Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы


Мүмкін біздің «білім беру» деген атауды «білім алу» (немесе «білім игеру», «оқу», «үйрену»)



бет2/21
Дата01.03.2020
өлшемі1,87 Mb.
#59319
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Байланысты:
ИБО А.Алимов


Мүмкін біздің «білім беру» деген атауды «білім алу» (немесе «білім игеру», «оқу», «үйрену») деген терминмен алмастыруымыз керек болар? Мұнымен қатар, «үйрену» мен «үйрету», «оқу» мен «оқыту» ұғымдары ылғи да қатар қолданыста болуы шарт шығар? Бұл сұрақтарға білім процесінің әр қатысушысы өздігімен жауап берер деген ойдамыз. Ал өзіміз болсақ, білім игерудің екі жақты процесс екендігін меңзеп, бұл кітапта «оқу/оқыту» және «үйрену/үйрету» терминдерін қолданамыз.
1.2 Оқудың/оқытудың негізгі мәселелері
Қалай десек те білім саласындағы негізгі мәселелер келесідей болады:

1. Мазмұн (Не нәрсеге үйрену/үйрету керек?).

2. Әдістеме (Қалай үйрену/үйрету керек?).

3. Нәтиже (Не үшін үйрену/үйрету керек? Үйренудің/үйретудің нәтижесі қандай болуы керек?).

Әрбір педагогикалық жүйе мен әр ұстаз осы сұрақтарға өз философиясы ауқымында жауап беруге ұмтылады. С.Мирсейітова бұл туралы келесідей жазады: «Біздің қоғамға қандай білім қажет? Басқа сөзбен айтқанда:

1. Не нәрсеге үйрету керек: фундаменталдық білімге ме, әлде осы білімді іздену дағдыларына ма?

2. «Оқыту» деген не: әрқашан және әр мәселе бойынша нұсқап отыру ма, әлде оқытудың «маңызды кезеңін» анықтап, қалған уақытта іздену мен өзін-өзі дамытуға мүмкіншілік беру ме? Оқытудың негізін не құрайды: «даму» ма, әлде «қалыптастыру» ма?

3. Оқытудың мақсаты қандай? Оқытудың басты назарын неге аудару керек: процеске ме, әлде нәтижеге ме? Басқаша айтсақ: басты мәселе «даму» ма, әлде «форма» ма? (С.Мирсеитова, 2008, 5).

Дәстүрлі (репродуктивтік) оқыту бұл мәселелерді келесідей шешеді: үйренушілерге ақпарат және дайын қағидаларды, яғни фундаменталдық білім («Не?») беру («Қалай?») арқылы оларды болашақта маман («Не үшін?») болып қалыптастыру (нәтиже). Дәстүрлі оқыту көбіне-көп білімді формалды тұрғыдан қабылдайды: шәкірттерге сабақ беретін пән бойынша оқу бағдарламасында және оқулықта келтірілген ақпарат пен мәліметтерді үйретеді, яғни оқытудың негізін бағдарлама мен оқулықтардың мазмұны құрайды.

Жоғарыда келтірілген білім игеру процесінің негізгі сұрақтарына интербелсенді оқу/оқытудың философиясы тұрғысынан жауап беріп көрейік. Әрине, бұл жерде сұрақтардың барлығынан да толық және жан-жақты жауап береміз дегеннен аулақпыз, бірақ «Не?» және «Не үшін?» сұрақтарын аз да болса қарастырып өткеніміз орынды болар. Ал «Қалай?» деген сұраққа осы кітаптың мазмұны жауап берер деген ойдамыз.
1.3 «Білім» түсінігінің негізгі проблемалары мен стереотиптері
Білім - ақпарат емес

Білім деген не? Дәстүрлі (репродуктивтік) оқыту оны бірінші кезекте ақпаратпен байланыстырады. Бұл түсінік білім игеру процесінің басты проблемаларының біріне айналып кеткен, өйткені ол үйрену/үйретудің мазмұнын тек ақпарат «берумен» (ұстаз тарапынан) және «алумен» (шәкірт тарапынан) шектейді. Ондай жағдайда «білімді» деп тек көп білетін, яғни жадында, есінде көп мағлұмат сақтайтын адамды атауымыз керек шығар? Ал ондай ақпараттың қажеті қанша, ол адам өмірін түрлендіретін, жақсартатын нәтижеге алып келе ме?

