Өздік жұмыс студенттің өз біліміне деген жауапкершілігін арттырып, өз білімінің мазмұндық траекториясын анықтауға және қолданатын әдіс-тәсілдерді таңдауға баулиды. Бүгінгі күні мұндай біліктерді меңгеру білім алу процесінің басты мақсатына айналып отыр.
Оқытушы өздік жұмысқа тікелей қатыспай, оны ұйымдастырып, сұрақтар мен тапсырмалар беру арқылы студент еңбегінің тиімділігіне сырттай ықпал жасайды.
Өздік жұмыстарды ұйымдастырғанда репродуктивтік (қайталау мен есте сақтауға негізделген) тапсырмалардан мүмкіндігінше бас тарту керек. Ондай жұмыстардың қатарына шығармашылықтың табы жоқ келесі әрекеттер жатады:
ұсынылған әдебиетті конспектілеу;
анықтамаларды (формулаларды, түсініктерді, мәтіндерді) көшіру, жаттау;
әртүрлі ақпарат деректерінен көшірген рефераттарды дайындау;
лекцияда қарастырылған мәліметтерді еске түсіру, қайталау; олардың тізімін келтіру, т.б.
Бұл жерде әсіресе рефераттарға тоқтап кеткен абзал, өйткені біз осы атаудың бастапқы мәнін ұмытып, оны «бірнеше ақпарат көзінен көшірілген жазбаша жұмыс» деп түсінеміз. Сол себепті де студент берілген тақырып (проблема, мәселе) бойынша екі-үш кітаптан өзі жасаған қисынды құрылымға сәйкестендіріп бірнеше абзац немесе бетті өзгертпестен көшіріп, еш сілтемесіз бүтін жұмыс түрінде оқытушының тексерісіне ұсынады.
Алайда «реферат» дегеніміз 1) «әдеби және басқа деректерге жасалған шолудан тұратын белгілі бір тақырып бойынша жасалған баяндама»; 2) «ғылыми жұмыстың, кітаптың, т.б. мазмұнын баяндау» (Словарь иностранных слов. – М., 1985 - С.433).
Реферат сонымен тек қана ойсыз көшіру емес, реферат - таңдалған тақырып бойынша ақпарат көздеріне талдау мен сараптау жасау, оларға баға беру. Рефераттан студенттің «МЕН» тұжырымы көрінуі керек. Ол үшін студент етістіктің бірінші «МЕН» жағын ұстанып, ақпарат көздеріндегі пікірлер мен ұйғарымдарды жақтап, не оларға қарсы шығып, оларға үнемі сілтеме жасап отыруы керек. Рефератта сілтеме тек төл сөз түрінде емес (яғни, цитата түрінде бұлжытпай алынған формада), төлеу сөз формасында болуы керек. Мәселен, «мына шығармада (немесе мына автор) былай дейді, ал анау шығармада олай дейді» деген сыңайда.
Студенттердің өздік жұмыстары зерттеу, ізденіс және шығармашылыққа негізделіп, жазбаша түрде орындалуы керек. Төмендегі кестеде сондай жұмыстардың кейбір түрлері келтіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |