Алтыншы обадан табылған тарақта, арба және екі адамның бейнесі сипатталған. Алдыңғы жағында мерген, артында арбакеш, оның қолында тізгін. Археолог Яна Лұқпанова бұл бейнеде аттылы парсы жауынгері мен жаяу сармат сарбазы арасындағы айқас суреттелген десе, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыздықов: «Тарақта бейнеленген соғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қызығушылық туғызды» депті.
Тақсай қорған кешенінен табылған әйел абызды қалпына келтіру ісімен археолог Яна Аманкелдіқызы айналысса, оның фотобейнесін суретші Л.Тұрғынбаева жасап шыққан. Сондай-ақ кешеннен табылған жәдігерлерге Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябі, Пущино, Новосібір қалаларынан келген мамандар зерттеу жүргізіпті.
Үржар ханшайымы
Ғылыми ортада «Үржар ханшайымы» атымен белгілі тағы бір археологиялық құнды қазынамыз 2011 жылы белгілі болды. Бұл жәдігерге мамандар б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген, билеуші әулеттен шыққан әйел деген анықтама беріп отыр.
Жаңалықтың ашылуын кездейсоқ жағдайда туындаған оқиғаның жемісі деуге болады. Осыдан 20 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы аумағын көктей өтетін Таскескен – Бақты тас жолын жөндеу кезінде, қорған алғаш рет көзге түскен. Бұл қорғанның орналасқан жері Алтыншоқы ауылдық округі. Семейлік ғалым Амантай Исин «қазына табылған жердің атауына зер салсаңыз, оның тегін емес екенін байқайсыз. Алтыншоқы «Алтынды төбе» дегенді білдіреді» дейді.
Әйел адамның қаңқа сүйектерінде көк және жасыл түсті мата қалдықтары сақталған. Ең басты құндылық – биіктігі 28 см конус тәрізді әйелдің алтын бас киімі. Бұл бас киім – өсімдік тәріздес өрнектер және зооморфты айшықтары бар қиял-ғажайып жануар бейнелерімен әдіптелген. Сәукеленің ұшар басы алтын сымдардан шиыршықталып әшекейленсе, төменгі жағындағы бұйымдардың беті кедір-бұдырлы ілмектермен бәдізделіпті. Мұндай үлгідегі дүниелер сақ жауынгерлерінің салтанатты шарада киетін киімдері, дейді мамандар.