А.Құнанбаевтың табиғат лирикасы



бет11/11
Дата07.02.2022
өлшемі30,14 Kb.
#93827
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Балалар әдебиеті

б) Абай – аудармашы
Орыс әдебиетіне зер салғанда Абайдың назары алдымен Пушкинге түседі. Неге? Себебі, Пушкин орыс әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлде жаңа классикалық әдебиетінің басы болды. Ол орыс әдебиетінде қоғамдық ой-өрісі, дүниетанымы, эстетикалық көркемдік – барлық сипат қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастыра отырып, орыс әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды. XIХ ғасырдағы орыс өмірін, сол ортада өмір сүріп жатқан кейіпкерлер арқылы орыс қоғамын шынайы суреттеген Пушкиннің "Евгений Онегин" секілді реалистік шығармасын, қазақ әдебиетінде реализмнің негізін салған Абайдың қазақшаға аударуы заңды құбылыс секілді. Себебі, Батыс пен Шығысты тең меңгеріп, данышпан хакім дәрежесіне жеткен ұлы Абайдың, Европалық әдебиеттің озық үлгісі реализм әдісі арқылы, халқын тәрбиеге, өнер-білімге шақырып, "тіл ұстартып, өнер шашуды" анық мақсат еткен шағы еді.
Абай Пушкиннің "Евгений Онегин" романын толық аудармаған, һәм оны алдына мақсат етіп қоймаған да сияқты. Абайдың "Евгений Онегиннен" аударғандары:
"Онегиннің сипаты"(Жасынан түсін билеп сыр бермеген)
"Татьянаның Онегинге жазған хаты"(Амал жоқ қайттым білдірмей)
"Онегиннің Татьянаға жауабы"(Таңғажайып бұл неткен хат)
"Онегин сөзі"(Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін)
"Онегиннің Татьянаға жазған хаты"(Құп білемін сізге жақпас)
"Татьяна сөзі"(Тәңір қосқан жар едің сен)
"Ленский сөзінен"(Барасың қайда, қайда болмай неге)
"Онегиннің өлердегі сөзі" - бұл түпнұсқада жоқ, ақынның өзі шығарған. Санамалап айтқанда Абай, "Евгений Онегин" романынан 7 үзінді аударған.
Пушкиннің "Евгений Онегин" секілді, орыс қауымының сол кездегі өмірін жан-жақты суреттейтін күрделі романын терең түсініп оқитын мәдениетті оқушы қауымды қазақ жұртшылығынан табу қиын еді. Сондықтан да Абай, жалпы халыққа түсінікті, Онегин және Татьяна арасындағы қарым-қатынастарға байланысты тарауларды ғана еркін аударды, Татьяна тілімен қазақ қызының жүрегін жырласа, Онегиннің ойлы-сырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге тәрбиелейді. Осылайша аудару өз заманындағы оқушылар үшін тәрбиелік үгіт жағынан қажет еді. Абай аударған үзінділерді бір жүйеге келтіріп, ең соңында оқушыға түсінікті болсын деп "Онегиннің өлердегі сөзі" деген тарауды өзі қосқан.
Аудармаға қойылар ең басты талап, аударылып отырған шығармадағы суреттелетін оқиға мен негізгі ой, өзге тілді оқырманға түпнұсқамен бірдей, еш өзгеріссіз сол күйінде жетуге тиіс. Абай өз аудармасында түпнұсқаға көптеген өзгерістер енгізген. Сондықтан да Абай өз тарапынан жаңа Онегин, Татьяна образдарын сомдаған, - деген кейбір зерттеушілер пікіріне қарсы, Абай аудармаларын ұзақ жылдар зерттеген академик Зәки Ахметов:
«Кейбір зерттеушілер Абайдың еркін аударып, түпнұсқадан алшақтау кеткен жерлерін сылтау етіп, Абай өз тарапынан жаңа Онегин, Татьяна жасап шығарған деп жүр. Бұл – Абайды түсінбеушіліктен туған саяз түсінік. Біріншіден, халқын саналы ұғым, сапалы тәрбиеге шақыру жолында болған Абай, "Евгений Онегинді" шығыс поэзиясындағы "Назира" дәстүрімен еркін аударған. Екіншіден, Абай түпнұсқадағы опасыз Онегинді, сол опасыз күйінде суреттесе, опасыз Онегин кімге үлгі болар еді. Сүйген қыздың әзиз жүрегін түсінбейтін тәкаппар да опасыз жігіт қазақ жастарының арасында аз ба?! Оларды кімге үлгі етеміз? Ақынның түпкі мақсаты халқына үлгі шашу емес пе еді?! Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский өзінің Пушкин шығармашылығына арналған зерттеу еңбегінде Онегин образын жан-жақты, көпшілік ойлаған үстірт кінә, айыптың көбінен Онегинді ақтап шығады. Осы жөнінде М.Әуезов: “Белинский Онегиннің адамшылығын, өз ортасындағы татымсыз еркектердің бәрінен биік, артық деп бағалайды”,- дейді.
Біріншіден, Абай Онегинді Белинскийше терең түсініп, бағалап отыр. Екіншіден, Онегин бойына турашылдық, арлы адамгершілік, әділ сыншылдық дарытса, сондай жас жігіттен қазақ жастары үлгі алсын дегендік. Ұятты, арлы жастың өкініші де, көркемдік тұрғыда сенімді шығар еді және жастарға үлгісі де мол болар еді. Осы тұрғыдан ойлаған Абай, «Евгений Онегинге» "Назира" үлгісінде еркін аударма жасаған.» - деп жазады «Поэзия шыңы – даналық» атты өзінің ғылыми еңбегінде.
"Евгений Онегиннен" жасаған Абай аудармалары бар кезде түпнұсқадан алшақ кетті деуге болмайды. Мысалы түпнұсқадағы:Как рано мог он лицемерить
Тайть, надежду ревновать,
Разуверять, заставить верить
Казаться мрачным, изнывать,- деген жолдарды түпнұсқаға жолма-жол сай етіп:
Жасынан түсін билеп сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе білдірмеген,
Нанасың, не айтса да, амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ "алдар" деген,- деп аударады. Осы аударма жолдарды түпнұсқамен салыстыра отырып оқығанымызда, орыс тілін өте жетік білген Абайдың, Онегин мінезіне тән қасиет-сипаттарды дәл бейнелеуге қазақтың бай тілін терең біліп, шебер аударған талант құдіретіне бас иесің.
Аудармадағы Татьяна бейнесінің де, орысша түпнұсқасындағы басты ерекшелігі сақталып, тамаша суреттелген. Мысалы:
Зачем Вы посетили нас?
В гулуши забытого селенья.
Я никогда не знала
Не знала б горького мученья,-
дегенді :
Келмесең егер сен бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге
Түспесем мұндай бейнетке, - деп қазақшалаған.
Татьянаның осы хатынан орыс қызының ашық мінезділігі, адалдығы, сезімталдығы, сенгіштігі бәрі де айқын көрініп тұр.
Абай Татьяна хатының терең мазмұнын толық жеткізуді көздей отырып, бұл ойын қазақ жастарының ұғым түсінігіне сай етіп жүзеге асыруды мақсат еткен.
Қаймақ еді көңілімде
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірінде,
Мен де сорлы бақыты кем,- деп дворян қызына "қаспақ жегізген" Абай, Татьяна мінезіндегі еркіндікті, адалдықты қазақ қыздарына өнеге ету үшін, Татьянаның сол кездегі көңіл-күйін қазақ қызының ұғымына сай етіп аударады:
Шеш көңілімнің жұмбағын
Әлде бәрі алданыш.
Жас жүрек жайып саусағын
Ұмтылған шығар айға алыс,- деген шумақтағы қыз жүрегінің аңқау да пәк тілегін аспандағы алыс айға саусағын жайып ұмтылған жас бейнесінде суреттейді. Татьяна тілегінің пәктігін, оның орындалмас арман екенін, Абай осындай ғажап теңеу-сурет арқылы, қайталанбас сұлу көркемдік тәсілмен жеткізеді. Сөзбен салынған бұл жанды сурет Абайдың ақындық ұлылығының дәлеліндей.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем,
Тірі қалдым өлмей әрең
Қатты батты тырнағың, - деген еркін аударма арқылы ақын қазақ жастарына түсінікті, "жаралы жолбарыс", "киіктің лағы" деген теңеулерді қолдана отырып, шебер аударады.
Ал, жалпы алғанда Татьянаның адал, бірақ кісіге сенгіштіктен арылып, өзіне сенімділігі артқан, сертіне берік, алған бетінен қайтпайтын жан етіп сипаттауы жағынан Абай Пушкинмен толық үндес шыққан. "Татьяна сөзі" (Тәңір қосқан жан едің сен) Абайдың өзі шығарған әнімен ерте кезден ел арасында айтылып келеді. "Куда, куда Вы удалились " деп басталатын Ленскийдің монологын Абай, "Ленский сөзінен" деген атпен (Барасың қайда, қайда болмай маған) аударғанда мазмұн жағынан көп өзгертпей аударған. Жекпе-жекке шығар алдындағы Ленский монологы бар болғаны сегіз жолға сиып тұр. Абайдың Ленский монологына назар аударуына қарағанда ақын оны қазақ жұртшылығына Онегин, Татьянамен қатар таныстырмақ ниетте болған секілді. Бірақ, Ленский туралы жазғаны осы ғана ма, жоқ әлде жалғасы бар ма, ол жағын дөп басып айту қиын.
Абайдың "Евгений Онегин" сарынымен шығарған өлеңдері, дәлме-дәл немесе еркін аударғандары бар, жанынан қосқаны бар – түгелдей алғанда бәрі бір желіге түсірілген, біртұтас топтама шығарма деуге лайық. Сондықтан да М.Әуезов: «Абай версиясында "Евгений Онегин" эпистолярлық роман түріне айналған»,- деуі тегін емес.
"Евгений Онегиннің" кейбіреуі хат түрінде, ал бір тобы кейіпкерлер монологы және автордың атынан айтылған сипаттама түрінде аударылса да, бұлардың барлығы біртұтас шығарма деп ұғып түсінуіміз қажет. Мешеу қалған қараңғы феодалдық патриархалдық қоғамда өмір сүрген Абайдың сол заманда Пушкин поэзиясының қыр-сырын терең танып, бағалай білуі, Абай ұлылығының жарқын бір көрінісі екендігіне дау жоқ

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет