3.3 Этика. Құндылықтар философиясы
Аксиология - бұл құндылықтар ұғымын адам өмірін ынталандыруда бағыт-бағдар беруші, адам болмысының мән-мағыналық негізі ретінде зерттейтін философиялық пән. Әрі құнды дүниенің сипаттамасын, құрылымын, иерархиясын, оны тану тәсілдерін және оның онтологиялық мәртебесін, сондай-ақ құнды пікірлердің табиғатын, ерекшелігін зерттейді. «Аксиология» терминін 1902 ж. француз философы П. Лапи енгізді және көп ұзамай осы жылы И. Крейбиг енгізген өзінің «бәсекелес» - «тимология» (гректің «құн» сөзінен) терминін ығыстырды, 1904 жылы Э. фон Гартман философиялық пәндер жүйесіндегі негізгі құрамдас бөліктердің бірі ретінде ұсынған.
Құндылықтардың негізгі түрлерінің бірі - адамгершілік құндылықтар болып табылады. Осы құндылықтар түрін дұрыс түсіну үшін адамгершілік туралы білім қажет. Этика адамгершілік туралы ғылым ретінде осы мазмұнда білім береді. Аксиологияда жоғары абстрактілі теориялық деңгей – философиялық аксиология болса, төменгі тәжірбиелік деңгей – қолданбалы аксиология саналады. Бұған философиялық, психологиялық, антропологиялық, т.б. идеялық теорияларды жатқызуға болады. Мысалы, танатология - өмір, өлім және мәңгілік туралы, қазіргі жағдайдағы адам өмірінің мағынасы жөніндегі ілім; фелицитология - бақыт, рахат және оларға қол жеткізу жолдары туралы ілім; аретология - жеке тұлғаның оң және теріс құндылық қасиеттері туралы ілім; деонтология – адамның іс-әрекеті мен міне-құлқына тиісті, тиісті емес моральдық талаптар мен өлшемдер, проблемалар, әлеуметтік ұстанымдардағы адамгершілік формасына тән ерекшелік түріндегі борыш, парыз мәселелері туралы ілім.
Тарих қойнауында өмірдің небір сан-қилы ой-шұңқыры, тау-белесі көп, ешкім шетін көріп, шегіне жетпеген ұзақ жолы – адам баласының қоғамдағы өз орнын табу бағытындағы арман-тілек, мақсат-мүдделерімен ұштасып жатыр. Осындай жетілу, кемелдену процесінде адамзат баласының белгілі бір жетістіктерге жетуі – адам құдіретінің жемісі. Шалысы көп тарих адамға деген құрметті жігерлендіріп рухтандырды. Адам күні адаммен деген, адам өмірі, қоғамы өзара қарым-қатынассыз болмайды. Адамгершілік адам арасындағы қарым-қатынас пен қабілеттен туындайды. Себебі, адам болмысының сырын адамгершілік ашады. Әрбір жанның өмірдегі, қоғамдағы өз орнын білу және кісілік қасиетті құрметтеуі – адамгершіліктің көріністері. Адамгершілік – өмірдің де, ойдың да тұғырын ұстайтын тірек, көтермелейтін діңгегі. Адамгершілік қасиеті есеюді, еңбектене білуді үлгі-өнеге тұтады. Сол арқылы адамның кісілік келбетін таниды.
Зерделі де рухани дүниесі терең адам өзіне де, өзгеге де жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан ол өз басындағы қадір-қасиеттерді, қабілеттерді, құндылықтарды одан әрі дамыта береді. Ең алдымен ол өз ісін үнемі адамгершілік тұрғысынан бағалап отырады.
Барлығы адамзат баласының рухани дүниетанымдық шеңберде қалыптасып дамыған, өмірлік тағылым-тәжірибенің негізінде өзіндік терең мән-мазмұнға ие болған идеялық құндылықтар арқылы тарихтың әр кезеңінде ғана емес, әрі ұрпақтар сабақтастығымен болашаққа да бағыт-бағдар болған адамгершілік танымдары әр кез рухани әлемге насихатталып отырса керек. Адамгершілік танымдар – мәдени-рухани мұраның бағыт ұстар темірқазығының рөлін атқарды.
