2.6 Зияткерлік жеткіліксіздігі бар балалар үшін
34. Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектепте оқыту олардың даму ауытқушылықтарын білім беру және еңбекке даярлау құралдарымен түзету, сондай-ақ бітірушілерді қоғамға кезекті кіріктіру үшін әлеуметтік-психологиялық оңалту мақсатында іске асырылады. Оқыту мерзімі 9 жылдан 11 жылға дейін.
35. Дайындық сыныбына оқытуға дайындық деңгейі жеткіліксіз балалар қабылданады. Бірінші сыныпқа 7-9 жастағы балалар қабылданады. Оқыту екі сатыда ұйымдастырылады:
1) бірінші саты – дайындық мдс,1-4 сыныптар;
2) екінші саты – 5-9 сыныптар.
Білім беру ұйымында сәйкесінше материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік жағдайлар болған жағдайда тереңдетілген еңбекке дайындайтын 10-өндірістік сынып ұйымдастырылады.
36. Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту (бірінші бөлім).
Бірінші сатыда ақыл-ой кемістігі бар оқушыны жан-жақты психологиялық-медициналық-педагогикалық тұрғыдан зерделеу, білім беру процесінің түрлері мен әдістерін анықтау мақсатында оның мүмкіндіктері және жеке ерекшеліктерін айқындау іске асырылады.
Екінші сатыда балалар практикалық бағыттылығы бар және олардың психофизикалық мүмкіндіктеріне сәйкес жалпы білім беретін пәндер бойынша білімдер, әртүрлі еңбек профилі бойынша дағдылар алады. Жалпы білім беру пәндері бойынша оқушыларға қолжетімді көлеміндегі білім беру мазмұнын меңгеру кезінде әлеуметтік бейімдеуге және кәсіби-еңбекке дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.
37. 0 және 1-сыныптарда баллдық бағалау қойылмайды. Оқушылардың білім алуда ілгерілеу нәтижелері олардың жемісті әрекетін – сөйлеу тілінің дамуын, жазба жұмыстарын, суреттерін, қолдан жасалған бұйымдарын талдау негізінде анықталады.
5-9 сыныптарда математика пәнінің 1 (бір) сағаты геометрия элементтерін меңгеруге жұмсалады.
38. «Түзету технологиялары» циклінің сабақтары: «Түзету ырғағы», «Сөйлеу тілінің кемшіліктерін түзету» (логопедиялық сабақтар), «Танымдық әрекеттерін түзету», «Емдік дене шынықтыру» күннің бірінші және екінші бөліктерінде жүргізілуі мүмкін.
Жеке және топтық түзету сабақтарының ұзақтығы 20 – 25 минут. Шағын топтар сөйлеу тілінің, психикалық және дене бұзылыстардың біртектілігін ескере отырып, толымдалады.
39. Емдік дене шынықтыру сабақтарына арналған топтар дәрігердің ұсынымдарын ескере отырып, толымдалады. Түзету ырғағы бойынша сабақтар жалпы, топқа бөлінбей өткізіледі.
40. Болашақта кәсіби-еңбекке оқыту және одан әрі табысты түрде әлеуметтік бейімделу мақсатында 4 сыныптан 6 сыныпқа дейін оқу жоспарына «Жалпы еңбекке дайындық» пәні енгізілді. 7 сыныптан 9 сыныпқа дейін кәсіби бағыттылығы бар еңбекке оқыту іске асырылады. Еңбекке оқыту профильдері өңір ерекшеліктерін және бітірушілерді жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін ескере отырып, мектеп әкімшілігімен анықталады. Еңбекке дайындық профильдерінің көптүрлілігімен және жергілікті жағдайлардың ерекшелігімен байланысты мектепке еңбектің жеке түрлері бойынша өз бетінше бағдарламалар әзірлеу құқығы ұсынылады.
41. Орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушылар саны жеткілікті болған жағдайда мектепте осы оқушыларға арналған арнайы сыныптары бар екінші бөлім ұйымдастырылады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту оқушылардың осы санатына арналған Үлгілік оқу жоспары және оқу бағдарламаларына сәйкес іске асырылады. Оқу бағдарламалары ұсыным сипатында болады. Екінші бөлім оқушыларын оқыту мектеп консилиумы мамандарының кешенді психологиялық-педагогикалық зерделеуі негізінде жарты жылдан аспайтын мерзімге жасалған жеке бағдарламаларға сәйкес іске асырылады. Оқытудың жеке бағдарламасының жүзеге асырылу мерзімі аяқталған соң әр оқушының оқу жетістіктері талданып, келесі жартыжылдыққа жоспарлау орындалады.
Педагогикалық кеңес шешімімен жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды бірге оқытуға рұқсат етіледі.
42. Мектеп педагогтары және басқа да мамандары оқу процесінің кезеңдері мен мазмұнын, орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың психикалық және дене дамуы барысын, практикалық дағдыларды және әлеуметтік құзыреттіліктерді меңгеруді құжаттандырады.
Педагог әр оқушының жеке мүмкіндіктері мен білім алудағы және жеке жетістіктерін мониторингілеу нәтижелерін ескере отырып, оқыту мазмұнын, әдістерін, нысандары мен дидактикалық құралдарын дербес таңдайды.
43. Бірінші сатыда оқу процесі пәндік емес оқыту негізінде ұйымдастырылады, барлық сабақтар кіріктірмелі сипатқа ие және орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың жалпы дамуына (қарым-қатынас, қимыл-қозғалыс, сөйлеу тілі, сенсорлы тұрғыдан) бағытталған. Оқушылардың жеке дамуының ілгерілеуіне қарай пәндік оқытуға ауысу іске асырылады.
44. Екінші бөлім оқушыларының зияткерлік мүмкіндіктерінің айқын шектеулерін ескере отырып, әр оқушының жетістіктерін баллдық бағалау психологиялық-педагогикалық мониторинг негізінде іске асырылатын сипаттама бағалаумен алмастырылады.
45. Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп (сыныптар) оқушылары екінші жылға қалдырылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |