Аманкелдінің есімі қазақ халқының тарихындағы аса бір даңқты кезең — 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліспен тығыз байланысты. Империализм қайшылықтарының шегіне жете шиеленісуінің нағыз айғағы болған бұл көтеріліс патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталып, халықтың бостандығын көздеді. Бұқара халықтың бұл қозғалысы қазақ жігіттерін майдандағы қара жұмысқа алу жөніндегі патша үкіметінің 1916 жылғы25 маусымдағы жарлығынан кейін өрістей түсті. Аманкелді Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Атбасар, Перовск т.б. қалаларға өз өкілдерін жіберіп, жұмысшы-шаруаларды патша өкіметіне қарсы күреске шақырaды. Төзгісіз қанауға ұшырап, жерінен айырылған қазақ кедейлері Аманкелдінің отрядына лек-легімен келіп қосылып жатты. 1916 жылдың қазан айында тек Торғай мен Ырғыз уездерінде ғана 20 шақты отряд құрылады. Аманкелді отрядтарға қатаң тәртіп енгізді. Көтерілісшілерді қару-жарақты қолдана білуге жөне соғыс өнерін меңгеруге үйретті. Аманкелдінің көтерілісшілер отряды патша өкіметінің жергілікті органдарына қарсы бірнеше ұрыс жүргізіп, 1916 жылы қазанда Торғай қаласын қоршауға алды. Осы операцияда Аманкелдінің ұйымдастырушылық жөне қолбасшылық таланты айқын көрінді. Оның қол астындағы 50 мың сарбазы ерліктің, табандылықтың тамаша үлгісін көрсетті. Патша үкіметі Аманкелдінің шабуылын тойтару үшін жазалаушы корпус жіберуге мәжбүр болды. Тек жаудың негізгі күштері келіп жеткеннен кейін ғана, 27 күннен соң Аманкелді өз сарбаздарын қаладан алып кетті. 1917 жылы қаңтарда ол қаланы басып алуға қайта әрекет жасады, бірақ күш тең болмағандықтан ел ішіне кетеді. Бұл кездерде Аманкелді большевиктермен, оның ішінде Ә.Жангелдинменмен байланысты күшейтіп, большевиктер партиясының идеясымен қарулана түсті. Уақытша үкімет кезіндегі алашордашыларға қарсы күрес жүргізді, бұқара халыққа пролетарлық революцияның маңызын түсіндірді.