Абай Құнанбаевтың қара сөзіне талдау Он тоғызыншы қара сөз Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады.
Талдау Абай Құнанбаев өзінің он тоғызыншы қара сөзінде естелік ұғымы туралы терең ой қозғайды. «Адам ата – анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды – дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» - дейді. Мінеки, естеліктің адам баласының бойына туа сала бітпейтінін, естеліктің күнделікті өмірде сезіну, түсіну арқылы қалыптасатынын айтады. Шыр етіп туа сала ешкім дана болмайды, оқып, біліп, жақсыны бойына сіңіре алған есті болады. Ия, адам баласы өмір тәжірибесінің нәтижесінде жақсылық пен жамандықтың, естілік пен ессіздіктің жігін ажыратады. Адам баласы есейе келе, күнделікті өмірден алған тәлім – тәрбиесінің, тәжірибесінің арқасында, санасы, білімі дами береді. Абай Құнанбаевтың осы қара сөзіндегі ой – тұжырымы қазақ халқының мәтеліндегі «Көре – көре көсем, сөйлей – сөйлей шешен боласың» деген ұғымымен де ұштасатын сияқты. Естілердің айтқан сөздерін ой елегінен өткізе отырып, оның пайдалы және ұтымды жақтары күнделікті өмір тәжірибесінде оңтайлы қолдана білуі, сол адамның ақылдылығын көрсетеді.