2.3 Романдағы жылқыға қатысты халықтық өлшем атаулары. Халықтық өлшем атаулары халықтың күнделікті өмірімен, күн көрісімен, шаруашылығымен байланысты пайда болады. Олардың көпшілігі көшпенді халық үшін зор маңызы бар – жылқы шаруашылығымен байланысты.
Жылқыға қатысты уақыт өлшемдері: бие байлар кезде, биенің бас сауымында, бие ағытарда, бие сауым уақыт. Шығармада автор бие сауымы өлшемін асқан шеберлікпен, сан құбылта пайдаланады.
Жылқының дене мүшелері қатысқан өлшем бірліктері де баршылық. Мысалы, қазақтар ертеде қыстыңгүні жауған қардың қалыңдығын: шашадан қар кешу, аттың қара тұяғынан келу, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан, аттың қабырғалығынан келу (биіктік, қалыңдық өлшемі) деген сөз орамдарымен жеткізсе, су тереңдігін ат бойымен өлшеген. Мәселен, аттың шашасынан, толарсақтан, тілерсектен, үзеңгіден, қабырғалықтан, ат кекілінен (құлағынан, бауырынан, бойынан) асады (келеді) деп мөлшерлеген. Шығармада автор шаштың ұзындығын: Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр, - деп суреттейді [5,42 б.]. Шөптің биіктігі былайша бейнеленеді: Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана: - Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, - деді Ожар [5,16 б.]. Бір шеті мен бір шеті ат шаптырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат бауырынан келген көк шалғынға бөленген [3,46 б.]. Ал құмның көлемін төмендегі сөйлеммен береді: Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген құмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады [3,356 б.].
Қашықтық өлшемінің атаулары: ат тұяғы жетер жер, ат (құнан, тай) шаптырым жер, ат жетер (ат жетпес) жер, бие бауындай жер, бие сауым жер, желі (тұсау, құрық) бойы. Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы – Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан [3,153 б.]. Шығармада жазушы ат жетер жер, ат тұяғы жетер жер өлшемдерін түрлендіріп, былайша қолданады: Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба? [3,204 б.]. Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен [3,317 б.].
Қазақ халқының бұрынғы өмір тұрмысында затты салмақпен өлшемеген, көбіне затты көлеміне қарап ажыратқан. Өлшем әр заттың ерекшелігіне қарай әр қилы қалыптасқан [11,137 б.]. Салмақ, көлем өлшемінің атауларына ат төбеліндей, бес биенің сабасындай, ат басындай т.б. жатады. Жылқының көлемін мына сөздермен өлшеген: бір үйір, бір қос (жылқы), бір желі (құлын), бас-аяғына оқ шырқаса жетпейтін (желі). Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады [3,592 б.]. Бұл атаулар қайталама қос сөздер құрамында келсе, көптік ұғым пайда болады. Мысалы, үйір-үйір, қос-қос жылқы, желі-желі құлын. Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды [3,21 б.]. Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды [3,472 б.].
Қорыта келгенде, жылқыға қатысты халықтық өлшем атаулары – қазақ тілінің сөздік қорында өзіндік орны бар тілдік қазына. Ата-бабаларымыздың негізгі кәсібі – жылқы шаруашылығы негізінде қалыптасып, халық жадында сақталған атаулар тіл тарихы мен халық мәдениетінің сырларын танытады. Қаламгер шығармада осы халықтық қолданыстарды барынша көрсете білген.
Достарыңызбен бөлісу: |