1.4.3 Лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған атаулар. Лексика-семантикалық тәсілмен жасалған сөздер жаңа мағынаға ие болады. Көп мәнді болып келеді, омонимдік қатар түзеді, о бастағы мәнін жоғалтып, я әлсіретіп басқа бір сөз табының қатарынан танылады. Мысалы, “Бәйге алмаған тұлпардан Белі берік бесті артық”. Мақал құрамындағы бесті сөзі заттанып тұр. Кербесті, құлабесті т.б. күрделі атаулар да субстантивтенген. Заттанған сөздер қатарына жылқының түр-түсін, ерекше белгілерін, мінез-құлық, жүріс-тұрысын, көркін т.б. сипатын білдіретін сөздер жатады. Мысалы: ақ бақай, ала сирақ, сүліктей қара, тобылғы торы т.б. Бұлар тілдік қолданыста қалыптасқан тіркестер. Бұлардың бір ерекшелігі: өзінен кейін ат, бие т.б. жылқы атауларының тұруын талап етпейді, яғни, олар заттану процесіне ұшырап, ешқандай тілдік тұлғалардың қатысуынсыз, дыбыстық құрамын сақтай отырып, мағыналарын өзгертіп, сындық мағынадан заттық мағынаға ауысып отыр. Жылқының түр-түсіне қатысты атаулардың заттануы – ықшамдалу заңдылығына байланысты құбылыс. Сондықтан, бұл тіркестердің құрамындағы құнан, байтал т.б. жылқы атаулары түсіп қалған. Демек, жылқының түр-түсін білдіретін сын есім сөздер субстантивтенуге бейім.
Лексика-семантикалық тәсілге сөз мағынасының кеңею және тарылу құбылыстары жатады. Сөз мағынасының кеңеюі, я тарылуы оның сыртқы дыбысталуына әсер етпейді. Мағынаның тарылуы – ой желісінің жалпыдан жекеге айналуының көрінісі. Мәселен, қазір қысыр байталдар үйірі деген мағынаны беретін қысырақ сөзі ертеректе жалпы бие деген ұғымның орнына, яғни, кең мағынада қолданылған. Ертеде жиі және кең мағынада қолданылған қысырақ сөзі бертін келе мағынасы тарылып, қолданылуы сиреп, көптеген түркі тілдері сөздігінен шығып қалған. Ал қазақ тілінде қысыр сөзі мағыналық даму барысында семантикалық өзгеріске ұшырап, биеге ғана емес, басқа түлікке байланысты да қолданыла бастады. Сол сияқты көне түркі тілдерінің ескерткіштерінде “йылқы” лексемасы “үйірдегі тұяқты мал” деген мағынаны береді. Яғни, ертеректе “йылқы” атауы “мал” сөзінің синонимі, мал атаулының жалпы атауы болған. Уақыт өте келе мағынасы өзгеріп, сөз мағынасының тарылуы нәтижесінде қазір тек жылқыға қатысты қолданылатын болды.
Зерттеу жұмысының екінші бөлімі “І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының этномәдени және символдық негіздері” деп аталады. Тарауда шығармадағы жылқы атаулары қазақ этнолингвистикасының “зерттеу нысанын өзара әрі іштей топтастыра зерттеу (классификациялау)” және жүйелілік принциптерін сақтай отырып, мағыналық-тақырыптық топтарға бөлініп, өзара жіктеліп зерттеледі. Жылқыға қатысты этнографизмдер академик Ә.Қайдаровтың жіктеуі бойынша үш салаға (“Табиғат”, “Адам”, “Қоғам”) бөлініп қарастырылды. Ғылыми жұмыста қарастырылатын мәселе “Табиғат” деп аталатын саланың “Хайуанаттар дүниесі” тармағының “Үй жануарлары” тарауын қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |