Гемангиосаркома (ангиосаркома) – қан тамырларынан туындайтын, негізінен эндотелиоциттерден не перициттерден тұратын қатерлі ісік (қатерлі гемангиоэндотелиома, қатерлі гемангиоперицитома). Итте, басқа жануарлардың сақайған шағында кездеседі, тері мен талақта пайда болып, ерте метастаздар береді.
Иттің талағында ісік өте көлемді, резеңке сияқты нығыз болады. Оның сұрғылт-қызыл түсті тілік бетінде үлкен-үлкен қанталаулар көрінеді. Ісік өсіп-жетілмеген, кей жерлерде кішкене тамыр қуыстарын қүрайтын эндотелиоциттерден тұрады. Бұл тамырлар қабырғаларының жыртылуына байланысты қанталаулар және өліге ұшыраған жерлер туындайды. Ісік торшаларының ядросы домалақ немесе сопақша пішінді, хроматинге бай, митозға бейім келеді. Дәнекер өрмеденн тұратын ісік стромасы жөнді көрінбейді.
Саркоманың басқа да түрлері бар (лимфангиосаркома, кілегейлі саркома, қатерлі мезотелиома, рабдомиосаркома және т.б.).
Меланин түзетін өрмеден туындайтын ісіктер
Меланома (меланобластома, қатерлі меланома, меланокарцинома) меланин түзетін, жүйке тектес торшалардан (меланоциттерден) туындайтын, метастаздарды ерте және көп етіп беретін, өте қатерлі ісік. Ісік торшаларының пигменттену деңгейіне қарай меланома қара, сұрғылт-қара, түтін түсті болады.
Меланома паренхимасын құратын торшалар морфологиясы әрқилы, олар ұршық тәрізді, полиморфты, кейде жалпақ эпителий торшаларына ұқсайды. Цитоплазмада қоңыр, сұрғылт-қоңыр түсті меланин түйіршіктері болады. Торша пигментпен түгел толып кетсе ядро, цитоплазма көрінбейді. Кейбір деректерге қарағанда пигментсіз меланомалар да кездеседі. Меланомада митоз көп, қанталау және некроз ошақтары кездеседі. Ісік торшалары ыдырап, меланин, промеланин босап шықса, мұның соңы меланинемияға және меланинурияға ұласады. Бауыр, талақ, сүйек кемігі, ылғалды қабықтар макрофагтарында меланин пайда болады. Меланин теріде, көзде, ми-жұлын қабықтарында, бүйрек үсті безінде, т.б. жерлерде орналасады. Боз, көк жылқыларда ісік құйрық түбі, ұма терісінде, сүт безінде пайда болып, бауырға, талаққа, лимфалық түйіндерге, сүйек кемігіне метастаздар береді. Меланома итте негізінен 7 - 14 жас аралығында байқалады. Кейбір деректерге қарағанда меланома қара түсті иттерде жиірек кездеседі (олардың ауыз қуысы кілегейлі қабығында).
Әдетте меланин пигментін түзетін торшалар эпидермистің табан қабатында, көздің пигментті қабығында, жүйке діңгектерінің Шванн қабығында, ми - жұлын қабықтарында, бүйрек үсті безде орналасқан. Қазіргі кезде қалыптасқан пікір бойынша олар жүйке текті торшалар.
Достарыңызбен бөлісу: |