Адамшылықтың басты қағидасы ата-ана, ел жұртын, туған жерін қастерлеу, көздің қарашығындай сақтау, қорғау керектігіне баса назар салған. Халық даналығының негізі – қазақтың рухани дүниесіндегі құндылықтар. Олар – мейірімділік, қонақжайлылық, обал-сауап, борыш пен парыз, имандылық, намыс, т.б. сияқты түсініктер. Бұлардың әрқайсысы адамгершілік қасиеттің өзіндік бағалы көріністері. Бұлардың әрқайсысы болған жерде ар бар, ұят, ерлік бар, жігер бар, қайсарлық, алған мақсатқа жету үшін қиындықтарды жеңе алатын табандылық бар. Демек, әрбір жеке адамда, тұлғада адамгершілік сезімнің дамуы бүкіл халықтың, ұлттың рухының даму деңгейінің негізінде қарастырылады. Және керісінше, яғни барша халықтың (бір ұлттың) адамгершілік рухы әрбір жеке тұлғаның адамгершілік сезімінің негізінде алынады (жеке даралық пен жалпылықтың қатынасы). Сонымен, осыдан келіп ой түйіндейтін болсақ, жалпы рух деп отырғанымыз, өз кезегінде, «халықтың материалдық, күнделікті өмір-тәшпұғынан тыс, әрі жоғары тұрған жан дүниесі, оның бет-бейнесінен көрінетін биік еңсесі, мәртебесі мен жігері. Оның негізі – өткен тарихы, салт-санасы, жыр-дастандары, ата-бабаларының өнегелі, ерлік істері мен айтқан даналық нақыл сөздері, қиындықтарда желеп-жебеп жүретін әруақтары, сарқылмас күші, мұқалмас қаруы. Оны қозғайтын, қайрап-суаратын халықтың ізгі армандарына дөп келетін жалынды ұрандық сөздер мен биік мұраттар.
Ежелгі грек этикалық ойының қалыптасуы философиялық дүниетанымның қалыптасу жағдайында орын алды. «Адам - барлық заттардың өлшемі...» деген ойды айтқан софистердің белгілі өкілі – Протагор болды. Даналық және адамгершілікке қатысты мәселені қарастыруда алдымен грек философы, ойшылы, қоғам қайраткері Сократтың еңбегін атап өткеніміз орынды болмақ. Сократқа дейін философия тарихында бірде-бір адам дана емес. Себебі оған дейінгі философтар тұтас дүниеге байланысты мәселелерді қарастырған. Ал адам мәселесін тұтас дүниеден бөліп алып, өз алдына қарастыра алмады. Сократ философия тарихында бірінші болып адам мәселесін көтерді. Оның алға қойған мақсаты өз халқына ізгілік, жақсылық жолын көрсету. Оған апаратын жол ең алдымен адам бойындағы ең қымбат байлық - оның ішкі жан-дүниесі. Адамның жан-дүниесіндегі байлығы, рухани биіктігі - қоғамды алға апарушы негізгі тірегі. Адамның бойындағы ұлттық рухани биіктік, рухани бостандық, биік парасаттылықтың болуы - адамзат баласының мағыналы да мәнді өмір сүруі үшін адамгершілікке тән осы қасиеттерді бойына дарыта білу деген сөз. Бұның негізі адам баласының ішкі жан дүниесінің байлығы, мәдениетін қалыптастыратын ізгі қасиеттермен байланысты. Ішкі әлеміңді тану адамды өзін-өзі тану сатысына көтереді. Адамның ақыл-ойы мен ісі сол адамның ішкі дүниесінің сырын байқататын болса, ал сол ішкі дүние сыры адамның өмірінде сезіп білген, ұстап тұтынған нәрселерді қабылдап, олардың мән-жайын тіршілік тәжірибесімен салыстыра отырып, пайымдауының нәтижесінен келіп шығады. Сондықтан да әр адам өзін-өзі танымайынша, ғаламды өз дәрежесінде тани алмайды. Табиғаттың бір бөлшегі ретінде адамның болмысы өз жаратылысы негізінен қарастырылады.
Демек, адамның ішкі дүниесі оның сыртқы дүниеден алған білімімен шектелмей, өзінің ішкі рухани мәдениеті, өмірімен де бағаланады. Кез келген адамның мінез-құлығына тән небір жаман-жақсы қасиеттер, сұлулығы мен көріксіздігі тек сырт дүниеден қабылдаған білім арқылы ғана емес, ең алдымен оның іс-әрекетіне де байланысты. Себебі бір адамға тек жақсылық қасиеттер мен әдеміліктің тән болуы мүмкін емес. Сократтың ойынша, білімнің көзі адамның өзінде, оның іс-әрекетінде: «Сен алдымен өзіңді таны», «Менің білетінім – менің ештеңе білмейтіндігім, ал басқалары мұны да білмейді» [17, 63 б.]. Аристотельдің еңбектерінде (б.з.д. 384 - 322 жж.) антикалық этика өзінің ең жоғарғы деңгейіне жетеді. Аристотельдің этиканың дамуына сіңірген еңбегі өте зор: ұғым атауын енгізді, этика мәселесіне қатысты 3 шығарманың авторы («Никомах этикасы», «Эвдемов этикасы», «Үлкен этика»). Аристотельде «этика» 2 мәнге ие: тар мағынасында бұл этикалық ізгіліктер, ақыл-ой мен мінез-құлықтың кемел жағдайы; кең мағынасында ол саяси ғылым (яғни полис туралы ғылым).
Ортағасырлық этика - бұл антика философиясы мен дін идеяларының діни ұстанымдардың басым әсерімен үйлесуі. Геоцентризм - Құдай идеясы ортағасырлық этиканың ең маңызды реттеуші идеясының көрінісі. Ортағасырлық этикада сенушілерге міндеттелген құдай өсиеттері мораль негізі және қайнар көзі ретінде ұсынылған. Бұл Томас Аквинас жасаған арнайы құқық теориясында жақсы көрсетілген.
Қожа Ахмет Яссауи – жалпы түркілік мәдениет кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, ойлау мәдениеті мен дүниетанымдық жүйеде исламдық құндылықтар ұстанымындағы моральдық-этикалық ғылымның үлгісін салып кеткен тарихи тұлға.
Ренессанс этикасының негізгі белгілері: антропоцентризм - сол кездегі адамгершілік тұжырымдамалардың негізі адамның іс-әрекеті және оның ынтасы болды; гуманизм - адамның жеке тұлға ретінде құндылығын мойындауға, оның бостандыққа, бақытқа, теңдікке, әділеттілікке құқығын бекітуге, адамның игілігін әлеуметтік институттар мен қатынастарды бағалау өлшемі ретінде қарастыруға негізделген; ең құнды, еркін және қайталанбас шығармашылық жеке тұлға ретінде көрінетін индивидуализм (даралық ұғымы, авторлық ерекше өзіндік ерекшелік, шығармашылық жаңашылдық) туындайды.
Этика көбінесе моральмен бірдей мағынаны білдіреді. Өзіндік мәнде бұл - моральды зерттейтін философиялық пән. Этика дәстүрлі түрде тәжірибелік философия деп аталады, өйткені оның мақсаты - білім емес, іс-әрекеттер. Мораль, әдептілік әдетте адамдардың мінез-құлқын реттейтін өлшемдер мен құндылықтар ретінде түсініледі. Неғұрлым дәл мағынасында бұл - адамды рухани бірліктен бастау алатын адамгершілік идеалына бағыттайтын өлшемдер және құндылықтардың жиынтығы. Этика философиялық білімнің өрісі ретінде доктриналық және өлшемдік әр түрлілікпен сипатталады. Стоиктер, Эпикур, Г.Гегель, К.Маркс, Н.Г.Чернышевский, В.Соловьев, Г.Спенсер, Л.Толстой, М.Шеллер және т.б. өмірге әкелген түрлі этикалық жүйелер баршылық.
Мораль жеке тұлғаның басқалармен үйлесімді қарым-қатынас құру қажеттілігінің көрінісі, адамдар арасындағы қатынастардың әлеуметтік формасы, олардың адамгершілігін өлшеу құралы болып табылады. Адамгершіліктің негізгі формалары ізгілік (мінсіз, жеке қасиеттер), мысалы, шыншылдық, адалдық, мейірімділік және әлеуметтік ынталандырылған әрекеттерді бағалауды (талаптар, өсиеттер, ережелер) қамтитын өлшемдер, мысалы, «өтірік айтпа», «ұрлама», «өлтірме».
