Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы



бет9/21
Дата01.03.2020
өлшемі1,87 Mb.
#59319
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21
Байланысты:
ИБО А.Алимов


Бірлесе оқудың элементтері

(Дэвид Джонсон және Роджер Джонсон құрастырған бірлесе оқудың элементтері келесі кітаптардан келтірілді:

1. Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген №5 оқу құралы. - Алматы, 1998. - 13 – 14 беттер.

2. Некоторые вопросы образования. Пер. с англ. - Алматы: Центр Демократического Образования, 2001. - 26 бет).
1. Өзара позитивтік тәуелділік.

Студенттер қандай да болмасын жұмыс пен тапсырманы орындау үшін және сәтті нәтижеге жету үшін бір-біріне тәуелді (жағымды тұрғыдан) екендігін, бір-бірімен байланысты екендігін сезінуі керек. Мұндай тәуелділікті студенттік топ ішінде келесі түсініктерді ұстану арқылы құрастыруға болады:

- студенттерге ортақ мақсаттар қою (студенттер тек өздері ғана оқымай, сонымен бірге өз жолдастарын да үйренуге ынталандырады),

- студенттер арасында еңбекті бөлу (жұмысты рөлдер немесе міндеттерге бөлу студенттердің ортақ жұмыстың нәтижесіне деген жауапкершілігін арттырады),

- студенттер арасында материалдарды, ресурстар немесе ақпараттарды топ мүшелері арасында бөлу (мұнда студенттердің назары ортақ түсінік құрастыруға бағытталады),

- студенттерге жауапкершілік жүктеу (түсінік құрастыру және сол ұғымды басқалардың игерілуі әр студентке байланысты деген идеяны ұстану),

- студенттердің шағын топтарын марапаттау (мадақтау мен марапаттау топтың әр мүшесіне оның жұмыс нәтижесіне қосқан үлесін ескерусіз теңдей бөлінеді).

2. Бетпе-бет тұрғыдан өзара әрекеттесу.

Аудиторияда студенттердің бір-бірімен әрекеттесуі үшін тиімді жағдайлар жасау қажет: парталарда студенттер бір-біріне бет қаратып отырып, оларда бірлескен әрекеттердің нәтижесін көрсетуге болатын материалдар болуы керек (плакат, маркерлер), оларға өзара әркеттесуді қажет ететін тапсырмалар беру керек. Студенттер бір-біріне жәрдемдесу, өзара пікір алмасу, бірін-бірі демеу, бірін-бірі үйрету арқылы өз оқуын жақсарта түседі.



3. Жеке жауапкершілік.

Топтың әрбір мүшесінің мақсаттары мен жауапкершілігін айқындау керек. Әр студенттің орындаған тапсырмасы жеке бағаланып (тест немесе жауап беру арқылы), оның нәтижелері топқа жарияланып отырады. Жауапкершілік тек жақсы оқитындарға ғана жүктеліп қоймай, барлық студенттерді де қамтуы қажет.



4. Тұлға аралық жұмыс дағдылары.

Үйренушілерде әлеуметтік дағдылар қалыптаспаса, олар тиімді түрде бірлесіп жұмыс жасай алмайды. Мұндай дағдылар оқу/оқыту процесінің басты мақсаттарына айналып, әр сабақтың негізін құрауы керек. Өзара әрекеттесу келесідей дағдыларды меңзейді:

- басқара білу,

- шешім қабылдау,

- сенімге негізделген қарым-қатынас құру,

- жанжалдардың алдын алу, оларға жол бермеу.



5. Топтың дамуы.

Топтардың өз мақсаттарына қалайша жететіндігін және өзара тиімді қарым-қатынасты қалайша құратындығын талқылау үшін студенттерге қажетті уақыт берілуі керек. Ұстаздың топтың дамуын келесі әрекеттерді қолдану арқылы жоспарлауына болады:

- Берілген тапсырманы орындауда топ мүшелерінің ұтымды үш әрекетін келтіру.

- Келесі сабақта топ жұмысының тиімділігін арттыруы мүмкін бір әрекетті келтіру.



2. Интербелсенді оқуды ұйымдастыру ережелері
Бірінші ереже. Аудиторияны жұмысқа дайындау.

Тиімді жұмыс жасау үшін аудиторияда (сынып бөлмесінде, кабинетте) компьютер, LCD- проектор, тақта (оған қоса жылжымалы тақта да болса тіпті жақсы) немесе интербелсенді тақта, қол астында бор, флип-чарттар (плакаттар), маркерлер, А-4 форматындағы қағаз болғаны дұрыс.

Аудитория үйренушілердің еркін түрде жұмыс жасауына қолайлы болуы керек. Мәселен, әр сабақта үйренушілер шағын топтар құрамын бірнеше рет өзгертуі ықтимал, сол себепті де парталар мен үстелдер олардың емін-еркін қозғалуына кедергі болмауы қажет.

Әдетте аудиторияда студенттер партаға екеуден отырып, жүздерін оқытушы жаққа беріп отырады. Бұлай отыру олардың бір-бірімен қоян-қолтық араласып, тиімді қарым-қатынас жүргізуіне жәрдемдеспейді: алда немесе арт жақта отырғанмен қалайша әңгімелесуге болады? Отырғанда студенттер бір-бірінің жүздерін көргені дұрыс, өйткені олардың әңгімелесетін, қандай да болмасын мәселені талқылайтын серіктері өз жолдастары болады.



Парталарды қоюдың да көптеген тәсілдері бар. Ең бастысы үйренушілердің бәрі де бір мезгілде сабақ жүргізушіні көре отырып, топ ішіндегі жұмысқа белсене араласуға мүмкіндік алуы керек (Кесте №11).
Кесте №11

Сабақта парталарды қою үлгілері



1. Бетпе-бет отырыс



2. Қарама-қарсы отырыс










3. Үш жақты отырыс



4. Дөңгелек үстел











Екінші ереже. Топқа бөлу.

Әр сабақта (әсіресе семинар және практикалық сабақтарда) студенттерді шағын топтарға бөліп, сол арқылы олардың бірлесе жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасау керек. Үйренушілерді шағын топтарға 4-6 адамнан бөлген тиімді, олар партаны жағалай бір-біріне бет қаратып отырады.

Топқа бөлу әдетте кездейсоқ түрде жасалынады. Алайда семестр бойы бір студент жолдастарының әрқайсысымен семестр бойы топ құрамында жұмыс жасап шығуы керек. Мұндағы басты мақсат - үйренушілердің бір-бірімен тиімді қарым-қатынас құрып, ортақ тіл таба білуіне ықпал жасау.

Топқа бөлуді әрекетке негіздеп, қызықты қылып өткізген жөн (топқа бөлу тәсілдері төменде беріледі).



Үшінші ереже. Мақсаттарды және күтілетін нәтижелерді айқындау.

Әр сабақтың басында бүгін қарастырылатын тақырып бойынша ұстаз өз тұрғысынан сабақтың мақсаттарын айқындап, үйренушілерден қандай білім, білік, дағды, әрекеттер күтетіндігін жеткізеді. Сонан соң үйренушілердің өздерінен сабақтан нендей нәтиже күтетіндерін құрастыруды талап еткен орынды. Бұл әрекет әр үйренушіде өзінің сабаққа тікелей қатысы бар екендігі туралы ойды нақтылап, оларды «Сабақта мен қандай білім ала аламын? Ол үшін мен қандай жұмыс пен әрекеттер атқаруым керек? Бұл білім маған қандай пайда бермек?» деген сұрақтар төңірегінде ой-толғаныс жасауға шақырады.



