Зәршығару жүйесі
Екі бүйрек, 2 несепағар түтігі, сыңар қуық және зәршығару өзегінен зәршығару жүйесі түзіледі.
Жүйке жүйесі
Жүйке жүйесі - күрделі құрылыста. Әсіресе мидың көлемі үлкен. Алдыңғы ми айқын ми сыңарларына бөлінген. Ми сыңарларының сыртындағы көптеген иірім, сайшалар ми қыртысының көлемін ұлғайтады. Сүтқоректілердің күрделі қозғалыс әрекетіне байланысты мишығы да жақсы жетілген. Мишықтың сыртында сайшалар, иірімдер көп.
Миының үлкен жартышарлары жақсы дамыған.
Сезім мүшелері
Сүтқоректілердің иіс сезуі өте жақсы дамыған. Олар иіс сезуі арқылы қорегін іздеп табады, жауынан қорғанады, жұп құрады. Тек суда тіршілік ететін киттерде иіс сезуі өте нашар дамыған. Көпшілік сүтқоректілерде есту мүшесі жақсы жетілген. Сүтқоректілерде сыртқы құлаққа жататын құлақ қалқаны пайда болған. Дыбыс толқындарын сол арқылы қабылдайды. Тек суда, жер астында тіршілік ететін сүтқоректілерде құлақ қалқаны болмайды. Сыртқы және ортаңғы құлақ арасы дабыл жарғағымен бөлінген. Сүтқоректілердің ортаңғы құлақ қуысында балва, төс, үзеңгі сүйектері болады. Қосмекенділерде, жорғалаушыларда және құстарда бір ғана үзеңгі сүйегі болатынын еске түсіріңдер. Жарқанаттар, түлендер, дельфиндер өздерінен шығарған өте әлсіз дыбыс жаңғырықтарын қайта қабылдай алады.
Көбею мүшелері
Сүтқоректілер - дара жынысты. Олар іштей ұрықтанады. Ұрық аналық жыныс мүшесі - жатырда дамып жетіледі. Жатырдың қабырғасында ұрық пен аналық ағзаның арасында арнайы мүше «ұрық молдасы» (плацента) пайда болған. Ол зат алмасуды реттеп отырады. Оны малдың шуы деп те атайды. Сондықтан жоғары сатыдағы сүтқоректілерді «ұрықжолдастылар» деп атайды. Жатырдың қабырғасында ұрықтың дамып жетілуі, сүтқоректілердің жеке түрлеріне байланысты түрлі мерзімді қамтиды. Мысалы, үйқоянның буаз болу мерзімі бір ай. Жабайы қоян - 45-51 күн, бұғылар - 8-9 ай, жылқы - 10 ай, түйе 12-13 айда төлдейді. Халық ұғымында «12 түйе, 10 жылқы, 9 сиыр, 5 ешкі, 1,5 қоян, 3 түлкі, таба алмасаң, бұл күлкі!» деген жұмбақта әрбір жануардың буаз болу мерзімі нақты айтылған.
Мінез-қылығы
Алдыңғы ми сыңарларында иірімдер мидың көлемін арттырып, сүтқоректілердің шартты рефлекстерінің түзілуіне жеңілдік жасайды. Сыртқы ортадан келген сансыз хабарларға орай алуан түрлі шартты рефлекстер қалыптасады, тіршілік ортасының өзгерісіне бейімделу арқылы жануарларда жаңа байланыстар пайда болады. Мысалы, сүтқоректілердің баласы дүниеге келісімен анасының сүтін қорек етеді, ата-енесінің бауырында жүріп, ата-енесі пайдаланатын азыпен қоректенуге бейімделеді. Егер жытрқыштың баласы болса-етпен, ал өсімдікқоректі жануардың баласы- өсімдікпен қоректенудің әдісіне үйренеді.
Достарыңызбен бөлісу: |