«Құндылықтар» ұғымы өзін философиялық категория ретінде тек жақында көрсетті: бірінші рет XIX ғ. 60-шы жылдары неміс философы, табиғат зерттеушісі Герман Лотце енгізген деп саналады. XIX-XX ғғ. тоғысында философия аясында зерттеу пәні құндылықтар болған ерекше пән – аксиология өмірге келеді. «Құндылықтар» түсінігін XVIII ғ. И.Кант, XIX ғ. Гегель, Шеллинг қолданған. Ницше әйгілі «құндылықтарды қайта бағалау» мәселесін тұжырымдады.
Этика категориялары - моральдың маңызды элементтерін көрсететін этика ғылымының негізгі түсініктері. Этика категориялары тек теориялық құрылымдар ғана емес, әрі қоғам санасында стихиялы қалыптасқан түрде де өмір сүреді. Мәселен, мән-мазмұнына Аристотель талдау жасаған «әділеттілік» ұғымы әрбір адамның санасында, кез келген қоғам, әлеуметтік топтар санасында болады. Этикалық категориялар жүйесін анықтаудағы түрлі көзқарастардан жалпыға танымал, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан маңызды категорияларды бөліп көрсетуге болады: жақсылық пен жамандық; игілік; әділеттілік; парыз; ар-ождан; жауапкершілік; қадір-қасиет және намыс. Сонымен бірге, бұған өмірдің мәні, бақыт және т.б. жатады.
Парыз – белгілі бір жағдайларға қатысты жеке тұлғаның қоғамға, басқа адамдарға моральдық міндеттегі қарым-қатынасын білдіретін этика категориясы. Парыз адам өзі үшін барлығына қатысты адамгершілік талаптар негізінде қалыптастыратын адамгершіліктік міндет болып табылады.
Намыс – адам баласының жан дүниесі және Отанының, отбасының, ұлтының, қоршаған орта мен қоғамының мәнін сезінуімен оянып, болашақтағы оның амандығы мен бүтіндігі үшін күресінен көрініс табатын ар-ождан үні, яғни жеке бастың абыройы дегеніміз жалпы ұлттың абыройы деген сөз. Адам бойындағы ізгі қасиет, ар-намыс – адамдардың қарым-қатынас мәдениетіндегі ненің жақсы, ненің жаман екендігін түсіну және ажырата білуі қасиеті. Ал қасиет, өз кезегінде, адам бойына Жаратушы өзі дарытқан айрықша қабілет, тылсым күш, кие, әулиелік, құпия сыр, құдірет деген сөздермен астасып жатыр. Әрине, бұл жердегі қолданыс тура мағынасына даритын мән-мазмұны қарастырылған. Оның негізінде адамның сана-сезімін, ойының дәрежесін, дүниетанымының қабілетін білдіретін ақыл, кемел, зерделік қажет екендігі белгілі. Әрине, ең бастысы адам санасы айналасындағы заттардың, құбылыстардың ішінен керектісін бөліп алып, соған бағыттала тұрақталу арқылы адамның психикалық әрекетінің жақсы нәрсеге бағытталып шоғырлануымен ерекшеленеді. Намысты болу барша көркем мінез-құлықтардың күре тамыры. Абырой, тұлғалық, құрмет секілді қасиеттер дәл осы намысты болумен байланысты. Бұл рух пен намыстың бастау алатын көзі – көне бабалар дүниесі екендігі хақ [10, 105 б.].
Қытай халқының рухани өмірінде өшпес із қалдырған ұлы ойшылы Конфуций: «Парасатты адам танымының тереңдігімен, жанының жалындылығымен ерекшеленбей тұра алмайды. Оның жүгі ауыр, жолы ұзақ. Ол көтеретін жүктің аты - адамгершілік. Бұл ауыр жүк емей немене? Бұл жолдан оны ажал ғана айыра алады...». «...Дана адам асып-тасымайды, талғамайды, батыл адам қорықпайды» деген екен [18, 158 б.].
Неміс ойшылы И.Кант моральдық категориялық императив, яғни этикалық заңын өмірге әкелген.
Әл-Фараби адамның ар-ожданы алдында таза, шыншыл болуын оның бойындағы ізгі қасиеттерден, іс-қимылының дұрыс болуынан деп түйіндейді. Адамның өз бойындағы қасиеттерді қастерлеуі - адамшылықтың басты қағидасы. Дананың дүниетанымның өзегі адамдыққа, кісілікке тірек болатын қасиеттерге талдау жасауы, этикалық жүйелері адамгершілік қағидаларға негізделген.
Ғұлама айтылған дүниелердің түйіні ретінде даналыққа тоқталады. Оның пікірінше, даналық (немесе философия) адам мақсатының тамаша көркемдікке ие болуы. Бұл адамның іс-әрекеті даритын қасиеті бар заттарды танудың негізінде білім алушылық. Мұны Фараби практикалық және азаматтық философия деп атайды. Бұл жерде біз даналықтың және адамгершіліктің өзара байланысының маңыздылығы тереңде екендігін байқаймыз. Даналық ең бастысы ақыл-парасатпен өлшенеді. Фараби адамдардың ақыл-парасат арқылы ғана философияны меңгеретінін және сол философияның арқасында ғана адамдар бақытқа жететіндігін көрсетеді. Ақыл-парасаттың көмегімен адам ғылым мен өнерді игереді, әрі мінез-құлықтар мен іс-қимылдарының жақсы және жаман жақтарын бір-бірінен ажырату, пайдалы және зиянды жақтардың көмегімен пайымдау мүмкіндігін иеленеді.
Утилитаризм (латын тілінен «utilis» - пайдалы) - пайдалы қызмет, мінез-құлықтың немесе әрекеттің моральдық құндылығы оның пайдалылығымен анықталатын этика бағыты, этикалық теория. Оның негізін қалаған – ағылшын моралисі – И.Бентам. Оның пікірінше, әрбір іс-әрекет өнегелі болу үшін, адамның жеке мүдделерін қанағаттандыруы тиіс. Соның нәтижесінде ғана іс-әрекетпен «көп адамға үлкен бақыт» сыйлайсың. Әрбір пайдалы іс-әрекет астарында оның нәтижесіндегі рахаттану немес бақыт тұспалданады. Утилитаризм дегеніміз этикалық теориялардың кезекті тобын білдіреді, өйткені ол әрекет өздігінен емес, оның нәтижелері бойынша бағаланады. Утилитаризм негізінде геодонизм немесе эвдемонизм, яғни ең жоғары құндылық рақат немесе бақыт деп білетін құндылықтық ілімдер жатады. Ал деонтология немес деонтологиялық этика (гр. «борыш», «парыз») - мораль және адамгершілік жөніндегі ілім, этиканың бөлімі. «Деонтологиялық» ұғымын алғаш рет Чарли Данбар Броуд 1930 ж. жарық көрген «Этикалық теорияның бес түрі» кітабында қолданған. Мінсіз әрекетті бағалау кезінде деонтология белгілі бір ережелерге сәйкестігін немесе сәйкес еместігін басшылыққа алады.
XI ғ. данышпан ойшылы, көреген саясаткер Жүсіп Баласағұн адамзат баласына ортақ игілік – құндылықтар жөнінде «даналық ой-иірімдері өміршең» шығармашылығы және қызметімен танымал тұлға болған. Данагөйдің «Құтадғу білік» (мағынасы құт әкелетін білім дегенді білдірсе керек) шығармасының мақсаты – адамзат баласын адамгершілік, имандылық сияқты асқақ абзал қасиеттерге ұмтылдыру. Жүсіп Баласағұн шығармасында басты кейіркерлердің өзара сұхбаты тұрғысынан ел басқару өнері, ел билеу істері жөнінде өзінің филососфиялық ой түсініктерін көрсете білген: Күнтуді – әділет, Айтолды – құт, дәулет, Өгдүлміш – ақыл, парасат, Одғұрмыш – қанағат. Сол кездің өзінде адамзат баласының ең басты дәулеті, байлығы – білім екендігіне, оның елге пайдасы мол әрі бақытқа жеткізетін бірден бір жол екендігіне баса назар салынған. Қазіргі таңда елімізде қолға алынып жатқан бағыт-бағдар, іс-әрекеттердің бастауы осында жатса керек.
Қанағат - барға риза болу, місе тұту, нысаптан шықпау, нәпсіге ермеу. Қанағатшыл кісі – кішіпейіл, қарапайым, игі жұмсақ.
Әр адам өзінің осы дүниеде бар екеніне, денінің саулығына, қол жеткізген табыстарына, жеткен биігіне тәубесі болғаны жөн. Яғни, тағдыpға pизашылығын білдіріп, шүкіршілік қылу, тәубе деу, қанағат тұтушылық ұстанғаны дұрыс. Бұл құдайын есiне келтipдi дегенге саяды. Қанағат – иманы кәміл мұсылман кісінің бойында көркем мінезге жататын әдептілік, әрі рухани қасиеттердің бірі. Ал адам баласын жақсы мінез-құлыққа, жақсылыққа тәрбиелеу – көне түркілік дәстүрден келе жатқан басты қағида ислам дінімен жалғастық, үйлесім тауып, оның да негізгі мақсаты болған. Әдептіліктің басты белгісі, адам баласының сана-сезімі мен іс-қимылындағы жақсы әдет осы – қанағатшылдық. Ал енді осы қасиетті әдетке айналдырған жағдайда игілікке қол жеткізеді екен. Себебі бұл әдет адамды адамгершілік жолынан тайдырмайды, кез келген сәтті қанағат тұтады. Кез келген адам шын ниетімен өз қолынан келгенше қандайда бір әрекет жасаса, сол әрекетінің нәтижесі мөлшері, жемісі қаншалықты болса да соны қанағат тұтушылық. Бұл өз кезегінде, адамды шыдамдылыққа, төзімділікке, мінездің сабырлылығына да шыңдайды. Әрі астамшылыққа, көрсеқызарлыққа, сұғанақтылыққа жол бермейді. Қанағат ұстанған адам жұмсак, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне бөленеді. Демек, бұл «әдет» баршаның бойына жарасатын көркем мінез әрі ешқашан да ортаймайтын жақсы мінездің жауһары дегенге саяды [12, 54б.].
Бұның бәрі негізінен бұл дүниенің қадірін бағалауға бағытталса керек. Түсінікті болуы үшін саралап көрелік. Жарық дүниеге таза күйінде келген пенде өмір ағымымен, қоғам заңдылығымен жетіле отырып, небір жақсы, жаман қасиеттерді бойына дарытады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар мәңгі тәрбие мектебі болған даналық сөздердің философиялық мазмұны – өмірдің мәні мен мазмұны жайлы мәңгілік сауалға толы, әрі адам бойында болатын небір жақсы, жаман қасиеттер. Ес тоқтатқаннан есейген жасқа дейінгі аралықта адам баласы алуан түрлі өмір сабағын игереді. Осы өмір тағылымын игеру барысында кім-кім де болмасын түрлі қателікке ұрынады. Өмірде қателеспейтін адам болмайды. Сол жіберіп алған қателікті қайталамау, одан сабақ алу өмірдің негізгі принципі болса керек. Тумысынан дана боп жаратылу адам баласының барлығына дерлік бұйырмаған, даналық – өмір тәжірибесінен түзеледі. Міне, осынау өмір сапарына серік болатын, жақсы және жаман деп жіктелетін, әрі нұсқа, әрі қысқа бұл ережелер адамды әрдайым сергектілікке баулып, қатеден сақтандырып отырады. Жақсылық пен жамандықты айыра білу де биік өнер. Ал жақсы қайсы, жаман қайсы, оны зердемен жете жіктеп айыра білу – таным мен талғам, ақылдың ісі. Яғни, адамзат тірлігінің әдемі сән-көркі, қызғылықты шағы, ұмытылмас үрдісі – бұл дүниеде екен. Мұны халқымыздың «Мың күн жұмақтан бір күн тірлік артық» дейтін даналығы да қуаттай түскендей. Ежелден адамзат баласы, соның ішінде, біздің ата-бабаларымыз да мейлі іс-әрекет болсын, мейлі сөйлейтін сөз болсын, не ойлайтын ойы болсын, әрқашанда жақсы мен жаманға бөлген. Осыған орай тәрбие қағидалары қалыптастырылып, көптеген мақал-мәтелдер, мысалдар мен нақыл сөздер шығарылған. Мысалы, «Жақсылыққа – жақсылық», «Жақсы істің бәрі де ірі», «Жақсылық қыл – алдыңнан шығады», т.б.
Жас ұрпақтың рухани жан дүниесі бай, ой парасаты кемелденген, адамгершілігі жағынан кіршіксіз таза жан-жақты дамыған білімді де мәдениетті, өнегелі азамат болып өсуі – ең жоғары тілек, ең биік мақсат. Әрине, бұл жерде, ең бастысы бабаларымыздың мұраларындағы философиялық көзқарастарынан туындаған даналық ойларының бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық рухани сабақтастықтың өзіндік ерекшелігіне баса назар аударуымыз керек. Кез келген халықтың алыс заманалардан бері қарай тартылған ұрпақтар сабақтастығы – рухани сабақтастық. Ұлағатты ойдың өнегелі өресі уақыт өткен сайын кеңейе бермек. Ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың қуаты мен құдіреті осында жатыр. Қай халықтың болмасын адамгершілікті, ізгілікті мұра тұтқан сөз зергері қашан да қасиетті ойларын ең алдымен ұрпағына арнаған. Дүниеге келгенде адам өзінен өзі бірден жеке адам ретінде қалыптаспайды. Оны осындай дәрежеге жеткізетін – әр халықтың өзіне тән тарихи-табиғи болмыс бітімі, дәстүр мен мәдениеттің рухани сабақтастығы. Сондықтан да ата-бабаларымыздың өмірлік тәжірибесімен астасып даналық ой-қарымдары кімді де болмасын тәнті етпей қоймайды. Рухани әлемдегі, өмірлік тәжірибедегі ұрпақ аралық сабақтастықтың сақталуы – ұлттық танымын, ұлттық сананың бастау көзі, салт-дәстүр, мәдени мұраларымызды сақтап қалуымыздың арқауы болып табылады [12, 61 б.].
Саяси этика - саяси қызметтің принциптері мен нормаларының этикалық жағын философиялық түсіну, нақты саяси проблемалар мен жағдайлардың этикалық құрылымын, саяси іс-қимылдардың моральдық негіздері мен оң мақсаттарын нақтылау. Саяси этика дамуына елеулі үлес қосқан ойшылдардың қатарында Платон, Аристотель, Цицерон, Фома Аквинский, Н. Макиавелли, Т. Мор, Т. Гоббс, Ш. Монтескье, Г.Гегель, Дж.С. Милль, И. Кант, Г. Спенсер, М. Вебер, К. Маркс және т.б. болды. Ол мемлекет және құқық теориясымен және билік философиясымен тығыз байланысты, саясатты ізгілендіруге және рационализациялауға бағытталған.
Мәдени-тарихи көзқарас тұрғысынан «толеранттылық» ұғымы «төзімділіктің» өзіндік синонимі болып табылады: лат. – tolerantia; англ. – tolerance, toleration, нем. – toleranz, фран. – tolerance. Тарихи-мәдени даму және философиялық ойдың қалыптасуы процесінде «толеранттылықтың төзімділігі» санаты өзгерістерге ұшырады. Бұл табиғи құбылыс болып табылады, өйткені қоғамдық құрылымның өзгеруімен адамдық қарым-қатынаста түрлі идеялар қойылды. Толеранттылықтың кем дегенде 4 үлгісі бар екен. 1-ші жағдайда төзімділік немқұрайлылық ретінде түсінілді. Толеранттылық бұл мәнінде түрлі көзқарастар мен тәжірибелердің өмір сүруіне немқұрайлылық түрінде көрініс береді, себебі соңғысы қоғамның айналысатын негізгі проблемалар алдында маңызсыз негізде қарастырылады. 2-ші жағдайда толеранттылық өзара түсіністіктің мүмкін еместігі ретінде көрінді. Бұл түсінікте адам қызметі, қоғам дамуы үшін діни, метафизикалық көзқарастар, қандай да бір мәдениеттің айрықша құндылықтары екінші кезектегі емес. Бұл жағдайда толеранттылық басқаға құрмет ретінде әрекет етеді, оны мен түсіне алмаймын және олармен өзара іс-қимыл жасай алмаймын. 3-ші - толеранттылықты кешірімділік ретінде түсінеді. Бұл толеранттылықтың басқалардың әлсіздігіне кешірімнің жек көрушілікпен ұштасуы. 4-ші - толеранттылықты өз тәжірибесін кеңейту және сыни сұхбат ретінде түсіну. Бұл жағдайда төзімділік сыни сұхбат нәтижесінде көзқарастарды өзара өзгертумен ұштастыра отырып, басқаның ұстанымына құрметпен қарау. Бұл толеранттылық ұғымының қазіргі заманғы философиялық түсіндірмесі БҰҰ Жарғысының кіріспесінде төзімділік сипаттамасында өз көрінісін тапқан. Бұл жерде толеранттылық бірге өмір сүру қажеттілігі, бір бірімен мейірімді көршілер түріндегі төзімділіктің көрінісі. Ұғым тек іс-әрекетік, әлеуметтік белсенді сипатында ғана емес, әрі өз-өзімен, адамдар әлемімен (микро- және макроорта) жарасымдылықта өмір сүре білумен байланысты жетістікті әлеуметтену (қоғамдық қатынастар жүйесіндегі бірлесу). Мұндай мағыналық жүктемені әлеуметтанудағы «толеранттылық» анықтамасы береді. Осыдан келіп шығатын адам құқығы, өз кезегінде, нәсілі, түсі, жынысы, тілі, діні, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегі немесе кез келген басқа қандай да бір айырмашылықсыз барлық адамдардың ажырамас игілігі болып табылады. Адам құқығы дегеніміз ешқандай кемсітушіліксіз адамзат баласының өмір мен бостандыққа деген құқығы. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы тарихи маңызы бар негізгі құжат болып табылады. Декларация 1948 ж. 10 желтоқсанда Парижде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 217 А (ІІІ) қарарымен қағидаттарына барлық халықтар мен елдер ұстануға міндетті құжат ретінде қабылданған. Онда адамзат тарихында алғаш рет халықаралық деңгейде қорғалуы қажет адамның негізгі құқықтары анықталды. Декларация 1948 ж. қабылданған сәттен бастап, әлемдегі ең көп 500-ден астам тілге аударылған және көптеген жаңа тәуелсіз мемлекеттер мен жас демократиялардың Конституциялары үшін бағдар болды.
Кәсіби этика - адамның өзінің кәсіби борышына деген көзқарасын анықтайтын моральдық қағидалар жиынтығы. Кәсіби этика адамдардың еңбек саласындағы адамгершілік қатынастарын реттеуге бағытталған. Заңдылықтардан басқа қандай да бір кәсіби қызмет қалыптасатын моральдық принциптері бар қоғам дұрыс өмір сүреді және дамиды. Кәсіби этика философиялық тұрғыдан алғанда мінез-құлықтың жалпы адамзаттық моральдық-этикалық принциптеріне негізделеді, яғни не дұрыс, не бұрыс саналатын мораль мәселелерін қамтиды.
Бүгінгі таңда іскерлік қарым-қатынас этикасы деп жалпы қабылданған адами құндылықтарға негізделген және бір компанияның мүшелерін біріктіретін ережелер жүйесін атайды. Әдетте, бизнестегі этика оның қызметкерлерінің мүдделерін ғана емес, сонымен қатар мақсатты аудиторияны, әлеуетті және нақты серіктестерді, тіпті бәсекелестерді құрметтеуге сүйенеді. Бизнес этикасы іскерлік адамның келесі басты қасиеттерін болжайды: алқаластық сезімі, парасаттылық және адалдық, конструктивті сынға қабілеттілік, құзыреттілік және кәсіпқойлық, лауазымға сәйкестігі, жанжалсыздық, меншік құқығын құрметтеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, хабардарлық, корпоративтік, әлеуметтік жауапкершілік.
Достарыңызбен бөлісу: |