Төртінші ереже. Жұмыс ережелерін қабылдау.

Сабақ басында жұмыс ережелерін қабылдап (силлабуста келтірілгендерден басқа), оларды әрі қарай қатаң ұстану үйренушілерді тәртіпке шақырып, тиімді әрі үнемді түрде жұмыс жасауға қолайлы. Ол үшін әрбір шағын топ бұл мәселені 1-2 минут талқылап алғаннан кейін, олардың ұсыныстарын көлемді параққа (флип-чарт, плакат) түрлі-түсті маркерлермен жазып, аудиторияның көрнекті жеріне іліп қоюға болады. Ұстаз тарапынан емей, өздері құрастырып қабылдаған ережелерді үйренушілер мейлінше қадағалауға тырысады.

Ережелер сан-алуан болуы мүмкін, мәселен, жұмыс регламенты, реті мен тәртібін анықтайтын, алайда олардың дені бірлескен жұмыста силасымды қарым-қатынас құруға бағытталғаны жөн. Мәселен:

- Біреу сөйлегенде, оның сөзін бөлмейік!



- Тұлғаның жеке басын сынамай, көзқарас пен пікірді сынайық!

- Сабаққа кешікпейік!

- Қысқа да нұсқа сөйлейік!

- Уақытты үнемді әрі тиімді пайдаланайық!

- Берілген тақырыптан ауытқымайық!

- Біз үшін әрбір пікір құнды!

- Жекелей жұмыс жасағанда, бір-бірімізге бөгет жасамайық!

- Тыңдай білейік!

- Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайық!

Бесінші ереже. Сенім және жұмыс атмосферасын қалыптастыру.

Үйренушілерді психологиялық тұрғыдан интербелсенді оқуға дайындау қажет. Әдетте сабаққа келгендердің бәрі дерлік оқуға белсене араласып кетуге дайын емес, өйткені олардың өздерін ыңғайсыз әрі дискомфортты сезінуі мүмкін. Мұның себептері де баршылық:

- өзіне көтеріңкі жауапкершілік жүктеуі және содан қаймығу, жүрексіну,

- оң нәтиженің шығуына күмәндану,

- жазалаудан немесе күлкі/мазаққа жығылудан қаймығу,

- еріншектік пен шаршағандық (мәселен, бірінші сабақта ұйқысын аша алмау, немесе соңғы сабақта шаршау),

- назарын жинақтай алмау (мәселен, үзіліс кезіндегі оқиғалардың немесе алдыңғы сабақтың әсерінде болу).

Үйренушілердің сабақ барысында барлық шарттылықтардан арылып, ойлау аппаратын белсенділендіріп, жұмысқа толық ниеттеліп, қызу кірісіп кетуін бірінші мезетте ойсергектер арқылы жүзеге асыруға болады. Ойсергектер арқылы аудиториядағы үйренушілер өздерін жеңіл сезінеді, ашылады, әрқайсысы біртұтас ұжымның өкілі ретінде алда күтіп тұрған бірлескен күрделі жұмысты атқаруға дайындалады (Ойсергектердің үлгілері төменде беріледі).



Алтыншы ереже. Барлық үйренушілер жұмысқа қатынасады.

Интербелсенді әдіс аумағында өтетін сабақ мақсаттарының бірі бірлесе жұмыс жасау болғандықтан, әр қатысушының жұмысқа белсене қатысқандығы абзал. Үйренушілердің білім игеру жұмысының, оның ішінде әсіресе бірлескен жұмыс әрекеттерінің қызықты әрі тартымды екендігіне көздерін жеткізгені дұрыс. Сол себепті де сабақтың басты тәсілі ретінде топтық жұмыстарды тану керек.



Жетінші ереже. Тыңдай білу: барлық пікірлер тыңдалады.

Суырылып алға шығып сөйлегеннен гөрі, тыңдай білген қиын шығар. Топтық талқылау кезінде барлық үйренушілердің өз пікірін келтіріп, басқалардың оны мұқият тыңдап, оның пікірін силап, санасатын жағдай жасап отыру қажет. Мұндайда барлық қатысушылардың пікірі тыңдалуы керек.

Топтық бірлескен жұмыстан соң (талқылау, пікірлесу, ой қозғау, тапсырманы бірлесе орындау, т.б.) әр топқа өз пікірі мен көзқарасын жариялау мүмкіндігін беру керек. Ол үшін топ атынан бір үйренуші (оны «сөйлеуші», «шешен», «спикер», «капитан» деп атауға болады) берілген уақыт ішінде өз ойлары мен ұйғарымдарын ортаға салады.

Сегізінші ереже. Жазбаша жұмыстар.

Үйренудің басты мақсаты – тұлғаның дамуы, оның ішінде әсіресе ойлау қабілеті мен шығармашылық дағдылардың өркендеуі. Ал жазу (жазба жұмыстары) - ойлаудың шырқау биігі. Жазуда үйренуші сонымен қатар «Мен» тұрғысынан өзінің ішкі жан дүниесін ашып, оны асқақтата түседі. Сол себепті де әр сабақта жазу жұмыстарын жиі қолданып отырған орынды. Ал үйренушінің бүгінгі сабақта нендей және қандай дәрежеде білім алғанын, оның өсуі мен дамуын, яғни оның білімін бағалауды тек жазбаша жұмыстарды орындауынан ғана объективті түрде білуге болады. Жазу жұмыстары - студент білімін бағалаудың дәлелді нысаны.



Тоғызыншы ереже. Кері байланыс.

Кері байланыс дегеніміз сабақтың мазмұны немесе әдіс-тәсілдері, оның тиімділігі мен қандай дәрежеде өткендігі туралы үйренушілердің ой-пікірлері мен эмоциялары, олардың болашақтағы (келесі сабақтардағы) өз мұқтаждарын келтіруі. Бұл пікірлер оқытушыға өткізген сабағына баға беріп, оның ұтымды жақтары мен кем-кетіктерін анықтап, өз жұмысына өзгерістер енгізу мүмкіндігін береді.

Үйренушілер «Сабақ қалай өтті: қызық болды ма?», «Сіз үшін сабақтың құнды жәйттері қандай болды?», «Бүгін не нәрсеге үйрендіңіз (білдіңіз)?», «Бүгінгі үйренгеніңіз Сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба?», «Осы тақырып бойынша тағы да не білгіңіз келеді (қандай ақпарат көздерін оқисыз)?», «Қандай сұрақтарыңыз бар?», «Сабақтың өту барысы бойынша қандай пікірлеріңіз/ұсыныстарыңыз бар?», «Келесі сабақта қандай мәселелерге назар аудару керек деп ойлайсыз?» деген сұрақтарды ауызша талқылағаннан кейін, оларға жазбаша жауап берумен жалғастыруы мүмкін. Жауаптарды, мәселен, «Шығу парақтары» тәсілі бойынша беруге болады. Әдетте жауаптар анонимді түрде беріледі.

«Шығу парақтарында» студенттердің сабақ бойынша келесідей сауалдарға жауап бергені орынды:



  • Білдім (Білдім және түсіндім)

  • Білгім келеді

  • Ұнады

  • Ұнамады

  • Сұрақтарым

- өзіме

- оқытушыға

- басқа студенттерге


  • Пікірім

  • Тілектерім

- өзіме

- басқа студенттерге

- оқытушыға


  • Өз жұмысыма деген көзқарас

- Мен қалайша жұмыс жасадым?

- Өз жұмысыма көңілім тола ма?

Бұл жерде әр «Шығу парақтарында» үш сұрақ/сауалдан аспағандығы орынды екендігін естен шығармау керек.

Үйренушілердің пікірлері мен қойған сұрақтары оқытушы тарапынан ескеріліп, келесі сабақты соларға жауап берумен бастау мүмкіншілігін береді.

Кері байланыс ұстаз бен студенттердің арасында сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға бағытталады. Сонымен қатар ол өткен сабақты бағалау мен талдаудың, келесі сабақты жоспарлаудың тиімді түрі болып табылады.
2.1 Ойсергектер
Танысу ойсергектері

Интербелсенді оқу/оқыту оқытушы мен студенттер арасында сенімге толы, терезелері тең тұлғалардың қоян-қолтық араласуын үйрену процесінің басты қағидаларының бірі ретінде танып, студенттермен тез тіл табысып кетуді қажет етеді. Осы бағытта оқытушыға әрбір студенттің есімін жадында сақтап қалуда танысу ойсергектері жәрдемдеседі.

Студенттердің жаңа ұжымымен жұмыс ұйымдастыру алдында немесе семестр басында келесідей ойсергектерді ұйымдастырған тиімді.
Биографиялық поэма (Биопоэма)

Тақтаға немесе әрбір студентке параққа жазылып, өзі туралы келесідей сауалдарға жауап беру тапсырылады:

1. Есім (Өз есіміңізді келтіріңіз).

2. Мен қандаймын? (Өзіңізді сипаттайтын үш сын есім келтіріңіз).

3. Сүйікті іс-әрекеттерім (Қол боста айналысуды құмартатын үш әрекетіңіз, хобби).

4. Неден қорқамын, сескенемін? (Өмірдегі қорқыныш пен қауіптеріңіз).

5 Өмірлік қағидам (кредо). (Өмірде ұстанатын басты қағидаңыз, ұраныңыз).

6. Сүйікті есімдер (Қандай есімдерді ұнатасыз?).

7. Сүйікті тағамдар (Қандай тағамдарды ұнатасыз?).

8. Фамилия.

Бұл тапсырманы орындауға студенттерге 2-3 минуттай уақыт берілген соң, олар жазғандарын шағын топ ішінде немесе бүкіл аудиторияға (егерде студенттер саны аз болып немесе уақыт жеткілікті болса) оқып береді. Биопоэмаларды оқығаннан кейін, студенттердің бір-біріне сұрақтар қойып, таныстығын тереңдете түскені дұрыс.

Бұл тәсілді бастары жаңадан қосылған студенттермен ғана қолданбай, бұрыннан бір-бірін білетін топ ішінде де қолдануға тиімді, өйткені көп жағдайда келтірілген сұрақтар студенттерді бұрын ескерілмеген жаңа бір қырынан ашады.

Биопоэма сұрақтарын түрлендіріп әрі толықтырып жіберуге де болады. Мәселен, олардың қатарына П.Макдермот«Мен қандай туыспын?» деген сұрақты қосады, студенттер мұнда өздерін туыс ретінде атайды («Мен әке-шешемнің ұлымын/қызымын, немере, аға/әпке, іні/қарындас не сіңлі, бауырмын» деген секілді). Мұнымен қатар автор сүйікті заттарды, басынан кешкен сезімдерді, қол жеткізген табыстарды, көргісі келген немесе құмартатын нәрселерді (заттарды), туған жерін (немесе тұрғылықты жерін) атауды ұсынады.

Мұнда биопоэмада «Сүйікті гүлдеріңізді (пәндер, түстер, спорт түрлері, ақындар, жазушылар, актерлер, әншілер) атаңыз» секілді тапсырма да беруге болады.



Бұл тәсіл Питер Макдермоттың (АҚШ) «Используя автобиографическое письмо для развития критического мышления» атты мақаласы бойынша келтірілді (Письмо: От истоков к настоящему/Сб.выступлений ІІІ Национальной конференции по чтению. – Алматы: Фонд «ХХІ век», 2003. – 158-163 беттер).
Қар көшкіні

Қатысушылар орындарынан тұрып, шеңбер құрайды. Оқытушы да студенттер арасынан орын алады. Әрбір қатысушы өз есімін атап, оған бастапқы әріптен басталатын бір сын есімін (эпитет) қосады. Мәселен, «Айгүл» есімі «А» әрпінен басталады, яғни Айнаш өз есіміне «алғыр» (немесе «алғыр», «айбынды», «асқақ», «айлалы», «арынды», т.б.) сияқты сын есімді қосады. Келесі студент те дәл осылай өз есімін атайды, оған сын есім қосады да, алдында тұрған барлық студенттердің есімдері мен эпитеттерін қайталап шығуы керек: «Алғыр Айнаш, думанды Дәмеш, сабырлы Сейітжан, әділ Әбілғазы, асқар Асан, реңді Рызуангүл, жалынды Жомарт! Ал мен - берекелі Бақытпын!».

Бұл тәсілді қолданғанда студенттерге мұқият тыңдау мен зейін қою қасиеттерін іске қосу қажет. Оқытушының танысуды өзінен бастауына болады, ал егерде ол студенттерге өзінің жады мен есте сақтау қабілетін көрсеткісі келсе, онда ең соңында жауап береді.

Бұл тәсіл «Методическое пособие для тренера. Программа «Street Law» (Сост. Мухтарова А.К., Булуктаев Ю.О., Калинина А.А., Асанбекова Г.С. – Алматы: Фонд «ХХІ век», 2001. – 153 с. кітабынан алынды.
Есім-акроним

Әр студент өз есімінің бастапқы әріптерінен өзін сипаттайтын (немесе өзіне тән) сын есімдер (эпитеттер) келтіруі керек. Мысалы, Айгүлдің былай деп жазуына болады:

А – алғыр

И – инабатты

Г – гүлденген

Ү – үлбіреген

Л – лапылдаған.

Тапсырма орындалғаннан кейін, әр студент өз жазғандарын жариялайды.


Есім әріптерінен басталатын сөйлем

Студенттер өз есімдерінің бастапқы әріптерінен сөйлем құрады. Мысалы, Айгүлдің мынандай сөйлем келтіруіне болады: «Айшықтай иілген гүл үзіле лүпілдейді». Тапсырма орындалғаннан кейін, әр студент өз жазғандарын жариялап, басқалар олардың есімдерін атайды.

Бұл тапсырманың алдыңғы тәсілге қарағанда анағұрлым қиын екендігін ескеру керек, сол себепті де мұнда студенттер келтірген сөйлемдердің құрылымы мен мағынасына аса сын көзбен қараудың қисыны жоқ. Бұл жұмыстың басты мақсат – танысу, көңіл-күйді көтеру деп түсінген абзал.
Өзі туралы кластер

Студенттер танысу үшін өздері туралы кластерлер құрастыруы керек. Олар парақтың ортасындағы шеңберге өз есімдерін жазып, одан таратылатын шеңберлерге өздерінің өмірде «ойнайтын» бес негізгі рөлін жазады. Мысалы, жанұяда: біреудің баласы, әкесі, бауыры, ағасы; оқуда: студент, шәкірт, курстас жолдас; сабақтан тыс уақытта: дос, жолдас.



Әр рөлден туындайтын шеңберлерге өзінің осы рөлдегі ахуалын сипаттайтын сын есімдерді жазады.
Сурет №1

Жұмыс аяқталғаннан кейін студенттер өз жазғандарын жариялайды: топ ішінде талқылайды немесе қабырғаға іліп қояды, басқалардың сұрақтарына жауап береді.

Бұл тәсіл «Казахстанская Ассоциация по чтению. Материалы тренинга «Лидерство и менеджмент», 4-8 января 2004 года, Алматы» кітабынан алынды.
Кесте толтыру

Танысу алдында әрбір студент келесідей кесте толтырады:


Кесте №12



Менің өмірім



Маңызды мезеттері

Туған жерім, мекен-жайым





- Туған жерім: Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылы.

- Мен қазір Талдықорған қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 35 үйде нағашы апайымның үйінде тұрамын


Менің жанұям





- Біздің жанұяда алты жан бар: әкем, анам, мен, үлкен ағам мен әпкем, қарындасым 10 сыныпта оқиды.


Менің ермегім (хобби)





- Қолым боста мен шым-шытырық оқиғаларды оқығанды ұнатамын. Маған әсіресе детективті романдар ұнайды. Сүйікті авторларым – А.Кристи, Г.Честертон, Ж.Сименон.

Менің достарым





- Ауылда менің Әбілғазы мен Сейітжан деген достарым бар, ал Талдықорғандағы достарымның есімдері – Мұрат, Жүніс және Сейілхан.


Өмірімнің қызықты мезеттері





- Бала кезде бірінші рет Ақтау қаласына Біржан ағамыздың үйіне барып, сол жерде Каспий теңізінде балық аулағанымыз есімде қалды.

- Бірінші курста Астана қаласында студенттердің форумына қатысуым.

Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін студенттер шағын топ ішінде өз кестелерін бір-біріне оқып, оларды талқылайды. Әр топтан бір-екі студенттің кестесі бүкіл аудиторияға жарияланады.


Қарама-қарсы

Студенттер екі сапқа бөлініп, бір-біріне қарама-қарсы тұрады, екі минут ішінде олар қарсы тұрғанмен әңгімелеседі, бір-біріне сұрақ қояды. Берілген уақыт аяқталған соң, оқытушы бір саптың оң жаққа, ал екінші саптық сол жаққа бір қадам жылжуын сұрайды. Студенттердің жұптары өзгеріп, олар басқалармен сұхбаттасады (шетте тұрғандар саптың басына оралады).

Осылайша студенттер бір-бірімен танысып шыққанша жылжи беруге болады.
Қос шеңбер ішінде танысу

Студенттер екі шеңберге (ішкі және сыртқы) бөлініп, бір-біріне жүзін қаратып тұрады. Ішкі және сыртқы шеңберде бір-біріне қарап тұрған студенттер бір-бірімен әңгімелесіп, танысады. Берілген уақыт өте студенттер жұптарымен алмасады: ол үшін бір шеңбердің оңға немесе солға бір қадам жасауы керек.


Өзіңнің таңбаңды (герб) жаса

Студенттер бір парақ қағазда келесідей фигураны сызып, оның ішіндегі бөліктерге өздері туралы келесідей деректерді жазады:

- Өз қолыңызбен жақсы жасай білетін екі заттың суретін салыңыз (жиһаз, тағам түрі, тоқыма түрлері).

- Өзіңізді жақсы сезінетін бір жердің суретін салыңыз (үй, бөлме, табиғат аясы).

- Өміріңіздегі ең үлкен жетістіктердің суретін салыңыз.

- Өміріңізге ең елеулі ықпал жасаған үш адамның суретін салыңыз.

- Өмірде қандай жетістіктерге қол жеткізгіңіз келеді? Бір сөз жазыңыз.

- Өзіңіз туралы естігіңіз келетін үш жағымды сөз жазыңыз.


Сурет №2

Студенттер өз таңбаларын жасап бітіргеннен кейін олар шағын топ ішінде суреттерін талқылап, сұхбаттасады.



Бұл тәсіл «Методическое пособие для тренера. Программа «Street Law» (Сост. Мухтарова А.К., Булуктаев Ю.О., Калинина А.А., Асанбекова Г.С. – Алматы: Фонд «ХХІ век», 2001. – 153 с.) кітабынан алынды.
Жағымды психологиялық сезім қалыптастыратын және көңіл көтеретін ойын түріндегі ойсергектер
«Өзіңе тілегенді - басқаларға тіле!»

Әр студентке 10-15 секунд уақыт аралығында ішінен өзіне бір немесе бірнеше ізгі тілек тілеу тапсырылады. Содан кейін қатысушылар жұпқа бөлініп, бір-бірінің қолынан алып, жаңағы өзіне тілегенді жұптасына айту керек. Оқытушының да бұл іске қатынасқаны дұрыс.


Қөңіл-күйді анықтау

Сабақ басында студенттер бір параққа өзінің көңіл-күйін келтіретін сурет салады: суретте олар адамның бет-әлпетін келтіруі керек (мәселен, күліп немесе езу тартып тұрған, қабағын түйіп тұрған, бейтарап, т.б). Олар суреттерін бір-біріне көрсетеді. Оларға сабақтың аяғына дейін көңіл-күйлерін көтеріңкі деңгейге жеткізу жұмысы тапсырылады.

Немесе көңіл-күй табиғат құбылыстары арқылы көрсетуге болады: жарқырап күн шығып тұр, аспанды бұлт торлаған, жаңбыр немесе қар жауып тұр, т.с.с.
Аудиториядағы заттар

Студенттер аудиториядан қандай да болмасын бір затты таңдап, бір минут ішінде оны өзіне немесе өзінің көңіл-күйіне ұқсастығын ойластырып, топ ішінде бір-біріне айтып беруі керек. Мысалы, «Мына төбедегі шам маған ұқсас екен: менің де көңілім қазір жарқырап тұр!»

Қалауы бойынша кейбір студенттердің әңгімесін (немесе әр топтан бір студенттің) бүкіл аудиторияға да жариялауды сұрау керек.
Өзгертулерді тап!

Студенттер жұптарға бөлінгеннен кейін оларға келесідей тапсырмалар беріледі:

- Жұбыңызға қарама-қарсы тұрып, бір-біріңізге 10-15 секундтай қарап алыңыздар.

- Енді сырт айналып, бір-біріңізге арқа беріп тұрыңыздар. Сыртқы пішініңізге (киіміңізге, шашыңызға) қандай да болмасын 3 өзгерту (немесе 5 те болады) енгізіңіз.

Бұл жерде студенттер шаштарының жатуын өзгертіп, сыртқы киімін, сағат, сырға немесе көзілдірігін шешіп немесе киіп, сыртқы пішіндерін өзгертулері керек.

- Екі жақ та өзгертулерді аяқтағанда, бір-біріңізге қараңыздар да, сол өзгертулерді табыңыздар.



(Бұл ойсергек «Step by step» бағдарламасы практикасынан алынды)
Сөздерден әңгіме құрастыру

Студенттердің әрқайсына қандай да болмасын бір-бір сөз ойлауды тапсырып, бірнеше секундтан кейін ол сөздерді (жалпы саны 15-20 сөздей) тақтаға жазып, студенттердің шағын топтарына осы сөздерді қолданып, 2 минут ішінде студенттер өмірін суреттейтін ауызша әңгіме құрастыруды ұсыну керек. Әңгімеде топ студенттерінің және оқытушылардың есімдері міндетті түрде аталуы керек.



(Бұл ойсергек «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы практикасынан алынды).
Көршінің суреті

Студенттер дәптерін төбесіне (басына) қойып, өзінің жұптасына қарап отырып, берілген қысқа уақыт ішінде (1-1,5 минут) оның суретін салуға тырысады. Суретті салып бітіргенше, дәптерге қарауға болмайды. Әрине, салған суреттердің қисық-қыңыр болатындығы сөзсіз, алайда олардың студенттерге қызық болып көрінуі сөзсіз. Студенттер сурет салынған парақтарға өз қолдарын қойып, бір-біріне тарту етеді.



(Бұл ойсергек «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы практикасынан алынды).

Қозғалыстағы сурет

Бұл ойсергек алдыңғыға ұқсас. Алайда суретті енді қозғалыста салу керек. Ол үшін студенттер қолдарына дәптер мен қаламсаптарын алып, шеңберлене тұрады, сол жаққа бұрылып, аудитория ішінде шеңберді бұзбай жүре бастайды. Олар алдында тұрғанның арқасына дәптерін қойып, арттағы студенттің суретін салуға тырысуы керек. Бұл жерде келесідей ережелерді сақтаған орынды:

- Тоқтауға болмайды!

- Шеңбер жүруін тоқтатқанша суретті сала беру керек.

- Суретке ренжуге болмайды!

Студенттер сурет салған парақтарға өз қолдарын қойып, суреті салынғандарға тарту етеді.



(Бұл ойсергек «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы практикасынан алынды).
Атомдар мен молекулалар

Молекулалар атомдардың жиынтығы екендігі баршаға да мәлім.

Студенттер аудиторияның бос жеріне жиналады. Ойынды жүргізуші «Атомдар!» деп дауыстағанда, олар бір-бірімен араласып, әрілі-берілі жүруі керек, өйткені олар қазір броундық қозғалыстағы атомдар іспетті. Ал жүргізуші «Молекулар!» деп айтып, бір санды атаса (мәселен, үш немесе төрт, бес, алты), студенттер сол аталған сан құрамында топтарға жедел түрде бірігуі керек. Қалыс қалған студенттер (топ құрамын аталған саннан кем құрғандар) айып ретінде бір тапсырма орындайды: өлең оқиды, ән айтады, т.с.с.

Ойынның нәтижесінде құралған топтар сол құрамда парталарға да отыруына болады: олар сабақты осы құрамда жалғастырады.



(Бұл ойсергек «Street Law» бағдарламасы практикасынан алынды)
Комплименттердің бұрқасыны

Студенттер берілген уақыт ішінде (1-1,5 минут) бір парақ қағазға өздерінің сүйікті адамдарынан естігісі келген комплиментті жазады. Комплименттердің жеке сөздер (эпитеттер) түрінде болмай, толық сөйлемдер түрінде болғаны дұрыс. Жазып болған соң студенттер бұл парақтарды умалақтап, домалақ қармен атқыласқандай оларды бір-біріне лақтыруы керек. Содан кейін оқытушы студенттерге бір-бірден «қар домалағын» ашып, оларды оқуды тапсырады.

Комплименттерді барлық студенттердің кезектесіп оқуына да болады.

(Бұл ойсергек «Step by step» бағдарламасы практикасынан алынды)
Қос шеңбердегі комплименттер

Студенттер екі шеңберге (ішкі және сыртқы) бөлініп, бір-біріне жүзін қаратып тұрады. Ішкі және сыртқы шеңберде бір-біріне бет қаратып тұрған студенттер кезектесіп бір-біріне комплимент айтуы керек. Содан кейін ішкі шеңбердегілер оң жаққа бір адым жасап, алдында алмасып тұрған басқа студентпен комплименттермен алмасады.


Екі қолды жұмысқа жұмылдыру

Студенттер екі қолына да қаламсап алып, бір мезгілде екі қолымен келесідей әрекеттерді атқарады:

1. Оң қолымен бес үшбұрыш, ал сол қолымен бес төрт бұрыш салады.

2. Оң қолымен бес шеңбер, ал сол қолымен бес үш бұрыш салады.

3. Оң қолымен өзінің есімін, ал сол қолымен фамилиясын жазады. Бұл жерде жазуды оңайлату үшін есім мен фамилиядағы әріптер санын теңдестірген дұрыс: егер фамилия ұзын болса, ондағы «-ов/-ев», «-ова/-ева» жұрнақтарын алып тастап, есімге «жан» түбірін қоса болады.

Студенттерге салғандары мен жазғандарының олқы шыққандығына назар аудармауларын ескерту керек. Мұнда ең бастысы - жазудың өзі, сол себепті де тоқтамай, әрекеттене беру керек.

Бұл ойсергектің мақсаты келесідей:

Әдетте оңқайлардың (оң қолымен жұмыс жасайтындардың) миының сол жақ жарты шары жұмысқа жұмылдырылады да, ал оң жағы жұмысқа белсене араласпайды. Екі қолмен бір мезгілде әртүрлі әрекеттер жасағанда, мидың екі жағы да іске жұмылады екен.


Ән шырқау

Студент топтарына ел арасында көп тараған, кеңінен таныс әндердің бір шумағы мен қайырмасы жазылған карточкалар таратылып беріледі. Студенттердің әр тобы тез арада дайындалып, кезекпен карточкаларда келтірілген әндерді бірлесе орындауы керек.

Студенттерге Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғиса Тілендиев секілді танымал композиторлардың әндерін ұсынған орынды («Ақ бантик», «Армандастар», «Атамекен», «Өз елім», т.б.).
Мадақтау

Студенттер екі топқа бөлінеді де, әр топ бір минут ішінде қарсы топ пен оның мүшелеріне мақтау мен комплимент айтуға дайындалуы керек. Олар басқа топтағы әрбір студенттің сыртқы пішінінен, адами қасиеттерінен, сабақ үлгерімінен тек жағымды жақтарын атауы қажет.

Уақыт өткен соң екі топ кезектесіп бірін-бірі мақтайды.

Логикалық ойлауға негізделген ойсергектер

(жұмбақтар, есептер, мәселелер)
Орны ауыстырылған әріптер

Тақтаға әріптерінің орны ауысып кеткен студенттердің бірнеше есімі (немесе географиялық атаулар, белгілі адамдардың есімдері, т.б.) жазылады:

ЙТНЖСІЕА (СЕЙІТЖАН)

ААЫНҚТБЖ (БАҚЫТЖАН)

РАЛМҮИГ (ГҮЛМИРА)

МАОТРЖ (ЖОМАРТ).

Студенттер жасырылған есімдерді табу керек.
Тақырыпты жасыру

Бұл ойсергек алдыңғыға ұқсас. Сабақ тақырыбы тақтаға әріптерінің орны ауыстырылып жазылады, мәселен:

«Ққааз тнңііееәидб удма рікееедңз» - «Қазақ әдебиетінің даму кезеңдері».

Студенттер жасырылған тақырыпты табу керек.


Жұмбақтарды шешу

Студенттердің ойлау қабілеттерін сабақ тақырыбына жұмылдыру үшін оларға қысқа уақыт ішінде (1-2 минут) қызықты жұмбақтарды шешу жұмысын тапсырған орынды.


Халық жұмбағы.

Бір қырдың басында тұрған қойшы екінші қырдың басындағы басқа қойшыға айқайлайды:

- Ей, Дүйсенбай! Егерде сен маған бір қойыңды берсең, онда менің қойым сенікінен екі есе көп болады!

Дүйсенбай болса былай деп тіл қатады:

- Жоқ, Сейсенбай! Оданша сен маған бір қойыңды бер: сонда біздің қойымыз тең болады!

Сұрақ: Екі қойшыда қой саны қаншадан болған?

Студенттер жұп ішінде ойланып, аз уақыт ішінде жауап беруі керек.
Жауабы: Біреуінде – бес қой, екіншісінде – жеті қой.

(Бұл жұмбақ Мұрат Құрмановтың жинағандарынан алынды).
Хирург

Автомобиль авариясында бір жігіт қатты жарақат алады, ал қасында отырған әкесі мерт болады. Жігітті жедел түрде ауруханаға жеткізеді. Алайда алдарынан шыққан хирург бұл жігітке операция жасаудан бас тартты:

- Мен өз балама операция жасай алмаймын! – деп.

Сұрақ: Хирург жігітке кім боп келеді?


Жауабы: Хирург – жігіттің шешесі.
Сөзжұмбақ

Тақтаға келесідей сөздер жазылады: «Бірлік, бекінген, күш, төрткүл, әбестік, қалтырау, жетіген, қонақ, келу, жүзім, жымыңдаған».

Сұрақ: Бұл сөздерді қандай жәйт біріктіреді?
Жауабы: Келтірілген сөздердің барлығында сан есімдер жасырылған: «Бірлік, бекінген, күш, төрткүл, әбестік, қалтырау, жетіген, қонақ, келу, жүзім, жымыңдаған».
Джон және Билл

Джон және Билл бір бөлмеде болғанды. Кенет есік ашылды да, сынған әйнектің сыңғыры естілді. Джон Билге қарап еді, Билл өліп жатыр екен.

Сұрақ: Билл неліктен мерт болды?

Студенттерге бұл жұмбақтың шешуін тек сұрақ қою арқылы шешуге болатындығын ескерту керек. Сол себепті де студенттер сұрақ қойып, ал оқытушы олардың барлығына да бүкпесіз түрде жауап беруі керек: ол тек дұрыс жауапты ғана айтпайды, өйткені оған студенттердің өздері жетуі керек.


Жауабы: Есік желдің лебінен ашылып, үстелде тұрған аквариум еденге құлап, сынып қалды. Ал Билл – балық болатын.

(Бұл жұмбақ «Перемена» /2001, №2/ журналынан алынды).
Сандық жұмбақ

Студенттер шағын топ құрамында екі минуттың ішінде келесі есептің шешімін табу керек: «Сұрау белгісінің орнына қажетті сан қойыңыз».


Сурет №3


14

84




16

?




12

60




10

40

Жауабы: 112.



(Әрбір доминодағы төменгі сан жоғарғы санды квадратқа шығарып, содан кейін оны екіге бөліп, одан жоғарғы санды алып тастауынан құралады: 16²=256; 256:2=128; 128-16=112).

(Бұл жұмбақ келесі кітаптан алынды: Г.Дж.Айзенк. Узнай свой собственный коэффициент интеллекта. - М.: «Ай кью», 1996. – 160 с. – С.82)

Осы секілді сандарға негізделген жұмбақтарды оқытушының өзі құрастыруына болады.


Сөздік жұмбақ

Студенттер шағын топ құрамында бір минуттың ішінде келесі сөздік есептің шешімін табу керек:

- «Бірінші сөзді бастап, екінші сөзді аяқтайтын сөзді табыңыздар»:

О (...) ЫҚ
Жауабы: БАЛ.

(Бірінші сөз – «обал», екінші сөз – «балық». Жақша ішіндегі нүктелер қажетті сөздегі әріп сандарын білдіреді).

Мұндай жұмбақтарды әрбір оқытушының өзі көптеп келтіруіне болады.


Сөзді тап

Студенттер шағын топ құрамында бір минуттың ішінде келесі сөздік есептің шешімін табу керек: «Жақша ішінде тасталып кеткен сөзді табыңыздар».


ақпан (қала) алқоры

рақымшыл (......) қамқорлық
Жауабы: Қармақ.

(Мысал ретінде берілген жоғарғы қатарда ортадағы сөз бірінші және екінші сөздердің екі әрпін кері оқудан құралады: ақпан – «қа», алқоры – «ла». Ал төменгі қатардағы сөз екі сөздің үш әрпін керісінше оқығаннан құралады: рақымшыл – «қар», қамқорлық – «мақ». Жақша ішіндегі нүктелер қажетті сөздегі әріп сандарын білдіреді).

Мұндай жұмбақтарды әрбір оқытушының өзі көптеп келтіруіне болады.


Буриме

Буриме деп берілген ұйқастарға өлең жолдарын (тармақтарын) құрастыруды атайды. Мысалы, оқытушы тақтаға өзара ұйқасқан бірнеше сөзді тігінінен жазады:



кезімнен

көзіңнен

ұмыттың

үміттің.

Осы ұйқастарды қолданып, студенттердің әрқайсысы бір шумақ өлең жазуы керек. Берілген уақыттан кейін (1-1,5 минут) өлеңдер топ іштерінде оқылып, ең сәтті шыққандары бүкіл аудиторияға оқылады. Аяғында оқытушы Тұманбай Молдағалиевтің «Әнім сен едің» атты өлеңінің осы ұйқастар алынған шумағын оқып беруіне болады:



Құрбым, жан құрбым, бала кезімнен,

Бақыт көріп ем қара көзіңнен...

Кеттің ұмытып, мәңгі ұмыттың...

Жібін үздің ғой нәзік үміттің.
«Өзіңді таны» тақырыбында психологиялық тест түріндегі ойсергектер
Мен қандаймын?

Студенттер 1-ден 10-ға дейінгі сандарды бір мезгілде екі қолымен жазуы керек: мәселен, оң қолымен де, сол қолымен де «1» санын, одан кейін «2» санын және әрі қарай жалғастырып. Жазу барысында қалай жазылғандығына (әдемі, нашар) назар аудармау керек. Содан кейін олар жазғандарының ішінен жазылуы бір-біріне ұқсас бір жұп санды таңдауы керек.

Оқытушы енді студенттерге олардың жеке бастарының қасиеттерін сипаттайтын келесідей тізімді оқып береді:

- егер «1» сандары ұқсас келсе, онда бұл адамдар – эгоистер дегенді білдіреді;

- «2» сандарының ұқсастығы бұл студенттердің іскер адамдар, болашақ басшылар екендігін меңзейді;

- егер «3» сандары ұқсас келсе, онда бұлар - бейбіт өмірді жақтайтын, әрқашан да бітімге келе білетін адамдар;

- егер «4» сандары ұқсас келсе, онда бұл адамдар - өздері өз басына қиыншылық туғызып, оларды өздері жеңе білетін адамдар;

- «5» сандарының ұқсастығы бұл студенттердің ақылды екендігін көрсетеді;

- егер «6» сандары ұқсас келсе, онда бұлар өз жынысының озық өкілдері: нағыз еркек немесе нағыз әйел;

- егер «7» сандары ұқсас келсе, онда бұл адамдар жан-жақты дамыған;

- егер «8» сандары ұқсас келсе, онда бұл адамдар қауіпті дегенді білдіреді;

- «9» сандарының ұқсастығы бұл адамдарға сенім артуға болады дегенді білдіреді.

Әрине, бұл жерде мұндай тестердің барлығы да әзілге негізделетіндігін ұмытпау керек.
Үй, жол, жылан, бокал, шалбар және орамал

Студенттерге келесідей ережелерді қадағалап отырып, сурет салатындығы ескертіледі:

- Бұл жұмыста Сіздер өз бейсаналарыңыздың хатшысы іспеттес боласыздар, сол себепті де еш ойланбай, қорықпай, берілген тапсырманы тездетіп орындауға тырысыңыздар.

- Сурет салу тапсырылғанда, «Қалай саламын? Суреттер қандай болу керек?» деп сұрауға болмайды: өз қалауларыңыз бен шешімдеріңіз бойынша салу керек.

- Суреттерді тез салу керек, өйткені оларды салуға уақыт өте аз беріледі.

- Суреттерді салғанда, басқалардың суреттеріне қарауға болмайды.

Осыдан кейін студенттерге үй, жол, жылан, шарап ішетін бокал, шалбар мен әйелдердің басына тағатын орамалды кезекпен салуға тапсыру керек: әр затты салуға мейлінше аз уақыт беріп (5-10 секундтай ғана), студенттерді асықтырып, жұмыстарын жеделдетіп отырған жөн.

Студенттер салынып біткен суреттерін бір-біріне көрсеткеннен кейін, оқытушы олардың келесідей мағына білдіретіндігін айтады:

Үй – адамның өзін-өзі бағалау деңгейін көрсетеді.

- Егер үйдің суреті кең әрі биік болса, онда бұл студенттің өзін-өзі бағалау деңгейі жоғары деп есептеуге тұрарлық.

- Егерде үйдің есік-терезелері бар болса, онда бұл студент - қарым-қатынасқа ашық адам.

- Егерде үйдің есігі ашық болып немесе оның тұтқасы бар болатын болса, бұл жәйт студенттің қонақжай екендігін білдіреді.

Жол – адамның қарым-қатынасқа қандай деңгейде араласатындығының айғағы.

- Егер жол кең, әрі үйдің есігінен басталатын болса, бұл адамның қарым-қатынасқа бейім және қонақжай екендігін көрсетеді.

- Ал егерде жол тар немесе үйдің қасынан (үйге бұрылмай) өтіп жатса, онда бұл жәйт адамның қарым-қатынасқа оңай кірісіп кетпейтіндігін білдіреді.

Жылан – «Басқа адамдардың мен туралы пікірі қандай?» деген сұраққа өзіңіздің қалайша жауап беретініңіздің айғағы.

- Егер жылан үй жаққа қарап тұрса, әрі оның айрық тілі аузынан көрініп тұрса, онда Сіз «Басқалардың мен туралы пікірі жақсы емес: олар күні бойы мені жамандаудан басқа іспен айналыспайды екен» деген ойдасыз.

- Ал егер жылан үй жаққа қарап тұрмаса, онда Сіз «Басқалардың мен туралы ойы жаман емес» деген ұстанымдасыз.

Бокал – адамның ішімдікке деген көзқарасын білдіреді.

- Егер салынған бокал үлкен әрі толтырылған болса, бұл суретшінің ішімдікке деген көтеріңкі ықыласын көрсетеді.

- Керісінше, бокалдың суреті кішкене болып, оның іші бос болса, онда мұны салған адамның ішімдікке немғұрайды болғаны.

Шалбар мен орамал – студенттің түсінігіндегі ер адамдар мен әйелдердің дәрежесін көрсетеді.

- Егер шалбардың суреті орамалдан биік тұрса, онда студент өмірде ер адамды әйелдерден жоғары санайды деген сөз.

Мұндай тестер әзілге негізделетіндігін ұмытпау керек.

(Бұл ойсергек «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы практикасынан алынды).
Адамның суреті

Студенттерге адамның бет-әлпетінің суретін салу тапсырылады. Салынып біткен суреттерді студенттер бір-біріне көрсетуі керек. Осыдан кейін оқытушы бұл суреттердің қандай мағына білдіретіндігін айтып береді:

- Салған адамның көздері үлкен болса, онда бұл суретті салған студент өте сезімтал адам (эмоционалды).

- Ал егер адамның аузы үлкен болса, онда бұл студенттің қарым-қатынасқа өте жеңіл кіре алатын адам болғаны.

- Құлағы үлкен болса, бұл жәйт студенттің басқаларды тыңдай білетіндігін меңзейді.

- Шашының қалың болғандығы студенттің ойшыл екендігін көрсетеді.

- Егерде суретте адамның денесі де келтірілетін болса, онда студенттің шығармашыл болғаны.

- Егер суреттегі адамның қолында гүл бар екендігі салынса, онда бұл студенттің ашылмаған құпия сыры бар деген сөз.



Мұндай тестер әзілге негізделетіндігін ұмытпау керек.
Үйдің суреті

Бұл ойсергекте студенттерге үйдің суретін салу тапсырылады. Әдеттегідей студенттер салынып біткен суреттерін бір-біріне көрсеткеннен кейін, оқытушы олардың қандай мағына білдіретіндігін айтады:

- Егер сурет қатты шимайланбай салынса, онда суретшінің өз-өзіне сенімді екендігін білуге болады.

- Егер үйдің терезелері кең, үлкен болса, ол студенттің мазасыздығын көрсетеді.

- Есіктегі тұтқа суретшінің қонақжай екендігін білдіреді.

- Үйдің баспалдақтары болса немесе үй алдына жол салынса, ол студенттің қыдырымпаз адам екендігін білдіреді.



Мұндай тестер әзілге негізделетіндігін ұмытпау керек.
Дельфин

Студенттерге келесідей тапсырма беріледі:

- Сіз өзіңіздің ашық теңізде дельфинмен бірге жүзіп жүргендігіңізді көз алдыңызға елестетіңіз. Өзіңіздің осы жағдайдағы үш сезіміңізді дәптерге жазып қойыңыз да, жазғандарыңызды басқаларға көрсетіңіз.

Осыдан кейін студенттерге «дельфин» бейнесі адамның өмірлік серігінің (күйеуінің, жұбайының) символы екендігін хабарлаңыз, яғни студенттердің келтірген сезімдері олардың болашақта отбасы құрғанда өздерін қалайша сезінуі мүмкін екендігін көрсетеді.



Мұндай тестер әзілге негізделетіндігін ұмытпау керек.
2.2 Топтарға бөліну
Қағаз қиындылары

Бірнеше құттықтау қағаздардың әрқайсысын (немесе ақ парақтарды) топ құрамындағы студенттер саны бойынша жыртып (төртке, беске), оларды араластырып, студенттерге таратып беру керек. Студенттер қиықтардан бүтін құрастырып, сол бойынша топ құрайды.


Ұқсас ерекшеліктер

Оқытушы студенттерге қандай да болмасын бір ерекшелікті айтып (мысалы, туған айы, жұлдызнамалық белгісі, киген киімдері, шашының түсі, т.б.), сол бойынша төрт (немесе үш, бес) адамдық топтарды құруды тапсырады немесе топтарды құру жұмысына өзі кіріседі:

- Мына партаға аталары мен әжелері барлар отырады.

- Мында үйдің үшінші қабатында тұратындар отырады.

- Мына жерге үйдің кенже балалары отырады.

- Мында «Нокиа» ұялы телефондары барлар отырады.

- Мына партаға бас киім киіп келгендер отырады.


Ән бойынша бөліну

Студенттер топтарына ел арасында көп тараған, кеңінен таныс әндердің бір шумағы мен қайырмасы жазылған карточкалар таратылып беріледі. Студенттер сол әндерге байланысты топтарға бөлініп, карточкаларда келтірілген әндерді бірлесе орындайды.


Сап түзеу

Студенттер туған айлары мен күндері бойынша сапқа тұрады: алдымен қаңтарда туғандар, ал ең соңында желтоқсан айында дүниеге келгендер. Топ құрамдары бір айда туған студенттерден құралады (немесе алдыңғы студенттен бастап төрт адамнан тұратын топтар құрауға болады)..

Сапты студенттердің бойлары бойынша да түзеуге болады. Онда топтар бойлар (бойы биіктер, орташалар, аласалар) бойынша құралып немесе студенттердің бірден төртке дейін санауы бойынша араласып құралады.

Сапты әліпби (алфавит) бойынша да құрауға болады: алдымен есімдері (немесе фамилиялары) «А»-дан басталатындар тұрып, қалғандары олардың артынан тізіледі.

Сапты киген киімдердің түсіне қарай түзеуге болады: алдымен қара киімділер, әрі қарай киімдер ақшылдана түсіп, сап аяғында ақ киімділер тұрады.

Немесе бір партаға киімінде қара түс барлар (тіпті киімінде қара түсті бір фрагмент болса да жеткілікті), екіншіге қызыл түс, үшінші партаға ақ түстілер, төртіншіге киімінде жасыл түс барлар, т.с.с.


Жағымды сөздер

Оқытушы студенттерден «Бүгін қандай жағымды, жылы сөздер естідіңіздер?» деп сұрап, олардың жауаптарын тақтаға жазып қояды. Жауаптардың саны топ сандарымен байланысты болады. Егерде, мәселен, 20 студенттен тұратын аудиторияда топтар саны бесеу (әр топта төрт студенттен) болатындығы жоспарланса, онда тақтаға да бес жағымды сөздер немесе тіркестер жазылады:



- Жаным!

- Сәлеметсіз бе?!

- Бүгін әдемі болып кетіпсіз ғой!

- Жұлдызың жансын, құлыным!

- Сені асыға күтемін!

Бұл сөздерді студенттер кезектесіп бір-бірден атайды. Топ құрамдары әр студенттің қандай сөздерді айтқанына байланысты болады. Топтарды осы тіркестермен атауға болады, мысалы: «Жұлдызың жансын, құлыным!» тобы, «Бүгін әдемі болып кетіпсіз ғой!» тобы.



(Бұл бөліну «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы практикасынан алынды).
Санамақ

Студенттердің бірі бала кезден есінде қалған санамақты айтып, студенттерді рет бойынша қолымен көрсетіп, меңзеп отырады:



Қуыр-қуыр қуырмаш,

Балаларға бидай шаш!

Тауықтарға тары шаш!

Бас бармақ,

Балалы үйрек,

Ортан терек,

Шүлдір шүмек,

Кішкене бөбек!

Бұл санамақты бірнеше рет (студенттердің бәрін көрсетіп шықпайынша) қайталайды.

Студенттер бес топқа бөлініп, топтар саусақтар бойынша аталады: «Бас бармақ» тобы, «Балалы үйрек» тобы, «Ортан терек» тобы, «Шүлдір шүмек» тобы, «Кішкене бөбек» тобы.

Санамақтардың басқа да түрлерін қолдануға тұрарлық.



Команда таңдау

Тақтаға команда аттарын белгілейтін бес сөз тізбектеліп жазылады:

- «Жетісу»

- «Қайрат»

- «Қайсар»

- «Астана»

- «Шахтер».

Студенттер орындарынан тұрып әр команданың астына өз есімін жазуы керек. Оларға әр команда құрамы төрт адамнан аспауы туралы ескертіледі.

Командаларға гүл аттары бойынша, континент (Азия, Еуропа, Америка, Африка, Австралия, Антарктида) немесе қала атаулары (Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Атырау, Семей, т.б.) бойынша бөлінуге болады.
Картамен топқа бөлу

Егер әр топта төрт студенттің жұмыс жасауы қажет болса, онда оларды топтарға ойын карталары арқылы бөлуге болады. Ол үшін топтардың санына қарай карталардың жиынтығын алып, карталарды сапырып, студенттерге таратып беру керек. Топтарды атаулары да карта жиынтықтары бойынша болады: «Тұздар» тобы, «Королдер» тобы, «Дамалар» тобы, «Балталар» тобы, «Ондықтар» тобы, т.б.


Жануарлар

Оқытушы студенттерге жан-жануарлардың аттары жазылған карточкаларды таратып беріп, олардың карточкада жазылған жануардың қылықтарын қайталап отырып, бірін-бірі тауып, шағын топтарға бөлінуін тапсырады. Бұл жерде дыбыс шығаруға болмайтындығы студенттерге ескертіледі.



(Бұл бөліну «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы практикасынан алынды).
Заттар бойынша бөліну

Әр студент өзінің бір ұсақ затын оқытушыға немесе жүргізушіге тапсырады, мәселен, қаламсабын, дәптерін, помадасын, кілтін, көзілдірігін, т.б. Бұл заттар портфелге салынып, әр партаға төрт-төрттен ретсіз түрде қойылады. Студенттер өзінің заты қойылған парталарға отыруы керек.


Өлең жолдары

Әр студентке бір өлең жолы (тармағы) жазылған карточка беріледі. Студенттер аудиторияны аралап, тармақтардан шумақ құрап, сол құрамда топқа бөлінуі керек. Берілген шумақтар саны топтардың санымен бірдей болуы керек.

Мәселен, 20 студентті төрт адамдық бес топқа бөлу қажет болса, Төлеген Айбергеновтың бес шумақты келесі өлеңін әр студентке бір тармақтан (жолдан) таратып беруге болады:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет