Байланысты: Саясаттану пәнінен дәріс жинағы 2021-2022(1) (1)
Лекцияның мазмұны: Кіріспе. Саяси жүйенің негізгі элементі мемлекет болып табылады. Ғылыми әдебиетте бұл термин екі мағынада қолданылады: 1) мемлекеттік мекемелердің жиынтығы, яғни қоғамды басқару аппараты; 2) қоғамды ұйымдастырудың саяси-құқықтық ерекше түрі. Саясаттануда осы екінші анықтама кең таралған. «Мемлекет» ұғымы саяси-құқықтық айналымға салыстырмалы түрде алғанда кейінірек енгізілді. Қайта өрлеу дәуіріне дейін мемлекетті бейнелеу үшін мынандай нақты ұғымдар: князьдық, корольдық, тирания, империя, республика, деспотия т.б. қолданылған. Платонның белгілі «Мемлекет» деген еңбегінде бұл ұғымды аударғанда «конституция» немесе «қала-мемлекет» деген мағынаға сәйкес келеді. Арнайы жалпылама «мемлекет» терминін (италья тіліндегі «stato») ғылымға Н.Макиавелли енгізді. XVII ғасырға дейін саяси ойлар тарихында қоғам мен мемлекет
ажыратылмады. Кейін Руссо және т.б. ойшылдар қоғам шеңберінде «азаматтық қоғамды» ажырата бастады, ал Гегель қоғам, азаматтық қоғам, мемлекет ұғымдарын түпкілікті бөлді. Мемлекет саяси жүйенің негізгі ұйымы. Ол керек кезінде арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратын адамдардың мүддесін қорғауға тиіс және соған орай олардың арасындағы қатынастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм.
Мемлекет деп белгілі бір аумақтағы және ондағы тұрғындарға жүргізілетін саяси биліктің ұйымдастырылуы, оның арнаулы басқару аппараты болып, барлығына тиісті заңдарды қабылдап, ішкі, сыртқы мәселелерді шешуде дербестігі бар саяси жүйенің негізгі элементін айтады.
Мемлекет алғашқы қауымдық құрылыста болған жоқ. Ол рулық-тайпалық
құрылыстың ыдырауы нәтижесінде, құл иеленушілік қоғамда пайда болды.
Мемлекеттің пайда болуы мен мәні туралы саясаттануда бірнеше теориялар, концепциялар бар. Теологиялық концепция (өкілдері: А.Августин, Ф.Аквинский) мемлекеттің пайда болуын құдайдың құдіретімен түсіндіреді. Барлық билік – құдайдан дегенге негізделеді. Билеушіге құдай ілімін тарату, зұлымдық жасаушы жауларды жазалау және адамдардың діни жолмен өмір сүруі үшін жағдайлар жасау міндеттері жүктелген.