Тестілеуде келесідей қағидаларды ұстану қажет (Дерек көзі: ВладимирБриллер. Оценивание для совершенствования. Слайды. – Шымкент, 2006): - Тестілеу әділ түрде жүргізілуі керек. Тестер барлық студенттерге бірдей мүмкіншілік беруі керек. - Тестер ашық болуы керек. Студенттердің барлығы да тест тапсырмаларымен танысу мүмкіндігіне ие болуы керек. - Тестілеу бағалаудың бір құралы ғана. Оқу бағдарламалары тестілеуге бағынышты болмау керек. Оқу процесі жайлы шешім қабылдауда тестілеу нәтижелерінен басқа да көрсеткіштерді қолдану керек. - Бағалаудың басқа да құралдарын қолдану керек. Бағалаудың студенттердің жетістіктері мен олқылықтарын объективті түрде көрсететін тестілеуден басқа да әдістерін қолдану керек. Тест түрлері 1. Бақылау деңгейі бойынша:
- Кіріспе тест - оқу жылы басында немесе пәнді зерттеу (оқу) жұмысы басталғанда студенттің білімін анықтау мақсатында жүргізіледі;
- Ағымдағы тест – пән бойынша семестр барысында жүргізіледі;
- Межелік бақылау тесті – семестрде екі рет өткізіледі;
- Аралық бақылау тесті - курс немесе пән аяғында қабылданатын емтиханның нысаны (формасы);
- Қорытынды бақылау тесті – оқу мерзімі аяқталғаннан кейін қабылданатын мемлекеттік емтиханның нысаны (формасы).
2. Ұсыну немесе жауап беру нысаны бойынша:
- Қағазға басылып берілетін тестер;
- Компьютер арқылы ұсынылған тестер.
3. Мазмұн тұрғысынан:
- Бір пән мазмұны бойынша;
- Бірнеше пән мазмұны бойынша - бір тест ішіне бірнеше пән бойынша тапсырмалар біріктіріледі, мәселен Аралық мемлекеттік бақылау немесе Ұлттық біріңғай тестерде бес пән бойынша;
- Пәнаралық тестер - тест тапсырмалары бірнеше пәннің мазмұны бойынша құрылады, оларға жауапты да пәндердің тоғысуы мен байланысы тұрғысынан беру керек.
4. Нәтижелерді қолдану бойынша
- Салыстыруға негізделген тестер - стандарттармен немесе басқа студенттердің жетістіктерімен салыстыруға бағытталады;
- Жетістіктерді айқындау үшін өткізілетін тестер - әр студенттің жеке пән бойынша оқу жетістіктерінің деңгейін анықтауға бағытталады.