Алайда «білім═ақпарат» ұстанымы бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырады, өйткені мұнда қандай да болмасын сала мен бағыт бойынша «Сіз білесіз бе?», «Әлем таңғажайыптары» немесе «Әлемде талай қызық бар» сынды айдарларға сәйкес мәлімет келтіретін, қандай да тақырып тұрғысынан дерек беретін адам (жадында көп мөлшерде ақпарат жинақтаған) білімді саналады. Ондай білімпаздар айналадағы елді таңдай қаққызып, тамсандырады да: «Мынаның білмейтіні жердің астында екен ғой!» деп.

Осы түсінік дәстүрлі оқытуда басты назарды есте сақтауға аударады. Әдетте ұстаздар шәкірттерден не нәрсені талап етеді, не тілейді? Көбіне көп мұғалім оқушыдан кешегі сабақта өзінің айтып бергенін немесе оқулықта жазылғанды бұлжытпай қайталап беруді сұрамай ма? Егерде оқушы осы тапсырмаларды мүлтіксіз орындаса (қайтадан репродукция!), оны білімді деп есептеп, оған жоғары бағаларды қоятындығымыз рас қой?

Тіпті алысқа бармай-ақ қояйық, мектеп түлектері тапсыратын Ұлттық біріңғай тестілеу сұрақтарының дені (мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, география, биология пәндері бойынша) оқушының жады мен есте сақтау қабілетін ғана тексеретін сияқты. Теледидарда кең орын алған білімпаздардың түрлі жарыстары, додалары мен конкурстарының тапсырмалары да осындай деңгейде. Сонда білім дегеніңіз есте сақталатын ақпарат көлемі ме?

Онда мынандай жәйтті сараптайық. Білімнің жылдан жылға дамып, өсіп отыратындығы дау туғызбайтын аксиома. Мәселен, бүткіл адамзаттың бар білетіні 1800-1900 жылдар аралығында (яғни, жүз жылда) екі есе өскен деген есеп келтіреді ғалымдар. Ал білімнің келесі екі есе өсуі енді елу жылда (1901-1950 жылдар аралығында) орын алыпты. Осыдан кейінгі еселену жиырма жылда (1951-1970 жылдарда), содан соң он бес жылда (1971-1985) болған екен. Ал қазіргі кезде білім әрбір төрт жыл сайын екі есеге ұлғайып отыр дейді ғалымдар. Бұл дегеніңіз жоғары оқу орнына түскен студенттің төрт жыл оқу барысында білімін арттырудың орнына бұрынғыдан екі есе аз біліп шығуы университеттен. Өйткені адамзаттың бар білетіні осы уақыт аралығында екі есе өсіп кетпей ме?! Парадокс: төрт жыл ішінде білімді болып шығам деген студенттер керісінше бұрынғысынан екі есе кем білетін болады!..

Білім тура осы қарқында үдей беретін болса, аз уақыттан кейін адамзаттың бар білетіні әрбір 76 күнде (екі жарым айда!) екі есе өсіп отыратын көрінеді ғалымдардың пайымдауынша. Мінекей адамзат білімі қандай үдемелі қарқында дамып отыр!

Ақпараттың осылайша көз ілеспес жылдамдықпен дамуымен бірге адам миының есте сақтау мүмкіндігінің шектеулі екендігін ұмытпау керек. Тағы да ғалымдар дерегіне жүгінейік: адам жадында орташа есеппен 300 миллион кітапқа сиятын көлемдегі ақпаратты ғана сақтай алады екен. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші осыншама кітапты: егер әрбір кітаптың қалыңдығы орташа есеппен үш сантиметр деп есептесек, мұншама кітапты бір-біріне тақастырып қойса, ұзындығы тоғыз мың шақырымға созылатын сөре болар еді. Ұлттық кітапханада осындай мөлшерде кітап жинау үшін қаншама сөре керек болар екен? Адамның миы не деген көлемді еді!

