Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы


Оқу ойынын қалайша құрастыруға болады?



бет20/21
Дата01.03.2020
өлшемі1,87 Mb.
#59319
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Байланысты:
ИБО А.Алимов


Оқу ойынын қалайша құрастыруға болады?

Оқу ойындарын құрастыруды Роберта Л.Росс-Фишердің «Игра, моделирующая реальность, как средство повышения эффективности обучения» (Р.Фишер, 18-22) атты мақаласында келтірілген реттілік бойынша қарастырайық.

Оқу ойынын оқытушы жеке өзі немесе басқа әріптестерімен (студенттермен) бірігіп құрастырады. Ойынды құрастыруда келесідей ережелерді ұстанған жөн:

1. Ойын арқылы студенттердің қандай білік пен дағдыларға үйренетіндігін анықтаңыздар. Бұл мәселе тақырып пен ойынның сюжетін таңдап, ойынға қатысушы студенттердің әрекеттерін бағалау критерийлерін белгілеуге көмектеседі.

2. Ойын студенттердің семестр аяғында қорытынды жұмысты сәтті жазуына көмектесуі керек.

3. Сценарий жазғанда, студенттердің қызығушылығын арттыратын келесі мәселелерге назар аудару керек:

- Қызықты кейіпкерлер.

Олардың саны топтағы студенттердің санымен бірдей болғаны дұрыс; әр кейіпкердің есімін, жасын, кәсібін, отбасы жағдайын нақтылау керек; мұның бәрі қатысушылардың ойынын жеңілдету үшін жасалады; мәселен: «Қуандықұлы Бақытжан, 42 жаста, үш баласы бар, Отансүйгіш ақын, елінің азаттығын көксейді»;

- Оқиғаның өрбитін уақыты мен мекен-жайы.

Ойында келтірілетін оқиғалар қандай кезеңге жатады? Қайда болған? Мысалы, жоғарыда есімі аталған Бақытжан ХІХ-ғасырда, ХХ-ғасырдың 70-ші жылдары немесе қазіргі уақытта өмір сүруі мүмкін.

- Сюжет.

Сценарий жалпы түрде жазылады, алайда оның сюжеттік жолдары қатысушыларды қызықтыруы керек.

- Жалпы проблемалар.

Қатысушылардың шешімін қажет ететін ең кемінде бір проблеманы айқындау керек.

- Нақты проблемалар.

Сюжеттің даму кезеңдерінде шым-шытырық оқиғаларды келтіру керек: олар қатысушылардың өздігімен таңдау жасап, өз шешімі мен оның салдарына деген жауапкершілікті мойындарына жүктеуі қажет. Қатысушылар «Әрі қарай не істеу керек? Қалайша таңдау жасаймыз? Оның салдары қандай болуы мүмкін?» деген сұрақтарға жауап бере отырып, өз әрекеттерін жоспарлайды.

- Оқиғалардың шешімі.

Бұл жерде де қатысушылар өздігімен таңдау жасап, шешім қабылдайды.

- Ойынды аяқтау.

Ойын аяқталғаннан кейін оның логикалық қорытындысы қандай болуы керек? Мәселен, студенттер өз ойындары бойынша жаңа сценарий жазып, қажет болған жағдайда оны басқа студенттердің алдында ойнап беруі де мүмкін; немесе олар сценарийлерді жинақ түрінде басып шығарады.

4. Ойыннан кейін. Қатысушыларға ойын туралы өз ойларын білдіру мүмкіндігін ойын аяқталысымен берген орынды. Ол үшін студенттерді шағын топтарға бөліп, келесідей сұрақтарды талқылауды тапсыруға болады:

- Бұл ойында өздеріңіз үйренген және білгендеріңіздің ішінде ең маңыздысы қандай жәйт болды?

- Бұл тақырып бойынша тағы да не білгілеріңіз келеді?

- Бұл ойынның шынайы өмірден қандай айырмашылығы бар?

Талқылауға жеткілікті уақыт берген дұрыс (15 минуттан 30 минутқа дейін). Әр топ өз ойларын плакатқа түсіріп, содан кейін жариялайды: қабырғаға іліп, қорғайды, сұрақтарға жауап береді.

Ауызша талқылаудан соң студенттер өздерінің ойында қандай тәжірибе иеленгендігі туралы жазуы қажет.

5. Ойынның студенттерді қандай білік пен дағдыларға үйрететіндігіне байланысты нәтижені бағалайтын жүйе жасау керек. Бұл жүйе әр студенттің жетістіктері мен оқытушы жұмысының тиімділігін бағалау мүмкіншілігін береді.
2.4 Блиц оқу ойындары

Блиц оқу ойындары - қысқа мерзімді шағын ойындар, олар студенттердің нақты біліктері мен дағдыларын дамытуға бағытталады.

Блиц ойындарда студенттерге ойынның жалпы нобайы мен тапсырмалары ғана беріліп, студенттер оларды өздігімен ойнап шығуы керек. Мұнда да «Ойыннан кейін» кезеңі ерекше маңызды рөл атқарады, өйткені осы уақытта студенттер ойыннан алған әсерлерімен бөлісіп, ой-толғаныстарын жазбаша түрде келтіреді.



Блиц оқу ойындарының мысалдары

(сценарийлердің қысқаша нұсқалары)

Шындық детекторы

Бір студентке 8-10 сұрақ қойылады. Студент сұрақтардың барлығына да шынайы түрде жауап беріп, тек біреуіне ғана жалған жауап қатады. Қалған студенттер шағын топтарға бөлініп, жауаптардың қайсысы өтірік болғанын анықтап, өз ұстанымдарына дәлелдер келтіруі керек.


Фотолар

Әр студентке (немесе студент тобына) бір адамның фотосын беріп, оның өмірін (немесе ол адамның мінез-құлқын) қысқаша түрде сипаттап беру тапсырылады. Жұмыс аяқталғаннан кейін фотолар тақтаға (қабырғаға) ілінеді. Студенттер кезекпен өз мәтіндерін оқығанда, басқалар әңгіменің қай адам туралы болғандығын анықтауы керек. Мұнда да өз көзқарасын дәлелдейтін тұжырымдар келтіріледі.


Алиби

Екі студентке белгілі бір қылмыс жасауда күдіктілердің рөлі беріледі. Оларды аудиториядан аластатып, алиби ойлап табуды тапсырады. Бұл студенттер қайтып оралғанда топтар екіге бөлініп, екі күдіктіден кезектесіп жауап алады. Егер күдіктілердің алибилері аз да болса сәйкес келмесе, олар жалған деп есептеледі.


Таңдау

Студенттер басқарма отырысында директорлардың рөлдерін ойнайды. Олардың мақсаты – атышулы премияны (жүлдені) ең үздік адамға тапсыру. Студенттер өз кандидаттары туралы жан-жақты ақпарат келтіріп, нақты дәлелдерді айғақтауы керек.


Интервью

Кәсіпорын (мекеме) басшылары жұмысқа жаңа маман қабылдап, онымен әңгіме жүргізуде. Басшылардың бір бөлігі маманды жұмысқа алуға ниет білдірсе, қалғандары оның кандидатурасына қарсы. Жаңа маман жұмысқа қабылдануы үшін барлық күшін салып, сұрақтарға толық әрі ұтымды жауап беруге тырысады.



Келтірілген блиц-ойындар Марина Карапетянның «Пусть играют!» мақаласынан алынды (Перемена, Международный журнал о развитии мышления через чтение и письмо, том 5, №4, октябрь, 2004. - С. 25-29).
Оқу ойындары туралы қызықты мәліметтерді келесідей сайттардан білуге болады: http://memory.loc.gov/ammem/ndlpedu/index.html

www.spa3.k12.sc.us/WebQuests.html
2.5 Өндірістік ойындар
Оқу/үйрену процесінде қолдануға тиімді ойындардың тағы да бір түрі - өндірістік ойындар. Бұл әдіс ойынға қатысушылардың сан қилы (кейде тіпті бір-біріне қарама-қарсы) мүдделерін тоғыстырып, ойын аяқталғаннан кейін қатысушылардың барлығын қанағаттандыратын шешім қабылдауды қажет етеді. Өндірістік ойындар әлеуметтік немесе экономикалық сипаттағы нақты бір жағдайды (ситуацияны) шешуде үйренушілердің өзара әрекеттесуін қалыптастырады (имитациялайды, модельдейді).

Егер рөлдік ойындарда қатысушылар әдетте әртүрлі әлеуметтік мүдделері бар қоғамдық топтар (немесе субъектілер) рөлдерін орындаса (өкімет, оппозиция, орта бизнес, зейнеткерлер, студенттер, т.б.), өндірістік ойындарда олар бір әлеуметтік топ немесе бір мүдде аумағында қалып отырады. Қатысушылардың мұндағы басты мақсаты – қойылған кәсіби мәселені (проблеманы) шешу, сол себепті де олар тиімді әрі нәтижелі шешім келтіру тұрғысынан бәсекеге түседі, жарысады. Демек, өндірістік ойын дегеніміз сабақ аумағындағы кәсіпқойлардың (кәсіпкерлердің) жарысы.

Өндірістік ойындарда әлеуметтік және экономикалық маңызы бар келесідей күрделі проблемаларды шешуге болады:

- Өкіметтің студенттерге несие беру саясатын өздері оқитын жоғарғы оқу орнында қалайша жүзеге асыруға болатындығын жоспарлау.

- Экономикалық дағдарыста ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу туралы өз ұсыныстарын келтіру.

- Экономикалық дағдарыс жағдайында кәсіпорында жаңаша жалақы жүйесін жасау.

- Кәсіпорында (мекемеде) жұмыскерлерді ынталандыру жүйесін құру.

- Несие берудің жаңа шарттарын талқылап, оларға өзгертулер енгізу.

- Кәсіпорын (мекеме) жұмысында немесе оның қызметкерлері арасында туындаған проблемаларды шешу: жанжал, ортақ мәмілеге келу, келіссөз жүргізу, проблеманы бірлесе шешу.

Іскерлік топтардың мақсаты - теориялық білімдердің қандай деңгейде игерілгендігін және оларды қолдана білуді көрсету, проблемаларды жеке және бірлесе отырып шешу дағдыларын қалыптастыру.

Өндірістік ойындар көп тұрғыдан кейс-стади әдісіне ұқсас: олар да кейс-стади секілді практикалық проблемаларды өмірлік ситуацияларға жақындастырып шешуге, кәсіби тұрғыдан нақты әрекеттерді орындау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады.

Өндірістік ойындар әдетте студенттік топтың өзара келісімге келіп, бірлескен ізденіс әрекеттері (ой-толғаныс, талқылау, пікірлесу, идея жинау арқылы) түрінде өтеді. Ал мұндай әрекет топ мүшелерінің барлығын да жұмысқа, қарым-қатынас процесіне жұмылдырады. Бұл әдіс коммуникацияның ерекше түріне жатады.

Өндірістік ойындар келесідей нәтижелерге жеткізеді:


  • студенттер кәсіби (қоғам өмірінде орын алған) проблемаларды өздігінше қарастырып, оларды шешуде теориялық білімдері мен кәсіби тәжірибелерін қолданады;

  • студенттер өздеріне керекті ақпарат жинақтап, оны талдауды үйренеді;

  • студенттер кәсіби проблема шешудің әртүрлі балама ұсыныстарын келтіріп, ішінен ең тиімдісін таңдай біледі, оларды жекелей және бірлесе отырып өзіндік тұрғыдан шешеді;

  • студенттер кәсіпкерлер командасында бірлесе жұмыс жасау дағдыларына үйренеді;

  • студенттер бірлесе отырып проблема шешу – жұмыс жасаудың ең тиімді әрекет екендігін аңғарады.

Өндірістік ойындарды келесідей құрастыруға болады:

1. Қатысушыларды проблемамен таныстыру.

Мұнда студенттер ойынның шарттары және ережелерімен танысып, ойында қажетті материалдарды иеленеді (заңдар, нормативтік құжаттар мен ережелер, нұсқаулықтар мен өкімдер).

2. Командаларды (топтарды) құрамдау.

Топтарға бөліну кез келген тәсіл бойынша жасалуы мүмкін.

3. Командалық жұмыс.

Әр команда мәселе шешуде өз идеялары мен әдістерін ұсыну үшін бірлесе отырып, 5-8 минуттық ауызша баяндама дайындап, оны басқаларға қалайша жеткізетіндігін талқылайды.

4. Жариялау және талқылау.

Командалар баяндамаларын кезекпен жариялайды, мұнда да олар өз рөлдеріне тиеселі әрекеттер атқарады. Баяндамалар жарияланғаннан соң олардың мазмұны салыстырылып, талқылау мен пікірталастар ұйымдастырылады, сұрақтар қойылады, сын пікірлері келтіріледі, ұсыныстар жасалады.

5. Қорытынды.

Оқытушы ойынның өту барысына талдау жасап, командалардың және жеке студенттердің әрекеттерін сараптайды. Әдетте ол ойынның жағымды нәтижелеріне тоқталып, студенттерден өз әсерлері мен пікірлерін білдіріп, көңіл-күйлерін келтіруді сұрайды. Студенттер бұл сауалға алдымен ауызша, содан кейін жазбаша жауап береді.

Егер ойын жарыс түрінде ұйымдастырылса, қазылар алқасы өз үкімін шығарып, орындарды бөліске салады.


Өндірістік ойындар басқаша да ұйымдастырылуы мүмкін. Төменде берілген өндірістік ойындарды өткізудің сценарийлерінде басқа тәртіптерді көруге болады.
Келіссөз жүргізу ойыны

Кіріспе. Студенттерді үш топқа бөліңіз. Олар ферма құрушы жолдастардың келіссөз жүргізуін ойнауы керек. Топтарға ойын шарттары мен тапсырмаларын түсіндіріп, нұсқаулықтарды үлестіріп беріңіз.

Нұсқаулық:

Сейітжан, Абыл және Әбдірахман есімді үш жолдас күніне 1000 $ таза пайда беретін сүт өнімдерін шығаратын ферма құруды жоспарлап, бұл фермада кімнің қандай қызмет атқаратындығы және пайданы қалайша бөлетіндігі жайлы келісіп алады. Бұл келіссөзге олардың әйелдері де қатынасады.

Келіссөзде келесідей жәйттер ерекше ескерілді: Сейітжанның 60 гектар жері бар, Абылда жүк машинасы және дәнді дақылдар тұқымы бар, ал Әбдірахманда трактор және сүт сауатын агрегаты бар. Сүт өнімдерін 44 шақырым жердегі қалаға әр күні апарып, сату керек. Күнделікті фермада екі адам жұмыс істеуі қажет, бірақ Абылдың ауыл шаруашылығымен айналысу тәжірибесі мүлдем жоқ, демек ол фермада тек біреуге көмекші ғана бола алады. Бұған қоса Сейітжанның жерінің жартысы ғана суармалы, ал Әбдірахманның тракторы ескі. Алайда үш жолдас та араларында бұрыннан қалыптасқан жылы қарым-қатынасты бұзғысы келмейді.

Тапсырма: Жолдастардың фермада атқаратын қызмет пен пайданы қалайша бөлісуі мүмкін? Әр топ 8 минуттық дайындықтан кейін келіссөз жүргізу версиясын 10 минут ішінде көрсетуі тиіс.

Топ версияларын талқылау барысында оларға келесідей сұрақ қоюға болады:

- Сіздер келісімге қалайша келдіңіздер?

- Барлық қатысушылар келіссөз нәтижесіне риза болды ма?

- Келіссөзде кім ұтты? Кім ұтылды? Неліктен?

- Келіссөз жүргізгенде қандай маңызды жәйттерге назар аудару қажет?
Жарнама құрастыру ойыны

Студенттер шағын топтарға 5 адамнан бөлініп, ойында тауар жарнамалау ісімен айналысады.

Кішкене қобди ішіне студенттердің парталарынан алынған әртүрлі заттар (көзілдірік, ерін бояйтын помада, қаламсап, дәптер, қарындаш, ұялы телефон, т.с.с.) салынған. Әр топ өкілі қобди ішінен бұл заттардың біреуін суырып алғаннан кейін, берілген уақыт ішінде (8-10 минут) топ мүшелері сол затқа жарнама (мәтін, ұран немесе слоган, плакат, т.б.) құрастырып, оны қалайша қолдануға болатындықты жиналғандарға көрсетуі («ойнап шығуы») керек.

Жарнаманы келесі тәртіппен келтіру керек:

1. Тауардың сипаттары.

2. Тауардың артықшылықтары.

3. Тауарды тұтынудың пайдасы.

Әр топ өз жарнамасын көрсеткеннен кейін (5-6 минут), топ ішінде әр студенттің қандай әрекеттер атқарғанын айтып беруі керек. Жазба жұмысы алдында студенттерге келесідей сұрақтар қойған орынды:

- Ойыннан кейін өздеріңізді қалайша сезініп отырсыздар?

- Ең сәтті ойнаған топ қандай? Олардың ойыны неліктен сәтті болды деп ойлайсыздар?

- Сіздер қалай жұмыс жасадыңыздар? Топ жұмысының ең ұтымды мезеттері қандай болды?

- Тауарды жарнамалау қалайша жүргізілуі тиіс деп ойлайсыз?
2.6 Имитациялық ойындар
Имитациялық ойын дегеніміз адамдардың қалыптан тыс (экстремалды) жағдайлардағы әрекеттерін анықтайтын өмір сүру ортасының үлгісін (моделін) құру. Мұндай жағдайлар қатарына «Жанжал», «Әуе апаты», «Жер сілкінісі», «Кеме апаты», «Робинзон», «Жау тылында», «Тұтқында» секілді оқиғаларды жатқызуға болады.

Имитациялық ойындарда студенттер өмірде тууы мүмкін оқыс жағдайларды қайталап (имитациялап), шаруашылық, басқару, әлеуметтік, психологиялық шешімдерді қабылдауды үйренеді. Бұл ойындар қарым-қатынастың әртүрлі тәсілдері арқылы жүзеге асырылады: пікірталас, келіссөз жүргізу, презентациялау, бірлесе әрекеттесу.

Имитациялық ойындар жаңа ортаға бейімделу дағдыларын қалыптастыруға өз септігін тигізеді. Мұндай ойындарда студенттер үйреншікті қалыптан өзгеше жағдайларда (ситуацияларда) өздерінің күнделікті құлықтары мен әрекеттеріне өзгерістер енгізіп, проблеманың шешімін табады.
3. Сase-study
Бүгінде экономикалық және әлеуметтік мамандықтар бойынша білім алудың тиімді әдістерінің біріне айналған сase-study әдісі теориялық білім алған студенттерді болашақ мамандықтың практикасына негізделген әрекеттерге баулиды. Сase-study - таңдау жасау мен шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыратын тиімді әдіс. Ол нақты ситуацияларды (жағдаяттарды) практикалық тұрғыдан талдау мен оларды өмірде кезігетін түрінде қайталауға, «ойнап» шығуға негізделеді. Сол себепті де кейс-стадиді кейде «нақты оқу ситуациялар әдісі» деп те атайды.

Ағылшын тілінен аударғанда, «кейс» сөзі «жағдай», «оқиға» дегенді білдіреді (бұл жерде оны «қапшық», «сөмке», «шабадан» деп аударудың қисыны жоқ). Сонда «кейс» деген сөз біздің ұғымымызда жағдаятты (ситуацияны) сипаттауды, суреттеуді білдіреді. Ол қандай да бір субъектің (мәселен, фирма, кәсіпорын, ұйым, аймақ, т.б.) тарихын (пайда болуы мен өсуі) және даму нәтижелерін сипаттайды. Ал кейс-стади дегеніміз – кейстерді қолдану арқылы жүзеге асырылатын сабақтың нысаны (формасы).

Кейс-стади мақсаты - студенттерді келесідей әрекеттерге жұмылдыру:

- кез келген теориялық мәлімет пен ақпаратты талдау,

- негізгі проблемаларды айқындау,

- проблемаларды шешудің әртүрлі балама жолдарын табу (ситуация - көп шешімі және баламасы бар оқиға екендігін ұмытпайық),

- сараптау арқылы олардың ішінен ең тиімдісін таңдау,

- өз іс-әрекеттерін жоспарлау.

Кейс-стади практикалық мәселелерді жан-жақты қарастыру арқылы пәннің теориялық мазмұнын толықтырады. Кейс-стади әдісі көмегімен өмірде туындайтын проблемаларға жауап іздену арқылы студенттер ертеңгі өмірде кездесуі мүмкін жағдайлар мен мәселелердің дұрыс шешімін табуға жаттығады.

Кейстерді қолдану әдісі алғаш рет ХХ-ғасырдың бас кезінде Еуропа университеттерінде құқықтану және медицина пәндері бойынша студенттерді үйретуде қолдана бастаған. Бұл кезде кейс-стади құқықтық немесе медициналық практикада орын алған оқиғаларды (преценденттерді) зерттеу тәсілі ретінде танылып, оның негізін студенттердің өздік жұмыстары құрады: практикалық оқиғаны зерттеу үшін студенттер көптеген теориялық мағлұматтарды қарастыруға мәжбүр болды.

1910 жылы америкалық профессор Копленд (Copeland) нақты ситуацияларды талдауда пікірталасты бизнеске оқыту әдісі ретінде қолдана бастайды. Ал бизнес пәндері бойынша оқудың негізгі әдісіне кейс-стади тек 1920-шы жылдарда Гарвард университетінің (АҚШ) Бизнес мектебінде ғана айналған. Кейстердің бірінші жинағы 1921 жылы «The Case Method at the Harvard Business School» деген атпен осы университетте жарыққа шыққан.

Бүгінгі күні кейс-стадидің екі негізгі мектебі қалыптасқан: америкалық (Гарвардтық мектеп) және батыс еуропалық (Манчестер мектебі). Олардың айырмашылығы көлемі мен дұрыс шешім келтіру тұрғысында ғана:

1) америкалық кейстер (20-25 бет және 8-10 беттен тұратын қосымша мен иллюстрациялар) еуропалықтардан 1,5-2 еседей көлемдірек болып келеді;

2) гарвардтық кейстер студенттерден бір ғана дұрыс шешім іздеуді талап етеді, ал еуропалық кейстердің шешімдері біреу емей, сан қилы болып келеді: мұндағы ең басты мәселе - студенттердің өз шешімдері мен көзқарастарын теориялық тұрғыдан негіздеп, оларды дәлелдеп және қорғап шығуы; еуропалық кейстерде оқытушы көзқарастардың сан алуандығын және пікірталастардың өрбуін қолдап отырады, алайда ол студенттерді кейстердің дұрыс шешіміне қарай жетелемейді.

Кейстің жан-жақты анықтамасы 1954 жылы шыққан Гарвард бизнес мектебінің басылымында келтірілген: «Студенттер мен оқытушылардың бизнес проблемалары немесе ситуациялары бойынша пікірталастарға қатынасатын оқу/оқыту әдісі. Бизнестің өзекті проблемаларының мысалы ретінде ситуациялар жазба түрде келтіріледі. Студенттер оларды өзіндік тұрғыдан зерттеп, қарастырады. Студенттердің бұл жұмысы болашақта оқытушының басқаруымен аудиторияда бірлесе талқыланып, пікір таластырудың негізі болады. Сонымен Case-studу әдісі арнайы дайындалған оқу материалдары мен бұл материалдарды оқу процесінде қолданудың арнайы технологиясынан тұрады».

Кейс-стадидің басты қағидасы «Ақиқатты іздену - ақиқаттың өзінен де маңызды» деп тұжырымдауға болады, өйткені бұл әдіс оқу/үйренуді іздену процесі ретінде қарастырады: оның негізін проблема шешу деп танып, талқылау мен пікірталасты, шешім қабылдауды оның басты құралдары қатарына жатқызады.

Кейс-стади әртүрлі әдістер мен тәсілдерді біртұтас күрделі жүйеге біріктіреді. Олардың қатарына келесідей бірлескен жұмыс тәсілдерін жатқызуға болады:

- ой қозғау,

- модельдеу,

- пікірталас,

- талқылау мен жүйелі талдау,

- іскерлік және рөлдік ойындар,

- тәжірибе жасау,

- проблемалық әдіс,

- жазу тәсілдері.

Бұнымен қатар кейс-стадидің басқа да артықшылықтарын келтіруге тұрарлық:

1. Студенттер білім алу процесінде таңдау еркіндігіне ие болып, оқытушыны, пәндерді, оқу тәсілдерін, тапсырмаларды және оларды орындау жолдарын таңдай алады.

2. Оқытушы студенттерге теориялық мәліметті толығымен «бермей», тек негізгі ұғымдарға тоқталып, студенттердің теорияны практикалық тұрғыдан қолдануын қадағалайды.

3. Студенттерде өзін-өзі басқару дағдылары қалыптасады, олар ақпаратпен тиімді түрде жұмыс жасауды үйреніп, оның орасан зор көлемінен өзіне қажеттісін таңдап, шешім қабылдауға, сол арқылы жауапкершілікке, өз іс-әрекеттерін жоспарлауға үйренеді.

4. Оқытушы мен студенттер арасында тиімді қарым-қатынас пен ынтымақтастық нығаяды, оқытушы әрбір студенттің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескереді, студенттің жағымды қасиеттеріне көңіл аударады.

5. Студенттер абстракциялы біліммен айналыспай, нақты нәтижеге әкелетін мәселелерді қарастыру арқылы өмірде (кәсіби практикада) кездесетін ситуацияларды зерттеу және талдау дағдыларын қалыптастырады.

6. Студенттер өз шешімдерін дәлелдеуге машықтанады, шешімдердің барлық баламаларын дұрыс бағалап, басқа пікірлерді ескеріп, олармен санасуды үйренеді.

7. Студенттер проблемаларды шешуде қажетті көрнекі материалдармен қамтамасыздандырылады (ғылыми әдебиет, мақалалар, видео- және аудиокассеталар, СD дискілері, кейсте қызметі қарастырылатын компаниялардың өнімдері).

Кейстерді сабақтарда келесідей тәртіпте қолдануға болады

1. Дайындық.

Оқытушы сабаққа дейін кейс таңдап, оның негізгі және қосалқы материалдарын анықтайды, жұмыс жоспарын құрастырады. Кейс студенттерге сабақ алдында (бір-екі күн бұрын) таратылып беріледі: олар кейстің мазмұны мен ұсынылған әдебиет тізімімен жеке-жеке танысады, кейс бойынша өзіндік пікір қалыптастырады.

2. Топтық жұмыс.

Сабақта студенттер аудиториясы 4-5 адамнан құрылған шағын топтарға бөлініп, 1,5-2 сағат ішінде кейсті талқылайды, онда қойылған мәселелердің шешімдерін бірлесе іздестіреді. Бұл кезеңде студенттердің шағын топтары бір-біріне бөгет жасамау үшін әртүрлі бөлмелерде жұмыс жасағаны дұрыс.

3. Пікірталас.

Студенттер толық құрамда бір аудиторияға жиналып, кейс бойынша пікірталас басталады. Мұнда әр топтан сөйлеушілер (спикерлер) шығып, топтың пікірі мен көзқарастырын дәлелдейді. Дәлелдеуде алдын-ала әзірлеген кестелер, схемалар, таблицаларды пайдалану керек. Басқа топтардың студенттері әр пікірді талқылауға қатысады, бір-біріне сұрақ қойып, проблеманы шешудің басқа да варианттарын ұсынады. Студенттер өздерін белсенді ұстап, талқылау мен пікірталастан қалыс қалмауы керек.

4. Қорытындылау.

Пікірталас аяқталған соң оқытушы сабақты сараптап, студенттердің көзқарастары мен әрекеттеріне баға береді.

5. Бағалау.

Студенттер өздерінің жасаған жұмысы (пікірі, көзқарасы, шешімі) бойынша жазбаша есеп береді. Жазу уақыты мен форматын (көлемі және басқа да талаптар) оқытушы сабақтың мақсаттарына сай белгілейді.

Кейс-стадиде оқытушы талқылауды ұйымдастырушы және жүргізуші рөлдерін атқарады. Ол студенттерді өз көзқарастарын қабылдауға күштемей, талқылау барысын сабақ мақсаттарында көрсетілген нәтижелеріне бағыттап отырады, барлық студенттердің пікірталастан тыс қалмай, жұмысқа белсене қатысуын қадағалайды.



Кейс-стадиді оқу процесінде қолданғанда келесі ережелерді ескерген орынды:

- Проблемалық ситуация бір тақырып немесе бір пәннің мазмұнымен шектелмейді, әдетте ол басқа пәндердің проблемалары мен мәселелерімен тығыз байланыста болады. Кейс-стадиде студенттер пәнаралық байланыстарды табу дағдыларын көрсете білуі қажет.

- Студенттер курс (пән) бағдарламасында сипатталған тұжырымдар, идеялар мен тәсілдерді түсінетіндігін, оларды нақты ситуацияны талдау мен ұсыныстар жасау үшін қолдана білетіндігін көрсете білуі қажет. Үйренушілер проблемалық ситуацияны интерпретациялаудың (өзіндік тұрғыдан түсінудің) бірнеше жолы болатындығына дайын болуы керек.

- Ситуацияда бірнеше шешілмеген проблема болуы мүмкін, сол себепті де студенттер бір проблеманың шешімін тапқан соң, басқа да проблемаларды іздестіріп, оларды талдаудың бағыттарын анықтауы керек.

- Студенттер өз шешімдері мен ұсыныстарының дұрыстығын дәлелдеу үшін өздерінің жеке тәжірибесінен мысалдар келтіруі керек.
Кейстің форматы қандай болады?

(http://www.elitarium.ru сайтының материалдары бойынша)

Ситуацияларды жан-жақты жазбаша сипаттайтын кейстердің шет елдерде кеңінен тараған форматы келесідей:

1. Мұқаба.

Мұнда кейстің атауы, авторы, жазылған жылы келтіріледі.

2. Кіріспе.

Компания немесе фирманың даму тарихы сипатталып, басты кейіпкерлер суреттеледі, оқиғаның басталу уақыты көрсетіледі.

3. Негізгі бөлім.

Ақпараттың негізгі бөлігі беріледі. Мұнда шешімі қажет проблема нақтыланып, оның қиындық туғызатын жерлері келтіріледі, студенттерге сұрақтар қойылып, тапсырмалар ұсынылады.

Негізгі бөлімнің кең тараған құрылымы келесідей:

- Субъектің жұмысына өзгертулер енгізу (техникалық тұрғыдан, жұмыс күші, жұмыс процесі, өнім тұрғысынан) қажеттілігі сипатталады.

- Өзгертулер негізделеді (дәлелдеу, ақпарат көздері мен тұжырымдарды келтіру).

- Өзгертулерді практикаға енгізу әдістері мен тәсілдері ұсынылады.

- Өзгертулер қандай тиімді нәтижелерге қол жеткізетіндігі келтіріледі.

- Кейс бойынша негізгі сұрақтар (мәселелер) беріледі.

4. Қорытынды бөлім.

Ұсынған проблеманы шешудің талаптары келтіріліп, студенттерге тапсырмалар беріледі.

5. Қосымша.

Проблеманы шешу үшін қажетті ақпарат: компанияның қаржылық ахуалы (есебі) немесе активтері, құжаттардың көшірмелері, фотолар, компания өнімдерінің тізімдері немесе сипаттамасы, компанияның инфрақұрылымы, т.б.

Кейстің оқытушыларға арналған толық нұсқасына бұлардан басқа келесі мәліметтер де кіреді (олар алайда студенттерге арналған нұсқаларда жарияланбайды):

- проблемаларды шешудің мүмкін жолдары - кейстің негізінде жатқан оқиға нақты өмірден алынғандықтан, мұнда келтірілген ситуацияның жалғасы өмірде (практикада, өндірісте) қандай болғандығы сипатталады;

- оқытушыға арналған нұсқаулық (teaching note) - мұнда кейс авторының талдауы келтіріліп, студенттердің талқылау жұмысын қалайша ұйымдастыруға болатындығы туралы оқытушыға арналған кеңестер беріледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет