2.3 Тірек-қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар балалар үшін
18. Тірек-қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымы: қимыл-қозғалыс қызметтерін қалпына келтіру, қалыптастыру және дамыту, балалардың психикалық және сөйлеу тілінің ауытқушылықтарын түзету, арнайы ұйымдастырылған қимыл-қозғалыс режимі мен заттық-практикалық қызмет негізінде оларды әлеуметтік-еңбекке бейімдеу және қоғамға кіріктіру міндеттерін шешеді.
19. Интеллектісі сақталған тірек-қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар балаларға білім беру жалпы орта білім беру көлемінде іске асырылады.
Мектепте білім беру құрылымы:
1) бастауыш білім беру деңгейі – 0, 1-4 сыныптар,
2) негізгі орта білім беру деңгейі – 5-10 сыныптар,
3) жалпы орта білім беру деңгейі – 11-12 сыныптар.
Оқыту негізгі орта білім беру сатысында оқыту мерзімін бір жылға ұзарту арқылы жалпы білім беретін мектептің бағдарламалары мен оқулықтары бойынша іске асырылады.
Арнайы ұйымдастырылған қимыл режимін сақтау қарастырылған. Түзету-педагогикалық қолдау логопедиялық жұмысты, емдік дене шынықтыруды, ортопедиялық жұмысты, физиотерапиялық емдеу шараларын және басқаларын қосады.
20. Ортаны әлеуметтік тұрғыдан бейімдеу және түзету жұмысын жүргізу қажеттілігі: пандустардың, кең есіктердің, мүгедектердің арбасын көтеретін көтергіштердің, баспалдақтың бойына қойылған көтергіштің, автоматты түрде есікті ашу құралының, сондай-ақ емдік дене шынықтыруға арнайы, емдеу шараларын (массаж, физиотерапиялық ем, бассейн) жүргізуге арнайы жабдықталған кабинеттердің болуын қарастырады.
Іргелес аумақ пен арнайы (түзету) ұйымдардың және жүріп-тұруы шектелген балаларға арналған арнайы сыныптар ашылған жалпы білім беру ұйымдарының бөлмелері бар ғимараттардың қолжетімділігі сәулет, қала құрылысы мен құрылыс салаларындағы қолданыстағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес қамтамасыз етіледі.
Тірек-қозғалыс аппаратында ауыр бұзылыстары бар, қозғала алмайтын, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын балалар Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгіленген тәртіпте үйде білім алады.
Достарыңызбен бөлісу: |