2.1 Жылқы атауларын “Ғаламның тілдік бейнесі” теориясы тұрғысынан зерттеу. Әрбір жекелеген ұлт түсінігінде әлем әр түрлі көрініс табады. Бұл, әсіресе, тілде айқын байқалады. Яғни, тілдегі әлем бейнесі – адамның әлемді тануының негізі. Бұған Б.Уорф пен Э.Сепирдің көзқарастары тұрғысынан қарасақ, әр ұлт ғаламды өзінше танып, өзінше пайымдайды. Тіл ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” қалпына келтіруге мүмкіндік жасайды, тіл арқылы ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” елестете аламыз. “Әлемнің қарапайым бейнесі когнитивтік модельде айқындалатын болса, ол өз кезегінде ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады. Демек, ғаламның тілдік бейнесі негізінен және толығымен адамдар санасындағы әлемнің логикалық бейнесімен сәйкес келеді. Ал ғаламның кез-келген ұлттық тілдік бейнесінің әмбебаптығын және өзіндік ерекшелігін айқындайтын метафора, теңеу және символ болып табылады” [8].
Көшпенділер танымында, салт-санасында жылқы – интеллект (ақыл-ой) белгісі, ата-бабалар символы. Мәселен, батырлар жырында, жылқы көлік қызметін атқарушы ғана емес, ер қорғаны, ақылшысы ретінде көрініп, иесін қорғап-қоршап жүреді. Жануарлар иерархиясында жылқы бірінші орын алады. Аркаикалық дүниетанымда күшті желдің және Күн нұрының шапшаң қимылына жылқының шабысы ғана тең келген. Жылқы – Тәңірінің сүйген түлігі, “әруақтар әлеміне қиналтпай жеткізуші медиатор” [9,104 б.]. Қаза болған адам жерленген соң, оның мінген атының жал-құйрығы кесіліп, “тұлданады”. “Тұл” ат иесінің асына дейін мінілмей, бос жіберіліп, жыл толған соң, асына сойылып, еті атақты адамдарға таратылған. Тұл атты соярдағы онымен көрісу, қоштасу, сәлем жолдау рәсімдерінің негізінде жылқы медиаторлық қызмет атқарады деген анимистік қағида жатыр.
Жылқыға қатысты табу, эвфемизмдер көп емес. Қазақ жорыққа аттанған кезде аттан түс, атты байла деп айтпайды. Жамандыққа бастамасын деп, сол мағынаны білдіретін қон, бекіт, кір деген сөздерді қолданады. Жорыққа аттанғанда өлең айтпайды, жыламайды. Саптыаяқты жолдыаяқ деп, мінгені байтал болса – ат деп атайды. Жорыққа байтал мінісе, жол болмайды деп есептеледі. Байтал – жорық көлігі емес, құлындайтын, сауылатын мал.
Теңеу – барлық өзге көркемдеу құралдарының негізі, сонымен бірге ұлттық менталитеттің айнасы. Теңеуде этнос болмысының табиғаты күллі ерекшеліктерімен көркем бейнеге айналады. Яғни теңеуден этностың дүниетанымы, ұлттық ерекшеліктері, көркем ойлау мәнері айқын байқалып тұрады. Өйткені теңеу – тіл мен ойлаудың, ұлттық дүниетанымның тоғысуынан туындайтын күрделі құбылыс. Романдағы жылқыға қатысты теңеулерді топтауда Т.Қоңыровтың жіктеуі негізге алынып, олар мағынасына және сыртқы дүниемен қарым-қатынасына қарай алты топқа жіктелді [10,41 б.].
Т.Қоңыров: “Көру теңеулерінің негізге алатыны – заттардың үш белгісі: біріншісі – заттардың тұлға-тұрпаты, формасы; екіншісі – олардың қимыл-әрекеті; үшіншісі – заттардың түр-түсі, бояуы”, - дейді [10,41 б.]. Жылқыға қатысты көру теңеулерінің ішінде осы үш белгінің алғашқысы көп кездеседі. Өйткені халық ұғымында жылқы – сұлулықтың, беріктіктің, шыдамдылықтың символы. Бұл топқа жататын теңеулер шығарманың өн бойында кездесіп отырады. Олардың кейбірінде негізге жылқы алынатын болса: Адамға тесіле қарайтын үлкен сұрғылт көзді, ат жақты, ақсұр жігіттің топ жылқының ішіндегі ақалтеке, арғымағындай, бойшаң келген дене бітіміне қарағанда, оны он төрт-он бес жастарда деу қиын еді [3,319 б.], енді бірінде түрлі жанды-жансыз заттар (жануарлар, жәндіктер, бұйымдар т.б.) алынады: Әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей қара сирақ тұлпары бар Жәнібектің екінші баласы Қамбар болатын [3,209 б.].
Көру теңеулеріне негіз болатын заттардың екінші белгісі – олардың қимыл-әрекеті. Мұның да жалғыз жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек [3,226 б.]. Теңеудің бейнесі де, заты да – деректі, нақты. Теңеу затының, яғни, Дәшті Қыпшақтың қимылы бейненің, яғни, жылқының деректі, нақты қимылына ұқсатылып отыр. Салыстырудың, теңеудің нәтижесінде предметтің (Дәшті Қыпшақтың) қимылы нақтылы сипатқа ие болып, эмоционалды-экспрессивті бояуы қанық көркем бейне жасалған. Жазушы қалың бұқараны ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстады, халыққа дегенін істеткізді деген мағынаны осындай әшекейлі-кестелі теңеу арқылы жеткізген.
Көру теңеулеріне негіз болатын заттардың үшінші белгісі – олардың түр-түсі, бояуы. Бұл теңеулердің мәні – заттардың құр бояуын хабарлап қана қоймай, олардың бояуларының түсін қанықтыру, заттың реңін ашып, көріктендіре түсу болып табылады. Мәселен, жазушы Ал біз тайлы-таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала асаулары қалыпты [5,134 б.] деген сөйлемдегі теңеудің затын, яғни асау жылқылардың түсін әншейін ғана ақ немесе боз емес, кілең ақ шағала(дай) деп суреттеу арқылы өте бір әсем, тіл жетпес сұлу картинаға айналдырған. Ал Сөз айтпай үш жүз мақпал қара, асыл жылқысын айдап беріп, өзін ажалдан алып қалған құлды босатып алады [3,123 б.] деген сөйлемде мақпалдай қара дәстүрлі теңеуі қолданылады.
Жылқыға қатысты есту теңеулері болғанмен (Ағайын алыста жүрсе, кісінеседі, жақында жүрсе, тебіседі), шығармада сирек кездеседі. Олар дыбыстың көмегімен адамның мінез-құлқын, түрлі әрекеттерін бейнелейді. Тұтқын қыздың сұлулығына күйіндім бе, “сен нәзік сұлусың ғой, бауырыңды құлындай шыңғыртып жатқанда сенің сұлу түрің қандай болады екен, көрейін” деп жігітке қыл бұрауды тұтқын қыздың көзінше салғыздым [3,350 б.]. Теңеуде асау құлынды бұғалықтап ұстағанда, я қасқыр тартқанда шошып, қиналғанда шығаратын үні арқылы теңеу затының мәні ашылады. Жазушы қыл бұрау салынған жігіттің қиналып шығарған үнін басына ноқта түсіп, шошынған асау құлынның шыңғыруына ұқсата отырып, эмоционалды-экспрессивті әсері мол картина жасап, оқырман көңіліне жол таба алған.
Жылқыға қатысты сезім-күй теңеулері үш топқа бөлінеді: 1) бейнесі де, заты да деректі теңеулер; 2) бейнесі нақты, заты дерексіз теңеулер; 3) бейнесі нақтылы қимыл-әрекетке негізделген теңеулер.
Бейнесі де, заты да деректі сезім-күй теңеулерінің бейнесіне де, затына да көзге көрінетін, қолмен ұстауға болатын деректі заттар негіз болады. Бірақ ақиқат өмірде зат пен бейнеге негіз болған заттар мен құбылыстардың бір-біріне еш ұқсастығы болмайды: Қалың ойға шомып кетіп, басын төмен салып, үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды [3,55 б.]. Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей енді тіпті долданып кетті [3,55 б.].
Бейнесі деректі, заты дерексіз сезім-күй теңеулері рухани заттарды материалдық заттарға ұқсату арқылы жасалады. Бұлардың заты абстракциялық ұғымдардан тұрады, дәлірек айтқанда, бұл теңеулердің затына адамның жан-дүниесінің түрлі күйін бейнелейтін ұғымдар алынады. Әдеби тілдегі ұшқыр жылқыдай (қиял), ит қуған тайдай қаша жөнелген (арман), тұсаған жылқыдай (ой) теңеулерінде қиял, арман, ой тәрізді адамның жан-дүниесіндегі психологиялық құбылыстар, дерексіз заттар ұшқыр жылқыға, ит қуып, қаша жөнелген тайға, тұсалған орнынан ұзай алмайтын жылқыға баланып, рухани құбылыстар материалдық сипатқа ие болған. Осылайша, көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын абстракциялық құбылыстарға жан бітіп, бейнелене түседі, белгілі бір қасиеттерге (ұшқыр қиял) ие болады. Былтыр өзі айтқан жоқ па еді, “мінез деген бір асау байтал ғой, талай асауды үйреткенде өз сезімімді өзім үйрете алмаймын ба” деп [3,235 б.]. Мұнда адамның мінезі байталға, асау байталға ұқсатылады.
Шығарма жылқыға қатысты теңеулерге өте бай. Шығармада көру теңеулері мен бейнесі нақты қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулерінің молдығы анықталды. Жазушы жылқыға қатысты теңеулерді қолдану арқылы халық танымына жақын, ұлттық менталитетімізге сай, әсем де көркем бейнелер жасап, шығарманың көркемдік, психологиялық, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтуге қол жеткізген.
Достарыңызбен бөлісу: |