3.7 Тарих философиясы
Тарих философиясы ұғымының өмірге келуі антика кезеңіне келеді, әрі XVIII ғ. француз ағартушысы Вольтер есімімен байланысты. Гегель алғаш рет адамзат тарихындағы алғашқы кезеңдерден қазіргі заманғы өркениетке дейінгі жалпы тарихын көрсете отырып, тарих философиясы бойынша дәріс оқыған. Тарих философиясы дегеніміз тарихты бағалау және талдау философиясы болып табылады, яғни көбіне-көп тарихи зерттеулер және тарихты түсіндіру нәтижелері - оның негізгі пәні саналады. Тарих философиясы термині екі түрлі мағынаға ие: бірінші жағынан, тарихты онтологиялық және гносеологиялық тұрғысында талдау болса; екінші жағынан, XIX ғ. аяғы және XX ғ. басы кезеңінде қалыптасқан философиялық бағыт. Тарихты басқару күшін әр дәуір ойшылдары өз ой шеңберіндегі көзқарас тұрғысынан саралап келгенді, яғни оның тарихтың өз ішінде құрылатынына мән бермеген. Тарих философиясының қарастыратын басты мәселелері: тарихтың мән-маңызы, тарихтың бағыт-бағдары, тарихи дамудың түпкілікті заңдары, тарихи үрдістердің критерийлері, тарихи детерминизм, тарихтың қозғаушы күштері және адамзат баласының тарихи даму болашағы.
Миф архаикалық сана үстемдік еткен уақытта пайда болғанымен, кейінгі дәуірлердегі мәдениет тарихында сақталып қалды. Мифтік уақыт туралы сөз еткенде оның ерте дүние мәдениеті тарихымен бірге қалыптасқанын ескерген жөн. Ұжымдық тәжірибе мен әдет-ғұрыпты арқау еткен қоғамның қоршаған орта, табиғат дүниесімен бітеқайнасқан қалпы «синкреттік» мазмұнға негізделген. Яғни табиғат пен адам тұтас бір әлем, олардың тұл бітімдерінде ешбір артық нәрсе жоқ сипатында көрініс берген. Бұл табиғат әлемін, аспан шырақтарын бақылау арқылы тіршілік дүниесіне деген ынта-жігерді жетелеу арқылы соған сәйкес өзіндік танымның өркендеуіне әкелді. Мұның барлығы адамзат баласының дүниені, табиғат болмысын тануға деген ұмытылысынан туындаса керек. Ал танымдылық өз кезегінде табиғи жолмен дараланып ұлттық сипатқа ие болады. Халықтың өмір салтын өзіндік ерекшелігімен қалыптастыруда барша болмыс-бітімімен біте қайнасып кететін бұл - ұлттық дүниетаным.
Ортағасырдық философия Европада V-XV ғғ. арасында кең тараған, бастапқы жаратушы күш – Құдай, бүкіл дүние – Құдай құдіретінің көрінісі деген философиялық бағытты ұстанған. Демек, теологиялық мазмұнда дамыған. Ортағасырлық батыс философиясының тарихи мәні, бірінші кезекте антикалық философия мен христиандық ілім негізінде пайда болғандықтан, антикалық философиялық ойды дамытуымен байланысты болды. Әрі философияның мәні бойынша антикалық философиямен біртұтасып кететін онтологиямен (болмыс туралы ілім) қатар, гносеология (таным туралы дербес ілім) жаңа салаларға жіктелуіне ықпалын тигізді. Сонымен бірге, идеализмнің объективті және субъективті болып екіге жіктелуіне негізгі болды. Келешекте философиядағы эмпиристік (Бэкон, Гоббс, Локк) және рационалистік (Декарт) бағыттардың қалыптасуына жол салды. Осы дәуірде түпкі негізі «заттардың атаулары» болып табылатын философиядағы бағыт – номинализм (ағылшын ойшылы Уильям Оккам) өмірге келді. Номиналистердің шығармашылығында тәжірибеге сүйенуден эмпиризм, ал өзінің сана мәселесіне қызығушылығынан рационализм пайда болған. Ал «универсал» ұғымының мағынасы - жалпылық, яғни жалпылық ұғымның табиғаты жайлы айтыс. Бұл мәселені ең алғаш көтерген – Боэций болды.
Антикалық мұрагерлік өз жалғасын тапқан - Қайта Жаңғыру кезеңіндегі батыс философиясының басты идеялары (ХV–ХVІ ғғ.) теологияда - теизм және пантеизм арасындағы қарама-қарсылық, секуляризациямен; онтологиясы - шексіз әлем, батыс дуализмінен бас тарту, гелиоцентризм, полицентризм, табиғат пен адам бойындағы тылсым күштер мәселесімен; антропоцентризм, гуманизм құндылықтарымен; гносеологиясы - танымның ғылыми әдістерінің құрылуымен; әлеуметтік философиясы - әділетті, жетілген қоғамның түрлері (әрі әлеуметтік утопиялар) мәселелерімен байланысты болған.
Немістің классикалық философиясындағы (XVIII–XIX ғғ.) идеалистік бағыт, яғни обьективті идеализм өкілі Георг Гегель еді. Миф, дін және философия оның ойынша «абсалюттік рух» сатылары болып табылады. Ұлы ойшылдың философияға қосқан тарихи үлесі – алғаш болып диалектика ұғымын ашып көрсетуінде. Гегель пікірінше, диалектика дегеніміз Әлемдік рух пен сол жаратқан дүниенің тіршілік етуі мен дамуының негізгі заңы. Қайшылық – зұлымдық, жамандық емес, оны – игілік санады. Дәл осы қайшылық – прогрестің қозғаушы күші болып табылады деп түйін жасайды. Қайшылықтарсыз, олардың бірлігі мен күресінсіз даму мүмкін емес деген ойды қорытындылаған.
Марксистік философия (өкілдері Карл Маркс (1812-1883) және Фридрих Энгельс (1820-1895) дүниенің тұтас материалистік бейнесін жасаған. Ілім өз кезінде Германия елінен шығып, интернационалистік идеологияға айналғанын жақсы білеміз. Жалпы алғанда, өкілдері философияда – диалектикалық және тарихи материализмді, экономикада – табыс құны теориясын, саясатта – таптық күрес теориясын қалыптастырған неміс ойшылдары болды.
XX ғ. Батыс Еуропалық дағдарыстан шығу жолдарын қарастыруда, қол жеткізген өркениеттегі жетістіктер және кемшіліктер қайта «сыни» талдауға ұшыраған болатын. Осы арқылы мәдени құндылықтары мен дүниетанымдық негіздер де «сыни» қайта ойластыру жолына бой алды.
«Өмір философиясы» бағытының өкілі Вильгельм Дильтей (1833-1911) барлық дүние мен адам болмысының мол мүмкіндігін тек ойлау мен абсолютті идеяға бағындырған Гегель философиясын сынап, өз шығармашылығында «өмір» ұғымын басты негіз етіп алды.
Оның пікірінше, өмір - әлемдегі адам болмысының тәсілі. Оған бүтіндік, көпжақты рухани бастау тән. Философия материя және сана туралы схоластикалық бос әңгімелерді қойып, өмірді оның барлық қыры мен сыры жағынан терең зерттеу қажет деген ойын тұжырымдайды. Дильтей әрі саяси-әлеуметтік сұрақтарға және тарих мәселесіне үлкен мән берген. Ойшыл тарих – прогреске апаратын айқын және заңды процесс деген тұжырымды терістейді. Дильтей пікірінше, тарих – жеке адамды ғана емес, тұтас халықтарды айналымға тартатын ретсіздік, бейберекеттік тізбегі. Демек, тарих барысын өзгерту мүмкін емес.
Г.Риккерт философияны жалпы жекелеген ғылымдарға қарама-қарсы жалпылық туралы ғылым ретінде жиі анықтайтындығын айта отырып: «Бұл жағдайда философия шынайылық туралы жалпы танымды, жалпы бүкіл ғылыми танымның жиынтығын білдіреді. Тарих философиясы ұғымы да осыған сәйкес анықталады. Егер жекелеген тарихи ғылымдар тарихи өмірдің ерекше салаларымен айналысса, ал тарих философиясының міндеті олардың қол жеткізген нәтижелерін жинау, оларды тұтастай, құрылымды бір кескінге біріктіру, бүкіл тарихи өмірдің жалпы шолуын беру болып табылады. Осылайша, өзінің осы бірінші мағынасында тарих философиясы жалпы немесе «бүкіләлемдік» тарихты білдіреді» деген ойын топшылаған [20].
Неміс философы К.Ясперс өзінің «Дүниетаным психологиясы» деген еңбегінде экзистенциалдық мәселелерді көтерген. Оның пікірінше, адам тіршілік иесі болғандықтан өмір сүреді, тіпті өзінің кім екенін шын мәнінде білмеуі де күмәнсіз ақиқат. Бірақ кейбір жағдайда күтпеген жерден оның шын болмысы анықталуы әбден мүмкін. Бұл сәт адам болмысы сынға түсетін, өмір мен өлім бетпе-бет кездесетін шекаралық жағдайлар болса керекті. Сондай сәттерде адам шын мәнінде құндылықтың не екенін тереңінен түсініп, өзін де, басқаны да бағалай бастайтыны анық.
Американдық философ және саясаткер Фрэнсис Фукуяманың «Тарихтың соңы және соңғы адам» 1992 ж. жариялануы баспасөзде және ғылыми басылымда үлкен резонанс тудырған болатын. Аталмыш шығармасында Фукуяма эссе желісін жалғастыра отырып, батыстық үлгідегі либералды демократияның әлемге таралуы адамзаттың әлеуметтік-мәдени эволюциясының соңғы нүктесін және үкіметтің соңғы түрінің қалыптасуын пайымдайды. Фукуяманың пікірінше, тарихтың соңы, алайда оқиғалық тарихтың соңы емес, бірақ идеологиялық қарсы тұру, жаһандық революциялар мен соғыстар ғасыры, ал олармен бірге өнер мен философияның соңы дегенді білдіреді. ХХІ ғ. басындағы оқиғалардан, атап айтқанда, 11 қыркүйектегі терактілерден кейін Фукуяма теориясы «моральдық тұрғыдан ескірген» және «аңғал» болып шықты. Дегенмен, жаңа саяси шындық ғалымның көзін жеткізе алмады. Өз жұмыстарында ол бұрынғы ұстанымын жалғастыруда.
Сонымен, философия тарихы - философияның тарихи типтерін зерттейтін философияның бір бөлімі. Философия тарихын зерттеудің басты мәселесі – тарихта өткен философтардың ой-пікірлерін, тұжырымдары мен айқындамаларын белгілі бір білімдік жүйеге лайықтап, осы заманға мән-мазмұнында жеткізу. Философия тарихында тарихи үдерістің табиғаты, тарихи болмыстың іргелі принциптері мен басталуы, әлеуметтанудың тарихи дамуының механизмдері мен заңдылықтары зерттеледі, сондай-ақ тарихи танымның өзінде рефлексия жүзеге асырылады.
Адам рухы, соның негізінде қалыптасатын тарихтың мақсаты ұрпақтар сабақтастығы негізінде тек өткен тарихты танып-білу ғана емес, ең бастысы рухани-мәдени мұрасын қалыптастыру жөнінде қарастыру – тарихтың негізгі пәні болып табылады. Тарих бұл адамзат баласының тіршілігімен үнемі даму үстінде болатын ғылым саласы. Кез келген адам үшін негізгі заңдылық қағидат – өткен тарихын білмей қазіргі және болашағына баға беру мүмкін болмасы хақ. Сонымен бірге, адамның өмір сүру ортасы қоғам, міне сол қоғамның оң бағытты ұстануы – бұл сол қоғам азаматтарының білімінің жан-жақтылығы және қоғамдағы белсенді қатынасы зор маңызға ие екендігін атап өткен жөн. «Халықсыз - тарих жоқ,тарихсыз - халық жоқ» деген нақыл бекерге айтылмаса керек. Тарихи сана, мәдениет, ұлт дәстүрі, ұрпақтар жалғастығының бастау арнасы – ол өз тарихын зерделеу негізінде жатса керекті. Демек, тарих, өз кезегінде, болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен танып, ұғына білу қасиетін дамытады және болашақта дұрыс шешіммен қадам жасауға жәрдемдеседі.
Тарихи үдерісті түсіндірудің екі іргелі нұсқасы бар: сызықтық және бейсызықтық. Тарихтың бейсызықтық пайымдауы тамырымен «тарих дөңгелегі», оқиғалар айналымы, «мәңгілік қайтып оралу» туралы ұғымдарда көрініс тапқан ежелгі дәуірге терең бойлаған және кейіннен философиялық-тарихи тұжырымдамаларда екінші өмір алады. Тарихтың сызықтық интерпретациясы «регрессизм» және «прогрессизм» ұғымдары түрінде екі негізгі үлгілерде өз көрінісін береді. Қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуының айқын бағыты мен айқын көрінісі оларға ортақ болып келеді. Бұл бағыттағы вектордың түсіндірмесі және социодинамиканың сапалық жағдайының ауысу сипатымен өзара ерекшеленеді. «Есімдерді қайтару», «алтын ғасыр» және т.б. бірқатар тұжырымдамаларда көрсетілген регрессизм ежелгі әлемде пайда болған және рулық қатынастардың ыдырауы мен өркениетке көшу дәуіріне тән көңіл-күй білдіреді. Прогрессизм XVIII ғ. Ағартушылық философиясында рәсімделеді және табиғат пен қоғамды тану қабілетіне ие адамның қайта құрушы мүмкіндіктерінің күші мен ақылына сенуімен байланысты. Ақыл мен аталмыш мүмкіндіктер тарихтағы прогрестің кепілі ретінде қарастырылады. Әлеуметтік ілгерілеу идеясы неміс классикалық философиясында да дамыды, бірақ мұнда қоғам прогресінің критерийі анағұрлым сараланып қарастырылса да, ал қоғамның өзіндік дамуын бірдей түсіндірмейді. Прогрессизмнің ерекше нұсқасы қоғамдық-экономикалық формация типтерінің заңды өзгеруі ретінде тарихи процестің марксистік интерпретациясына да тән болып келеді. Тарих философиясының маңызды мәселелерінің бірі тарихи дамуды кезеңдеу мәселесі болып табылады.
Адам баласының тарихын даму барысында, яғни тарихи үдерісте кезеңдеу мәселесінде 2 негізгі көзқарас бар. Біріншісі - кезеңдік-үдемелі (сызықтық) - дүниежүзілік тарихқа деген көзқараста адамзат дамуының көрінісіне біртұтас процесс ретінде көрінуімен байланысты, осыған орай адамзат тарихында белгілі бір кезеңдер бөлінеді.
Екінші тәсіл – өркениеттік, яғни адам тарихында әрқайсысының өзіндік, мүлдем дербес, тарихы бар бірнеше оқшау құрылымдар, өркениеттер бөлінетіні негізге алынады. Адамзаттың барлық тарихы бірдей процестердің шексіз туындысы болып табылады.
«Формация» ұғымы қоғамның ерекше даму сатысының көрініс болып табылатын оның (қоғамның) белгілі бір түрін сипаттайды. Аталмыш ұғым көмегімен маркстік көзқарас аясында тарихи үрдістің кезеңдеуі негізделген, осыған сәйкес негізгі 5 қоғамдық-экономикалық формацияға бөлінген (алғашқы қауымдық құрылыс (өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың төменгі деңгейі, қоғам негізінің пайда болуы); құл иеленушілік қоғам (құлдыққа негізделген экономика); феодализм (аса ірі жер меншігі мен оған тәуелді шаруалардың еңбегіне негізделген экономика); капитализм (еркін, азат, бірақ меншік (өндіріс құралдарының) иесі емес, жалдамалы жұмысшылардың еңбегіне негізделген экономика); социалистік (коммунистік) қоғам - өндіріс құралдарына мемлекеттік (қоғамдық) меншік тұсындағы тең адамдардың ерікті еңбегіне негізделген келешектің қоғамы).
Тарихтың циклдік теорияларының авторлары тарихта ешқандай ішкі бірлік жоқ, «адамзат» - бұл абстракция, дерексіз ұғым, шындығында, тек жекелеген халықтар ғана өмір сүреді, әрі әрқайсысында басқаларына тәуелсіз өмірлік цикл бар және өзіндік даму бағыты бар екендігін дәлелдейді.
Өркениеттік даму тұжырымдамасы бірнеше теориямен ұсынылған: Н.Я. Данилевскийдің қоғамдық типология теориясы: яғни дүниежүзілік тарих жоқ, тек дербес, тұйық сипаттағы дамыған жекелеген өркениеттер тарихы бар; өркениетті индустрия мен техниканың таралуы, өнер мен әдебиеттің құлдырауы, халықтың көріксіз «көпшілікке» айналуы белгілері тән болып келетін мәдениет дамуының қорытынды сатысы ретінде қарастыратын мәдениет және өркениет теориясы; П.Сорокиннің өркениеттің тарихи түрлерінің теориясы және т.б.
Сэмюэль Хантингтон өркениетті адамдарды біріктіретін және мәдени өзіндік ерекшеліктің белгілі бір дәрежесін қамтамасыз ететін ең жоғары мәдени білім ретінде қарастырады. Бұл тұрғыда өркениет тіл, тарих, дін, әдет-ғұрып, қоғамдық институттар сияқты жалпы объективті элементтер ретінде де, адамдардың субъективті өзін-өзі сәйкестендіруімен де анықталады.
Автордың пікірінше, өркениеттік бірегейлік болашақта аса маңызды рөл атқаратын болады және одан әрі әлем бірнеше басты өркениеттердің өзара іс-қимылының ықпалымен және бір мезгілде олардың арасындағы айырмашылықтарды тереңдете отырып, айтарлықтай дәрежеде қалыптасатын болады. С. Хантингтонның бірқатар болжамдары қазіргі уақытта өте әсерлі дәлелденген.
Болашақта әлемдік саясаттың орталық белдігіне «Батыс пен қалған әлем» арасындағы қақтығыс және батыс қуаты мен құндылықтарына батыстық емес өркениеттердің реакциясы болады.
Өркениет деңгейіндегі бірегейлік аса маңызды болады және әлемнің келбеті жеті-сегіз ірі өркениеттің өзара іс-қимылы барысында айтарлықтай дәрежеде қалыптасатын болады. Олар: батыс өркениеті, үнділік өркениет, ислам өркениеті, конфуций өркениеті, латын-америкасы өркениеті, православиелік-славяндық өркениет, жапондық өркениет, африкандық өркениет (мүмкін). Болашақтың ең маңызды қақтығыстары өркениеттер арасындағы сыну сызығының бойымен өрістетіледі. Себебі, 1-ден, өркениеттер арасындағы айырмашылық тек шынайы ғана емес, анағұрлым маңызды. Өркениеттер өз тарихы, тілі, мәдениеті, дәстүрі бойынша және ең маңыздысы — діні бойынша ұқсамайды. Әртүрлі өркениеттердің адамдары Құдай мен адамның, индивид пен топтың, азамат пен мемлекеттің, ата-аналар мен балалардың арасындағы қарым-қатынастарға әр түрлі қарайды, құқықтар мен міндеттердің, бостандықтар мен мәжбүрлеу, теңдік пен иерархияның арақатынасы туралы әртүрлі түсініктерге ие. Бұл айырмашылықтар ғасырлар бойы қалыптасты, әрі жақын болашақта жойылмайтыны анық.
Ұлы дала жырауы Бұқар бабамыз «Асан ата іспетті» деу арқылы XV-XVI ғғ. өмір сүрген халқының сәуегей философ ойшылы Асан қайғының «Жерұйықты» іздеген әрекетін келтірген. Асан қайғы өз елінің асқан сыншысы ретінде еліне жайлы қоныс, бақытты өмір іздегені туралы аңыз әңгімелерімен белгілі болған. Бұл аңыздар халық даналығынан туған, шынайы философиялық толғаулар болып табылады. «...Халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, оның аты – «Жерұйық». Бұл елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген, Асан қайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады» деседі халық аңызы. Оның толғауларына арқау болған – туған елінің табиғаты, жер байлығы, табиғи ерекшелігі, өсімдік пен жан-жануар әлемі, халқы мен оның тыныс-тіршілігі. Бұның барлығы дерлік философиялық тұрғыда әңгіме болады. «Жерұйыққа» жетудің мақсаты – халықтың қамын ойлау, оларды мәңгі бақытқа жеткізу болды. Бұл да бір өзінше ежелгі тарихпен байланысты мәдениет дүниесінің бір мұрасы. Осынау медиен даланы жайлаған туған жерге деген қазақ рухына қанат бітірген, күш-қуат берген халқымызға тән еркін ойшылдықтың бір ерекшелігі. Қоршаған ортамен бірлікте, үйлесімділікте өмір сүру, адамды асыраушы жердің қадірін білу қажет. Оның көтерген мәселесі – халық бірлігін нығайту. Себебі, қазақ халқының ынтымақта болуы – өмір қажеттілігі. Оның өмір бойы іздегені – адамдардың өміріне ең қолайлы жер еді. Асан қайғының ойынша халық үшін туған жердің әрбір бұтасының, төбесінің өзіндік орны бар. Оның іздеген «Жерұйығы» – қазақ баласы үшін өмір сүруге ең қолайлы жер жаннаты болса керек. Ойшыл Асан қайғының өз кезеңінде көтерген проблеманы өз уақыты жағдайымен қатарластыра салыстырушылық жүргізіп отыр. Бұл салыстырушылықтың түйіні мынада жатыр: «Жерұйық» негізінде тарап кетпеушілік, бұзылмау, бірлік идеясы жатыр. Әрі мәселе мамыражай қоныс іздеуде ғана емес, ең бастысы ел-жұртының басын біріктіргісі келген тұжырымды пайымдаушылықта жатыр. Мақсат – басы бірікпей жатқан елдің басын біріктіріп, ел қауіпсіздігін нығайту. Халық ішкі жағынан бірлікте болса ғана мықты болмақ, біртұтастыққа ұмтылса өзін-өзі сақтай алады, қорғай алады және өрлей алады деген пікірді ұстанса керек. Бұқар жыраудың да мақсаты осы идеямен тұспа-тұс келеді. Осы арқылы «ауыр күндерді, жамандықты кешкен», «сандалып, сайда көшкен», «өз ағасын сыйламай, өзгенің соңынан ерген», «ханына тізгін бермеген, орысқа ырғын болған», «жауына таланған», «тоз-тоз болған», «ақтабан шұбырған», «ата қоныстан ауған», солар үшін жан тебірентіп толғатқан «Бұқарды мұнша жылатқан», жұртын сабырлылыққа шақырды, «өзіңнен өзің безбе» деу арқылы қорқып, үрейленген жұртын торықпауға, түңілмеуге, күдер үзбеуге шақырады. Болашаққа ел-жұрты үшін арман-тілегі «бақыт» пен «тыныштықтың» құтты мекен болған елін-жерін қорғауға шақырады.
Туған жер, алтын ұя – Отаның, атамекен, құтты қоныс қашанда киелі. Кез келген халықтың бір орталыққа біріккен, бірлігі жарасқан өз иелігінде еркін өмір сүрген ел болып өркендеуі үшін өз жерін сақтап-қорғауында. Осы арқылы Отанында, кіндік қаны тамған туған жерде өркендеп-өсіп, тілін, ділін, дәстүрін сақтап, әрі қарай дамыта отырып, келер ұрпағына аманат етіп отыру. Сондықтан да ел-жұрт ең алдымен өзінің бірлігімен, татулығымен, бірауыздылығымен Отанының тұтастығын сақтауы керек. Бабамыз жұртының, елінің бірлігі, татулығы оның бақытымен, бағымен, дарыған құтымен өлшенетінін өмірінің арқауы еткен.
Тарихтың маңыздылығы жөніндегі басты философиялық тұжырымдамаларына келер болсақ, олар: «жанды тазарту» (Үнді классикалық философиясы, Платон, неоплатонизм; провиденциализм (Христиан теологиясы және философия); идеалистік ( Г.Лейбниц, И.Фихте, Г.Гегель және т.б.); марксистік (К.Маркс және оның жақтастары), рухани-ғарыштық эволюция (Махатма, Е.Блаватская, Н. және Е.Рерихтар).
Тәуелсіздік алға уақыттан бергі аралықта халқымыздың тарихи сананың бұpынғы қалыптан өзгеpу, бұзылуынан кейін ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты қалыптастыру күн тәртібінде тұрған ең көкейтесті мәселенің бірі болды. Бүгінгі күнгі қазақстандық қоғамда тарихи өзіндік сананы жаңғырту мен төл мәдени мұраны игеру және оны қазіргі заманғы даму үрдісіне лайықты жаңартып үйлестіру өзекті мәселеге айналғандықтан ұлттық тарих пен мәдениеттің ұмыт болған жазбаларының мәнін ашудың уақыты келген сияқты. Болашақ дамудың айқын рухани бағдарын анықтау үшін де бабалардан қалыптасқан рухани-мәдени мұрасны игеру қажеттілігі туындады, себебі мәдениет әрбір ұлттың бірегейлігінің маңызды көрсеткіші, көрінісі болып табылады.
«100 жаңа есім» жобасы – қазіргі Қазақстан тарихының бейнесі екендігі қазіргі таңда болып жатқан тың өзгерістермен өз жемісін беруде. Еліміз тәуелсіздік алған уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктеріміз ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрсетуде. Бұл болашақ жастарымыз үшін үлгі-өнеге бағдары болып табылады. Бұл біздердің болашаққа деген ұмтылысымыздың көрінісі.
Достарыңызбен бөлісу: |