Байланысты: Аралық бақылау ХІХ ғ. Еуропалық мәдениет-melimde.com
Отандық мәдениеттің даму тарихы. Қазақстан жеріндегі ежелгі мәдениеттер мен дәстүрлер
Қазақстан Республикасы этникалық қазақтарға арнаулы саясат пен заң қолдануының тарихи негізі мен моральдық құқығы бар. Өйткені қазақ халқы – тарихта еврейлерден кейін көп зиянкестікке ұшыраған, қағажу көрген халық. Бұлай дейтініміз, алты жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыста алты миллион еврей қырғынға ұшыраса, қазақтар бейбіт жағдайда (1931-1932 ж.ж.) үш миллиондай халқынан айырылған болатын. Дегенмен қазіргі таңда тарихи жауапкершілікті өз қолына алу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстан Республикасы әлемдегі өз ұлтының тарихы мен тағдырына бейжай қарамайтын әлемдегі үш елдің (Израиль, Германия және Қазақстан) бірі болып саналуының маңызы зор.
Қазіргі кезде қазақ ұлтының құрамдас бөліктерінің Қазақстаннан тысқары қырықтан аса мемлекетте өмірі сүріп отыруы тарихи саяси өзгерістердің салдары десек, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылда бір миллионға жуық қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің алғашқы жылынан бастап, дәйекті түрде қолданып келген салиқалы саясатының қомақты нәтижесі екендігін атап айтуға тиіспіз. Өйткені соңғы кезде тәуелсіздіктің осы бір ұлы жетістігін керісінше түсіндіретін, ел ішіне іріткі салатын нашар материалдың, өкінішке қарай, беделді газеттен берілуі жай емес. Ол Елбасының көрегендікпен қолданып келе жатқан оралмандар саясатының игі нәтижесін жоққа шығаратындардың көзқарасын білдіреді.
Егер бір ұлтты тұтастандырып тұрған басты фактор – сол ұлттың ішкі біркелкілігі мен ұлттық санасы және патриоттық рухы десек, бұлар қазақ халқында өте басым деуге негіз бар. Өйткені қазақ халқының тілінде аймақтық сипаттағы бірін-бірі түсінбейтіндей диалекті жоқ, мінез-құлқында да айтарлықтай айырмашылықтар кездеспейді, олардың бәрінде де қазақы жақсы қасиеттермен бірге жағымсыз дағдылар да қоса жүреді. Бұл мінездің қазақ баласының қайсы тілде сөйлейтініне қарамастан, бәріне ортақ екеніне көз жеткіздім. Сондықтан мынау қазақтілді қазақ, анау орыстілді қазақ, мынау оралман қазақ, анау жергілікті қазақ деп бөлуге немесе жүздерге, аймақтарға айырып жіктейтін арандату мен әрекеттердің бәрі де ішкі алауыздық тудыру үшін айтылатын сөздер деп санаймын. Қазіргі кезде «жаһандану, жаһандану» дейтіндер көбейді де, ұлтымыздың, еліміздің ішкі біртұтастануын дәріптейтін ой-пікірлер, өкінішке қарай, аз болып тұр. Бірақ біреулер қаласа да, қаламаса да елімізде ұлттық біртұтастану процесі жүріп жатқаны ақиқат. Бұл ұлтымызды бірегейлендіретін дұрыс процесс болып табылады. Жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңында көрсетілгендей, әлемдегі қазақтардың бәрі бір қазақ болғандықтан, Қазақстан тәуелсіздігі жариялануымен шетелдердегі этникалық қазақ өкілдері саналы түрде төрткүл дүниеден тарихи Отаны – Қазақстанға орала бастады. Ол кезде заман ауысып, қоғам өзгеріп жатқан, тапшылық елді тарықтырып, торықтырып тұрған болатын. Соған қарамастан, біреулер «этникалық қазақтарды, әсіресе, олардың саналы өкілдерін тарихи Отанына тартушы күш не?» десе, мен оған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі!» – деп жауап берер едім. Сондай-ақ олардағы ортақ ұлттық таным мен тәуелсіздік санасы оларды сондай батыл қадам жасауға бастаған-ды. Өйткені этникалық қазақтар өздерін қазақ ұлтының құрамдас бөлігіміз, Қазақстан – жалпы қазақ халқының қарашаңырағы, қазақ халқының болашағы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде деген танымда еді және олардың бұл танымы ешқашан да өзгермек емес. Міне, осындай сана-сезім мен түсінік шетелдегі қандастарды өздерінің ақыл-парасатымен, білімі, мамандығымен, жалынды қайратымен, тіпті адам капиталымен болса да тәуелсіз Қазақстан қоғамының дамуына үлес қосуға итермелеп әкеліп жатқан жоқ па?! Бұл жағын өзіміз терең түсіне бермегенімізбен, өзгелер жақсы сезіп, біліп отыр. Олар жай ғана біліп отырған жақ, сонымен қатар түрлі қитұрқы тәсілдермен ұлттық біртұтастануымызға кедергі келтіріп жатқан жайы бар.