Алайда бұл көлемнің орасан көп бөлігін өмірде қажетті білік пен дағдылар (мәселен, сөйлеу, жүру, оқу, жазу, ойлау, тамақтану, т.б.) және күнделікті ағымдағы ақпарат (мысалы, алдыңғы күндердегі іс-әрекеттеріміз: не жасадық, не сөйледік, не естідік деген сияқты) құрайды.

Бұған қоса мидің есте сақтау мүмкіндігі еш өзгеріссіз 300 миллион кітап ауқымында қалады: оны кеңейтуге тіпті де болмайды. Қандай да бір жаңа ақпарат ескіріп қалған немесе қажетсіз деп табылған мәліметті санамыздан ығыстырып бейсанаға шығарып тастайды екен. Сондықтан да біз өткен шақ (кеше, оның алдында, өткен аптада, айда, жылда) мәселелерінің егжей-тегжейлерін ұмытады екенбіз.

Көне заман философтарының бірі «Адамның табиғи қасиеті есте сақтау емес - ұмыту» деген екен. Шынымен-ақ, біз тіпті де есімізде көп нәрсе ұстай алмаймыз-ау. Әсіресе мәлімет пен мағлұматтарды. Сенбесеңіз, мектепте оқыған, бір кезде жаттап алғандарымыз қазір қайда кетті?



«Япырмау, мектепте «Алпамыс батырды» түгелімен жатқа білуші едім, қазір сол жырдың тек бас жағы ғана есімде қалыпты ғой!» деп қынжылып еді менің бір сыныптас жолдасым. Тура осы сияқты математика мен физикадан, химия мен биологиядан, әдебиет пен тарихтан, қазақ, орыс, ағылшын тілдері грамматикасынан талай мәліметтерден хабардар едік қой! Қайда кеткен сол білімнің барлығы?! Солардың барлығы кәдемізге жарамай қалып, ұмыт қалды ғой! Онда неліктен оларды кезінде оқыдық, үйрендік, жаттадық, ұмытатын болсақ?

Аға буынға жататындар кейде кейіс білдіреді емес пе (бұл жерде мен сонау 20-50-жылдар аралығында мектепте оқығандарды меңзеп отырмын): «Біз бала кезімізде бір естігенімді қағып алып, жаттап алушы едік, осы күнгі балалардың бәрі де ақпа құлақ!» деп. Алайда олардың кезінде ақпарат көздері шамалы болып (бірінші мезетте мұғалімнің білімі мен кітаптар), оның мөлшері де бүгінгідей көп болған жоқ еді ғой!.. Егерде, мәселен, ХІХ ғасырдың орта шенінде бүткіл физиканы бір адамның толығымен білуі ықтимал нәрсе болса, бүгінде бұл ғылымның бір саласының ішіндегі көп бағыттың бір тармағын ғана терең (жалпылама емес!) игеру мүмкін.

Қазіргі заман - ақпарат заманы, ол жан-жақтан әртүрлі формада (кітап, газет -журнал , теледидар, радио, қарым-қатынас, Интернет, жарнама, т.б.) орасан зор көлемде ағыл-тегіл келіп түсуде. Алайда адам өзінің шектеулі миымен барлық ақпаратты есте сақтап, игере алмайды, оған уақыты, тіпті өмірі жетпейді. Мәселен миллионға дейін санаудың өзі ғана 278 сағаттай уақытты керек етеді, ал бұл дегеніңіз 11 жарым күн!.. Осы сияқты миллиардқа дейін үздіксіз санау үшін отыз екі жылдай қажет (егерде секундына бір сан айтып отырсақ). Ал бүгінгі күнгі ақпараттың мөлшері қаншама миллиондар мен миллиардтардан құралады десеңізші!..

Елімізге танымал педагог-ғалым Немеребай Нұрахметов бірде былай деп еді: «Мен химия ғылымдарының докторымын, профессормын, академикпін. Маған бұл ғылыми лауазымдар өзімді аз да болса білімді адам деп санауға құқық береді. Ал менің білетінім қаншама? Химия ғылымында бес миллионнан астам атау мен құбылыстар бар, ал мен солардың ары кетсе екі мыңын ғана білетін шығармын».

Сонымен, «білім ═ ақпарат» формуласы бүгінгі күні ескірген, білім ақпарат емес деп ұйғаруға әбден болады.

Бәрін білу мүмкін емес, оған өміріміз де жетпейді және оның қажеті де жоқ, өйткені ақпарат әрбір он жылда 90 % -ке ескіріп отырады: қандай да бір ақпаратты игеріп алсақ, бірер жылдан кейін оның қажеттілігі болмай да қалуы мүмкін. Бұған қоса болашақтағы (бес-он жылдан кейінгі) кәсіптердің төрттен бірі (яғни, 25 %) бүгінгі күні өмірде жоқ деп есептейді ғалымдар. Олар тек уақыт өте ғана пайда болады. Олар қазір жоқ болса, оларға қалай үйренуге болады: жоқ нәрсеге үйрену мүмкін бе?


Білім игеру процесі - қайталау емес, ал сабақ - тексеру емес

Дәстүрлі оқытуда ұстаз шәкірттерінен өткен сабақта немесе оқулықта айтылған (берілген) білімді қайталап беруін талап ететіндігі туралы айттық. Алайда бүгінгі күні де сабақтардың дені осы әрекет (қайталау) тұрғысында өтетіндігін қынжылсақ та мойындауымыз керек сияқты: педагогика саласында еңбектенетін ғалымдардың айтуы бойынша, орташа есеппен әр сабақтың 80% бөлігі есте сақтауға (репродукцияға) бағытталған әрекеттерден құралады екен.



Мәселен, Ресей орта мектеп оқушыларынан он бір жыл бойы келесі мәліметтерді жаттап алу талап етіледі екен: биологиядан -929 түсінік, 347 анықтама және 612 факт; физикадан - 39 физикалық құбылыстар мен 31 қасиеттер, 97 физикалық шамалар мен олардың өлшем бірліктерін, 54 физикалық аспаптар, 27 заң, есептердің 76 түрін, өлшеу бірліктерінің 24 қатынасын, физикалық құбылыстарды қолданудың 43 жолын; химиядан - 190 анықтама мен ұғымдар, 17 заттың физикалық қасиеттерін, 73 заттың химиялық қасиеттерін, 34 заттың қолдануын, қасиеттер өзгеруінің 10 заңдылығын, есептерді шығаруда қажет 24 формула, есептердің 26 түрін, заттардың 40 түрін, химиялық жабдықтардың 26 аспабын, 25 таңбаны; математикадан - 270 ұғым, 137 анықтама, 154 ереже, формула, диаграмма, аксиома, таңба, 82 математикалық есеп түрлері, 89 теорема мен 45 олардың дәлелдеуі, 8544 есептің шешімі («Время» газет і, 13 шілде, 2006 жыл).

Барлығы: 12056 жадуал, орта есеппен жылына 1096 .

Бұл тек қана төрт жаратылыстану пәндері бойынша ғана!

Ал бұған егерде тарих (әсіресе толып жатқан есімдер, оқиғалар мен даталар), география (жер-су атаулары, т.б.), тілдер (жаңа сөздер, емлелер), әдебиет (авторлар, шығармалар мен олардың кейіпкерлері), астрономия (аспан денелерінің атаулары), т.б. пәндер бойынша жатталатын, яки есте сақтауды қажет ететін мәліметтерді қосатын болсақ, мектеп оқушысының көрген күні оңай деуге кімнің батылы жете қояр екен?!

Сабақта мұғалім (оқытушы) оқушылардан (студенттерден) көбіне-көп «қайтала», «жатта», «есіңе түсір», «көшір», «келтір», «анықтаманы айтып бер» сияқты репродукцияға негізделген тапсырмаларды орындауды талап етеді. Және де ұстаз ұғымында бұл қайталау неғұрлым түпнұсқаға (оқулық, мұғалім сөзі, лекция, көркем шығарма, т.б.) жақын, оған дәлме-дәл, сол қалпында болса, соғұрлым жақсы деген түсінік қалыптасқан. Санамызда берік орын алған «озат оқушы» деген ұғым берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын, тіпті оны жаттап алатын шәкіртпен байланысты емес пе?

Бұл жерде ерекше қынжылтатыны: шәкірттеріміздің де осындай әрекеттерге үйреншікті болып, білім алуды қайталау деп түсінуі. Олар да осы әрекеттерге бейімделе береді, сабаққа дайындалғанда көбінесе жаттауға ден қояды. Ал бұл әрекеттер таным мен ойлаудың ең төменгі деңгейіне жатады (Блум таксономиясы бойынша).

Жаттау және қайталауға негізделген мұндай тапсырмалар мен әрекеттерді әзілдеп те, мысқылдап та «ксерокстың жұмысы» деп атауға тұрарлық. Ал ол дегеніңіз, тағы да қайталауға рұқсат етіңіздер, тек репродуктивтік әрекет, яғни еш ізденісі мен шығармашылығы жоқ амал, қандай да болмасын мәліметті қайталау ғана.



Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді

Дәстүрлі оқытуда ұстаз өзіне мәлім ақиқатты жария қылып, шәкірттерінен өзінің айтқанына ғана иланып, соларды қайталап беруді талап етеді. Мұндай ұстаздың пікірі де біржақты болады: ол басқа көзқарастарды тіпті де қарастырмайды, оның қолданатын әдістері мен тәсілдері жұпыны: өз ұстанымдарын шәкірттеріне сөз арқылы жеткізе білетіндігіне кәміл сенеді, «Мен айтып берсем – оқушы түсінеді» деген қарапайым дидактикалық қағиданы ұстанады.

Алайда мұндай түсінік бүгінгі күні тіпті де ескіріп кеткен. Баяғы патриархалдық заманда емес пе сөздің маңызды да, қасиетті құрал болғаны? Ол кездерде сөзге иланған, сенген, сөзді силаған, сөзге тоқтаған. Ғалымдар тіпті қасиетті кітаптардың алғашында жазылмай, тек ауызша түрде халыққа таратылғанын (мәселен, Таурат мың жыл бойы - біздің дәуірімізге дейінгі Х-ғасырдан І-ғасырға дейін қағаз бетіне түсірілген деп есептелінеді) жазудың қасиеті жоқ, ал сөздің құдіреті (сакралдығы) бар деген сеніммен байланыстырады.

Алысқа бармай-ақ қояйық, қазақ қоғамында да сөз құдіретті деп қабылданған емес пе еді?!. Бір ауыз сөз жауларды бітімге келтірген (Қаз дауысты Қазыбектің жоңғар ханына айтқан сөзі), ел ішінде бірлік орнатқан (Бұқар жыраудың керейлерді тоқтатқаны), ел жақсыларын пендешілік әрекеттерден тоқтатқан (бала Сырымның екі рудың көсеміне «Ет сасыса тұз себем, тұз сасыса не себем?» деген дуалы сөздері). «Айтқан сөз – атылған оқ» деген қағиданы ұстанған аталарымыз.

Ал қазіргі күні сөз өзінің бұрынғы қадірін жоғалтқан, бүгінгі қоғам - сөзден әбден жалыққан, айтылған сөздің жауапкершілігін сезінбейтін қауым. Бүгінде сөз – арзан. Сол себепті да сөйлей саламыз, уәдешілміз, айтқан сөздерімізге еш жауап бермейміз, оқытуда да сөзді үйретудің негізгі құралына айналдырғанбыз. Алайда сөздің нәтижелігі шамалы: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын» (Конфуций). Шәкірттеріміз де сөзге онша да илана қоймайды. Көп жағдайда сөзіміз айтылған жерде қалып қояды, немесе оқушылардың бір құлағына кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді.

Бүгінде педагогикада тек сөз арқылы ғана үйрену мүмкін еместігі дәлелденіп отыр. Керісінше, білімді әрекет арқылы ғана игеруге болады. Адам тек өз қолымен жасағанды жадында сақтап, осы әрекеттерінің негізінде туындаған білік пен дағдыларын күнделікті өмірде қолдана алады: «Менің өзіме жасатсаң – үйренемін!» (Конфуций). Сондықтан да әр сабақта үйренушілер бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқаруы керек: ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікрілесу, пікір таластыру.


Лирикалық шегініс

Үйренушілердің өз біліміне деген жауапкершілігі

(эссе)
- Мұғалім не үшін тозаққа барады?

- Өзі білгенді сұрай бергені үшін! –

деген қазақы әзілде терең мағына жатыр. Шынымен-ақ неліктен мұғалім оқушыдан көбіне-көп өзіне мәлім нәрселерді сұрайды – олардың бәрі де өзіне белгілі ғой?! Мүмкін ол өзінің білмейтінін сұрауы керек болар? Әрине, бәз біреулердің «Мұғалімнің білмейтіні бар болса, ол несіне ұстаз болып жүр!» деп ойлауы да ықтимал. Пән бойынша мағлұмат тұрғысынан алатын болсақ, дәп осылай: мұғалім көп нәрсеге қанық. Алайда оның білмейтіні де шексіз дүние. Мұғалім нені білмейді? Ол шәкірттің ішкі жан-дүниесінің болмысы мен ахуалын білмейді, оқушының қандай ойы, пікірі, дүниетанымы, көзқарасы, түсінігі, пайымдауы, уәждері, дәлелдері бар екендігін білмейді.

Сол себепті де ұстаз шәкірттерінен білмейтінін сұрап, олардан тілейтіні - тақырып (мәселе, проблема, ақпарат, мәлімет) бойынша өзінің ойларын, түсінігін, толғаныстарын, сезімдерін, тұжырымдауын, талдауларын келтірулері.

Алайда үйренушілер мұндай жұмысқа дайын емес, олар тіпті оны мойындайды да: «Біз оданша өткен тақырыпты қайталап берейікші?» деп. Неліктен шәкірттер белсенді әрекеттерге ден қойып, өзіндік түсінікті қалыптастырып, оны өзгелерге жеткізуден қашқақтайды?

Менің ойымша, мұның басты себебі - ырықсыздық, енжарлық. Жалпы алғанда, адам баласы үшін біреудің айтқанымен жүру оңай өмір салтына айналған. Бұл қанға сіңген әдет: біз жетекке әбден көндігіп кеткеміз. Өз ықтиярымыз, қалауымыз, таңдауымыз жоқ, ырықсыз бір беделдінің (ата-ана, мұғалім, оқытушы, бастық, әйеліміз немесе күйеуіміз, жасы үлкендер, т.б.) айтқанына иланып, мойынсұнып, оның артынан еріп, оған өзімізге қатысты мәселелер бойынша барлық шешім қабылдау өкілеттілігін беріп, жетекке көніп жүре береміз.

Ыңғайлы позиция емес пе бұл: ойлаудың да, толғанудың да қажеті жоқ, - біз үшін басқа біреудің басы ауырады, басқа біреу өміріміздің маңызды проблемаларын шешеді. Біреуге тәуелді, бағынышты болғанды қалау, біреудің ырқына бой алдыру - адамның басты келеңсіз қасиеттері деп есептеуге тұрарлық.

Сенбесеңіздер, бұрнағы жылдарға көз жүгіртейікші: өмірдің елеулі кезеңдерінде (жоғары оқуға түсерде, жұмысқа тұрарда, тұрмыс құрып той жасағанда, балаларыңыздың есімін таңдағанда, т.с.с.) өзіміз таңдау жасап, шешім қабылдап па едік?

Мен жыл басында 1- курс студенттерінен «Осы мамандақ пен біздің жоғарғы оқу орнын қалай таңдап алдыңыз?» деп сұрағанда, олардың көпшілігінің өзі емес, басқалардың сілтеуімен бізге келгендігі белгілі болды. Тіпті жастардың арасында «Мектеп бітірген соң мен ПҚЖ-ға оқуға түсемін» деген әзіл де бар. «ПҚЖ» дегеніңіз «Папам Қайда Жібереді» екен. «Джуниор Эчивмент Казахстан» қоғамдық қорының деректері бойынша жоғарғы сынып оқушыларының 30% ғана болашақ мамандығын саналы түрде таңдап, қалған бөлігі біреудің сілтегенімен жүре береді екен («Московский комсомолец» Казахстан» газет і, 2-8 ақпан, 2006).

Бұған қоса біз бар әрекеттерімізді сол беделдің бағалауымен өлшейміз, соған жалтақтаймыз. Оның «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болады біз үшін. Алысқа бармай, мектептегі сабақты көз алдымызға елестетейік. Оқушы жауап бергенде немесе қандай да бір әрекет жасағанда жүзін мұғалімге бағыттайды, айтайын дегенін соған қаратып сөйлейді, мұғалімге бағыштайды, ұстаздан мақтау, мадақ, қолдау күтеді, жауабымды «дұрыс-бұрыс» деп осы кісі бағаласа екен деп тұрады. Қайтадан тәуелділік, тағы да бағыныштылық. Бұл ұстаным өмір бақилыққа айналып кетпей ме?

Осы біз неліктен балалық шаққа оралғымыз келіп тұрады? Әрине, ол кезде біздің жан дүниеміз бүгінгіден әлдеқайда таза, кіршіксіз болғандығын мойындаймыз, сол пәктікті аңсаймыз, соған ұмтыламыз. Егерде өткенге қайтар жол болса, жалаңаяқ болса да жаяу тартып кетпес пе едік сонау көз жауын алған, мұнар шалған бала күндерге?!.

Сонымен бірге балалық шақты сағынудың басқа да түсіндірмесін келтіріп кетейін. Өмірінің тек сол кезінде ғана адам өзін толық қамқорлықта болғандығын сезінеді, ол не ішем, не жеймін, ертеңгі күнім қандай болар деп ойланбайды, қаннен-қаперсіз ойнап-күліп жүре береді, өйткені оны барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, қызғыштай қоритын анасы бар. Біз осындай жайбарақат уақытты аңсаймыз, өйткені онда ойланып-толғанбай бақытты күй кештік, мұқтаждарымызды еш әрекетсіз-ақ қанағаттандырушы едік қой, барлық нәрсе дайын күйінде қолымызға түсуші еді ғой!.. Ана махаббаты біздің қорғаушымыз бен таянышымыз, арқа сүйеріміз бен жанашырымыз іспеттес.

Алайда біз мұнда да барлық мұң-мұқтаждарымыздың шешімін басқаға (бұл жерде анамызға) ысырып қоятын кезді сағынып жүрген жоқпыз ба? Әрине ана махаббаты қасиетті, бірақ оның әсірелігі, астамшылдығы, көп мөлшерден асуы адамды баяғы масылдыққа әкелмей ме: «Мен не үшін ұмтыламын, не үшін өзімді қинаймын, егерде анам менің барлық сұраныстарымды қанағаттандырып отырса?» деген жаңсақ дүниетанымдық көзқарастың да пайда болуы әбден ықтимал анасының баласында. Ал мұндай масылдықтың өмір қағидасына айналып, әрқашан өз проблемаларымызды біреуге ығыстыра салуға дайын болуымызға да әкелуі әбден мүмкін. Айналамызға көз жүгіртейікші: қырыққа жетсе де әлі анасының зейнетақысына қол жайып отырғандар немесе тіпті шешесінің мойнына отырып алып, аяқтарын төмен салбыратқандар кездесетін шығар?..

Неліктен біз өз өміріміздегі, өзімізге ғана тиеселі проблемаларды шешуді басқа біреуге жүктейміз? Сонда біз кім үшін өмір сүреміз? Өзіміз үшін емес пе? Америкалық ақын Уолт Уитмен «Мен де, басқа адам да Сіз үшін бұл жолды жүріп өте алмайды, Сіз оны өзіңіз жүріп өтуіңіз керек» деп айтқандай, бұл өмір менікі, сондықтан да мен оны өзім сүріп, өзім бұл дүниеден өтуім керек – мен үшін ешкім де өмір сүріп, ешкім де өлмейді. Сол себепті біз басқалардың өміріне еш ұқсамайтын өзіндік өмір сүріп, өлімге дайын болуымыз қажет дейді адамзат ұстаздары. Сүйікті Пайғамбарымыздың (Салаллаһу ғалейһи уа с-саламу) хадистерінен: «Ажал жетпей тұрып өлуге дайындал», «О, Алла Тағала! Маған кіршіксіз адал өмір, ақ өлім жіберуіңді, Өзіңе қайғы-қасіретсіз оралтуыңды тілеймін!»

Мен осы сөздеріммен не нәрсе меңзеп тұр деп ойлайтын болсаңыздар, ол идея келесідей: әр адамның өз өмірі мен өліміне деген жауапкершілігі сияқты мүмкін білім берудің ең басты проблемасы - өз біліміңе деген жауапкершілік болар.

Мектепте де, жоғары оқу орындарында да көп жағдайда шәкірттердің масылдық көзқарас қағидаларын ұстанғанын байқауға болады. Олардың басты қағидасы «Мені үйретсін, маған білім берсін» болады. Оқушы білім алу барысында, «Мұғалім мені оқытып, үйретсін, өйткені ол сол жұмысы үшін мемлекеттен ақша алады» деген ойда болса, студент те сол сияқты немесе сәл басқашалау («Мен оқудың ақшасын өз қалтамнан төлеймін, сондықтан да маған осы ақшаға тиеселі білім берсін») ниетті ұстанады. Олар өзін іші қуыс ыдыс сияқты түсінеді: «Ұстаздар сол ыдыстың ішіне неғұрлым көбірек білім салса, соғұрлым дұрыс болады, ал білім менің тарапымнан еш талап пен ықтиярлық болмаса да автоматты түрде игеріледі», - деп жаңсақ ойлайды олар. Бұл өмірге еш бейімділігі жоқ, дайын нәрсені талап ететін масылдардың философиясы емей немене?!

Алайда мұндай масылдық дүниетаным бүгінгі күні өміршеңді ме? Адамзат тарихы «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал» деген қағиданың ақиқаттылығын дәлелдеп берген жоқ па? Бұрынырақта білім берудің басты қағидасы «Үйрету!» болса, бүгінгі күні басты идея «Үйрену!», тіпті «Үйренуге үйрену!» ұстанымына айналып отыр.
1.4 Не нәрсеге үйрену/үйрету керек?

Өмір сүруге, адам және тұлға болуға үйрену/үйрету

Француз жазушысы әрі философы Жан-Жак Руссо өзінің «Эмиль, немесе тәрбие туралы» атты кітабында «баланы өмір сүруге үйрету керек» деп жазған болатын, өйткені өмір сүру – адамның ең басты мақсаты мен міндеті. Ал өмір сүру дегеніміз өмірдің әрбір мезетін, әрбір көрінісін толыққанды, бар мүмкіншіліктеріңмен, мүшелеріңмен сезіну: дана деп көп ғұмыр сүрген адамды емес, өмірді жан-жақты сезіне білген адамды атамаймыз ба?!

Сондықтан да шәкірт оқу орнының табалдырығынан қандай да бір ғылым иемденіп қана емес, бірінші кезекте адам болып шығуы қажет. Ол өз жүрегі мен жанын өмірге және басқа адамдарға айқара ашқан, жалған қағидаларды ұстанбайтын, дүниеге өзіндік көзқарасы бар тұлға болуы керек. Адам болу дегеніміз адамгершілік қағидалар мен құндылықтарды ұстану, өмірдің мәнін өзіңнен емес, басқадан көру, «Өзің үшін!» қағидасының «Өзге үшін!» ұстанымынан бәсең болуы. Адамгершіліксіз білімнің еш қажеті жоқ екендігін ХХ-шы ғасыр дәлелдеді емес пе?!

Сол себепті де ұстаздың басты мақсаты – шәкірттерін адам болуға баулу деп тұжырымдауға тұрарлық. Әрбір пән, әрбір сабақ, әрбір тақырып осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталуы керек. Керек десеңіз, олардың барлығы да тек осы мақсаттың құралы ғана. Ал егерде оқушы қандай да болмасын бір тақырыпты немесе пәнді білмесе, бұл қынжылуға тұрарлықтай жәйт емес, өйткені мұндай жетіспеушілікті аталған биік мақсат толықтырады. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт оқу нәтижесінде қандай да болмасын пәнді біліп емес, адам болып қалыптасуы керек.

Жан-Жак Руссо ХVІІІ ғасырда «Бізде физиктер, геометрлер, химиктер, астрономдар, ақындар, музыканттар, суретшілер бар, алайда бізде азаматтар жоқ» деп налып айтқан екен. Шынымен-ақ бүгінде қолында бірнеше дипломы бар мамандар жыртылып-айырылып жатыр да, ал тұлғалар тапшы емес пе?
ҚОСЫМША



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет