Басыңа құдай беріпті,

Өлшеусіз қылып ақылын.

Сабыр пен талап беріпті,

Ақылың, рақымың қиын – ды.

Әдебиетші ғалым М.Мырзахметов айтқандай, Әбдірахман – ақын армандаған толық адамның өмірдегі көрінісі. Сондықтан да толықты танытар үш қасиеттің Әбдірахман туралы өлеңдерде молынан ұшырасуы әбден заңды. Ақын толық адам туралы танымын өмірінің соңына дейін алып барады. 1902 жылы жазылған «Тоты құс түсті көбелек» атты мәні терең өлеңінде тағы да осы үш қасиеттің тұтастығын танығандай боламыз:

Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек.

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек.

Ақын шығармаларымен біршама таныс оқырман екінші жолдан жүректі, үшінші жолдан қайратты, соңғы жолдан, өзі де айтып тұрғандай, ақылды оп – оңай аңғара алады. Адамзат үшін қажет үш қасиеттің осы шумақтағы бөлінбес бірлігін кездейсоқ құбылыс дей аламыз. Абай адам бойындағы барлық асыл қасиеттер мен қабілеттерді бір орталыққа біріктіріп, оларды өзі таныған үш қасиет арқылы толық адам бойына жинақтайды. Ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің бір кеудеден табылып, одан толық адам туатын танымы – ұлы ақынның зор табысы.

Абай осылайша толық адам туралы танымын қалыптастырумен қатар, өз танымының мәні мен негізін жәуанмәртілік пен жүрек аялдамалары арқылы сүю мен ізгілікке алып барады. Ол шын пейіл мен сүйген жүректі бүкіл шығармаларының негізгі арнасы етіп алады. Бұл – Абайдағы әбден тұрақталған, табанды да төркіні терең дәстүрлі таным. Абайдың Орта ғасырдағы Шығыс мәдениетімен байланысты айтылып жүр. Шағатай, араб – парсы тіліндегі көркем туындылар ақын сусындаған рухани көздің бірі екендігі мәлім. Ал Орта ғасырда туған әрбір әдеби шығарма өзін сопылық танымнан толықтай бөліп ала алмайды. Сопылық танымның бастау алар көзі де, өзіндік қыр – сыры да аса күрделі. Біздегі сопылық таным туралы көзқарасты соншалық оңды деп айту қиын. Қалай болғанда да, сопылық танымның адамгершілік қағидалары – біз үшін аса құнды мұра. Сол сопылық танымның негізгі мәселесі – сүю. Әрине, мұнда сүю құдаймен қосылуды көздеген діни ұғымда танылады. Ал құдай әл – Фарабиде Бірінші тұлға деп аталатын кемелділік күйінде келеді. Сопылық таным философия тарихындағы Платон идеяларымен тығыз байланысты. Оның ойынша, таным ақыл – оймен ғана емес, сүюмен қосылғанда ғана жемісті, табысты болмақ. Платонның сүю танымы туралы зерттеуші А.Ф.Лосев былай деп жазады: «Познает не тот, кто мыслит, но тот, кто любит. И познает не тот, кто видит, слышит и осязает, но тот, кто любит». Ал Платонның жолын қуушы Плотин танымының ең жоғарғы сатысын керемет сүюден туған «мастықпен» салыстырады. Оның ойынша, әрбір жаны таза, пәк адам сүю керек. Сүю – дақ түспеген таза жанның табиғи қажетті қасиеті.

Сүю туралы ой – толғамдар Орта ғасырлық Шығыста да өз жалғасын табады. Ұлы ойшыл әл – Фараби адам өміріндегі жүректің қыр – сыры мен әсіресе, сүюдің тірліктегі бірегей орнын соншалық тиянақтылықпен түсіндіреді. Адам пайда болысымен оның бойына ең алдымен бітетін нәрсе – күш (яғни қабілет), ол осы күш арқылы қоректенеді. Абайда бұл күш қайрат күйінде келеді. Қайраттың қадір – қасиеті ақыл, жүрекпен бірге болған тұтастығымен танылса да, ол екеуінсіз жасалатын қайраттың жалаң тірлігін Абай қолданбайды. Әл – Фараби да ең алдымен бітетін күшті адамның таным мен ізгілік жолындағы игілікті ісіне көмекші деп біледі. Ол адамдағы қиялдау күші мен ойлау күшінің екеуі де ынтыққан талапты демеуші болатынын айтады. Сонда түйсіну мен қиялдау, ойлау мен тану – бәрі де ынта, ықылас, сүюсіз болмайды екен. Әл – Фараби сүюді үстем күш деп атайды да, оны жүрекке орналастырады. Абай да сүюдің мекенін, шығар көзін – жүрек етеді. Әл – Фараби жүректің гуманистік қадір – қасиетін оның табиғи мүше ретіндегі кәдімгі тіршілік қызметінен таратып – таратып, дәлелді де нанымды сөз етеді. Жүректің табиғи мүше ретіндегі басты орнын тілге тиек ету нышаны Абайда да бар: «... Мен адам денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ». Сөйтсе де Абайдың негізгі мұраты – «...асықтық та – жүрек ісі» дегендей, жүректің ізгілікті қасиетін тану. Әл – Фараби адам бойындағы күштерді өздерінің қадір – қасиетін танытар деңгей – дәрежесімен орналастырады да, олардың бәрін билеп – төстейтін қасиет – сүю екенін айтады. Осы танымын талпынғыш күш туралы ойымен де бекіте түседі: «Талпынғыш күш дегеніміз – затты ұнататын немесе ұнатпай тастайтын күш. Ол – үстем күш, ал басқа (күштер) оған қызмет етеді». Таным процесінің өсуін танытатын әл – Фарабидегі сезімдік, қиялдау, ойлау, парасатты күштерінің бәріне де жүректегі талпынғыш күштің басшылық етуі Абайдағы танымның сүюден басталатынын еске түсіреді: «Талап, ұғым махаббатттан шығады». Абайдың көпшілікке жеңілдетіп жеткізуге тырысатын ойлары әл – Фарабиде аздаған күрделі құрылым, арнаулы термин сөздерімен айтылады: «Не бүкіл тәніңмен, не мүшелеріңнің бірімен әлденендей бір затты білсең деген тілегің, сонымен қатар, әлденендей бір затты жасасам деген тілегің болуы керек. Бірақ бұл тілекті (қайткен күнде де) талпынғыш үстем күш туғызады». Абайдағы жүректің ізгілікті қызметінде ғана қасиетті, қадірлі көрінетін ақыл әл – Фарабиде де бар: «...жүректің ізгі қасиеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету тек қана миға тән қабілет».

Әл – Фарабидің ең түпкі мақсаты – бақыт пен кемелділік. Ол «асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен қала жетпек» деп біледі. Ал қайырымды қаланы кемелденген, сырқатсыз денеге ұқсатады. Денедегі бірден – бір бас мүше – жүрек болатыны сияқты қалада да бас мүше – билеуші болады. Әл – Фараби Бірінші тұлғаның шексіз кемелділігі мен қала әкімінің жүрекке ұқсас жетекші орнын жиі айтады.

Орта ғасырда өмір сүрген атақты ақын бабамыз Жүсіп Баласағұн да «Құтты білік» дастанында негізінен ізгілік пен жүрек сырын сөз етеді. Дастандағы құт қонған бақытты ел, ізгілікті ту еткен Күнтуды бек, кейіпкерлердің ділі мен әрекетіндегі тазалық пен мол махаббат – бәрі де кемелділікке бет алған талпыныс – талапты танытады. Күнтуды бек - әділет, сүю, ізгілік қасиеттерінің көрінісі. Дастанда төрт – ақ кейіпкер бар екені белгілі. Төртеуінің де тұла бойы тұнған кісілік, адамдық. Бәрі де - тек қана адамдықты арман еткен ізгі ниетті, ізгі қылықты жандар. Құт – береке, бақ бейнесіндегі Айтолды алғашқыда өзін адамдар ісінен аулақ ұстаған тақуа кісі еді. Сондай күйдегі Айтолдыны бұл дүниелік өмірдің ісіне құштар еткен Күнтуды бектің әділ саясаты мен ізгілікті істері болатын. Елікті де тәнті еткен – Айтолдының адамдығы мен кісілік қасиеттері. Ақыл бейнесіндегі Ойтолды да өзін ізгіліктің құлы санайды. Өзі ізгілік, әділет бейнесіндегі Күнтуды бекте дүние, байлық дегеннің бәрі бар, атақ – даңқы да жеткілікті, күш – қуаты да қас - жауларын қаймықтырып келген. Оның өмірде ұзақ аңсап іздегені – адами асыл қасиеттер. Ол - дененің бас мүшесі жүрек секілді қаланың ізгілікті көздеген бас әкімі.

Абайдағы жүректен туатын сүю арқылы осы тамырлы таныммен үндесіп жатады. Ақындағы жүрек сырына М. Әуезов нұсқаған бағыт – бағдармен үңіле қараған әдебиетші ғалым М. Мырзахметов «жүректің ақын көздеп отырған гуманистік бағыты әліге дейін сөз болмағанын» ескеріп, Абайдың жүрек жайындағы танымының «өзекті де елеулі желістерінен туатын кейбір жақтарын» арнайы сөз етеді. Абайдағы жүрек танымының адамгершілік негізі мен танып – білуге қатысын шығыстағы мещаиюдер мектебінің ірі өкілдері айтқан түйінді пікірлермен салыстыра отырып ашады. Ақын дүниетанымындағы жүректің орнын әдебиетші ғалым Х. Әдібаев та айрықша деп бағалайды: «Әйтсе де ақын эстетикасы мен поэтикасында «жүректің» орны айырықша».

Абай жүрек қасиетін көтере жырлауға бірден кірісіп кетпейді. Ол түпкі мақсаты – сүюге қайраттан ақылды, ақылдан жүректі жоғары қоятын жағдайын дәлелдеп барып жетеді. «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінде үш қасиеттің өзіндік ерекшеліктерін ашып бағады.

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса, -

деп, қайраттан ақылды артық санайды. Мұндағы «жан» дегені әйтеуір тірі болуды, өлі немесе тірлікті танытады. Ақын Сократтан алған сөзінде тірлік тәнге жан келуімен басталатыны айтылады. Жан мен тән мүшелерінің табиғи, рухани қабілет – қызметтерінің көзі секілді көрінеді. Хайуан да тіршілік етеді, яғни онда да жан бар, бірақ дүниені танып білмейді. Абай айтып отырған жанның артықышылығы өзін де, өзгені де танып – білуге жарамды болуында. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады». Сонда адамда бар жан хайуанда да бар екен. Осы ойын ақын алтыншы сөзімен де растай алады: «... ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар».

Сөйтіп «Малда да бар жан мен тән» дегені осы тірлік, яғни тірі болу. Ақын айтатын қайраттың ең төменгі түсінігі де осы, ал мағыналы мәні мен қасиеті дүниені танып – білу мен жақсылық жасауға көмекші болумен танылады. Ақынның «жан мен тән» дегені – қайрат. Өлең шумағының соңғы екі жолы біз үзінді келтірген 7- сөздегі ойды түгелдей қайталайды:

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?

Жан мен тән, яғни қайрат адам мен хайуанда бірдей болатын екеуіне де ортақ қасиет екен. Сондықтан да ақын ақылды қайраттан артық көреді.

Аспаса ақыл қайраттан,

Тереңге бармас, үстірттер.

Ақынның ерекше айтпақ болғаны - дүниені танып білу. Сол ғана адамды хайуаннан артық етеді.

Ақылға сәуле қонбаса,

Айуанша жүріп күнелтпек.

Сәуле сөзі сыртқы дүниенің ақыл ойда сәулеленуін, яғни танылуын танытады. Абай ақылдың өзін өз күйінде қаншалық қасиетті көрсе де, оның ең асыл қасиеті – танып - білуін, жүректегі сүюге тәуелді етеді.

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек.

Ақылды танып – білу сүюден басталады, әрі сүюмен ғана жемісті болмақ. Ойды түртіп оятатын, сөйтіп іске қосатын жүректегі ынта, талап ықылас екен.

Жүрек – махаббат пен сүюдің шығар көзі, құтты мекені саналады. Біз Абайдағы жүректің осы қырын айту арқылы өзге сырын тани аламыз.

Кейде есер көңіл құрғырың,

Махаббат іздеп талпынар.

Ішем деп бейнет сусынын,

Асау жүрек алқынар.

Көңіл мен жүрек ақын шығармаларында ортақ ұғымды танытады, анығы, көңіл жүректің баламасы ретінде келеді. Жүректің қалауы, тірлігінің мәні, қорегі – сүю, бірінсіз – бірі жоқ, бірі қасиет болса, бірі – сол қасиеттің көрінуі. Сүю жүректен шығады, ал жүрек өзін тек сүю арқылы таныта алады. Осы бір ғана шумақта сүюдің ең қарапайым көрінісі мен зор қасиеті танылған. Жоғарғы шумақта лирикалық кейіпкер әрі ақынның өзі де, жастық шақтағы сүюді аңсап отыр. Көңілін есер деуі мезгіл өткен сүюді аңсауына байланысты. Ал қазір:

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар –

«Соларды сүй» деген астарлы ойын байқатады. Ақындағы сүю мен махаббаттың түрі, сыры әртүрлі болғанымен, мәні, сыны – біреу, ол – жүректің ізгі қасиеті. Ақын қаншалық қиянатшыл қоғамда өмір сүрсе де, сүюін жоғалтпаған жөн.Тартқан бейнет, өткен жас,

Жүректің отын сөндірмес.

Ақын сүю мен махаббатты өмірдің мәні, сәні, тірегі деп біледі. Тіпті өмірдің өзін түгелдей сүю деп түсінеді. Біз ақындағы сүюдің ең қасиетті түсінігі деп осыны айтамыз. Махаббат - өмір көркі, рас...

Махаббатсыз дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар...



Жүрегі жұмсақ білген құл,

Шын дос таппай тыншымас.

Ақын айтып отырған «Жүрегі жұмсақ білген құл» - сүюді өмірінің мәніне айналдырған ізгілікті жан. Ал «дос» деп отырғаны - өте кең ұғымдағы сөз. Абайдағы досты аңсау тақырыбын өз алдына әңгіме етуге болады. Махаббат, достық, Абай ұғымында, төркіні бір туыс түсініктер. Сүю мен достық адамдық ерлік екенін Абай әр кезде де айтып отырады.

Махаббат, достық қылуға,

Кімде болса тең емес...

Сүйіспек көңлім ойлайды,

Жанның бәрі татыбас.

Жүректің сүю, махаббат екені «Көзімнің қарасы», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді», «Алла деген сөз жеңіл», «Ерекше естен кетпес қызық қайда», «Қуаты оттай бұрқырап», «Жүректе қайрат болмаса», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Жүрегім менің қырық жамау», «Жүрегім, нені сезесің» өлеңдерінде ашыла – айқындала түседі. «Жүрегім, нені сезесің» өлеңінде өз жүрегіне: Дүниеде нені сезесің,

Өмір қайда, дос қайда? –

деп тіл қатады. Егер ақында ерік, дүниені өзгерте алатын құдірет болса, ол барлық адамды дос, бауыр етіп, бүкіл өмірді сүю мен махаббатқа айналдырар еді. Сондай құдіретінің жоқтығынан да

Өлді кейі, кейі – жау,

Кімді сүйсе бұл жүрек, -

деп қиналады, қайғырады. Әйтсе де ақын қайғыдан қайрат тауып, шыңдалатын күйге жеткен. «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме» деген кісіге қайрат беріп, қуат қосар ақын сөзі оның өзіне де тіреу, сүйеу болуға жараса керек.

Абайдағы жүректен туатын сүю, махаббат жайын айтқанда, оның шығармаларында молынан сөз болатын құдайды сүю, тануды аттап өту мүмкін емес. Ақын алланы, тәңіріні сүйіп тануды бірнеше өлеңдері мен қарасөздерінде біршама таратып бағады. Солардың бәрінде де, бұған дейін М. Әуезов айтқандай, Абай діни танымын өзінің адамгершілік мұратына көмекші, жәрдемші етуден танбайды. Осы мәселе төңірегіндегі түсінігіміздің айқындалып, кеңейе түсуіне әдебиетші ғалым М. Мырзахметовтың зерттеулері ерекше үлес қосқанын атап айтқан жөн.

Абай шығармаларын тереңдеп таныған кісі ақындағы құдайды сүю – адамдықты сүю екеніне таласпайды. Ақын құдайды сүюді осы тұрғыда сөз етеді. Түптің түбінде, ең жоғарғы түсінігінде, құдай – сүю мен махаббат. Сүюдің жүректен шығатынын ескерсек, 17 – сөздегі жүректің әрекетінен тәңіріні танығандай боламыз: «Жақсылық айтқаныңа жаны – ділі құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығады». Әрине Құдай деген құдіретке тең келер ешнәрсе жоқ, сонда да сопылық таным өкілдерінің құдайды жүрекпен танып, ал құдайдың өзі сүйген жүректен ғана сая табатынын айтқан пікірлерін ескерсек, осы салыстыруымыз көңілге қона кетеді. Ақынның өзі де «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде тәңіріні танудың жолы – жүрек, яғни шын пейіл, ықылас, сүю екенін айтады.

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгегі хаққа қол емес.

Ақын ертеректе – ақ жазылған «Абралыға» өлеңінде кейіпкерін «ниет қыла білмейді» деп кінәлаушы еді. 36 – сөзінде де: «Қазақ құлшылығым құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді... Тілін жаттықтырып, діні тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды» деп, өзінің сүюге апаратын шын пейіл, ықылас жайындағы ойын дамыта түседі. Сөйтіп Абай жаңағы шумақта аллаға құлшылық ету құр сөз, салқын ақылмен бітпейтінін, оған шын ниет, шексіз сүюмен ғана жетуге болатынын айтады.

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты

Махаббат қылса тәңрі үшін.

«Дененің барша қуаты» көңілге екі түрлі түйінді түсіреді: бірі қайрат қасиеті болса, екіншісі ақын айтатын «Руза, намаз, зекет, хаж».

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

«Бастапқы үшін» дегені ақынның өзіндік сүю танымы – имани гүл. Осы имани гүл танымындағы үш сүюдің алғашқысы тәңірге бағышталған. Өзге сүюдің бәрі де ақынның «Алла деген сөз жеңіл» өлеңіндегі «Махаббат қылса тәңрі үшін» деген бірінші сүюінен бастау алады. Себебі Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп дегендегі екінші сүюді алғашқы сүюдегі алланың хикметі деп түсінеді. Адам қазіргі күйінде өзінен - өзі жете қалса жақсы, ал біреу жаратты десек, оны алла, құдай демегенде кім дейміз.

Адамды сүй, алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!...

Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған

Мен сүйгенді сүйді дең иең сүйсін.

Шығыстағы ғылыми танымның негізін салушы философ әл – Фараби «...ең озығы да, ең кемелдісі де – Бірінші тұлға» деп санайды. Абайдағы алла, құдай, тәңірі осы Бірінші тұлғамен төркіндес ұғымдар. Әл – Фараби ең жоғарғы сүйіспеншілікті болмысы әбден кемеліне келген Бірінші тұлғаға қызығудан табады: «...біз үшін құштарланған махаббат туғызушы – кемелділік пен сұлулық... Ол - әрі ғашық болушы, әрі құштарлық махаббат туғызушы Бірінші тұлға. ...жан біткен оны сүйеді». Әл – Фараби сипаттаған жағдайдағы Бірінші тұлға Абайда да көрініс тапқан.

Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Абайдың құдайды сүюі әл – Фараби секілді оны кемелділік пен сұлулық, ізгілік пен сүю деп тануымен байланысты. Оның үш сүюді қамтыған имани гүл танымында алланы алғаш, адамды кейін атауынан кішіпейілділік пен өзіне дейінгі білім төркінін білгендігі көрінеді.

Ақын ең түпкі үшінші сүюді - әділетті екінші сүюдегі адамзат үшін қасиетті де қадірлі болуынан шығарады. Абай танымындағы әділет – адамзаттың ең негізгі сүйеніші мен тірегі, өмірінің мәні. Ақын көпті надандығы себепті тобыр санаса да, адам ретінде дос, бауыр, жақын тұтады. Оның көптен тілейтіні де, әрі өзінің оларға ұсынатыны да - әділет.

Ғадәлет пен мархамат – көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ, соған көмек.

Сөйтіп, Абайдағы адамгершілік мұраттың шыңы – имани гүл танымы «Алла деген сөз жеңіл» өлеңіндегі ақынның өзі ерекше ықыласпен жырлайтын «Тәңіріне жасаған махабатынан» туындап отыр. Ал құдайды сүю – сопылық танымның ең негізгі тірегі. Құдайға деген құрмет кемелділік күйінде шығыс ойшылдарында да кездеседі. Абай таратып көп айтатын толық адам – шығыс ойшылдары мен сопылық танымдағы кемеліне келіп, әбден жетілген адам мен төркіні бір таным. Барлық жақсылық пен ізгілік құдайдан деп түсінген әрбір кісі өзінің адамгершілік қасиетін жетілдіру арқылы өз қиялындағы құдайындай ізгілікті, рахымды, мейірімді болуға тырысады. Шығыс ойшылдары мен сопылық танымдағы құдайды сүю мен тану – мейлінше адамгершілікті болу. Осы адамгершіліктің өсіп – жетілуін, әбден толысуын Абай тағы да жүрекпен, жүректегі сүюмен байланыстырады.

Ақылмен хауас барлығын

Білмейдүр, жүрек сезедүр.

Ақын шығармаларын, әсіресе 38 – қарасөзін үңіле оқыған кісіге «хауастың» құдай екені талас тудырмайды. Осы ойды дәлелдеп айтушы - әдебиетшы ғалым М.Мырзахметов. Сопылық танымға тұспалдап айту, символдық сипатта таныту тән. Абайдың да құдайды айтып отырып, адамгершілікті, оның негізі – сүю мен ізгілікті ұқтыруы әбден мүмкін. Біз осылай ойлауға бейімбіз.

Сөйтіп, ақын құбылыс күйіндегі толық адам танымының терең мәнін әділет, сүю, ізгілікке алып барады. Абайды қай қырынан тануға тырыссақ та, оның сүю танымына тап боламыз. Ол – өзінің сүю танымын ашық та айтады, астарлап та жеткізеді. Тек «Егер ісім өнсін десең, ретін тап» деп, ақынның өзі айтқандай, жүйесін тауып, сонымен ғана жүріп отырмасаңыз, оны өзі қалаған деңгей – дәрежеде тани қою қиын.



Каталог: uploads -> doc -> 0783
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0783 -> Бағдарламасы (орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында) Бастауыш білім беру
0783 -> Соғыс қаншалықты керек еді? (дөңгелек үстел) Сұрақтар
0783 -> Сабақтың тақырыбы: Міржақып Дулатұлы «Шешенің балаларын сүюі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет