Балгожина Майгуль Егеубаевнаның 6D030300 – құқық қорғау қызметі мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Қазақстан Республикасында рецидив қылмыстылықты ескертудің концептуалдық негіздері» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына
АННОТАЦИЯ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі рецидив қылмыстылықты әлеуметтік-құқықтық бақылаудың ғылыми негізделген оңтайлы жолдары мен құралдарын әзірлеуге деген әлеуметтік сұранысқа байланысты айқындалады. Қылмыс жасаушы адамдар арасында ерекше санат болып саналатын рецидив қылмыс жасаушылар жаза атқару мекемелерінде ғана емес, одан тыс кеңістікте де өзіндік кіші мәдениетті қалыптыстырушы, оны жалғастырушы, оны таратушы елеулі топ ретінде әлеуметтік ортада белгілі бір функциялар атқарады. Рецидивтілік – қылмыстық кіші мәдениеттің тұрақтылығымен, өзіндік даму заңдылықтарымен, қатарына бұрын сотталғандардан, жұмыссыздардан, жастардан және басқа да маргинал топтардан жаңа толқындар тарту ықпалының күштілігімен назарға түседі. Өзіндік қылмыстық кіші мәдениетті ұстану арқылы ерекше топ болып қалыптасқан олар өз қатарларын ылғи жастар арқылы кеңейтуге ұмтылады. Рецидив қылмыс жасаушылар қоғамдағы оң өзгерістерге кері ықпал жасап, қылмыстылыққа қарсы тұру саласындағы заңнамалық реформалардың нәтижелілігін төмендетеді.
Рецидив қылмыстылықтың алдын алу мемлекет пен қоғамның маңызды, әрі келешекті әлеуметтік мақсаттарының қатарына жатады. Қылмыстық, жаза атқарушылық және криминологиялық саясаттың тиімділігі рецидив қылмыстылықтың көрсеткіштерінің өзгеруімен салыстыра қарастырылады. Қылмыстылыққа қарсы іс-қимылдың табыстылығын рецидив қылмыстылыққа ықпал етудің нәтижелілігімен өлшеуге болады деп саналады.
Бүгінде елімізде орын алып отырған түрлі әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық күрделі жағдайлардың жаһандық құбылыстармен байланысты екені сөзсіз, дегенмен оларға түрткі себептер тек сыртқы ғана емес, ішкі сипатқа да ие екенін айту орынды. Бұл пікірімді еліміздегі қылмыстылық жағдайының көрсеткіштері нақтылай түседі. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп Комитетінен алынған мәліметтерге сүйенер болсақ, соңғы он жыл (2007-2016) ішінде, яғни 2007 жылы – 130090, 2008 жылы – 127478, 2009 жылы – 121667, 2010 жылы – 131896, 2011 жылы – 206801, 2012 жылы – 287681, 2013 жылы – 359844, 2014 жылы – 341291, 2015 жылы – 346510 және 2016 жылдың 9 айында – 300661 қылмыс тіркеліп, бұл көрсеткіштер жалпы қылмыстылық деңгейінің жыл өткен сайын өсіп жатқандығын, өзге жылдармен салыстырғанда, әсіресе, 2013, 2015 жылдары ең жоғарғы көрсеткіштер бергендігін аңғартады.
Қылмыстылық статистикасының бұл көрсеткіштері нақты қылмыстылықтың шынайы бейнесін бермейді. Оны мынадан-ақ аңғаруға болады. Тек соңғы бірнеше жылдың ішінде қылмыстылық шын мәнінде осылай бірнеше рет өссе, онда елімізді жаппай үрей мен жұрттың қауіпсіздік шараларына жүгінуі, көші-қонның кері үдерістері (сыртқа көшу) басып алған болар еді. Бұл жәйт бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалмас еді. Алайда, шын мәнінде біз нақты қылмыстылықтың шынайы өсуін емес, оның статистикалық көрсеткіштерінің күрт өзгеруіне куә болып отырмыз. Бұл жағдайды біз ең алдымен ұлттық қылмыстық заңнамамыздағы өзгерістермен байланыстырамыз, сондай-ақ, «бұл көрсеткіштер еліміздегі қылмыстылықтың беймәлім (латенттік) бөлігінде ұзақ уақыт болып келіп, тек соңғы уақытта қылмыстарды тіркеу ісін жетілдіруге байланысты жарыққа шығып отыр» [1, 1070-б.].
