Қарағанды 2020 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



бет12/24
Дата18.09.2024
өлшемі0,74 Mb.
#204656
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   24
Байланысты:
Оқу құралы 2020 жыл (2)

Фатализм (лат.«fatalis» - тағдырмен алдын-ала анықталған, өлім) - кез-келген оқиға мен әрбір адамның еркін таңдауы мен мүмкіндігін қоспағанда, бастапқы тағдырдың сөзсіз жүзеге асуы ретінде қарастыратын дүниетаным. Оның негізгі 3 түрін ажыратуға болады. Мифологиялық, кейіннен күнделікті, жергілікті фатализм алдын ала анықтауды иррационалды зұлмат тағдыр ретінде; теологиялық фатализм – құдіретті құдайдың еркі ретінде; рационалистік фатализм (механикалық детерменизммен қосылған) – себептердің ырықсыз ұласуы мен ішкі тұйық жүйенің себепті салдары ретінде түсініледі.
Гедонизм (гр. «hendone» - рахаттану) - ләззат тек жоғары жақсылық қана емес, сонымен бірге, өмірдің мәні де туралы ілім. Ілімге сәйкес барлық қалған құндылықтар рақатқа жетудің кілті болып табылады. Бұл ілімнің тұжырымдамасын ежелгі грек ойшылы Аристипп жасаған. Философ адам жаны үшін 2 күйді анықтады - рахат және азап. Ләззаттың түрлері бір-бірінен ерекшеленбейді, өйткені олардың мәні бірдей сапалы. Аристипп бойынша, бақыт - бұл азапсыз рақаттың жоғары дәрежесі, ал өмірдің мәні - тән рақаты.
Волюнтаризм (лат. «voluntas» - ерік-жігер) - табиғат пен қоғам заңдылықтарын жоққа шығаратын, шындықтың мәнін, сондай-ақ, адам әрекетін сөзсіз ерік-жігермен көретін идеалистік философиялық бағыт. Рухани өмірдегі ерік-жігерді атап көрсете отырып, волонтеризм рационализмге (немесе интеллектуализмге) - ақылды (немесе ақыл-ойды) тіршілік негізі деп санайтын идеалистік философиялық жүйелерге қарсы тұрады.
Функционализм - сана мен философияға балама ретінде пайда болған қазіргі сана философиясының жетекші теорияларының бірі. Функционализм өзінің тамырларын Аристотель, Томас Хоббс және Уильям Джеймс философиясынан алады, алайда тәуелсіз теория ретінде ол ХХ ғ. соңына қарай қалыптасты. Функционализмнің негізгі идеясы психикалық күйлер физиологиялық та, феноменальды қасиеттер де емес, бірақ ақпаратты өңдеудің себептік тізбегінде анықталған қызметтер болып табылады. Функционализм - бұл ғылыми психологияны жан-тән мәселесін қарастырмай құруға талпыныс. Функционализм қазіргі ғылыми әдіснамамен өте жақсы үйлеседі, сондықтан ол сана философиясындағы ең ықпалды бағыттардың бірі болып қана қоймай, когнитивтік ғылымының философиялық негізі мәртебесін алды.
Қазақ даласына тән данышпандық ой-толғаулардың, кесім-биліктердің, ой-тұжырымдардың қай-қайсысын ашып қарасаңыз сөз даналығының өзегі - адам. Адамның келешегі мен бүгінгісі, қайғысы мен қуанышы, арманы мен тілегі, қиыншылығы мен бақыты, болмысы мен болашағы. Демек, даналық және адамгершілік бір-бірімен тығыз байланыста жетіледі. Даналық, толысқан зерделілік пен адамгершілік теңдік пен келісімнен тұрады. Бір сөзбен айтқанда, ұлағаттылықтың үйлесімділігін құрайды. Ұлыс даласының данагөй би-шешендері, сұңғыла сөз зергерлері, ақын-жыраулар рухани ұстаздар іспеттес. Олар адамның жүрегі мен ақылына жол тауып, адам табиғатын кемелдендірудің үлгі-өнегесін жетілдіріп дамытты. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «Мен ізгіліктің тектілігін жетілдіру үшін ғана жіберілгенмін» деген тұжырымын тілге тиек етсе, рухы биік халықтан шыққан дана тұлғалар адамдыққа, кісілікке тірек болатын қасиеттерді шыңдады. Бұл өз кезегінде ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың, жалғастықтың берік байланысын, олардың көзқарас мұраттарын, сабақтастық сырларын айқындайтын алтын арқа ролін атқарды. Сөз өнерінің шебері, адамгершіл ағартушы-гуманист Абай Құнанбаев өзінің тереңнен толғаған озық ойларында оның шынайы туындысы болған моральдық қисындарды, адамгершіліктің талап-тілектерін ашып көрсеткен. Өмірлік тәжірибесін қорытқан данагөй ақын келешек ұрпаққа ақыл айтып, өсиет сөздерінің негізінде адамгершіліктің сара жолын нұсқайды. Абайдың қара сөздерінің негізгі нысана болған этикалық тәлім жүйелері адамгершілік қағидаларға негізделген. Абай бәрінен де ар-ұятты жоғары қояды. Адамның ең асыл қасиеттері осылар деп білген. Отыз алтыншы сөзінде: «Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы» деген ой қорытындысынан үлкен моральдық тұжырымды көреміз. Адамның өз бойындағы қасиеттерді қастерлеу, адамгершілік адамның басты қағидасы, ең алдымен адам өзінің ішкі әлемін тазалауы керектігі ұлы Абайдың дүниетанымындағы басты дүние. Абай «Адамшылықтың алды - махаббат, ғаделет, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан тәңірісінің ісі» дейді. Адам бойындағы адамгершілік қасиет даму үшін - жүректің тазалығы, ақтығы қажет. Жүрек адамдарды жақындастырады, олардың өзара қарым-қатынасын дамытып, жетілдіреді. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді. Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі, асықтық та - жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды…» [13, 347- 293 бб.]. Сонымен қатар Абай «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер байлаулылықтың жоқтығынан азады» деп тұжырымдайды. Ал оларды өзара біріктіріп жалпылық деңгейге көтеретін негізгі күш - ол ғылым. «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет,- деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол» дейді Абай [13, 297 б.]. Білімге, ғылымға ұмтылыс ол талап, ұғымды қажет етеді. Абай адам болу жолында ең алдымен талапқа ерекше мән береді. Білім де, ғылым да, өнер де талаппен келеді. Ол адамға қосымша күш береді. Бұл жөнінде Абай «Махаббат - әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселербірлән... Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен» деп түйіндейді [13, 320 б.]. Абай сияқты ұлы тұлғаның ғасырдан ғасырға кетер өшпес сөздері, даналық тұжырымдары, ұлағаты, оның данышпандық ғибраты адамзат баласына тигізер пайдасы өлшеусіз демекпіз. Халқымыздың ұлттық зердесінде сақталған, жадында жатталған інжу-маржандай көркем ойларға толы даналық сөздердің мазмұны негізінен ұлағаттылық пен жақсылыққа жетелейтін кісілік асыл қасиеттерді іздестіру және сол негізде тәрбиелеу сияқты құндылықтарға толы. Адамгершілікке тән құнды дүниелерді, идеяларды ұсына отырып, талап-жігер мен ықылас-ынтаны арттыруда халық даналығы мен дала кемеңгерлері, дара тұлғалардың атқарған рөлі өте зор болды. Демек, даналық адамгершіліктен жоғары, яғни ақыл мен зейін-зерделілік адамдықтың ең жоғары белгісі. Бұл туралы Бөлтірік ділмар былай толғапты: «Дүниеде азбайтын байлық біреу. Ол - ақыл. Дүниеде тозбайтын байлық біреу. Ол - ақыл. Дүниеде қайтпайтын адал қолдаушың біреу. Ол - ақыл. Дүниеде тоймайтын адал қорғаушың біреу. Ол - ақыл. Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін қасиетті шырақ біреу. Ол - ақыл. Дүниеде асыл текті жел жетпес пырақ біреу. Ол - ақыл. Дүниеде ердің басына қонатын бақ біреу. Ол - ақыл. Дүниеде елдің басына қоятын тақ та біреу. Ол - ақыл.
Ақылсыз басқа қонса, бақ баянсыз,
Нақылсыз насқа қонса, тақ баянсыз.
Құдай ақылсыз бас болғаннан сақтасын.
Нақылсыз нас болғаннан сақтасын» [14, 106-107бб.] деген екен. Осынау сөздер жоғары танымдылық қабілетін, өмірдегі тәжірибелік даналықтан, көрегендіктен туған. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Үш анық» атты философиялық трактатында: «Адам хақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді» деп жазыпты. Демек, кесек ой, түйдек толғам біліктіліктен, қабілеттің кең өрістілігінен, санадағы сәуледен бастау алады. Тағы да Шәкәрімнің «Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие деген сол болса керек» деген сөзі бар [15, 6, 545бб.]. Бұдан түйіндейтініміз, даналық көпті көргеннен, естігенді еске тоқудан, өмірлік тәжірибеден, таным тереңдігінен туады. Бабаларымыз ақылдан да, дарыннан да кенде емес. Сонымен бірге, Шәкәрім бұл еңбегінде адам ұжданының қасиетін, оның мәнісін ашып көрсетеді. Ол - әділет, қанағат, мейірім қасиеттерінің жиынтығы. Бір сөзбен, имандылықтың белгісі деп те айтуға болады. Себебі, иман жүзді адам дегеніміз - ұжданды адам деген сөз. «Ұят кімде болса, иман сонда» демекші, адамның екі дүниесінде сенімді серігі - иман. Қазақта «иман жүзді», «иманы бар екен» деп бекер айтпайды. О дүниеге сапар шеккен адамға «иманы жолдас болсын, иманы салауатты болсын» деп бір ғана тілек айтады... Осы орайда Шал ақынның мына бір өлең жолдары орынды болмақ:
Иман - қой, ақыл - қойшы, нәпсі - бөрі,
Бөріге қой алдырмас ердің ері,
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламас ешбір пәле шайтан-пері [16, 155б.].
Ақыл - иманның сақшысы. Ақылды да иманы берік адам ешбір қиянатқа, жамандыққа, жауыздыққа баспайды. Адамдықты арсыз, арбау дүниеден ажыратып алар тек ақыл мен иман. Сол себепті халықтық көркем дүниелердің мазмұны имандылықты, ақылдылықты, әділет, адалдықты, бір сөзбен айтқанда, адамгершілікті өзек еткен.
Халқымыздың қамын жеген, елдің тыныштығын ойлаған қайраткерлер – сыйластық, адамгершілік қадір-қасиетімен дара тұлғалар. Өткен дәуір тарихы аумалы-төкпелі оқиғалармен шендесіп жатыр. Осыған қатысты тұлғалар тарапынан жасалған іс-әрекеттердің барлығы да, сайып келгенде, ұлттық мүддеден туындаған еді. Халқымыздың ақыл-ойы, иман-парасаты, ұлттық бейнесінің көріністері би-шешендер, ақын-жыраулар шығармашылығынан бой көтеріп, ұлттық сананың әр уақытта жоғары тұғырда тұратындығын дәлелдеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет