Тәуелсіздік жылдары табылған құнды қазынамыздың бірі – Талды ханзадасы. Бұл жәдігер Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы орталығынан 44 шақырым қашықта орналасқан. Обаға 2009-2010 жылдары археолог Арман Бейсеновтің жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізілді. Өңірде бір-біріне жалғасып жатқан жеті қорған-оба тізбегі Талды өзені аңғарын көлбей қоныс тепкендіктен ғылыми тілде «Талды қорғандары» деген атауға ие.
Арқа өңіріне тән ежелгі кезең тарихын зерттеуші Игорь Кукушкиннің пікіріне жүгінсек, мұндағы қорғандар тізбегі Алтын Орда заманынан бастап, қола дәуірді қамтитын нысандар көрінеді. Сондықтан да шығар, археологтер Талды – 2 қорымының № 2 обасын ж.с.д. VІІ ғ. Үлесіне жатқызса, іргелес тұрған № 5 обаға ж.с.д. VІ ғ. Деген анықтама беріпті.
Қорымға қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, 200-ге жуық ірі алтын бұйым, 22 мыңнан астам ұсақ бұйымдар табылған. Сөйте тұра, мамандар барлық оба ерте кезде тоналғанын айтады. Десек те, көпшілік назарын аударған дүние – №5 обада жерленген 30-35 жастағы ер адам мен №2 обадан табылған 50-55 жастағы әйелдің мүрдесі. Антрополог А.Исмағұлова бұл адамдар аздаған моңғолойд қоспасы бар еуропалық нәсіл екенін айтады.
Экспедиция жетекшісі, археолог Арман Бейсенов «қорымнан табылған сақ жауынгері алтын киіммен жерленгендіктен бұл да кезекті «алтын адам» ретінде танылуы тиіс. Екіншіден, бұл пенде әрі билеуші, әрі жауынгер болған сыңайлы» деген жорамал айтады.
Өйткені адамның кеудесі толықтай алтынмен апталған. Сонымен қатар аталмыш қорған ішінен 130 дана дара алтын бұйым, сонымен қатар алтыннан жасалған көптеген інжу-маржан мен қабыршақ, қоладан жасалған 14 жебе, тас моншақ табылса, алтын бұйымдар арасында мысықтектес жыртқыштың шебер мүсіндері, садақ оқтарын салып белде тағып жүруге арналған оқшантай қорамсақ, сырғалар, алқалар, т.б. Бұйымдар анықталған.