Жалпы қылмыстылыққа қарсы тұруда қоғам үшін рецидив қылмыстардың қауіптілік деңгейі айрықша. Рецидив қылмыс жасаушылар жаза мақсаттарын орындауға кедергі келтірумен қатар, жастарды қылмыстық жолға тарта отырып, әр алуан қылмыстық топтар құратындығымен, жаза атқару мекемелерінде және одан тыс жерлерде түрменің кіші мәдениетін ұстанып, пенитенциарлық қылмыстар санының артуына ықпал ететіндігімен қауіпті.
2007-2016 жылдар арасындағы қылмыс рецидиві көрсеткіштеріне назар аударатын болсақ 2007 жылы – 8774, 2008 жылы – 8407, 2009 жылы – 9228, 2010 жылы – 8993, 2011 жылы – 10272, 2012 жылы – 12102, 2013 жылы – 12317, 2014 жылы – 11434, 2015 жылы – бұрын қылмыс жасаған адамдар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 17692 болса, оның 144-і ғана қылмыстар рецидиві деп танылған және 2016 жылдың 9 айында – 25547 бұрын қылмыс жасаған адамдар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты құрап, оның 436-ы заңды күші бар қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыстар рецидивін белгілейді. Яғни, 2015-2016 жылдар аралығында қылмыстар рецидивінің негізгі бөлігін құраушы санаттары бойынша онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың қазір қылмыстар рецидивіне жатқызылмауы рецидив қылмыстылық көрсеткіштерін едәуір азайтып тұр. Ал бұрын қылмыс жасаған кәмелетке толмағандар қылмыстылығына қатысты төмендегідей мәліметтерді көруге болады: 2009 жылы – 216, 2010 жылы – 155, 2011 жылы – 174, 2012 жылы – 97, 2013 жылы – 96, 2014 жылы – 69, 2015 жылы – 227 (оның 7-уі теріс қылық) және 2016 жылдың 9 айында – 306 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген (оның 19-ы теріс қылық). Бұдан кәмелетке толмағандар арасындағы қайталап жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың біртіндеп төмендеп келіп, 2015 жылы күрт жоғарылағандығын аңғарамыз.
Рецидив қылмыстылықтың аса жоғары қауіптілігіне байланысты ұзақ кезеңдер бойы оған қарсы тұрудың өзіндік саясаты, оларға қатысты заңнамалық реформалардың өзіндік басым бағыттары қалыптасқан және олар рецидив қылмыс жасаушыларға қатаңырақ жаза тағайындауға, олардың тағайындалған жазаларды өтеу режімін қатаңдатуға саятын. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы Қылмыстық кодексінде біз осындай саясаттың заңнамалық тұрғыдан жүзеге асқанын айқын көреміз.
Алайда, әлеуметтік үдерістерді заманалық тұрғыдан зерделеу, оны жан-жақты талдау бұрыннан қалыптасқан қылмыстық саясатқа тың өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетті. Соңғы уақыттарда Қазақстанда заң шығармашылығы және онымен байланысты заң мониторингі, құқыққа деген концептуалды ыңғай, заң жобаларына ғылыми сараптама жасау, құқық шығармашылығының бақылау-қамтамасыз ету нысандары сияқты ғылыми-ұйымдастырушылық технологияларды пайдалану жұмыстары жандандырылуда [2]. Себебі «...әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні қол жеткізгенге тоқмейілсуге мүмкіндік бермейді. Ұлттық құқықтың уақыттың жаңа талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ХХІ ғасырдың келешегіне сай келмейтін құқықтық догмалардан түпкілікті арылып, мемлекеттің норма түзушілік және құқық қолдану қызметін одан әрі жетілдіру қажет» [3].
Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында көрсетілгендей, «Мемлекеттің құқықтық саясатының маңызды буыны қылмыстық саясат болып табылады, оны жетілдіру қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару құқығын, сондай-ақ құқық қолдануды кешенді, өзара байланыста түзету арқылы жүзеге асырылады. …Қылмыстық құқықты одан әрі дамыту, бұрынғыдай қылмыстық саясаттың қос векторлығын ескере отырып жүргізілуге тиіс. Ізгілендіру – ең бастысы, алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтары – жүкті және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты болуға тиіс. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға кінәлі, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүрген адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстар кәнігілігі кезінде қатал қылмыстық саясатты алдағы уақытта да жүргізу қажет [3].
Қазір құқықтық саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында іс жүзінде нақты өмірге негізделген, шетелдік тәжірибені басшылыққа алған жаңа қадамдар өмірге келуде. Ол 2014 жылы құқық ғылымының қоғамдық өмірді реттеуші негізгі салалары бойынша қылмыстылыққа қарсы іс-қимылды мейлінше ізгілендіруге бағытталған жаңа заңдардың қабылдануы арқылы жүзеге асты. Жаңадан қабылданған Қылмыстық, Қылмыстық процессуалдық, Қылмыстық - атқару кодекстерінде қылмыстар рецидиві туралы заңнамалық құрылым бұрынғыдан өзгеше қалыптасқан және қылмыстар рецидивін жасаушыларға жаза тағайындауда бұрынғы қатаң заңнамалық реттеудің орнына сот қарауының рөлі артқан. Осы өзгерістерді талдау, оларды жетілдіру, тереңдету, іске асуын қамтамасыз ету бүгінгі күннің кезек күттірмейтін шаралары болып табылады.
Рецидив қылмыстылықтың алдын алудың оңтайлы жолдарының бірі – бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу екенін уақыт дәлелдеуде. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы «100 нақты қадам» бағдарламасында 33 қадам ретінде «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру. Осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасауды» [4] белгілейді. Сонымен қатар, заң жобасы ретінде қарастырылып жатқан Қазақстан Республикасының «Пробация туралы» Заңына да қадамын шалыс басқан адамдардың қоғам мақұлдайтын түзу жолды таңдауына тигізер ықпалы мол деп көп үміт артудамыз.
Демек, мемлекет деңгейінде рецидив қылмыстылыққа әсер етудің қылмыстық-құқықтық, жаза атқарушылық негіздерін қатайту парадигмасынан әлеуметтік, экономикалық инфрақұрылымды заманалық мақсаттарға бейімдеу, ізгілік саясатты неғұрлым нәтижелі жүзеге асыруға бағытталған соны парадигма тиімді деп танылып отыр. Ендігі кезекте осы соны парадигманы игеруге, жетілдіруге, тереңдетуге, оны іс жүзіне тиімді жүзеге асыруға бағытталатын зерттеу жұмыстарының өзектілігі даусыз. Біздің диссертациялық жұмыс осы бағыттағы алғашқы еңбектердің бірі болып табылады.
Проблеманың ғылыми зерттелу дәрежесі. Рецидив қылмыстылық пен оны ескертуге байланысты мәселелерді өз еңбектерінде қарастырған ғалымдар: Ю.М. Антонян, А.И. Алексеев, Ю.И. Бытко, И.В. Волошин, П.Ф. Гришанин, В.И. Гуськов, А.Ф. Зелинский, Н.А. Коломытцев, Ю.А. Красиков, А.С. Михлин, В.П. Малков, А.П. Некрасов, К.А. Панько, В.И. Попов, О.В. Филимонов, С.В. Щербаков, М.В. Гончарова, ал қазақстандық зерттеушілер: Б. Нақыпов, А.Б. Сқақов, Д.С. Чукмаитов, К.Ж. Балтабаев, И.Ш. Борчашвили, З.С. Тоқыбаев, Т.Қ. Әкімжанов, Р.Е. Джансараева, М.А. Аюбаев, С.С. Молдабаев, С.Ж. Оспанов, М.О. Нукенов, Г.С. Дүйсенбаева және т.б.
Зерттеу мақсаты. Қазіргі жалпы қылмыстылық таным негізінде рецидив қылмыстылыққа әсер етудің құқықтық, ұйымдастырушылық-құқықтық және алдын алу шараларын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды негіздеу.
Зерттеу міндеттері.
рецидив қылмыстылық ұғымын ашып, еліміздің қазіргі даму жағдайында рецидив қылмыстылықтың жай – күйіне сипаттама беру;
рецидив қылмыстылық себептерінің мазмұнын ашып, криминологиялық баға беру;
қылмыстар рецидивін жасаушы адамның тұлғалық ерекшеліктерін ашу;
қылмыстар рецидивімен байланысты қатынастарды реттеуші қылмыстық-құқықтық нормаларды жетілдіру мүмкіндігін айқындау;
қылмыстар рецидивінің қылмыстық құқық бұзушылық көптігі институтында алар орны мен оның жалпы, арнайы белгілері және топтастырылуына талдау жасау;
ҚАЖ мекемелерінен босаған адамдарды әлеуметтік бейімдеу ұғымы мен оның мәнінің және кезеңдерінің мазмұнын ашу;
бас бостандығынан айыру орындарынан босаған адамдарды әлеуметтік бейімдеудің шетелдік тәжірибесін саралау, олардың озық үлгілерін еліміздің сәйкес жүйесіне бейімдей пайдалану жөнінде тұжырымдар жасау;
ҚАЖ мекемелерінен босаған адамдарды әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
Бір жағынан рецидив қылмыстылықты тудыратын, екінші жағынан оның алдын алуға бағытталған, яғни екі топ қоғамдық қатынастар кешені зерттеу объектісі болып табылады. Ал зерттеу пәні ретінде рецидив қылмыстылықтың қылмыстанымдық көрсеткіштері, қылмыстар рецидивіне қатысты қылмыстық-құқықтық, қылмыстық-атқарушылық заңнама нормалары, сонымен қатар рецидив қылмыс жасаушыларды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған нормативтік құқықтық актілер, әлеуметтік-еңбектік қатынастар болып танылады.
Зерттеудің әдіснамалық негіздері. Зерттеудің әдіснамалық негізін әлеуметтік-құқықтық үдерістер мен құбылыстарды танудың жалпы ғылыми және жеке диалектикалық таным әдісі, сонымен қатар оған негізделген тарихи, әлеуметтанымдық, логикалық, салыстырмалы-құқықтық, құжаттамалық, статистикалық, сауалнамалық формальды-заңдық талдаудың жалпы ғылыми және жеке әдістері құрайды.
Зерттеудің теориялық базасын А.И. Алексеев, Ю.М. Антонян, М.М. Бабаев, Қ.Ж. Балтабаев, А.В. Бриллиантов, Ю.И. Бытко, И.Г. Возжанников, Н.В. Витрук, И.М. Гальперин, Я.И. Гилинский, П.Ф. Гришанин, А.И. Долгова, Г.С. Дүйсенбаева, В.А. Елеонский, А.Ф. Зелинский, М.Ч. Когамов, Ю.А. Красиков, В.Н. Кудрявцев, Н.Ф. Кузнецова, Е.І. Қайыржанов, С.Я. Лебедев, В.П. Малков, А.С. Михлин, А.Е. Мизамбаев, А.Б. Молдашева, Б. Нақыпов, А.В. Наумов, К.А. Панько, С.B. Познышев, М.С. Рыбак, В.И. Селиверстов, Ф.Р. Сундуров, Б.К. Сыздық, А.Б. Сқақов, И.В. Слепцов, В.М. Трубников, Н.С. Таганцев, Б.Қ. Шнарбаев, Д.А. Шестаков, И.Я. Фойницкий,. Г.Ф. Хохряков, М.Д. Шаргородский; В.Е. Южанин, Д.С. Чукмаитов және басқалардың еңбектері қалайды.
Зерттеудің нормативтік негізін Қазақстан Республикасы Конституциясы, Қазақстан Республикасы Парламенті бекіткен (ратификациялаған) халықаралық нормативтік актілер, Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстері, Еңбек кодексі, «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңдары, заңды күші бар Президент Жарлықтары мен ҚАЖ мекемелерінен босап шыққан тұлғалар мен пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандарға әлеуметтік – құқықтық көмек көрсетуге байланысты мәселелерді реттеуші және ҚАЖ мекемелерінен босаған тұлғаларға әлеуметтік – құқықтық көмек көрсетуді жүзеге асыруға қатысты пробация қызметі мен ішкі істер органдары қызметтерін ұйымдастыруға байланысты бірқатар заңға тәуелді актілер құрайды.
Зерттеудің эмпирикалық базасын Қазақстан Республикасы бойынша жалпы қылмыстылықпен қатар, рецидив қылмыстылық жағдайы, динамикасы мен құрылымы бойынша 10 жылдық (2006-2016 жылдар) статистикалық материалдарды зерделеу және талдау қорытындылары, Қарағанды облыстық сотының мұрағатынан 5 жыл аралығындағы 148 қылмыстық іс, жазаларын өтеп жатқан сотталғандардың 123 жеке істері қарастырылып, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының қылмыстық-атқару жүйесінің 258 қызметкері арасында жүргізілген сауалнама мен 98 сотталған адамдар арасында жүргізілген психодиагностикалық тестілердің қорытындылары құрайды.
Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы рецидив қылмыстылықтың алдын алу және постпенитенциарлық әлеуметтік бейімдеудің заңнамалық концептуалдық негіздерін жаңа қылмыстық, қылмыстық-атқару заңнамалары аясында алғаш талдануымен, бұл бағыттағы жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы қылмыстық, қылмыстық-атқару кодекстерін және Қазақстан Республикасы «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарын оңтайландыру бойынша авторлық ұсыныстардың жасалуымен айқындалады.
Зерттеудің теориялық мәні маңызды әлеуметтік-құқықтық проблеманы кешенді түрде шешумен анықталып, зерттеу материалдары қылмыстық, қылмыстық-атқару құқығы мен криминологияны жетілдіруде пайдаланылуы мүмкін.
Зерттеудің практикалық мәні зерттеу материалдары бойынша жасалған қорытындылар мен ұсыныстарды қылмыстылықтың алдын алу және постпенитенциарлық әлеуметтік бейімдеу қызметін жетілдіруде, сондай-ақ қылмыстық құқықты, қылмыстық-атқару құқығын, криминологияны оқытуда пайдалануда көрінеді.
Зерттеу нәтижелерін апробациялау және енгізу Диссертацияның негізгі теориялық және тәжірибелік мәні бар нәтижелері автордың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларының жинақтарында шыққан 5 мақаласында, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау Комитетімен ұсынылған ғылыми басылымдарда жарық көрген 4 мақаласында және Scopus компаниясының деректер базасына кіретін рейтингісі SJR_2013:0,110 тең халықаралық «Journal of Advanced Research in Law and Economics» ғылыми журналында жарық көрген 1 мақаласында көрініс тапқан. Сондай-ақ, зерттеу жұмысы нәтижелері Қазақстан Республикасы Парламентінің сенаты мен мәжілісінде қарастырылып, оң бағаға ие болып, Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің заң шығару институтының заң шығармашылық қызметіне, Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының заң институтының оқу үдерісіне енгізілді, сонымен қатар Қазақстан Республикасы ІІМ-нің криминалды полиция департаменті, Павлодар қаласы ІІБ және ҚАЖ Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаменті АК-159/25 мекемесінің жеке құрамына жауынгерлік-қызметтік даярлық сабақтарында қолданылады.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар :
Қылмыстар рецидивінің қолданыстағы заңнамада бекітілген белгілері мейлінше формальданған өлшемдерге негізделіп құрылған: 1) қылмыстардың рецидиві негізінде табиғи өзгермес белгілер жоқ; 2) рецидив қылмыстың заңнамалық айырым белгілері тұтастай алғанда саяси, идеологиялық, формальдық негіздерге сүйенген; 3) олар заңшығарушының ырқына сай тарихи-формальдық өзгерістерге ұшырап отырады. Мұны рецидив қылмыстарға қатысты заңнамалық реформалардың ағымы мен нәтижелері айқын көрсетеді.
Қылмыстар рецидивіне қарсы жаза шараларын қатаңдату, жазаларды тағайындаудың қағидаларын заңнамалық тұрғыда егжей-тегжейлі реттеу саясатының өзінің шегіне жетуі қылмыстық жаза «дағдарысы» құбылысының айқын бір көрінісі болып табылады. Қылмыстар рецидивіне ерекше назар аудару қылмыстылықтың «құнын» шамадан тыс өсіріп, қоғамның экономикалық, рухани қуатын әлсіретуге алып келеді. Қазіргі замандағы қылмыстылық «құнының» өсу деңгейі, оның ішінде қылмыстар рецидивіне қарсы тұрудың икемді жолдарын таңдау тиімділігін айқындайды.
Автор қылмыс рецидивіне қатысты қылмыстық және әлеуметтік саясаттың «репрессияны үнемдеу» және әлеуметтік бейімдеу шараларын жүйелі түрде кеңейту қажет және оған жеткілікті мүмкіндіктер бар деп қорытады және соған орай қолданыстағы заңнама мен әлеуметтік тәжірибе олқылықтарын жоюды, оларды жетілдіруді және дамытуды көздеген өзіндік ұсыныстарын негіздейді:
3.1. Автор қылмыстық-құқықтық құрылым ретінде танылатын қылмыс
рецидивінің негізгі формальдық белгілерінің бірі сотталғандықтың болуы қылмыс рецидивінің заңнамалық анықтамасында көрсетілуі міндетті деп санайды. Сол себепті Қазақстан Республикасы ҚК-нің 14-бабының 1-бөлігі:
«1. Егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған болса және белгіленген тәртіппен жойылмаған сотталғандығы бар болса осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың рецидиві деп танылады» деген редакцияда болуы тиіс;
3.2. Қазақстан Республикасы ҚК 79-бабының 7-бөлігінің ережесіне сәйкес қылмыстар рецидивінде сотталғандық алынып тасталмайтындықтан ҚК 14-бабының 3-бөлігінен «алып тасталған немесе» сөздерін алып, оны төмендегідей мазмұндау керек:
«3. Он сегiз жасқа дейінгі адамның жасаған қылмыстары үшін сотталғандық, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген тәртіппен жойылған сотталғандық қылмыстардың рецидиві және қылмыстардың қауіпті рецидивін тану кезінде есепке алынбайды»;
3.3. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 14-бабының қазақша нұсқасында рецидив ұғымын ашуда «қылмыстар рецидиві» тіркесінің «қылмыстардың қайталануы» деп берілуі қылмыстық құқық бұзушылықтар көптігі нысанын беруде қайшылық тудырып, рецидив қылмыс ұғымының бұрмалануына әкеліп отыр деп санаймыз. Сондықтан Қазақстан Республикасы ҚК-нің 14-бабында қолданылатын «қылмыстардың қайталануы» және «қылмыстардың қауіпті қайталануы» тіркестері «қылмыстар рецидиві» және «қылмыстардың қауіпті рецидиві» деп ауыстырылуы қажет.
4. Жаза атқару мекемелерінде отырған сотталғандарды босап шыққаннан кейінгі бостандықтағы өмірге дайындау мәселесінің рецидив қылмыстылықтың алдын алудағы әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып:
4.1. Жақын арада босап шығатын сотталғандардың кейбір санаты үшін жұмысқа және тұрмыста орналасу мәселелерін алдын ала шешуді оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 113-бабының 1-бөлігінің төмендегідей редакциясы ұсынылады:
1) қысқа мерзiмге – жұбайының (зайыбының), жақын туысының қайтыс болуына немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретіндей қатты ауруына, оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтiрген дүлей зілзалаға байланысты, сонымен қатар, босап шыққаннан кейінгі жұмысқа және тұрмыста орналасу мәселелерін алдын ала шешу мақсатында бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге;».
4.2. Сонымен бірге сотталғандардың жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзуларына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 130-бабының 2-бөлігін төмендегі мазмұндағы 14-тармақпен толықтыру қажет:
«14) жұмысқа және тұрмыста орналасу мәселелерін алдын ала шешу мақсатында қылмыстық-атқару мекемесі шегінен тыс жерлерге шығу үшін қысқа мерзімді демалыс берілген сотталғанның демалысын басқа мақсаттарда пайдалануы».
5. Зерттеу нәтижесінде диссертант қылмыстық, қылмыстық-атқару заңнамаларының қылмыстар рецидивін жасаушы адамдардың мінез-құлқын, өмір салтын өзгертуге әлеуеті жеткіліксіз, бұл мақсаттарға жетудің тиімді де оңтайлы бағыты постпенитенциарлық әлеуметтік бейімдеу институтын дамыту саласында жатыр деген тұжырым жасайды. Осы негізде Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 23 қаңтардағы Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы №148 Заңында облыс (республикалық маңызы бар қалалардың), астана, аудан (облыстық маңызы бар қалалардың) әкімдіктерінің, сонымен қатар қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босап шыққан тұлғалар мен пробация қызметінде әлеуметтік бейімдеу бойынша есепте тұрған адамдарды қамтамасыз ету, ұйымдастыру және жәрдемдесу мәселелері бойынша әкімдік қызметтерін «кеңейту» ұсынылады:
5.1. Осы заңның 27-бабының 17-1-тармағын облыс (республикалық маңызы бар қалалардың), астана, аудан (облыстық маңызы бар қалалардың) әкімдіктердің, сонымен қатар қаладағы аудан әкімдерінің құзыретіне қылмыстық жазаларын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды үйлестірумен қатар пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық жәрдем көрсетіп, сондай-ақ, олардың жұмысқа орналасуларына көмектесу мәселесін қарастыру жөніндегі ережемен толықтырып, оны төмендегідей редакцияда мазмұндау қажет:
«17-1) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босап шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды үйлестіреді, пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық және басқа да жәрдем көрсетіп, соның ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес олардың жұмысқа орналасуларына көмектеседі;»
5.2. Осы заңның 31-бабының 14-1-ші және 14-3-тармақтарын аудандық (облыстық мәндегі қалалардың) әкімдіктердің құзыретіне жазаларын өтеп шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыру және жүзеге асыруды қамтамасыз етумен қатар пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық және басқа да жәрдем көрсету, соның ішінде жұмысқа орналасуларына көмектесу туралы ережемен толықтырып, оны төмендегідей редакцияда мазмұндау қажет:
«14-1) қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды, сонымен қатар Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді;»
«14-3) пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған адамдар мен өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдардың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтылуларына жәрдемдесіп, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету саласындағы өзге де өкілеттіктерді атқарады;»
5.3. Осы заңның 35-ші бабының 12-1-тармақшасын қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмi құзыретіне бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етіп, өзге де әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетумен шектеліп қоймай, сонымен қатар, пробация қызметінде есепте тұрған әлеуметтік-құқықтық және басқа да жәрдем көрсету, соның ішінде жұмысқа орналасуларына көмектесу туралы ережемен толықтырып, оны төмендегідей редакцияда мазмұндау қажет:
«12-1) пробация қызметінің есебінде тұрған және өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес әлеуметтік-құқықтық және басқа да көмектер көрсетеді;».
6. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасы мен Қазақстан Республикасы «Әкімшілік қадағалау туралы» заңы арасындағы үйлесімділікке қол жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасы «Әкімшілік қадағалау туралы» заңының 1-бабын төмендегідей редакцияда мазмұндау қажет:
«1. Әкімшілік қадағалау – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босап шыққан тұлғалардың кейбір санаттарына қатысты сот шешімі негізінде олардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында осы тұлғаларға сот тағайындаған шектеулер мен олардың мінез-құлықтарына бақылау жасауды жүзеге асыратын, сонымен қатар әлеуметтік-құқықтық және басқа да көмек алуларына жәрдемдесетін уәкілетті мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын рецидив қылмыстылықтың алдын алу нысаны болып табылады.
2. Әкімшілік қадағалау белгіленген тұлғаға қатысты сот тағайындаған шектеулерге және олардың мінез-құлықтарына бақылау жасауды Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес оның тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдары қызметкерлері жүзеге асырады.
3. Әкімшілік қадағалау белгіленген тұлғаға қатысты әлеуметтік-құқықтық және басқа да көмек алуларына жәрдемдесуді Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес оның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жүзеге асырады.»
Жұмыстың құрылымы Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен жеті бөлімшеден, қорытындыдан және қолданылған әдебиеттерден және бірнеше қосымшалардан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |