PISA тестері туралы
Соңғы кездері елімізде кең қарқын алып, үйренушілердің білімін бағалаудың негізгі құралына айналып кеткен тестілеу әдісі көптеп сынға ұшырауда. Сыншылар бірінші кезекте Ұлттық біріңғай тестілеу мен Аралық мемлекеттік бақылау тестерінің үйренушілердің тек есте сақтау қабілетін ғана бағалайтындығына (тексеретіндігіне) назар аударуда. Ал мұндай әрекеттер Блум таксономиясы бойынша таным мен ойлаудың ең төменгі «Білім» деңгейіне жататындығы даусыз нәрсе.
«Білу» ұғымы «түсіну» және «қолдану» ұғымдарында жалғасын таппаса, оның пайдалы әсер коэфициентінің төмен болатындығы да сөзсіз мәселе. Ал біз «білімді» деп өзіндік көзқарасы мен түсінігі бар, өмірде туындаған проблемаларды шеше білетін, тығырықтан шығу жолдарын таба білетін тұлғаларды атаймыз. Бүгінгі күні елімізде қолданыс тапқан тестілеудің түрлері әрине мұндай білік, дағды, құзырлылықтарды айқындап, бағаламайды, өйткені олар тек жабық түрде болып (оның ішінде көбінесе бір ғана дұрыс жауабы бар тапсырмаларға негізделіп), келесідей тапсырмаларды қолданбайды:
1. Көлемді мәтін негізінде қалыптастырған тапсырмалар
- тестерде көбінесе бір сөйлемнен тұратын қысқаша мәлімет беріледі, яғни үйренушілер жаңа мәтін арқылы үйренбейді, тек есіне түсіреді;
2. Сурет, кесте, диаграмма, схема, график түріндегі тапсырмалар
- мұндай тапсырмаларды орындау Блум таксономиясы бойынша «Түсіну» және «Талдау» деңгейлеріндегі әрекеттерді қажет етеді;
3. Әртүрлі пәндермен байланысты тапсырмалар
- мұндай тапсырмалар білімді біріктіріп, логикалық және сыни ойлауды, талдау мен негіздеуді талап етеді;
4. Сипаттауды (суреттеуді) қажет ететін тапсырмалар;
5. Үйренушілердің өздерінен қосымша ақпаратты қолдануды қажет ететін тапсырмалар;
6. Ақпараттың тым ауқымды көлемінен таңдау арқылы шешілетін тапсырмалар
- бұл жерде ақпарат көп мөлшерде беріліп, мәселені шешу үшін оның қажетті бөлігі ғана қолданылады, үйренуші әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасау білігін көрсетуі керек;
7. Өмірде туындайтын әртүрлі ситуацияларды (проблемаларды) ғылыми әдістердің көмегімен шешуге арналған тапсырмалар;
8. Теориялық білімдерді практикалық тұрғыдан қолдануды талап ететін тапсырмалар;
9. Ғылыми болжаулар мен жорамалдарды келтіретін тапсырмалар.
Осы тұрғыдан алғанда тестілеу арқылы бағалауда қандай мәселелерге назар аудару керектігі PISA бағдарламасынан айқын көруге болады. Сол себепті де аталмыш бағдарламаның ерекшеліктеріне тоқталып кетейік.
PISA бағдарламасы бойынша 32 мемлекеттің әрқайсысында 4 500-нан 10 000 мыңға дейінгі он бес жастағы оқушылардың білімі тексерілген.
Студенттерді халықаралық бағалау бағдарламасы (PISA - Programme for International Student Assessment) 15 жастағы оқушылардың дайындығын үш бағыт бойынша зерттейді: «оқу сауаттылығы», «математикалық сауаттылық» және «жаратылыстанулық сауаттылық». Бағдарлама үйренушілердің аталған бағыттардың негізгі ұғымдарын түсіну, негізгі әдістерін игеру және өз білімдерін әртүрлі ситуацияларда қолдану секілді біліктерін бақылайды.
PISA оқу пәндерінің мазмұнын игеру деңгейін тексермейді. Мұнда басты назар оқушылардың мектеп пәндерін оқығанда иемденген, ересек өмірде қажетті ауқымды білім мен біліктерінің дәрежесіне және пәнаралық құзырлылықтарына (әртүрлі пәндерді оқуда және ақпараттың басқа да көздерінен алған білімдерін ұсынылған проблемаларды шешуде қалайша қолданатындығы) аударылады.
PISA бақылаудың жазбаша тест түрін қолданады (тестердің жабық және ашық түрлері), әр оқушыға тест тапсырмаларын орындау үшін 2 астрономиялық сағат беріледі. Бақылау нәтижесі ретінде сандық көрсеткіштер ескеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |